Түйін. Мәшһүр-Жүсіп жасыл шапан, дүрия шапан, қызыл шапан, асыл шапан түрлерін қолданған. Жап>жаб>жау (жаулық – қараңыз). Жаулық екінші варианты түбір тұлғасы жап – деп қарастырған. Жабу > шапан > шекпен [7, б.226-228].
«Сандал» – ағаш. а. п. [сәндәл - سندل -1. обувь, комнатные туфли; 2. сандаловое дерево; 3. небольшое судно; лодка; сандалии; стул, табурет] – 1. сандалеты, сандалии, летняя легкая обувь без каблуков. Үстіне көк барқыттан киген костюмі бар, аяғында сандал (Ж. Жұм.); 2 . изделия из сандалового дерева. Самарқан барсаң, сандал бар, Сандалды көр де тісім көр («Қ. э. »). Сандал батырлар жырында ұшырасады. Жамбасыңа болайын, Ұста соққан сандалдай (Ер Тарғын). – Б. 248. Л. Будагов та сандалдың үш мағынасын береді. Ильминский Сандал – жастық (дерево, в котором укрепляется наковльная ) Л. Будаговта да үшінші мағынасы солай. Сандал деп ағаштан ойып жасаған аяқ киімді де айтқан. Көне түркі тілінде сандал балта деген де ұғым берген. Бұл туралы докторлық диссертацияда кеңінен жазылған. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев «Сұлтанның артында қалған қатын-баласы туралы» атты шығармасында «сандал» сөзіне тоқталады:
Баһары қаз алатын лашындай,
Бойы бар тік сандалдың ағашындай.
Мінезі, түсі, түгі дәл атасына
Ұқсапты сауысқанның баласындай [20, б.121, 24, б.704, 7, б.316-317, 28, б.82].
«Сандық» – ағаштан жасалатын үй жиһазы. а. п. [сундук: 1. сундук, ларец; 2. ящик (деревянный, металлический); 3. касса] – сундук. Сандық – сақпыт, көрпе – жастық, киіз – текемет тиелген арбалар (Қ.Қ.). а. صندق санлукъ, сандыкъ, мн. صنادق сундукъ, ящикъ, صندق صندق сундучокъ, ларчик для даргоцнностей, сундукъ для харненія денегъ, касса, баулъ, кожан. чемоданъ, банкъ, публичная касса, сундучникъ – Л. З. Будагов. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев сандық сөзіне байланысты:
Бір құшақ газетпенен қабатталып,
Біреудің сандығында жаздай қалып.
Ел күзекке келгенде күздігүні,
Аяқсыз хат домалап келді салып [20, б.248, 24, б.704, 7, б.226-227, 9, б.176].
2 Теонимиялық және мифтік лексика
«Жан иесі өліп, ғарасатқа қайта тіріліп, ғазазіл ан хазірет илан үмбеттеріне таласып, имам ағзам илан имам шафқа жүгінгені» – Мәшһүр-Жүсіптің 70 жасқа аяқ басқан уақытында жазылған өлең болса керек. «Біз де келіп отырмыз жол аузына дегеніне қарағанда» – осы шамаға келеді. Демек, өлең 1930 жылдары жазылған деп межелеуге болады. Өлең 4 тармақты, кей жерінде сұрақ қою арқылы екі тармақ болып келеді, барлығы 250 шумақтан тұрады. Лиро-эпикалық жанр. Оқиға эпитафияға құралған. Алланы, Құдайды, Мұхаммед пайғамбарды жоқтау болып келеді. Романтизмдік көркем әдіспен жазылған. Мәшһүр-Жүсіп ХVIII мен ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы имандылық жолындағы рухани ағарту ісін жалғастырып, басталған Еуропа романтизм ағымының Қазақстандағы тұңғыш өкілі десе де болады. Өйткені, қисса-дастанының негізгі желісі ислам дінін насихаттау болып табылады. Ол уақытта ақынның көтерген тақырыбы заманға сай болатын. Ислам дінінің күшейген кезі. Кейіннен орыс патшалығының қазақ жерін отарлау саясатының негізінде мешіттер жабылып, молда, қожалар қуғындала бастады. Ақынның өзі де 1907 жылы қуғын-сүргін көрді. Дастанның мазмұны Құдайдың он сегіз мың ғаламды жаратқаны, күн мен айды, топырақтан Адамды пайда қылғаны туралы айта келіп, Алла, Құдай ісіне кереғар Ібіліс, Шайтан т.б. ерекше зұлымдық иелерін қарама-қарсы қояды. Дастанда діни лексика: сәждә, намаз, күнә, харам, ақырет, ораза (руза), пәни, періште, жұмақ, кебін, сауап, заман ақыр т.б. ұшырасады. Періштелер Мекайіл, Исрафил, Жебірейіл, Ғазірейіл олардың адам сияқты іс-әрекеттері айтылады. Мінекей, шығарманың осы сюжеті оны романтизм ағымға жақындатады. Бұлардың жасаған әрекеті адамның қолынан келетін нәрсе емес. Бірақ, ұғымға, ақылға сыйымды, тәрбиелік мәні зор, эстетикалық қуаты күшті. Образдың өміршеңдігі олардың әр мұсылманның жүрегінің төрінен орын алғаны. Әлі күнге бұл – шығарманың құны жоғары екендігін көрсетеді. Әсіресе, бүгін дінге, имандылыққа бет бұрғанда шығарманың берер тағылымы орасан үлкен екендігі айтпаса да түсінікті. Буын саны әр түрлі. 10, 11, 12 буынға дейін барады. Бірақ, буын ала-құлалығы өлеңді оқығанда онша сезіле қоймайды. Мұның өзі өлеңнің силлабикалық өлең жүйесіне құрылғанын байқатса керек. Аралас буын көбіне буынға негізделген. Бірінші басылым 2003 жылы Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының 2 томының 252-280 беттерінде, «Елу екінші бап» деген атпен жарияланды. Иманғали Мәнен қолжазбасынан 2-папка, 156-187 беттерінен алынған. Жинақты ескі араб (хадим) жазуынан аударып, баспаға әзірлеп құрастырып, ғылыми түсініктеме беруші ф.ғ.к., доцент Ертай Жүсіпов. Қолжазба араб графикасымен жазылған қазақша оқылады. Қолжазба жақсы сақталған.
«Жан тәсілім болғанда, көктен үш мәртебе дауыс болғай!» – дегенмен, алдыңғы «Жан иесі өліп, ғарасатқа қайта тіріліп, ғазазлі ан хазірет илан үмбеттеріне таласып, иман ағзам илан имам шафқа жүгінеді» – өлеңмен қарайлас жазылған болуы мүмкін. Кеңес дәуірінде бұл өлеңді пессемизмдік сарында жазылған, баяғыны жоқтау деп айтар еді. Енді ол заман келмеске кетті. Шығарма лирикаға жатады. Өмір шындығы адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне ақынның терең психологиялық толғанысы қосылған. Өлең жанры діни лирикаға жатады. Шығарманың мәні мен мазмұны кейде элегияға да келеді. Ақын бірде мұңаяды, бірде ішкі сыр араласқан назын жырлайды. Шығарманың негізгі көтерген тақырыбы діни имандылық. Өлең 15 шумақтан тұрады. Екі жерде ғана екі тармақтан кездеседі. Көбіне 9, 11 буынды болып келеді. Өлеңнің лексикалық құрамы дүние, тән, пенде, періште, қараңғы үй, табыт, жаназа, қабір, тәпсір, пайғамбар, құран т.б. болып келеді. Мазмұны былай: пенденің тәннен жаны шықса көк тарапынан жарық дүниені қалай қидыңыз, дүниені не себепті қалдырдыңыз деген сұрақ туады. Дүние өлді ме? Әлде пенде сен өлдің бе? Екеуіңнің қайсың өлдің? Кім, кімді қиып кетті дейді. Сөйтіп, адамзат баласына философиялық ой тудырады. Пендеге (метонимия) адамға сені дүние өлтірді емес пе? деп, дүниеқұмар, дүниеқоңыз адамдардың прототипін жасайды. Бұ бақи өмірде Алланы аузыңа алдың ба? Құдайға сыйындың ба? Не бітірдің? Енді ақ кебінге орап, қара көрге түскенде періштелер келіп сенің тәубеңді аузыңа келтіріп, сұрақтың астына алады, не деп жауап берер едің деген сияқты мазмұнда келеді. Шығарма имандылыққа, орасан үлкен тәрбиеге құрылған. Кейбір: лақат, золыма, уәсәл, ирор сияқты сөздер де ұшырасады. Өлеңде Хафиз кісі аты да кездеседі. Пайғамбардың шапағаты, құрметі, рахматы деген жағымды сөздерде орын алған. Өлең идеясы ислам дініне берілу керектігін, Құдайды сыйлау керек, оның алдында мінәжат ету керек деген уағыздан бір де таймайды. Бірінші басылым 2003 жылы Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының 2 томының 190-191 беттерде, «Отызыншы бап» деген атпен жарияланды. Жинақты ескі араб (хадим) жазуынан аударып, баспаға әзірлеп құрастырып, ғылыми түсініктеме беруші ф.ғ.к., доцент Ертай Жүсіпов. Қолжазба араб графикасымен жазылған, қазақша оқылады. Қолжазба жақсы сақталған.
«Жан шығарында тәнмен қоштасқаны» – бұл өлеңде ақынның 73-ті алқымдап, ортаншы ұлы Мұхаметәмен кісі қолынан қаза тапқаннан кейінгі жан толғанысы болса керек. Жанры жағынан идиллияға жуықтайды. Өлең былай қарағанда күңгірт қоңырқай өлімді суреттейді, өмірмен қоштасады. Жан шыққанда тәнмен қоштасады. Өлең аралас буынды, 9 шумақтан тұрады. Өлең тақырыбына қарай діни лирикаға жатады. Былайғы жұрттың бұндай өлеңді қабылдауы өте ауыр. Байқап оқыған адамға мәні мен мазмұны түсінікті, қазақи сөзбен жазылған. Айталық, тіл мен жақ арыздасар екі көзбен, қол-аяқ амандасар екі тіземен, тірілік дәурен кетті енді бізден, баспен амандасар екі құлақ, көз көрмес, құлақ естімес, тіл сөйлемес, дүние екен: баяны жоқ, түбі шолақ сияқты афоризмге айналып кеткен тіркестерді де ұшыратамыз. Бірінші басылым 2003 жылы Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының 2 томының 184-185 беттерде, «Жиырма алтыншы бап» деген атпен жарияланды. Жинақты ескі араб (хадим) жазуынан аударып, баспаға әзірлеп құрастырып, ғылыми түсініктеме беруші ф.ғ.к., доцент Ертай Жүсіпов. Қолжазба араб графикасымен жазылған, қазақша оқылады. Қолжазба жақсы сақталған
«Жеті тозақ баяны» – елу тоғызыншы бап – ақынның соңғы жылдары жазылған шығармасы болуы керек. Лирикалық шығарма. Оның ішінде діни лирика. Көтерген тақырыбы ислам дінін насихаттау, имандылықты көтеру. Өлең ақын Бұхара, Ташкент жақта оқып жүргенде жинаған мәліметтерінің негізінде жазылған сияқты. Әрине, бұл өлеңіне діни ұстаздарының шарапаты көп тигендігі байқалады. Діни антропонимдер: Алла, Құдай, Пайғамбар, Жебірейіл, Ғайса, Ібіліс т.б. кездеседі. Өлең төрт тармақты, 26 шумақты болып келген. Буын саны аралас. Бунақ саны да әр түрлі болып келеді. Троптың бір түрі астарлау (символ) құбылысы арқылы жазылған өлең. Көбіне болатын оқиға астарлы, тұспал арқылы суреттеледі. Мысалы: Тамұқтың сәкілері болған. Алла пайғамбарға уахи салған екен. Пайғамбардан, сахабаларынан тамұқтың сәкілері қандай деп сұрапты. Тамұқтың жеті сәкілерінің арасы жүз жыл екен. Ал, бұл сәкілер бірінен-бірі төмен тұрады. Әрқайсысының азабы жетпіс есе тұратын көрінеді. Жәбірейілден (ғ.с.) (періштенің аты – А.Қ.) бір кісі тамұқтың сипатын сұрастырыпты. Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбардың хабарлауы бойынша Тамұқтың жеті есігін көрсетіпті. 1 есік «Һауиа». Дұғаға иланбағандар кәпір болып, бірі доңыз, бірі маймыл болып кеткен. 2 есік «Жахим». Құдайға құлшылық қылғанға әрқашан жұмақтан орын бар да, тамұқта осы арада суретке табынғандарға орын әрқашан табылады. 3 – «Сажар». Күн мен айға табынған да орын табар. Бұл арада: Ферғауын, Намұрт, Шидан, Лағын, Һаман, Қарын да орын табар. 4 «Лазан». Ібіліс пен шайтан жалпы адамзатты азғырушылар, теріс жолға салғандар сол есіктің арғы жағында тамұқта жазасын табады. 5 «Хатма». От пен пұтқа табынғандар оның ішінде жөһид (еврей – А.Қ.), һинди, Қытай, Мажаусиларда табылады. 6 «Сажар». Құдайға иланбаған, теріс қылықты адамдар осы есікке тамұққа барады екен. 7 «Жаһаннам». Жәбірейіл (ғ.с.) Пайғамбарға бұл есікті көпке дейін көрсетуге ұялып тұрады. Күнаһарлар махшар күнде жазасын тартатынын, шайтанның тіліне ергендер жаһаннамда азап шегетінін айтады. Пайғамбар үмбеттері үшін қатты қайғыланып, жапа шегеді. Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбармен қоса жылайды, қатты қайғырады. Сол уақытта уахи келіп, қажеттеріңді менен алыңдар депті. Бұл өлеңнің түйіні – адамдардың бір-біріне жақсылық, өнеге жасауын, дос болуын, тату-тәтті өмір сүруін қалайды. Ондай адамдар жаһаннамға бармайды, Тозақтың отына күймейді. Жұмаққа барады деген идеяны мансұқ қылады. Өлең тұңғыш рет Мәшһүр-Жүсіп шығармалар жинағы, 2-том. Павлодар, 2003 жылғы 326-329 беттерге еніп отыр. 367 бетте Елу тоғыз-алпыс бірінші баптар Иманғали 2- папка, 206-209 беттері бойынша әзірленген деген қысқаша мәлімет берілген. Демек, бұл мәтін қолжазбадан алынып отырған және тұңғыш баспа бетін көріп отырған өлең болып саналады. Жинақты ескі араб (хадим) жазуынан аударып, баспаға әзірлеп құрастырып, ғылыми түсініктеме беруші ф.ғ.к., доцент Ертай Жүсіпов. Қолжазба араб графикасымен жазылған, қазақша оқылады. Қолжазба жақсы сақталған.
«Жұмақтың аты, һәм сипаты» – елу алтыншы бап. Иманғали Мәнен көшірмесі бойынша ұсынылды. Лирика жанрына құрылған, діни лирика десе болады. Өлең төрт тармақты, аралас бунақты және әр буынды, 34 шумақтан құралған. Ақын өлеңде кезекті ұйқас пен егіз ұйқас түрлерін қолданған. Кеңес дәуірінде әдебиет зерттеушілері шартты түрде болса да, әрбір лирикалық өлеңді тақырыбына қарай талдап, саяси лирика, философиялық лирика, махаббат лирикасы т.б. арнаулы салаларға бөліп қарастырып жүрді. Діни лирика бұл дәуірде жабық тақырып болатын. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде «Діни ұғымдарға байланысты туған шығармалар» – деп айтылып келді. Х. Досмұхаметұлы ең алғаш «Діни сипаттағы әдебиетке» баға беріп, ислам дініне, шариғаттың қағидаларына, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның серіктерін сол сияқты діни поэмаларды атап өтеді. Өкінішке орай, бұл үрдіс кейіннен тоқтап қалады. Оның себебі де белгілі. Өлең Мәшһүр-Жүсіптің «Көкелташ» медіресесінде білім алғаннан кейін туған болуы керек. Өйткені, ақынның Орта Азияға барып ислам ілімін терең меңгергені өмір жолынан белгілі. Шығарма жарық көргені болмаса зерттеушілер тарапынан әлі өзінің ғылыми бағасын алған жоқ. Дегенмен, ф.ғ.к., доцент Гүлназ Жүсіпова Мәшһүр-Жүсіптің діни дастандарына біршама талдау жасады. Шығарманың мазмұны мен құндылығына айтып ауыз жетпейді. Мәшһүр-Жүсіп жеті тамұқ сияқты бұл өлеңінде сегіз жұмақты суреттейді. Олардың әрқайсысының діни сипатын ашады. Мысалы: 1 – Алла тағала гауһардан жаратқан жұмақтың аты «Даралыхпан». 2 – саф алтыннан жаратқан жұмақтың аты «Дарис салам». 3 – Хақ Тағала зібіржиттан жаратқан жұмақтың аты «Жәннат – Мәуі». 4 – Сары маржаннан жаратқан жұмақтың аты «Даралхилу». 5 – ақ күмістен жаратқан жұмақтың аты «Жаннат – Нағим». 6 – жақұттан жаратқан жұмақтың аты «Жаннат – Ғадин». 7 – ақ інжуден жаратқан жұмақтың аты «Дарил қарал». 8 – Алла тағала лағылдан жаратқан жұмақтың аты «Фирдауыс». Әр Жұмақтың есігі бар, кеңдігі көк пен жердей екен. Мәшһүр –Жүсіп мынадай көркемдегіш құралдарды қолданған: есіктердің кеңдігі көк пен жердей, айтуға тоқталамын аузым келмей, төрт дария өзен ағады – гротеск; кірпіші алтын, күмістен жаралған-лар, балшығы топырағы – шаған, шарбағы, сарайлары – інжу, жақұт, сарайдың есіктері – тек жауһардан – метафора т.б. Шығарманың негізгі идеясы бұл бақи өмірде тек қана жақсылық жасасаң, адал болсаң фәниде жұмаққа барасың дегенді мансұқ қылған. Жинақты ескі араб (хадим) жазуынан аударып, баспаға әзірлеп құрастырып, ғылыми түсніктеме беруші – ф.ғ.к. Ертай Жүсіпов. Қолжазба араб графикасымен жазылған, қазақша оқылады. Қолжазба жақсы сақталған [29, б.319-322, 366].
«Әуелден жаралған өлімнің сипаттары» – қырық үшінші бап. Қайда барсаңда Қорқыттың көрі демекші, шығарма өлім туралы жазылған. 4 тармақты, 7 шумақты, лирикалық шығарма. Шағын көлемді діни өлең. Жалпы өлең философиялық сарынға құрылған. Адам денесіндегі мүшелер, құрылысы бірте-бірте өмірден кетіп өледі, содан кейін өлім кішірейе береді. Түбіне барша жанның өлім жетеді. Кішірейген өлім ақыры денеге жетіп тынады, одан кейін денені де алады. Бұдан кейін өлім болмайды. Мүміндер рахат өмір кешеді. Сөйтіп, өмір мен өлімнің арасы бөлінген деген қорытындыға келеді ақын. Шығарманың негізгі идеясы өлім арқылы адамның жақсы жүріп-тұрып, тәрбиелі болып, өлгенге дейін барлық саналы ғұмырын жақсы болуға, адамдарды сыйлап өтуге тәрбиелейді, соған насихаттайды. Өлікті жерлеу, оны соңғы сапарға шығарып салуда халықтың тіршілігінен ажырамас салты мен дәстүрі дейді ақын [29, б.229-230].
«Барша мақлұқты беске бөлгені» – елу бесінші бап. 4 тармақты, 32 шумақты, діни лирика. Тақырыбы күнә жасаған адамның Құдай алдындағы есебі. Көркемдік мазмұны өте жоғары. Барша жанды қиямет беске бөлген екен. Бір бөлігі тозаққа тез жөнелетіндер: шайтандар. Тілсіз мақұлық жануарлар тез топыраққа сіңісіп кетеді. Ал, бір бөлігі ғисапқа тұтылады. Періште мен пайғамбарлар Алла Тағаланың дайындап қойған ұжмағына барады. Оларды күнәсіз, Хақтың өзі жаратқан екен. Адам баласы төрт нәрседен сұралады 1 – нендей іс қылдың, не бірлан өткіздің? 2 – көп мал бердім. Қандай орынға жұмсадың? Халалға ма, әлде арамға ма? 3 – ұзын ғұмыр бердім. Қандай мәнде өткіздің, пенде мақұлық? 4 – денің сау еді, күш-қуатыңды қай жерде сарып еттің???. Осының бәріне үлгеру үшін нәпсіңді тый дейді. Қабірден бір дауыс шығып төрт нәрсені айтасың, халқың тілмен айтады. Бірақ, бұның бірін де істемес. Алла оларды оңдырмайды, лағынет айтады. Олар біз Құдайдың пендесіміз, пенде пендешілік әр уақытта істемейді. Құдай тілеуін қайтіп берсін?! Арам ой ойлағанды кеш. Екіншісі – ойы бұзық бірін-бірі алдаумен өтеді. Осыларды Хақтан тілейтініміз кешсе екен. Үшінші – өзінің тек қана қара басының рақатын ойлағанды кеш. Төртінші – өлімді біле тұра тәубесін ұмытып кетеді, өлімнен де қорықпайтын болып алды дейді. Күнәмен өткен бейбақ өлімге де сол күнәсін арқалап кетеді. Сол уақытта өзіңе-өзің есеп бересің, денең өзінен өзі шошиды деген мазмұнда келеді [29, б.315-318, 366].
«Басқа патшалар, жомарттар, әулиелер» – он тоғызыншы бап. 4 тармақты, 65 шумақтан және екі тармақтан тұрады. Тарихи оқиғаға құрылған лирикалық жанр. Көтерген тақырыбы тарихи тұлғалардың өмір жолын көрсету. Діни антроппонимдер мен бергі тарихи бейнелер суреттелген. Өзінің әдеби тұрғыдағы бағасын тұңғыш рет алып отыр. Үш бунақты тармақ, төрт тармақты шумақ, 10, 11, 12 буынды. Әдеби арнау (көпшілікке) тәсілін қолданған. Кезекті ұйқас, егіз ұйқас және еркін ұйқасты пайдаланған. Діни анропонимдер: Хасен, Хұсайын, Фатима, Заһира, Ғайша, Ағзам, әулие Ғауинт, Алағзам, Нақшыбанда, Баһауаддин, Қожа Ахмет, Ғұмар, Нәсхи, ғұлама әнбие әулиелер Таптазаны, Ғазалы, Мірсейті, Шәріп, Маснип, Умшахилар, патшалар Жамшид, Баһыраб, Балқұн, Фарзуз, Баһадур батырлар Рүстем, Зымак, Сахып қыран, Қаһармандар Дәл, Зәл, Қатиран, Аспандияр, Уақсыбан, Шам, Нұриман, Тасыр, Хысырау, Ойран, Тұран, Сейітбатал, Баһадур Әмір-Темір, патша Баһрам, хан Наушеруан, жомарт Атымтай, Шыңғыс, Жошы тегі төре, Ерлер Есім, Тәуке, Абылай, Жәнібек хан, Өзбек хан, Арғын Қарақожа, Мейрам сопы т.б.; Сарт садағам, өзбек өз ағам, үйсін өрде жатыр, Арғын болсаң, Алтай бол – мақал; тоқсан баулы, тонды жағам, жеті арыс, он екі жұп Арғын, төрт арыс Орта жүз, қынға қас өткір пышақ – фразеологизм; Ұлы жүз Үйсін, Орта жүз Қоңырат, Қыпшақ, Арғын, Найман, Керей, Уақ, Тарақты, Кіші жүз Алшын, Адай – ру аттары; Топонимдер: Кербала, Түркістан; Ташкент, Көкшетау.Діни лексикалар: шаһит, раббы, сахаба. Арғынның белді-белді адамдарын атап өтеді: Мейрамның бес баласын, Қуандықтың алты баласын, Құлболды бабаны, Айдабол, Күлік, Тұлпар т.б. Баянауылдың игі жақсыларын Абылай хан тіккен орданы, Шобалай Сүйіндікті, Төре Саржанды, Уәлиханды баласы Шыңғыс сұлтанды, Бөкейхан Жәңгірді, Шоң мен Шорманды, Едіге биді т.б. Едіге бидің билігін сөз қылады. Оның бірі енесінен айрылған бота жайында, екіншісі анасынан айрылған бала туралы билігі. Негізінен бұл екі билігінің де қара сөзбен жазылған үлгісі бар. Өлең Мәшһүр-Жүсіп шығармалар жинағы, 2 том. Павлодар, 2003. – Б. 167-174 алынып талданды. Қосымша осы мәтін туралы мәтіндемелік және қолжазбалық салыстырулар жасалған. Негізінен бұл өлеңді Жолмұрат Жүсіпұлы, Иманғали Мәнен көшіріп жазып алған. Кейбір тарихи деректер алу үшін, аталған 2 – томның мына беттерін 362-363 қараңыздар. Осы шығарманы «Пайғамбардың дүниеден өтуі туралы» дастанды зерттегенде бірге қарастырып өткен Гүлназ Жүсіпова.
«Дүниеде оттың бар болғаны» – қырық тоғызыншы бап. 4 тармақты, 19 шумақты және екі тармағы артық, діни лирика. Көтерген негізгі тақырыбы ислам дінін насихаттау, Алланы дәріптеу. Оттың тіршілік құралы екендігі айтылады. Мәшһүр-Жүсіп ислам дінін насихаттап отырып отты негізгі идея қылып алады. Адам от үшін Алладан дұға сұрайды. Адамды отқа табындырмайды. Барлық оқиға Алланың бұйрығы арқылы өтеді. Адамды Алла топырақтан жаратқаны, егін сап, шаруа істеп жүрген соң адам отқа мұқтаж болды дейді. Алланың өзі отты бермейді, Жәбірейілге (ғ.с.) айтады тамұқтан от алып шығып адамға бер дейді. Оттың патшасы Мәлік (ғ.с.) қандай қылып аласың дегенде Жәбірейіл (ғ.с.) құрмадай берсең болды дейді. Сонда Мәлік (ғ.с.) құрмадай қып алсаң күллі жер беті жанып күлге айналып кетеді, Даряның суына суытып жетпіс рет жу, содан кейін апар дейді. Әкелген оты таудың ішіне сіңіп кетіп, бүгінгі адамзат қолданып отырған от осы от екен. Өлеңнің идеясы өте қызық. Егер де отты суға жуып, таудың ұшар басына апарып суытпаса қазір сол отты адам баласы көрмес еді дейді. Ғылыми тұрғыдан қазіргі уақыттағы таудан ағып жатқан от вулканға да келеді. Осы өлеңдегі оттың діни мазмұндағы өлеңмен астасып жатуының өзі таңқаларлық. Бір қарағанда адам отқа да табынған. Бірақ, өлеңде отқа адам табынды деген бір ауыз сөз жоқ. Керісінше, отты Алла арқылы алады. Демек, жер бетіндегі тіршіліктің бәрін Алла жаратқанын, ерекше бір күш иесі жаратқанын қазіргі ғалымдар жоққа шығармайды [29, б.242-244, 363].
«Жиырма сегіз әнбиенің баяны» – он бірінші бап. Мәшһүр-Жүсіптің бір ерекшелігі өзінің өлеңдерін (ұазақ) бап арқылы белгілеп отырған. Жазылу мерзімі жағынан әр түрлі, бірақ барлық бабының логикалық шешімі бар, белгілі бір сюжетке құралғанын байқауға болады. Демек, бір бап екінші баптың жалғасы іспетті. Бұл – діни лирика. Мәшһүр-Жүсіптің діни шығармаларынан байқағанымыз «Құранның» қағидаларын берік ұстанған. Өлең төрт тармақты, 17 шумақты. Негізгі көтерген тақырыбы шығарманың өзінің аты айтып тұрғандай «Жиырма сегіз әнбиенің» тағдыры. Шығарма Мәшһүр-Жүсіп Орта Азиядан діни медреседен білімін көтереп келгеннен кейін жазылса керек. Бұл өлең де зерттеушілер тарапынан әлі толық зерттеліп, әдеби бағасын алған жоқ. Өлеңнің мәні мен мазмұны тек қана әдеби тұрғыда құрылмаған, философиялық та маңызы үлкен. Бұл орайда философшылар өзінің сөзін айта жатар. Діни шығарамалар бір жағы ұмытылған есте жоқ ескі заманның жәдігерлері де болып табылады. Осы жағынан келгенде мифке ұқсап кететін тұстары да баршылық. Өйткені, діни бейнелердің іс-әрекеттері көбіне табиғат құпияларын меңгерген, адамның қолынан келмейтін, мүмкін емес істерді істеп тастайды, адам санасы жете бермейтін қиял-ғажайып оқиғаларға айналдырып жүре береді. Бұл шығарманың да мәні мен мазмұны сондай. Айталық, Иариданның баласы Ыдырыс әнби он алты жыл тамақ ішпей, ұйықтамай жұмаққа тірі барыпты, Шиш жеті жүз жасап дүниеден өтіпті т.б. Шығармада Құран ғана емес Мұсаның «Таураты», Дәуіттің «Забуры», Ғайсаның «Інжілі» кеңінен әңгіме болады. Адам атадан кейін Шиш-Ануш (Әнес)-Қиан-Михийл (Миһласил) – Иарид-Ыдырыс бұларға алдына елу кітап, соңына отыз кітап беріп оқытыпты. Нұх пайғамбардың үш ұлы: Иафас, Һам, Сам өмірге келіпті. Өмірден атақтары жер жарған Һұд наби, Салық набиде, Ибраһим, Халиалла, Намрд т.б. өткен екен. Ысмағұл, Ысқақ бірінен-бірі асып туған, олардан Жақып туыпты, олардың бәрі де жетпіс екі тіл білген, өте өнерлі болған. Бұлардың бәрі сайып келгенде Мұхамметтің үмбеттері болған, Мұхамметтің іліміне арқа сүйегендер екен. [29, б.133-135, 357-359].
«Ғабдолла Ғұмарұғлынан насихат» – он сегізінші бап. Мәшһүр-Жүсіп алдыңғы баптарын 21 жасымда жазған едім дейді. Демек, бұл баптарды 1879-1885 жылдар аралығында жазуы мүмкін. «Ғабдолла Ғұмарұғлынан насихат» – деп аталады. Діни лирикалық жанрға жатады. 4 тармақты, 26 шумақты өлең. Шығарма тұңғыш рет зерттелу нысанына ілініп отыр. Зерттеушілер тарапынан өзінің әділ бағасын әлі алған жоқ. Көбіне үш бунақты, 11, 12 буынды, егіз ұйқасқа құрылған. Негізгі тақырыбы адамгершілік, имандылық, мұсылман дінін насихаттау. Құдайдың бір екендігі, имандылық, нәпсіңді тый, күнә жасама т.б. үгіт насихатқа жазылған. Жарияланғаны болмаса, өлең теориялық тұрғыдан талданып, зерттелген жоқ. Шығарманың тілі, көркемдік ерекшелігі зерттеу кезінде байқалады. Мысалы, байырғы тілдік элементтер ұшырасады: Ғұмарұғлы (ұғлы//ұлы), қалау райының ауыз әдебиетінде және жекеше формадағы анайы түрлері шығармада кездеседі: болғыл (ғыл//ғын), қалмағыл (қалма), қылғыл, ұмытылғыл дыбыстық ерекшелік ұяңға соңғы буынның аяқталуы Самарқанд (т), ғапыл қалма (қапы қалма), сыясың (сиясың), хүкімі (үкімі), қиамет (қиямет), барыс септігінің көне қолданысы: күнаһыңа, -ше қосымшасының түрленуі: білгенімше, кішіклік (кішілік) т.б. Сөз тіркестері: түні-күні, бұл дүние, ата-анаң, қаза жетсе, антонимді тіркес: жанып сөну, қараңғы жарық, күні-түні, үлекендіктен кішілікке; уайым жеп, күн ауса, болар бесін, шаршы түстен, иманды құл, жеті іс, ғылым оқу, жалған сөз, көңілі сынық, сахар тұрып, тозақ оты, сауыны жоқ, тіл байланар т.б. Шығармада екі жағымды және жағымсыз кейіпкерлер қызмет етеді. Бірі Мұхаммет ілімін жақтаушылар да, екіншілері шайтан сияқты сол ілімді жек көретіндер адам баласын азғырушылар. Адам баласының өмірден өтуі оңай, ал артыңда қандай іс қалдырдың, нендей өнеге қалдырдың мәселе осында деген ой айтылады. Артында өнегесі жоқты: Алды-арты – жанып сөнген пеш сықылды, Қараңғы, жарығы жоқ кеш сықылды – дейді. Шын көңілмен тәубеге келем десең 7 істен қайтыңыз дейді. Біреуі бұл жетінің – ғылым оқу, Тастаңыз енді ойдан надандықты немесе Тақуалығы болмас ғалымдардың, Үлкен шаһар бостан дүр, жемісі жоқ – деп жазады. Бірінші – надандықтан құтылу. Екінші жеті – тәубе қылу, қатеңді уақытында түзе, біле біл, жіберген қатеңді дер кезінде түсіну; үшінші жеті – үлкендіктен кішілікке қайтыңыз «Ұлық болсаң кішік бол» – дегенді мансұқ етеді. Төртінші жетінің бірі – сөз, ақылды тыңдамау ең жаманы сол екен, сондықтан райдан қайту. Бесінші жетінің бірі – көзіңмен көргенді айт, өсекке үйір болма, тек қана шындықты айтып жүр дегенді насихаттайды. Алтыншы жетінің бірі – арамдық істеме, әр уақытта адалдыққа ұмтыл дегенді ақын басты назарда ұстайды. Шайтанның жаман істерін: Шайтанға билік бермен денім сауда, Шүкірлік, сақта, Құдай, берме жауға! – деп шынайы бет пердесін ашады. Бұл өлең Иманғали Мәненнің дәптерінен алынған [29, б.164-166, 361-362].
«Пайғамбарға жәбірейілдің жеті тозақты баян қылғаны» – елуінші бап. Діни лирикалық шығарма. Баптар бірінің артынан бірі бірнеше жыл жазылған болуы керек. Өлең 4 тармақты, 15 шумақты. Өлеңнің жалпы жанрын анықтау қиындау, себебі өлеңнің мәні мазмұнында миф те, аңыз да, антик (идиллия) әдебиетте кездесетін парықсыздау, адамды өмірден түңілдіріп жіберетін суреттеу де ұшырасады. Бірақ, бұл қандай жағдайдағы түңілдіру, мысалы: арақ ішкіш, маскүнем, күнәһар, құдайдың ілімдерін мойындамайтын адамдарға ғана қатысты. Бұл суреттеу оларды жаман әрекеттен бойын аулақ салсын дегендіктен ғана болса керек. Мәшһүр-Жүсіптің дінді, ислам мәдениетін насихаттауы бір кезеңде дұрыс болмаған. Мысалы, Кеңес дәуірі кезеңінде. Ол уақытта бұндай әдебиеттерді оқу мүмкін болмады, қазіргі уақытта жас-өспірімдерді тәриелеу үшін маңызы зор екендігі айқындала бастағаны да шындық. Сондықтан да, «Жеті тозақ баяны» әдебиеттің төрінен өзінің орнын алу керек сияқты. Ислам әдебиеті де қазіргі оқып жүрген әдебиет сияқты әдебиет. Бірақ та, бір жағы оқырманға түсініксіздеу болып көрінетіні де рас. Айталық, бұ дүние – фәни, о дүние – бақи, жұмақ, тозақ, тамұқ деген сияқты ұғымдар санаға шынында да ауыр тиеді. Бұл түсінікті де, себебі Кеңес дәуірінен кейінгі қалған ұрпақ тұтастай діни сауаты жоқ, қараңғы болып өсті. Еліміз егемендігін алғаннан соң, ислам діні Қазақстанда жандана бастады. Өз алдына дербес теология ғылымы бой көтерді. Дегенмен, мемлекеттік құрылым мен діни құрылымның арасы әлі біріккен жоқ, өз алдарына дербес өмір сүруде. Себебі, біздің мемлекет ислам мемлекеті емес, зайырлы мемлекет. Сондықтан да, діни әдебиеттегі түсінікке ауыр ұғымдар, басқа өлшеммен, басқа ұғыммен жазылған да, діни сауаты терең адамдарға тез ұғынылады да, бергі кеңес дәуірінің ілімімен суғарылған адамдарға аңыз, оқиғалар өтірік сияқты болып көрінетіні сондықтан. Ал, болашақта уақыт өте келе ислам ілімімен суғарылған ұрпаққа бұндай маңызы жоғары әдебиеттер іздесе, таптырмайтын болады. Мінекей, біздің мақсатымыз да болашақ үшін жұмыс істеу. Солар үшін Мәшһүр-Жүсіптің шығармаларын әліміз жеткенше талдап, зерттеп ұрпаққа жеткізу болып табылады. Сонымен, өлеңнің қысқаша мәні мынада: Тозақтың саны жетеу. Тозақтың ішінде от жанып жатады, ол отты әр мың жыл сайын өшірмей жағып отырады екен. Оттың ішіндегі шаян, жыландар жанбайды, тек қана мойындары ғана күйіп қалады. Оттың ішіндегі ғазаптың періштесі аты – Забанилар ешкімді аямайды, рақымшылық қылмайды, ақырғанда жыландар шығады. Күнәһарларды сол отқа тастап, өшін алады. Ғасырлар (адамдар күнаһарлар) тамұқтың періштелеріне Мәлікке, Паруардігерге қашан шығарасыңдар мына оттан деп жалынады екен. Олар оттан шыққанмен сөйлей алмайтын болады, тек қана бақыра береді екен. Мінекей, теріс, жаман қылық жасағандар осылай тозақтың отына күйеді екен. Өлеңнің ішінде көркемдегіш құралдар да бар: Ішіне бір мың жылдай отын жақты, Ұшқыны таудай болып қызған соң, Кетпейді қырық жылғыша оның заһары, Екі жаурынның арасы бір жылдық жол, Башмақтың ыстығы өткен зардабынан, Тұрады төбесінен миы қайнап – градация, Балқыды аппақ болып, қорғасындай – теңеу т.б. кездеседі. Иманғали Мәнен қолжазбасынан 2-папка, 126-149 беттерінен алынған [29, б.244-246, 363].
«Жеті тозақ баяны» – бесінші бап. Діни лирика. 4 тармақты, 14 шумақтан тұрады. Бақи дүниеге, бұ фани дүниедегі адамдардың күнәләрі үшін күйетін жеті тозақ қандай екендігі туралы. Демек, берер тағылымы да, тәрбиелік мәні де орасан зор. Мүмкін осы – «Жеті тозақты» оқып, адамдар жаманшылық жасаудан, зорлық-зомбылықтан, жезөкшеліктен, парақорлықтан, нашақорлық пен ішімдіктен арылатын болар. Шығарма бірінші рет зерттеу нысанына ілікті. Ислам тарихына қосар үлесі де зор. Шығарманың көркемдік мазмұны мен мәні де өте жоғары. Тозақтың саны да жетеу. Оны Алла Тағаланың өзі ойлап тапты. Өйткені, адамдарды теріс жолдан тайдырудың емі табылмады. Өздерінің айтқанын ғана істейтін болды. О заманда да адамдар тым азып, біріне-бірі қайрымдылық жасауды тоқтатты. Оттан да, соттан да қорықпайтын болды. Оларды жаман қылықтан тоқтатудың бірақ жолы болды. «Жеті тозақтың» мәні мен мазмұнын айтып беру болды. Сонда ғана адамдар оқып, біліп, бір қорытындыға келер деді. Шағырманы Мәшһүр-Жүсіп те осы мақсатта жазды. Бұл өлеңнің қазірде жас ұрпақты тәрбиелеуде мәні өте жоғары, өзінің ғасыры өтсе де құндылығын жойған жоқ. Шығарманың кейбір құндылықтары «Құран Кәрім» қағидаларымен сәйкес келеді. Өлеңнің мазмұны мынадай: Жеті тозақ: Жаһаннам, Жаһим, Сақыр, Сижжил, Һадилазат, Хатм, Тамұқ. Тамұқтың өзінің сипаты бар: шұқыр бар, аты – Палақ, бір тау бар, аты – Уайл, оның ішінде жетпіс жүз мың көше бар, әр көшеде жетпіс мың үй бар, бәрі оттан жаратылған. Мінекей, теріс жолдағы кісі осы тамұқтың отына күйеді. Тамұқ дегеннің сипаты осындай. Әркім осыдан кейін өзіндік қорытынды шығару керек. Өлеңде: от жанып, қайнатады адамзатты, отыны адам мен тас, тамұқтың тереңдігі сондай алыс, мың жылда тастаған тас жетпейді, тез екен қыздырмағы пороходтан, қайнайды оған кірген жанның соры, сол жыланның бір демі шықса титтей, бұл дүние бір сағатта кетер жанып – градация; темір арқан болғанда, темір кебіс, темір белбеу, темір тон – бірі оттан – метафора көптеп кездеседі. Осының өзі-ақ шығарманың көркемдік қуатын көрсетсе керек. Иманғали Мәненов 2-папка, 9-46 беттер, «Жер мен көк» – деген атпен жеке дастан ретінде қарастырған Жолмұрат Жүсіпұлы 3-папка, 4-жіктелім, 2-34 беттер [29, б. 111-113, 357-359].
«Жеті қат көк баяны» – алтыншы бап. Жалпы бұлардың бәрі жетпіс баптан тұрады. Егер бірінші бапты Мәшһүр-Жүсіп 21 жасында жазса, 1879 жылы болады. Онда Мәшһүр-Жүсіп қалған баптарын 1910 жылдар арасында жазған болып шығады. Төрт тармақты, 12 шумақтан тұрады. Тақырыбы ислам мәдениетін насихаттау. «Құранда» жазылған жердің пайда болуын ғалымдар ғылыми тұрғыда дәлелдеді, өздері қайран қалды. Мәшһүр-Жүсіп тек қана дінді білмеген, физиканы, химияны да өте жақсы меңгерген. Сол білгенін өлеңге қосып жазған. Мысалы, жер бетін су қаптап жатты, одан кейін маңайы буға толды, бу көкке ұшып бұлт пайда болды дейді. Осы айтылғанның бәрі де физикалық заңдылыққа сияды. Жер тозаңнан пайда болғанын ғылым жоққа шығармайды. Және жер балшықтан, балшық судан пайда болғаны да осы өлеңде айтылады. Адамның өзі топырақтан өсіп, өнгені де шындық екенін ғалымдар зерттеп, көздері жете бастады. Жерді ерте заманда топан су қаптағаны әркез «Құранда», әдебиеттерде айтылып жүр. Оның дәлелі Нұқ пайғамбардың кемесі болғаны жөніндегі баян. «Қазығұртта кеме қалған, Әулие болмаса ол неге қалған» – деген сөз тегіннен-тегін айтыла салмайды. Жердің жеті қат екендігіне де ғалымдар көздері жетіп қайран қалды. Көктің жаратылысы туралы ақын әуелі – көкті Зібіржаттан жаратты, екінші – көкті жақұттан қылды, үшінші – көктің атын Мағун қойды, төртінші – Арықлұн деп атады, бесінші – Заниқа, алтыншы – ақ інжуден жаратылды аты – Рафық, жетінші көк қып-қызыл алтыннан жаратылды атын – Ғарифа қойды. Әр көк жеті есікшіні қойған олар: Исмағұл, Михайл, Сағдайыл, Калкайіл, Салсайын, Самайыл, Рафайыл. Бәрінен де жеке биік орыны бар, ол Жәбірейіл періште екен. Жәбірейіл көктегі көк ағашты аты – Мынтаһаны мекен қылып, аузында «Әліф, лим, иасин таһа» деген аят болған. Міне, өлеңнің қысқаша мазмұны осындай. Дегенмен, қысқа болса да өте көп мәлімет алуға болатыны көрініп тұр [29, б.113-114].
«Жеті қат жердің баяны» – жетінші бап. Өлең 4 тармақты, 10 шумақты, діни лирикаға жатады. Бұл өлеңнің де тақырыбы алдыңғы баптарға ұқсас. Тек қана айырмашылығы «жеті қат жер» туралы баяндалады. Жеті қат көк сияқты әр жеті қат жердің аттары бар. Олар: бірінші – аты Дамка онда хакім Рих тұрған, жетпіс мың арқаны бар Мәлік ие болған. Екінші жердің аты – Халдетұрұр. Ол туралы «Мұхамедия» кітабынан да оқуға болады екен. Үшінші жердің аты – Ғарка, онда шаян мен үш жүз алпыс Заһар күнін көреді. Төртінші – жердің аты – Жырба, онда көбіне айдаһар және аяқ, қолы жоқ халық мекендейді екен. Бесінші жердің аты – Малша. Алтыншы жердің аты – Шахынайдос. Жетінші жердің аты – Ғажба. Әр жердің мекендейтін жандары бар, әр жердің өзінің әдеті бар. Алтыншы жердің халқы көбіне Құдайға құлшылық қылады екен. Осылай, ақын әр жердің қасиетін жырлап өткен. Жердің қасиеттерін өлеңіне арқау қылған. Бұл өлеңде физика, химияға байланысты да мәселелер қозғалады [29, б.114-115].
Достарыңызбен бөлісу: |