Жазушыға «Абай» романы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы, ал төрт кітаптан тұратын «А6ай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлық берілді. Ол Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі болды (1946). Ғылымды дамытудағы көп жылдық ұланғайыр қызметі үшін ол «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» деген кұрметті атақты иеленді. М.Әуезов көптеген қоғамдық қызмет атқарды. Ол екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты (1955, 1959) болып сайланды. Совет Одағының Бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі ретінде ол халықаралық конфереренцияларға қатысып, өзінің жалынды, шыншыл сөзімен жер жүзінде баянды бейбітшілік орнату, әлемдегі прогресшіл күштердің ынтымағын арттыру үшін қызу ат салысты.
1915 жылы Семей қаласында мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. 1917 жылы Шәкәрім Құдайбердиевтің «Жолсыз жаза» дастанының ізімен «Еңлік-Кебек» пъесасын жазады.
Ресейдегі саяси оқиғалар (1917), Алаш қозғалысы (1917) және Кеңес өкіметінің құрылуы (1917) оның өміріне өзгерістер әкелді. Әуезов «Алаш жастары» одағын құрып, «Алаш» және «Сарыарқа» газеттеріне мақала жазады, түрлі үйірмелердің ашылуына ықпалын тигізеді.
1918 жылы 5-13 мамырда Омбыда өткен қазақ жастарының жалпы құрылтайында (съезд) орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Алаш қозғалысын қолдайтын «Жас азамат» атты Жалпықазақ жастар ұйымына белсенді қатысты.
Семей қаласында Жүсіпбек Аймауытовпен бірге ғылыми-қоғамдық «Абай» журналын шығарады, онда ұлттық-демократиялық қоғам құру идеясы туралы ғылыми-танымдық мақалалар жарияланып тұрған. Басылым 13 нөмірі шыққаннан кейін жабылады.
Алаш үкіметі тараған соң, Әуезов астыртын жұмыс істейді. 1919 жылы Семей мұғалімдер семинариясын бітіреді. 1919 ж. бастап – Семей губерндік революциялық комитеттің бөлім меңгерушісі.
«Қазақ тілі» («Казахский язык») газетін шығарады. Қазақ оқырмандарына арналған «Ашық хатында» халықты қоғам өміріне қатысуға шақырады. Осы жылы Әуезов Райхан Кәкенқызымен ажырасып, Абайдың немересі Кәмила Мағауияқызына үйленеді.
1921 ж. Семей революциялық комитетінде қызмет істейді. 1921 ж. қарашасынан мамырға дейін саяси хатшы – Қазақ АССР-і Орталық атқару комитеті президиумының мүшесі.
«Қызыл Қазақстан» (№ 3-4, 1921) журналында Әуезовтың «Қорғансыздың күні» («Судьба беззащитной») әңгімесі жарияланады. «Еңлік-Кебек» пьесасының екінші нұсқасы («Теке - Орал») жарық көреді. Қазақ театрында Әуезовтың «Бәйбіше-тоқал», «Ел, ағасы» пьесалары қойылады.
1921-1922 жж. Әуезов қазақ интеллигенциясын қуғындау саясаты мен Мәскеудің экономикалық қысымын сынайды. 1922 ж. 7 наурызда Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің мүшесі Смағұл Садуақасовпен бірге болшевиктер партиясына қарсылық саяси, экономикалық, әлеуметтік талаптар қойылған хат жазып, РКП(б) Орталық Комитетінің өкілі В.Г.Юдовскийге ұсынады. Соның негізгілері - ұлт тәуелсіздігі, аштықты жою, тәркіленген жерді қазақтарға қайтару, қазақтарды өндіріске тарту, халық ағарту, ғылым мен баспа ісін дамыту мәселелері РКП(б) Қазақ обкомы перзидиумының жиынында қаралады.
1922 ж. 11-20 наурызда Әуезов және Сәдуақасов «ұлтшыл-алашордашылар» деп жарияланды.
1922 ж. «Қорғансыздың күні» және «Еңлік -Кебек» Орынбор қаласында жеке кітап болып шығады.
1922 ж. күзінде Әуезов Ташкент қ. Орта Азия мемлекеттік университетіне ерікті тыңдаушы болады. Сол кезеңде «Шолпан», «Сана» журналдарымен бірге қызмет істейді. «Қыр әңгімелері» («Степные рассказы»), «Үйлену» («Свадьба») әңгімелерін жариялайды.
1923 ж. РКП(б) қатарынан шығарылады. Осы жылы Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі.
1924-1925 жж. Қазақ АССР-і Наркомпросының тапсырмасы бойынша Семей мұғалімдер техникумында оқытушы болады. «Таң» журналын шығарып, «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу»(«Красавица в трауре»), «Ескілік көлеңкесінде» («В тени прошлого»), «Жуандық» («Насилие») әңгімелерін жариялады.
1925 ж. Ленинградқа оралып, оқуын жалғайды. 1926 ж. қазақ фольклорлық мұрасын зерттеу бойынша Семей қ. ғылыми экспедиция ұйымдастырып, «Қарагөз» пьесасын жазады.
1927 ж. «Әдебиет тарихы» монографиясы жарыққа шығады.
1927-1929 жж. «Қилы заман» («Лихие годы») романын, ал ақпан айында «Хан Кене» пьесасын жазады.
1928 ж. Ташкент қ. САГУ аспирантурасына оқуға түседі. Аспирантурада оқыған жылдары, жаз айында қырғыз даласына саяхаттап, «Манас» жырын жазып алады.
1929-1930 жж. көші-қон мәселесін зерттеп, ғылыми жұмыстармен айналысады.
1930 ж. 16 қыркүйекте ОГПУ органдары тұтқынға алады. Оған бірқатар айып тағылады, соның ішінде – совет өкіметіне қарсы астыртын жұмыс ұйымдастырды, қарулы көтеріліс әзірлеуге қатысты; байлардың мүлкін тәркілеуге қарсы шықты; «Алқа» ұлтшыл-буржуазиялық ұйым құрды; қазақ халқының революцияға дейінгі өмірі мен тұрмысын мадақтаған шығармалар жазды т.б.
М.Әуезов 2 жыл тергеуде болды. 1932 жылы сәуірде үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылады.
1932 жылы 10 амырда Әуезовты «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне өзінің «Қарагөз», «Еңлік - Кебек», «Хан Кене», «Қилы заман» шығармалары және қазақ әдебиетінің тарихы бойынша ғылыми-зерттеулерінен бас тартқан «Ашық хат» жазуға мәжбүрлейді.
Әуезов Қазақ ауылшаруашылығы институтына уақытша қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып орналасады, қосымша Қазақ драма театрының әдебиет бөлімі меңгерушісі қызметін атқарады.
1932 ж. қыркүйекте Әуезов Қазақ педагогикалық институтының, аға оқытушы болып, профессор атағын алады. « Октябрь үшін» (1932), «Айман-Шолпан» (1933), «Тартыс» (1933), «Білікке білек» («Плечом к плечу» 1934), «Үш күн» («Три дня» 1934), «Қасеннің құбылыстары» («Превращения Хасена», 1934), «Түнгі сарын» (1934), «Тастүлек» (1935), «Ақан-Зайра» (1935), «Іздер» («Следы» 1935), «Шатқалаң» («Крутизна», 1935), «Құм мен Асқар» («Песок и Аскар», 1935), «Ескілік көлеңкесінде» («В тенях прошлого», 1935), «Қараш-Қараш» (1936) пьесалары мен прозалық әңгімелердің авторы.
1936 ж. Әуезов Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнері декадасына қатысады. Қазақ АССР-і Жазушылар Одағының делегаты.
Кейін «Алма бағында» (1937), «Шекарада» (1937), «Бүркітші» («Беркутчи», 1937), «Ақ қайың" (1938), «Бекет» (1938), «Қалқаман - Мамыр» (1938), «Абай» (1940) пьеса-прозаларын жазады.
Н. В. Гоголь, А. Афиногенов, Н. Погодин, К. Тренев, В. Шекспир шығармаларын, Л. Н. Толстой мен Дж. Лондон әңгімелерін қазақ тіліне аударады.
1940 жылы Әуезовтың сценарийі бойынша «Райхан» фильмі түсірілді. Л.Соболевпен бірге «Дала жыры» («Песня степей», 1940) жинағын шығарып, алғысөз жазады.
1941 жылы «Абай» романын аяқтайды. Романның жарыққа шығуы Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды.
Ұлы Отан соғысы жылдары Ә. Әбішевпен бірге «Сын сағат» (1941), «Намыс гвардиясы» (1942) пьесаларын жазды.
1943 ж. Әуезов – Тіл, әдебиет және тарих ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, Қазақ Мемлекеттік Университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры. М. Әуезов осы инститиутта өмірінің соңына дейін оқытушы болып қызмет етті.
«Абай» (1944), «Қынаптан қылыш» (1945) операларына либретто және «Абай әндерi» («Песни Абая», 1945) фильміне сценарий жазады.
1946 жылы Әуезов Абай туралы екінші кітабын бастайды, ол 1947 жылы жарық көрді.
1946 ж. бастап Қазақстан Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор. «История литературы Казахской ССР» кітабының авторы, руководитель авторского научного коллектива издания «История Казахской советской литературы» (1947) басылымының авторлық ғылыми ұжымының жетекшісі.
1949 жылы Абай туралы романы үшін бірінші дәрежелі Қазақ ССР-інің мемлекеттік Сталиндік сыйлығының иегері.
1950 ж. «Абай» романының 3-ші кітабы шықты.
1951 ж. Әуезов «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
1951-1954 жж. Әуезов шығармашылығына сын басталды. Оны «ұлтшыл-алашордашыл» атап, фольклорлық шығармаларында Ресейге қарсы насихат; «Абай» романында феодализмді мадақтау, Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиеті тарихын бұрмалау бар деген жала жабылады.
1953 ж. тұтқынға алыну қаупі болғандықтан Мәскеуге кетуге мәжбүр болады. Әуезовты ресейлік жазушылар – СССР Жазушылар одағының мүшелері А. Фадеев, К. Симонов, В. Кожевников, Н. Тихонов қорғады.
1953-1954 жж. Мәскеу мемлекеттік университетінде «История литературы народов СССР» арнайы курсын оқыды.
1954 ж. Алматыға оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын аяқтайды.
1955-1957 жж. Әуезовтың 6 томдық Толық шығармалар жинағы шығады.
1955 ж. Қазақ ССР-і Жоғары Советінің депутаты болып сайланған. ГДР-дің Берлин қаласында өткен жазушылар сьезінің құрметті қонағы болады. Индияға 40-күндік сапарға шығады.
1956 ж. «Бес дос» пьесасы шығады.
1956 ж. екінші Еңбек Қызыл Ту ордені, Ленин орденімен марапатталады. Алматы және Мәскеу қалаларында жазушының 60-жылдығына орай мерейтойы өткізілді.
1957-1961 жж. Қазақ ССР-і Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Әуезовтың «Дос-Бедел дос» (1958), «Алуа» (1958) шығармалары жарыққа шығады.
1958 жж. Әуезов Ташкент қ. өткен Азия және Африка елдері жазушыларының 1-конференциясына қатысады.
«Асыл нәсiлдер» (1959), «Мысли разных лет» (1959) шығармалары және «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» (1959) монографиясы жарық көреді.
1959 ж. екінші рет Қазақ ССР-і Жоғары Советінің депутаты болып сайланады.
Әуезовке «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлық ұсынылады.
«Қараш-Қараш» (1960) жинағы, «Өскен өркен» (1960-1961) романы жарыққа шығады.
1960 ж. – Америка, 1961 ж. – Индия сапары.
Әуезов 1961 ж. 27 маусымда Мәскеу қ. операция үстінде қайтыс болады. 1 маусымда Алматы қ. орталық қорымына жерленген.
Әдебиет және өнер институты, Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Астана, Семей қ. көшелері мен мектептері М. Әуезов есімімен аталады. Алматы қ. Әуезовтың мұражай-үйі бар.
Әуезовтың өмірі мен әдеби мұрасы К. Телжанов, М. Кенбаев, С. Мамбеев, Е. Сидоркин, Е. Вучетич, Н. Нұрмұхамбетов тәрізді суретшілер мен мүсіншілер еңбегінде мәңгілік қалды.
Әуезов шығармалары бірнеше рет қайта шығарылып, көптеген тілдерге аударылды.
1997 ж. Әуезовтың 100-жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шешімімен әлемдік деңгейде аталып өтілді.
Мұхтар Әуезов Семейге келіп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашыл азаматтар қатарындағы Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды қазақтың дарынды ақын-жазушыларына қосылды. Алашордашыл бағытты ұстанған жастармен етене араласып, Мұхтар ұлтының бағының ашылуын аңсап, туған жұртына деген қамқорлығы арта түсіп, ұлттық бағытқа бет бұрады.
Алайда Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге, 1930 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалады. Жазушы қуғын-сүргіннің алғашқы легіне ілікті. Іле-шала бірталай заттары мен қағаздары тәркіленді. Ол қағаздар бүгінге дейін табылған жоқ.
Екі жыл абақтыда отырған. Одан кейін "идеологиялық айыбын мойындап" жазған "Ашық хаты" үшін жазасы жеңілдеп, шартты түрде тағы үш жылға кесілген. Ол хат баспасөзде жарияланды. Онда Мұхтар өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, "Қарагөз", "Еңлік-Кебек", "Хан Кене", "Қилы заман" сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Содан кейін ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуға рұқсат алды. Еркіндіктің құны осы болды.
"Кейін қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерді анықтап оқып отырып, онысы батыл адамның әрекеті болғанына айқын көз жеткіздім. Оның жазғанының астарында әжуа, әшкере жатыр және ол байқалып та тұрады. Олар ешқандай да мойындау хаттар емес. Сананың шамырқануы, ішкі қасірет те емес. Бұл озбыр заманға орай туған ойын, ғажап, мағыналы хаттар", - деген еді сұқбаттарының бірінде ұлы Мұрат Әуезов.
1937 жылғы қуғын-сүргіннің екінші легінен Мұхтар Әуезов аман қалды. Алайда жұрт одан сырт айналды. Театр репертуарынан пьесалары алынып тасталды. Өзі жұмыстан қуылды. Сол қиын-қыстау кезеңде жазушы Абайдың бейнесіне ден қойды.
Соғыстан кейін жазушы Қазақ Республикасы ғылым академиясының президиумына кірді. Оның "Абай" романы орыс және чех тілдеріне аударылды. 1947 жылы эпопеяның екінші бөлімі жарық көрді. Осы еңбегі үшін Әуезов Сталин сыйлығын иеленді.
"Бір қарағанда ол танымалдыққа жеткеніне бөркін аспанға атып, қуануы керек болатын деп ойлайсың. Бірақ осы жайт оған, ең әуелі, ендігі жерде қорғаныш болатындай, бұдан былай жаны сая табатындай сезім кешірген сыңайлы. Алайда уақыт көрсетіп бергендей, Сталин сыйлығы оны ұлтшылдық ұраны қайта көтеріліп, қазақ зиялыларының келесі шоғыры тұтқындалған 1952-53 жылдардың зұлматынан мүлде қорғамады", - дейді ұлы Мұрат Әуезов.
Осыдан кейін жазушы жалған құжат жасатып, Мәскеуге ұшып кетуге мәжбүр болған. Мәскеуде екі жылын өткізеді, университетте дәріс оқиды. 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, "Абай жолы" роман-эпопеясын түпкілікті аяқтады.
Мұхтар Әуезов өмірінде төрт рет үйленген. 1917 жылы аттастыру салты бойынша ағайын-туыстың қалауымен 15 жастағы Райханмен отау құрады. 1918 жылы отбасында Мұғалима есімді қыз дүниеге келді, әкесі қызына өмір бойы қамқорлық көрсетіп өткен. Бір жылдан кейін Шоқан есімді ұлдары туады. Алайда ол ерте қайтыс болып кеткен. 1920 жылы Райхан 18 жасқа толғанда, Мұхтар онымен ажырасады. Сүйікті қызын өзімен бірге алып кетеді.
Кейін Мұхтар Абайдың ұлы Тұрағұлмен жақын достасып, оның қызына, яғни Абайдың немересі Кәмилаға үйленеді. Бірақ бұл неке де ұзаққа созылмайды. 1923 жылы Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып жүргенде, болашақ жары Валентина Николаевна Кузьминамен (кейін Әуезова) танысады. Екі жас оқу бітірген соң, Ташкентке көшеді. Әуезов қаладағы Ортаазиялық университеттің аспирантурасына түседі. 1929 жылы ерлі-зайыптылардың Лейла есімді қызы, ал 1935 жылы Ернар есімді ұлдары дүние есігін ашады.
1937-38 репрессия жылдарынан кейін Мұхтар Әуезов Фатима Ғабитовамен бас қосады. Фатима Ғабитова Мұхтарға Мұрат есімді ұл сыйлайды.
Мұхтар Әуезовтің балаларының ішінде қазір Мұрат Әуезовтің ғана көзі тірі. Ол бүгінде белгілі мәдениеттанушы-ғалым, қоғам қайраткері.
"Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан".
Бұл Абай елінде туып, жастайынан ақынның өсиеттерін құлағына сіңіріп өскен Мұхтар Әуезовтің сөзі.
"Абай жолы" оңай жазыла салған шығарма емес. Әуезов кесек туындыны дүниеге әкелу үшін талай мұрағатты ақтарып, қаншама адаммен сырласып, ұйқысыз түндер өткізді. Роман жарық көргеннен кейін де, қайта-қайта қудаланып, сынға ұшырады. Бірақ жазушы еш мойымады.
Достарыңызбен бөлісу: |