Микроорганизмдердің биохимиялық белсенділігі әр түрлі болып келіп, жасушалар түзетін ферменттердің қасеттеріне және қоршаған ортаның жағдайларына байланысты болады. Бактериялардың биохимиялық қасиеттерін зерттеу жұқпалы аурудың қоздырғышын анықтау үшін орындалатын тәсілдердің бірі болып табылады.
Микроорганизмдердің ферментативтік (биохимиялық) қасиеттерін анықтау тәсілдері. Бактериялардың сахаролиттік қасиеттерін оларды әр түрлі көмірсулары мен индикаторы бар дифференциалды диагностикалық орталарға себу арқылы анықтайды. Осы мақсатта Гисса ортасы жиі қолданылады. Әр түрлі көмірсулары бар орталардың жиынтығы (глюкоза, лактоза, мальтоза, сахароза, дульцит, арабиноза, сорбит және т.б.), майсыздандырылған стерильді сүт, лакмусты сүт, метилен көгі бар сүт – «түрлі-түсті қатар» деп аталады. Микроорганизмдердің өсінділерін бактериологиялық ілмектің немесе Пастер пипеткасының көмегімен аталмыш қоректік орталарға себеді. Қоректік орталарды белгілі бір уақыт аралығында термостатта ұстағаннан кейін ферментациялану (өзгеріске ұшырау) деңгейін анықтайды: қоректік орта түсінің өзгеруі (Андредэ индикаторы болғанда қызыл түске өзгереді) көмірсулардың ыдырауы мен қоректік ортада қышқыл өнімдерінің түзілуінің дәлелі болып табылады. Егер көмірсудың ыдырауы кезінде қышқыл ғана емес, сонымен қатар, газ тәріздес заттар пайда болса, олар қалтқының ішіндегі сұйықтықтың белгілі бір бөлігін ығыстырып шығарады да, оның жоғарғы бөлігінде жиналады. Микробтардың сахаролиттік қасиеттерін анықтау үшін көбінесе көмірсулары мен ВР индикаторы бар қоймалжың, сонымен қатар көмірсулары мен индикаторлары бар тығыз қоректік орталар қолданылады (Эндо, Левин, Тлоскориев агарлар және т.б.)
Микроорганизмдердің протеолиттік қасиеттерін анықтау үшін зерттеуге алынған өсіндіні ЕПЖ, кәдімгі сүтке, кейде жылқының ұйыған қан сарысуына, тауық жұмыртқасының коагулирленген белогына себеді. Тік қатырылған ЕПЖ-не микробтарды бактериологиялық иненің көмегімен қоректік ортаның түбіне бойлай шаншу арқылы сеуіп, оларды термостатқа орналастырады, ал кейде (микробтың түріне байланысты) бөлме температурасында қалдырылады. Бактерия ферменттерінің әсерінен желатин протеолизге ұшыраған шыны түтіктердегі қоректік орта (ЕПЖ) сұйылады. Әр түрлі микроорганизмдер желатинді түрліше ыдыратады. Мысалы, сібір жарасының қоздырғышы ЕПЖ воронка түрінде, ал стафилококктар оны шұлық түрінде сұйылтады.
Микроорганизмдердің казеинді гидролиздеу қабілеті Эйкманның сүт қосылған агарында анықталады. Бұл агарды дайындау үшін су моншасында балқытылған стерильді 10 мл ЕПА-на 3 мл стерильді майсыздандырылған сүтті араластырып, Петри шыныларына құйғаннан кейін суытады. Микроб өсіндісін осы қоректік ортаға бактериологиялық ілмектің немесе шпательдің көмегімен себеді. Қоректік орталар 24-48 сағат бойы термостатта ұсталады. Казеиннің пептонизацияға ұшырауы – микроб колонияларының айналасындағы сүтті агардың мөлдірленуіне әкеледі. Бактерияларды сүтке себу кезіндегі протеолиз сүттің мөлдірленуіне және шыны түтіктің түбінде шырышты немесе борпылдақ тұнбаның түзілуімен сипатталады.
Бактериялардың белокты протеолизге ұшырату дәрежесін ферментация кезінде пайда болған ыдырау өнімдерінің түрлерін (индол, күкірт сутегін, аммиакты және т.б.) зерттеу арқылы анықтайды.
Индолды әр түрлі тәсілдермен зерттеуге болады. Олардың ішіндегі ең қолайлысы және ең қарапайым тәсілі төмендегі рецептер бойынша дайындалған индикаторлық қағаздарды қолдану.
1 Сүзгіш қағаздың тілімен қымыздық қышқылының 12%-дық судағы қаныққан ыстық ерітіндісімен ылғалдандырып, ауада кептіреді. Тілімнің мөлшері: 10 х 0,5 см. Олар тығыз тығыны бар шыны сауытта сақталады. Индолдың түзілуін анықтау үшін зерттеуге алынған микроб өсіндісін шыны түтіктегі ЕПС немесе Хоттингер сорпасы бар қоректік орталарға себеді де, индикаторлық қағаздардың тілімен тығынның көмегімен қыстырып қояды. Индикаторлық қағаздардың ұшын қоректік ортаға тигізбеу керек. Шыны түтіктер термостатта 130 С-та 1-3 тәулік ұсталады. Индолдың түзілуі индикаторлық қағаздың төменгі ұшының қызғылт түске боялуымен дәлелденеді.
2 Сүзгіш қағазды Эрлих реактивінің ерітіндісімен дымқылдандырады. Эрлих реактиві келесі қоспалардан тұрады: 3-5 г парадиметиламидобензальдегид, 50 мл 96%-дық спирт – ректификат, 10 мл таза концентрленген тұз қышқылы. Осы тәсілмен өңделген қағаздардың түсі сары болып, тығыз тығыны бар шыны сауытта сақталады. Индолдың түзілуі қағаздың ұшын қызғылт түстен қызыл күрең түске дейінгі аралықта боялуымен сипатталады. Басқс түс есепке алынбайды. Эрлих реактивінің көмегімен индолды басқа тәсілмен де анықтауға болады. Ол үшін 5 мл 2-3 тәуліктік бактериялардың өсіндісі бар шыны түтікке эфирдің 2-3 мл-ін қосады да оларды шайқап, тұндыруға қояды. Сонан соң Пастер пипеткасының көмегімен эфир қабатының астына Эрлих реактивінің 0,5-1 мл-ін қабаттайды. Бұл реакцияға керекті Эрлих реактиві басқаша дайындалады: 1 г парадиметиламидобензальдегид + 100 мл 96% этил спирті + 20 мл химиялық таза тұз қышқылы. Индол түзілгенде эфир мен сорпа өсіндісінің шекарасында 3-5 мин ішінде қызыл сақинаның пайда болады.
Күкірт сутегінің түзілуін анықтау үшін келесі тығыз қоректік орта дайындалады: 1 л стерильді 1,7-0,2% ЕПА-ға 0,2 г күкірт қышқылды темір (FeO4), 0,3 г гипосульфит натрий, 12 мл индикаторлық финохромның 3% судағы ерітіндісін қосады. Қоректік ортаны стерильденген шыны түтіктерге 5-6 мл мөлшерінде құйып, буымен 20 минут аралығында стерильдейді. Қоректік ортаны қолданар алдында балқытады да, жазықтықта суытады. Бактерияларды қоректік ортаны жазықтығына, сонан соң шаншу арқылы оларды тік қатырылған ортаның төменгі бөліміне себеді. Бактериялар күкірт сутегін бөліп шығаратын болса, тік қатырылған орта қызыл түске, ал оның төменгі жағы қара түске боялады.
Күкірт сутегін қоректік ортада анықтау үшін 10%-дық сірке қышқылды қорғасынның ерітіндісімен дымқылданған сүзгіш қағаздың тілімдері қолданылады. Күкіртті қорғасынның пайда болуынан тілімнің ұшы қара түске боялады.
Аммиакты анықтау тәсілдері. 1. Қызғылт лакмус қағазын бактерия өсіндісі бар шыны түтіктің ішіне тығынының көмегімен қыстырып қояды. Аммиак болған жағдайда қызғылт лакмус қағаз көк түске блялады. 2. Фарфордан жасалған шыны ыдысқа микробтардың сорпа культурасының бір тамшысын тамызып, оны бір тамшы Несслер реактивімен аралыстырады. Аммиактың барында культура мен индикатор сары немесе қоңыр түске (аммиактың мөлшеріне байланысты) боялады. Несслер реактиві екі ерітіндінің қоспасы болып табылады: а) калий йодиді мен сулеме (алисапен) және б) 50% КОН ерітіндісі.
Микробтардың редукциялау қасиеттерін зерттеу қоректік орталарға құйылған органикалық бояулардың (метилен көгінің, малахитті жасылдың, бейтарап қызылдың және т.б.) түсінің өзгеруін анықтауға негізделген. Қоректік орта ретінде көбінесе сүт қолданылады. Зерттеуге арналған өсіндіні бактериологиялық ілмектің көмегімен бояуы бар қоректік ортаға себеді де, термостатта 24 сағат бойы ұстайды. Микроб ферменттерінің әсерінен бояу түссізденеді немесе оның бастапқы түсі өзгереді.
Минкевич қоректік ортасында микробтардың редукциялау қасиеттерін анықтау. Минкевич ортасы – лакмус тұнбасы бар сүт. Микробтардың өсіндісін термостатта 10 күн бойы ұстап, күнде тексеріп отырады. Лакмустың редукциялануы сүттің толық ағаруымен дәлелденеді. Микробтардың қышқылды немесе сілтілі өнімдерді түзу қасиеттері де осы қоректік ортада анықталады. Бірінші жағдайда лакмусты сүт қызыл түске, ал екінші жағдайда көк түске боялады.
Нитраттарды редукциялау (денитрификация) үшін зерттеуге алынған өсіндіні құрамында 12%-дық азот қышқылды калий ерітіндісі бар ЕПС сеуіп, термостатта 48-72 сағат аралығында ұстайды (37-380 С). Сонан соң қоректік ортаға калий йоды мен 10%-дық күкірт қышқылы ерітіндісінің белгілі пропорциясынан құралған реактивтің 1 мл-ін қосады. Нитраттардың нитритке ауысуы (редукциялануы) ортаның көк түске боялуымен дәлелденеді. Каталаза бірнеше тәсілдермен анықталынады.
1 Бір тәуліктік агар өсіндісінің бетіне 2 мл 1%-дық сутегінің асқын тотығын таратады. Каталазаның барында бөлініп шыққанда қоректік ортаның бетінде көпіршіктер пайда болады.
2 Зат шынысының бетіне сутегінің асқын тотығының 3-10%-дық ерітіндісін тамызады да, оны ілмекпен алынған агар өсіндісінің массасымен араластырады. Газ көпіршіктерінің бөлініп шығуы каталазаның түзілуін дәлелдейді.
3 Каталазаны сорпа өсіндісінде анықтау үшін шыны түтікке өсіндінің 1 мл-ін құяды да оған 1 мл сутегі асқын тотығының 10%-дық ерітіндісін қосады. Каталаза барында газ көпіршіктері бөлініп шығады.
Бактериялардың гемолиттік қасиеттерін зерттеу. Кейбір бактериялар эриторциттерді талқандайтын ерекше заттар – гемотоксиндерді бөліп шығарады. Микроорганизмдердің осы қасиеттерін анықтау үшін оларды 5%- фибрині жоқ қаны бар қоректік ортаға себеді (қанды ЕПА). Гемолиттік қасиеттері бар микробтардың мекендерінің айналасында мөлдір аймақ (түссіз немесе боялған) пайда болады. Сұйық қоректік ортаға себілген мұндай микробтар эритроциттерді гемолизге ұшыратып, ортаны мөлдірлетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |