Тауық эмбриондарына экспериментальды жолмен жұқтыру әдістері. Тауық эмбриондарынавирусты жұқтырудың алты әдісі бар. Олардың ішінен ең жиі қолданатындары аллантоис қуысы мен хорион – аллантоис қабықшасына жұқтыру, сирегірек амнион қуысы және сарыуыз қапшығына, ал өте сирек жағдайда ұрық денесі және ХАҚ қан тамырларына жұқтырады. Жұқтыру әдістерін вирустың тропизмі мен жұқтыру мақсатына қарай таңдайды. Жұқтырудың барлық тәсілдерінде инфекциялық материалды 0,1-0,2 мл көлемінде енгізеді.
Аллантоис қуысына жұқтыру әдісінде тұмау, Ньюкасл ауруы, жылқылардың ринопневмониясы, везикулярлы стомаитінің вирустары жақсы көбейеді. Бұл жұқтыру әдісінің бірнеше нұсқасы (варианты) бар.
Тауық эмбрионының доғал жағын жоғары қаратып бекітеді. Ауа камерасының шекарасынан 5-6 мм жоғарыға қарай диаметрі 1 мм көлемінде қауызды ойып, вирустық материалы бар шприц инесін жұмыртқа осін бойлай 10-12 мм тереңдікке енгізу арқылы жұқтырады. Жұқтырғаннан кейін инені алып, қауыздағы тесікті бекіту үшін балқытылған стерильді парафинді тамызады. Бұл әдістің екінші нұсқасында ауа камерасының үстіңгі жағын ауаның біраз бөлігін шығару үшін теседі. Ал материалды жұқтыру үшін ХАҚ аймағының қан тамырлары жоқ жерінің қауызын тесіп, иненің ұшын небәрі 2-3 мм-ге дейін енгізген соң 0,1-0,2 мл вирустық материалды жұқтырып, ол жерді парафинмен бекітеді.
Хорион-аллантоис қабықшасына жұқтыру әдісін эпителитропты және пантропты вирустарды: шешек, құстардың жұқпалы ларинготрахеитін, ет қоректілер обасын, Ауески ауруын, қойлардың катаральды қызбасын және т.б. өсіру үшін қолданады. Жұқтырудың бұл түрінде вирустық материалды табиғи ауа камерасы мен жасанды ауа камералары арқылы енгізеді.
Табиғи ауа камерасы арқылы жұқтыру үшін штативка эмбрионның доғал жағын қаратып (ауа камерасы жоғарғы бетінде болуы керек) бекітеді. Ауа камерасының ортасынан диаметрі 15-20 мм көлемінде қауызды ойып, пинцеттің көмегімен қауыздың астыңғы қабықшасын ашады. ХАҚ-ның жалаңаштанған жеріне 0,2 мл вирус суспензиясын енгізіп, тесікті лейкопластырьмен немесе жапқыш шыныны балқытылған парафинмен бекіту арқылы жабады.
Жасанды ауа камерасы арқылы жұқтыру біріншісіне қарағанда жиі қолданылады. Бұл әдісте эмбрионды штативке горизонталды жағдайда, ұрықтың арқасын жоғары қаратып бекіткеннен кейін, қауызды екі жерден теседі. Біріншісінде ауа камерасының ортасынан кішкене ғана, ал екіншісінде қауыздың ұрық жатқан жағынан диаметрі 2-5 мм болатын тесік жасап, ХАҚ-ын жарақаттамай қауыздың астыңғы қабықшасын ауа кіретіндей етіп ажыратады. Сонан соң бірінші тесіктен табиғи ауа камерасы арқылы ХАҚ бетіне жұқтыратын материалды енгізіп, тесікті лейкопласырьмен бекітеді. Табиғи ауа камерасы жағындыға тесікті бекітпесе де болады. Себебі ондағы қауызының астыңғы қабықшасы бұзылмағандықтан қоршаған ортаның микрофлораларының түсуіне жол бермейді. Мұндай әдіспен жұқтырылған тауық эмбриондарын горизонтальды жағдайда, жанындағы тесікті жоғары қаратып инкубациялайды.
Сарыуыз қапшығына жұқтыруды хламидияларды, сонымен қатар Марек ауруының, жылқылардың ринопневмониясы, қойлардың катаральды қызбасы және т.б. вирустарын өсіруде пайдаланады. Бұл әдісте 5-7 күндік, кейде 2-3 күндік эмбриондар (Риф алқабының қызбасы вирусын өсіруге) қолданылады. Жұқтырудың екі жолы бар. Біріншісінде эмбрионды вертикальды жағдайда бекітіп, ауа камерасының ортасының тесігі арқылы инені 3,5-4 см тереңдікке, ұрықтың қарама-қарсы жағына қарай 450С-қа қиғаштап енгізу арқылы вирустық материалды жұқтырады. Екіншісінде горизонтальды күйде (ұрық астыңғы жағында, ал сарыуызқапшығы үстіңгі бетінде болуы керек) бекітілген жанынан жұқтырылады.
Амнион қуысына жұқтыруға 6-10 күндік эмбриондарды алады. Аталмыш әдісті тұмау, Ньюкасл ауруының, жылқылардың ринопневмониясының және т.б. вирустарын өсіруде қолданады. Жұқтырудың жабық және ашық әдісі болады.
Жабық әдісімен жұқтыру қараңғыланған бокста жүргізеді. Жұмыртқаны овоскопқа горизонталды жағдайда (ұрық жоғарғы жағында болуы тиіс) орналастырады. Ауа камерасының үстіндегі тесіктен ұшы мұқал инені ұрыққа бағыттай амнион қуысына енгізу арқылы жұқтырады. Иненің амнионға енгендігін ұрық денесінің қозғалысынан білуге болады.
Ашық әдісте вертикальды орналасқан жұмыртқаның ауа камерасы бетінен диаметрі 1,5-20 см болатын тесік жасайды. Осы жерден пинцет көмегімен қауыздың астыңғы қабықшасын ашады да анатомиялық пинцетпен амнион қабықшасын ХАҚ-мен бірге тартып тұрып, вирусы бар материалды шприцпен енгізеді. Қабықшаларды босатып, тесікті лейкопластырьмен бекіткен соң вертикальды жағдайда термостатта өсіреді.
Ұрықтың денесіне жұқтыру тәсілін амнион қуысына жұқтырған әдістер тәрізді 7-12 күндік тауық эмбриондарында жүргізеді. Бұл әдістерде енгізілген инені қозғалтқан кезде ұрық инемен бірге қозғалады. Жұқтыратын материалдар бас миына, дененің белгілі бір бөлімдеріне енгізіледі.
Хорион-аллантоис қабықшасының қан тамырларына жұқтыру.11-13 күндік тауық эмбриондарын овоскопиялау нәтижесінде қан тамырлары көрінген жерінің қауызын ашады да, сол жерге 1-2 тамшы спирт тамызып (қауыздың астыңғы қабықшасын біраз уақытқа дейін мөлдірлендіру үшін), қан тамырына жұқтыратын суспензияны енгізеді. Қауыздың жалаңаштанған жерін лейкопластырьмен бекітеді.
Жоғарыдағы әдістермен жұқтырылған тауық эмбриондарын +33-370С температураға реттелген термостатта инкубациялайды. Жұқтырылған эмбриондарды күнделікті овоскоппен бақылап отырады. Жұқтырғаннан кейін алғашқы 24 сағат аралығында өлімге ұшыраған эмбриондар алып тастайды. Себебі бұл уақыт аралығында бөгде микрофлоралармен ластанған, жұқтыру кезінде жарақаттанудан өлген эмбриондар жарамсыз болып есептеледі. Одан кейінгі эмбриондардың өлімге ұшырауы вирустардың көбеюі әсерінен болады. Мұндай эмбриондарды таңдап алып, тез арада тоңазытқышқа (+40С) ауыстырады. Тоңазытқыштағы эмбриондардың құрамындағы вирутардың белсенділігі ұзақ сақталады және ұлпалар тығыздалып, тамырлары босап, оларды жарып алуға жеңілдік тудырады.
Вирустар көбейген тауық эмбриондарының белгілері. Вируспен жұқтырылған тауық эмбриондары белгілі бір мерзімде өлімге ұшырайды. Құстардың шешегі мен ларинготрахеиті вирусымен зақымданған эмбрионның ХАҚ ісінеді, қанталайды, түйіндер пайда болады. Тауықтардың жұқпалы бронхитінің вирусымен зақымданған эмбрион сусызданады немесе мумияланады, мойыны бұралып кетеді, терісі гиперемияланады, ұрықтың ішкі мүшелерінде де вирустардың өсіп-өну белгілерінің байқалуы мүмкін.
Гемагглютинация реакциясының көмегімен эмбрионның құрамынан вирустар мен олардың титрлерін анықтауға болады.
Тауық эмбриондарын ашу және вирусы бар материалдарды алу. Тауық эмбриондарын вирустардың көбею белгілерін анықтау және вирусы бар материалдарды алу үшін асептикалық жағдайларды сақтай отырып ашады. Құрамында вирусы бар материалдар ретінде ХАҚ, ұрықтың ұлпалары, сарыуыз қапшығы, аллантоис пен амнион сұйықтықтары алынады. Аллантоис пен амнион сұйықтықтары құрамында вирусы бар дайын суспензия болып табылады.
Эмбрионды ашардан бұрын қауызды йодталған спиртпен өңдейді. Стерильді саймандардың көмегімен ауа камерасының үстіңгі жағындағы қауызды кесіп алады. Бұл жағдайда қайшыны ауа камерасының астындағы қабықшасына тигізбеу және қауыз ішкі жағына түспеуі керек.
Жалаңаштанған ХАҚ-ын пинцетпен көтеріп патологоанатомиялық өзгеріске ұшырағандығын байқап, сол жерін қайшымен кесіп алады. Ал ХАҚ-ының барлық жерлерін қарау үшін ұрықты, сарыуыз қапшығы мен белогын алып тастаған соң ХАҚ-ын қауыздан ажыратып, стерильді физиологиялық ерітінді құйылған Петри шынысына салады. ХАҚ шайып, екі пинцеттің көмегімен жазып, тексереді. Қабықшаның патологоанатомиялық өзгеріске ұшыраған жерлерін анық көру үшін Петри шынысының астына қара түсті қағаз қояды.
Қауыздың астыңғы қабықшасы мен ХАҚ-ын тесіп, аллантоис сұйықтығын (10 мл) Пастер түтікшемен сорып алады.
Аллантоис сұйықтыығн алғаннан кейін ұрықтың мойнының тұсынан түтікшемен амнион сұйықтығын (1 мл) сорып алады.
Сарыуыз қапышығын Петри шынысына салып, қайшымен кескеннен кейін физиологиялық ерітіндімен шаяды да сарыуыз қапшығының қабырғасын вирусы бар материал ретінде алады. Ұрықты пинцеттің көмегімен алып шығады.
Тауық эмбриондарын ашқаннан кейін міндетті түрде вирусы бар материалдардың тазалығын анықтау үшін бактериологиялық зерттеу жүргізеді. Ол үшін материалдардан ЕПС, ЕПА, ЕПБС және Сабура ортасына себінді жасайды. Вирусы бар материалдарды минус 250С немесе одан төменгі температурада сақтайды.
Әдебиеттер:
1 Троценко Н.И., Белоусова Р.В., Преображенская Э.А Практикум по ветеринарной вирусологии // Москва, «Агропромиздат». 1989. С. 59-79.
Бақылау сұрақтары: 1 Вирусологияда тауық эмбриондарын қандай мақсаттарда қолданады? 2 Тауық эмбрионының құрылысы. 3 Тауық эмбриондарын жұқтыруға дайындау тәсілдері. 4 Тауық эмбриондарына экспериментальды жолмен жұқтыру тәсілдері. 5 Вирустар көбейген тауық эмбриондарының белгілері. 6 Тауық эмбриондарын ашу және вирусы бар материалдарды алу.
Достарыңызбен бөлісу: |