Мұнай-химия, мұнай өңдеу салаларындағы қауіпті өндірістік нысандарына, мұнай базалары мен автожанармай құю стансаларына арналған өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережесі


-Параграф. Мұнай базаларының және автожанармай құю стансаларының өндірістік жайлары



бет4/6
Дата09.06.2016
өлшемі486.5 Kb.
#124726
1   2   3   4   5   6

3-Параграф. Мұнай базаларының және автожанармай құю стансаларының өндірістік жайлары

380. Өндірістік жайларға кіретін есіктер климаттық ауданды ескере отырып орнатылатын тамбурлармен жарақтандырылады.

381. Өндірістік жайларда желдетуге арналған құрылғылар – терезе жақтауларында немесе әйнектелген желкөздерде ашылатын жармалары болады.

382. Технологиялық процесс нәтижесінде мұнай өнімдерінің буы бөлінетін жайларда біріне бірі қарама-қарсы орналасқан кем дегенде екі шығу есігінің болуы қамтамасыз етіледі. Егер қабаттың ауданы 300 шаршы метрден аспайтын болса және сыртқы өрт сатысына шығатын қосалқы есік болса, бір шығу есігін орнатуға болады.

Жайлардағы терезелердің жармалары мен есіктер сыртқа ашылады. Жоғарғы фрамугалар мен әйнектелген желкөздерде оларды еденнен немесе арнайы алаңдардан ашуға арналған құрылғылар болады.

383. Өндірістік жайлардың қабырғалары ашық түстерге боялады.

384. Едендерді жабуға қолданылатын материалдар мұнай өнімдерінің әсеріне төзімді болады.

Едендер саңылаусыз, науаларға қарай еңісті қатты жабыннан жасалады.

385. Өтпелерді, шығатын есіктерді, дәліздерді, тамбурларды, баспалдақ алаңшаларын, қосымша есіктерді қандай да болсын заттармен, материалдармен, жабдықтармен бөгеуге жол берілмейді. Баспалдақ алаңшаларының астынан заттар салатын бөлмелер, шеберханалар салуға жол берілмейді.

386. Өндірістік жайлардың науалары, арналары жеңіл алынып-салынатын, отқа төзімді тақталармен жабылады.

Жарылыс қаупі және өрт қаупі бар өндірістік жайлардағы науалар мен арналар құммен немесе басқа жанбайтын материалдармен көміледі.

387. Жарылыс-өрт қаупі бар, улы және күйдіргіш заттарды тасымалдайтын құбырларды тұрмыстық, қосалқы және әкімшілік-шаруашылық жайлар, электр қондырғыларының жайлары, желдеткіш камералар арқылы тартуға жол берілмейді.

388. Электр желілерін қайта жарақтандыруға, стандартқа сай келмейтін сақтандырғыштарды орнатуға, қолдан жасалған және ақаулы электрмен қыздырғыш аспаптарды пайдалануға жол берілмейді.

389. Қызмет көрсетуші персоналдың тұрақты орны мұнай базаларының диспетчерлік бекетімен телефон (радиотелефон) байланысымен жарақтандырылады.

390. Өндірістік және басқа да жайлардың барлығы тазалықта ұсталады.

Өндірістік жайлар мен жабдықтар белгіленген кесте бойынша мезгіл-мезгіл шаңнан және жанғыш қалдықтардан тазартылып тұрады.

Өндірістік жайлар дәрі-дәрмек қобдишаларымен жарақтандырылады.

391. Өндірістік жайлардың едендері қажеттілігіне қарай, бірақ ауысымда кемінде бір рет тазартылады.

Едендерді жууға тез тұтанғыш сұйықтықтарды пайдалануға жол берілмейді.

Төгілген мұнай өнімдері кәріздік науаларға сумен шайылады.

392. Газ бөлінуі мүмкін жайларда техникалық басшы бекіткен кесте бойынша жұмыс аймағының ауасында зиянды газдың шоғырлануы тексеріледі. Ондай жайларда тиісті ескерту жазбалары бар тақтайшалар ілінеді.

393. Өндірістік жайларда:

құбырлар мен жабдықтардың үстіне кептіру үшін киім ілуге, жанғыш материалдар қоюға;

өндіріс мақсатына қажетсіз материалдарды, әр түрлі заттарды сақтауға жол берілмейді.

394. Өндірістік және қосалқы жайлардың барлығы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіледі.
4-Параграф. Санитарлық-тұрмыстық жайлар
395. Жұмыс киімі ілінетін шкафтардың, душ бөлмелерінің, жуыну бөлмелерінің кіре беріс бөлмелерінің, жуынатын жайлардың, дәретханалардың, арнайы киім мен арнайы аяқкиім кептіретін жайлардың, әйелдердің жеке гигиенасына арналған жайлардың қабырғалары мен аралық қабырғалары оларды оңай тазалауға және жуу құралдарын қолданып ыстық сумен жууға болатын материалдармен қапталады.

396. Едендері жуылатын душ бөлмелерінде, жуынатын (бес және одан көп қолжуғыштары бар) жайларда, дәретханаларда және басқа да жайларда резеңке төсеніштер қарастырылады.

397. Қызметкерлер мен қызметшілер ластанатын жұмыстарда сабын беріледі.

Теріге уытты заттектер әсер етуі мүмкін жұмыстарда жуып тазартатын және зарарсыздандыратын құралдар беріледі.

398. Қызметкер жеке пайдалануға арналған сабынмен қатар жұмыс аяқталғаннан кейін жуыну үшін бір қызметкерге шаққанда айына кем дегенде 200 грамм мөлшерде сабынмен қамтамасыз етіледі.

399. Қызметкерлердің жылынуына және тынығуына арналған жайларда су шапшитын атқылайтын саптамасы бар ауыз су бактары қарастырылады.

400. Арнайы киім мен арнайы аяқкиім шкафтарда жеке киімнен бөлек сақталады.

401. Өндірістік жайларда тамақтануға рұқсат етілмейді. Қызметкерлер тамақтану үшін арнайы жабдықталған жайларда тамақтанады.


5-Параграф. Мұнай базаларының және автожанармай құю стансаларының жарықтандырылуы
402. Мұнай базалары, автожанармай құю стансалары ішкі, сыртқы, соның ішінде күзеттік жарықтандырумен қамтамасыз етіледі. Жұмыс орындары, нысандар, оларға өту жолдары мен өтпелер қараңғы мезгілде жарықтандырылады.

403. Мұнай базаларын және АЖҚС сыртқы жарықтандыру жүйесі бөлек басқарылады.

404. Құю эстакадалары төгу-құю эстакадасынан кемінде 20 метр қашықтықта орнатылған прожекторлармен жарықтандырылады.

405. Эстакадаларда тексеріп қарау, жөндеу және төгу-құю операцияларын жүргізу кезінде жергілікті жарықтандыру үшін жарылыс қаупі бар аймақтардан тыс қосылатын және ажыратылатын, жарылыс қаупі жоқ аккумуляторлы шамдар қолданылады.

406. Ауданы 250 шаршы метрден асатын өнім жайларында, сорғы жайларында, операторлардың бөлмесінде және диспетчерлік бекетте апаттық жарықтандыру көзделеді.

407. Өндірістік жайларда және ашық алаңдардағы жұмыс аймақтарында апаттық және эвакуациялық жарықтандыру көзделеді.

408. Апаттық жарықтандыру шамдалдары жұмыс шамдалдарынан түрлері, көлемі немесе оларға қойылған белгілері бойынша ерекшеленеді.

409. Жарықтандыру деңгейін өлшеу жайларды, жарықтандыру жүйелерін қайта құрудан кейін жылына кемінде бір рет жүргізіледі.


6-Параграф. Мұнай базаларындағы және автожанармай құю стансаларындағы жылыту мен желдету
410. Жайларды жылыту үшін орталықтандырылған және жергілікті жылыту жүйелері қолданылады. Жылу тасымалдағыш ретінде ыстық су, бу немесе қыздырылған ауа пайдаланылады.

411. Мұнай базасының және АЖҚС өндірістік жайлары жұмысшылар болатын аймақта ауа ортасын қалыптастыру үшін желдету жүйесімен жарақтандырылады.

412. Жарылыс қаупі бар жайларда желдету жүйесін қоспай жұмыс істеуге жол берілмейді.

413. Өндірістік жайлардың ауа беру және тарту жүйесі қажетті ауа алмасуды қамтамасыз етеді.

414. Желдеткіш камераларда қандай да бір материалдар мен жабдықтарды сақтауға жол берілмейді.

415. Желдету жүйесі қашықтан (автоматты) немесе жайдан тыс жерде жергілікті әдіспен іске қосылады.

416. Жылыту-желдету жүйелерінің металдан жасалған ауа құбырлары мен құбыр желілері, жабдықтары жерге қосылады.

417. Арнайы киімді және басқа да жанғыш материалдарды қыздырғыш аспаптар мен жылыту құбырларының үстінде сақтауға, кептіруге жол берілмейді.

418. Желдету жүйесінде немесе қызмет көрсетілетін жайда өрт шыққан жағдайда желдеткіштер ажыратылады, ал желдеткіштердің алдындағы және қалқандар жабылады.

419. Өндірістік жайлардың желдеткіш қондырғылары техникалық ақаусыз күйде ұсталады. Мәжбүрлеп қолданылатын желдеткіш қондырғылардың жұмыс істеу тиімділігі жыл сайын тексеріліп, тексеру нәтижелері төлқұжатта белгіленеді.


7-Параграф. Мұнай базаларындағы және автожанармай құю стансаларындағы сумен жабдықтау және кәріз жүйелері
420. Ауыз суға арналған ыдыстар (бактар) тот баспайтын болаттан немесе жеңіл тазартылатын және дезинфекцияланатын басқа материалдардан жасалады.

Өндірістік кәріз жүйесінің құбырларын резервуарлық парктердің үйме жалдауы астымен тарту жерасты, жабық орындалады.

Жауын-шашын суының кәріз жүйесі үшін алмалы-салмалы тақталармен және торлармен жабылған науалар орнатуға жол беріледі.

421. Тұрмыстық кәріз жүйесін өндірістік кәріз жүйесіне қосуға жол берілмейді.

422. Мұнай базаларын және АЖҚС-ны сарқынды су жинау және тазарту жүйесінсіз пайдалануға жол берілмейді.

423. Тазарту құрылғылары ақаулы болған кезде кәріз жүйесін пайдалануға жол берілмейді.


8-Параграф. Өндірістік шу және діріл
424. Жұмыс орындарында және мұнай базасының аумағында шудың деңгейі осы қағидаға сәйкес қамтамасыз етіледі.

425. Қызметкерлер белгіленген нормаларға сәйкес шудан қорғайтын жеке құралдармен қамтамасыз етіледі.

426. Шу деңгейі 80 дБА-дан жоғары жұмыс аймақтары қауіпсіздік белгілерімен белгіленеді.

427. Тербеліс деңгейі және оны механизмдерді басқару органдары мен қол машиналарының тұтқаларында бақылау нормативті техникалық құжаттарға сәйкес келеді.

428. Діріл деңгейі тікелей жұмыс орындарында немесе жұмыс аймағына анағұрлым тән нүктелерде машиналар мен жабдықтардың оңтайлы жұмыс режимі кезінде өлшенеді.

429. Шу-діріл қаупі бар машиналар мен жабдықтарды пайдалану кезінде шу мен діріл деңгейін төмендету құрылғыларының күйі тексеріледі. Олардың жұмысындағы бұзушылықтарды жою шаралары қабылданады.

430. Машиналарға қызмет көрсететін алаңдарды бекіту кезінде олардың дірілдейтін бөліктеріне діріл оқшаулағыштар қолданылады.

431. Пайдалану процесінде дірілге ұшырайтын жарылыс қаупі бар технологиялық жүйелер, жабдықтар, құбыр желілері үшін жабдықтардың апаттық қозғалу, ығысу мүмкіндігіне және жүйелердің саңылаусыздығының бұзылуына жол бермеу шаралары көзделеді.


9-Параграф. Мұнай базаларындағы және автожанармай құю стансаларындағы сорғы стансалары
432. Жабық сорғы стансаларының қабырғалары әктеледі, ал этилдендірілген бензинін айдауға арналған ұқсас сорғы стансаларының қабырғалары тазалау мен жууға болатын майлы сырмен сырланады.

433. Сорғы стансаларының едендері мұнай өнімдерін өткізбейтін және сіңірмейтін, отқа төзімді материалдардан жасалады.

Едендер мен науалар тазалықта ұсталады; төгілген мұнай өнімдері жойылады.

434. Сорғы стансаларының есіктері мен терезелері сыртқа қарай ашылады. Есіктерде табалдырықтар салуға жол берілмейді. Жарық түсетін ойықтарды бөгеуге болмайды, терезелер мен шамдардың әйнектері ластануларына қарай тазартылып тұрады.

Тереңдетілген сорғы стансасының есіктері желдету қондырғысының іске қосу құрылғысымен байланыстырылған, есіктер ашылған сәтте құрылғы автоматты түрде іске қосылады.

435. Сорғы стансаларының жайларында құбырлар кедір-бұдырланған металл қалқандармен жабылған арналарға төселеді. Қалқандардың көтеруге арналған тұтқалары бар; қалқандардың тұтқалары түсетіндей етіп жасалады.

436. Сорғы стансаларының ішкі қабырғалары арқылы құбырлар өтетін орындарда тығыздауыш құрылғылар бар.

437. Сорғының немесе компрессордың айдау және сору құбырларында орнатылатын жапқыш, айырғыш және сақтандырғыш құрылғылар сорғыға (компрессорға) барынша жақындатылған және қызмет көрсетуге ыңғайлы әрі қауіпсіз аймақта орналасқан.

Көршілес сорғылардың шығыңқы бөліктерінің арасындағы, олардың және жайлардың қабырғалары арасындағы аралық кем дегенде 1 метр; сорғылар екі қатармен орналастырылған кездегі олардың арасындағы аралық кем дегенде 2 метр.

Сорғылардың, құбыр желілерінің және басқа да жабдықтардың шығыңқы бөліктері есіктерден кемінде 1 метр қашықтықта орналасады.

438. Сорғы жабдықтарының барлық қозғалатын бөліктері металдан жасалған қорғаныстық қоршауларымен жабдықталады.

439. Жабдықтардың жылжымалы бөліктерінен 350 миллиметрден кем аралықта орнатылатын қоршау тұтас немесе торлы, металл қаптамада болады.

Торлы қоршауларды пайдаланған кезде тор сымының диаметрі 2 миллиметрден кем болмайды.

Тор саңылауларының өлшемі 20х20 миллиметрден аспайды.

440. Қанат түрінде қоршау кезінде олардың биіктігі қозғалатын бөліктердің өлшемдерімен анықталады, бірақ 1250 миллиметрден кем болмайды.

441. Жиі тексерілуі тиіс жабдықтардың қоршаулары тез алынып-салынатын немесе қайырылатын болады.

Қоршаулардың құрылысы оларды арнайы кілтсіз ашуға немесе ағытуға жол бермейді.

442. Цельсий бойынша 45 градустан жоғары температура кезінде жабдықтар мен құбырлардың беттері қызметкерлер жанасуы мүмкін учаскелерде қоршалған немесе жанбайтын жылуоқшаулағыш материалмен қапталған болады.

443. Сорғы стансасында орнатылған негізгі және қосалқы жабдықтардың технологиялық схемаға сәйкес реттік нөмірі болады. Нөмірлер көрінетін орында оқылатындай етіп жазылады. Қозғалтқыш пен сорғы арасында аралық қабырға болған кезде нөмірлер сорғыға да, қозғалтқышқа да жазылады, ал сорғы агрегатын бір залда біріктіріп орнатқан жағдайда қозғалтқышқа жазылады.

444. Сорғы стансасының, сумен жабдықтау, желдету, ауамен жабдықтау, отынмен жабдықтау және өрт сөндіру жүйелерінің негізгі және қосалқы жабдықтарының түсі басқалардан ерекше. Құбыр желілерінде олардың мақсаты және айдалатын ортаның қозғалу бағыты көрсетіледі.

445. Қозғалтқышта, сорғыда айналу бағытын көрсететін нұсқар салынады, ал іске қосу құрылғысында – «Қосу» және «Тоқтату» деген жазбалар жазылады.

446. Басқару органдарының анық түсіндіретін жазбалары; басқару органдарының символдары болады.

447. Жабдықтар мен қоршауларға белгі беретін түстері мен қауіпсіздік белгілері салынады.

448. Батырмалар мен ауыстырып қосқыштар жарылыстан қорғалған және ылғал өткізбейтін күйде қолданылады.

Батырмаларды итергіштер панельмен бір деңгейде орнатылады.

«Қосу» батырмасы панельдің бетінен 3 – 5 миллиметрге батырылған.

«Тоқтату» апаттық кнопкасы саңырауқұлақ тәріздес, көлемі ұлғайтылған және панелдің бетінен шығыңқы болады.

449. Сорғы стансасындағы сору және айдау құбырларында, әрбір сорғы агрегатында манометрлер орнатылады. Сорғыларды манометрсіз немесе ақаулы манометрлермен пайдалануға жол берілмейді.

450. Сорғы агрегатында жерге қосатын құрылғы көзделеді, ол жерге қосу белгісімен таңбаланады.

451. Сорғы стансалары мәжбүрлеп ауа беру-тарту және апаттық желдету жүйесімен (ашық және жартылай ашық сорғы стансаларынан басқалары), өрт сөндірудің тұрақты құралдарымен, тұрақты немесе тасымалды жүк көтергіш құрылғылармен жарақтандырылады.

Желдеткіш қосылмай тұрған кезде сорғы агрегаттарын іске қосуға жол берілмейді.

452. Сорғы стансаларында майлау материалдарын металл ыдыстарда тәулік ішінде пайдалануға жеткілікті шамадан аспайтын мөлшерде сақтауға жол беріледі.

453. Сорғы стансаларының жайлары жарылыс қаупі бар концентрацияларды анықтайтын газ талдағыштармен жарақтандырылады, ал олар болмаған жағдайда сынамалар алу және бақылау тәртібі белгіленеді.

454. Сүрту материалы қақпақтары бар металл жәшіктерге жиналып, кейін қалпына келтіріледі немесе жойылады.

Майланған материалды ұзақ сақтауға жол берілмейді.

455. Сорғы стансаларында тез тұтанатын сұйықтықтарды сақтауға жол берілмейді.

456. Сорғылар, материалдар, жабдықтар немесе қандай да бір заттар арасындағы өту жолдарын бөгеуге болмайды.

457. Сорғылардың жұмысы кезінде мойынтіректер мен тығыздамалардың бақылануы қамтамасыз етіледі.

Мойынтіректер жеткілікті түрде майланады.

Мойынтіректерді Цельсий бойынша 60 градустан жоғары қыздыруға жол берілмейді.

Мойынтіректерді немесе білікті сумен, мұзбен суытуға болмайды.

Мойынтіректер мен тығыздамалардың температурасы сағатына кемінде бір рет тексеріліп тұрады.

458. Сорғы мен құбыр желілерінің ыстық бөліктеріне сүрту материалын немесе мұнай өнімдері сіңген қандай да бір нәрселерді қоюға жол берілмейді.

459. Сорғы стансаларын пайдалану барысында сорғылар мен құбыр желілерінің саңылаусыздығына бақылау жүргізіледі. Сорғылардың бүйірлік және сальникті тығыздамалары арқылы мұнай өнімдерінің ағуы жасаушы зауыт белгілеген рауалы нормативтерден жоғары болса, ол жойылады.

460. Сорғының үйкелетін бөліктері тұрақты түрде майланып тұрады. Майлау кезінде майлау материалдарының ағуына және шашырауына жол берілмейді.

461. Сорғының жұмыс режимінде бұзушылықтар (шу, қатты діріл, мойынтіректердің қызуы, сальниктер арқылы өнімнің ағуы, жекелеген бөліктердің сызаттары мен ақаулары) болған жағдайда сорғы тоқтатылады.

Ақаулар анықталып, жойылмайынша сорғыны іске қосуға жол берілмейді.

462. Автоматтық бақылау құралдары болмаған кезде жұмыс істеп тұрған сорғыны қараусыз қалдыруға болмайды.

463. Электр энергиясының берілісі оқыс тоқтап қалған жағдайда электр қозғалтқыш желіден ажыратылады.

464. Сорғы стансасының жайында ашық от көзін пайдалануға жол берілмейді. Тасымалданатын жарықтандыру құралы ретінде сорғы стансасының жайынан кемінде 20 метр қашықтықта қосылатын және сөндірілетін, жарылыстан қорғалған аккумуляторлы шамдарды қолдануға жол беріледі.

465. Әрбір сорғы стансасында апаттық құрал-сайман жинағының, аккумуляторлы шамдар қорының болуы қамтамасыз етіледі, олар оператор бөлмесіндегі арнайы шкафтарда сақталады.

466. Этилдендірілген бензинді қотаратын сорғыларда сорғы тығыздамаларынан жергілікті сору құрылғылары орнатылады; тығыздамалардан жергілікті сору құрылғыларын орнату мүмкін болмаған жағдайда төменгі жағынан сору құрылғысын орнату ұсынылады.

467. Этилдендірілген бензинді қотаруға арналған сорғылар мен құбыр желілері айыруға болатын түспен сырланып айрықшаланады.

468. Этилдендірілген бензинді қотаруға арналған сорғы орнатылған сорғы жайында жабық жәшікте таза құм, үгінділер, сүртетін материалдар, қол мен бөлшектерді жууға арналған керосин құйылған шағын бак, дихлораминнің немесе хлорлы әктің қоры болады.

Аталған құралдардың қоры мыналардан тұрады:

таза құм (үгінді) - еденнің 50 шаршы метр ауданына шаққанда 1 – 2 текше метр;

дихлорамин (хлорлы әк) - еденнің 50 шаршы метр ауданына шаққанда 5 – 10 килограмм;

Құм от ошақтарын жоюға, үгінділер мұнай өнімдерінің төгінділерін жоюға қолданылады.

469. Этилдендірілген бензинмен жұмыс жүргізілетін сорғы жайларының едендері мен қабырғалары күн сайын жұмыс аяқталғаннан кейін керосинмен немесе керосинге 1,5 % дихлорамин ерітіндісін қосып сүртіледі. Құрал-саймандар мен жабдықтар алдымен керосинге батырылған шүберектермен, содан соң құрғақ шүберектермен сүртіледі.
10-Параграф. Технологиялық құбыр желілері
470. Технологиялық құбыр желілерінің, жабдықтардың, жапқыш арматураның құрылысы және орналастырылуы жобалау талаптарына сәйкес келеді.

Технологиялық құбыр желілерінің (бөлшектері мен арматураның) саңылаусыздығы мен беріктігі тексерілуі тиіс.

471. Қотару және құю стансаларының құбырларына жерасты және жерүсті құбырларын және оларға орнатылған жапқыш құрылғыларды орнатудың технологиялық схемасы жасалады.

Қолданыстағы құбыр желілерінің орналасу схемасын техникалық басшының рұқсатынсыз өзгертуге болмайды.

Тез тұтанатын сұйықтарды қотару үшін қолданылатын сорғылар:

оның корпусында қотарылатын сұйықтық болмағанда немесе қабылдау және жұмсау ыдыстарындағы сұйықтықтың жоғарғы және төменгі деңгейлері шекті рауалы шамалардан ауытқығанда іске қосуға жол бермейтін немесе жұмысты тоқтататын бұғаттауыштармен;

қауіпсіздікке әсер ететін жұмыс өлшемдерінің бұзылуы туралы ескертетін дабылдама құралдарымен жарақтандырылады.

472. Жарылыс қаупі бар технологиялық жүйелердің құбырларындағы арматура орнатылған немесе аппараттар жалғанған орындарынан басқа орындарда ернемектік немесе басқа да ажыратқыш қосылыстар болмайды.

473. Орталықтан тепкіш сорғылардың өнім айдайтын құбырларында айдалып жатқан сұйықтықтардың кері бағытта ағуына жол бермейтін кері бағытты клапан немесе басқа құрылғы және қажетіне қарай сақтандырғыш құрылғы (клапан) орнату көзделеді.

Жапқыш-реттегіш аппаратура атқарушы технологиялық схемаға сәйкес келетін нөмір салынады.

Құбыр желілерінде орнатылатын жапқыш арматурада (ысырмаларда, шүмектерде) шеткі қалыптарды көрсететін көрсеткіштер белгіленеді.

474. Жер үстімен тартылған құбыр желілерінің аспалары мен тіректерінің күйіне бақылау жүргізіледі.

475. Қызметкерлердің құбыр желілері арқылы өтетін орындарында өту алаңдары немесе қанатты көпіршелер салынады.

476. Науалар мен орлар жанбайтын материалдан жасалатын тақталармен жабылады.

477. Құбыр желілеріндегі науалар, орлар және құдықтар таза ұсталынады және тұрақты тазартылып, сумен шайылып тұрады.

Құдықтарда, камераларда немесе орларда (науаларда) орнатылған жапқыш арматурада қызметкер құдыққа немесе орға (науаға) түспей ашуға (жабуға) мүмкіндік беретін жетектер бар.

478. Құбыр желілеріндегі арматураны ашу және жабу үшін ломдарды, құбырларды қолдануға болмайды.

479. Құбыр желілерінде тұйық учаскелер болған жағдайда олар бақылауға алынады. Қыстыгүні олардың қатып қалуына жол бермеу шаралар қарастырылады.

480. Құбыр мен арматураны жылыту үшін ашық от көзін пайдалануға жол берілмейді. Ыстық сумен, бумен немесе қыздырылған құммен жылытуға рұқсат етіледі, бұл ретте құбырдың жылытылатын бөлігі қолданыстағы құбыр желілерінен ажыратылады.

481. Құбырларда пайда болған тығындарды болат шыбықтармен және үйкелістен немесе құбырға соғылудан ұшқын шығаруы мүмкін басқа заттармен тазалауға жол берілмейді.

482. Құбыр желілерін әдеттен тыс жалғаушы бөлшектер мен арматураны қолданып пайдалануға жол берілмейді.

483. Жарылыс қаупі бар технологиялық жүйелерде иілгіш шлангілерді қолдануға жол берілмейді.

484. Мұнай өнімдерін қотару кезінде құбырлар мен олардың арматураларын жөндеуге қатысты қандай да бір жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.

485. Мұнай өнімдеріне арналған құбыр желілері жерге қосылады.

Құбыр желілерінің ернемектік қосылыстарында диэлектрлік материалдардан жасалған тығырықтар және электр өткізбейтін етіп сырланған тығырықтар болса, құбыр желілерінің жерге қосылуы оларды жерге қосылған резервуарларға қосумен, оларға жерге қосқыш мойнақтар орнатумен қамтамасыз етеді.

486. Тексеру және қабылдау құдықтарының қақпақтары төгу операциялары мен профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде өлшеу және сынамалар алу үшін ашылады.

487. Бағаналардағы, тарату шлангілеріндегі, құбыр желілеріндегі және арматурадағы ернемектік, бұрандалы және басқа түрдегі қосылыстардың саңылаусыздығына бақылау жүргізіледі. Сұйықтық ағатын саңылау бітеледі.

488. Құбырлар мен жабдықтардың барлық ернемектік қосылыстары парониттен, бензин мен майға төзімді резеңкеден жасалған төсемдермен немесе мұнай өнімдеріне арналған төсемдермен тығыз байланған.

489. Ысырмалар, шүмектер, шұралар және басқа да жапқыш құрылғылар ақаусыз күйде ұсталады және құбыр желілерінің тез арада жабылуын қамтамасыз етеді. Жапқыш құрылғылардағы ақаулар жойылады.

490. Жапқыш және басқа құрылғылардың сальникті тығыздауыштары тексеріледі, қажетіне қарай тығыздау материалдары қосылады немесе ауыстырылады.

491. Коммуникациялар мен құрылыстардың жерасты учаскелері тоттануға қарсы оқшаулау материалдарымен жабылады, жерүсті учаскелері сырланады.
11-Параграф. Теміржол эстакадалары
492. Егер төгілетін немесе құйылатын мұнай өнімдерінің тұтану температурасы Цельсий бойынша 120 градусқа тең немесе одан төмен болса, локомотивтердің қозғалысы көзделетін теміржол осінен жақын жердегі төгу-құю эстакадасы бар жолдың осіне дейінгі арақашықтық кемінде 20 метр болады, ал тұтану температурасы Цельсий бойынша 120 градустан жоғары болса, кемінде 10 метр болады.

Электрлендірілген теміржолдарда орналасқан төгу-құю эстакадаларының теміржол жолдарында екі оқшаулағыш түйіспе орнатылады:

біріншісі – өнім құю орнынан тыс жерде;

екіншісі – тұйықтың жол бұрғышы жанында.

Төгу-құю эстакадалары бар теміржол жолдарын локомотивтердің тура жүріп өтуі үшін пайдалануға жол берілмейді.

Эстакадаға мұнай өнімдері бар маршрутты беру тек вагон-цистерналар алда болатын күйде немесе озу жолының немесе тартымдық жолдың көмегімен жүргізіледі. Эстакаданың тұйық жолдарына локомотивтің кіруіне жол берілмейді.

493. Төгу-құю құрылғыларының немесе темір жолдарда жеке тұрған тағандардың екі жағынан (екіосьті екі вагонның немесе төртосьті бір вагонның ұзындығына тең аралықта) «Локомотивті тоқтату» деген сигналдық белгілер орнатылады.

494. Төгу-құю эстакадаларында ені кем дегенде 0,75 метр төсемі қатты жаяу жүргіншілер жолы қарастырылады. Жаяу жүргіншілердің жолдары әрбір эстакаданың бүйір жағында болады, ал теміржол жолдарымен қиылысатын жерлерде - рельстердің бүркеншіктерімен бір деңгейдегі тұтас төсемдер болады.

495. Төгу-құю эстакадасы немесе жеке төгу-құю құрылғылары тұрған (ашық немесе қалқа астындағы) алаңның периметрі бойынша биіктігі 200 миллиметр ернеушемен қоршалған, су өткізбейтін қатты жабыны және науаларға қарай кемінде 2 процент еңісі болады, ал науалар 50 метрден аспайтын қашықтықта орналасқан жинауыш құдықтарына (шұңқырларға) қарай 0,5 процент еңіспен жасалады. Науалар темір жолдардың сыртқы жағына орналастырылады, жанбайтын материалдардан жасалады және алмалы-салмалы металл торлармен жабылады.

496. Төгу-құю эстакадаларының жанбайтын материалдардан жасалған, эстакада бойымен 100 метрден аспайтын қашықтықта шет жағынан орналасқан баспалдақтары болады. Баспалдақтардың ені кемінде 0,7 метр және кемінде 45 градустық еңістікте болады. Эстакадаларда төгу-құю құрылғыларына қызмет көрсетуге арналған сүйеніштері бар алаңдар қарастырылады.

Баспалдақтарда, эстакадалардағы қызмет көрсету алаңдарында және эстакадаларда тұтас қапталған, биіктігі 1 метр сүйеніш болады.

497. Құюға арналған теміржол вагон-цистерналары итерусіз және жұлқусыз ақырын беріледі және шығарылады.

498. Теміржол төгу-құю эстакадаларының аумағында теміржол вагон-цистерналарын металл табандықтармен (башмақтармен) тежеуге жол берілмейді. Осы мақсатта ағаш төсеніштер немесе ұшқын қаупі жоқ тежеуіш табандықтар (башмақтар) қолданылады.

499. Төгу-құю эстакадасының қайырмалы көпіршелерінде жасырын болттары бар ағаш жастықшалар немесе резеңке төсеніштер болады.

500. Эстакаданың қызмет көрсету алаңынан ысырмалардың сермерлеріне (маховиктеріне), шүмектердің саптарына, құю шлангілерінің көтергіш механизмдеріне дейінгі қашықтық 1,5 метрден аспайды.

501. Эстакадалар прожекторлармен жарықтандырылады. Жергілікті жарықтандыруға ылғал мен жарылыстан қорғалып жасалған тұрақты шамдар және тасымалданатын аккумуляторлы шамдар қолданылған жағдайда жол беріледі.

502. Құбыр желісінің тағандары, шлангілері, тығыздамалары, ернемектік қосылыстары саңылаусыз, тағандар нөмірленген болады.

503. Құю шлангілері цистернаның мойнына соғылуы кезінде ұшқын шығармайтын материалдардан жасалатын ұштықтармен жабдықталады.

504. Цистерналардағы люктердің қақпақтарын ашу және жабу кезінде олардың соғылуына жол берілмейді. Мұнай өнімдері және жанғыш сұйықтықтар төгілген цистерналармен төгу-құю операцияларын жүргізуге жол берілмейді.

505. Төгу-құю операциялары мен вагон-цистернадағы мұнай өнімінің деңгейін өлшеу орындалғаннан кейін люктердің қақпақтары саңылаусыз етіп жабылады.

506. Эстакада жұмыс жүргізу барысында ұшқын шығармайтын құрал-саймандар қолданылады.

507. Құю операциялары кезінде цистерналарды асыра толтыруға жол берілмейді.

508. Цистерналарға тез тұтанатын сұйықтықтарды құю жұмысы сұйықтық деңгейіне сай бірқалыпты ағыспен жүргізіледі.

509. Эстакаданың аумағында мұнай өнімдерінің төгілуіне жол берілмейді.

510. Мұнай өнімі бар цистерна люгінің қақпағын ашу кезінде қызметкер люкке қатысты жел жағында тұрады.

511. Электрлендірілген теміржол тұйықтарында түйіспе желіні ажыратпайынша теміржол цистерналарында төгу мен құю жұмыстарын, олардағы мұнай өнімдерінің деңгейін өлшеуге жол берілмейді. Түйіспе желіні ажырату мен қосуды ұйымның өтінімі бойынша теміржолдың тиісті қызметі жүргізеді.

512. Төгу-құю эстакадаларының аумағында цистерналарды жөндеуге жол берілмейді.

513. Эстакада және оның аумағы тазалықта ұсталады. Эстакадаларды бөгде заттармен бөгеуге жол берілмейді.

514. Құбырларды, ысырмаларды және түсіру құрылғыларын ашық от көзімен жылытуға жол берілмейді; ол үшін бу немесе ыстық су қолданылады.

515. Өнім құю кезінде эстакаданың айналасында 100 метр радиуста жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барлығы тоқтатылады.

516. Эстакада аумағында:

вагон-цистерналарды профилактикалық жөндеу және тазалау жұмыстарын жүргізуге;

жалпы өнеркәсіптік мақсатта жасалған шамдарды, тасымалданатын шамдарды қолдануға;

найзағай кезінде тез тұтанатын мұнай өнімдерін төгу-құю жұмыстарын жүргізуге;

мұнай өнімдерін ақаулы цистерналарға құюға;

эстакадалар мен цистерналардан құрал-саймандарды, бөлшектерді және басқа да нәрселерді лақтыруға жол берілмейді.

517. Эстакадаларда теміржол цистерналарын кез келген түрде жылжыту мұнай өнімдерін төгу-құю операторымен келісіледі.

518. Көктайғақ кезінде алаңдар мен басқыштар қар мен мұздан тазартылады.

519. Этилдендірілген бензин құюға жеке коллекторлар мен тағандар бөлінеді; этилдендірілген бензин құю құрылғылары (жеке тағандар, эстакадалар) орналасқан алаңдар және теміржол жолдары бетондалған, цементпен тегістелген және кәрізге құятын ағындысы жалпы ағындылардан оқшау болады.

520. Теміржол цистернасынан сынама алуға оны толтырудан кейін кемінде 10 минут өткен соң рұқсат етіледі.

Сынама алушы этилдендірілген бензиннің сынамаларын алуды нормативтік құжаттарға сәйкес май мен бензинге төзімді материалдан жасалған қолғаптармен және қорғаныш киім киіп орындайды.

Сынама алушы мұнай өнімінің сынамасын қадағалаушының қатысуымен алады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет