Аудиториядан тыс өзіндік жұмыс оқытушының тапсырмасы бойынша, бірақ оның тікелей қатысуынсыз орындалады. Оның негізгі түрлеріне мыналар жатады:
- дәріскер ұсынған оқу әдебиеті негізінде, ақпараттық білім беру ресурстарын (электрондық оқулықтар, электрондық кітапханалар және т. б.) қоса алғанда, дәрістер конспектісінің мазмұнын түсіну және өз бетінше қосымша іздену;
- реферат эссе жазу;
- практикалық сабақтарға дайындық (хабарламалар, баяндамалар);
- ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді тереңдетіп талдау (рецензиялар, мақалаға аннотациялар дайындау, оқу құралы және т.б.);
- рефераттар, курстық және біліктілік жұмыстарын жазу үшін қолданылатын материалдарды таңдау;
- презентацияларды дайындау;
- нақты тақырып бойынша глоссарий, кроссворд құрастыру;
- сабақты оқытудың белсенді түрлерін (дөңгелек үстелдер, диспуттар, іскерлік ойындар) пайдалана отырып өткізу;
- іскерлік жағдайларды талдау (мини-кейстер).
Студенттердің өзіндік жұмысының әдіс-тәсілдері
Ғылыми әдебиеттермен жұмыс
Кітаппен жұмыс істеу кезінде әдебиетті таңдап, оны дұрыс оқып, жазба жүргізуді үйрену қажет. Кітапханада әдебиеттерді таңдау үшін алфавиттік және жүйелі каталогтар қолданылады. Кітаппен жұмыс істеудің тиімді дағдылары уақытты үнемдеуге және өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін есте сақтау керек.
Қандай оқулықтарды таңдау керектігін дәріскер ұсынады. Қажетті әдебиеттер осы курс бойынша әдістемелік нұсқауларда да көрсетілуі мүмкін.
Оқулықтармен және кітаптармен өз бетінше жұмыс істеу (сонымен қатар дәрістерде көтерілген мәселелерді өз бетінше теориялық зерттеу) – танымның ғылыми тәсілін қалыптастырудың маңызды шарты.
Әдебиеттермен жұмыс істеу тәсілдері:
-танысу керек әдебиеттердің тізімін құру және ол туралы оқытушымен ақылдасу;
-тізім жүйеленген болуы қажет (қайсысы семинарға, қайсысы емтиханға, қайсысы курстық, дипломдық жұмыстарға т.б. қажет екендігін анықтап алу);
-қандай кітаптарды мұқият оқып, ал қандай кітаптарды тек қарап шығу керек екенін анықтау керек;
-оқыған кітаптардағы маңызды ақпараттарды конспектілеу т.б.
Реферат жазуБұл студенттің өзіндік жұмысының басқа түрлеріне қарағанда көлемді, аудиториялық сабақтарда оқылатын негізгі тақырыпты толықтыратын және дамытатын ақпаратты қамтитын жұмыс болып табылады.
"Реферат "сөзі (латын тілінен – referre – баяндау, хабарлау) ақпаратты сыни шолу негізінде қандай да бір мәселенің немесе тақырыптың мазмұнын ауызша немесе жазбаша түрде қысқаша баяндауды білдіреді. Рефератты дайындау барысында мына ережелер басшылыққа алынуы тиіс:
реферат идеясы мен міндетін анықтау;
тақырыпты немесе мәселені анық және нақты тұжырымдау. Ол тым жалпылама болмауы керек;
таңдалған тақырып бойынша қажетті әдебиеттерді табу. Міндетті түрде оқылуы тиіс әдебиеттер тізімін құру;
рефератты кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланған әдебиеттер тізімі деп бөлімдерге бөлу қажет.
Рефераттарды жазудың мақсаты: студенттердің әдебиетпен өз бетінше жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру, оларды талдау және сараптай алуы.
Конспект жазу
Конспектілеу ақпараттарға қысқаша шолу жасау бойынша студенттің аудиториядан тыс орындайтын өзіндік жұмысының түрі болып табылады. Конспект дереккөздің деректемелерін (автордың аты-жөні, жұмыстың толық атауы, шығарылған орны мен жылы) көрсетумен басталуы тиіс. Жұмыс жазбаша түрде орындалады. Студенттің міндеттері:
-конспект жазатын материалды оқып шығу;
-негізгі керекті жерлерін жазып алу;
-кілттік сөздер мен ұғымдарды түртіп алу;
-мәтіннің қысқаша мазмұнын дұрыс жаза білу және т.б.
Эссе жазу
Эссенің тақырыбы пәнді оқыту саласының заманауи мәселелерін қозғаушы, өзекті тақырып болуы тиіс. Студент мәселенің мәнін ашып, өзге көзқарастарды көрсетіп қана қоймай, оған өз көзқарасын да білдіруі керек. Жұмыстың бұл түрі студенттен өз ойын жазбаша түрде, сондай-ақ логикалық пайымдаулар арқылы анық білдіруді, өз көзқарасын анық білдіруді талап етеді. Студенттің міндеттері:
-тапсырманы мұқият оқып, тақырыптың өзектілігін ғана емес, мазмұны бойынша ерекше және қызықты жақтарын көрсету;
-тақырып бойынша ақпарат көздерін таңдау және зерттеу;
-негізгі және қосымша әдебиеттерді бөлу;
-эссенің жоспарын құру;
-мәселенің мазмұнын және оны шешу жолдарын қысқа, бірақ толық ашу;
-эссені белгіленген уақытта тапсыру.
Достарыңызбен бөлісу: |