194
қорғау, адамдық, адамгершілік қасиет, байлық, ырысты мекен ұғымдары мен хан,
батыр образын сомдау аясында туындайды. Мұның өзі «мөлшер» ұғымы
(категориясы) жыраулар поэзиясының тарихи миссиясын орындауға айрықша
қызмет еткен логикалық категориялардың бірі екендігін түсіндіреді.
«Жаңа идея
әдетте жаңа тілді талап етіп отырады», – дейді В.Г.Белинский. Жыраулар
поэзиясының идеялық мазмұны да көркем тіл майданында мейлінше шыңдалған,
өрісі кең мөлшер категориясын қажет етті. Осылайша мөлшер категориясы
жыраулар поэзиясы тілінің меншікті категориясына айналды. «Мөлшер»
ұғымының поэтикалық тілде мұнша жоғары
сапада көрінуіне Шалкиіз, Бұқар
сынды тіл жауынгерлерінің үлесі ұшан-теңіз.
XIX–XX ғасырларда да мөлшер категориясы одан бұрынғы тарихи
кезеңдердің заңды жалғасы болды. Өзінен бұрынғы барлық тарихи кезеңдердің
ерекшеліктерін сақтай отырып, мазмұн жағынан одан сайын толығып, стильдік
тармақтарға бөліне бастады. Қазіргі кезеңде қазақ тіліндегі мөлшер категориясы
тілдің үш деңгейінде және бес түрлі функционалды стиль түрлерінде кеңінен
көрініс табады. Бұл стиль түрлері бойынша да өзіндік ерекшеліктері бар. Яғни
ғылыми, публицистикалық, ресми іс-қағаздар стиліндегі мәтіндерде кездесетін
мөлшер мәнді тілдік бірліктер негізінен тура мағыналы болып келеді де,
мөлшерлік шамалардың мәнінде нақтылық басым болады. Ал ауызекі сөйлеу
стилінде мөлшерліктер қысқа құрылымда, ықшамдалған формада беріледі және
тура, ауыспалы мағыналы мөлшерліктер аралас қолданылады. Көркем әдеби
стильде көбіне ауыспалы, бейнелі, образды ұғымдар болып келеді.
Бұл стиль түрлері бойынша берілген мөлшерліктерді
семантикалық және
жасалу тәсілдеріне қарай
поэтикалық тілдегі мөлшерліктер және
қарапайым
сөйлеу тіліндегі мөлшерліктер деп екі үлкен салаға бөлуге болады. Осы екі сала
бойынша мөлшер семантикасы ұғымдар аясында да, сөз таптары негізінде де
көрініс табады. Ұғымдар бойынша «уақыт», «қашықтық», «көлем», «аудан»,
«салмақ», «сыйымдылық», «құн», «сан», «сапа», «қимыл-әрекет» сияқты он
түрлі микроұғымдар аясында көрініс табады. Ал сөз таптары бойынша зат есім,
сан есім, сын есім, есімдік, етістік, үстеу, шылау, еліктеу сөздерінің мағыналық
топтары арқылы және көмекші сөздер мен аналитикалық,
синтетикалық
формалар арқылы беріледі.
Бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі ретінде «мөлшер» ұғымының өзге
тілдермен ықпалдасуын және адамзат қоғамының даму ерекшеліктерін артықша
сезінуін айтуға болады. Яғни мөлшер мәнді тілдік бірліктердің ішінде
маңыздылығы жағынан басымдыққа ие өлшем бірліктер бұрынғы дәстүрлі
өлшемдер жүйесінен ауытқып, халықаралық өлшем бірліктер жүйесіне ауысты.
Соған орай халықаралық өлшем бірліктердің танымдық мәні болмайтындықтан,
тек ақпараттық қызмет басымдық алды.
Сондай-ақ адамзаттың тұрмыс-
тіршілігінің барлық саласы стандартқа айналып бара жатқандықтан, мөлшер
семантикасының мәні барынша нақтылық алып, сандық семантикаға ауысуда.
Соның нәтижесінде «мөлшер» ұғымының логикалық құрылымы дәреже, деңгей,
параметр, өлшем (стандарт), тепе-теңдік, симметрия, т.б. ұғымдармен кеңеюде.
Достарыңызбен бөлісу: