Шекілдеуіктілерде мынадай жемістік құрылымдар басым келеді: жемісті бұтақшалар, жемісті шыбықшалар, жемісті бұтақшалар (найзашалар), жемістенген бұтақшалар; сүйектілерде-жемісті бұтақшалар (тепкілер), аралас және шоқ бұтақшалар; жидектілерде-жемісті бұтақтар мен жемісті бұтақшалар (қара қарақат, қарлыға), шоқ бұтақшалар (қызыл қарақат), жапырақ басқан жемісті өркендер (таңқурай, сиырбүлдірген), мұртшалар (бүлдірген); жаңғақтыларда (грек жаңғағы, фундук және т.т) – жеміс салатын бұтақшалар немесе шыбықшалар.
Найзашалар (жемісті бұтақ) – тік, ұзындығы 5-15 см, бір жылдық ұшына қарағанда негізінде (түбінде) жуандау, бүйірлік өсімдер, бұтаққа тік бұрышпен орналасқан найза пішіндес, буынаралықтары қысқа және өте жиі орналасқан бүйірлік бүршіктері бар, жиі ұштық гүл бүршікті.
3-сурет. Шекілдеуіктілердің және сүйектілердің жемістік құрылымдарының түртектері: 1-жемісті бұтақ; 2-найзаша (жемісті бұтақ); 3-жемісті шыбықша; 4 - жемістік бұтақшалар: а) жапырақтық бүршік, б) жемістің жеміс қалтасына бекіген орны; в) жемістік бүршік; 5-шиенің жемістенуі: а) аралас жеміс бұтақша; б) жеміс бұтақша; в) шоқ бұтақша; г) жеміс сағағы бекіген «тыртық»; 6) қара өріктің жемісті бұтақшасы.
Жемісті шыбықшалар – өсімді түртекті өркендерге қарағанда әдетте, жіңішке және солқылдақ, 15 см-н ұзынырақ, бір жылдық өсінділер, сәл иіңкі және гүлді бүршікпен аяқталады. Бөрікбаста көлбей немесе салбырап орналасады.
Жемісті бұтақтар – ұзындығы 2-3 мм-ден 2-3 см-ге дейінгі, жақсы қалыптасқан ұштық өсінді немесе гүлді бүршігі бар, жылдық ең осал өсімдері.
Жемістенген бұтақшалар – бір рет жеміс берген, жемісті бұтақтардың тарамдарынан тұратын жемістік құрылымдар. Жемісті бұтақшалар өзара тарамдарымен (қарапайым, күрделі) және ұзақ өміршеңдігімен (2-3 жылдан 10-12 жылға дейін) ажыратылады.
Жемісті бұтақшалардың ерекшеліктерінің бірі – жеміс қалталарының болуы. Жеміс қалталары - алдында (бұрын) жеміс байланған орынның (ұшының) немесе жемісті бұтақшалардың бір бөлігінің қампаюынан пайда болады. Олар, пластикалық заттар қоры сақталатын қабық ұлпаларының жуандауының нәтижесінде пайда болатын алмұртта және алманың кейбір сұрыптарында әсіресе ірі болады (4-сурет).
Ж емісті бұтақшалар (плодухи) – 6 жастан асқан жемісті бұтақшалардың тарамдарынан, молырақ тарамдалған көп жылдық құрылғылар. Жемісті бұтақшалардың кейбіреуі 20 жылға дейін өміршең келеді.
Тепкілер немесе жемісті бұтақтар (0,5-10 см дейін) және қаптап өсетін бұтақшалардың буынаралықтары қысқа және бүйір бүршіктері жақын орналасқан. Бүйірлік бүршіктері көбінесе гүлді, ал жоғарғылары – өсімді. Тепкілік қара өрік пен өріктің кейбір сұрыптарына тән. Өміршеңдігі 2-5 жылдай, кейбір сұрыптардікі жасы келе бұтақтанады.
4-сурет. Алманың жеміс қалтасы өсімімен.
1-сыртқы сақинасы; 2-өткен жылғы өсімі; 3-жеміс қалтасы; 4-жеміс сағағының бекіген орнының ізі (ірі тыртықтар); 5-гүлдің немесе түсіп қалған жатынның бекіген ізі.
Шоқ бұтақшалар – ұзындығы 0,5-3 см-дей болатын, қаптай өсетін жемістік қысқа бұтақшалар. Жоғарырақ топтаса орналасқан бүршіктерінің 1-і немесе 2-і өсімді және 4-10 гүлді. Шиеде, тәттішиеде, алшада және уссурий қара өрігінде болады.
Аралас бұтақшалар – бір жылдық жемістік бұтақшалар, шоқты бұтақшаларға қарағанда ұзынырақ келеді. Оларда бүйірлік бүршіктерінің біреуі гүлді, екіншілері өсімді болады.
Қаптай өсетін бұтақтарға, сондай-ақ тікенектерді – өркендердің ұшында жабайы алмада, алмұртта, өрікте, қара өрікте немесе жапырақ қолтығында орналасқан, түрі өзгерген өркендер және бездері (тікендері) – ағаштанған жасушалардан (қарлығада) немесе эпидермис жасушаларынан (таңқурайда) пайда болған көп жасушалы бездер.
Жапырақтар – топырақ үстілік жүйенің белсенді мүшесі. Олардың негізгі қызметі – фотосинтез немесе көмір қышқыл газ бен судан органикалық заттар құрастыру. Жеміс өсімдіктерінде жапырақтар өркеннің бүйір жағында дамиды. Ол сағақтан және тақташадан (алақаннан) тұрады. Көптеген өсімдіктердің жапырағының негізінде бөбешік жапырақшалар болады. Морфологиялық құрылысы бойынша жапырақтар әр алуан болады. Жапырақ ұшы (қылтықты; үшкір ұшты; ұшталған немесе үшкір; мұқалған; дөңгелектеу; қиықты); жапырақ негізі (жүрек пішіндес; бүйрек пішіндес; дөңгелектеу; дөңгелекті-сыналы; сына тәрізді; созылыңқы; қиықты; қырлары біркелкі емес); жапырақ шеттері (бүтін; толқынды; тісті; қос тісті; ара тісті; қос ара тісті; қашалы; қос қашалы), жапырақ пішіні (дөңгелектеу; сопақ; қандауырлы), жапырақ беті (жылтыр; күңгірттеу; тегіс; әжімді; жалаңаш немесе түкті).
Жапырақтар қарапайым және күрделі болады. Қарапайым жапырақта (алма, алмұрт, қара өрік, шие, тәттішие, қарақат) бір тақташық болады, күрделіде – бірнешеу (грек жаңғағы, таңқурай, бүлдірген). Күрделі жапырақтар болады: сағақтың бір нүктесіне бірнеше тақташалар бекісе үштік – бірнеше жапырақ тақтасынан тұрады (бүлдірген мен құлпынай); күрделі саусақты – бірнеше жапырақ тақтасы негізгі сағаққа бір нүктеде бекиді (талшын); күрделі қауырсынды – жапырақтар сағақтың өн бойында орналасады. Егер күрделі қауырсынды жапырақ дара жапырақпен аяқталса, оны таққауырсынды жапырақ деп атайды (таңқурай, грек жаңғағы).
Жапырақтардың өркендерінде белгілі бір жүйелілікпен орналасуын жапырақ орналасуы деп атайды. Жапырақ орналасуы шиыршықтанып және күлтеленіп жүруі мүмкін. Жапырақ ширатылып орналасса, онда жапырақтар тобы бірінің үстінде бірі бір қатар бойында болады. Жапырақтардың осы қатарларын қосатын сызықты ортостихтар деп атайды. Өркендегі барлық ортостихтардың саны жапырақ айналымындағы жапырақтардың санына тең болады.
Жапырақ айналымы (циклы) деп, келесі жапырақ айналымында бірінші болатын, бір ортостихтың бұтақ шиыршығындағы төменгі жапырақтан жоғарғы көршілес жапыраққа дейінгілерінің жиынтығын айтады.
Жапырақтың айналымды орналасуының әртүрлі нұсқаларын бөлшекпен белгілейді: алымы – бір жапырақ айналымындағы шиыршықтардың санын, бөлімі – жапырақ айналымындағы жапырақтар санын көрсетеді. Көптеген жеміс ағаштарында шиыршықтың екі айналымында бес бүршік (және жапырақ) орналасса, ал алтыншысы біріншісінің, жетіншісі екіншісінің және т.т. үстінде орналасады. Мұндайда жапырақ орналасу айналымы 2/5-ке тең дейді. Бұдан басқа да жапырақ орналасу айналымы болады (3/8, 4/11, 5/13, 1/2 және 1/3). Сонымен бірге, бір өркеннің төменгі бөлігінде бір айналым, жоғарғы бөлігінде екінші (басқа) айналымы болатыны да белгілі. Өркенде бүршіктер жапыраққа ұқсас орналасады. Жапырақ орналасу айналамына байланысты ағаштың көршілес бұтақ-бұтақшаларының тарамдалу бұрышы бірдей болмайды, сондықтан бөрікбасты қалыптастыру кезінде оны ескерген жөн.
Бүршіктер. Сүңгек, бұтақ-бұтақшалар, бұтақтар, жеміс құрылымдары, гүлдер, жемістер және топырақ үстілік жүйенің басқа да бөліктері бүршіктен дамиды. Бүршік деп, салыстырмалы түрде тыныштық (бұйыққан)күйде болатын, ұрықтық өркенді айтады. Ол біліктен, өсу конусынан, жапырақтың (немесе екеуінің де) ұрық жұрнағынан, жапырақ немесе оның жекелеген бөлігінің өзгерген түрі ретінде болатын, қолтықтық бүршіктің және жамылғы бүршік қабықшасының ұрық жұнағынан тұрады. Ағаштың негізін (қаңқасын) дұрыс құру, қаптай өсетін бөліктерін қалыптастыру, жапырақтардың, гүлдердің және жемістердің дамуын дұрыс басқару үшін әр жеміс маманы бүршіктердің түртегін, олардың құрылысын және биологиялық ерекшеліктерін білуі керек. Өсімдік шаруашылығы іссанасында бүршіктерді өсімдіктерді телімдеуде (ұластыруда, көзсабақтауда) пайдаланады.
Жеміс өсімдіктерінің бүршіктері өзара құрылысы және қызметі (функциясы), сабақта орналасу орны, жандану (көктеу) мерзімі бойынша ажыратылады.
Жеміс өсімдіктерінің бүршіктері құрылысы және қызметі бойынша өсінді (вегетативті) және жемісті (генеративті) болады.
Өсінді бүршік – бұл жоғарғы меристеманы – өсу конусын жауып тұратын, ұрықтық жапырағы бар қысқа өркен. Бүршік қалыптаса бастаған кезде өсу конусын бойлап тілгенде, бірі ірі екіншісі кішірек, біріне-бірі қарама-қарсы орналасқан ұрықтық екі төмпешікті көруге болады. Олардан кейін конустың бүйірінен жапырақтың жақсы дамыған ұрығы орналасады.
Жапырақ жатындары бүршікте өздерінің ұштарымен, білікке қарай иіңкіленіп өседі де, кейін бірін-бірі баса, қарама-қарсы жақтағы екі жапырақтың арасына енеді. Білікте төмен орналасқан ұрықтық жапырақтар ересектеу болғандықтан, ірілеу келеді де бүршікті толығымен жауып тұрады. Сыртқы жамылғы жапырақтар жақсы дамыған, су өткізбейтін болады және бүршікті айналаның қолайсыз жағдайынан қорғап тұрады.
Өсу конусының ұшы ұрықтық жапырақтарының белгілі бір саны пайда болғаннан кейін өзінің дамуын тоқтатады да, ішкі және қоршаған орта факторлардың белгілі бір кешеніне байланысты, бүршіктері өсе бастағанша салыстырмалы түрде тыныштық күйге өтеді.
Өсінді бүршіктер өну мерзімі (уақыты) бойынша қалыпты, тез жетілетін, бұйыққан болады.
Қалыпты бүршіктер қалыптасқаннан кейін келесі жылы жаңа жарандыларды береді.
Тез жетілетін бүршіктер қалыптасқан жылы өсе бастайды және жазғы өркендерді (мерзімсіз) береді.
Бұйыққан бүршіктер жапырақ қолтығында және өркендердің негізінде салынады (пайда болады). Олар әлсіз дамиды, білінер-білінбес (елеусіз) көрінеді немесе көрінбеуі де мүмкін. Ұзақ уақыт бұйыққан күйде болады және бұтақ жуандаған сайын шамалы өсе береді. Шекілдеуіктілерде ол ондаған жыл өмір сүрсе, сүйектілерде – қысқарақ, әсіресе шиеде. Олар бүршіктердің немесе өркендердің үлкен бөлігін аластаған жағдайда және бұтақтарды кескенде, әртүрлі зақымдарда (механикалық, термиялық (жылу-суық) немесе бұтақтардың құрғағанында және ағаштың табиғи қартаюының нәтижесінде жанданады.
Пайда болған өркендерінің күші бойынша өсінді өркендер жапырақты және өсуші болып бөлінеді. Өсуші бүршіктерден жақсы дамыған өркендер, ал жапырақтылардан – жапырақ дегелегі бар қысқа өркендер дамиды. Мұндай бөлу шартты, себебі бүршік қысқа бір өркен береді де, одан әрісі тіршілік әрекетінің жағдайымен анықталады.
Жемісті (генеративті) бүршіктерде жемістенгіш (репродуктивті) мүшелердің жұрнағы – ішкі және сыртқы бөліктерімен гүлдер, ал кейбір тұқымдықтарда (тектерде) және өсінді өркендерде жапырақтар, өсуші бүршіктер болады.
Жемісті бүршіктер құрылысы бойынша қарапайым және аралас болады.
Қарапайым жемісті бүршіктерде жақсы дамыған гүл жұрнақтары болады. Өсінді бөлігі жетілмеген және нағыз жапырақтар дамыта алмайды. Бұлар сүйектілерге (шие, тәттішие, алхоры, өрік, шабдалы), жаңғақтыларға (грек жаңғағының аталық гүліне, пекан, фундук), жидектілерге (қызыл қарақатқа), цитрустыларға (лимон) тән. Өсінді жұрнақтардың болмауынан гүлдегеннен және жеміс байлағаннан кейін жемісті өркенінің орнында тек жеміс тыртықтары қалады, яғни бұтақ жалаңаштанады.
Аралас жемісті бүршіктерде гүлдердің, гүл шоғырларының, жапырақтарының және қолтықтық өсінді бүршіктерінің толыққанды жұрнақтары болады. Осындай бүршіктердің біреуінен жемісті өркендер, жапырақтар, өркендер пайда болады. Бұл шекілдеуіктілерге (алма, алмұрт, беке, долана, ырғай), жаңғақтыларға (талшын, пісте), жидектілерге (қара қарақат, қарлыға, мүкжидек, қожақат) тән.
Кейбір жылдары жемісті бүршіктер сүйектілерде, ал қарапайымдар – шекілдеуіктілерде, бірақ бұл өте сирек, байқалады.
Өсінді және жемісті бүршіктер өзара көлемі және пішіні бойынша ажыратылады. Әдетте жемісті бүршіктер ірі, жалпақ жұмыртқа, жалпақ шошақ тәрізді немесе шар пішіндес, доғаланған ұшты болады. Бұл айырмашылықтар күзге қарай айқындала түседі, сондықтан келесі жылдың өнімін болжауда іссаналық мәні зор.
Жеміс өсімдіктерінің өркендерінде бүршіктер әдетте, жапырақ қолтығында орналасады, сондықтан оларды қолтықтық деп атайды. Өркендер өскен жылы пайда болған бүршіктерді көзшелер деп те атайды.
Өркендегі орнына байланысты бүршіктер ұштық (жоғарғы) және бүйірлік болады. Жапырақ қолтығында көбінесе біреуін емес екі-үш бүршік пайда болады да, оның біреуі – ортасындағысы – жақсы дамиды, ал екеуі әлсіз – орынбасарлар – негізгісі қурағаннан кейін өсе бастайды.
Бір буындағы санына қарай бүршіктер дара және топтасып орналасады. Топтасып орналасу сүйектілерге – шиеге, тәттішиеге, өрікке, шабдалыға және қара өріктің кейбір сұрыптарына тән.
Ұзындығы бойынша, шекілдеуіктілер мен сүйектілердің өркендерінің ортасында, қарақат пен қарлығада – төменгі жағында, таңқурайда - өркеннің ұшында орналасқан қолтықтық бүршіктер ең жақсы дамығандар болады. Бұл ерекшелік бүршіктің аласапалылығы деген атау алды.
Жапырақ қолтығынан тыс қалыптасқан бүршікті қосалқы немесе келімсек немесе сыртқы (адвентивті) деп атайды. Олар аз немесе тіпті де мүшеленбеген (дифференцацияланбаған), жапырақ қолтығынан тыс, кез келген мүшеде – өркендерде, тамырларда пайда болатын бүршік жұрнақтары. Қосалқы бүршіктер жиірек өркеннің негізінде, яғни сақина маңайында пайда болады. Бұл бүршіктер, әдетте, бұйыққан бүршіктерге әсер ететін факторлар әсерінен өсе бастайды да, олардан қалемшеден өсінді жолмен (қарақат, қарлыға), көгенсабақтармен (аса бойшаң емес телітушілер) көбейткенде жаңа мүшелер пайда болады. Өсімдікті тамыр қалемшелерімен (аса бойшаң емес телітушілер) және тамыратпаларымен (алхоры, шие, тәттішие) тамырдың балапан бұтақшаларымен көбейткенде тамырдың қосалқы бүршіктерінен өркендер пайда болады.
П.Г.Шитт жеміс ағаштарының бүршіктеріне тән кейбір қасиеттерді анықтады: жанданғыштықты, өркен жайғыштықты, өркеннің орнын толтырғыштықты.
Бүршіктердің жанданғыштық қабілеті – бұл олардың пайда болған жылы немесе келесі жылы өсе бастау қасиеттері. Ол бір бұтақтағы бүршіктердің өсе бастағандарының жалпы санына қатынасы бойынша анықталады (%): 20-ға дейін өте төмен, төмен – 21-30, орташа – 31-50, жоғары – 51-70 және өте жоғары – 70-тен артық. Тез жетілгіш бүршіктер қалыптасып қана қоймайды, өркенге айналып (шиенің, шабдалының, қара өріктің және т.б. бүршіктері) үлгереді. Бүршіктердің тез жетілгіштігінің көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, соғұрлым онтогенез этаптары пәрменді өтеді, жемістенуі ертерек басталады.
Өркен жайғыштық қабілеті – жанданған бүршіктердің қуатты өркенге дамуы. Ол жанданған бүршіктердің, ұзындығы 10 см артық, ұзын өсінділер қалыптастыра алатындығымен анықталады (%): өте төмен 5-ке дейін, төмен – 10-ға, орташа – 15-ке, жоғары – 25-ке және өте жоғары – 25-тен артық.
Өркеннің орнын толықтырғыш қабілеті – өсімдіктердің, бұйыққан бүршіктері мен қосалқы бүршіктері жанданғанда, негізгі бұтақтарда өркен қалыптастыру қасиеті. Орын толықтырғыш өркендер аязбен зақымданған бөрікбасты қайтадан жандандыруға және жеміс өсімдіктерін жасартуға мүмкіндік береді. Бұйыққан бүршіктердің орнын толықтырғыш өркендердің өсіп шығуына көп жылдық сүрекке кесу немесе бұтақтарды көлбеулеуге (көкжиектетуге) мүмкіндік береді.
Бүршіктердің жанданғыштық және өркен жайғыштық қабілеті сабақтың пәрменділігін және бұтақтану ерекшеліктерін, сондай-ақ едәуір деңгейде сыртқы түрін (пішінін) және өсімдіктің бүкіл құрылысын анықтайды. Бұтақтану ерекшелігі айтарлықтай деңгейде жекелеген тұқымдықтардың және жеміс өсімдіктерінің сұрыптарының кесу сипатын анықтайды.
Жандануы жақсы және өркен жайғыштық қабілеті жоғары болғанда өсімді түртекті бұтақтар көп болады да, бөрікбастың қоюлануына әкеледі. Бүршіктердің жанданғыштығы жоғары, ал өркен жайғыштық қабілеті төмен болғанда күшті сабақтары аз, бірақ жеміс бүршіктерін мол салатын, қысқа бұтақтары көп сирек бөрікбастар қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |