Тамыр жүйесі
Тамыр жүйесі өсімдіктің топыраққа бекуі, топырақтан өсуіне және дамуына қажетті су және еріген минералды заттарды сіңіруі үшін керек. Сондай-ақ күрделі органикалық заттарды түзеді, топырақ үстілік мүшелеріне сіңірілген және түзілген заттарды тасымалдайды, шығарушылық қызмет атқарады.
Тамыр жүйесінің қуаттылығына жеміс өсімдігінің өсу күші, ұзақ өміршеңдігі және өнімділігі тәуелді. Тамыр жүйесінің қалыптасуы және топырақ астылық қабатының топырақтың физикалық-химиялық қасиеттерімен, телітуші мен телінушінің биологиялық ерекшеліктерімен, бақтағы агротехниканың ерекшеліктерімен анықталады.
Жеміс ағаштарының тамыр жүйелері мен жекелеген тамырларын шығу тегі, бұтақтану реті, шамасы (көлемі), кеңістіктегі орны, морфологиялық-анатомиялық құрылысы және атқарған қызметі бойынша ажыратады.
Жеміс ағаштарында шығу тегі бойынша мынадай тамыр жүйелерін ажыратады:
Жемістілер (генеративтілер) – тұқымнан немесе тұқымнан тараған телітушілерге телінген өсімдіктердің тұқым ұрығының ұрықтық тамыршасынан пайда болғандар.
Өсінділер – бүлдіргеннің мұртшасының қосалқы (адвентивті) тамыршасынан, өсінді жолымен көбейтілген телітушінің сабақтамасынан (беже, дусен, парадизка), сабақ қалемшелерінен (қарақат, қарлыға, шие, шабдалы және жасыл қалемшелермен көбейтілетіндер); тамыр атпаларынан (шие, алхоры, таңқурай) пайда болғандар.
Көлемі және атқаратын қызметі бойынша жеміс өсімдіктерінде тамырдың үш тобын ажыратады:
Қаңқалылар – бұтақтанудың нөлдік және бірінші реттегі тамырлары (басты, негізгі); жартылай қаңқалылар – бұтақтанудың екінші, үшінші кейде төртінші реттегі тамырлары; жаппай өсетін тамырлар немесе тамыр ұштары – бұтақтанудың үшінші, төртінші және кейінгі реттегілерінің ұсақ (3 мм дейін) және қысқа (бірнеше см) тамырлары.
Топырақта орналасу сипатына байланысты тамырларды былай бөледі: горизонталды (көкжиекті), азды-көпті топырақ бетіне параллелді; тік, топыраққа тіктеп бойлайды, жиі құрттардың ізімен; жарықтармен.
Тамырдың бұл екі тобы барлық жеміс және жидек өсімдіктеріне тән. Жиекті тамырлар тамыр жүйесінің негізгі бөлігін қамтиды және микробиологиялық үдерістер пәрменді жүретін және ағашқа қажет қоректік заттар көбірек жиналатын топырақтың беткі қабатына жақын орналасады. Топырақ түртегіне, ағаш тегіне, телітушіге және сұрыпқа байланысты жиекті (горизонталды) тамырлар 100-120 см бойлайды. Көкжиекті бағытта бұл тамырлар бөрікбас диаметрінен 1,5-2 есе және одан да алшақ қашықтықта орналасады. Тік тамырлар тереңірек бойлайды (м): шие, алхоры – 6-8 м; жидектерде – 1-2 м дейін.
Жаппай өсетін тамырлар жеміс ағаштарының негізгі тамыр жүйесінің ең пәрменді бөлігін құрастырады. Морфологиялық-анатомиялық құрылысы және атқаратын қызметі бойынша өсінді (біліктік), сорушы (пәрменді), өтпелі және өткізгіш тамырларды ажыратады (6-сурет).
6-сурет. Тамырлардың түртектері және тамырдың өсу аймағы.
А – алма тамырының ұшы: 1-өсінді немесе білік тамыр; 2-сорушы немесе белсенді тамырлар; 3-өткіншіі тамырлар; 4-өткізгіш тамырлар; Б – өсінді тамырдың өсу аймағы: 1-тамыр қапшығы; 2-өсу және созылу аймағы; 3-сорушы аймақ немесе тамыр қылшықтары.
Өсінді тамырлар – біріншілік құрылысты, ақ түсті, суды және қоректік заттарды сіңіруге қабілетті. Олардың негізгі қызметі – топырақтың жаңа көлеміне өту (өсу) және сіңіретін тамырдың бүйірлік бұтақтарын қалыптастыру. Өсінді тамырлар, сіңірушіге қарағанда, аз, жуан (2-3 есе) және ұзынырақ, жедел өседі, микоризасы болмайды және екіншілік құрылысқа өтеді.
Сорушы тамырлар – бұлар да біріншілік құрылысты, ақ түсті. Негізгі қызметі – айналасынан суды және қоректік заттарды сіңіру және соңғыларын органикалық түрге аудару. Тамырдың бұл түртегі жеміс өсімдіктерінде барлық тамырдың 90 % құрайды. Сорушы тамырлар, әдетте, екіншілік құрылысқа өтпейді және ұзақ өміршең емес – 15-20 күндей қызмет атқарады да, солып, жаңасымен алмастырылады. Сорушы тамырларда микориза болуы мүмкін.
Өсінді және сорушы тамырларда үш аймақты ажыратады: өсу және созылу аймағын, тамыр қылшықтарының аймағын немесе сорушы және тамыр қапшығын. Тамыр қылшықтары – тамырдың сору аймағының эпидермисінің кейбір жасушаларының қабырға сыртының шығыңқы түтікшелері. Тамырдың сору бөлігінің 1м2 300-ден (алма). 669-ға (қарақат) дейін қылшық саны болуы мүмкін. Алманың бір жылдық сеппесінде күзге қарай жалпы ұзындығы 3 шақырымға дейін жететін 17 млн-дай тамыр қылшықтары болады. Тамыр қылшықтарының өте көп болуының арқасында тамыр жүйесі қуатты сору бетіне ие болады.
Өткінші тамырлар - өсуші және сорушы тамырлар. Бұларда сору қызметі тежеледі де, өткізушіге айнала бастайды. Ол сырттай алғашқы кезеңде қабығының қоңырлануынан және тамырлардың қайта құрылуы кезінде солуынан байқалады.
Қайта құрылыудың өткізгіш тамырлары ашық немесе қоңыр қызғылт түсті, ұзындығы 1-2 мм-ден бірнеше метрге дейін, диаметрі миллиметрдің бөліктерінен бірнеше сантиметрге дейін. Қазған кезде өткізгіш ұсақ тамырлардың негізгі массасы жай көзбен де байқалады. Өткізгіш тамырлардың негізгі міндеті – төменгі және жоғарғы ағынмен суды және қоректік заттарды тасымалдау. Қоректік заттардың жиналу орны болып табылады, өсімдіктердің топырақта берік орналасуына әсер етеді және көптеген қосылыстардың түзілу орны саналады.
Өсінді және сорушы тамырлар сору және аздап өткінші аймақта бастапқы анатомиялық құрылысқа ие. Тамырдың бастапқы құрылысы жоғарғы (ұштық-апикалды) меристеманың негізгі жасушаларының бөлінуі және мүшеленуі (дифференцациялануы) нәтижесінде пайда болады. Тамырдың өткізгіш аймағының да екінші анатомиялық құрылысы болады. Ол екінші меристеманың – камбийдің іс-әрекетінен, тамырдың жуандану үдерісінң нәтижесінде пайда болады. Тамырдың екінші құрылысы ағаштың бүкіл тіршілігі кезінде сақталады. Тамырдың жылдағы жуандануы камбийдің іс-әрекетінің нәтижесінде жүреді. Мұндайда камбиальды жасуша төрт есе және одан артық, флоэма жасушасынан гөрі, жиі ксилема элементіне айналады.
Тамырдың өсуі біркелкі жүрмейді: олардың өсуінің негізгі екі және бірнеше қосымша (өсу жағдайына байланысты) кезеңдері бар екені анықталды. Ең жақсы байқалатыны көктемгі-жазғы (сәуір-маусым) және күзгі (қыркүйек-қараша) өсу кезеңдері. Мұны тыңайтқыш енгізгенде және топырақ өңдегенде ескереді.
Достарыңызбен бөлісу: |