Өсу, даму және жеміс салу заңдылықтары
Өсімдіктің өсуі және дамуы – өсімдік ағзасының қалыптасу негізіндегі маңызды тіршілік үдерістері, оның нақ және өздік дамуы (онтогенезі).
Өсу – ағза құрылымындағы жаңа жарандылармен (жаңадан пайда болған элементтермен) байланысты. Оның көлемі мен салмағының кері қайтпастай артуы. Осы анықтаманың екінші бөлігінің іссанадағы маңызы өте зор, себебі өнім және оның қалыптасу барысы (жолы), ең соңында сызықтық, көлемдік және салмақтық көрсеткішке байланысты болады.
Даму (М.Х.Чайлахян, 1982) – өсімдіктің немесе жекелеген мүшелердің, ұлпалардың және жасушалардың тіршілік әрекетінде, құрылымы мен қызметінде пайда болған сапалы өзгерістер.
Өсімдіктің өсу қарқыны, құрғақ зат жиналуы сияқты, ең әуелі тұрақты түрде, гүлдеудің басталғанынша арта береді де, одан кейін, ағзаның биологиялық қартаюының куәсі ретінде кемуі басталады. Өсуді реттеуде, өсімдіктегі алмасу реакциялары кезінде пайда болатын өсіргіш заттар мен нуклеин қышқылы үлкен рөл атқарады. Соңғы, жасушаның бүкіл тірі құрылымының негізін құрастыратын ақуыздардың түзіліуінде өте маңызды рөл атқарады. Өсімдіктің өсуі мен даму үдерістері морфогенезбен, яғни мүше қалыптастыру үдерістерімен байланысты.
Екпе көшеттер мен клон дараларының өздік дамуы
Барлық ағзаларға, тіршіліктің тоқталмауын және мирасқорлығын қамтамасыздандыратын, өздеріне ұқсастырады туындату қабілеті – көбею тән. Жемісті өсімдіктерде ол жыныстық жолмен, яғни жыныстық жасушалардың ұрықтануының нәтижесінде пайда болған тұқымнан, сеппе көшет деп аталатын, өсімдіктің пайда болуымен және өсінді жолмен, яғни өсімдіктің жекелеген бөліктері (бүршігі, сұлатпалары, қалемшелері) тұтас өсімдіктерге немесе дара клонға дейін қалпына келтіруімен жүзеге асырылады. Бір клонның барлық даралары өздерінің тұқымқуалаушылық ерекшеліктерінің біртектілігімен сипатталынады, яғни клон өзі алынған сұрыптың қасиеттерін сақтайды. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы іссанасында жемісті дақылдардың қасиеттері мен белгілерін сақтау үшін өсінділетіп көбейту кеңінен қолданыс тапқан. Өсінділетіп көбейткенде ғана жеміс өсімдіктерінің ерекшеліктерін, қасиеттері мен белгілерін сақтап қалуға болады. Тұқыммен көбейткенде сұрыптық түртектік, әдетте, сақталмайды.
Әрине, өсінділетіп көбейткенде де өркендердің, гүлдердің және жемістердің сирек болсадағы, өзгеруі байқалады. Олардың өзгеріс сипаты уақытшалық (түрлендіргіштік, модификациялық), яғни телітуші мен телінушінің немесе даралардың басқа климаттық жағдайға ауыстырылуымен байланысты болатын әсерлермен және жаңа клон алудың негізі саналатын – бүршіктік немесе ұлпалық нұсқалармен (вариациялармен) байланысты пайда болатын тұқымқуалаушылық сипатта болуы мүмкін.
Сеппе көшеттердің өзіндік даму барысында, олардың пайда болуынан (аналық жұмыртқаның ұрықтануынан, өсінді көбею мүшелерінің дербес тіршілігінің басталуы немесе аналық дараның бөлінуі) тіршілігінің соңына дейін өзгерістерінің жиынтығы өтетін үдерісті онтогенез дейді. И.В.Мичурин жеміс өсімдіктерінің онтогенезінде, морфологиялық белгілері мен қасиеттері өзгешеленетін 4 этапты (дәуірді) ажыратады.
Эмбриональды дәуірі зиготаның пайда болуынан басталады және тұқым жарнақтары мен алғашқы нағыз жапырақтарының қалыптасуымен аяқталады. Бұл дәуірде ағзаның дамуы бейімделгіштігімен және өзгергіштігімен ерекшеленеді.
Сеппе көшеттің жас дәуірі алғашқы нағыз жапырақшаларының пайда болуынан басталады және жеміс салуының алғашқы 3-5 жылына дейін жалғасады. Дамудың бұл дәуірінде сеппе көшеттер бейімделгіштігінің жоғарылығын сақтайды және қоршаған орта жағдайына айтарлықтай бейімділікке ие болады. Дәуірдің бастапқы кезеңінде екпе көшетте бастапқы ататегіне тән филогенетикалық белгілер байқалады да, даму барысында олар жоғалады және мәдени ататегіне сай қажеттермен алмасады – жапырақтарының көлемі артады және олардың түктілігі қоюланады, тікендері жоғалады және т.т. Жастық дәуірдің ұзақтығы түрлік ерекшеліктерге, табиғи жағдайларға байланысты болады. Мысалы, алмада ол 8-20 жылға бүлдіргенде 1-2 жылға созылады.
Дамудың өнімді (толысу және сақаю күйі) дәуірі сеппе көшеттің бейімделгіштігінің төмендеуімен және оның белгілері мен қасиеттерінің салыстырмалы төзімділігімен сипатталынады. Өсімдік бұл дәуірде ең мүмкін көлеміне, ең жоғары өнімділігіне жетеді, жапырақтар мен жемістердің морфологиялық және биологиялық көрсеткіштері тұрақтанады. Осы этапта өсінді көбейтудің барлық тәсілдерін қолдана отырып, ең құнды сеппелерді таңдап алады және көбейтеді.
Бірақ сеппе көшеттердің негізгі белгілері мен қасиеттерінің тұрақтылығы салыстырмалы түрде болады. Бөрікбаста балақтық өркендер пайда болғанда, өсімдіктің әртүрлі бөлігіндегі ұлпалардың бір текті болмауынан жабайылық (қарапайым, табиғи) белгілер пайда болуы байқалады. Бөрікбастың қат-қабаттарындағы (белдеулеріндегі) ұлпардың және бұтақтардың ұзындығының бірдей болмауы, көбейтуге қалемшелерді бөрікбастың жоғары шеттерінен дайындау керектігін болжайды.
4. Қартаю және қурау. Бұл дәуірде екпе көшеттердің иілімділігі және қоршаған орта жағдайына икемділігі, дертке және зиянкестерге төзімділігі күрт төмендейді, сондай-ақ өсуі және жарақаттардың жазылуы нашарлайды. Ағзадағы заттар алмасуының бұзылуына байланысты жемістері ұсақталады, жекелеген бұталары қурайды.
Достарыңызбен бөлісу: |