2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу
шараларының түрлері
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлері оны тағайындаудың, өзгертудің және тоқтатудың тәртібі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 90-бабында белгіленген. Заңда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының төрт түрі көрсетілген:
а) емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емделу;
б) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
в) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
г) интенсивті қадағаланатын мамандандырылған улгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрлерін тағайындауы мүмкін.
Есі дұрыс күйінде жасалған қылмысы үшін сотталған, бірақ алкоголизмнен, нашақорлықтан (уытқұмарлықтан) емдеуді не психикасының есі дұрыстығын жоққа шығармайтындай бұзылуынан емдеуді қажет ететін адамдарға сот жазамен бірге емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкін.
Осы көрсетілген мәжбүрлеу шаралары ауруларды емдеумен бірге, оларды қоғамнан оқшаулап, медицина мекемелері арқылы мұндай адамдардың денсаулығы мен мінез-құлқына өте мұқият түрде бақылау жасау арқылы жүзеге асырылады.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлерін бөлудің негізгі белгілеріне істелген іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігі және сот-психиатриялық сарапшының қорытындысымен анықталған ауру адамның психикалық күйі болып табылады.
Қылмыстық кодексте соттың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрін белгілеуде қандай жағдайларды еске алуы қажетті көрсетілген.
Егер адам өзінің психикалық жай-күйі бойынша психиатриялық стационарға орналастырып емдеуді қажет етпесе, осы Кодекстің 88-бабында кезделген негіздер болған жағдайда емханалық мәжбүрлеп кадағалау және психиатрда емдеу тағайындалуы мүмкін (91-бап).
1. Егер адамның психикасының бұзылу сипаты тек психиатриялық стационарда ғана жүзеге асырыла алатын емдеудің, күтудің, ұстаудың және қадағалаудың шарттарын талап ететін болса, осы Кодекстің 88-бабында көзделген негіздер болған жағдайда психиатриялық стационарда осындай мәжбүрлеп емдеу тағайындалуы мүмкін.
2. Жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзінің психикалық жай-күйі мен жасаған қоғамдық кауіпті әрекетінің сипаты бойынша стационарлық емдеу мен қадағалауды қажет ететін, бірақ интенсивті қадағалауды қажет етпейтін адамға тағайындалуы мүмкін.
3. Мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзінің психикалық жай-күйімен жасаған қоғамдық кауіпті әрекетінің сипаты бойынша тұрақты қадағалауды талап ететін адамға тағайындалуы мүмкін.
4. Интенсивті қадағалайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу психикалық жай-күйі мен жасаған қоғамдық кауіпті әрекетінің сипаты бойынша өзіне немесе басқа адамдарға айрықша қауіпті болған тұрақты және интенсивті кадағалауды талап ететін адамға тағайындалуы мүмкін (92-бап).
Медициналық сипаттағы еріксіз шараларды қолдануға негіз болмаған жағдайда сот психикалық аурумен зардап шегетіндерді тұрғылықты тұратын жеріне міндетті дәрігерлік бақылау жүргізіп, ауруға күтім көрсетуші туыстарының немесе басқа адамдардың қамқорлығына бере алады.
Достарыңызбен бөлісу: |