Н. Қ. Жүсіпов С. Торайғыров атындағы пму, Филология, журналистика және өнер факультеті, «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ. д., профессор



бет4/5
Дата10.06.2016
өлшемі1.87 Mb.
#126408
1   2   3   4   5

«Жан ғалым» – Мәшһүр Жүсіптің ғалымдықтың үш түрінің белгісін көрсеткен көзқарасы, соның үшіншісі.

Ақын ғалымды үш түрлі дей келе, былай бөледі: нан ғалым, тән ғалым, жан ғалым. Әрқайсысына анықтама берілген. Нан ғалымның оқыған оқуы, өмір бойы білгені қарынның қамына жұмсалады. Тән ғалымның білімі қара сөзбен құр мас қылуға ғана жарайды, онысымен қоймай екі кісінің басын қоспайтын араздықты сүйеді, мақтаншақтыққа рәсуә етіледі. «Жан ғалым» – Мәшһүрде «Алла тағаланың фазыл уа кәррәміне алынған пендесі» делінген. Мұндай ғылым иесі атақпен, пайдамен, өзін-өзі дәріптеумен жұмысы жоқ. Халыққа тигізер сауабы бар «Каламмалланы» мағынасына сәйкес терең меңгеруге ынталы болады. Басты ұраны – «Он сегіз мың ғаламды жаратушы Құдай». Мәшһүр «Жан ғалымда» ғылым, білім мәні осындай кісіден табылатынына назар аудартқан. Қазақ балаларын осы үлгіде болуға шақырады. Ойлаған мақсатқа тез жеткізетін алдымен сауат ашу болса, одан кейінгісі жан ғалымның жолына түсу деп атап айтады. Оқу дегеннің негізі құр ынтадан тұрмайтыны, оның жөні ғылымды түсінуі деген пайым айтқан. Ақынның өзі 1887 жылы 29 жасында тоғыз ай болған алғашқы сапарында Ташкент, Бұқараға барып шығыс мәдениетімен танысып, діни білімін көтерген. 1894 жылы екінші рет 36 жасында Орта Азияға барған. Ә.Тәжібаев пікірінше: «он төрт жасынан он төрт жыл бойы Бұқара қаласындағы Көкілташ медресесінде оқыған Көпеев Орта Азиядағы араб, парсы тіліне жетік білімдарлардың бірі боп шыққан»,- дегенін ескерсек жан ғалымдықтың еңбекпен келетіні байқалады. Ақын өзі басынан өткерген білім жолын, ғылым мұхитын сараптаудан өткізіп барып, Шығыстың жеті ақынын, орыстың В. Белинский, Л.Толстой, М. Салтыковын т.б. туған халқының жауһарларымен қоса сіңіріп қорытқаны танылады. Өзі насихат еткен «Жан ғалымына» тән белгілер ғұламаға да қатысты екеніне қазіргі кезге дейінгі ел құрметі мен мұралары дәлелдейді.

Алғашқы басылымы ақын таңдамалысының екінші томында (Алматы, Ғылым, 1990, 160-191 б.) және 10 томдықтың 8 томында (Павлодар, 2003, 274-275 б.) 73 мәтін Сарыарқа тарихы (1 үлгі) ҚПЖӘМ деп берілген. Бұл үлгі ф.ғ.д. Н. Жүсіповтің даярлауымен (Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 1994 жылғы № 4, 111-124 б.) жарияланған.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өлеңдеріндегі бейнелілік
Г.К. Қажыбаева

С.Торайғыров ат. ПМУ доценті, ф.ғ.к., Павлодар қ.


«КЕДЕЙЛІКТІҢ АРҚАНЫ» – Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 1885 жылы жазған өлеңі. Көлемі 138 жол. Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Өлеңде адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді: жалқаулық пен еріншектікті өткір сынға алады. Ақын кедейлікке тән ерекшеліктерді уытты тілмен өрнектейді: ұйқы басу, еңбек етуге құлықсыздық, отбасында тазалықты сақтамау, әрбір үйге қаңғырып, өсек айту.

«Кедейліктің арқаны, «жалқаулықтың жібі», «кедейліктің ордасы», «кедейліктің бір үлкен жерік асы» соны, тың метафоралық тіркестері, «қояншықтай бір ауру ұстамалы» теңеуі, «үш қара жол» метонимиясы еріншектік, жалқаулық, кежірліктің адам өміріне қауіп-қатерін, зиянын танытады. «Бажылдап», «қаңғырып», «бұрқырап», «бырқырап», «семіртіп», «суырдың айғырындай шаңқылдау» бейнелі сөз өрнектерімен жалқау адамның психологиялық кескін-келбетін, кейпін суреттейді. Ақын жансызға жан бітіріп, деректендіру тәсілімен «кедейліктің» бейнесін жасайды.

Безерленер кедейлік белдеу ұстап,

Бас салар еріншекті ұйқы қостап.

«Құдай салды, мен көндім» - дегеннен соң,

Сенен қолын үзбейді, жайлап, қыстап.

Күн бұрын бекітіп бақ келер жолын,

Үйіңнің белдеуінен ажырат қолын.

Үйіңе кедейлікті бір түнетсең,

Бермейді ел көшкенде жұрттың соңын,-

деп ой түйеді. Ақын айтпақ ой: кедейліктен сақтану, жалқаулық, еріншектік, кежірліктен жирендіріп, еңбек етуге ұмтылдыру.

«МҰҢ» – өлең. 4 тармақты 6 шумақтан тұрады, барлығы 24 жол. Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Бұл өлеңде ақын шығармаларын жариялауға тыйым салынып, қуғынға ұшыраған сәттегі көңіл-күйі, патшаның отарлау саясатына наразылығы, ел қамын ойлаған толғанысы өрілген.

Еңбегім, кетемісің текке зая,

Жараттың қандай күнде, бар құдая?!

Паналап барар жерің болмаған соң,

Жапалақ басымызға болған сая,-

деген жолдардан ақынның жан азабы, жабыққан көңілі, мұңлы жаны айқын сезіледі. Ішкі күйзелген күйін суреттей келіп, қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік хал-ахуал жөнінде көпке ой сала, «Құданың әр не болса, салғаны дүр, // Көреміз енді мұны, айтшы, кімнен?!» -деп сұрақ қойып, түйін жасайды.

«МОМЫННЫҢ ӘЙЕЛІНЕ ШЫҒАРҒАНЫ» – Мәшһүр-Жүсіптің 1919-1920 ж. жазған өлеңі. Туынды 3 бунақты, 11 буынды, 4 тармақты шумаққа құрылған. Қара өлең ұйқасымен жазылған. Мәшһүр-Жүсіп Ақ өзек, Бүркітті деген жердегі әйелі қайтыс болған Момынға көңіл айтуға барады. Сондағы Момынның зары, қайғысы суреттелген. Момын әйелімен тату-тәтті өмір сүргендігін, екі баласының жетім қалғандығын сырласу арқылы жеткізеді. Жардан айырылудың азабын, өлімнің қандай ауыр екендігін өрнектейді. «Жел сөздің кілті», «ақыреттің бәйгесі», «көңіл кірі», «көңілдің жайлауы», «ғашық оты» метафоралық тіркестері, «қара жердей», «жыл құсындай» теңеулері, «қызыл гүл», «бұлбұл құс» - символы, «бір бұлаңдаған қызыл түлкі» метафорасы Құдай қосқан жарынан айрылған Момынның әйеліне деген сағынышын, сыйластығын, қимастығын аша түседі. Өлеңнің тақырыбы – өлім, оның қайғысы мен қиындығы. Идеясы – Момынның әйеліне деген сүйіспеншілігін, қимастығын өрнектей отырып, махаббаттқа адалдықты паш ету, пәк сезімді дәріптеу.

«ИТ ДҮНИЕ» (екінші өлең) – өлең. «Ит» дүние метафоралы эпитеті, «диуанасың» метафорасы, «жарға ойнақтаған лақтайсың», «сынаптайсың», «таудан аққан бұлақтайсың» теңеулі метафоралары жалған дүниенің сипатын ашуда соны, тың қолданыстағы сөз өрнектері. Өмірдің қысқалығын, өткіншілігін, қаталдығын «ит дүние» бейнелі сөзі арқылы ықшамды жеткізген.

«ҒАЛЫ КҮЗЕМБАЙҰЛЫНА» – жыр. Мәшһүр Жүсіп пен Ғалы Күзембайұлының айтысына құрылған. «Мәшһүр Жүсіп жауабында» Ғалы Күзембайұлының мінез-құлқы, бет-бейнесі, ішкі жан дүниесі «көзі жоқ көбелектей» теңеуі , «Өлең-сойыл, өлеңші ұры болса, // Өзің де санды ұрының болдың бірі» тармағы арқылы ашыла түскен. Ақын халқы үшін ілім-білім жинағандығын, оны халқына жеткізу мақсаты екендігін суреттейді. Автор өз бейнесін өрнектегенде:

Бұхар, Ташкент, Самарқанд – бәрін кездім,

Електей дүниедегі жанды сүздім.

Інжу мен маржанға су жұға ма?

Білмеймін бары-жоғын, жіпке тіздім.-

деп өмірлік мақсат-мұратын айқындап береді. Жырда «Дін шашпақ- пайғамбарлық уәзипасы, // Ол жерге не қыласың сөз таласып?» сұрай арнауы арқылы ақын өмірлік мұратын нақтылай түседі. Жырда Ғалы Күзембайұлына жауабынан ақын тұлғасы биіктей түскен. Жыр 11 буынды, қара өлең ұйқасына құрылған.

«МӘШҺҮР ЖҮСІП ПЕН ЖҮНІС ШАЛҚАРБАЙҰЛЫ» – айтыс нақышы. Жүніс Шалқарбайұлы Мәшһүр Жүсіпке: «Бісміллә деп сөзімді бастаймын. Сіз аузыңыздан ғылым, хикмет шыққан, дәрежеңіз жұрттан асқан жан едіңіз. Бұхара, Самарқанд, Шымкент, Сайрам, Ташкентті аралап, кітапханаларын көргенсіз. Арамыздағы Бұхарекең, Шортанбай, Сақау, Көтеш, Күдері, Ұлбике бәрі өмірден өтті. Бірақ өздері жоқ болса да сөздері қалған. Сондықтан осы кезді пайдаланып, сізге қоятын бір сұрағым бар еді. Талай мың жыл бойы төрт періште таласыпты. Олардың шеше алмайтын төрт мәселесі болған, олар қалай шешіпті» деп сауал қойыпты. Мәшһүр Жүсіптің жауабы: «Арақ ішпей, мас болып сандырақтамай, ел кезген диуана едім мен. Соңымнан сендей іні ергеніне құдайға көп шүкірлік. Соған лашығыма мен де сыймай қуандым. Із өкшемнен ілісіп баса жүріп, кітаптан мен көргенді сен де көрдің және де екі көңіл бір жерден шығып тұр. Төрт періште бас қосқанда төрт сөзге талас қыпты. Соны мың жыл ойлап, шешімін біле алмаған. Ал Аллаһ (с.т) Мұхаммедтің (с.ғ.с.) нұрын ғаламнан он сегіз мың жыл бұрын қылып, оны барша жаннан артық етті. Сондықтан періштелер Құдіреттен: «Тәңірім, оны ортамызға бір келтір!»- деп тіледі. Олардың дұғасы қабыл болып, Мұхаммед (с.ғ.с) Миғраж асты. Мұхаммед пайғамбарға төрт періште сауал қояды. Исрафил періште: «Капарат қасланбаған не нәрсе?», Жебірейіл періште: «Пенделер табады неден Нажат?», Хазіреті Мекайил: «Дәреже табылады немен енді?», Ғазірейіл періште: «Пенденің не нәрсе басын жояр?» - деп сауалдар қойған. Сонда Пайғамбардың Исрафил періштеге жауабы: «Таһаратты әдет қылу, жамағат намаз үшін мешіт бару, намазға ерте баруды ғадет етіп, сарғайып намазшамды күтіп алу»- деп жауап береді. Жебірейіл періште сұрағына: «Алладан күннен-күнге қорқуы, қорқынышының күннен-күнге ұлғаюы, нәпсіден аулақ болып, жұрт көзінше Құдайдан қорықса, оңашада сол қорқынышының ұлғая түсуі, барлық-жоқтықта көңілін тең ұстауы, ашудан сақтануы» - деп жауап берген. Мекайил періштенің сауалына: «Қабақ шытпай көлдей боп қонақ күту, таныған, танымаған жан біткенге сыйлық пен сәлемін бұрын беру, түн намазын оқу»- деп жауап береді. Ғазірейіл періштенің сауалына: «Пайда мен залалдың парқын білмеу, бай бола тұра, сараң болу» - деп жауап берген. Айтыс нақышының идеясы – мұсылмандықты насихатттау, мұсылман дінінің тазалығын паш ету, адамдарды нәпсіден тыю, имандылыққа жетелеу.

«Жүсіпбек Аймауытұлына» (бірінші хат), «Жүсіпбек Аймауытұлына» (екінші хат) өлеңдері. 1927 жылы Шымкентте тұрған Жүсіпбек Аймауытов Мәшһүр Жүсіпке хат жазған. Бұл хатта Мәшһүр-Жүсіп ақынның шығармашылық тұлғасына зор баға берген. Әдебиет мәселесіне қатысты ойлар айтылған. Мәшһүрге жазған хатында ол: «Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіздің қаламыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өмірде... Сіз жалғыздығыңызды, жапандығыңызды, сән-салтанатты ескі күніңізді жырлап өтіңіз. Ақынның ақындығы улаған ойын, тулаған сырын оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей, толғаулы сөзімен айта білуінде ғой.

Данышпан Толстой сексеннен асқанша, өле-өлгенше қаламымен сырласып өткен. Ірі хакімдер, философтар көп жасап, көп мұра қалдырған. Өмірде ойланумен, толғануымен, жақсылық-жамандықты барлаумен, әділдік, шындық, адамгершілік сынды ізгі мұраттарды көксеумен өткізген. Адамдардың миы ерте суалмаса керек, ақыл, ой, таланты ерте тартылмаса керек. Соған қарағанда, Сіздің де қаламнан қаларлық уақытыңыз бола қойған жоқ па деп шамалаймын»,- деп жазады. Сонымен қатар Жүсіпбек хатында қазақтың халық әдебиеті үлгілерін, тарихи деректерді, шежірелерді жинау мәселесін қозғайды. Мәшһүрдің осы саладағы еңбегін бағалай отырып, оларды жарыққа шығару ісіне ақыл қосады. Солардың ішінде ақынның өз шығармаларын жинастыру, бастыру жайына тоқтайды.

Жүсіпбектің хатынан соң Мәшһүр-Жүсіп 1927 жылы «Жүсіпбек Аймауытұлына» (бірінші хат), 1928 жылы «Жүсіпбек Аймауытұлына» (екінші хат) атты өлеңдерін жазған. Хат өлеңдерінде ақынның көңіл-күйі, ішкі жан дүниесі өрілген. «Жүсіпбек Аймауытұлына» (бірінші хат) өлеңінде автордың қуанышын «шаттандым жазғытұрғы судай тасып» тармағы аша түскен. «Көңілі тасу», «көңілі судай тасу» тіркесін ақын соны, тың тіркеспен алмастырған. Автор шын қуанышын, шат көңілін жазғытұрымғы ағыны қатты су екпінімен салыстырады. Дерексіз ұғым «сөзді» жан азығына балап, «жедім асап» деп заттандыра түседі. Ақын өзін «зымыстанда отырған бұлбұлға» балайды, осы метафоралық сөз қолданысынан ақынның қоғамдағы құбылыстарға наразылығы сезіледі. Ақын хаттан кейінгі ойын «қайқы қанат, қанды көз қырандай» соны, тың теңеумен бейнелейді. Өлеңде екі кезең параллель өрілген: бірі – ақынның өліктей жан болып, қайғы жеген кезеңі, бірі – хатты алып, санасы сілкініп, ойы қырандай шырқап, судай тасыған, «жан азығын» тапқан кезеңі. Шаттанған көңіл-күй сипатын жеткізуде «шаттықтың кілті» метафоралық тіркесі сәтті қолданылған. «Өлген үміттің тірілуі», «көңілдің шарқ ұруы», «үні өшкен қиялдың жандануы» тәрізді психологиялық сөз өрнектері арқылы Жүсіпбектің хатына деген шексіз ризашылығын, жан дүниесіндегі серпілісті жеткізеді. Сонымен қатар Жүсіпбекке ақылын да өлеңмен өрнектейді:

Өзіңе берсін Алла ұзын өмір,

Көнгіш бол қорғасындай, болма темір.

Разымын өзіңе де, сөзіңе де,

Мақал бар: «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір».-

деп түйіндейді. «Жүсіпбек Аймауытұлына» (екінші хат) өлеңінде ақын жастық шағындағы күш-қуатын «қызыл еспе гулеген желмін» метафорасымен өрнектесе , қартайған шағындағы көңіл-күйін «Сою, сату, жеуге жарамсыз боп, // Арықтап айдалада қалған атпын» ұлғайған метафорасы, «енесінен түңілген қозыдаймын» теңеуі, «арам аспын» метафорасы арқылы жеткізеді. Автор өзін «өлі аруаққа», Жүсіпбекті «тірі аруаққа» балауы екі шығармашылық тұлғаның өмір сүріп отырған заман шындығын айқындай түспек. Туынды 3 бунақты, 4 тармақты 28 шумақтан тұрады. 11 буынды қара өлең ұйқасына құрылған. Екі өлеңнің идеясы – шығармашылық тұлғаны бағалау, құрметтеу.


Мәшһүр Жүсіптің Қамаралдин хазіретті жоқтауы

С.Баязитов

ҚР жазушылар одағының мүшесі
Кіші жүз Бөкей елінің ұланы Қамаралдин хазірет Мәшһүр Жүсіптің:

Мерғараб сабақ оқып Көкалдаштан,

Ғылыммен біте қайнап бала жастан.

Бұхарай шәріфте мәшһүр болып,

Замандас, бастасына болған дастан.- деп жазысына қарағанда, әу бастан- ақ аты аңызға айналып, сөзінің мол білімі, биік парасаты арқасында қайда барса да сол ортада ойып орын алғаны байқалады. Оны Мәшһүр Жүсіптің:

Әуелі келіп тоқтаған Қоңырқұлжа,

Әр жұртқа ғылым шашып, салған жолға (олжа)...

Онан соң тұрған жері- Қыпшақ: Ыбырай,

Ғылымнан артық нәсіп берген құдай.

Советник Тұрлыбектің тірісінде

Неше жыл тұрған мұнда бірнеше ай.

Жиылып сабақ алған Керей біткен,

Атығай, Қарауыл боп құрмет еткен.

Қанжығалы, Қыпшақ пен Қуандыққа,

Он екі пән ғылымнан дін үйреткен,- деген өлең жолдарынан айқын аңғаруға болады. «Ишан бар:өзі қажы Бесмұхаммед, демесең қара қазақ ел-Алтайда» десе сөз болып отырған жоқтауда:

Исі қазақ, үш жүздің баласында

Заманында молда жоқ мұнан асқан, - деп.

«Қара қазақ исі қазақ» –дегенде ақын әдетте ислам дінін қазақ қырында насихаттаушылардың бастау кезінде қожалардың тұрғанын меңзейді де сөйте тұра қазақ топырағында кіндік кесіп, кір жуып, терең білім алып, ислам дінінің насихатшысы айналған ел таныған, төл білімі даралымы, мақтан тұтатыны айқын аңғарылатындай. Сол сынды ғұламаның Баян жеріне келіп орналасуына, ислам дінінің ұрығын шашуы сабақ болған Мұса мырзаға қанша дұға қылсақ аз сондай ерге - деуінің өзіндік себебі де жоқ емес. Оны Мәшһүрдің:

Ғалым жоқ мұнан асқан Қараөткелде,

Атбасар, Көкшетау мен қалың елде...

Бір дуан оңтүстікте Қарқаралы,

Бар ма, айтшы, мұндай ғалым онда, кәні?!

Павлодар, күн шығыста Кереку бар,

Бес қадам әр жерінде молдалар бар.

Семей бар, илиада Ертіс басы,

Өскемен таяу тұрған оның қасы.

Болмаған оларда да мұндай ғалым,

Дария еді түпсіз терең жоқ шамасы,- деген сынды өлең жолдары айғақтай түседі. Ал сонымен қатар діннің таралу тарихын зерттеушілерге тапсырмас мағлұмат беретін осы өлең жолдарын да Қамаралдин хазіреттің білімдарлығы діни тұлға ретіндегі өлеңдерінде азаматтың кескін- келбетін даралайды.

Омбыда екі бастан молда жоқ- ты,

Айтпайды ғалым бар деп онда тіпті.

Ахон бар, Ғабдал,-бәрі Қызылжарда

О дағы бұл кісіні: «Артық!» -депті.

Міне осындай жанның сегіз болыс Сүйіндік баласын дін кәусарынан сусындатуы Мәшһүр Жүсіпті ерекше шаттыққа бөлегені байқалады. Қызылжарда жатқан Ғабдал бәрі Ахонның хазіретті «Артық» -деуі, мойындауы біріне бірі ит айтақтап, құс салып жүрген біздің замандастарымыз үшін асқан ерлік, үлгі болар жан ғой.

Мәшһүр Жүсіптің бұл шығармаларынан жалғыз діндарлар емес, жалпы жұрт қолына қалам ұстау, ой толғаушы қаламгерлер үлгі алса, құба-құп, олай дейтінім шамамызды білмей шалқып, аз ғана дін деп сауатын көпке балап өздерін шариғат шегесі, тұтқасы санап жүрген молдалар да, менен асқан ақын жоқ деп керемсоқтыққа салынған жазушылар да арамызда баршылық қой. Солар Мәшһүрдің:

Құдайдың бар жаратқан қазынасында,

Ғылымнан ешбір нәрсе емес артық .

Немесе өзі туралы:

Сықылды шикі тері жетпей иім,

Көңілім бар секілденген жыртық киім- деген өлең жолдарына көз салып, ой жүгіртсе, ғылымның, білімдарлықтың, қарапайымдылықтың шынайы бағасын ұғынар ма еді.

Кезінде ұлы Абайдың:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма

Қолымды мерзімінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалғаныма кім жазалы

Қолымды дөп сермесем өстер ме едім?!

Мәшһүрдің:
Кетіппін кейін қайтіп, келіп таяп

Шайнап дәмін ала алмай қалдым жалап.

«Болатұғын бала еді, болмай қалды»

Деп, тақсыр ренжіген сол мені аяп - дегендегі қос ақынның жан күйзелісін айқын түсінер ме еді?!

Абай жасында білім ала алмай қалғанына өкінсе, Мәшһүр Жүсіп табылғанның бәрінен қапы қалғандығын айта келіп,

«Менің жоқ, ойлап тұрсам оңар жерім»,-деп өкінішін ақтарады. Сөйтіп Мәшһүр Жүсіп ел ардағының орны толмас қазасына арнаған жоқтауларында марқұмдардың елден ерек асыл қасиеттерін сөз ете отырып, адамгершілік, құдайға құлшылық қағидаларымен қатар ғылым, білім, адалдық мәселелеріне ерекше тоқталып, тәрбиелік өмірлік мәні зор туындыларды қалдырған. Қазақ үшін аса құдіретті өлең сөздің көкжиегін кеңейтіп, марқұмдарға өлмес, өшпес ескерткіш орнатқан.



Есімде қалғандар
М.Рахметов
Еліміздің егемендік алуының арқасында кол жеткен қоғамымыздағы өзгерістер өткенімізге оң көзбен қарауымызға, ғасырлар бойы аңсаған халқымыздың тарихын, жүріп өткен жолын, рухани мұраларын келешек ұрпаққа жеткізіп, ата-баба рухін қастерлеуді, қадыр тұтуды дәстүрге айналдыру зиялы қауымның ғана емес, қазырғы ұрпақтың да қасиетті борышы. Кейінгі кезде газет беттерінде (Баянтау, Сарыарқа) Машһүр танушымыз деушілер, көбейіп келеді, ол орындыда, өйткені Мәшекең еңбегі түсінгенге берері көп тұнып тұрған дария теңдес, рухани байлық десек, оны зерттеу, талдау қазырғы ұрпақ үлесінде емеспе. Бұл салада Мәшекен немересі Қуандық Мәшһүр-Жүсіпов бастаған ғалымдарымыздың ол кісінің еңбектерін жиыстырып, басын қосып 13 том кітабын шығаруы, жас ғылымдарымыздың ғылыми тұрғыда талдай бастауы көптен күткен арманымыздың орындалуының бастауы деп қуанарлық іс. Мәшекең туралы қалам тарту жалғандық пен жаңсақтықты көтермейді, ол нақтылы деректермен айшықталып, ақиқаттан аутқымауы тиіс. Менің сөз етпек болып отырғаным Мәшекең еңбектері жөнінде емес, ол кісінің сонау 50 жылдары партияның солақай саясатының кесірінен бұзылған бейтін, өзі салдырған жоба мен қайта қалпына келтіріліп салынуы мен мұражайын ашу жайында, үйткені бұл жұмыстар менің Жаңа жол совхозында директор болған уақытта істелініп біткен жұмыстар болғандықтан әрі тікелей басшылық жасағандықтан кімдердің белсенді және қандай жұмыс атқарғандарын ашып, анығын айтыуға себеп болған, кейбіреулердің осы игілікті істі өздеріне теліп сол кездегі ынталы топтың қандай қыйындықтарымен істеген жұмыстарын жоққа шығармақ болған әрекеті.

Мәшекең бейтін қалпына келтіріп, мұражайын ашу, еңбектерін жарыққа шығару туралы пікірлер әр түрлі басылымдарда 70 жылдардан басталып оқтын-оқтын көтеріле бастады. Бұған басшылық жасап ұйымдастырушы астанада тұратын жерлес аталарымыз Нағи Ахметов, Қазақстан халық жазушысы Дихан Абілов болды. Ел ақсақалдарының сұрауына өз пікірлерін қосып орталық партия комитетіне жолдап, тиісті органдарға нұсқау беруін әлде неше рет өтінседе жауап ала алмағанын айтып, қайда барсанда бір үнсіздік, ештеме шешілмеиді, жалпылама сөзбен шығарып салады. «Үкімет тарапынан қолдау таппағандығын айтып біз астанадағы барлық есік - тесікті қағып - бағып біттік, енді Мәшһүр атам - мұрасы ұшын Д.Конаевтің босағасына жатып алу ғана қалды - деп, налып, ренжіп отырушы еді, Нағи ағамыз» - дейді өз кітабында Сүйіндік Көпеев. Бұл шындық еді, үйткені бұл кез коммунистік идеологияның үстемдік жасап, ешкімге дес бермей тұрған шағы еді.

1977 жылдың жазында Нағи ағамыз елге келгенде Мәшһүр атамыздың суреті жапсырылған ішінде өзінің әр мекемелерге жазған сұрауы, Дихан атамыздың орталық партия комитетіне жазған хаты, ауыл ақсақалдарының сурауы т.б. қағаздар бар папканы маған ренішті күймен беріп - енді сендер колдарыңнан келсе әрекет жасаңдар деген еді. Міне осыдан кейін біз совхоз бас мамандарының басын қосып, ынталы топ құрып, әрқайсына істейтін жұмыстарын бөліп беріп, ай сайын істелетін істі жоспарлап отыруға келісіп, жеңде сыбанып іске кірістік. Мұражай ашамыз деген ниеттен басқа қолда не жәдігер, оны жинақтайтын жеке бөлмеде, не жоғарғы тіисті органдардан мұражай ашылсын деген руқсатта жоқ болатын. Ақылдаса келе бірінші кезекте жеке бөлме тауып, жәдігерлерді жинаудан және осы жұмыстан хабары бар адам басшылық жасауы керек деп шештік.

Содан мектептен бір бөлме алып Төлеубай (Мәшекенің немересі) ақсақалдың берген арбасын, кигіз үйдің, бесіктің макетімен т.б. ұсақ-түйек басқа экспонат әкеліп қоюымызды, ел үлкен тойға ұластырып жіберді, ақсақалдар қуанғаннан билеп кетті, ал Ауезбек ақсақал (Қуат, Суат Абусеитовтардың әкесі) арнау өленің домбырамен өлендетіп жылап отырып айтқан бейнесі, әлі бүгінгідей көз алдыма елестейді, бұрынғылар айтқандай «Қуанғаннан соқыр көзден жас шықты» дегеннің рас екіндегіне (ол кісінің екі көзіде көрмейтін) көзім жетті. Бірне-бірі қайырлы болсын айтысып халық көпке дейін тарқамады.

Бұдан бұрын С.Торайғыров музейіне экспонат жинап көзге түскен мүғалім Аман Омаровты бар жағдайын шешіп, көшіріп алып жұмысқа кірістірдік те осыған күнделікті басшылық жасауды совхоз партия ұйымының хатшысы Түскенов Рамазан өз мойынына алды. Алқашқыда секремей Мәшекең ұстаған заттарын туыстары бере қоймады, береміз ғой, барғой дегендеріне сеніп түбе бір берерсіздер деп жұмысты жалғастыра бердік.

Есігі сырт жағынан шығарылған мектептің ішіне қатынасы жоқ бір бөлмені беру үшін, сол кездегі мектеп директоры Тұрсынбай Хұсайнов районоға, райсполком орынбасарына барып рұқсат алып барып бергенін кейін білдік. Бұл оның өз басын арашалағаны еді, өйткені ол кезде партиянын қылышынан қан тамып, қане қайсын бар қарсы келер деп тұрған шағында, ауданда идиология жүмысының басында басқа ұлт өкілі отырғанда, КГБ-нің аудандық бөлімшесі қызметкерлерінің қырағы бақылауының кезінде қай лауазым иелері өздеріне бұндай жұмыстын жауапкершілігін ала алды, бәріде жалтақтап партияның тоқпағынан қаймығатын. Сүйіндік Көпеев «Ғұлама Ғүмыры» кітабында - (Бір кезде жағдайдың мүлде қыйын кезінде музейге мектеп ішінен орын беріліп, алғашқы есігі, бесігі ашылған еді, ол үшін біз сол кездегі совхоз басшысы болған Рахметов Мұратқа алғысымызды айтамыз, Мәшһүр мұрасы үшін он жылдай уақытын сарп еткен марқұм Нағи Ахметүлы ақсақал музейдің ашылғанына көре алмай кетті) дейді.

Міне осындай қыйын уақытта басталған істі дабырлатпай қолға түскен экспонатты жыйнай бердік, бұл жаңадан өз күшімізбен салып жатқан мәдениет үйінің ішінен Мәшекең мұражайына арнап істелетін үлкен зал (жүз шаршы метр) біткенше екі жылға созылды.

Жұмыс басталып, экспонат жыйнала бастаған соң, әрі қарай не істеу керегін ақылдасуға аудандық партия комитетінең хатшысына бардым, ол кісіге рахмет ашығын айтты, «Қарсылығымда, көмегімде жоқ, ертең орталық партия комитеті тарапынан тексеріс бола қалса, партиялығыңмен жұмысынды тапсыратыныңды, есіңде ұста» - деді.

Ауданнан ешқандай көмектің болмайтындығына көз жеткен соң облыстық мәдениет бөлімін басқаратын жерлес - ағамыз Балтабай Сейсенбековке бардым.

Ол кісі түсіністікпен тыңдап, өзінінде ынталы екенін айтып, дұрыс бағыт -бағдар беріп, жуыр арада сол кезде облыстық өлкетану мұражайын жаңартып жатқан Алматыдан арнайы алдырған кәсіби топтың басшысын алып барып, Мәшекең мұражайында істеуіге келістіретінін айтып, қуантып, көңілімізді көтеріп жігерлендіріп қайтарып еді. Айтқанында тұрып өзі де келіп ақыл кеңесін беріп нақтылы не істеу керектігін айтып, стендті істеушілердің басшысына кейбір стендерді облыста дайындап әкеліп орнатуды, бізге біткен істі қабылдап алып отыруды, еңбектерің уақытында төлеу үшін қаражат көзін табуды тапсырды.

Сендерде Мәшекенің Бұхарада оқуда болған уақытын айшықтайтың экспонаттар жоқ, сондықтан бұны облыстық музей қорынан аламыз - деді.

Міне осындай жанашыр, қамқоршы ағамыздың арқасында музейды істеушілер 2-3 қабат келіп 10-15 күннен жатып, уақытында бітіріп беріп еді, қазыр сол ағамызға қандай алғыс, рахметімізді айтсақта көп емес.

Сол кезде музей ашу, оны ұйымдастыру жұмысы, қаражатты керек етпейтін сәл нәрсе көргендерде бар болатын. Осы орайда Төлеубай ақсақалдың Нағи екеуіміз Мәшһүрге музей сұрап 1976 ж. Қазақ ССР-інің үлкен Советіне С.П.Ниязбековке қағаз ұсынып ол 1977 жылы музей ашылсын деген нұсқау берді. Содан ауылдың 10-15 шалы жабылып музей ашып алдық -дейді.

Біз 1977 жылы бұл жүмысты бастағанда ешқандай нұсқаудың барын естіп, білген жоқпыз. Ол кезде ондай шешімді не үкімет, не мәдениет министрлігі беруі керек, егер ондай нұсқау болса аудандық партия комитеті, оның басшысы білуі керек еді, қаражат бөлініп, істейтін мекемені белгілеген болар еді. Міне, ондай шешім болмаған соң аудан, облыс тарапынан көмектің болмағаны, тіпті лауазымды қызметтегі азаматтардың теріс қарауы, қазыр үйіттік-бүйіттік деп жүрген Мәшекең көп ағайындарында, олардың көмегін де көргеніміз жоқ, қайта олар сырттап жүретін. Бұны ынталы топ мүшелеріде өз естеліктерінде де жазады.

Мұражай стендтерін облыстық мүзейде дайындап жетпегенін сол жерде толықтырып, бригаданы әкелу, олардың жағдайын шешу бәрі совхоз профсоюз ұйымының басшысы Н.Рахпановтың мойынында болды, ол облыспен екі ортада тынымсыз жұмыс істеді.

Қандай жұмыстың болсын сапалы, әрі уақытында істелінуі қаражатқа байланысты, сондықтан бұл мәселемен совхоздың бас есепшісі Мадин Бүркіт, бас экономисі Мұқанов Сабыр, бөлімше басшылары Тілеубаев Тұмарбек, Серік Сыздықов, Сакенов Тастыбай, Шокин Қарашор, қоғамдық ұйымдар басшылары мен біріге отырып халықпен сөйлесіп уақытылы шешіп отырды.

1980 жылы мәдениет үйін бітіріп, ашуға облыстан, ауданнаң лауазымды адамдар қатысып, музейдінде жұмысы аяқталып келе жатқанын көріп, жуырда ашатымызды біліп кетседе ашқанда ешқайсысы қатыспады.

1981 жылы Октябрь айында мені аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына сайлағаннан кейін бір ай өткенен соң аудандық «Жеңіс-Победа» газетінің редакторы Шакрат Дуәлетжанұлы Шалбай екеуіміз барып музейдін ашылу салтанатына қатысып, ауыл ақсақалдармен бірге лентасын қыйып есігін көпшілікке ашып, бердік. Бірақ облыс, ауданнан лауазымды органдарының бірінен ешкім қатыспады, білмегенсіді, бізде даурықтырып жер - жерден қонақ шақырмадық, әліптің артын бағып газетке кішкене ашылғанынан хабарлама беріп қана қояйық деп келістік те, іштен тынып қойдық.

Егер бүгінгідей кеншілік болғанда біз бабамыздың қасиетіне сай дүбірлеген көпшіліктің тойы қылып өткізген болар едік, өкініштісі ол кезде бұл арман ғана болатын.

Бұл біздің 1977 жылдан бастау алған тынымсыз жұмысымыздың нәтижесі еді.

Мұражай ашылды, алға қойған мақсатымыз орындалып, көңіліміз орнығып иығымыздан үлкен жүк түсіп, халыққа берген уәдемізді орындап шықтық.

Міне осыдан кейін Мәшһүр атамыздың мұражайын көремін деп алыс -жақыннан арнайы келушілер көбейген еді.

Мұражай ашылды, оны Мәшекең ғұмыры, енбегі - тағы басқа қасиеттерін көрсететін жаңа жәдігерлермен толықтырып, әрі қарай дамыту үшін, заңдастырып, еңбек ақы төлеуінін жоспарға кіргізу керек болды. Музей бір жыл тыныш жұмыс істеген соң, облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Марданов Камалбайдың Мәшһүр Жүсіп мұражайын Қ. Сәтпаев өлкетану музейінің филиалы қылып тіркеуге, екі адамға еңбек төлеуге келісімін алған мен, ол бұйрық беруге батылы жетпей ауызша келісімін жергілікті жерге итересалды, ал аудандық атқару комитеті төрағасы Симон А.Ф. шешімге өзі емес орынбасары Тілеубек Елубаевқа қол қойғызып шығарған шешімінен кейін Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мұражай толық қанды жұмыс істеуін бастады.

«Бітер істің қасына, жақсы келер басына» - демекші 1989 Қ.Сәтбаев бабамыздың 100 жылдық мерей тойына орталық партия комитетінің идеологияңы басқаратың хатшысы Өзбекелі Жәнібеков, облыс басшылары келді. Сол келісінде Қазақтың бір туар азаматы Өзбекелі ағамыз Мәшһүр Жүсіптің басына барып, кесенесін жаңа жобамен жасау керектігін, мұражайына жеке мұражай ғимаратын салуды қарастыруды облыс басшыларына тапсырған болатын. Жақсыдан шарапат демекші 1993 жылы Мәшһүр-Жүсіп атымызға жаңа ғимарат салынып, көшірілді.

Мен қазыр ойлап, отырсам біз сонда қандай көзсіз батылдыққа барғамыз, егер аудандық партия комитетінің хатшысы айтқандай орталық партия комитеті тарапынан тексеріс бола қалған күнде, осы жұмыс басталғаннан жиі - жиі келіп өзінің ақыл - кеңесін беріп, жанашырлық көрсетіп жүрген білікті де, батыл азаматымыз Қазақстан журналистер одағының мүшесі, белгілі публицисті аудандық «Жеңіс - Победа» газетінің (ол кезде газет екі тілде шығатын) редакторы, аудандық партия комитетінің мүшесі Шакрат Дәулетжанұлы Шалбай, совхоз партия ұймы хатшысы Рамазан Түскенов пен менің осы жұмыстың ұйытқышысы басқарушысы ретінде партиядан да, қызметтенде қуылуымыз сөзсіз еді. Бірақ қасиетті - әулие атамыздың аруағы қолдап бәріміздеде осы күнге шейін аман - сау жүріп жатырмыз. Музей мәдениет үйінде 16 жыл бойы, толысып, экспонаты көбейіп 1993 жылы арнайы салынған ғимаратқа көшкенше тұрды. Міне биыл күзде сонау 1977 жылдан бастау алатын музейгеде 31 жыл толады.

Мәшекең атамыздың бейтін бұрынғы өзі салдырған жобамен қайта қалпына келтіріп көтеруде, Қуандық Мәшһүр- Жүсіпов жазғандай Нұрила апамыздың еңбегі мақтанарлықтай еді, өйткені ол кісі жарғақ құлағы жастыққа тимей үлкенді - кішілі мекемелердің бәрінің есігін ашып, керекті құрлыс материалдарын алып қана қоймай басына әкелтіп, кигіз үйін құрып алып, Шегендік деген ортаншы баласымен бейітінің қабырғасын Екібастұздан келген шахтерларға көтертіп, әрі қарай жұмысын бітіруге бізден көмек сұраған болатын. Басына барып, көріп жетпейтін материалдарды беріп құрлыс бригадасын қойып, тез арада бітіруді совхоздың сол кездегі прорабы Мағзумов Зарқынға тапсырылған еді. Аз уақытта жұмысты бітіріп, Нұрапанында кигіз үйін жықтырып ауылға көшіріп алдық.

Нұрапа сөзге шебер, үлкені кішімен тез тіл табатын өжеттігі бір өзіне жетерлік, өзіңді айналып - толғанып, жүгіріп жүріп уйдегі, туздегі бар шаруаны тындыруға уақыт табатын өте пысықтығының арқасында бейттің жұмысын 1977 жылдын күзіне салып бітіріп едік. Бейіт біткен соң келесі 1978 жылы ауыл Советтің сол кездегі бастығы Молшин Жұмағали ағамыз Қарағандыға арнайы тапсырыс беріп, ақ мрамордан құлпытас істетіп әкеліп, бұрынғы орнатылған белгінің қасына қойған едік, ол қазыр де музейде тұрған болуы керек.

Жылдар жылжып 1991 жылдағы қоғамдық формацияның өзгеруіне де келіп жеттік, еліміз егемендік алды, өлгеніміз тіріліп, бұрын тұншығып атай алмай жүрген ұлыларымызды ұлықтайтын уақытта туды. Міне сол кездегі қоғамдағы қиындықтар, небір алғыр ойдың, ізгі бастаманың дер кезінде жүзеге асуына кедергі жасауына қарамастан ел азаматы Қорабай Шәкірұлының аудан орталығында, халық қаржысына ашық аспан астында «Тұлғалар тұғыры, даналар даңқы ғасырлар аланы мемориялдық кешенін» салу туралы ізгі бастамасын жұртшылық қолдап тұлғалар тұғырын орнату үшін ел азаматтарынан алқа құрлып, ақылдастар алқасы –жұмыс тобы жұмысқа кірісті, арнайы қор ашылып, мемориялдық кешенге, ескерткіштері орнатылатын тұлғалардың тізімі бекітілді.

Алғашқы ескерткіш, алты алаштың абызы, ел қорғаны, Абылайдын бас ақылғой, көмекшісі, үлкен мәмлегер, көреген саясаткер, көмекеи әулие Бұһар Жырау болу керек деп шешіп, бейнесін сондауды Алматы көркем өнер академиясының доценті белгілі мүсінші, мемлекеттік сыйлықтын иегері Бақытжан Әлімбайұлы Әбішовке тапсырылды. Бұһар бабамыздың тұлғалы ескерткіші Баянауылдың өзінің табиғи тасынан тұтас қашалып, жасалып аланның орталығына қойлатын болды. Бақытжан Әбішов алқа жиынына екі жоба әкеліп ұсынды, бірақ талқылай келе екеуінде мақұлдамай кері қайтардық, өйткені Алпысбес Адылханұлы «егер домбыра үстатсаң жайғана жырау - жыршы, айтыс ақынының бейнесінде, қамшы ұстасаң ауыл арасының дауын шешетін би дәрежесіне де қана қалар еді. Сондықтан алыс болашаққа қарап ойға шомған, дананың кейпінде жасалғаны, әрі басына күлпарадан көрі, арқа үлгісімен сеңсең бөрік кигізілгені дұрыс болар еді» деген сөзіне тоқтап, қазір аланда тұрған мүсіннің жобасын мақұлдап 1996 жылы наурыздын 22 күні мүсінді тұғырына тұрғызу, Ұлыстың Ұлы күні жаңа жыл мен бірге жалғасып халықтың үлкен қуанышты тойы болып өтті.

Біз сол Бұһар Жырау бабамыздың тұлғасын тұғырына тұрғызу рәсімінде жиналған көпшілікке келесі қойлатын мүсін қазақ халқының мақтанышы, құрметтісі, ақын - философ, ауыз әдебиетінің білгірі, шежіреші Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мүсіні болатын жариялаған едік. Мәшекен мүсінін сомдаудыда сол Алматы сәулет өнер академиясының доценті Әбішев Бақытжанға тапсырып, өзінің өмірінде түскен жалғыз сүретін беріп, сол отырған бейнесін сақтауды тапсырдық. Жобаны тез арада бітіріп, мүсінді қашауға сәулет академиясының мұғалімі Дәулет Бектемірұлын ала келді. Дәулет 3-4 айда жалпы болмысын шығарып, бет бейнесін шығара алмай қиналған соң, ауылдан Сүйіндікті (немересі) шақыртып алып, сіз мына Дәулетті ауылға апарып екі-үш күн қасынан қалдырмай, Мәшекен басына апарып қайт деп жібердік, өйткені марқұм Сүйіндіктін бет бейнесі атасына өте ұқсас болатын.

Ауылдан келген соң бір ай шінде Мәшекен бет бейнесімен тақиясының үкісін сүреттігідей келтіріп, мүсінді толық бітіріп, қазан айында ақылдастар алқасына тапсырды.

Мәшһүр-Жүсіп мүсінін, жоба бойынша мешітке, әкесі Көпей тұрған үйге тақау жерге орналастырып, үйінің де орнына белгі тастыда бірге қойдық.

Бұһар Жырау, Мәшһүр Жүсіп сынды бабаларымызға мүсін қою, оны ретімен кешен алаңына орналыстыру үлкен жауапкершілікпен білімділікті қажет ететіні белгілі ғой, өйткені мүсіннің салмағыы 10 тоннага жақын, биіктігі 3-5 метр болып тұғырында өз салмағымен тұруға тиіс болатын, әрі мүсіндерді мәңгілекке калдыру үшін, оны тек қана кәсіби мамандығы жоғары сәулетшіге тапсыру керектігін ерте ойластырған болуы керек, маған Қорабай Шәкірұлы Алматыдағы Бақытжан Әбішовтін шеберханасының адресін беріп, ол кісімен келесімі барын айтып, алдағы уақытта шарт жасасып, тығыз байланыста болып, жұмыс жасау керектігің тапсырды. Бақытжан Әбішовты ауданға шақырып іріктеп алынған тұлғалардың мүсінін кешен аланына қалай орындастыруды ақылдасқанда ол кісі Алматы құрлыс, жобалау институтының мамандарын әкеліп жер мен таныстырып жоба жасауға тапсырыс беру керек деген болатын, солай істелді де. Жобаның бірінші кезегін Бұһар Жырау мүсіні біткенше қолымызға тигізді. Жоба бойынша алаң үш сатылы болу керек еді, бірақ біз бүгін соның бірінші сатысындағы аланды да толық бітіргеніміз жоқ. Мәшекен мүсінің тұғырына тұрғызу үлкен қуанышты салтанатты мереке болып өтті. Оған ауданның бар шаруашылығымен, Екібастұз, Павлодар, Қарағанды қалаларынан көрші Егіндібұлақ, Ульяновка аудандарынан арнайы келген адамдар аланға лық толды. Салтанатты жиында ел ақсақалы, әрі өмірінің бір талай жылын Мәшһүртануға арнап поэма жазған, ақын Зекебай Солтанбаев бабаға арнаған өлеңімен ашты. Осындай игілікті істі істеушілерге ризашылығын білдіріп, алғысын айтып, жиналған көпшілікті құттықтады. Бұдан кейінгі кезегімен С.Торайғыров, Қ.Сәтпаев, генералдар өз тұғырыларына тұрғызылды. Аз жылда көп жұмыс атқарылды. Баянауылға келген адам танысуды мемориалдық кешен алаңынан бастайтын болды. Ия, жылдар жылжып өте шығар, тарих атты ұлы көш жарасты жалғасын табар, осы ашық аспан астындағы халықтық мұражай, келер ұрпаққа, мәңгілік тәрбие алаңына айналса, осы сияқты игілікті ісіміз жалғасып жатса, үлкен арманның бір бөлігінің орындалған емеспе, сөйтіп біз сонау 1977 жылдан бастау алған Мәшһүр-Жүсіп бабамызға жасаған еңбегімізді 1996 жылы күзде ескерткіш мүсінін қоюымен аяқтаған едік.

Сол кезде ұлыны ұлықтайық деген жүрек сезімімен, ешкімнің итермелеуінсіз, ештемеден қаймықпай, қайткенде баба мұражайын ашамыздеп, қолынан келген көмегін аямаған, тікелей өздері қатынасып бар қиыншылықты жене білген Балтабай Сейсенбеков ағамызға, Рамазан Түскеновке, Нұртай Рахпановқа, Молшин Жұмағалиға марқұм Мадин Бүркітке, Мұқанов Сабырға, Мағзумов Зарқынға, Шакрат Шалбайға жәнеде басқа сол кезде Жаңажол совхозының үлкендері бастаған халқына, Мәшекеннің туыстарына мыңда бір алғыс, Сіздерді қасиеті атамыздың аруағы әрдайым жебеп - желеп жүрсін демекпін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет