Н. Қ. Жүсіпов С. Торайғыров атындағы пму, Филология, журналистика және өнер факультеті, «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ. д., профессор



бет2/5
Дата10.06.2016
өлшемі1.87 Mb.
#126408
1   2   3   4   5

Мәшһүр-Жүсіп және Алланы тану.
Ә. Қ.Пазылов

«Мәшһүр-Жүсіп» кесенесінің қызметкері


Бүгінде Мәшһүр-Жүсіптің қаламынан шыққан туындыларды әр салағы немесе ғылымға бөліп қарастырып жүрген жайымыз бар. Тарих, әдебиет немесе жекелеген бір тақырыпта еңбек жазып, зерттеу жұмысын жүргізер болсаңыз әлбетте Мәшһүр-Жүсіптің шығармаларынан дерек пайдаланарыңыз хақ. Сондықтан да Мәшһүр-Жүсіпті ғылымның осы бір саласында ғана жазған деп айту күнә болар. Дегенмен де әр кім өз шамасы мен тақырыбына байланысты жазады. Осы тұста Мәшһүр-Жүсіптің діни бағатта жазылған еңбектері тасадан тыс қалғаны өкінішті-ақ. Әрине діни тақырыпта жазылған Мәшһүр-Жүсіп еңбектерінің ел арасында таралып, уағыздалмауына кеңес үкіметінің солақай саясаты кедергі болып, тоқырауға ұшырағаны мәлім. Ал бүгінде не бір молда не бір шәкірт бұны керек қылып жатқан жоқ.

Діни ағартушылық ағымының негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауи болса, уығын көтеріп, шаңырағын ұстаған Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы болатын. Мәшһүр-Жүсіп Қожа Ахмет Ясауи ілімін меңгеріп, Ислам дінін уағыздағанымен де өзін сопымын деп танымаған жан. Бүгінде Мәшһүр-Жүсіп те сопы болған деген жалған пікір көп айтылады. Мәшһүр-Жүсіп ұлт санасына тән мәселелерді сөз етіп, дін мен ғылымды бірге қарастырады. Ол "...Мен құдайды бір деп білемін, бар деп білемін, күшті деп білемін. Осы үшеуіне нанымым, сенімім күшті», деп Алланың барлығын, бірлігін паш ететін жырлар мен хикметтер жаза отырып, Пайғамбарлар мен сахабалардың уағыз насихаттарын, өмір жолдарын саралай отыра, халқының санасына жетерлік ой қалдырды. Мәшһүр-Жүсіп өзі өмір сүрген қоғадағы сана-сезім мен әлеуметтiк өмiр шындығын, қарапайым халықтың тұрмыс-тiршiлiгін, дін өкілдері мен жергілікті билеуші таптың іс-әрекеттерін ашық және шынайы жазған.

«Құдай сөзі – Құран, пайғамбар сөзі –хадис-шәриф: тозбайды, ескірмейді»,-деп құрандағы ұлы аяттар мен хадисттерді қарапйым тілмен жеткізуге тырысты. Мәшһүр-Жүсіп:

Әуелгi Әлиф Алланың аты болар,

Би бес парыз пенденiң жасы болар.

Кiмде-кiм құран Кәрим сөзiн бiлсе,

Аузында ас, астында аты болар,

деп Құдай жолын, иман жолын іздеу адамзат баласының парызы екенін танытып, Шын көңілмен, көркем мінезбен мұсылман болуға шақырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед өзінің шарапатты хадистерінің бірінде былай деп айтқан:

"Расында барлық амалдар ниетпен жасалады. Және әрбір кісі ниетіне қарай сауапқа жетеді немесе жазаға ұшырайды".(Имам Бухари Омар ибн әл-Хаттабтан риуаят еткен.) Әрине біз көбінесе қысылған кездерде ғана Алланы аузымызға алып, мешітке барғыш болып аламыз. Неге ертерек қимылдап, аузымызға Алланы айтып, құран үйренбеске... Ал енді мүлдем қараңғы болсаңыз:

Тұрарда таң намазға кер боларсың,

Шығарда шыбын жаның тер боларсың.

Үстiңе алабота, жусан шығып,

Бiр кезде аяқ басар жер боларсың,

-демекші, бір сәт кеі айналып ойланған да жөн болар. Енді бірде Мәшһүр-Жүсіп:

Дүние мойын бұрған бiз бiр есер,

Есер пенде шайтанмен әзiлдесер.

Таудан биiк күнәмiз болсадағы,

Аллаға шын жыласаң, өзi кешер,

-деп, “Бақара” сүресiнің 186-аятын еске түсіреді. Онда: “Егер құлдарым Сенен Мен туралы (яғни, Құдай оларға алыс па, әлде жақын ба деп) сұраса: “Мен оларға өте жақынмын. Қашан Менен тiлесе, тiлеушiнiң тiлегiн қабыл етемiн!” – (де).” – деп жазылған.

Мәшһүр-Жүсіп: «Құдай туралы» деген жазбасында: «Әй, адам баласы! Құдіретті Ақыл мен Киелі Рухтың Иесі-Құдайды жалғыз жаратушы да жасаушы жарылқаушымыз деп ұғайық та, бұған кәміл сенейік! Бұл-Ұлы Ақиқат! Өйткені Жиһандағы ұлылы-кішілі, қарапайым-күрделі жасалыстар мен қүбылыстардың бәрі Құдай барлығының айқын дәлелі»,-деп барша мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы болған жалғыз ғана Аллаһ Тағалаға тән екенін ескертеді.

Абай сәлем беріп кіріп келген Мәшһүр-Жүсіпке:

-Мәшһүр болсаң айт, құдай қайда?-деп сұрағаны белгілі. Сонда Мәшһүр-Жүсіп:

-Құдай-жүректе!-деп, оң қолымен кеудесін ұрса керек.

Біз көбінесе Құдайдың барлығы сенеміз де, кереметін көзімізбен көргімез келіп тұрады. Бұндайда Мәшһүр-Жүсіптің сөзімен айтар болсақ: Жаратушы да Жасаушы Құдайдын хақтығы мен пәктігі, мәңгілігі мен ұлылығы, кұдіреттілігі мен киелілігі және де сол Құдайға тән қадір-қасиеттер мен сыр-сипаттардың өзгермейтіндігі мен кереметтігі Ақиқат деп аталады. Шәкәрім де Құранның сырын баяндай келе:

Баспасам да ізіңді,

Сезбесем де сырыңды,

Көрмесем де жүзіңді,

Тиді бізге аманат.

Жазған хаттың сырымен,

Жарқыраған нұрымен,

Тазарып жүрек кірінен

Қайғыдан басым болды азат,

-деп, Жаратушы ретінде тек Аллаһ Тағаланы ғана танитын, Оған ортақ қосуға үзілді-кесілді тыйым салатын дін екенін жырға қосады.

Ойды ой қозғайды, сөз реті келген соң бір жәйттің басын аша кеткен жөн. Мәшһүр-Жүсіптің діни бағыттағы дастандары мен өлеңдерінің көпшілігі молда мен мешіт туралы жазылған. Сонымен бірге Аллаһ Тағалаға дұға етудiң артықшылығы туралы да көп жазады. Дұға ету, яғни Аллаһ Тағаладан қажетiн тiлеу – мұсылман тiршiлiгiндегi елеулi орын алатын ғибадаттың бір түрi. Хадистердің бірінде "Дұға – муминнiң қаруы, дiннiң тiрегi, аспан мен жердiң нұры" деп жазылған. Дұға ету арқылы мұсылман баласы Аллаһ Тағаланың разылығына ие блады. Өз бойынан, айналасынан шайтанды қуады. Қайғы-қасірет пен уайымнан арылып, қуанышқа жол ашып, ризығы молайып, өмірдің рахатына кенеледі.

Дұғаның қабыл болар жері Мекке Мәдине мен мешіт және әулиенің мекені екені анық.

Мәшһүр-Жүсіп: «Халық болған соң, қақ ортаңнан «Құдай үйі»-деп, үй сал да, құдайға берілетұған нәзір, нияз, садақа сол үйге берілсін де, садақа мыстыхқалар сыбағасын сол үйден алып тұрсын»,-деп, мешіт Алланың үйі, Нашар, зәрулердің қамқоры мен тірегі екенін бас баяндайды. Бірақ қазір өкінішке орай керісінше болып тұр. Бүгінде көптеген ауыл мешіттерінің тек жаназа шығаратын орынға айналғаны, әрине өкінішті-ақ. ... Мәшһүр-Жүсіп енді бірде: «халқының құдайы садақасы мешітке жиналғанда, мешіттен бай ешкім болмайды. Құдай үйі мешіт бай болса, аш-арық, кәріп-кесір, үйсіз-күйсіз, жетім-жесір, қарыны ашқан, қалжыраған,-бәрі соны жақтайды. Әне, сонда-ол құдай үйі»,-деп жан айқайын білдіреді. Мәшһүр-Жүсіптің пайымдауынша мешітке түскен қаражат мақсатты түрде жұмсалып, қаражатты шынайы қажет еткен жандардың жағыдайыларына байланысты жұмсалынуы қажет. Сөйте тұра мешіт қажеттілігі мен еңбек ақы мәселелерін де ұмытпағандарын ескертеді. Бүгінгі таңдағы мешіт пен молданың жағыдайын Мәшһүр-Жүсіп төмендегідей сипаттайды: «... қазақ халқы өлігінің-тірігінің садақасын – қонағасы беріп, шайға қандырып, майға тойғызып тұратұғын қожа, молдаға береді. Аш, жалаңаш, пақыр кісің марқұм қалады».

Мәшһүр-Жүсіп мешіттерде сауда жасауға қарсы болған. Ол: «Құдай үйі-мешіт» - делінген. Мына көріп тұрған мешіттің есігінің алдына «Құдайдың қазынаханасы» деп, бір үй салыңдар!...» деп жазады. Демек сауда жасау үшін мешіттің қасынан шағын дүкеншік салған жөн болар.

Хош, енді молдаға келиік. Мәшһүр-Жүсіп: «Ол молда атанғанда, неліктен молда атанды? «Ғылым-білім үйренеміз,-деп,-Құдай жолы!»-деп, ұстаз алдына жүгініп, сабақ алып, Құран кітап оқыды. Сонда: «Кірген есігіміз, жүрген жолымыз-Құдай жолы, Құдайды танимыз!»-кірді. Иа, хош, сабақ алып оқығанда, Құраннан оқыды... Оқып үйреніп алған соң, молда атаулы бір-бірімен жаудай алысыты, жаттай салысты. Екі молданың тап-тату болып, ауыз жаласып жүргенін көргенім де жоқ, естігенім де жоқ. Дүниеде кісімен кісі тату болса, молда мен молда тату болса керек еді. Неге десең: түскен жолы бір, іздеген мақсаты бір, бәрінің керек қылғаны Құдайы бір ғой! Молданың молда екенін ғылым оқыған молда таныса керек еді ғой!»,-деп, молда атаулыны сынға алады. Әрине құран оқығанның бәрі де молда емесі анық. Бес саусақ бірдей емес қой. Ендеше қазіргі молдекеңдердің біразы құранды табыс көзіне айналдырса, енді біразы Алла ризалығы үшін өз қызметтеріне жауапкершілікпен қарап, ел-жұртының көңілінен шығуда.

Өз мақсатын жоғары қойғандарды Мәшһүр-жүсіп: «Мақсаты – қарын тойғызу, дүние табу, өз тұстасынан артық ішіп, артық жеп. Дүние жабдығына ғысырлас, замандасына ілкім болу, ауыздық болу ниетінде болып кірді. Сондай болғаны үшін, дүние бір жемтік болды да, мұндай молдалар бір арам өлген жемтікке таласқан: тазқара, күшіген, қарақұс, қарға, сауысқан, ең аяғы ырылдасқан ит болды»,-дей келе: «есі-дерті дүние болып тұрған қудың дұғасында қалай қабылдық болмақ»,-деп ашына жазады.

Мәшһүр-Жүсіп: "Намаз оқығанның қабірі жарық болады. Құранның әрпін таныған жан, періштенің сауалына жауап табады. Ораза ұстағандар қияметтің қиындығын жеңеді. Тірлігінде хикмат-хадис айтқан жан бейіштің көлеңкесінен сая табады", - деп, Алла-Тағаланың біздің елге деген рақым, жақсылығы мол бол екенін байандай келе, бәрімізді иманды болуға шақырады.


Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің журналистік ұстанымы
Ж.Бижан

С.Торайғыров атындағы ПМУ
Омбы қаласында 1888 жылдан 1902 жылға дейін қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Дала уалаяты» газетіне Дінмұхамет Сұлтанғазин, Ешмұхамет Абылайханов, Шәкәрім Құдайбердиев, Рақымжан Дүйсембаев, Асылқожа Құрманбаев, Отыншы Әлжанов, Мейрам Жанайдаров, Барлыбек Сыртанов, Жақып Ақпаев, Зұлқарнайын Шөкеұлы Нұралыханов, Жағыпар Айманов, Бодаубек Райымбеков, Дүйсембай Тұранов, Жәке Сақатайұлы Тұранов және Кереку-Баян өңірінің тумалары Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Садуақас Мұсаұлы Шорманов, Аббас Айманов би Шоңов (газеттің 1890 жылғы нөмерінің 18-санында басылған Баянауылдың жері, шаруашылығы туралы мәліметтер жайында «Баянауылдан хат» деген мақаласында осылай қол қойған), Қорабай Жапанов, Әміре Нөгербеков және басқалары мақалалар жазып, жан-жақты танымдарын ел-жұртының қаперіне жеткізіп, қоғам тынысын зерделеуге талаптанған. Осындай арқалы азаматтардың өмірі қазақтың: «Талаптыға - нұр жауар», - деген фәлсәфәлік мән тудырған. Өйткені, адам жаратылысында айналасындағы құбылысқа тәуелді болмас үшін оның сырын ашуға мәжбүр болады. Адамның өзіндік мені сезіле бастағаннан айналаның (қоршаған ортаның) сыртқы әсерін әу бастан бар пейілімен бағамдап, өзінің еркін бағындыру арқылы дүниетануды иеленеді. Қазақ баспасөзінің тұңғышы «Дала уалаяты» газетіндегі ұлт тағдырына қамқоршы, көреген азаматтардың шығармаларымен танысқанда осылай ой қорытуға мәжбүр болдық.

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев «Дала уалаяты» газетінің 1890 жылғы 6-7 сандарында қазақ елінің тұрмыс жағдайы, кәсібі мен шаруасы, мәдени өмірі, әдет-ғұрпы, оқу-ағарту ісінің барысы, жалпы тәрбие жөніндегі пікірлері жарияланған. Мақаланың тақырыбы «Баянауылдан» деп берілген. Мәшекең тақырыпты бір сөзбен, Баянауылдың атымен алуында әр оқырман психологиясының алуандығын ойластырғаны аңғарылады. Ол тұста газет оқырмандары аз, бірақ, қазақтың құлақтары түрік жүріп, одан-бұдан ақпарат, әңгіме тыңдағыш әдеттерін жақсы білетін Мәшһүр-Жүсіп Ресей патшасының Жарлығымен 1882 жылғы 12-майда үш облысты біріктіріп Ақмола, Семей, Жетісу Дала уалаяаты құрылғаны туралы хабардың аңқау, сенгіш қазақтарға да тегіс мәлім болғанын ескерген. Семей Дала уалаятына қарасты Баянауыл -қалың елге ежелден белгілі. Өйткені, қазақ елінің табиғаты аса сұлу, ауасы жұпар Баянауыл жері көріктілігімен қатар, елінің оқыған азаматтарымен де сол тұстың өзінде көпке танымал болатын. Сондықтан, автор мақаланың тақырыбы хат танитындардың көзіне түсіп, көптің назарын тартатынына үмітті болған. Бұл - Мәшһүр-Жүсіптің шығармашылық қабілетінің мықтылығынан, журналистік шеберлігінен туындаған үрдіс. Баянауыл - барлық дәуірде Баянауыл. [1].

Көлемді мақаланың бірінші жолынан Баянауыл жерінің тарихы баяндалған. Автордың мақсаты жер - ежелден адам тіршілігінің көзі, ұрпақтар тарихы, оны иеленуге әр азамат құқылы екендігін жариялау. Жаратылысты жаратылыс мәнінде түсіну - адамдардың үлесіндегі қасиетті де өнімді әрекет. Осындай түйінді әр адамның санасына жеткізуді ойлаған автор: «Кеше қарадан хан болған Едіге Шоң уақытында Көкшетаудан бергі жері біздің Сүйіндік деген халқының жайлауы екен. ...Қарағайлы шоқының қасында Ақмырзаның Қарасуы дейді, (Ерейменнің Ақмолаға қараған жағында), Олжабай сөресі, Едіге сөресі, Шорман тамы, Тайбай көлі, Үшмырзаның көлі дейді солардың баршасы - Сүйіндіктің сол жерлерін мекен қылып жүргенде өткен жақсылардың аты бұл жерлерінің бәрін Керей, Қанжығалы қыстау қылып кеткен соң біздің халық жайлаудан қалды....», - деп мақаладағы сюжетті одан әрі өрбітеді.

Баянаул өңіріндегі осындай оқиғаға байланысты Өлеңті өңірінен жайлау алуға әркеттенген Сүйіндік елінен Хусайн мырзаның жер аламын, ал Өлеңті жағынан Кәрібай мырза жайлау жерін бермеймін дейтін таласы бойынша өрілген сюжеттің шарықтау шегі автордың сөзімен айтқанда: «Патша чиновнигі Тюфяев келіп екі жаққа да насихат айтып, ұзын сөздің қысқасы Хусайн мырза айтқан сөзіне жетіп, Өлеңтінің аржағынан төрт шақырым жер алуына жеткізеді».

Қазақ елінде үш жүздің басын біріктіріп тұрған Тәуке заманынан кейін әр елдегі сұлтандар бас-басына хан болып, елдің алалығы, алауыздығы жер дауы көбейіп, Ресей бодандығына өткен тұста жартылай жайлауға көшу, жартылай жатақта болу үрдісі жер дауын одан әрі өршіте түсуі ел болашағын қиындататынын сезіну Мәшһүр-Жүсіп сияқты тұлғаларды қатты толғандырғаны осы мақаладан айқын көрінеді. Мәшһр-Жүсіп Көпеев қазақ елінде Ресей патшасының отарлау саясатына негізделген қоғамдық қатынас қазақтың дәстүрлі шаруашылығында күрт өзгеріс жасауына орай ел-жұртының ортасындағы түлғалардың байыпты, ұтымды іс-әрекеттеріне ынталы қолдау жасауда баспасөз қызметін ұтымды пайдаланған. Соның нәтижесінде өзінің шығармашылық қабілетін журналистік шеберлікке ұластырған. Бұл тұста Мәшекең - дүниетанымың шашыраңқы болса, табиғаттың құнарынан айрыласың, қоғамтанымың әлсіз болса, ел мен жердің қаһарына ұшырайсың дейтін өзі таныған өмірдаму фәлсәфәсін оқырмандар назарына ұсынады. Өйткені, ол мақаланы жазу мақсатын аса тиянақтап, басқа ұстанымда жазса көптің мұқтажынан шықпайтынын сезіп, айтар ойын ширатып, оның қайтарымына көз жеткізген. Мұны: «...1889 жылда бірінші октябрьде жәрмеңке болып Баянауылда, сонда начальнигіміз военный губернатор басшылығының нашарды байлармен теңдікке жеткізіп, алым-шығынды байларға тарттырсын деген жарлықты есіттіруі бойынша Ақбеттау елінің ел билеушісі Хусайн Боштайұғлы елінің байынан нашары көп болғаны себептен, бір ауылнайдан 60 үйді алымнан шығарды», - деген тиянақты ақпаратымен дәлелдеуге болады. Автор ел ішіндегі ізгілікке бастар істің түпкілікті нәтижесін ойлау азаматтың пәрмені, парасаты деп түсініп, жоғары лауазымды патша чиновнигінің отарлау саясатының бірінші қадамында ел-жұрт сеніміне кіру үшін жасаған амалын Хусайн Боштайұғлының дер кезінде пайдануға ниеті зор екендігіне риза болып, бұл оң іс-әрекетті көпшілік таразысына кешіктірмей ұсынған. Мәселенің қоғамдық, саяи мәнін ашуы мақаланың өміршеңдігін айшықтап тұр. Мәшекеңнің бұл байламы журналистика талабында журналист қоғамдық қатынастың көпшілікке айқын болатын кезеңді күтпеуі керек дейтін қағидаға сай келіп тұр. Олай болса, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев қоғамның дамуын мұқият зерделеп, ой қорытудың эмпирикалық және рационалдық амалдарын үнемі қарастырып отырған, мұндай үрдіс оны журналистік функционалдық қажеттікке жеткізген деген түйін жасаймыз. Ал журналистің шығармашылық қайнары негізінде журналистиканың теориясы мен методологиясы жасалатынын қазіргі заманғы зерттеушілер дәледеп отыр [2].

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев - болмысынан парасаттылығы журналистік шеберлікті мықты меңгеруге жеткізген, өз тұсындағы зиялы қауымның ішіндегі топ бастаған, арқалы алаш азаматтарының бірі. Аталған мақаланы оқығанда оның оқиғаны қаз қалпында, мақал-мәтелдерді пайдалану арқылы қарапайым, жалпы оқырманға ұғынықты баяндауға бейімділігі байқалады. Мәселен: «...Бұрынғы заманғы бір сарттың баласы көшеге тамашаға шығыпты. Сол сарт өзі бір нашар жарлы екен... Манағы бала үйіне келген соң әкесі сұрайды: «Балам базарда не арзан, не қымбат екен? », - деді. Бала айтады: «Әке, базарда түйе арзан екен», - деді. Сонда әкесі айтты: «Балам түйенің басы не екен, неден сатылып тұр екен?», - деді. Бала айтты: «Түйенің басы бір ділдә, ең барып тұрған түйе бір ділдәдан аспайды», - деді. Сарт айтты: «О, түйе қалай қымбат, балам. Осы ма арзан дегенің?», - деп басын шайқады... Біраз замандар өтіп, манағы сарт онан-мұнан мал тауып байыпты. Бір күні баяғы бала көшеге тағы шығыпты. Тамашадан қайтып келген соң және тұрып әкесі сұрады: «Балам, базарда не арзан, не қымбат екен?», - деді. Сонда баласы айтады: «Әке, базарда түйе қымбат екен», - деді. Сонда әкесі айтты деді: «Балам, түйенің басы не екен, неден сатылып тұр?», - деді. Баласы айтады: «Түйенің басы қырық ділдә, ең аяғын қырық ділдәдан сатып жатыр. Мен түйенің мұндай қымбат болғанын көрегінім жоқ». Сарт қарқ-қарқ күлді деді. «Балам-ау, саған не болған, түйе мұнан арзан сатылғанда жерде қалсын дейсің бе? Бұл не деген арзаншылық, қырық ділдә деген шіркін түйеге со да жеткен баға болып па?», - деді. Бала қайран қалып әкесіне жауап қайырды: «...Мұның мәнісіне түсіне алмадым ғой», - депті. Сонда әкесі айтыпты деді: «Балам-ау, сол түйе бір ділдә болған күнде біздің қолымызда бір теңге де жоқ еді. Жоқ күнде бір ділдә түгіл бір теңге десе де бізге қымбат еді. Құдайға шүкір, бұ күнде қырық ділдә демек түгіл жүз ділдә десе десін. Мен қанша түйе алсам да шамам келеді. Алуға шамам келетұғын болған соң маған бүгінде жүз ділдә десе де арзандай», - деді. Осы сюжет арқылы автор салынған салықты бай қиналмай өтей алады деген уәжбен бірге, нарықтық қатынастағы баға өзгеріп тұратынын, соған орай тұтынушылар сұранысының барында өнім шығаруды кешеуілдетпей, инфляцияға ұрындырмай дер кезінде өндірудың, сатудың тиімділігін де түсіндіреді. Оқиғаны дерек пен дәйек орамында баяндап, өз тұжырымын гносеологиялық, белгілі бір қоғамдық өзгерістердің заңдылығын тану деңгейінде көрсетуінен Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің парасаты айқындала түседі.

Мақалада қазақтың: «Бар мақтанса табылады, жоқ мақтанса шабылады», - деген мақалын қолдана отырып, бұл мәністі ел-жұртының пайдасына қолдану мақсатында Хусайн мырза қоғамдық өзгерісті жіті бақылап, байыптауының нәтижесінде тіршілікке тиімді бағытты әрқашан анықтап отыратындығы көрсетілген. Сол тұстағы қоғамдық құрылыстың бодандыққа қызмет ететінін, адамдардың оны түсінуіне жөн сілтеген мақаладағы мазмұндардан Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтың саяси, ғылыми көзқарасының жоғары деңгейі ерекшеленді. Оның жазған мақалалары қоғамтануда логикаға сүйеніп, эмпирикалық және теориялық танымдардың ара-қатынасын ажыратып, ақиқатқа жетудің амалдары туралы бастапқы ұғымдарды тануға шақырады. Ойлаудың ойлау объектісінен, атап айтқанда көру, есту арқылы қабылданатын нәрседен мәнді өзгешелікті ажыратуды ұсынады. Автор өз ойын тиянақтау үшін Баянауылдағы А.Ф.Сорокин деген бай, жатақтардың жайбарақаттығын пайдаланып, сауда арқылы жетілгенін көрсетеді. Сорокин құр саудамен байлығын еселу ұзаққа бармайтынын біліп, оның ізденудің арақасында қол өнермен айналысуға қол жеткізгені жөнінде баяндайды. Осы орайда автор: «...Егерде сонан көріп, ғылымын үйренсе, қазақтар һәм осындай тауларда араның көп жиылып жүретұғын жеріне омарта жасап, бал жинап алса, аяқ астынан оңай табылған бір пайда болар еді, деп ойламын», - деген ой-түйін жасаған. Осылайша қазақтарды жаңа кәсіп үйренуге шақырады. Бұл ретте ел-жұрт қаперіне дана қазақтың: «Дүние деген шіркін тойға келген қыздай, кетеріне келгенде қолға ұстаған мұздай», - деген мақалын ұсынады. Өзімізден бұрынғылардың, үлкендердің өмірлік тәжірибесін ұмытпайық ағайын дейтін Мәшекеңнің тұлғалық ауаны білмегенді қайдан білсем дейтін жамағатты еріксіз ойға, іске жұмылдырады. Автор өнер үйренуде ғылымның алатын орнын ерекше мұқияттайды. Мәселен, «Өнер сол мұсылманша болсын, орысша болсын ғылым үйренуге жаһұт қылу. Әр нәрсе ғылыммен болғанды айтады. ...Неге десең, ғылым пайғамбардан – қалған мұра», - дейді ол. Мұхаммед ғәләйһи уәс-сәлам өзінің қадисінде: «Ғылымның өлгені – есте сақталмағандығы, қызықпайтын адамдарға үйретіліп, зая кеткені», - деген (Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері, Алматы «Жазушы» баспасы, 1994 ж.). Олай болса, Мәшекеңнің айтайын дегені мал жұт болса қырылады, қазақ аш қалады, ал, жаңа кәсіп үйреніп, қол өнермен айналысқан қазақ қоғамдағы барлық қиыншылыққа төзетінін құйма құлаққа жеткізу екендігі айқын. Оның осы ойы мен мұраты атаулы газеттің 1890 жылғы 8-ші санында жарияланған:

...Егін салып жұрт асқан қазақ қайда?

Шаруа менен жұрт асқан болған байда.

Көшпес кент, ұшпас тауық болған жұртқа,

Әрине жай жатқаннан егін пайда, - дейтін өлең шумағында өрнектелген. Осындай мәліметтерді оқып отырып, Мәшекең мақалада оқиғаны натура қалпында шебер жеткізгендігін айқын көреміз. Құндылықтың табиғи негізін зерттеу амалын ұдайы қарастырып отыратын кәсіби тынысын сезген замандастары Мәшһүр-Жүсіпті тыңдауға, оқуға, кейінгі ұрпақтар оны зерттеуге, зерделеуге құштар болатыны ақиқат [3].

Мақалада одан әрі Мұхаммед ғәләйһи уәс-сәламның мына айтылған: «Өзімнен кейінгі қалатын үмбеттерім үшін үш нәрседен қорқамын: нәпсіге беріліп, тура жолдан таю; өзін-өзі жақсы көрушілікке, сезімқұмарлыққа беріліп кетуі; ғылымға, білімге ие бола тұрып, білімісіздің ісімен айналысу», - деген 32-қадисіне (Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері, Алматы «Жазушы» баспасы, 1994 ж.) оғаш жасалатын әдеттерге орай ой өрістеледі.

«Ғылым иесін өзі сақтайды. Малды кісінің дұшпаны көп болады... Ғылымды болған кісі ғылымын шашып жұртқа үйретудің жаһтұнда болады. Малы көп кісінің қияметте сұраулы, тергеулі көп болады. Мал иесіне үлкен зарар болады.... Ғылым иесіне сол күнде үлкен пайда келтіріп, неше таршылықтан құтқарады. Малға бір апат болмай қалмайды. Жау алады...

Ғылымға еш апат жоқ. Адамның өзі өліп қалмаса, оған ешнәрсе залал келтіре алмайды. Мал біткен кісі мұрын көтеріп, тәккапарлық қыла бастайды. Ғылымды болған кісілер өзін-өзі төменшікке алып, кішік көңіл болады», - деп зерделеген зерек Мәшһүр-Жүсіп Көпеев. Осы ұлағатты пікір негізінде ол бір кәсіптің айналасында қалып, ізденбей, үйренбей, бейғамдықтан шыға алмау адам санасын тоқыратып, айналадағы берекені сезінбей күнді бос өткізіп, елдік сананы жоғалтып, бодандықтың бұғауынан шыға алмайсың деген тұрлаулы түйін бар. Мұндай болашақсыз күннен арылу тек қана білімдену, ғылым жолына түсу арқылы мүмкін екенін айтады. Айтса айтқандай, бүгінгі өмір талабы да осындай.

Осы дүниетанымдық, қоғамтанымдық тұжырымдарға қарағанда Мәшекең халық аңыздарын терең пайымдаудан, діннің ғылымдық негізін зерделеуден туындаған өзінің өміртанымдық фәлсәфәсін оқырмандарына ұдайы ұсынып отыруды өзінің парызы санаған деп айта аламыз. Бұл ойын пысықтау үшін автор білім алуда, ғылымды меңгеруде еркектің де, әйелдің де ынталы болуының маңызын айқындайды. Білімді адам өз халқының ділін өміршең деңгейге көтеріп, адамзат құндылығын жасауға үлес қосатындығы туралы ой, аталған мақаланың арқауы болған. Автор: «Адамның білгіш өнерлі болуына әуелі ата-ананың жақсылығы себеп», - дейді. Осы түйін - автордың орта, отбасы тәрбиесінің мәнін ашу ниетінен туған. Қазақтың: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Ұлың өссе ұлы жақсымен ауыл бол», «Опаға барған ағарады, күйеге барған қараяды», «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш», «Қатын алма, қайын ал, жақсы көрген тамырдың атын алма тайын ал», «Адал сүт емген бала болса», «Сүтпен берген мінез сол бағытымен кетеді», «Қатынды бастан, баланы жастан», - дейтін мақал-мәтелдер негізінде халықтық педагогиканың мәнін ашып, бала тәрбиесінде ортаның рөлін ерекше бағалаған. Алған білім мен тәрбиенің қатар орнығуына барынша пейіл қоюдың пайдасын айшықты баяндаған. Жоғары мәдениетті халық атануда қазақ ділінің жан-жақтылығы нұсқалады. Мәшһүр-Жүсіптің журналистік ұстанымында баспасөз арқылы жеке тұлғаның сезімін оятып, санасын тереңдетудің мәні жан-жақты қамтылған. Мәшекең елдің елдігін көрсетуде, халықтың ділін, тілін байытуда қоғамдық қатынасты реттеуге қабілетті жеке тұлғаның іс-әрекеттерінде білімдерін жетілдіруге, тәжірибесін ұтымды пайдалануға жеткізетін психологиялық, педагогикалық амалдарды қолданудың технологиясын пайымды көрсете білген. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің журналистік шығармаларында эвристикалық (грекше heureka – таптым деген мағынаны білдіреді), яғни, көтеріп отырған тақырыпқа анағұрым сәйкес келетін рационализаторлық (төте әдістік және ережелік) ойлау арқылы түжырымын ширатып отыратын шеберлігі андыздап тұрады. Оның мақалаларын оқығанда қоғамтануда, өзіңді-өзің бағамдауда ақпараттың аса қажеттілігін тағы да мойындайсың. Өйткені, ол ақпарат таратудың механизмін жан-тәнімен сезініпті. Табиғаттағы және қоғамдағы барлық құбылыстардың белгілі болу себептері мен заңдылықтарын айқындап, ақпаратта шындықты ашып көрсетуі соның ықпалы. Сөйтіп, тақырыптан ауытқымай, ақпаратты ұғынықты, бұлтарыссыз беріп, оқиғаны ақиқаттау, сәйкестендіру шеберлігіне жеткен [4].

«Дала уалаяаты» газетінің 1889 жылғы 7-санында жарық көрген «Қарға мен лашын», осы жылғы 6-7-сандарындағы «Адам һәм оның ғұмыры», 1890 жылғы 18-санындағы «Жақсы молда» сияқты аңыз-ертегілерінде, 1891 жылғы 20-санындағы мал өсірумен қатар, басқа кәсіпті үйренудің мәні баяндалған «Тұрмыс жағдайында болған хабарлар», 1893 жылғы 13-санындағы «Қазақтың бұрынғыдан қалған сөздері», осы жылғы 2-санындағы «Жиренше шешен мен хан», 1894 жылғы 6-санандағы «Малшы Алтай» сияқты аңыз-әңгімелер және т.б. мақалаларында ақпарат түсінікті, ұғынықты және мәнді айшықталған.

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев - газеттің мазмұнды болуына, аудиторияның пікірлерін жинақтап беруге ниеті басым, ел қамын болмысымен ойлауға бейім, ақылгөй тұлға. Ол - газеттің таралымын көбейту үшін газетке жазылушылар қатарының еселенуіне, басылымның жұрттың қолына тиюіне ұдайы алаң болып, осы игілікті істердің жүзеге асуына өзіндік үлес қосқан заманының азаматы. Оған Мәшекеңнің:

«Кім тұрар сөз сөйлемей көңіл қызса», - дейтін өлеңі нақты дәлел.

Шыққалы қырға газет көп жыл өтті,

Әуелі жазушылар екпіндетті.

Екі жыл өткеннен соң ұмытылып,

Сол себепті көңіліме қайғы бітті.

Қайғымның көңілімдегі осы бәрі,

Ағалар, сендерде бар бұған дәрі.

Үш күн болмай қайғыдан арылар ем,

Баяғыдай тағыда жазса бәрі.

Шонаев кеттің қайда, молда Юсиф,

Наурызбаев сен дағы едің пысық.

Көңілімнен Сәрсекей де кете қоймас,

Құрбылар, жүдеттің ғой еске түсіп.

Өлеңде өзінің, ел азаматтарының қоғамдық қарым-қатынастағы белсенді іс-әрекет тәжірибесінің пәрменін сезіне бастаған белсенді кезі, әлеуметтік, адамгершілік деңгейде ойлау, іздену, ел-жұртына қамқор болған келбеті бейнеленген. Халқын басқа елдерінің деңгейінде өркендеу жолына түсуге шақыруда толассыз толғану - Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің көрегендігі мен бай білімінің деңгейін анықтайды. Орыстың белгілі журналисі А.Агроновскийдің: «Жақсы ойласаң, жақсы жазасың», - деп айтуы осындай мазмұндылыққа берліген баға болар. А.Агроновскийден бұрын мұндай түйінді Л.Толстой жасаған. Автор барлық мақалаларында тақырыпты нақтылау, фактілерді жинақтау, жіктеу, идеясын айшықтау, сюжеттерін байыту, композициясын орнықтыру, тілді жатық қолдану талаптарына берік болуы негізінде өзіндік жазу стилін қалыптастырған. Бұл да – журналист, ұстанымын, шеберлігін анықтайтын нысана [5].

Мәшекең өмір сүрген заманның қазақ зиялыларының бәрі қазақ елі Ресейдің бодандық қыспағын бастан кешіп жүргенімен, бұл елдің ағартушылық жоғары дәрежесінен үйренудің пайдасын жете сезінгендігін айтуымыз қажет. Олар «Дала уәләяты», «Айқап», «Қазақ» және басқа газеттерде жарияланған мақалаларында мемлекеттік саясатқа бағамдап қарап, мемлекеттік тұрғыда іс-қимыл жасауға шақырады. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев оған бейімделу ішкі сезімінің экзистенциальді (латынша exsistentia - өмір, тіршлік, күнелту) қажеттілігін өтуде лайықты өмір сүрудің мәнін ажыратып, жіктеуде әр адам өзінің өсу сатыларын байыптап, қажет болғанда тұлғалардың білімі мен іс-тәжірибелеріне сүйеніп, алдымен, мәдени, ағарту саласында кемелденіп, бостандыққа жету мүддесін өтеу деп түсіндіреді. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мақаларында фактілерді сұрыптау, аргументерді анықтау, мазмұндау, оларды оқырман назарына ұсынудағы журналистік ұстанымынан қазіргі теориялық-танымдық зерттеудің теоретикалық-әдістемелік плюрализмі айқын көрінеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет