Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет2/18
Дата24.02.2016
өлшемі1.5 Mb.
#13498
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Қожалар. Қазақтың этникалық қүрамына кіретін тағы бір субэтникальік топ – қожа. XVIII ғ. қазақ ішіндегі қожа саны шамалы, бірақ олардың елдің рухани өмірінде атқаратын қызметі жеткілікті болған. Бұқар жыраудың:

Он екі айда жаз келер,

Құс алдынан қаз келер,

Айтып-айтпай немене,

Заманымыз аз келер.

Сол заманың келгенде

Ата бабаң қол берген,

Қожаларын қас көрер.

Ақиретке барғанда,

Ақ сүйекті қор тұтқан,

Қараны одан зор тұтқан

Ноғайларды пір тұтқан,

Тартарсың сонда жазаңды - ай - деп қазақ елінің XVIII ғ. қожалар ықпалында болғанының бір көрінісі. Оған себеп қазақ қоныстарының көпшілігінің Түркістан аймағында болуы. Қожалардың негізгі мекені Қаратаудан әрі. Қожалардың сейід қожа аталатын ерекше тұқымы бар оларды кейде Есім сейід, Баб сейід, Қосым сейід деп жіктей атайды. Осы топқа Ақ қожа, диуана қожа, Қылышты қожа, Қырықсадақ т.б. жатқызады. Мекендеген жерлеріне байланысты қожаларды Қарнақ қожасы, Сунақ қожасы, Иқан қожасы деп атау да кездеседі.

Қазақтар қожаларды "асыл сүйек" қатарына қосады. Пайғамбарға жиеншар болып Фәтимадан тарағаннан кейін оларды Пайғамбар жұрағаты деп қазақ қатты құрметтеген. Қожалар қазақ арасында дін тарату және сауат ашу ісіне өздерінше үлес қосқан топ. Ісләм дінінің Орта Азиялық тармағы көбінесе сопылықпен байланысты болып келеді. Қазақ арасында сопылықтың Қожа Ақмет Иассауи және Қожа Бахауаддин салған нұсқалары кеңінен қолдау тапқан. Сопылық дүние таным көшпелілердің бақсылық сенімі-нанымдарымен қосыла келе діннің ерекше бір қазақтық нұсқасын қалыптастырады.

Қожалар да төрелер сияқты қара қазақпен араласпайтын эндогамиялық топ. Қызды тек өз ішінде ғана алынады. Қыздарын қазаққа бермегенімен төрелер де қожалар да қазақтың қыздарын алып отырған, тек бірінші әйелдері өздерінің этнографиялық тобынан болуы шарт. Этникалық араластыққа түсіп кеткендерін "қараман" деп атайды, яғни қара халықпен араласып кеткен. Төрелер де, қожалар да "ақ сүйек", немесе "асыл сүйек" есебінде құн мәселесіне келгенде бөлекше. Олардың құны қазақ құнынан жеті есе жоғары кесілді. Қожаны өлтірген ел төрені өлтіргендегі сияқты жеті есе көп мал төлейді, қара қазақтың құнына 100 жылқы кесілсе, төренің, қожаның құнына 700 жылқы. Әрине, осыншама үлкен құн тек аса беделді, қызметтегі ақ сүйектер үшін ғана төленгенін ескерткен жөн. Қазақ этникалық құрылымының мүшесі, бірақ қараша халықтың генеалогиялық туысу дәстүрінен тыс бұл әлеуметтік топтар материалдық деңгейде де ерекше. Олардың киген киімі, сәлемдесу мезіреті т.б. оқшаулау.

Қожалар – қазақ хандығындағы діни білім беретін сословие. Қазақ қоғамында қожалар аса құрметті топ құрған. Олар дәстүрлі қазақ қоғамының негізгі генеалогиялық құрылымына кірген жоқ және өздерінің шығу тегін Мұхаммед пайғамбардың төрт серігі Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әзірет Әліден бастайды. Халық арасында қожаларды «асыл сүйек» деп атаған. «Қожа» сөзін парсы тілінен аударғанда «қария», «мырза», «үй иесі» деген мағына береді. Қазақстан территориясында қожалар ерте ортағасырларда еніп, мұсылмандық дін уағыздаушылар, миссионерлер, ағартушылар ретінде әйгілі болған. Қожалардың ұраны – «Қожахмет», таңбасы – араб алфавитінің бірінші әріпі – І. Қожалар төре сияқты қарапайым халықпен қыз алыспады, олардың қоғамында жақын туыстық неке қию кең тараған. Қожаларға зекет жинау құқығы берілді, ислам ережелерін орындауды бақылау, мұсылман дінін уағыздау олардың қолдарында болған.

Қожалар рухани білім өкілдері болғандықтан әр түрлі алымдардан босатылды, тек сұлтандар сотымен ғана жазаға тартылды. Қожалар дінді уағыздаушылар болғандықтан бір жерде ғана шоғырлана алмады. Олар Қазақстанның бүкіл территориясына жайылған. Қазақстанның барлық ауылдарында кем дегенде бір қожа руына сіңісіп кеткен субэтникалық топ. «Қожа» сөзі қазақ шежірелерінде жүзге кірмейтін ру атауы ретінде жеке аталды.

Профессор Т.Жанұзақов былай деп жазды: «Қожа арабша, ходже 1) ұстаз, молда, мырза, бай көпес, не қожайын; 2) төрт халифтің бірінің ұрпағы, мұсылман дінінің өкілі».

Көптеген ғалымдар «қожа» сөзі парсы тілінен алынған деп айтқан. Мысалы, Л.З.Рустемов өзінің еңбектерінде «қожа» сөзінің мағынасын келесідей түсіндірген: «... Тар мағынада Орта және Таяу Шығыс халықтары арасында феодалдық қоғам мүшелері, кең мағынада билеуші тап өкілдері. Әлеуметтік иерархияда қожалар саидтерден кейін /Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары/ тұрады».

Қожалардың шығу тегі әр түрлі талқыланады: бір деректер бойынша, олар алғашқы төрт халифтің ұрпақтары /Әлінің әйелі Фатима пайғамбардың қызынан тарағандардан басқа/ болып келеді, басқа деректер бойынша, басып алушылық соғыстарда араб әскерлері жетекшілерінің ұрпақтары болып келеді.

«Қожа» сөзі «Ислам» энциклопедиялық сөздігінде келесі мағыналары көрсетілген:

Ортағасырлық мысырда қожалар – шет елден келген көпестер немесе бай көпес. Саманидтер (ІХ-Х ғасырлар) және Газневидтер (Х-ХІ) мемлекеттерінде қожа – уәзір лауазымы. Осман империясында қожа деп уламды көрсеткен. Дәл осылай сұлтан тәрбиеші, сарай кітапханасын сақтаушы және әтектер аталған. Қожа және жоғары лауазымды тұлғалардың титулы. Көп санында хваджаган – Осман империясының (ХҮІ-ХХ ғасырларда) шенеуніктер табының атауы. Қазіргі кездегі Түркияда «қожа» деп дінмен айналысатын адамдарды айтқан және мұғалімдерді «қожа» дейді. Бірқатар қазіргі араб елдерінде мұсылман еместерді атаудың әдепті түрі;

Орта Азияда ХХ ғасырдың басына дейін қожа деп төрт халифтердің ұрпақтарын айтқан (Пайғамбардың қызы Фатимадан тараған ұрпақтарынан басқа);

Абдаль – Хаким аль Гиджувени негізін қалаған сопылық ходжаган туыстығының мүшесі (ХІХ ғасырға дейін), кейін осы туыстықпен генетикалық байланысы бар бірнеше билеушілер әулеті;

Парсы Бұғазы аудандарында, Шығыс Иранда, Орта Азияның бірқатар облыстарында, Гиндукуште, Африканың шығыс жағалауында, Занзибарда өмір сүрген үнділік иема иметнизариттер қауымы;

Үндістанның исмаилиттер, сунниттер, шиит – имамиттерден тұратын тобы.

«Ислам» энциклопедиясы бойынша «қожа» Мұхаммед пайғамбардың алғашқы халифтерінің ұрпағы, ертеде қазақ тағы да басқа халықтар арасында мұсылман дінін таратып, уағыздаушы. Ислам тарихы туралы шежіре деректеріне қарағанда, қожалардың арғы атасы Аюби Яминнен басталады. Пайғамбардың туысы Әлінің баласы Хұсайыннан өрбіген қожаларды – «Саид қожалар» деп атайды. Олардың аз ғана тобы Мекке, Мединаны, ал бір тобы Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген.

Орта Азия халықтарының ішінде тәжіктер, өзбектер және түрікмендер арасына бараланған топты қожалар мен сейіттер құрып, жергілікті жерлерде оларды жалпы атпен «қожалар» деп атайды.

Қазақтар арасында қожалар Шәмши Ахмед және Шайхы Бұзырық деген екі үлкен салаға бөлінеді. Шайхы Бұзырықтан: Қожа Ахмед Яссауи, Арыстан баб, ал Шәмши Ахмедтен: Қорасан қожа, Қырық Садақ, Диуана қожа, Бақсайыс, Ақ қожа, Жүсіп қожа, Сейіт қожа, Қылышты қожа тарайды. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңында төрелер мен қожалар бір топқа жатқызылып, оларға «қара» халықтан гөрі жеті есе артық құн белгіленген. Қожалар ислам дінін таратушы әрі уағыздаушы болумен бірге, халықтың арабша сауатын ашуға қатысты.

Халифат арабтың теократиялық ерте феодалдық үлгідегі мемлекет. Оның басында Алла елшісінің бұрынғы ізбасарлары, оның мұрагерлері немесе орынбасарлар халифтер отырды. Олардың арасында исламның ең кең тараған суннит бағытындағылар ерекше құрмет тұтатын алғашқы төрт халиф Әбу Бәкір Садық (632-634), Омар (634-644), Осман (644-656) және Әлі (656-661) бар.

Әбу Бәкір Садықтан тарағандар Қылауыз (Жақып Ата), Қасым қожа, Мәулана Шәмшіден (Шәмші Бүзрік), Ұзын Ата, Бұлқас Ата, Шайқантауыр, Сұнақ Ата, Жүсіп Ата, Мамыт Ата, Құмсахаба (Құсаба), Лалабибі; Омардан – Қырық Садақ; Әзірет Әліден тараған ұрпақтар – Қорасан, Дуана, Сейіт, Қарахандық, Бақсайыс, Құрбан қожа, Құлтай қожа, Сәдір Ата, Қойлақы Ата.

Жақып (Қылауыз) Ата Әбу Бәкір Садықтың жиырма бірінші ұрпағы. Ол өз дәуірінің (ХІІ ғасырда өмір сүрген білімді, ғұлама адамы, әрі әулие болғаны туралы жергілікті халық аузында осы уақытқа дейін сақталған, аңызға айналған қызметі, кереметі айтылады. Жақып Ата Қожа Ахмет Яссауидің замандасы болған. Жақып Атаның «Қылауыз» аталу себебі: дариядан бөлініп шығып, 4-5 шақырым жерде қайта құйған суды Сырдария бойы елі «Қылы» деп атайды және ол дариядан суат салған, ол осы күнге дейін «Талсуат» деп аталады. Екіншіден, адам жұту дәрежесіне жеткен қарақұртты дұға оқып қайтарған. Осы қасиетіне байланысты Қожа Ахмет Яссауи: «сенің атың Қылауыз болсын» деп батасын берген екен. Араб тілінде «қылауыз» – «ел басқарушы» деген ұғымды білдіреді. Оның ұрпақтары Алматы, Қызылорда, Шымкент, Жетісай, Жаңақорған, Қожакент, Өзгент, Ташкент қаласы, орта Шыршық, төменгі Шыршық, Шыназ аудандарында «қылауыз қожалар» деген атпен өмір сүреді.

Мәулана Шәмшідә (Шәмші Бүзірік) (1445-1540) Әбу Бәкірдің ұрпағы болған. Сырдария бойындағы Өзгент қаласында қоныстанған. Ол ата-бабасынан жалғасып келе жатқан қасиетті ислам жолын уағыздау, оны халық арасына таратуды міндет алған. Мәулана Шәмшідіннен тараған ұрпақтар (немесе Шәмші қожалар) қазіргі кезде Қызылорда қаласы мен тереңөзек және Жаңақорған аудандарында, Алматы, Шымкент қалаларында бар.

Әл-Әмин баб (ХҮ ғасырдың екінші жартысы – ХҮІ ғасырдың 20-жылдары) Әзірет Омардың жиырма жетінші ұрпағы. Халық оны Қасым ханның белсенді батырларының бірі ретінде танып, лақаб атын «Қырық Садақ» деп атап, оның ұрпақтары «қырық садақ қожалар» деп аталады.

Шах Бүзірік (ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүрген) Әзірет Әлі мен Бибі Фатиманың жиырма үшінші ұрпағы. Саид шаһ Бүзірік көне Өзгент шаһарында дүниеге келген. Оның лақаб аты «Сабұлт» - «Бұлттар падишасы». Халық оны бұлтты бағындырған әулие, бұлттарды бір жерден екінші жерге айдап, керек кезінде жаңбыр жауғызады деп сенген. Оның ұрпақтары «Сабұлт қожалар» Қызылорда қаласында, Жаңақорған, Сырдария аудандарында, оңтүстік Қазақстан облысындағы Бөген, Шаян және Шымкент, Түркістан қалаларында, Өзбекстанның, Қарақалпақ, Хорезм, Самарқандта тұрады.

Мұхаммед Әнапиядан тараған ұрпақтардың бірі – Диуана қожа атанған Мәдіқожа, Мәдіқожадан Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бақмұхаммед атты төрт ұлы болған. Ал одан тараған ұрпақтары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан аймағында және Ташкент обылысының Орта және Төменгі Шыршық өңірінде мекендейді.

Әбдіжалел баб Әзірет Әлінің жетінші ұрпағы. Әбдіжалел баб Иемен шаһарында патшалық құрған кезінде Иран еліне аттанып, Хорасан қақпасын бұзып, басып алғандықтан Әбдіжелел Хорасани атанған. Ал одан өрбіген ұрпақтар Қызылорда обылысынның Жаңақорған, Түгіскен және Қожакент шаруашылық аумағында, Ташкенттің Орта Шыршық ауданының «Қожа керсен» ауылында, Сексен Ата өңірінде мекендейді.

Саидтер – қожалар ішіндегі аға буын болып саналады. Бұл топ қожа тайпасын құрастырушылар. Саидтерден Мұхаммед пайғамбарымыздың үзеңгілес серігі Омар шыққан. Саид руынан сонымен бірге Шайхы Бұзырықтың ұлы Гимарат Әзиз араб әскерімен бірге Түркістанға келген. Түріктерде ислам дінін кіргізбек болған олырдың әрекеттерінен ештеңе шықпаған соң күштеп еңгізбек те болады. Бірақ одан да көп нәтиже шыға қоймады. Сонан соң мешіт медреселер ашып, ислам дінін уағыздай бастайды. Жергілікті адамдарды арабша оқытып, ислам дінін қабылдаушыларды көбейтуге көңіл аударды. Гимарат Әзиздің ұрпақтары Баба Туклас пен Ысқақ баб қазіргі қазақ халқының арасында өмір сүрген адамдар.

Ал Ысқақ баб өте білімдар адам болған. Оның кезінде қазіргі Баба Ата қаласы үлкен ғылым ордасына айналады. Ысқақтың мешіт сағанасы Баба Ата қаласында әлі сақтаулы тұр.

Қорасан тобы – Мұхаммед пайғамбар әулеті саналады. Мұхаммед құрайыш тайпасынан шыққаны мәлім. Пайғамбарымыздың немере ағасы Әбутәліп те сол құрайыш тайпасынан шыққан. Әбутәліптің ұлы Әлі Аббасты қазақтар Әзірет Әлі дейді. Ол пайғамбарымыздың үлкен қызы Фатиманың күйеуі болған.

Жүсіп қожа руының атауы Фарабтық /Отырар/ түрік Жүсіп ибн Ысқақ дамуланың есімімен тығыз байланысты. Ол кісі Шам қаласында /Дамаск/ оқып, білім алған. Медреседе негізінен химиятану пәнінен сабақ берген. Сондай-ақ алхимиялық ілімнен, әдебиетті, тарихты зерттеумен айналысқан. Жергілікті халық соғдылар /сарттар/ мен түріктер оны Жүсіп қожа деп атап кеткен. Жүсіптің өзі жергілікті түрік-оғыз тайпасынан шықса да, оның ұрпақтары келе-келе қожа атанып кетті. ХҮІІ ғасырдың басында жаңадан топтасқан қожа тайпасының құрамына енді. Жүсіп қожа руына Ұлан қожа, Қасым қожа, Құлтай қожа, Қарақан қожа, Көдей қожа топтары кіреді.

Түрікпен қожа руының аты адам атынан шыққан. Шыққан тегі түріктің қыпшақ-оғыз тайпасының Түркеш (Түрікпен) руынан шыққан Әбілмұрат Түрікпени сопы Бағдатта оқып келіп, Сығнақтағы үлкен мешітте ишандық (имандық) қызмет атқарады. Ол сондай-ақ жергілікті қыпшақ-оғыздарда суниттік-суфизмді уағыздаумен айналысқан. Оның ұрпақтары бертін келе Саид тобымен (Сеит қожа) араласып кеткендіктен оны жергілікті халық Түрікпен қожалар жеп атай бастайды. Түрікпен қожа руы Саид руымен бірігіп ХҮІ ғасырдың соңында жаңа топтасқан Қожа тайпасының құрамына енді.

Қожалардың саны туралы айту қиын, олар Қазақстанның барлық территориясында тараған. Мысалы, Қарқаралы округіндегі ХІХ ғасырдың 50-жылдарындағы қожалардың саны: ер адамдар – 114, әйел адамдар – 92, округтегі бүкіл халықтың пайыздық қатынасына шаққанда – 0,3%.

Қожалардың ұраны – Қожахмет. Таңбасы – араб алфавитінің бірінші әріпі – І (әліп).



Билер. «Қара сүйектің» артықшылықпен пайдаланатын әлеуметтік топтары арасынан көшпелілер ұжымдарында сот билігін атқарушы билер сословиесі аса маңызды орын алды. «Би» деген сөздің, астары, - деп көрсетті Я.П. Гавердовский, - сөзге шешен, бай әрі шамдағай адамдар екенін біз ұғынуымыз керек». Қазақстандағы билердің артықшылықты жағдайы бәрінен бұрын құқықтық реттеудің, қазылықтың және жарастырушылықтың үлкен қоғамдық мәнімен айқындалды әрі мүліктік қатынастар жүйесінде айрықша құқықпен, соның ішінде кінәні іздестіру (билік жүргізу) ақысының оннан бірі түріндегі қосымша табысты иелену құқымен пайдаланатындығынан көрінді.

Көшпелі қауымның қойнауынан сұлтандарға қарама-қарсы өсіп шыққан әлеуметтік үстем топ ру старшындары - билер еді. Билер де қазақтардың арасында үстем жағдайға ие болды. Олар ерекше құқықтық және экономикалық артықшылықтарды пайдаланды. Ру старшындары әуел бастан-ақ қауымдық қоныстардың едәуір бөлігіне иелік еткен, бірақ XIX ғасырдың бірінші жартысында мал өсіру дағдарысының күшеюіне байланысты олар зорлық жасап, таңдаулы қыстауларды өздерінің жеке меншіктеріне ала бастады. Байыған ру старшындарының, яғни билердің кейбір ауылдары сұлтандардың ауылдары сияқты ру қауымдарынан бөлек көшетін болды. Сонымен бірге ру билері хандармен және сұлтаңдармен қатар сот-талап істерін қарап, кірісті бөлуге қатысты.

Тек «қарасүйектің» өкілдері ғана би бола алатын, чингизидтер би болып сайлана алмайтын; бірақ сот істерін талқылауға бұлар да қатысатын. «Би» сөзінің қайдан шыққаны осы кезге дейін әлі толық анықталған жоқ. Құрбанғали Халид Оғлы «би» деген сөз «бек» немесе «биік» сөзінен шыққан деп дәлелдемек болады.

«Бек - кейбір чиновниктер мен лауазымды адамдардың атағы, патша әулетіне қызмет ететін адамдарға берілетін атақ, кейбір шетелдік өкілдерге берілетін атақ: Сефир-бек, Консулус-бек; автономиялы облыстардың әкімдеріне берілетін атақ. Бұл мағынада «бек» дегек атақ «ргіпсе» деген атаққа тең. Әдеттегі құқық нормаларын сақтаушы және түсіңдіруші болғандықтан, билер қазақ қоғамыңда көрнекті орын алды.

Батырлар. ХVIII-ХІХ ғғ. орта шеніндегі Қазақстанда батырлардың - әскери көсемдері әлеуметтік тобының үлкен беделі мен саяси ықпалы болды. Е. К. Мейендорфтың айқындауы бойынша қазақтар батыр деп батыл, әділ және тапқыр адамдарды айтады, соғыс кезінде – бұлар нағыз шабандоздар». «Батыр» атағы ешқашанда мұрагерлікке қалдырылған емес, оны әркім жеке басының ерлігімен алып отырды. Батырлардың үстем тапқа жатқызылуы қазақ коғамындағы қарастырылып отырған тарихи кезендегі әскери-басқару құрылымының үлкен рөл атқаруымен, демек, әскери қарсыласу дәуірінде батырлар да көсемдер ие болатын зор билік ықпалымен анықталды. Қазақстанның шекараларындағы әскери-саяси жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақтана бастауына байланысты XIX ғ. ортасында бұл жүйе өзінің маңызын жоғалтып, бірте-бірте екінші қатарға ығысты.

Әлеуметтік категория ретінде батырлар институтының қалыптасуы әскери-феодал шонжарлардың пайда болуымен тығыз байланысты. Ал «батыр» терминінің өзі қазақтарда өте ерте замаңда пайда болған.

«Батыр» деген сөз «багадур» және «бакхатур» деген түрік сөздерінен шыққан. Қазақ халқы тарихының сонау алғашқы дәуірінде-ақ қазақ даласы сыртқы жаулардың шапқыншылығына ұшыраған кезде, оларға қарсы күресу үшін өздерінің қолбасшылары бар арнаулы жасақтар құрыла бастады. Осы жасақтардың шайқастарда ерекше көзге түскен жетекшілерін қазақтар «батыр» деп атады. Қазақ және басқа түркі тілдерінде «батыр» сөзі «күрескер», «қаһарман», «ер», «ержүрек», «жаужүрек» деген мағыналарды білдіреді.

Қазақтардың қалмақтармен болған кейінгі соғыстары нақ осыны дәлелдейді. 1730 жылы Кіші жүз қазақтары мен жоңғар басқыншыларының аса ірі шайқасында Бөкенбай, Есет және Әбілқайыр хан өздерінің батылдығымен ерекше көзге түсіп, халық оларды «батыр» деп атап кетті. Бұдан кейінгі жылдарда болған оқиғалар да нақ осыны айғақтайды. Мәселен, Кенесарының ең жақын серіктерінің бірі Төлебай «Жеке батыр» деп аталды. Демек, сыртқы жаулармен болған ірі кақтығыстар кезінде өздерінің ержүректігімен көзге түскен қазақтар «батыр» деп аталған. Қазақ халқы өздерінің қаһармандық қиссаларында жыр етіп, батырлардың бейнелерін ғасырлар бойы қастерлеп келеді.

Кейінгі кезде руаралық күресте, барымтада, тағысын-тағыларда көзге түскен кез келген адам «батыр» деп аталатын болды. Мысалы, С. Трубин казақтар өздерінің барымтадағы батылдығымен «батыр» деген құрметті атаққа ие болатындығын жазды.

Қазақ бай-феодалдары да руаралық қақтығыстарда, жұдырықтасып төбелесуде көзге түскен өз адамдарына «батыр» атағын беріп тұрды. «Батыр» деген құрметті атақты жарлы-жақыбайдан шыққан кедей адамдар да иеленді.

Мәселен, Кенесары Қасымов қозғалысына әскери шонжарлардың ірі өкілдерімен қатар Арғын руынан Бұқарбай батыр (Орта жүз), Шұбыртпалы руынан Ағыбай батыр (Орта жүз) сияқты кедей батырлар да білек сыбана қатысты.

Алайда осының бәрі батырлардың белгілі бір әлеуметтік тапқа қатыстылығын ашып көрсетпейді және олардың таптық кескінін айқындамайды. Егер біз «батыр» терминінің дәстүрлі түсінігін негіз етіп алып, батырларды таптан жоғары тұрған әлеуметтік категория деп сипаттасақ, қателескен болар едік.

Ең әуелі біз мынаны есте ұстауға тиіспіз, феодалдық қоғамда әлеуметтік қатынастар патриархалдық-рулық сарқыншақтармен қалай бүркемеленсе де, бірде-бір әлеуметтік категория таптық ортадан тыс өмір сүре алмайды. Батырлар жөнінде де осыны айтуға тура келеді. Әрине, батырлар институты өзінің дамуында белгілі өзгерістерге ұшырады. XI-XII ғасырлардағы аңызға айналған батырлар мен XVIII-XIX ғасырлардағы батырлардың арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Батырлар о баста тайпалардың, рулардың әскери қолбасшылары болған деп есептеу керек. Феодалдық қатынастардың пайда болуына байланысты әскери қолбасшылардың қызметі өзгере бастады.

Өздерінің тегі қандай болса да, тіпті жарлы-жақыбайдан шыққандарына қарамастан батырлар бірте-бірте ру шонжарларының құқықтарын иемдене бастады да, қоғамдық өмірде олармен бірдей рөл атқарды. Батырлардың қоғамдық жағдайында бірте-бірте болған мұндай өсуді бірқатар тарихи мысалдардан көруге болады.

XIX ғасырдың бірінші жартысында Арғын руының биі Шеген батыр және Тілеуқабақ руының старшыны Есет Көтібаров өздеріне бағынышты руларда толық билік жүргізді. Олар салық жинады, айыпты болғанға тумаластарын жазалады, басқа қазақ руларымен өз руы атынан келіссөз жүргізіп отырды. Мұның өзі феодалдардың әскери шонжарлардан тап болып қалыптасу көрінісі, яғни феодалдық қоғамның бастапқы кезеңіне тән іс еді.

XIX ғасырдың бірінші жартысында Кенесары көтерілісіне белсене қатысқан ірі батырлардың бірі Жоламан Тіленшиев еді. Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы генерал-майор Генстің деректері бойынша, "Жоламанның 800 жылқысы, 2 000 қойы, 50 түйесі болған және оның әрбір ағасы не інісі, баласы, жиені, немересі өз беттерінше мал ұстаған, осылардың бәрін қоссаңыз едәуір мол байлық. Ал осынау үбірлі-шүбірлі әулеттің үлкені Жоламан болған». Жоламан Табын руының өзі қожа, өзі биі іспетті болды.



Бұл мысалдар батырлардың таптық жағдайын жеткілікті дәрежеде айқын суреттейді. Әскери шонжарлардан феодалдардың қалыптасуы және олардың ру шонжарларына айналуы қазақтардың әлеуметтік қатынастарындағы өзгерістермен тығыз байланысты, ал бұл өзгерістер қазақ қоғамының феодалдануы және көшпелі қауымның жіктелуі сияқты ортақ жәйіттен туған болатын. Сонымен бірге қазақтардың жоңғар, ал кейін Орта Азия басқыншыларымен болған соғыстары да батырлардың әлеуметтік рөлінің өсуіне елеулі ықпал жасады. Осы соғыстардың барысында батырлар ру шонжарларының құқықтарын иеленіп, қоғамдық өмірде жетекші тұлғаларға айналды. Бұл туралы қазақ ағартушысы Шоқан Уәлиханов былай деп жазған болатын: «Батыр - қырғыздарда ру басы сұлтаннан кейінгі ең маңызды, әрі көрнекті тұлға... Ол - ең беделді адам, оның ақыл-кеңесімен халық әрқашан есептесіп отырады».

Батырлардың таптық табиғатын Шоқан Уәлиханов тауып айтқан осы бағадан олардың феодалдық сатыда екінші орын алғандығын көруге болады.

Осыған орай мынаны да атап өткен жөн: қазақ байлары мен сұлтаңдарының бір мезгілде «батыр» атағы иеленуі XIX ғасырдың орта тұсына өте-мөте тән жәйт болды. Мысалы, Тезек сұлтан, ол - сонымен бірге Тезек батыр атанған. Кенесары батырларының арасында да осылай болған. Бұл жәйт қазақ қоғамының феодал басшы тобы арасында батырлардың әлеуметтік жағдайының күшейе түскендігін дәлелдейді.

Байлар. ХІХ ғасырдың орта тұсына қарай қазақтардың экономикалық өмірінде жаңа әлеуметтік топ - байлар көрнекті рөл атқара бастады. Бұл орайда «бай» деген термин арқылы қазақтар бұрын қандай да болсын бай феодалды атағанын есте ұстау керек. Қарастырылып отырған кезеңде «бай» деген сөз басқа бір әлеуметтік мән-мағынаға ие болған. Байлар сауда мен өсімқорлық ақшаға қатысты істердің дамуына байланысты ерекше қоғамдық топ болып қалыптасты. Қазақтар арасында ірі саудалық және өсімқорлық істермен айналысқан бірсыпыра бай-феодалдар пайда болды. Мысалы, Кіші жүздің шығыс бөлігін басқарушы сұлтан Жантөрин, П. Небольсиннің айтуына қарағанда: «қырғыздардан құралған едәуір үлкен сауда компаниясының жарнашысы болды және өзі де 25 приказчик ұстады».

Сауда компаниясының мүшесі болған Күлімбаев деген қазақ та 10 приказчик ұстаған. Бұл байлар тек саудамен ғана айналысып қоймай, процент үшін басқаларға несиеге ақша беріп отырған. Сұлтан Ахмет Жантөринді наградаға ұсынуға байланысты оған мінездеме жазған Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы Ладыженский Азия департаментінің директоры Синявинге былай деп жазған: «Орданың батыс бөлігінде оның (Ахмет Жантөриннің) үлгісімен көпес, немесе арбакеш, немесе тұз тасушы болмаған бірде-бір дерлік қырғыз жоқ. Ахмет сауда-саттықпен өзі де шұғылдана жүріп, жоғарыда аталған кәсіптердің қандайымен болса да айналысқысы келген әрбір қырғызға, әрине, өзі үшін едәуір тиімді жағдайда ақша беруге әзір тұрады».



Сұлтандар ортасынан да, ру шонжарлары ортасынан да, сондай-ақ көбінесе «қарасүйек» шонжарлар арасынан да бай-феодалдар шықты. Сол заманнан бері сақталып келе жатқан «Батыр болып, бай болса, патшадан несі кем?» деген сияқты халық мақал-мәтелдері соны аңғартса керек. Бай-феодалдар өз шаруашылығы үшін қызметшілер жалдауды әдетке айналдыра бастады. Егер ру шонжарларыңда «туысқандық көмек» көрсету деген желеумен қоңсылары мен руластары бақташы болып жұмыс істесе, ал бай кызметшіні шарттық (сөз жүзіндегі) негізде белгілі бір ақы беріп жалдады. Орынбор чиновнигі д'Андренің деректеріне қарағанда, «бақташы» деп аталатын қызметші жылына 12 қойға дейін немесе бір жылқы алған. Сонымен бірге қожайын өз есебінен оны тамақтандырып, киіндіруге, ал қысқы уақытта тұрғын үй тауып беруге міндеттенген. Оның есесіне қызметші өз қожайынының рұқсатынсыз басқа бай-феодалға кете алмайтын еді. Д'Андре былай деп жазды: «Бір жылға жалданған қызметші қожайынының келісімінсіз басқа адамға ауыса алмайды».

Бай-феодалдардың қызметші жалдауға көшуі капиталистік жалдаудың алғашқы хабаршысы еді, бірақ ол әлі де жұмыспен өтеудің ауыр азабы астында өтіп, әрі патриархалдық-рулық сарқыншақтармен бүркемеленген болатын. Орынбор көпесі Беловтың айтуынша қарағанда, қазақтар бай-феодалдарға жыл маусымдарына қарай жалданған. Егер қызметші қыста жалданса, жалдау мерзімі жер көктегенге дейін, яғни көктемге дейін созылады, бұл жағдайда қазақтар жалдау мерзімін «Көктеу» деп атайды; егер қызметші жазда жалданса, жалдау мерзімі қойдын күзгі қырқымына дейін немесе су қатқанға дейін деп белгіленеді, мұны «Күзеу» немесе «Мұз қату» деп атады. Қызметшілерге төленетін ақының мөлшерлері жөнінде Белов мына төмендегі нормаларды атап көрсетеді: егер қызметші бір айға жалданса, бір жасар қой, егер тұтас бір жылға жалданса, бесті ат алады.

Сонымен бірге бай-феодалдар керуен саудасымен айналысты. Кейде бай-феодалдардың өздері керуен басы болып, казақ даласында сауда-саттық жүргізді, бірақ олар көбінесе өз түйелерін қарапайым қазақтарға уақытша беріп, бұл үшін олардан белгілі мөлшерде ақы алды. Небольсиннің деректеріне қарағаңда, керуен саудасымен Әлім руынан Шүрен, Қабақ, Төртқара, кейде Тілеу және Шекті тармақтарының қазақтары, сондай-ақ Жетірудан Тама тармағы қазақтарының бір бөлігі айналысқан. Бай-феодал керуен саудасына өз түйелерін бергені үшін ақыны ақшамен, кейде тауармен алған.

Сонымен, феодалдық құрылыстың қойнауында пайда болған әлеуметтік топ - байлар - қазақтардың экономикалық өміріндегі жаңа құбылыс еді. Жоғарыда айтып өткендей, бай-феодалдар тауар-ақша істерімен, бірінші кезекте өсімқорлық ісімен тығыз байланысты болды. Рас, XIX ғасырдың алғашқы жылдарында олар қазақтардың қоғамдық құрылысына әлі елеулі ықпал жасай қоймаған еді. Бұл түсінікті де, өйткені ескі өндіріс әдісінің бастаулары негізінен алғанда өзгеріссіз қалған. Алайда осыған карамастан, байлар айналысқан істің дамуы Қазақстанда тауар өндірісінің пайда болғаңдығын көрсетті. Мұны әсіресе Қазақстанның реформадан кейінгі экономикасының мысалынан айқын көруге болады.

XIX ғасырдың орта тұсында-ақ байлар айналысқан іс қазақтардың экономикалық өмірінде нық орын алды. Бай-феодалдардын өскелең әлеуметтік маңызын сипаттайтын мақал-мәтелдер де пайда бола бастады: «Жұлдыздар жиналып ай болмас, кедейлер жиналып бай болмас». «Ауызы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін».



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет