Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет6/18
Дата24.02.2016
өлшемі1.5 Mb.
#13498
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Шідерге сигізу
Шідерге сигізу (ырым). «Шідерге симеген неме! (сөгіс)» Қазақ халқы бала 4-5 жасқа толғаннан кейін сүндеттеу, ашамайға мінгізу, тігін тігу, жүн түту сияқты еңбекке баулып, ұлттық әдет-ғұрыптарды түсіндіріп, оны жүзеге асыра бастайды. Соның бірі еркек балаларды шідерге сигіздіру. Бірнеше адам бас қосып балаға «сен енді азамат болдың, шаруаға ыңғайлы бол» деп бата беріп, алдына шідер тастап оған сигізеді. Бұл ырым бала еңбекқор, іске бейім болсын деген ойдан туған. Шаруаға икемсіздерін «шідерге симеген неме» деп сөгеді, күстаналайды.
2.2.1 Тұрмыс-тіршілік, отбасына қатысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер.
Абысын асы
«Абысын асы» (салт). «Абысын тату болса ас көп» (мақал). Бұрын бір ауылдың әйелдері яғни абысындар күнделікті өмір күйбеңімен ертелі-кеш үй шаруасында жүреді. Олар ата-ене, күйеуінің рұхсатынсыз ешқайда шыға алмайды. Кейде ауыл адамдары айтқа, тойға, қазаға үлкен кішісі аттанып кетеді де ауылда тағы да сол әйелдер қалады. Абысындардың еркіндеп қалатыны міне осы сәт. Олар мұндайда өздері бір үйге бас қосып жылы-жұмсағын қазаңға салып, шәй қойып өздері бір кеш саулық жасайды, өлең айтады, бой көтереді, сырласады. Бұл да қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағының көрінісі болатын.
Айып
Айып (заң жолы, салт). «Айыбына атын алып қалып, жаяу қайтарыңдар!» (Ғ. Мүсірепов). Барымта, қылмыс, ұрлығы, дәстүрді бұзғаны т. б. жағымсыз іс-әрекеті үшін қылмыскерге берілетін жаза — айып. Мы-салы: көп алдында орынсыз дау, жанжал шығарған адамдарға айып салынады. Жазаланушы адам оны сол сәтте орындауға тиіс. Айыптың түрлері көп. Жеңіл кінәләрі үшін тон немесе ат төленеді. Ауыр қылмыс жасағандар тоғыз төлейді. Бұл түйе бастатқан тоғыз мал, немесе ат бастатқан тоғыз мал, немесе өгіз бастатқан тоғыз мал деген сөз. (Түйе бастатқан тоғыз 3 бас түйе, 3 бас сиырдан тұрады. Ат бастатқан тоғыз 3 жылқы, 3 сиыр, 3 қой, т. С). Әрине бұдан басқа да түрлері бар. Айыптың әлеуметтік, тәрбиелік маңызы зор.
Айырылысар көже
Айрылысар көже (салт). Көрші қонғанда «ерулік» беріп, қыстай немесе жаздай бірге отырған, сыйласқан отбасылар қоныс аударып бөліне көшкен жағдайда олар енді «айрылысар көжеге» шақырады. «Көже» деп атағаны болмаса, сыйлы, сыбағалы табақ тартылады. Олар бір-біріне ризашылығын білдіріп, «ұрыспай айрылған ұялмай қосылар» деп тағы да аман-сау қосылуға тілек білдіреді. «Айрылысар көжені» әдетте көшетін отбасы береді.

Қазіргі таңда кейбір аймақтарда өзге ауылға, қалаға немесе жыраққа көшетін отбасы көрші-қоландарын, ағайын-туыстарын жинап арнайы құрмалдық шалады, осыған байланысты бұл дәстүрді құрмалдық деп те атай береді.



Аманат
Аманат (дәстүр). «Кісінің аманатынан уақытында құтыл. Еңбегіңе (ақыңа) қиянат жасаған адамға сен қиянат жасама» (Мұхамбет пайғамбардың хадистерінен). Бір адамның екінші біреуге сақтауға берген бағалы заттары. «Аманат»— түбірі «Альмана» деген араб сөзінен шыққан. Аманатты сақтау және оны мезгілінде тапсыру зор адамгершілікке жатады. «Аманат — аман сақтайды»— дейді халық. Аманатқа қиянат жасамайды. Ол өте ауыр күнә деп есептеледі.

Аманаттың бұрын ел аралық қатынаста да үлкен мән-маңызы болған. Көбінесе, ол бірлік, татулық, бітім жолына қызмет еткен. Тарихымызда «ақ үй аманат алып барған екен» деген деректер жиі кездеседі. Ерте кезде жауласушы екі ел татуласқан кезде аманатқа адам да қалдырып кететін болған.

Аманаттың қай түрі болмасын, қиянат жасамай, өз иесіне тапсыру, не ешкімге тіс жармау.

Ғұламалар аманатты кең көлемде түсіндірген. Ибн Масғуд сахабаның риуаятында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді: «Қиямет күні» (яғни, есеп беретін күні) аманатқа қиянат жасаған адамды періштелер



Ант
Ант (ғұрып). «Антпенен тарқайды, Жиылса кеңеске» (Абай). Ант, серт, уәде — халқымыздағы сенім кепілінің көрінісі. Ант жаудан өш алу, ел аралық уәде, келісім, адалдықтан айнымау сияқты маңызы жоғары жағдайларда ғана айтылады. «Уа, айтылған ант, серттес кен уәде, алысқан қол қайда?!»— деген жерде еш адам анттан аттап кете алмаған. Ел ішінде ант бұзған адамды —«ант атқан» деп жек көреді. Ант — адалдың сөзі. Бірақ «адал болсаң да ант ішпе»— дейді қазақ.
Ақ құйып шығару
Ақ құйып шығару (ырым). «Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» (мәтел). Қазақ халқы сүтті, қымызды, шұбатты, айранды тағы басқа сүт тағамдарын «ақ» деп атайды да оны қасиетті, киелі — деп ұғады. Ақты жерге төкпейді, аяққа баспайды. Алайда, кейде, сол ақты жерге төгетін де ырымдары бар. Мысалы, қалың өрт келгенде алдына ақ шашады. Сол сияқты жылан кіріп кеткенде де оның басына ақ (сүт не айран) құйып, үйден шығарып барып өлтіреді. Мұндай әдет халықтың өз аулына немесе үйіне келген дос, дұшпанына да алдымен кұрметпен қарауынан шыққан болуы керек.
Араша
Араша (дәстүр).—«Уа, жетті, жетті ғой, Құнанбай! Араша, араша!—деп айғайлап жатты» (М. Әуезов). Екі адам жанжалдасқанда, немесе төбелескенде оның жанындағы адамдар «араша, араша!» деп басу айтуға тиіс. «Араша» деген сөзді естіген адамдар араша беруге яғни жанжалды дереу доғару керек.
Ат тергеу
Ат тергеу (ғұрып).—«Тентегім», сен теріс айтып жатырсың! (М. Әуезов). Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі — ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайын сіңілісінің қайны інісінің атын атамай, өзіне лайықты ат қойып: «мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «жалқы бала», «тентегім», «еркем», әйел болса; «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөзім»— деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: тапалды, «сұңғақтым», жайбасарды «жүйрік» дейді. Мұның бәрі шын мәніндегі сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әке», Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп кұрметтеген. Ат тергеу — біздің халқымыздьің адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргенділік, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады.

Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар: Бір келіншек «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіндер!— депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайны ағаларының атын атамай тұр екен!

Жолаушылар су әкеле жатқан әйелден «бұл кімнің ауылы»— деп жөн сұрапты. Сонда келіншек «өзінде ғана бардай, өзгеде жоқтай атамның ауылы»— депті. Сөйтсе бұл Көтібар ауылы екен.

«Ат тергеу» басқа жағдайларда да қолданылады. Мысалы халық қасқырды «ит-құс» деп, қорасан сияқты ауруларды «әулие» деп атайды. Ол осындай пәле-жала бізден аулақ болсын деген ырым, жоралғы.


Ауыз тию
Ауыз тию (ғұрып).—«Қымыз әкел, ас ауыз тигіз мыналарға!» М. Әуезов). (Алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл сол «Қара шаңырақтың» киесі қолдасын деген сенімнен шыққан. Сондай-ақ дастархан үстіне келген адам дәмнен ауыз тиюге тиіс. Ал таңертеңгі астан міндетті түрде ауыз тиеді. Мұндайда әйел болса «күйеуің тастап кетеді», еркек болса «әйелің тастап кетеді»— деп әзіл айтады.

Қазақтың дәстүрі бойынша үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармауы керек. Халықта «үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген сөз бар. Мұның бәрі қонаққа да, асқа да ерекше ықыласты көзқарастың белгісі, халықтың өзіне тән қонақжайлылығы мен кең-пейілділігін танытатын жайт.


Ауызбастырық
Ауызбастырық (ғұрып). «Кер атты беріп тұрып: - Айта көрме, ауызбастырығымыз болсын,— деп аттандырды». («Ел аузынан» атты жинақтан). Біреуді сөзбен жығып, ұтып оны орнынан тұрмастай етіп өлең шығарғанда, немесе өткір әзіл тастағанда (немесе ұятты іс істегенде) ұтылған адам өзінше әлгі сөзді басқа адамға таратпау үшін «ауызбастырық» береді. Ол бұл сөзді ешкімге айтпаңыз деген жалынуы, кешірім сұрауы болып табылады. «Ауызбастырық» алған адам әлгі сөзді ешкімге айтпауы керек. Сонда «ауызбастырық» да серттің бір түрі болып табылады.
Аяғына жығылу
Аяғына жығылу (ғұрып).—«Аяғына жығыл деймісің?» (М. Әуезов). Кешірім сұраудың ең үлкен және кішіреюдің ең ауыр түрі аяғына жығылу болып табылады. Мұнда айыпты адам жанына беделді адамдарды ертіп, тиісті адамның үйіне барып кешірім сұрайды. Егер іс қиындап кетсе айыпкер қарсы адамның алдына жығылып, аяғын құшып, жылап кешірім сұрауы керек. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дегендей мұндайда кешірім етіледі. «Аяғына жығылу» да жазамен бірдей болып есептеледі.
Әмеңгерлік
Әмеңгерлік (салт). «...Жібектің әмеңгерлікке көнбегені үлкен ерлік» (Ғ. Мүсірепов).

Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі «ерден кетсе де елден кетпек жоқ», «аға өлсе іні мұра» деген қағидамен әмеңгерлік жолмен куйеуінің аға не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл дін жолымен де негізделген. Күйеуі өлген жесірді басқа жаққа жібермеудің бірнеше әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туыс-туғанынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған.


Бата
Бата (бата беру, бата алу). «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» (мақал). Бата халықтың рухани қуат алатын құдыретті сенім күші. Ол ел сенімін ақтайтын абзал азаматтарға, талапты жастарға, көптің жүгін көтерген адамдарға немесе үлкендер жақсы ісіне риза болған жағдайларда берілетін ұлы адамдар мен ел ақсақалдарының ақ тілегі, әрі өмірлік жолдамасы. Мұның бірнеше түрлері бар:

1) жас талапкерге бата. «Сырым батыр жас кезінде батасын алайын... деп Бөкен биге барыпты». Бұл ерлік, өнер, өмір жолына, ұзақ сапарға аттанар алдында әдейі барып тілейтін бата. Қошқарұлы Жәнібек жас кезінде Қаракерей Соқыр Абыздан бата сұрай барғанда ол кісі былай депті:

Бедеуің белдеуіңдегі байлаулы болсын,

Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын.

Есігің ашық болсын,

Кабағың жазық болсын.

Сонда ағайының кетпес қасыңнан

Жақыныңа бұрмай төрелікті түзу бер,

Сонда қаумалаған халқың кетпес қасыңнан.
Мұндай баталар талапты, халық сүйген, ер-азаматтарға ғана берілген;

2) дастарханға бата. «Дастарханың мол болсын, Абыройың зор болсын» («Ақ бата»). Батаның екінші түрі дастарханға ризашылықпен беріледі. Дұрыс мүшелі қонақасы берілмесе шешен, өткір тілді адамдар бата арасына сол үйдің сараңдығын да қосып айтып жіберетіндер болған;

3) алғыс батасы. «Бақ берсін, бас берсін, Өміріңе ұзақ жас берсін» (Ақ бата»). Үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін де бата береді. Батаның тәрбиелік мәні зор. «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» - деген сөз адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Ендеше бата да сол ұлы қасиеттерге бастаушы әрі тудырушы рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, тақпақпен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады. Батаны құрметті, елге өте сыйлы адамдар береді;

4) теріс бата. Бұл «бата» деп аталғаны болмаса қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. «Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр... Бұл теріс батаның, қарғыс батаның белгісі». (М. Әуезов). Мұндай бата сенімді ақтамаған, өзіне қолы, тілі тиген баласына әкенің қолын теріс жайып берген қарғыс батасы. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылған және ол атадан балаға ұмытылмайтын таңба болып қалған. Атаның теріс батасын алғандарды халық та жек көрген.


Байлау
Байлау (салт). «Бері кел, байла мынаны!» (Ғ. Мүсірепов). Соғып алған аңды, олжаны, тауып алған затты әр адам жанындағы кісілерге сыйға тарту керек. Мұны қазақтар «байлау» деп айтады. Ол мәрттіктің белгісі. Бұл дәстүрді бұзған адам тәртіпті бұзған адаммен бірдей саналған. Торғайда Жолдас атты тапқыр, шешен адам қалам тауып алыпты. Жанындағы адам «байлаңыз» дегенде Жөкең «байламаса да тұрады» депті. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген сонда серігі.
Барымта
Барымта (ғұрып). «Барымта — ел шулатып, жылқы қуған» (7. Жансүгіров). Ертеде дау-жанжалда есесі кеткен ел өз қарсыластарынын малын (жылқысын) күш, қару жұмсап айдап, куып әкететін болған. Мұны «барымта» дейді. Кейде мынадай жағдай да болады. Егер қарсы жақ құнға немесе айыпқа мал төлейтін болып оны мерзімінде төлемейтін болса, онда даугерлер ол елдің малын барымталап алады. Барымта кейде кек қайтару, өш алу мақсатымен де жасалады. Мысалы М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Базаралының Тәкежан жылқысын барымталап алуы кең суреттелген. Бұл жағдай өткен ғасырларда қазақ даласында жиі кездесіп тұрған.
Бәйге
Бәйге (дәстүр). «Тігіпті бас бәйгеге елу бие, Он отау, бір бас тоғыз, тоғыз түйе, Жабулы қара нарға қалы кілем, Аты озған болады бір олжаға ие» (Н. Ахметбеков). Ұлы тойда, аста, мерекеде жыққан палуанға, озған жүйрікке, жеңген ақынға берілетін жүлде. Тойдың, астың дәрежесін, қызығын осы бәйгеге қарап анықтауға болады. Бәйгенің ең үлкені әдетте бас палуан мен жүйрік атқа тағайындалады. Әсіресе ат бәйгесіне мол мал, дүние мүлік тігіледі. Бәйге алдында озып келген 10, 15, 20 атқа да беріледі. Мысалы Лабақ Қуат баласының асында бас бәйгеге 100 жылқы, 1 отау, 9 нар, 9 ат, 9 құндыз тігілген (С. Шәріпов). Қелесі атқа 75, одан кейін 50, одан кейінгіге 25, осылай төмендей береді. Аты озып бәйге алғандар оның бәрін еліне айдап кетпейді. Бұл жомарттық, мәрттік, ерлік, ғұрып. Оның біраз бөлігін әруаққа, ақсақалдарға атап, қалғанын жанындағы жолдастарына бөліп береді. «Атығай, Қарауылға олжа салған, Бота тірсек,- қыл сағақ сандал керім» дегенде Ақан осыны айтқан. Палуан бәйгесі де үлкен. Оған кілем жабылған түйе берілген, акындарға шапан кигізіп ат мінгізген.

Бәйге — жеңімпаздарға берілетін жүлде болғанмен кейде ат жарысының өзін де «бәйге»—деп айта береді. Бәйге казақ халқының рухани, мәдени дәрежесін көтеретін және көрсететін үлкен дәстүр.


Дауыс қылу
Дауыс қылу (әдет, ғұрып). «Әйел жылап Бөжейге барып:— Ақ маралды құдай алды, Ақбас атанды Майбасар алды»,— деп дауыс қылыпты (Ә. Кәкітайұлы).

Қатты күйзелген, өмірден соққы көрген, адамдарынан қапыда ерте айрылған, мұңды шерлі адамдар кейде қамығып отырып өзінің зарналасын сыртқа шығарып тәңірге, әруаққа, елге шағынып жылайды, зарлайды. Мұны «дауыс қылу» дейді. Дауыс қылу өлеңмен айтылады және ол әйелдерге тән әдет. Дауысты естіген адамдар, үлкендер мен әйелдер оған келіп басу, тоқтам айтады, балалары, туған-туыстары барын айтып, ертеңгі күнге сендіреді. Кейде мұндай адамдар көзіне жас алып, қосыла жылайтын күндері де болады. Дауыс қылу әсіресе кешегі 1928 жылғы тәркілеу, колхоздастыру, 1937 жылғы қудалау, 1941—1945 жылғы соғыстан кейінгі жылдары ел ішінде өте көп болған.

Дауыс қылу мен жоқтауды шатыстыруға болмайды. Рас екеуі де қаралы, қапалы жағдайда айтылса да екеуі екі басқа. Жоқтау өлген адамға ғана арналып айтылады, ал дауыс қылу көңіл-күйін білдіретін жыр.
Дау
Дау (дәстүр). «Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ та келісе алмайды» (Ел аузынан). Дау халықтың әділдікке жүгіну, билік, заң шешім жолдарының шешуші кенесі және әлеуметтік маңызы бар шараларының бірі. Қазақтың үлкен дау-жанжалы көбінесе күн, жер дауы мен жесір дауына байланысты. Даугерлер биге жүгінеді. Ересек адамдар қатысқан жиын болады. Мұнда екі жақтан да шешен даугерлер шығып, қамшы тастап өздерінің дәлелдерін ұтымды сөзбен жеткізіп отырған. Дауда шешендік, тапқырлық, қарсы жақтың осал жақтарын дәл басатын біліктілік керек. Дауға төбе би төрелік айтады, яғни үлкен билік, үкім шығарып, бітім жасайды, Би, ақсақалдар шешімі заң және ол талқылауға жатпайды. Бұған даугерлер де тоқтайды.
Деңгене
Деңгене (дәстүр). Соңғы жылдарда ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі — осы деңгене. Екі немесе үш жігіт басын қосып ауқатты үйге «деңгене» жеуге келдік»—дейді. Оның шарты мынадай: Үй иесі бір семіз қойды сояды да әлгі екі не үш жігіттің алдына қояды. Олар бір қойдың етін сорпасымен ішіп, жеп кетуі керек. Егер олар қойды жеп кетсе, қойдың құны сұраусыз, егер етті тауыса алмаса, олар үй иесінің қойын төлеуге тиіс. Кей жерлерде мұны «сірне» деп те атайды. Тағы бір қызығы ел арасында бұрын бір қойды бір өзі жеп кететін мешкейлер көп болған. ХХ-ғасырдың басында Арғын ішінде Тінет руында Шінтен деген атақты мешкей болыпты.
Дүре салу
Дүре салу (салт, әдет).—«Сал дүрені! Артын түріп қойып соқ!—деп Құнанбай қалшылдап кеп, төніп тұр». (М. Әуезов). Жазаның ауыр түрі, әрі масқаралау түрі — дүре салу. Көбінесе жазалының құйрығын жалаңаштап қойып жазасына қарай 25, 50, 75, 100 қамшы дүре соғылады, яғни ұрады. Дүре үстінде әдіи кеткендерге құн төленбейді. Мұндай ауыр жаза ұрыларға, опасыздарға, ауыр қылмыскерлерге, қолға түскен барымташыларға, өшті-қасты адамдарға беріледі, кек алу жолында да қолданылады. Дүре көп алдында соғылады және оның әлеуметтік, тәрбиелік, заң жолында да атқаратын қызметтері бар. Мысалы, мұндай жазаны көрген адамдар қылмысқа көп бара бермейді.
Ерулік
Ерулік (салт). Қазақ тұрмысыңдағы орны бөлек, дархан да дара салттың бірі - ерулік. Өмірге сіңген, халыққа мерейлі дәстүр. Адамдардың өзара сүйіспеншілігін, құрмет-ізетін көрсетеді. Кейде ел мен елдің танысып, жақыңдаса түсуінің де дәнекері. Бұл салт қазақпен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан секілді. Тіршілік талабымен де қабысып жатады.

Ерулік берудің ыңғайына көңіл белсек, көші-қонмен сабақтасып, тұрмысқа енген сыңайы бар. Ылғи да адамның көңілін аялап, рухын демейді. Көш ұзақ жолдан шұбатыла созылып жетеді, шаршап-шалдыққан кісілерге еру ауыл адамдары қол ұшын береді. Ерулік - ертерек көшіп келіп отырған ауылдың жаңа көшіп келушілерге көрсететін сыйы. Көліктердің жүгі түсіріліп, үй тігіліп жатқаңда еру ауылдың әйелдері шайын қайнатып, ас пісіріп әзірленеді. Жаңа келгендерді шақырады да, тамақ беріп, тынықтырады.

Ерулік беру – адам тандамайды. Таныс не бейтаныс бол, бәрібір. Адамдардың барлығына көрсетілетін сый. Мұндағы мақсат адамдардың көңілі жай табуымен байланысты. Қазақтың екі маусым кезіңдегі көші аса маңызды әрі оның қиыншылығы да мол. Бұл көштердің жолы да ұзаққа созылады. Ол — жайлауға және одан кері етекке қарай көшу әрекеті. Жайлау - қазақтың еркін тыныс алатын, малды түртпексіз жайылатын шүйгін жайылымы. Қыстау мен көктеуден шалғай. Ел мұңда күн суып, жердің оты қашқанша отырады. Ойдағы астық орылып бітіп, жайылым кеңігеннен кейін кері көшеді. Осы көште адамдар біраз қиналады. Тынымсыз жұмыстан шаршап-шалдығады.

Жайлауға беттегеңде немесе күзеуге кайтқаңда көш көбіне еру елді жанай келіп қонады. Қашаңда қазақ ауылдары бұлақтың басына не үлкен судың бойына орналасады. Кейде көліктерін тынықтырьш алу үшін аялдаған көш те осыңдай манды таңдайды. Қаңдай жағдайда да еру ауылдың әйелдері ерулік беруді парызы санайды. Бұл елдік намыс.

Ерулік берудің туысқа, ағайынға, құда-жекжатқа ілтипат көрсететін ниеттілік ететін сипаты да бар. Жасы үлкен туысқа жасалатын сыйдың түрі. Жасы кіші інілер мал сойып, үлкендерді асқа шақырады, сый табақтар тартады. Өйткені кеш басталған да әр уақытта отау үйлер ертерек қозғалады да, қонысқа барып, үлкен үйлерге жұрт сайлап қояды. Артқы үйлер көшіп келгеннен кейін отау үйлер арнайы әзірлікпен ерулік береді.

Ерулік берудің тағы бір түрі құдаңдалы адамдар мен жекжат-жұраттар арасында өтеді. Мұның жөні бөлек. Көші-қон аяқталғанда, яғни ел жайлауға шығып не күзекке түсіп болғаңда бірін-бірі дәмге шақырысады, сыйластық әдеттерін атқарады. Бұл ауыл-үйлердің іркілмей араласуына, бала-шағаның жақындасуына, бауыр басуына жол ашады.

Ерулік асқа әрдайым күңдіз шақырылып, тамағы да күндіз беріледі. Ерулікке көбіне жасы үлкен кісілер келеді. Ауыл жастары өзара сыбайласып, ерулікке шақырған ауылдағы бір отау үйге оңаша жиналады. Жастар бұл дәстүрді сауыққа жалғастырады. Үлкен кісілер өздерін күтіп алған үйде сый көреді. Жастар үлкен кісілермен араласпайды.

Ерулікке шақырылған қариялар ас жеп, қымызға қанып аттанып кеткен соң, ауылдың жігіт ағасы ақсақалдардан рұқсат сұрайды. Жастардың қалауына бөгеттік жасалмайды. Жастың меселін қайтару, баланы басқа ұру - қазақ салтында барып тұрған теріс қылық саналады. Қалыптан аспайтын істің бәріне жол ашық. Қарым-қатынасы бар ауылдың жастары қысылып-қымтырылмай, бұрынғыдан да тығыз жымдасады. Бас қосу арқылы хал-жайларын білісіп, әзіл-қалжынмен көңіл ауласады.

Қалаған ойыңдарын ойнайды. Әркім шама-шарқынша қызық көрсетеді. Ән салады, өлең айтады, күй шертеді. Жалпы қазақ ғұрпы бойынша өлеңшілер айтысады. Бұлар халық өлеңдерін жаттап, есінде сақтаушылар. Айтыс үстіңде қисынын тауып, өз ойларын да кіріктіреді. Бірақ дамытып әкете алмайды. Соңдықтан өлеңші аталады. Ойынды басқарушы айтысатын әріптестерді қатарластырып отырғызады. Өлеңшілердің көңілінен шығудың әдісін қолданады. Өленді ауыл жігіттері бастайды. Көңіл күйі мол қамтылған өлендер айтылады. Қарсыластардың қыз-келіншек жағы да, жігіттер жағы да екі-екіден жұптасып отырысып әндетіп айтысады.
Ен, таңба
Ен, таңба, (ғұрып). «Алаш, алаш болғанда, Алаша-хан болғанда, Таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» (Ауыз әдебиетінен).

Қазақ дәстүрінде жақын-жуық адамдарының баласына құлын, тай, бота, қошақан т. б. мал төлін атап, оның құлағына ен салдыратын ғұрып бар. Бұл үлкендер үшін сыйласудың, құрметтеудің белгісі болса, бала үшін үлкен қуаныш. Баланың көңілі өсіп, малға, еңбекке деген ынтасы, туған-туысқа деген жақындық ықыласы артады. Әр ауылдың, үйдің малға салатын өзіндік таңбалары болған. Мысалы, тілік, ойық, қиық, кесік, сырға, ойма ен, кез ен тағы басқа.

Ен таңбасының шығу тарихы тым әріде жатыр. Ол атақты ғалым М. Қашғаридің «Диуан лұғат ат-түрік» («Түркі тілдерінің сөздігі») атты шығармасында да айтылған. Таңба сонымен бірге қазақ руларының өзіндік таным белгілерін де анықтайды. Мысалы: Арғынның таңбасы — кез, Қыпшақтыкі — әліп, Керейдікі — ашамай, Ошақтынікі — тұмар, Дулаттікі — дөңгелек, Бағаналынікі-бақан, тағы сол сияқты. Таңба мен ен сол кездің «мөрі» десе де болады.
Жаза
Жаза (ғұрып).— Тиісті жазасын ол алады ғой, Жүргенді кім аяйды ұрлық қылып (С. Есенбаев). Ұрлығы, тентектігі, кінә, күнәлары үшін қолданылатын шаралардың бірі — жаза. Билер кеңесінің шешімі бойынша жазаға ұшыраған адамға жұрт көзінше дүре соғылады, қара есекке теріс мінгізіліп ел аралатады. Арақ ішіп өлген де жазаланады, яғни сүйегі басқа моладан жүз кадам жерге бөлек қойылады, оған намаз шығарылмайды. Егер жазаны алған әйел болса, бетіне күйе жағылады, («қарабет болады» деген осыдан шыққан) шашы кесіледі немесе ері талақ етеді.
Жалаңаш билеу
Жалаңаш билеу" (ескі салт). „Тырдай жалаңаш жас әйел майданға шығып, осыны шешіп алып, билеп жұрт алдынан өтсін,— дейді" (Ә. Марғұлан). Мұндай би ерте замандарда ойын-сауық, қызық ретінде қалыптасқан сияқты. Оның түркі елдерінде, оның ішінде қазақ елінде болғаны түрлі жазба деректерде, аңыздарда да кездеседі. Бидің шарты үстіне қалын кілем жауып, асыл бұйымдар артқан түйенің бұйдасын жалаңаш әйел тісімен шешіп алуы керек. Және оған жас келіншек немесе жас қыз шығады. Мысалы, «Манас» жырында осындай салтқа Ороңқа шығып, түйені шешіп әкетеді.

Мұндай салт қазақ даласында да болған. Өткен ғасырда Ұлытау баурайында болған аста „жалаңаш биге" шыққан әйел „үлкендерің көрген жерің, кішілерің туған жерің" деп келіп, шөккен түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкетіпті. Арқада өткен аста осындай биге қатысқан жалаңаш жас келіншек ұзын бұрымын тарқатып жібергенде бүкіл денесін шашы жауып кетіп еті көрінбепті. Ол сол бойымен келіп, түйені жетектеп кеткенде нар тіккен жақ „жалаңаш шықпады" деп дау шығарып, биге жүгініпті. Сонда әділ би „келіншек киімімен шыққан жоқ, шаш әйелдің қудай жаратқан мүшесінің бірі, оған дау жүрмейді" деп даугерді тоқтатыпты.

1920 жылдар ішінде Торғай даласына есімі көпке белгілі Қараман Досай хажының асындағы қалы кілем жабылған нарды Нарыш деген жас келіншек шешіп әкеткен.
Жиенқұрық
Жиенқұрық (салт). Қыздан туған балалар «жиен» деп аталады. Халық дәстүрі бойынша жиен нағашыларынан қалаған затын, яғни «жиенқұрық» алуға тиіс. Нағашысы жиенінің бетін қайтармай үш рет беруге міндетті. Халық жиенді ренжітпей «жиен назары жаман» деп еркелетіп ұстаған. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген де сөз бар. «Жиенқұрық» кейбір жерлерде «қырық серкеш»— деп те аталады.
Жылу



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет