Н. гумилева ministry of education and science of kazakhstan



бет29/46
Дата13.06.2016
өлшемі5.56 Mb.
#131499
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   46

Әдебиет

  1. М.С. Сәтімбекова. Отбасында баланы мектепке дайындау, ата-аналарға арналған әдістемелік нұсқау. –Алматы. Шартарап, 2000. –191 б.

  2. А.Е.Манкеш. Қысқа мерзімде баланы мектепке даярлау (әдістемелік нұсқау). –Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 2001.–125 б.

  3. А.Е.Манкеш. Айналаны қоршаған орта. Экология. Әдістемелік нұсқау. –Алматы: Алматыкітап,2003. –55 б.


ЖОО-НЫҢ БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНДЕГІ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ОРНЫ МЕН РӨЛІ
Айқынбаева Г.К. доцент, п.ғ.к., Жусипбекова Л.Е. 2 курс магистранты

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Қазіргі таңда жоғары кәсіптік білім беру жүйесінде психологиялық қызметтің жұмысын реттейтін арнайы құжаттар болмағандықтан, әрбір оқу орны өздігінен психологиялық қызмет қызметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайды. Әр түрлі ЖОО-да нақты міндеттерді орындайтын психологиялық кабинеттер, зертханалар, орталықтар, бөлімдер, арнайы психологиялық қызметтер бар.

Психологиялық қызмет мамандарының арасында жүргізілген сауалнамалар, психологиялық қызмет ерекшелігін көрсететін дерекнамалардың (Интернет ресурстар, басылымдар, диссертациялық зерттеулер және т.б.) контент-талдауы белгілегендей, қызметті ұйымдастырудың әр түрлі формалары бар. Кейбір ЖОО-да психологиялық қызмет тікелей ректорға немесе басшылық ететін проректорға қарайтын өзіндік жеке құрылымдық бөлімше ретінде қызмет атқарады. Ал кейбір ЖОО-да психологиялық қызмет басқа құрылымдық бөлімшенің (психология және педагогика факультеті немесе кафедрасы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлім және т.б.) құрамына кіреді. Егер психологиялық қызмет тәрбие жұмысы жөніндегі бөлім құрамына кірсе, ол психологиялық емес, тәрбие, әлеуметтік, идеологиялық жұмыспен айналысады. Сөйтіп, оның қызметі мейрамдар мен басқа да ойын-сауық шараларын ұйымдастырумен байланысты болады. Алайда, ЖОО-да психологиялық қызмет жедел психологиялық көмек те, тапсырыстарды орындау үстелі де емес. Ол білім беру жүйесінің жеке элементтерінің қажеттіліктеріне жағдайға сәйкес қызмет көрсетпейді, ол осы жүйені және оның субъектілерін толық психологиялық қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

Соңғы жылдары білім берудің практикалық психологиясында кеңінен қолданыс тауып, бекітілген психологиялық сүйемелдеу идеологиясы. «Психологиялық сүйемелдеу» түсінігі Ю.В. Слюсарев (1992), Р. Бардиер, И. Ромазан, Т. Чередникова (1993), М.Р. Битянова (1997), Е.И. Казакова (1998), Т.И. Чиркова (1999), И.А. Кибак (2000), Ю.М. Забродин (2002), Э.Ф. Зеера (2003) және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылады. Көптеген зерттеушілер психологиялық сүйемелдеу түсінігі ретінде білім алушылардың өзекті мәселелерін шешу мүмкіншілігін қамтамасыз ететін шарттарды құруға бағытталған психологтың ұйымдасқан ерекше қызметін атап өтеді. Ал оның нәтижесі өзіндік таңдау және өзіндік шешімді қабылдау арқылы тұлғалық және кәсіптік даму болып табылады. Бұл жағдайда студент әсер ету объектісі емес, өзара байланысу субъектісі болып табылады.

Э.Ф. Зеер атап өткендей, психологиялық сүйемелдеу дегеніміз тұлғаның кәсіптік қалыптасуын игеру, қалыптастыру, дамыту және түзету. Кәсіби қалыптасуда, психологиялық сүйемелдеудің ең басты тапсырмаларының бірі тек тұлғаға уақытында көмек көрсетіп, қолдау емес, осы үдерістің қиыншылықтарын өздігінен жеңіп шығуға, өзінің қалыптасуына жауаппен қарауға үйрету, тұлғаның кәсіптік өмірде толық субъект болып қалыптасуына көмектесу болып табылады.

Психологиялық сүйемелдеу – бұл бір реттік шара немесе акция емес. Бұл – психологиялық қызметтің жүйелі ұйымдастырылатын және тұрақты орындалатын жұмысы.

Өкінішке орай, қазіргі таңдағы әрекет етуші құқықтық нормалар оқу орындарындағы психологиялық қызмет қызметкерінің міндеттерін нақты түрде анықтамайды. Практикада оның функционалдық міндеттерінің шекаралары үнемі қозғалыста яғни «шараларды ұйымдастырушыдан» бастап «оқу мен тәрбиенің маңызды сұрақтары жөніндегі сарапшыға» дейін анықталады. Сарапшы қызметінің тиімділігі көбінесе қызметтің қалай ұйымдастырылғанына, ЖОО әкімшілігімен, студенттермен, педагогикалық ұжыммен, ата-аналармен, басқа да бөлімдермен және қызметтермен өзара байланысу жүйесінің дұрыс құрылғанына, психологиялық қызмет мамандарының қызметі мен құзыреттілігі қаншалықты білім беру ортасының қажеттіліктеріне сәйкес құрылғандығына, қаншалықты психологтар осы қызметті басқаратынына және оны практикалық сұраныс пен мәселелерге айналдыруына, оның шешу жолдарын табуына, қолдағы ресурстарды белсенді пайдалана білуіне байланысты.

Соңғы жылдардағы басылымдар мен материалдардың талдауы көрсеткендей, әр түрлі ЖОО-ның психологиялық қызметтің кадрлық құрамы біртексіз. Психологиялық қызмет басшысының беделі номиналды немесе шынайы болуы мүмкін. Номиналды беделі бойынша басшы қызметтің қызметкерлері арасынан сайланады, оның құзыретіне ЖОО әкімшілігі мен оқытушылық құрамы алдында қызметті таныстыру, диспетчерлік, әдістемелік және т.б. функцияларды орындау кіреді, алайда, психологиялық қызмет қызметкері ретінде оған психологтың міндеттемелері де жүктеледі. Ал шынайы басшы ректор бұйрығымен тағайындалады, оның функционалдық қызметі басқа қызметкерлерге қарағанда ерекше яғни ол алдымен басқарушы, әдістемелік және ғылыми-зерттеулік функцияларды жүзеге асырады. Психологиялық қызмет басшысының беделін анықтау өте жауапты іс, себебі барлық жұмыстың ұйымдастырылуы, өзара байланыс жүйесінің болуы басшыға байланысты.

Кейбір ЖОО-дың штаттық кестесінде медициналық қызметкерлер де бар. Студенттер қажет болған жағдайда дәрігер-психиатрға жолығып, медициналық ем алуына болады. Қызмет жұмысына аралас кәсіптің мамандарын тарту соңғы кездегі студенттер арасында депрессиялы, үрейлі жағдайлардың көбейіп кету себебінен болып отыр. Бұл жағдай шетелдік ЖОО-дың (Еуропа, АҚШ, Канада, Австралия және т.б.) тәжірибесінде де кеңінен таралған, ол өзінің тиімділігін көрсетті.

Психологиялық қызмет қызметкерлері жалпы, педагогикалық, әлеуметтік, жас ерекшелігіне байланысты психология, психодиагностика, психологиялық түзету және психологиялық дайындық саласында іргелі білімдерді меңгеруі тиіс, сонымен қатар психологиялық ғылымның жаңа жетістіктерін игеріп, диагностиканың, психологиялық түзету және дайындық жұмыстарының ғылыми негізделген әдістерін қолдана білуі керек, сонымен қатар ұдайы біліктілігін арттырып отыруы қажет. Психолог әлеуметтік тұрғыда білім беру үдерісінің барлық субъектілерімен құрылымдық байланыс орнатуға құзыретті болуы тиіс. Өз қызметінде кәсіптік-этикалық қағидаларды басшылыққа алуы керек. Бұл қағидалар бұзылса, психологтың кәсіптік қызметі сәйкессіз болып есептеледі. Одан басқа, психологиялық қызметтің қызметкерлері өз құзыреттіліктері мен жауапкершіліктерінің шекараларын білуі қажет. Егер келіп түскен сұраныс психологтың функционалдық міндеттемелерінің немесе кәсіптік құзыреттілігінің шегінен асатын болса, бұл сұраныс қажетті көмек көрсете алатын маманға жіберіледі. Диспетчерлік қызметті атқару үшін психологиялық қызмет маманында әр түрлі әлеуметтік-психологиялық қызмет туралы мәліметтер базасы болуы тиіс. Бұл маңызды психологиялық мәселе туындаған жағдайда ЖОО студенттеріне немесе қызметкерлеріне уақытында білікті көмек көрсету үшін қажет.

Қазіргі таңда әрбір оқу орны өздігінен ЖОО-ның жалпы құрылымына сәйкес психологиялық қызметтің орны мен ролін анықтау мәселелерін шешеді. Психологиялық қызметтің ішкі құрылымы мен штаттық кестесі, оның кадрлық құрамы әр түрлі факторларға байланысты: ЖОО қызметінің бағыты, білім алушылардың сандық құрамы мен контингенті, ЖОО-ның материалдық-техникалық базасы, ұйымдастырушылық-педагогикалық және психологиялық шарттар, т.б. Психологиялық қызмет қызметінің қалай ұйымдастырылғанына, өзара байланыс жүйесінің қалай құрылуына қарамастан, көбінесе жұмыс тиімділігі қызмет ерекшелігіне байланысты.

Сонымен, ЖОО психологиялық қызметі – біз үшін жаңа құбылыс, алайда, көптеген мемлекеттер үшін студенттерге психологиялық көмек көрсету және қолдау дәстүрлі әрекет болып саналады. Бұл қызмет ЖОО-ның ұйымдық құрылымының маңызды бөлігі болып есептеледі. Соңғы кезде ЖОО-да психологиялық қызметке көбірек назар аударыла бастағандықтан, ұйымдық құрылымның жаңа саласы деп қарастыруға болады. Бұл мәселе ғылыми басылымдар мен әр түрлі деңгейдегі конференцияларда талқыланып келеді. Қазіргі таңда ЖОО психологиялық қызметін қалыптасу сатысында деп айтуға болады. Бірақ, әлі де көптеген мәселелер бар: яғни оның дамуына әсер ететін құқықтық, ұйымдастырушылық, әдістемелік және қолданбалы мәселелер. ЖОО психологиялық қызметінің дамуын тежейтін бірнеше факторларды да атап өтуге болады: концептуалды (ЖОО-дағы психологиялық жұмыстың қағидалары, мазмұны мен әдістері туралы нақты теориялық көріністер жоқ); құқықтық (ЖОО-ның ПҚ жұмысын реттейтін нормативтік-құқықтық базаның жоқтығы); экономикалық (қаржыландыру-мен байланысқан мәселелер, әлсіз материалдық-техникалық база); психологиялық (қазіргі заманғы жоғары білімнің міндеттерін шешуде психологиялық қызмет роліне нақты баға бермеу).

ЖОО психологиялық қызметі көбінесе қызметтің қалай ұйымдастырылғанына, ЖОО әкімшілігімен, студенттермен, педагогикалық ұжыммен, ата-аналармен, басқа да бөлімдермен және қызметтермен өзара байланысу жүйесінің дұрыс құрылғанына, психологиялық қызмет мамандарының қызметі мен құзыреттілігі қаншалықты білім беру ортасының қажеттіліктеріне сәйкес құрылғандығына, қаншалықты психологтар осы қызметті басқаратынына және оны практикалық сұраныс пен мәселелерге айналдыруына, оның шешу жолдарын табуына, қолдағы ресурстарды белсенді пайдалана білуіне байланысты.



Әдебиет

  1. Битянова, М. Модели деятельности психолога в.образовательном учреждении / М: Битянова, Т. Беглова- (Электронный ресурс] // Школьный психолог. - 2010. - № 2. - Режим доступа :hllp://psy. lseptember.ru/view__aiticle.phplD~201000213..

  2. Битянова, М. Р. Организация- психологической работы в-школе. - М: Совершенство; 1998. 298 с.

  3. Забродин, Ю. М. Развитие- советской психологии и задачи психологической службы / Ю.М. Забродин // Психологический журнал. - 1984.-Т. 5, № 6.-С. 3-20.

  4. Забродин, Ю. М. Проблемы разработки практической психологии (о научных основах психологической службы) / Ю. М. Забродин//Психологический журнал. - 1988. - Т. 1, № 2. -С. 5-18.


Оқытудың психотерапиялық қызметі
Айтышева А.М.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Жоғары мектепте оқытудың деңгейі мен сапасы студенттердің алған білімдік бағасымен ғана емес, өзінің психологиялық ерекшеліктерін түсіне алуымен, тұлғалық даму қарқынымен, танымдық белсенділігінің артуымен де сипатталады. Студент жастардың әрқайсысы өз алдына жеке тұлға, дара адам екені анық. Ал, жоғары білім алу жағдайында студент осы даралығын танытуға ұмтылады. Өзін көрсету мен таныту жолында кедергілер кездескен жағдайда жас адам не агрессияға жол беруі, не жасықтық танытып өзін төмендетіп алуы мүмкін. Сол себепті психологияны оқытуда оның психотерапиялық мәнін ескеру қажеттілігі туындайды.

Бұл мәселені қарастыруымызға көп жылғы тәжірибеде жинақталған мынадай мәселелер ықпал етті:

- студенттік кезеңнің жас ерекшеліктеріне қарай әлеуметтік-психологиялық мазмұндағы қиындықтардың орын алуы (бірінші курсқа қабылданған студенттердің бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижесіне қарай стресс алуынан бастап, жаңа оқу жағдайына төселу, жоғары білім алу үрдісіндегі студент пен оқытушы арасындағы байланыстардың денінің техникалық сипатта болуы (білімді тексеру тест арқылы жүреді), кредиттік жүйеде оқу ерекшеліктері, екінші курста аралық мемлекеттік тестілеу сынынан өтудегі қиындықтар, студенттік топқа үйрену және т.с.с.);

- студент жастардың жеке дара психологиясында орын алатын қиындықтар (темпераменті мен мінезі, конфликтіге бейімділігі);

- оқу-танымдық белсенділігіне байланысты байқалатын қиыншылықтар (шектен тыс белсенділік, немесе қолымнан бәрі келеді екен деп кедергілерге кездесу, яғни шамасынан тыс істерге ұмтылу, не керісінше қолынан келетінді жасауға жасқаншақтық таныту);

- кейбір студенттердің мамандығы бойынша қажетті тұлғалық және кәсіби сапалар туралы білімнің жетіспеушілігі, саяздығы (мыс. педагогикалық мамандықта білім алушылар мұғалімдік қабілеттерге мән бере бермейді, өйткені бәрібір мұғалім болмаймын деп оқитын студенттер жетерлік);

- оқытудың кредиттік жүйесіне сәйкес студенттердің білімін автоматты түрде бағалау (Платонус бағдарламасы) оқытушыдан да, студенттен де білімді меңгеруді жылдам, әрі сапалы ұйымдастыруды қажет етеді және т.б.

Осы тәріздес психологиялық қиындықтарға тап болатын студенттермен дәрістер мен семинар сабақтарын дәстүрлі жағдайда өткізе беру өз тиімділігін жоғалтып отыр. Оқытушы студенттерге білім беруші ғана емес, тәжірибесін үйретуші, әсіресе өмір сүруге жетелеуші де болуы керектігі аңғарылып отыр. Белсенді, дербес студент қана қателіктері болса мойындап, проблемелердан шығудың жолдарын іздестіріп, таба алады. Ол үшін жоо оқытушысы сабағын ұйымдастыруда жас адамға әрқашан жол көрсете алатындай, шешілмейтін мәселелердің болмайтынына сендіре алатындай мүмкіндіктерді қарастыруы керек. Мұндай мүмкіндіктер психологиялық жағынан алып қарағанда оқытудың психотерапиялық қызметі ретінде бағаланады.

Оқытудың психотерапиялық қызметі жайлы мәселеге бірінші болып назар аударған В.Н.Мясищев /1/. Психотерапиялық бағыттың тар мағынасы дәрігерлік емдеуге жақын түсіндірілсе, кең мағынасы жалпы гуманитарлық бағыттылығымен сипатталады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында «дәрігерлік емес психотерапия» ұғымы туралы пікірлер пайда болды. Мұның мәні денсаулығы дұрыс адамдардың психологиялық қиындықтардан шығуына көмектесуді білдірді.

Педагогтың психотерапиялық қызметі студенттің стресс жағдайына түспеуін қадағалау. Н.В.Жутикова атап көрсеткендей: «Адамның әрбір әрекеті мен әр сөзі не жақсылыққа, не жамандыққа әкеледі. Әрекетсіздік те өзінің ықпалын тигізбей қоймайды» /2/. Сол себепті, жаңа ортаға тап болған (1 курста), студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын басынан кешіруші (2-5 курстар) студенттер үшін мазасыздыққа ұрыну жат нәрсе емес. Әрине, жоғары мектептің әр оқытушысы аталған қызметтік борышын атқара білсе, бұл туралы сөз қозғамауға да болар еді.

Егер, жоғары мектептегі оқудың орта мектепке қарағанда күрделілігі мен «суықтығын», яғни ғылыми танымға көбірек бағытталғанын ескерсек, онда студенттің тұлғалық мүмкіндіктеріне, потенциалына күш түсетіні түсінікті. Зерттеушілероқытушының студенттермен өзара байланысын басты міндет етіп қарастыруды ұсынады. Себебі, сонда ғана оқуға деген шын ықылас, бірлескен әрекет пайда болады.

Оқытушының жылы сөздері емдік қасиетке ие. Әкесінің жолын қуған атақты психотерапевт Н.Роджерс былай деген екен: «Егер тұлға өзін еркін сезінетіндей қауіпсіз, сенімді жағдайды қалыптастырса, ол өзінің ішкі психикалық дүниесін зерттей бастайды, бұл жағдайда адам өзінің тұлғалық дамуына тиімді бағытты таңдай алады»/3/. Тіпті дидактиканың өзі педагогтың сабақты мейіріммен, жылы жүзбен бастауын міндеттейді. Оқытушы пән мазмұнымен бірге студенттер тобындағы жағдайларды да (аудиторияның тазалығы, сабаққа келмегендерді белгілеу, себебін анықтау, т.с.с.) байқап отыруы керек. Студент жастардың мінезіндегі өзгерістерді, студенттік топтардың ерекшеліктерін байқап отыру тәжірибелі педагогтың төл әрекеті. Сондықтан, болуы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу, студенттің нашар іске ұрынбауы сияқты мәселелер мұндай оқытушылардың назарынан тыс қалмайды.

Жастар оқуға, тәрбиеге, немесе кәсіби тапсырмаларға байланысты басқаларға әсер еткісі келеді. Біреуге әсер ету әрбір адамның жеке басының қажеттілігіне, қолдау қолпаштауға, жақсы көретін топпен араласуына, тәуелсіздігіне, т.с.с. байланысты болады. Қарым-қатынас кезінде адам өзінің жеке басының қиындықтарын байқайды. Бұндай жалпы қиыншылықтардан күнделікті пікірлесу арқылы арылуға болады.

Мазмұнды сұрақ қою, пайдалы әңгіме дүкен құру арқылы кеңесіп тұрған адамды әңгімеге араластыруға және оны түсінуге мүмкіндік туады. Қарым-қатынастың интерактивті жағы –адам аралық қарым-қатынастардың адамдардың бір-бірімен әрекеттесуімен байланысты аспектілерін белгілеуге арналған шартты термин. Студенттер арасындағы тұлға аралық қатынастардың жүйесі достық, жолдастық, махаббат, жек көру, тағы сол сияқты категориялар арқылы көрінеді. Мұндай қатынастар жас адамның топтағы, ұжымдағы алып отырған орнын көрсетеді. Олардың қалыптасуына байланысты адам өзін сол топтағы басқа адамдар арасында қалай сезінетінін байқауға болады.

Психотерапиялық тұрғыдан қарастырғанда тұлғааралық қатынастардың жағымды ықпалы студенттер үшін сәйкестік, өмiрлiк стиль, өзiн өзгерту, стереотип, өзiн-өзi иландыру механизмi, шыдамдылық тәрізді ұғымдардың көмегімен түсіндіріледі.

Топтағы тұлға аралық қатынастар адамдардың бір-біріне сәйкес келушілігінен туындайды. Сәйкестік адамдардың тіл табысуына қажетті адам сапаларының оңтайлы жиынтығы. Сәйкестіктің негізгі төрт түрі бар: физикалық, психофизикалық, әлеуметтік психологиялық және әлеуметтік идеологиялық. Физикалық сәйкестік екі немесе бірнеше адамдардың әрекет жасауы кезінде физикалық қасиеттер жиынтығының сәйкес келуінен туындайды. Студент белгілі бір топтың мүшесі болғандықтан, топтағы басқа адамдармен өзін сәйкестендіруге үйренуі керек.

Өмiрлiк стиль деп белгiлi бiр тұрақтылықпен сипатталатын мiнез-құлықтық жүйенi айтады. Тұлғаның өзiн басқаруы осындай стиль түрiнде қалыптаса отырып, саналы бақылаудан «босайды». Әрине, бұл жағдайдағы ерiк күшiнiң маңыздылығын атап өтуiмiз қажет. Ерiк күшi тұлғада пайда болатын (iс-әрекеттiң немесе қарым-қатынастың мазмұнына қарай) түрлi түрткiлерге тәуелдi болады. Сондықтан да, өзiн сақтау және қоғамдық мiндетiн орындау сияқты түрткiлер арасындағы тартыста тез шешiм қабылдау тұлға үшiн оңай бола бермейдi. Студент өзінің жастық потенциалы мен білімін орнықты өмір стилін қалыптастыруға пайдалана алады.

Өзiн өзгерту өзiн қайта тәрбиелеу мәселелерi де қалыптасқан әдеттердi күшпен өзгерту қажеттiлiгiне апарып соқтырады. Тұлға әдеттенген мiнез-құлығы үшiн энергияны аз жұмсайтыны анық, бiрақ онысы мотивациялық дәрежесi жағынан төмен болып шығады. Жоғары дәрежелi мотивацияға жету үшiн студент өзiнiң бұрынғы өмiрiне қатысты мiнез-құлық әрекеттерiн түбiрiмен өзгертуге дайын болуы керек. Л.М. Рувинский өзін-өзі тәрбиелеудің өзін күштеу, өзін-өзі анықтау, өзіне-өзінің бағынуы, өзіне бұйрық беру, өзіне өзінің еске салуы тәрізді тәсілдерін анықтаған /4/. Өмiрiндегi түрлi кедергiлер, өз жетiстiктерiне қанағаттанбаушылық кез-келген саналы адамды өзiн өзгертеуге, қайта тәрбиелеуге жетелейдi. Студент өзі қаламаған мамандыққа, не оқу орнына тап болған жағдайда оқытушының ақыл-кеңесі мен тәрбиесі арқылы дұрыс жолға түседі, өйтпеген жағдайда босқа өткен уақыт жас адамның өмірін бұзады.

Өзiнiң потенциалды күшiн жұмсауына кейде мiнез-құлықтағы стереотип, сондай қалып пен тәртiпке дағдыланушылық тосқауыл болады да, адам өз мүмкiндiгiн мүлде шамалы пайдаланады. Стереотиптi жеңудың қиындығы туралы ұлы физиолог И.П. Павлов «Стереотип - сiрескен, көбiнесе өзгеруi өте қиын құбылыс» – деп айтқан /5/. Адам үйреншiктi дағдыда, бiржақты өмiрге бағынышты болғанда өзiн жан-жақты дамыту және қабiлетiн пайдалану жоспарын кейiнге қалдырады. Сөйтіп, көздеген мақсатына жете бермейді. Өзiн-өзi тәрбиелеудiң дербес мақсатының маңызы ерекше. Өйткенi деннiң саулығы, ақылды, сезiм мен ерiктi жетiлдiру адамның өзiне байланысты, яғни оның өз қолында. Сондықтан жас адам мақсатқа жетуге өзін-өзі көндіруі, иландыруы қажет.

Өзiн өзi иландыру механизмi - тежеу механизмiнiң артық ықпалының бiр бөлiгiн алып тастауы, ал оның әсерi ерiктiң әлсiздiгiнен, үрейленушiлiктен, көңiл күйiнiң жабырқаңқылығынан т.б. болуы мүмкiн. Сондықтан ерiк пен өзiн өзi иландыруды дамыту – өз қабiлетiн ашу жолы. Адам өзiнiң дайын мүмкiндiгiн ашып қана қоймай, одан әрi байыта алады. Бұған жоғары жүйке қызметiнiң ерекше икемдiлiгi көмектеседi. Мұндай жетiлдiрудiң негiзгi психологиялық жағдайы өзiне өзi риза болмау, жiберген қателiгi жөнiнде күйiну, жақсы болуға барынша талпыну. Өзiн өзi тәрбиелеу жолымен әр адам үздiк жетiстiкке жетпегенмен, адамның потенциалдық күшiнiң зор екендiгi соншалық, ол өз мүмкiндiгiн аша бiлген жағдайда елеулi өзгерiстер жасауға қабілетті болады. Ал, мұның бәріне шыдамдылық қажет.

Шыдамдылықтың әлеуметтік психологиялық сипаты екі жағдайда анықталады: а) тұлғаның әлеуметтік психологиялық сезгіштік дәрежесіне қарай; б) тұлғаның ұстанған бағдарына байланысты («Бәрі де қателеседі», «Менің өз көзқарасым, пікірім бар», т.с.с.). Осы жағдайлардың тұлғалық дамуға әсер етіп, әлеуметтік психологиялық шыдамдылығы жоғары адам кез-келген істе сабырлылық, төзімділік көрсету арқылы нәтижелі көрсеткіштерге жете алады. Керісінше болған жағдайда адамда шалағайлық, әркелкілік, әржақтылық (бірді айтып, бірге кету ) басым болып, тұлғаның дамуына кедергі келтіреді. Бұл жағдай қарым-қатынастың бұзылуына, дау-дамайдың жиілеуіне апарып соқтырады.

Студенттік жылдарда жас адамда бірте-бірте өз бетімен іс тындыру, дұрыс әрекет ету кабілеті пайда болады, сонымен бірге онда өз іс-әрекеті үшін жауапкершілік сезімі де, өмірге деген парасатты көзқарасы да қалыптасады, адамдармен мәнді де баянды қатынас орнатуға, кәсіби міндеттерді бар ынтасымен және шығармашылықпен шешуге ұмтылысы байқалады.

Сонымен оқытудың психотерапиялық мүмкіндіктерін жіктеп көретін болсақ:


  • студенттің өз интуициясына сүйене отырып, ойы мен пікірін білдіруіне мүмкіндік жасап отыру, әрі қателіктері үшін жазаламау;

  • өз күшіне сенімділігін қалыптастыру;

  • жағымды эмоцияларға жиі сүйену;

  • өз бетімен шешім қабылдауына жағдай жасау;

  • тәуекелге баруына мүмкіндік беру, әрі мадақтап отыру;

  • мәселелік әдістерді жиі қолдану;

  • қарама-қайшылықтарды аңғаруға, анықтауға үйрену;

  • ғылыми-ізденушілік тапсырмалар беріп отыру;

  • өзіндік «Менін» тыңдауға, оны көрсетіп отыруына мүмкіндік беру.

Атап көрсетілген әдістер мен тәсілдер студент жастардың келесі психологиялық қиындықтардан шығуына көмектеседі:

- жоғары оқу орнына түскен жастарда мектептік стереотип бұзыла бастайды. Кешегі оқушы бүгін студент болып, жаңа оқу жүктемесі, белсенді қоғамдық іс-әрекет, жаңа өмір жағдайларына тап болады;

- оқу іс-әрекетінің құрылымы мектеппен салыстырғанда күрделенеді – оқытушылардың саны көбейеді, оқытудың формалары мен әдістері өзгереді, педагогикалық талаптар күшейеді, оқу жұмыстарының көлемі үлкейеді, дәріс түріндегі оқу ақпаратын қабылдау қажет болады, оқу уақытын өз бетімен белгілеу керек болады, үлкен көлемдегі оқу материалын меңгеруді күнделікті қадағалау мүмкіндігі болмай қалады;

- аталған өзгерістер студенттің психикалық жағдайларына теріс әсер етіп, эмоциялық күйзелістерге, мазасыздыққа, денсаулығының бұзылуына ықпал етуі мүмкін;

- ал, оң өзгерістер студенттердің тұлғалық қалыптасуына байланысты өзіндік «Менін» сезінуінде жаңа өзгерістер пайда болып, өзін-өзі тәрбиелеу жолдарын іздестіруіне ықпал етеді, болашақ мамандығына қатысты мәліметтер қызықтырып, сол маман иелерінің ішінен идеал іздейді, өз бойынан мамандығына керекті қасиеттерді көргісі келеді.

Қорыта айтқанда, студенттерде қалыптасатын психофизиологиялық, психикалық және әлеуметтік дискомфортқа жоғары білім беру әдістерінің суықтығы, қатаңдығы, олардың компьютермен көбірек «қарым-қатынасы», оқытушылармен байланыстың көбірек теорияланып кетуі сияқты мәселелер себеп болып отыр.Оқу материалдары адам психологиясына зор талап қояды. Себебі, шындықтағы құбылыстардың сыр сипатын, мән-жайын ұғыну өте күрделі әрекет. Білім беру мен тәрбиелеудің сапасын көтеруде оқушының оқу белсенділігін қалыптастыру, жетілдіру мен арттыру тәсілдері де өзіндік сипатына қарай ғылыми деңгейін жоғарылатуды талап етеді. Осыған сәйкес білім беру салаларындағы оқу орындарында өтілетін оқу процесінің мазмұнына, оқыту әдістеріне және сабақтарының түрлеріне талап күшейе түсуде.

Жоғары мектеп оқытушысы тарапынан жылылықты сезіну студенттің өзінің «керектігін», өмірдегі орнын, орнықтылықты сезінуіне мүмкіндік береді. Мұны психологиялық тілде «жақсы әңгіме» деп атасақ, оның мазмұны студенттің есінде ұзағырақ сақталады, тіпті мәңгі қалып қоюы да мүмкін. Оқытушының жылы сөзі студенттің өзіне деген сенімділігін арттырады, оқуға ынтасын оятады. Осындай мағынада ұйымдастырылатын сабақтар студенттерде белгілі бір құлшыныстарды оятады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет