Қозғалыс сипаттамасы. Адамның қозғалу үрдісі кезінде ішкі және сыртқы күштердің бірге жұмыс істеуі қозғалыс сипаттамасын көрсетеді. Ішкі күштерге жататындар: бұлшық еттердің тартылу, созылу, қарсыласу күші және қозғалыс кезіндегі пайда болған дене мүшелерінің біріккен күші. Сыртқы күштерге жататындар: дене мүшелерінің тірелу нүктесі, сыртқы ауырлық, сыртқы ортаның үйкелу және қарсылық күші, басқа жанды-жансыз денелердің, нәрселердің қозғалып келе жатқан күштері. Дене мүшелерінің тірелу нүктесі – жүгіріп келіп кергіге, гимнастикалық көпіршеге, сырыққа тіреле секіру, таяқтарды қарға тірей шаңғымен жүгіру, суға тірей ескек есу т.с.с. Сыртқы ауыр заттар – штанга, батпандар, гирлер, күрестегі манекендер және т.б. сыртқы ортаның үйкелу және қарсылық күші – су, ауа, қар, құм т.б., бұлар адам жүгіргенде, қозғалғанда үйкеледі, қарсылық тудырады. Басқа күшке – адамның өз дене салмағының ауырлық күші, басқа да дене күштері (күрестегі қарсыласының күші т.б.) жатады. Сондықтан да адамның әрбір қимыл-әрекетін өзінің бұлшық етін тарту, итеру, созылу күшімен бірге сыртқы және ішкі күштерге де байланыстыра қарастыру керек.
Жаттығуларды топтау
Дене тәрбиесі және спорт тәжірибесінде өте көп мөлшерде дене тәрбиесі жаттығулары қолданылады. Дене жаттығуларының қасиетін танып, оларды тиімді, дұрыс пайдалану үшін оларды топтарға бөле қолдана білу қажет.
1. Дене тәрбиесі жаттығуларын тарихи қалыптасып қалған белгі бойынша топтау. Бұл белгі бойынша барлық жаттығулар төрт топқа бөлінеді: а) гимнастикалық жаттығулар (жалпы дамыту жаттығулары, гимнастикалық снарядтағы жаттығулар т.б.); ә) ойын жаттығулары (ойын кезінде орындалатын қозғалмалы және спорттық ойындар элементтері); б) туристік жаттығулар (туризмнің әр түрінде кездесетін жүру, атқа міну, велосипед, шаңғы тебу, қайықта ескек есу т.б.) в) спорттық жаттығулар – спорттың әр түрінде қолданылатын негізгі жаттығулар (100 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру т.б.).
2. Дене қуатын, қасиеттерін дамыту бағыты бойынша топтау: а) жылдамдық жаттығулары, жаттығушылардың күштерін дамытатын жаттығулар; ә) төзімділіктің пайда болуына әсер ететін жаттығулар (ұзақ қашықтықтарға жүгіру, шаңғы тебу т.б.); б) үйлесімді қозғалысты талап ететін жаттығулар (гимнастика снарядтарындағы жаттығулар, суға секіру т.б.); в) икемділікке арналған жаттығулар (созылу, бүгілу, еңкею т.б.); г) кешенді қимыл қасиеттерінің (ептілік) пайда болуын талап ететін жаттығулар.
3. Жаттығуларды білім беру мақсатына қарай топтау: а) негізгі жаттығулар. Сабақтың негізгі бөлімінде өткізілетін, спорт түрлерінің негізгі жаттығулары. Мысалы, волейбол спортындағы допты жоғарыдан, төменнен алу, ойынға қосу, шабуыл соққысы. Жеңіл атлетикадағы гранат лақтыру, ядро серпу, биіктікке, ұзындыққа секіру т.с.с.; ә) дайындық жаттығулары. Негізгі жаттығуларды үйренуге керек дене қасиеттерін дамытатын жаттығулар; б) жанама жаттығулар – негізгі жаттығуларды үйрететін, оңайлататын техника негізіне ұқсас қимыл-әрекеттер (мысалы, ұзындыққа жүгіріп келіп секіруге бейімдейтін жаттығулар – бір-үш адымдап келіп ұзындыққа секіру).
4. Дененің бұлшық еттерін дамытатын жаттығулар. Қолдың бұлшық еттеріне, кеуде бұлшық еттеріне, аяқ, іштің бұлшық еттеріне арналған жаттығулар.
5. Қозғалыс құрылымына байланысты қатысты жаттығулар: а) циклді жаттығулар (жүру, жүгіру, ескек есу т.б.); ә) ациклді жаттығулар (снарядтағы гимнастика, жеке сайыс т.б.); б) аралас жаттығулар (циклді, ациклді жаттығулары бар спорт ойындары).
6. Жаттығуларды күш қарқынына қарай топтау: а) өте жоғары қарқынмен орындалатын жаттығулар (20 секөнд аралығында орындалады); ә) жоғары қарқынмен орындалатын жаттығулар (20 секөндтан 5 минөтқа дейін); б) күшті қарқынмен орындалатын жаттығулар (5 минөттан 30 минөтқа дейін); в) қалыпты қарқынмен орындалатын жаттығулар (30 минөттан көбірек).
Достарыңызбен бөлісу: |