1.3 Мұғалімнің жеке қасиеттеріне қойылатын талаптар
Педагогикалық қабілеттіліктер — шәкірттерді оқыту мен тәрбиелеуде мұғалімнің жоғары нәтижелерге жетудің шарты болып табылатын жеке тұлғаның белгілі психологиялық ерекшеліктері.
Педагогикалық қабілеттіліктерде жеке тұлғаның коммуникативтік қасиеттері жетекші рөл атқарады, ең алдымен, қабылдау саласына қатысты перцептивтік (олардың ішінде — бақылағыштығы) қабілеттілік. Олар мұғалімге шәкірттің психологиясын, жан-дүниесін, оның психикалық жағдайын нақты жағдайда соған сәйкес қабылдауға, сынып ұжымының жағдайын дұрыс бағалауға мүмкіншілік жасайды.
Мұғалімнің коммуникативтік қасиеттерінің құрамды бөлігі эмпатияға даярлығы, демек, шәкірттердің психикалық жағдайын түсінуге ұмтылуы деп білеміз. Осының қажетті шарты – балаға жүрек жылуы. Ең соңында, мұғалімнің коммуникативтік қасиетінің үшінші бөлігі әлеуметтік өзара әрекеттегі жоғары дамыған қажеттілік деп есептеледі, ол білім беруге ұмтылуды балалармен қарым-қатынасты, балалар ұжымының өмірі мен қызметін дұрыс ұйымдастыру қажеттілгінен аңғарылады.
Педагогикалық қабілеттіліктердің құрылымына кіретін жеке тұлғаның кейбір қосымша қасиеттері мен ерекшеліктерін атауға болады. Бұл ең алдымен ақылдың белгілі сапалары: өткірлігі, сыншылдығы, бірізділігі және т.б. Мұғалімнің сөйлеу тілінің мәні орасан зор: шешендік қабілеттілігінің байқалуы, тілінің лексикалық байлығы және т.б. Мұғалімнің бойында артистік сапалардың болуы (бейнелі қиялдау, фантазияға бейімділігі) осы сапалардың бәрі педагогикалық қызметте жетістіктерге жетуде белгілі рөл атқарады.
Педагогикалық қабілеттер – тиімді педагогикалық қызметтің шарты ғана емес, сонымен қатар көп жағдайда мұғалімнің жемісті жұмысының нәтижесі. Педагогикалық қабілеттіліктер мұғалімнің психологиялық қасиеттерінің, қатынастарының және әрекеттерінің жалпы құрылымында байқалады, қалыптасады және дамиды.
Тәжірибе және арнаулы зерттеулер көрсеткендей, мұғалімнің өзінің педагогикалық қабілеттіліктерін мақсатты қалыптастыруы және дамытуы толықтай шындық болып табылады.
Жеке тұлғаның перцептивтік қасиетінің негізгі элементі – бақылағыштық педагогикалық тәжірибені меңгеру үрдісінде, сонымен қатар педагогтің арнаулы күш-жігерінің нәтижесінде дамиды және жетіледі.
Мұғалімнің жеке тұлғасына қойылатын кәсіби талаптар жиынтығы педагогикалық іс-әрекетке кәсіби даярлық ретінде анықталады. Оның құрамында бір жағынан психологиялық, психофизиологиялық, дене даярлығы болса, екінші жағынан ғылыми-теориялық, практикалық жан-жақтылықты атауға болады.
Кәсіби даярлық мазмұны педагогикалық білім беру мақсаты ретінде
профессиограммада беріледі, онда жеке бас параметрлері мен мұғалімнің кәсіби іс-әрекеті көрсетіледі.
Қазіргі кезде мұғалімнің профессиограммасын құрастырудың бай тәжірибесі жинақталған. Бір-бірімен тығыз байланысты және бір-бірін толықтыра алатын үш кешенді атап көрсетуге болады:
1) жалпы азаматтық сапа;
2) мұғалім мамандығын анықтайтын сапалар;
3) мамандық немесе пән бойынша арнайы білім, іскерлік, дағды.
Психологтар профессиограмманы құрғанда педагогикалық қабілеттерге тоқталуды ұсынады. В.А.Крутецкий дидактикалық, академиялық, коммуникативті қабілеттерді, педагогикалық шығармашылықты және зейінді бөле алу қабілеттілігін көрсетеді[9].
А.И.Щербаков маңызды педагогикалық қабілеттерге дидактикалық, құрылымдық, перцептивті, экспрессивті, коммуникативті, ұйымдастырушылықты көрсетеді.
Сонымен қатар, ол мұғалімнің жеке басының психологиялық құрылымында жалпы адамзаттық сапаны, адамгершілік-психологиялық, әлеуметтік-перцептивті, дара психологиялық ерекшеліктер және практикалық іскерліктер мен дағдыларды бөледі. Практикалық іскерлік пен
дағдыларға:
1) жалпы педагогикалық (ақпараттық, мобилизациялық, дамытушы, бағдарлаушы);
2) жалпы еңбек (құрылымдық, ұйымдастырушылық, зерттеушілік);
3) коммуникативті (әр түрлі жастағы адамдармен қарым-қатынас);
4) өздігінен білім алу (білімді жүйелеу және қорытындылау, оларды педагогикалық есептерді шешуде, жаңа ақпарат қабылдағанда қолдана алу).
Мұғалімнің профессиограммасында оның жеке басының бағыттылығы маңызды орын алады. Оның бағыттылығының сипаттамасына: әлеуметтік-адамгершілік, кәсіби-педагогикалық, танымдық бағыттылығы жатады.
Педагогикалық бағыттылық негізі мұғалім мамандығына деген қызығу
болып табылады. Оның өзі балаға, ата-анаға, педагогикалық іс-әрекетке дұрыс қатынасынан көрінеді. Педагогикалық атағының педагогикалық қызығушылықтан айырмашылығы, ол педагогикалық іске деген қабілеттілік.
Педагогикалық атақ болашақ педагогтың теориялық және практикалық тәжірибесінің толықтырылу және педагогикалық қабілетін өзін-өзі бағалау процесінде қалыптасады.
Педагогикалық атақ негізіне балаларға деген сүйіспеншілік жатады. Бұл сапа мұғалімнің кәсіби-педагогикалық бағыттылығын сипаттайды.
Осындай сапалар ішінен педагогикалық борыш пен жауапкершілікті атап кетуге болады. Педагогикалық борышты біле отырып, мұғалім балаларға, ересектерге көмек жасай отырып, өз - өзіне жауап береді, педагогикалық мораль кодексіне сүйенеді.
Еңбекке деген мотивациялық – бағалы қатынасы көрінеді бұл сапада. Мысал ретінде А.С.Макаренко мен В.А.Сухомлинский өмірі мен шығармашылығын жатқызуға болады.
Мұғалімнің әріптестерімен, ата-аналармен, балалармен өзара қатынастары педагогикалық такт мәнін түсіндіруге тырысады. Педагогикалық такт көбінесе педагогтың жеке бас сапаларынан көрінеді, атап айтқанда, мәдениетіне, еркінен, азаматтық позициясы мен кәсіби шеберлігінен. Ол мұғалім мен оқушы арасындағы дұрыс қарым-қатынастың негізі болып табылады. Педагогикалық такт, әсіресе, педагогтың бақылау-бағалау әрекетінен көрінеді, ал оған ерекше зейінділік пен шындық қажет[6].
Педагогикалық шындық мұғалімнің объективтілігін, адамгершілік тәрбиесінің деңгейін өлшейтін сапа.
Педагогтың кәсіби-педагогикалық бағыттылығын сипаттайтын жеке бас сапасы оның беделінен көрінеді.
Жеке тұлғаның танымдық бағыттылығының деңгейінің негізі рухани қажеттіліктер мен қызығушылықта. Жеке тұлғаның рухани және мәдени қажеттіліктері білімге деген қажеттіліктен туады. Педагогикалық өзіндік білім алудың үздіксіздігі – кәсіби дамудың қажетті жағдайы. Танымдық қызығушылықтың негізгі факторларының бірі – өз пәніне деген қызығушылық. Қазіргі мұғалім ғылымның әр түрлі саласынан хабардар болу керек, ол өз пәнін жақсы біліп, әлеуметтік-экономикалық, өндірістік, мәдени міндеттерді шешу мүмкіндіктерін білуі керек. Сонымен қатар жаңа зерттеулерді, жаңалықтарды, болжамдарды біліп, ғылымның жақын және алыс перспективаларын білуі керек.
Мұғалімнің танымдық бағыттылығының бірі ғылыми-педагогикалық ойлау мәдениеті. Оның негізгі көрінісі – ол диалектикалық бірлікте. Ол кез келген педагогикалық құбылыстың қарама-қайшылықтарынан тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |