II. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ƏДЕП ЖƏНЕ ҰСТАЗДЫҚ ШЕБЕРЛІК
2.1 Мұғалімнің өзін-өзі кәсіби тәрбиелеу
Өзін-өзі тәрбиелеу және кәсіби өзін-өзі жетілдіру жұмысына кіріспес бұрын бастаушы мұғалім ең алдымен өз жұмысының қандай бір мерзіміне сараптамасы болуы керек, оның дұрыс бағалануына және өз жұмысын одан әрі жетілдіруге деген жетекшісінің ұсынысы болуы керек.
Өзінің әрекетінің қорытындысын сараптай отырып мұғалім рефлекция жасайды онсыз білім беру процесінің заңдылығын түсіну мүмкін емес, педагогикалық шеберлікке бастайтын қозғалыс жоқ.
Кәсіби өзін-өзі дамытудың бастапқы компаненті өздігінен білімін көтеру болып табылады, біз бұл жерде «мақсатты түрдегі жалпы адамдық құндылықтарды әдістемелік және арнайы білім арқылы, кәсіби ептілігі мен дағдысы арқылы игеру бойынша педагогтың танымдылық әрекеті».
«Орыс оқытушыларының оқыушысы» деген атақ алған К.Д. Ушинский оқытушы оқу барысында ғана өмір сүреді деп санаған, қазіргі кезеңгі белгілі ғалымдардың бірі Д.С. Лихачев жастарға «Үнемі оқу керек. Барлық ірі ғалымдар тек қана біреуді оқытып қойған жоқ өздері де оқыды. Оқуды тоқтатқан күні – оқыта да алмайсың. Себебі білім үнемі өсіп жетіліп отырады » деген[15].
Кез келген мемлекеттің өркендеуі оның білім беру саласының жағдайына негізделеді, ал білім беру процесіндегі маңызды фигура-ұстаз тұлғасы. Мұғалімнің негізгі міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты қазіргі ғылыми білімдермен қаруландыру, дамыған шығармашыл тұлға ретінде қалыптастыру. Осындай жауапты міндеттерді сапалы деңгейде атқару үшін әр мұғалім өзінің білімін жетілдіріп отыруы қажет. Сондықтан әр мұғалімнің кәсіби жетілуінің негізгі факторларының бірі болып оның өздігінен білім алуы қарастырылады. Өздігінен білім алу – мұғалімнің тұлғалық өсуінің негізі. Қазіргі кездегі үздіксіз білім беру мәселесі де адамның бір алған білімімен қанағаттанбай, оны заманына сай толықтырып, жаңартып отыруын көздейді. Адам біліммен тек бір оқу мекемесінде ғана қаруланбайды, білім – үлкен құндылық, оны өмір бойы толықтырып отыру қажет. Егер адам білімін үнемі толықтырып, жаңартып отырмаса, ол кәсіби іс-әрекетке де жарамсыз болып қалады.
Өздігінен білім алу – адамның білім беру мекемелеріндегі жүйелі оқытудан тыс өздік жұмысы арқылы білім алу процесі. Мұғалімдердің өздігінен білім алулары олардың кәсіби біліктіліктерін жоғарлатудың негізгі формасы. Бұл бағытта мұғалімдер озық педагогикалық тәжірибелерді зерттеп, мектептегі немесе тұрғылықты жердегі басқа кітапханалардағы әдістемелік әдебиеттермен танысып, өз жоспарлары бойынша жұмыс істейді.
Өздігінен білім алудың негіздері әуелі мектеп жасынан басталып, кейіннен орта және жоғарғы кәсіби білім алу барысында жалғасын табады. Ал жоғары оқу орнындағы болашақ мұғалімдер үшін өздігінен білім алудың негізгі көздері ретінде А.С.Роботова, Т.В.Леонтьева ұсынған мынандай жағдайларды қарастыруға болады:
1. Кітапханадағы электрондық және кітап қоры, интернет жүйесін пайдалану.
2. Білімді, іскерліктерді жан-жақты жетілдіру курстарына қатысу
3. Кәсіби іс-әрекет бағытында жұмыс істеп көру.
4. Қоршаған ортадан алынған ақпараттарды білім алу көзіне айналдыру.
5. Өздігінен білім алудың құзіретінде әр адамның әуестенушілігін, хоббиін қарастыруға болады[3].
Өздігінен білім алу негіздерін жақсы меңгерген маман кәсіби іс-әрекетте үнемі әріптестерінің алды, ұжымның абыройлы тұлғасы, өзінің құзіреттілігімен, бәсекеге қабілеттілігімен гуманистік бағыттылығы негізінде басқаларға үлгі-өнеге болып оларға қолдау көрсете алады.
Мұғалімнің сабаққа дайындығы өзара байланысты екі кезеңнен тұрады: сабақтарды тақырып бойынша жоспарлау және осы жоспарлауды әрбір сабаққа сәйкес нақтыландыру, әрбір жеке сабақтың жоспарын терең ойластыру мен құрастыру.
Тақырыптық жоспарлау оқу бағдарламасының белгілі бір тақырыбы немесе тарауы бойынша өтілетін сабақтар мен сабақтан тыс оқу жүйесіндегі оқыту-тәрбиелік үрдісі білім беру, дамыту және тәрбие беру қызметтерін іске асыруының қолайлы жолдарын анықтау үшін қажет. Тақырыптық жоспарлаудың ойдағыдай іске асырылуы, көбінесе мұғалімнің оқушылар нені білулері керек деген сияқты мәселелерді қаншалықты терең ойластырғанына байланысты болып келеді.
Бір сабақты жоспарлау – мұғалімнің тиянақты бір сабаққа дайындығы, яғни сабақты жоспарлау, тақырыптық жоспарлауды әрбір жеке сабаққа сәйкес нақтыландыру, сабақтың негізгі мазмұны мен бағыты анықталғаннан кейін сабақтың жоспары мен қысқаша мазмұнын терең ойластыру мен құрастыру. Сабақ жоспары мұғалімнің жұмыс тәжірибесіне, білімдарлығына, педагогикалық шеберлігінің деңгейіне қарамастан, әрбір мұғалім үшін қажет. Сабақтың жоспары, тақырыптық жоспар, бағдарлама мазмұны негізінде, мұғалімнің оқушыларды және олардың дайындық деңгейін білуінің негізінде құрастырылады.
Сонымен мұғалімнің сабаққа дайындығы дегеніміз – тек оқу материалының тиянақты талдауы, оны оқып білу кезеңдеріне сәйкес құрастыруы ғана емес, сонымен қатар оқушылардың осы материалмен жұмысы кезінде пайда болуы мүмкін сұрақтары, жауаптары, пайымдаулары - оны қабылдауы, түсінуі. Сабақтың осындай алдын ала талдамасы неғұрлым тиянақты жасалса, сабақ өткізу барысында кездейсоқ жағдайларға тап болу мүмкіндігі біртұтас педагогикалық процесте солғұрлым аз болады.
Осылайша, қазіргі уақытта да сабақ оқушылардың мектепте білім алуын ұйымдастыру түрінің ең негізгісі болып қала береді. Сабақтың нәтижелілігі мұғалімнің дайындық деңгейіне, оқушылардың оқу-танымдық әрекетін ұйымдастыра алуына және ол оқу әрекетінің нәтижесін болжай алуына байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |