6-тарау. Ерлi-зайыптылардың жеке құқықтары мен мiндеттерi
28-бап. Ерлi зайыптылардың құқықтары мен мiндеттерiнiң
туындауы
Ерлi-зайыптылардың құқықтары мен мiндеттерi азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында некеге тұру мемлекеттiк тiркелген күннен бастап туындайды.
29-бап. Ерлi-зайыптылардың отбасындағы теңдiгi
1. Ерлi-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең мiндеттер атқарады.
2. Ерлi-зайыптылардың әрқайсысы қызмет, кәсiп түрiн, тұрғылықты жердi таңдауда ерiктi.
3. Ана, әке болу, балаларды тәрбиелеу, оларға бiлiм беру мәселелерi мен отбасы өмiрiнiң басқа да мәселелерiн ерлi-зайыптылар бiрлесiп шешедi.
4. Ерлi-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық және өзара көмек негiзiнде құруға, отбасының игiлiгi мен нығаюына жәрдемдесуге, өз балаларының денсаулығына, өсiп-жетiлуiне және олардың әл-ауқаты жағдайына қамқорлық жасауға мiндеттi.
30-бап. Ерлi-зайыптылардың тек таңдау құқығы
1. Некеге тұру кезiнде ерлi-зайыптылар өз тiлектерi бойынша ортақ тек ретiнде өздерiнiң бiреуiнiң тегiн таңдап алады не ерлi-зайыптылардың әрқайсысы өзiнiң некеге тұрғанға дейiнгi тегiн сақтап қалады, не өз тегiне екiншi жұбайдың тегiн қосады.
Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң некеге тұрғанға дейiнгi тегi қосарлас болса, тектердi қосуға жол берiлмейдi.
2. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң тегiн өзгертуi екiншi жұбайдың тегiн өзгертуiне әкеп соқпайды.
3. Неке бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылар ортақ тектi сақтауға немесе өздерiнiң некеге тұрғанға дейiнгi тегiн қалпына келтiруге құқылы.
7-тарау. Ерлi-зайыптылардың мүлiктiк құқықтары мен
мiндеттерi
1. Ерлi-зайыптылар мүлкiнiң заңды режимi
31-бап. Ерлi-зайыптылар мүлкiнiң заңды режимi ұғымы
1. Егер неке шартында өзгеше белгiленбесе, ерлi-зайыптылардың бiрлескен ортақ меншiгiнiң режимi олардың мүлкiнiң заңды режимi болып табылады.
2. Ерлi-зайыптылардың шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң бiрлескен меншiгi болып табылатын мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (Жалпы бөлiм) 224 және 225-баптарымен белгiленедi.
Ескерту. 31-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
32-бап. Ерлi-зайыптылардың бiрлескен ортақ меншiгi
1. Ерлi-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.
2. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкiне (ерлi- зайыптылардың ортақ мүлкiне) ерлi-зайыптылардың әрқайсысының еңбек қызметiнен, кәсiпкерлiк қызметтен және санаткерлiк қызмет нәтижелерiнен тапқан табыстары, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнен және ерлi-зайыптылардың әрқайсысының бөлек мүлкiнен түскен кiрiстер, олар алған зейнетақылар, жәрдемақылар, сондай-ақ арнаулы нысаналы мақсаты жоқ өзге де ақшалай төлемдер (материалдық көмек сомалары, мертiгу не денсаулығының өзге де зақымдануы салдарынан еңбек қабiлетiн жоғалтуына және басқаларына байланысты залалды өтеуге төленген сомалар) жатады. Сондай-ақ ерлi- зайыптылардың ортақ кiрiстерiнiң есебiнен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлiктер, бағалы қағаздар, жарналар, салымдар, несие мекемелерiне немесе өзге де коммерциялық ұйымдарға салынған капиталдағы үлестер және ерлi-зайыптылар некеде тұрған кезеңде тапқан басқа да кез келген мүлiк ол ерлi-зайыптылардың қайсысының атына сатып алынғанына не ақша қаражаттарын ерлi-зайыптылардың қайсысы салғанына қарамастан, ерлi- зайыптылардың ортақ мүлкi болып табылады.
3. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлiкке құқығы некеде тұрған кезеңде үй шаруашылығын жүргiзудi, балаларды бағып-күтудi жүзеге асырған немесе басқа да дәлелдi себептермен жеке кiрiсi болмаған жұбайға да тиесiлi.
33-бап. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн иелену, пайдалану
және оған билiк ету
1. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету ерлi-зайыптылардың өзара келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билiк ету жөнiнде ерлi- зайыптылардың бiрi мәмiлелер жасасқан кезде екiншi жұбайының келiсiмi керек болады.
Ерлi зайыптылардың бiреуi ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билiк ету жөнiнде жасасқан мәмiлесiн сот басқа жұбайдың келiсiмi болмауын дәлел етiп, тек оның талап етуiмен ғана және басқа тараптың мәмiле жөнiнде бiлгендiгi немесе осы мәмiленi жасасуға басқа жұбайдың күнi бұрын бiлуi тиiс екендiгi дәлелденген жағдайларда ғана жарамсыз деп тануы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың бiреуi жылжымайтын мүлiкке билiк ету жөнiнде мәмiле мен нотариаттық куәландыруды және (немесе) заңда белгiленген тәртiппен тiркеудi талап ететiн мәмiле жасауы үшiн басқа жұбайдың нотариат куәландырған келiсiмiн алуы қажет.
Аталған мәмiле жасауға нотариат куәландырған келiсiмi алынбаған жұбай осы мәмiленiң жасалғандығы туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап бiр жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
34-бап. Ерлi-зайыптылардың әрқайсысының меншiгi
1. Мыналар ерлi-зайыптылардың әрқайсысының меншiгi болып табылады:
1) некеге тұрғанға дейiн ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi болған мүлiк;
2) ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезеңiнде сыйлыққа, мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де мәмiле жасау бойынша тегiн алған мүлкi;
3) қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, некеде тұрған кезеңде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражаты есебiнен сатып алынса да, жеке пайдалану заттары (киiм-кешек, аяқкиiм және басқалар).
2. Некенiң iс жүзiнде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған кезде ерлi-зайыптылардың әрқайсысы тапқан мүлiктi сот олардың әрқайсысының меншiгi деп тануы мүмкiн.
35-бап. Ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкiн олардың
бiрлескен ортақ мүлкi деп тану
Егер некеде тұрған кезеңде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi немесе басқа жұбайдың мүлкi не ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң еңбегi есебiнен осы мүлiктiң құнын едәуiр арттыратын салыным жүргiзiлгенi (күрделi жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және с.с.) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып танылуы мүмкiн.
36-бап. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу
1. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап ету бойынша неке кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң үлесiнен өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы кредит берушiнiң талабын мәлiмдеуi жағдайында да жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi ерлi-зайыптылар арасында олардың келiсiмi бойынша бөлiнуi мүмкiн. Ерлi-зайыптылардың қалауы бойынша олардың ортақ мүлiктi бөлу туралы келiсiмi нотариат арқылы куәландырылуы мүмкiн.
3. Дау туған жағдайда ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың сол мүлiктегi үлестерiн анықтау сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде сот ерлi-зайыптылардың талап етуi бойынша ерлi-зайыптылардың әрқайсысына қандай мүлiк берiлуге тиiс екендiгiн анықтайды. Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiне құны оған тиесiлi үлестен асатын мүлiк берiлсе, басқа жұбайға тиiсiнше ақшалай немесе өзге де өтемақы берiлуi мүмкiн.
4. Кәмелетке толмаған балалардың ғана қажеттерiн қанағаттандыру үшiн сатып алынған заттар (киiм-кешек, аяқ киiм, мектеп және спорт жабдықтары, музыкалық аспаптар, балалар кiтапханасы және басқалары) бөлiнуге жатпайды және бала бiрге тұратын жұбайға өтемақысыз берiледi.
Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң есебiнен ерлi-зайыптылар өздерiнiң кәмелетке толмаған ортақ балаларының атына салған салымдары сол балаларға тиесiлi болып есептеледi және ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлген кезде есепке алынбайды.
5. Ерлi-зайыптылардың неке кезеңiндегi ортақ мүлкiн бөлген жағдайда ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң бөлiнбеген бөлiгi, сондай-ақ ерлi- зайыптылардың одан кейiнгi неке кезеңiнде тапқан мүлкi олардың бiрлескен ортақ меншiгiн құрайды.
6. Некесi бұзылған ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы ерлi- зайыптылар талабына талап-арыз мерзiмi өтуiнiң үш жылдық мерзiмi қолданылады.
37-бап. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде
үлестердi анықтау
1. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi- зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады.
2. Сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiн негiзге ала отырып және (немесе) ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн негiзге ала отырып, егер жұбайлардың бiрi дәлелсiз себептермен табыс таппаса немесе ерлi- зайыптылардың ортақ мүлкiн отбасының мүдделерiне залал келтiрiп жұмсаса, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеуге құқылы.
3. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде ерлi-зайыптылардың ортақ борыштары олардың арасында өздерiне берiлген үлеске қарай бөлiнедi.
2. Ерлi-зайыптылар мүлкiнiң шарттық режимi
38-бап. Неке шарты
Некеге тұрушы адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады.
39-бап. Неке шартын жасасу
1. Неке шарты некеге тұруды мемлекеттiк тiркеуге дейiн де, неке кезеңiндегi кез келген уақытта да жасалуы мүмкiн.
Некеге тұруды мемлекеттiк тiркеуге дейiн жасалған неке шарты некеге тұру мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi.
2. Неке шарты жазбаша түрде жасалады және оны нотариат куәландыруға тиiс.
40-бап. Неке шартының мазмұны
1. Ерлi-зайыптылар неке шартымен заңда белгiленген бiрлескен ортақ меншiк режимiн (осы Заңның 32-бабы) өзгертуге, ерлi-зайыптылардың барлық мүлкiне, оның жекелеген түрлерiне немесе ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкiне бiрлескен, үлестiк немесе бөлектелген меншiк режимiн белгiлеуге құқылы.
Неке шарты ерлi-зайыптылардың қолда бар мүлкi жөнiнде де, болашақтағы мүлкi жөнiнде де жасалуы мүмкiн.
Неке шартында ерлi-зайыптылар өзара күтiп-бағу жөнiндегi өз құқықтары мен мiндеттерiн, бiр-бiрiнiң кiрiстерiне қатысу әдiстерiн, олардың әрқайсысының отбасылық шығындар жасау тәртiбiн айқындауға; неке бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылардың әрқайсысына берiлетiн мүлiктi белгiлеуге, сондай-ақ неке шартына ерлi-зайыптылардың мүлiктiк қатынастарына қатысты өзге де кез келген ережелердi енгiзуге құқылы.
2. Неке шартында көзделген құқықтар мен мiндеттер белгiлi бiр мерзiмдермен шектелуi не белгiлi бiр жағдайлардың туындауына немесе туындамауына қарай қойылуы мүмкiн.
3. Неке шарты ерлi-зайыптылардың құқық қабiлетiн немесе әрекет қабiлеттiлiгiн , олардың өз құқықтарын қорғау үшiн сотқа жүгiну құқығын шектей алмайды; ерлi зайыптылар арасындағы мүлiктiк емес жеке қатынастарды, ерлi-зайыптылардың балаларға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн реттей алмайды; еңбекке қабiлетсiз мұқтаж жұбайдың асырау қаражатын алуға құқығын шектейтiн жағдайды көздей алмайды; ерлi-зайыптылардың бiреуiн өте қолайсыз жағдайға қалдыратын немесе неке-отбасы заңдарының негiзгi бастауларына қайшы келетiн басқа да жағдайларды қамти алмайды.
41-бап. Неке шартын өзгерту және бұзу
1. Неке шарты ерлi-зайыптылардың келiсiм бойынша кез келген уақытта өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн. Неке шартын өзгерту туралы немесе бұзу туралы келiсiм неке шартының өзi сияқты нысанда жасалады.
Неке шартын орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмейдi.
2. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң талап етуi бойынша неке шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде неке шартын өзгерту және бұзу үшiн белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша соттың шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.
3. Неке шартында, неке тоқтатылғаннан кейiнгi кезеңге арналып көзделген мiндеттердi қоспағанда, неке шартының қолданылуы неке тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады (осы Заңның 22-бабы).
42-бап. Неке шартын жарамсыз деп тану
1. Неке шартын сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде мәмiлелердiң жарамсыздығы үшiн көзделген негiздер бойынша толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы мүмкiн.
2. Егер шарттың талаптары ерлi-зайыптылардың бiрiн өте қолайсыз жағдайда қалдыратын болса, олардың бiрiнiң талап етуi бойынша да сот неке шартын толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы мүмкiн. Осы Заңның 40-бабы 3-тармағының талаптарын бұзатын неке шартының талаптары жарамсыз деп танылады.
3. Ерлi-зайыптылардың мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiгi
43-бап. Ерлi-зайыптылардың мүлкiнен өндiрiп алу
1. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша өндiрiп алу тек сол жұбайының мүлкiне ғана жасалуы мүмкiн. Бұл мүлiк жеткiлiксiз болған жағдайда кредит берушi өзiне өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде борышкер жұбайға тиесiлi болатын борышкер жұбайдың үлесiн бөлiп берудi талап етуге құқылы.
2. Өндiрiп алу ерлi-зайыптылардың ортақ мiндеттемелерi бойынша, сондай-ақ сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша алынғандардың бәрi отбасының қажеттерiне пайдаланғандығын анықтаса, ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша да ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнен жасалады. Бұл мүлiк жеткiлiксiз болған жағдайда ерлi- зайыптылар аталған мiндеттемелер бойынша өздерiнiң әрқайсысының мүлкiмен бiрлесе отырып жауапты болады.
Егер соттың үкiмiмен ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi ерлi-зайыптылардың бiреуi қылмыстық жолмен алған қаражат есебiнен сатып алынғаны немесе көбейтiлгенi анықталса, өндiрiп алу тиiсiнше ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнен немесе оның бiр бөлiгiнен жасалуы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiгi азаматтық заңдармен белгiленедi. Ерлi-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары келтiрген зиянды өтеуi кезiнде олардың мүлкiнен өндiрiп алу осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалады.
44-бап. Неке шартын жасасу, өзгерту және бұзу кезiндегi
кредит берушiлердiң құқықтарына кепiлдiк
Борышкер жұбайдың кредит берушiсi (кредит берушiлерi) айтарлықтай өзгерген мән-жайларға байланысты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (Жалпы бөлiм) 401-404-баптарында белгiленген тәртiппен ерлi-зайыптылар арасында жасалған неке шартының талаптарын өзгертудi немесе оны бұзуды талап етуге құқылы.
3-бөлiм. Отбасы
8-тарау. Балалардың туу тегiн белгiлеу
45-бап. Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен
мiндеттерi туындауының негiздерi
Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен мiндеттерi балалардың заңмен белгiленген тәртiппен куәландырылған тегiне негiзделедi.
46-бап. Баланың туу тегiн белгiлеу
1. Баланың анасы жағынан тегiн (анасы болуын) ананың медициналық мекемеде бала туғанын растайтын құжаттар негiзiнде, ал бала медициналық мекемеден тыс жерде туған жағдайда - медициналық құжаттардың, куәлардың көрсетулерiнiң немесе өзге де айғақтардың негiзiнде азаматтық хал актiлерiн жазу органы белгiлейдi.
2. Бiр-бiрiмен некеде тұратын адамдармен туған баланың туу тегi ата- анасының неке туралы жазбасымен куәландырылады.
Бала неке бұзылған, оны жарамсыз деп таныған кезден бастап немесе бала анасының жұбайы қайтыс болған кезден бастап екi жүз жетпiс күн iшiнде туған жағдайда, егер өзгеше дәлелденбесе, анасының бұрынғы жұбайы баланың әкесi болып танылады.
3. Егер баланың анасы баланың әкесi өзiнiң жұбайы (бұрынғы жұбайы) емес деп мәлiмдесе, баланың әкесi осы баптың 4-тармағында немесе осы Заңның 47-бабында көзделген ережелер бойынша белгiленедi.
4. Баланың анасымен некеде тұрмайтын адамның әке болуы баланың әкесi мен анасының азаматтық хал актiлерiн жазу органына бiрлесiп арыз беруi жолымен; анасы қайтыс болған, ол әрекетке қабiлетсiз деп танылған, анасының тұратын жерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайларды немесе ол ата-ана құқығынан айырылған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның келiсiмiмен бала әкесiнiң арызы бойынша, мұндай келiсiм болмаған жағдайда - сот шешiмiмен белгiленедi.
Әке болуды анықтау туралы бiрлесiп арыз беру бала туғаннан кейiн мүмкiн емес немесе қиын деп ұйғаруға негiз беретiн мән-жайлар болған кезде болашақ баланың бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын ата-анасы анасы жүктi болған кезде азаматтық хал актiлерiн жазу органына сондай арыз беруге құқылы. Баланың ата-анасы туралы жазба бала туғаннан кейiн жасалады.
Егер анасының күйеуi емес еркектiң әке екендiгi анық болып шықса, анасы босанғанға дейiнгi және босанғаннан кейiнгi кезеңдердiң iшiнде өзiн асырау жөнiндегi шығындарға одан тиiстi ақша қаражатын сот тәртiбiмен талап етуге құқылы. Ақша қаражатының мөлшерiн тараптардың материалдық, отбасылық және назар аударуға тұрарлық басқа да мүдделерiн негiзге ала отырып, ақша қаражатын төлеу кезiнде қолданылып жүрген есептiк көрсеткiштiң еселенген арақатынасымен сот белгiлейдi.
5. Он сегiз жасқа (кәмелетке) толған адам жөнiнде әке болуды белгiлеуге оның келiсiмiмен ғана, ал егер ол әрекетке қабiлетсiз деп танылған болса - оның қорғаншысының немесе қорғаншы және қамқоршы органның келiсiмiмен ғана жол берiледi.
47-бап. Әкелiктi сот тәртiбiмен белгiлеу
Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын ата-аналардан бала туған жағдайда және ата-ананың бiрлескен арызы немесе бала әкесiнiң арыз болмаған кезде (осы Заңның 46-бабының 4-тармағы) баланың нақты адамнан туу тегi (әке болуды) ата-аналарының бiреуiнiң, бала қорғаншысының (қамқоршысының) арызы бойынша немесе баланы асырап отырған адамның арызы бойынша, сондай-ақ баланың кәмелетке толғаннан кейiнгi өз арызы бойынша сот тәртiбiмен белгiленедi. Бұл жағдайда сот баланың нақты адамнан туу тегiн анық растайтын айғақтарды ескередi.
48-бап. Соттың әке болуды тану фактiсiн белгiлеуi
Өзiн баланың әкесiмiн деп таныған, бiрақ баланың анасымен некеде тұрмаған адам қайтыс болған жағдайда оның әке екенiн тану фактiсi азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген ережелер бойынша сот тәртiбiмен белгiленуi мүмкiн.
49-бап. Баланың ата-анасын туу туралы жазбалар кiтабына
жазу
1. Бiр-бiрiмен некеде тұратын әке мен ана туу туралы жазбалар кiтабына олардың кез келгенiнiң арызы бойынша баланың ата-анасы болып жазылады.
2. Егер ата-ана бiр-бiрiмен некеде тұрмаса, баланың анасы туралы жазба-анасының арыз бойынша, ал баланың әкесi туралы жазба баланың әкесi мен анасының бiрлескен арызы бойынша немесе бала әкесiнiң арызы бойынша (осы Заңның 46-бабының 4-тармағы) жүргiзiледi немесе әкесi соттың шешiмiне сәйкес жазылады.
3. Бала некеде тұрмайтын анадан туған ретте, ата-ананың бiрлескен арызы болмаған жағдайда немесе әке болуды анықтау туралы сот шешiмi болмаған жағдайда туу туралы жазбалар кiтабында бала әкесiнiң тегi анасының тегi бойынша, бала әкесiнiң аты-жөнi - бала анасының көрсетуi бойынша жазылады.
4. Некеде тұратын және бойға бала бiтiрудiң жасанды әдiсiн немесе эмбрион имплантациясын қолдануға жазбаша түрде өз келiсiмiн берген адамдар осы әдiстердi қолдану нәтижесiнде өздерiнде бала туған жағдайда туу туралы жазбалар кiтабына оның ата-анасы болып жазылады.
Суррогат ана мен бойға бала бiтiрудiң жасанды әдiстерi мәселелерiн құқықтық реттеу Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
50-бап. Әке (ана) болуды даулау
1. Осы Заңның 49-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес жүргiзiлген туу туралы жазбалар кiтабына ата-ананы жазу баланың әкесi немесе анасы ретiнде жазылған адамның, iс жүзiнде баланың әкесi немесе анасы болып табылатын адамның, бала кәмелетке толғаннан кейiн оның өзiнiң, бала қорғаншысының (қамқоршысының), сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған ата-ана қорғаншысының талап етуi бойынша тек сот тәртiбiмен ғана даулануы мүмкiн.
2. Осы Заңның 49-бабының 2-тармағының негiзiнде баланың әкесi болып жазылған адамның әке болуына дау туғызу туралы талабы, егер жазу кезiнде бұл адамға оның iс жүзiнде баланың әкесi емес екендiгi айқын болса, қанағаттандырылмайды.
3. Заңда белгiленген тәртiппен бойға бала бiтiрудiң жасанды әдiсiн немесе эмбрион имплантациясын қолдануға жазбаша түрде келiсiм берген жұбайдың әке болуды даулау кезiнде осы мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ.
Басқа әйелге эмбрион имплантациясына келiсiм берген ерлi-зайыптылардың, сондай-ақ суррогат ананың (осы Заңның 49-бабы 4-тармағының екiншi бөлiгi) туу туралы жазбалар кiтабына ата-аналар жазылғаннан кейiн ана және әке болуды даулау кезiнде осы мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ.
51-бап. Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын адамдардан туған
балалардың құқықтары мен мiндеттерi
Осы Заңның 46-48-баптарында көзделген тәртiппен әке екенi белгiленген жағдайда балалардың ата-аналары мен олардың туыстарына қатысты бiр-бiрiмен некеде тұратын адамдардан туған балалардағы сияқты құқықтары мен мiндеттерi болады.
9-тарау. Баланың құқықтары
52-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы
1. Он сегiз жасқа (кәмелетке) толмаған адам бала деп танылады.
2. Әрбiр баланың мүмкiн болғанынша отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығына құқығы, өзiнiң мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, олармен бiрге тұруға құқығы бар.
Баланың өз ата-анасы тәрбиеленуiне, оның мүдделерiн қамтамасыз етуiне, жан-жақты өсiп-жетiлуiне, оның адамдық қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне құқығы бар.
Ата-анасы болмаған жағдайда, оларды ата-ана құқығынан айырған жағдайда және ата-ана қамқорлығынан айырылудың басқа да жағдайларында баланың отбасында тәрбиелену құқығын осы Заңның 13-тарауында белгiленген тәртiппен қорғаншы және қамқоршы орган қамтамасыз етедi.
53-бап. Баланың ата-анасымен және басқа да туыстарымен
қарым-қатынас жасау құқығы
1. Баланың ата-анасының екеуiмен де, аталарымен, әжелерiмен, аға- iнiлерiмен, апа-сiңлiлерiмен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Ата-анасы некесiнiң бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-анасының бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиiс.
Ата-анасы бөлек тұрған жағдайда баланың олардың әрқайсысымен қарым- қатынас жасауға құқығы бар. Ата-анасы әртүрлi мемлекеттерде тұрған жағдайда да баланың өз ата-анасымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар.
2. Қысыл-таяң жағдайға ( ұсталу , тұтқындалу , қамауға алыну , емдеу мекемесiнде болу және т.с.с ) ұшыраған баланың заңда белгiленген тәртiппен өзiнiң ата-анасымен және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар.
54-бап. Баланың өз пiкiрiн бiлдiру құқығы
Бала отбасында өз мүддесiн қозғайтын кез келген мәселенi шешу кезiнде өзiнiң пiкiрiн бiлдiруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкiмшiлiк iс қарау барысында тыңдалуға құқылы. Он жасқа толған бала пiкiрi, егер бұл пiкiр оның мүдделерiне қайшы келмейтiн болса, ескерiлуге мiндеттi. Осы Заңда (56, 70, 84, 86, 88, 97, 98, 122-баптар) көзделген жағдайларда қорғаншы және қамқоршы органдар немесе сот он жасқа толған баланың келiсiмiмен ғана шешiм қабылдай алады.
55-бап. Баланың ат алуға, әкесiнiң атын және тегiн алуға
құқығы
1. Баланың ат алуға, әкесiнiң атын және тегiн алуға құқығы бар.
2. Балаға ат ата-анасының (немесе олардың орнындағы адамдардың) келiсiмi бойынша қойылады, аты-жөнi әкесiнiң аты бойынша не ұлттық дәстүрлер ескерiле отырып берiледi.
Әкесi атын өзгерткен жағдайда оның кәмелетке толмаған балаларының әкесiнiң аты-жөнi өзгередi, ал кәмелетке толған балалардың әкесiнiң аты- жөнi бұл туралы өздерi арыз берген жағдайда өзгертiледi.
3. Баланың тегi ата-анасының тегiмен айқындалады. Ата-анасының тегi әртүрлi болған жағдайда балаға ата-анасының келiсiмi бойынша әкесiнiң немесе анасының тегi берiледi.
Ата-анасының тiлегi бойынша балалардың тегi ұлттық дәстүрлер ескерiле отырып, әкесiнiң немесе атасының атынан шығарылуы мүмкiн.
4. Баланың атына және (немесе) тегiне қатысты ата-ананың арасында туындаған келiспеушiлiк сот тәртiбiмен шешiледi.
5. Егер әкесi белгiленбесе, баланың аты анасының көрсетуi бойынша қойылады, әкесiнiң аты-жөнi баланың әкесi ретiнде жазылған адамның аты бойынша (осы Заңның 49-бабының 3-тармағы), тегi - анасының тегi бойынша берiледi.
6. Егер ата-анасының екеуi де белгiсiз болса, баланың тегiн, атын, аты-жөнiн қорғаншы және қамқоршы орган қояды.
56-бап. Баланың аты мен тегiн өзгерту
1. Ата-анасының екеуi де тегiн өзгерткен жағдайда кәмелетке толмаған балалардың тегi өзгередi.
Бала он алты жасқа толғанға дейiн ата-анасының бiрлескен өтiнiшi бойынша азаматтық хал актiлерiн жазу органы баланың мүдделерiн негiзге ала отырып, баланың атын, сондай-ақ оған берiлген тектi басқа ата-ананың тегiне өзгертуге рұқсат беруге құқылы.
2. Неке тоқтатылған немесе неке жарамсыз деп танылған жағдайда балалар өздерiне туған кезде берiлген тектерiн сақтап қалады.
3. Егер ата-анасы бөлек тұрса және бала бiрге тұратын ата-анасының бiреуi оған өзiнiң тегiн бергiсi келсе, азаматтық хал актiлерiн жазу органы бұл мәселенi баланың мүдделерiне қарай және ата-ананың екiншiсiнiң пiкiрiн ескере отырып шешедi. Ата-ананың тұратын жерiн анықтау мүмкiн болмаған, ол ата-ана құқығынан айырылған, әрекетке қабiлетсiз деп танылған жағдайда, сондай-ақ ата-ана баланы асырап-бағу мен тәрбиелеуден дәлелдi себептерсiз жалтарған ретте оның пiкiрiн ескеру мiндеттi емес.
4. Егер бала бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын адамдардан туған болса және әкесi заңды тәртiппен белгiленбесе, азаматтық хал актiлерiн жазу органы, баланың мүдделерiн негiзге ала отырып, оның тегiн анасының осындай өтiнiш жасаған кездегi соның тегiне өзгертуге рұқсат етуге құқылы.
5. Он жасқа толған баланың атын және (немесе) тегiн оның келiсiмiмен ғана өзгертуге болады.
57-бап. Баланың ұлты
1. Баланың ұлты оның ата-анасының ұлтымен айқындалады.
2. Егер ата-анасының ұлты әртүрлi болса, ол баланың қалауы бойынша оған жеке басының куәлiгi немесе паспорт берiлген кезде әкесiнiң немесе шешесiнiң ұлтымен айқындалады.
3. Одан әрi баланың ұлты оның өтiнiшi бойынша басқа ата-анасының ұлтына өзгертiлуi мүмкiн.
58-бап. Баланың мүлiктiк құқықтары
1. Баланың осы Заңның 5-бөлiмiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде өзiнiң ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен асырау қаражатын алуға құқығы бар.
2. Балаға алименттер, зейнетақылар, жәрдемақылар ретiнде тиесiлi сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билiк етуiне келiп түседi және оны олар баланы асырап-бағуға, оған бiлiм беруге және оны тәрбиелеуге жұмсайды.
3. Баланың өзi сыйға немесе мұрагерлiк тәртiбiмен алған кiрiстердi, мүлiктi, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлiктi меншiктенуге құқығы бар.
Өз еңбегiнен кiрiс алған бала, егер ол ата-анасымен бiрге тұрса, отбасын асырау жөнiндегi шығыстарға қатысуға құқылы.
Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (Жалпы бөлiм) 22 және 23-баптарымен белгiленедi.
Ата-ананың бала мүлкiн басқару жөнiндегi құқықтарын жүзеге асыруы кезiнде оларға осы Заңның 114-бабында белгiленген ереже қолданылады.
4. Баланың ата-ана мүлкiне меншiк құқығы болмайды, ата-ананың баланың мүлкiне меншiк құқығы болмайды. Бiрге тұратын балалар мен ата-аналар бiр- бiрiнiң мүлкiн өзара келiсiм бойынша иеленiп, пайдалана алады.
5. Ата-аналар мен балалардың ортақ меншiк құқығы пайда болған жағдайда олардың ортақ мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы азаматтық заңдарда белгiленедi.
59-бап. Баланың қорғалу құқығы
1. Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға құқығы бар.
Баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды ата-анасы (олардың орнындағы адамдар), ал осы заңда көзделген жағдайларда қорғаншы және қамқоршы орган, прокурор және сот жүзеге асырады.
Кәмелетке толғанға дейiн заңға сәйкес әрекетке толық қабiлеттi деп танылған кәмелетке толмаған адамның өз құқықтары мен мiндеттерiн, оның iшiнде қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Баланың ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) тарапынан жасалған қиянаттан қорғалуға құқығы бар.
Баланың құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған кезде, оның iшiнде ата- анасының (олардың бiреуiнiң немесе олардың орнындағы адамдардың) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу, оған бiлiм беру жөнiндегi мiндеттерiн орындамауы кезiнде немесе тиiстi дәрежеде орындамауы кезiнде не ата-ана (қорғаншы, қамқоршы) құқығын терiс пайдалану кезiнде бала қорғаншы және қамқоршы органға, ал он төрт жасқа толғанда - сотқа өзiнiң құқықтарын қорғау үшiн өз бетiнше өтiнiш жасауға құқылы.
3. Баланың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төнгендiгi туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғандығы туралы белгiлi болған ұйымдардың лауазымды адамдары мен өзге де азаматтар ол жөнiнде баланың iс жүзiнде тұратын жерi бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға мiндеттi. Мұндай мәлiметтердi алған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.
Достарыңызбен бөлісу: |