Нұргелді уәлиев сөз мәдениеті



Pdf көрінісі
бет36/37
Дата11.03.2024
өлшемі450.47 Kb.
#495037
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37
dc91321cafe8ba1e271bba6a06f75119

бақытты бол дейтін айшықты сөз өрнегімен толтыруға қазақ тілінің
қуаты әбден-ақ жетеді. Заманға лайық батаға жаңа мазмұн үстеп, үй-
иесінің дәм-тұзына алғыс білдіріп, риза көңілмен тілек айту этикетке
айналса, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз.
«Әр елдің заңы басқа» демекші, бір елде бар этикет екінші елде
кездесе бермейді. Бір тілден екінші тілге сөз ауысуы тәрізді, бір
халықтан екінші халыққа этикет ауысуы да мүмкін. Қандай халық
болмасын, өзінде жоқты өзгеден алып, өз топырағында жерсіндіре
біледі. Кейде жаңаны жатсынбасақ та, дәстүрде жоқ нәрсе тосындау
көрінуі мүмкін.
Көптеген мәдениетті елде дәм алып отырған адамға тілек білдіру
дәстүрі бар. Соның әсері болу керек, тамақ ішіп отырған танысын
көргенде, кей адам Ас дәмді болсын, тағам тәтті болсын, тәбетіңіз
ашылсын тәрізді тілектер айтып, шүйіркелесіп жатады. Ал
қайсыбіреулері «қазақтың онсыз да тәбеті мықты ғой» деп, мұндай
тілек білдіруді таңсық көрмейді. Ондай тілек айту дәстүрде жоқ деп
біледі. Бірақ қазіргі кезде ел мен елдің, халық пен халықтың қарым-
қатынасы, мәдени байланысы ерістеп отырған заманда көркем
шығармаларда кездесетін бұл тәрізді этикет сөздерді бәрі-бір ана
тілімізге аударуға тура келмей ме? Олай болса, жұмған аузымызды
ашпай, үн-түнсіз қалғаннан гөрі дәм татып отырған танысымызға
ілтипат білдіріп, құрмет көрсетуді этикетке айналдырудың ерсілігі
жоқ.
Оқушылар, студенттер қадірмен ұстаздарына қарап ағай, апай
деген сөздерді көп қолданады. Бұлар аты-жөнің білмеген кісіге
айтылатын ресми қаратпа сөз сияқтанып кетті. Халқымызда тағы
сондай құрмет нышаны ретінде ер аттарының басқы буындарын
қысқартып алып, оған – еке, (ақа) сөзін қосатынымыз бар: Әлеке,
Жұмеке, Есеке, Мәке, Жәке, Нықа, Сәке сияқты қаратпаларды әдетте
тонның ішкі бауындай жақын, жасы үлкен адамдарға айтамыз.
Мұндай дәстүрлі қаратпалардың ыңғайымен Иван, Виктор,
Константин, Гарибальди тәрізді өзге ұлт өкілдерінің аттарын
қысқартып «қазақыландырып» айту да өрескел көрінер еді.
«Гарибальдидің көзі – қос сұрақ, ол менің көзім болуы мүмкін, ал
Гарекеңдікі әншейін қос сызық» (кітаптан). Автордың бұл тәрізді
«жаңалығын» жарасымды деуге болмайды, Мұндай орайда да
қадірмен кісілердің аты-жөнің атаған дұрыс.


Қоғамдық өмірдің әр саласында қызмет етіп жүрген адамдардың
сіңірген еңбегіне лайық әр түрлі атақ, дәрежелері болады.
Мәдениетті елдің дәстүрінде ондай атақ, дәрежелерді кісі
фамилиясымен қоса атайды: Лениндік және СССР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты М. О. Әуезов, СССР Ғылым академиясының
академигі Қ. И. Сәтбаев, СССР Халық артисі К. Байсейітова, полковник
Б. Момышұлы. Бір адамның бірнеше атақ дәрежесі болуы ықтимал.
Ондай атақ, дәреженің бәрін тізе беру мүмкін болмаған жағдайда ең
үлкен атақ, дәрежесін ғана атауға болады. Әр түрлі атақ, дәрежені,
мамандықты ресми жағдайда кісінің фамилиясымен қосып атаған
жөн: профессор Қасымов, доктор Дарханов, механизатор Дүйсенов т. б.
Себебі мұндай этикетті жұрт атақ, дәрежені сыйлап, мамандықты
құрметтегендік деп қабылдайды,
Тіл мәдениетіне ден қойған адам сөйлеу этикетіне айрықша көңіл
бөледі. Сөйлеу ізетінің өзіндік кыр-сырын аңғара біледі.
Шаруашылығы мен мәдениетіне, ғылымы мен өнеріне аса зор еңбек
сіңірген әйгілі қайраткерлерді халық зор құрмет тұтады. Мәңгі есте
қалдырады. Ондай адамдардың есімін жай ғана атай салмай әр түрлі
эпитеттермен атайды: Ұлы Абай, жыр алыбы Жамбыл, күй атасы
Құрманғазы т. б. Қоғам қайраткерлері, әйгілі ғалымдардың айтқан
пікірлеріне сүйенгенде: «Ұлы жазушы М. Әуезов айтқандай..., әйгілі
ғалым Қ. И. Сәтбаевтың зерттеулерінде...» тәрізді сөз сабақтау –
оларды тек бедел тұтқандық қана емес, құрметтегендіктің белгісі.
Өзге де ұлттың прогресшіл қоғам қайраткерлерін, халық мүддесі
үшін күрескен ұл-қыздарын, адамзат мәдениетіне еңбек сіңірген
әйгілі адамдарды ізетпен атау – оларды қастерлеудің белгісі. Бұл
тәрізді ерекшелікті тіл этикетіне сіңіре білу енегелікті көрсетеді.
Адам баласы табиғатында темірдей тезімді, гүлдей нәзік.
Қапелімде айтылған бір ауыз сөзбен кісіні ренжіту де, қуанту да
оңай. Сөз қуаты шексіз. Не бір сөз асылын айтпағанның өзінде,
күнделікті қатынаста жүрген этикет сөздердің қолданылуында
қаншама қыр-сыр жатыр.
Сөйлеу этикетін әдеппен қолданып,
мүмкіндігін аша білсек, ізгілікке нұсқап, ізеттілікке бастайтын
жақсы жақтарын жетілдіре берсек, адамдар арасындағы
ынтымақтыққа ұйытқы болады. Жас ұрпақты адамгершілікке баулып,
коллективизм рухында тәрбиелеуге септігі тие ме деп ойлаймыз.
Сөз мәдениетінің сан алуан қыры бар. Әрине, біз олардың бәрін
емес, кейбір мәселелерін азды-көпті сөз еттік. Бұл орайда профессор
М. Балақаевтың қазақ тілі мәдениеті жөніңдегі зерттеулері, сондай-
ақ өзге де тіл мамандары, жазушылар мен журналистеріміздің
баспасөз беттеріндегі пікірлері де бұл жұмыстың орындалуына
тікелей септігін тигізді. Соңғы жылдарда орыс тілінде сөз
мәдениетінің теориялық мәселелеріне арналған кітаптар (Л. И.


Скворцов. Теоретические основы культуры речи. М., 1980;
Б.Н.Головин. Основы культуры речи. М., 1980) жарық көрді. Тиісті
жерінде сонда айтылған теориялық тұжырымдарға да сүйеніп
отырдық.
Сөз қолданудың үлгісі ретінде байырғы өлең жырлардан, қазіргі
көркем шығармалардан мысалдар келтірілді. Оқырмандар сын
кезімен қараса деген мақсатпен берілген мысалдар да түгелдей
дерлік газет-журналдар мен кітаптардан, микрофон
материалдарынан алынды.
Қазіргі кезде қазақ әдеби тілінің қоғамдық өмірдің әр саласында
жұмсалып, жазбаша түрдегі де, ауызша түрдегі де қызметі өрістей
түскен сайын, сөз мәдениетіне ден қою бұрынғыдан гөрі артады.
Сондықтан оның күрделі мәселелерін әрдайым тілге тиек етіп
отыруға тура келеді. Бұл, әрине, жұрттың бәрін көмекейі кесілген
шешендікке тәрбиелеу деген сөз емес. Әйтсе де қоғамдық өмірге
қызу араласу, социалистік Отанымыздың жан-жақты жетілген
азаматы болу үшін сөз мәдениетінің жұрттың бәріне ортақ
қарапайым шарттарын игеру кімге де болса аса қажет. Өндірістің қай
саласында жүрмесін, өз ой-пікірін, сөзімін айқын, әсерлі жеткізе
алатын азамат қоғамдық өмірге де белсене араласа алады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет