Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі (1990-2006 жж.) Мазмұны кіріспе


Н. Назарбаев еңбектерінің пайда болу объективтілігі, тарихи жағдайы және оларды сыныптау проблемалары



бет3/10
Дата16.06.2016
өлшемі1 Mb.
#138837
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

1.2 Н. Назарбаев еңбектерінің пайда болу объективтілігі, тарихи жағдайы және оларды сыныптау проблемалары

Деректану ғылымының қағидасы бойынша әр бір тарихи дерек өзінің пайда болуы жағынан объективті. Өйткені ол белгілі бір тарихи оқиғаның, құбылыстың немесе қоғамдық процестің салдарында пайда болады. Дәлірек айтқанда, нақты тарихи оқиға, құбылыс немесе қоғамдық процесс нақты тарихи деректерде бейнеленеді. Сондықтан әр бір тарихи дерек өз бойында сол тарихи оқиға, қоғамдық құбылыс немесе қоғамдық процесс туралы мәлімет сақтайды. Демек, оқиға немесе құбылыс болмаса дерек те болмайды. Олай болса, кез келген деректі белгілі бір тарихи оқиғаның дерек көзі ретінде зерттеуде, оның пайда болуының объективтілігін, алғышарттарын, яғни нақты қандай оқиғаның салдарында пайда болғандығын анықтаудың маңызы үлкен. Сонымен қатар, кез келген дерек тарихилық принципіне сай белгілі бір уақытта немесе уақыт аралығында және нақты бір кеңістікте пайда болады. Уақыт ерекшелігі, дәлірек айтқанда, деректің жасалу кезеңіндегі нақты бір кеңістіктегі, яғни елдегі қалыптасқан тарихи жағдай, үстем саяси құрылыс т.б. деректің пайда болуына, оның мазмұны мен бағытына әсер етепей қоймайды. Демек, нақты дерекке немесе дерек көздеріне деректанулық талдау сол уақыт тінінде /контексінде/ жасалуы керек. Тек сонда ғана нақты деректен немесе дерек көздерінен нақты оқиға немесе құбылысқа қатысты шынайылық деңгейі жоғары мәлімет алуға болады.

Демек, Н.Ә. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихының дерек көзі ретінде қарастыруда олардың пайда болуының себептерін, алғышарттарын, яғни объективтілігін және тарихи жағдайын анықтаудың маңызы үлкен. Жұмыстың кіріспе бөлімінде айтылғандай, Н. Назарбаев 1991 жылдың көктемінде дайындаған “Әділеттің ақ жолы” атты еңбегінен бастап, 2006 жылдың қаңтарында ҚР Президенті міндетін атқаруға қайта кіріскенге дейін бірнеше іргелі еңбектер, жинақтар, Жолдаулар және кітапшалар жариялады. Солардың бәрінде дерлік, біздің тікелей зерттеу объектіміз болып табылытын - тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің тарихына қатысты мәліметтер бар. Демек, олардың пайда болуының объективтілігі мен тарихи жағдайын анықтау зерттеушілерге тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихы туралы ғылыми құндылығы жоғары мәліметтер алуға көмектесері анық.

Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің пайда болуының объективтілігі ең алдымен ХХ ғасырдың 80-90 жылдары Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталған алып державада орын алған түбегейлі қоғамдық өзгерістермен, сол өзгерістердің нәтижесінде Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуымен және күрделі де түбегейлі қоғамдық өзгерістер салдарында пайда болған сол жылдардағы саяси ахуалмен тікелей байланысты. Атап айтқанда, Н. Назарбаев еңбектерінің пайда болуына алып келген және оның еңбектерінде бейнеленген нақты объективті оқиғалар, құбылыстар және қоғамдық процестер мыналар: КСРО-да қайта құру процесінің басталуы, елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың тереңдеуі, құрамында Қазақстан да бар КСРО сияқты алып империяның ыдырауы, Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуы, жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта құру ісінің басталуы т.т.

Қазақстан Республикасының Президенті, яғни Елбасы ретінде және КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, яғни бұрынғы Одақ көлемінде жоғарғы деңгейдегі саясаткерлердің бірі ретінде, КСРО-ның соңғы жылдарындағы саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайына жан-жақты аналитикалық талдау жасаған Н. Назарбаевтің еңбегі, Мәскеу қаласында, “Моладая гвардия” баспасынан орыс тілінде “Без правых и левых” деген атпен 1991 жылы шықса, қазақ тілінде “Әділеттің ақ жолы” деген атпен “Қазақстан” баспасынан сол жылы шыққан. Кітаптың мұқабасында: “Өмірбаян өткелдері,ой-толғау, бағыт-бағдар... Баспаның сұрақтарына жауап”-деп жазылса, “Баспадан” деп аталған алғы сөзінде: “Сіздің қолыңызға тиген кітап - өмірбаяндық баяндау да емес,белгілі бір тақырып төңірегіндегі сұхбат та емес. Біз бұл кітаптың кейіпкеріне өзі туралы айтуды қажет деп санайтын нәрсенің бәрін де қамтуды ғана ұсындық”-делінген [114, 4 б.]. Тағы бір ерекше көңіл аударатын нәрсе, ол алғы сөздегі кітаптың дайындалған уақыты мен жері туралы айтылған мәліметтер. Ол туралы кітапта: “ Қоғамдық және саяси өмірде қазіргі жүріп жатқан процестердің жеделдік сипатын ескере отырып, бұл кітаптың жазылған уақытын, сонымен қатар қайда жазылғанын көрсете кетейік: 1991 жылғы наурыз-сәуір айлары, Алматы қаласы”- деп көрсетілуі [114, 5 б.]. Сонымен қатар, кітаптың орыс тіліндегі нұсқасында “Диалог с Н.А. Назарбаевым вел А.П. Житнухин”- деп жазылған.

Демек, біріншіден, кітап: естелік, өмірбаян, заманхат,сұхбат, ой-толғау, сияқты немесе т.б. дәстүрлі жанрлардың еш қайыссына да жатпайтын, бірақ осылардың бәрінің де элементтері кездесетін, өзіндік ерекшелігі бар, күрделі туынды. Мысалы, кітап “Қара нанның дәмі”- деп аталатын тараудан, шартты түрде алғанда, балалық, жастық шақ туралы естеліктерден басталғанымен, сұхбатқа ұласып, өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарын да қамтиды. Ал, әр жанырдың өзіндік ерекшеліктері бар. Олар өздеріне сай келетін зерттеу тәсілдерін қолдануды қажет етеді. Демек, зерттеушілер мұндай күрделі туындылармен, яғни дерек көздерімен жұмыс істегенде олардың осындай ерекшеліктерін ескерулері қажет болады.

Екіншіден, кітап орыс тілінде дайындалып, қазақ тіліне аударылған, сөйтіп, екі тілде қатар шыққан. Ал, кез келген аударманың түпнұсқадан белгілі бір дәрежеде алшақтайтындығы заңдылық. Сондықтан, кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын пайдаланушылар оны түпнұсқамен салыстырып отырулары керек. Үшіншіден, кітап КСРО-ның да, оның жетекші саяси күші коммунистік партияның да, Мәскеулік орталық биліктің де дін аман кезінде дайындалып, жарыққа шыққан. Бұл фактінің деректану ғылымы үшін принципті маңызы өте үлкен. Ол кітапта Н. Назарбаевтың КСРО-ға, оның саяси басшылығының атына айтылған сындары, олардың артынан тас лақтыруы емес, керісінше, жіберілген кемшіліктерді түзету арқылы КСРО-ны сақтап қалу және нығайту мақсатында айтылғанын көрсетеді. Бұл кітапта айтылған ойлардың, келтірілген фактілердің, яғни тарихи деректердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігін дәлелдейтін негізгі фактор.

Төртіншіден, кітаптың жарық көрген уақыты, тағдырдың тәлкегімен, КСРО-ның алып держава ретінде өмір сүруін тоқтатуының қарсаңы болып шықты. Демек, бұл факті зерттеушілерге кітапта СОКП басшылығы атына, Орталық билікке, басқа да басқару жүйесіндегілерге айтылған сындарды, елдің әлеуметтік-эконмикалық жағдайына аналитикалық талдау жасау арқылы көрсетілген кемшіліктерді КСРО-ның ыдырау себептері ретінде қарастыруларына мүмкіндік береді. Өйткені, дәл сол кітапта көрсетілген кемшіліктердің асқынғаны соншалықты, оларды түзету мүмкін болмай шықты. Нәтижесінде олар КСРО-ны күйреуге алып келді. Жақын және алыс шет елдік зерттеушілердің КСРО-ның күйреу себептері туралы айтқан еңбектерінде көбіне Н. Назарбаевтың осы еңбегіне жүгінулері соның дәлелі.

Бесіншіден, “Әділеттің ақ жолы” Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті туралы мол мағлұмат беретін түпнұсқалық дерек көзі болып табылады. Онда Елбасының өмірбаян өткелдерінің әр түрлі кезеңдері, тұлғалық қалыптасу жолдары, ұлт тағдыры үшін жауаптылық деңгейіне дейін жеткен адамның іс-әректтері, ой-толғаулары сол адамның өз аузымен айтылған. Сондықтан ондағы мәліметтердің толықтық және шынайылық деңгейлерінің жоғары екендігі түсінікті.

Дегенмен, еңбектің Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызын ескере отырып, онда мүмкін қарапайым себептермен жіберілсе де, ел тарихы үшін принципті қателіктің орын алғандығын да айтуымыз керек. Өйткені, дерек көздерінде қандай да бір себептермен болмасын жіберілген айқын қателіктерді дәлелдеп, келешек зерттеушілерге ескерту деректанушының да, деректану ғылымының да тікелей міндеті. Мысалы, кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасының 238 бетінде Нұрсұлтан Әбішұлы: “Қазақ республикасы Жоғары Кеңесінің 1990 жылғы 24 наурызындағы сессиясында мені жабық дауыспен республиканың тұңғыш Президенті етіп сайлады”-десе, орыс тіліндегі басылымының 215 бетінде: “24 марта 1990 года на сесии Верховного Совета Казахской республики тайным голосованием меня избирали первым Президентом республики”-деген. Ал, түпнұсқалық дерек көзі болып табылатын сол жылдардағы Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советі мен Министрлер Советінің органы болып табылатын “Социалистік Қазақстан” газетінің 1990 жылғы 25 сәуірдегі 97 нөмірінде жарияланған информациялық хабарда: “Қазақ ССР Жоғарғы Советінің қаулысы. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті туралы.

Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі қаулы етеді:

Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жолдас сайлансын.

Алматы қаласы,1990 жылғы сәуірдің 24-і.”-деп жазылған.

Демек, Н.Ә. Назарбаев, “Әділеттің ақ жолында” айтылғандай, Қазақстан республикасының тұңғыш Президенті болып 1990 жылдың 24 наурызында емес сол жылдың 24 сәуірінде сайланған.

Әрине, еңбек сұхбат ретінде дайындалғандықтан Нұрсұлтан Әбішұлы ай аттарын жәй ауыстырып алуы да, немесе қарапайым техникалық қателіктің де кетуі мүмкін. Басқа жағдайда мұндай қарапайым қателіктерге көңіл аудармауға да болар еді. Бірақ біз дәл осы мәселеге ерекше көңіл аударуға тиістіміз. Себебі, бұл жерде әңгіме тек бір адамның ғана өмірбайанына байланысты болып отырған жоқ. Әңгіме қазақтардың тұңғыш Президентінің дәл қай айдың 24 күні сайланғандығы, яғни қазақ тарихының жаңа дәуірі, Президенттік басқару жүйесінің дәл қай күні дүниеге келгендігі туралы болып отыр. Мәселенің принципті маңызы да осында.

Н.Ә. Назарбаевтың “Әділеттің ақ жолынан” басқа еңбектері тәуелсіздік жылдарында, яғни тіптен басқа, түбірімен өзгеше саяси-әлеуметтік жағдайда дүниеге келді. Жәнеде Қазақстан халқының өмірінде орын алған жаңа құбылыстар мен қоғамдық процестер сол еңбектерде бейнеленді. Солардың алғашқысы 1992 жылы мамыр айында жарық көрген “Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы” деп аталатын еңбегі. Онда Н. Назарбаев: “Қиын толғаныстар мен шешімдер, өмірді түбегейлі қайта өзгерту уақыты тағдырдың жазуымен біздің үлесімізге тиіп отыр... Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші құрылым да, қоғам да өмір сүре алмайды”-деп жазды [124, 4 б.]. Демек, еңбектің пайда болуының объективтілігі, біріншіден, қоғамда бастау алған түбегейлі қайта өзгерту уақытының келуі болса, екіншіден, қоғам алдында тұрған айқын мақсатты, дәлірек айтқанда, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясын анықтау қажеттігі болып табылады.

1993 жылы Н. Назарбаевтың “Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” атты еңбегі жарық көрді. Онда автор өзіндік ой - түйіндерін нақты деректермен дәлелдей отырып елдегі идеялық бірлік тұғырнамасы, саяси-әлеуметтік, экономикалық үрдістер жөніндегі ұзақ жылдар бойы саралаған ой-толғамдарын, түйінді шешімдерін ортаға салған. Еңбекте Қазақстандағы сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайға талдау жасалынып, нақты тәуелсіздікке жету жолдары көрсетілген. Қазақстан мемлекеттігін қалыптастыру ісінің теориялық негіздеріне қатысты пікірлер айтылған.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қайта құру, қалыптастыру және дамыту тарихының дерек көзі ретінде Н.Ә. Назарбаевтың 1996 жылы “Өнер” баспасынан шыққан “Ғасырлар тоғысында” атты еңбегінің алар орны ерекше. Олай дейтініміз, еңбекте алғаш рет КСРО-ның күйреу себептеріне жан-жақты талдау жасалынып, Қазақстанның 1991 жылдың тамызы мен 1995 жылдың тамызы аралығында жүріп өткен жолы сараланған. Сонымен қатар еңбекте жаңа тәуелсіз мемлекет құрудың жүйелі теориялық негіздемесі жасалынып, жас мемлекеттің алғашқы қадамдары туралы айтылған.

Автордың өзі жанрын “болашақ жайлы естелік” деп атаған шығармасының беташары: “Мен ол күні кабинетімде түннің бір уағына дейін отырып қаппын. Соңғы айлардың қаурыт тіршілігі бойды да, ойды да ауыр тартқызайын депті. Тек екі сағат бұрын ғана өткен референдумның алдын-ала қорытындылары қолыма тиді. Ұққаным – Қазақстан бұдан былай жаңа Конституция бойынша өмір сүретін болады.

Ойыма, неге екені белгісіз, өткен-кеткен орала береді. Ескі жазбаларым мен оқта-текте түртіп қойғандарымды қайта ақтара бастадым. Көз алдыма болған-қойғандардың егжей-тегжейлері, адамдардың бет-әлпеті, мазасыз күндер мен түндер тұра қалды. Есіме біз үшін жол басындай болған 1991 жылғы оқиғалар түсті. 1991 жылдың тамызы мен 1995 жылдың тамызының арасында бейбіт тарихтың әлденеше онжылдықтары өз бойына сыйғыза алмайтын оқиғалары сыйып кеткендей. Сол бір жым-жырт түнде менің басыма, азғантай “жол-жөнекей аялдама” жасап, бірауық кейінгі жылдар тап қылған драмалық ахуалдың иірімдері мен үйірімдеріне үңіліп, іштей сарапқа салған жаман болмас еді-ау деген ой келді”-деген жолдармен ашылған [126, 7 б.].

Кітапта айтылған Қазақстанның бүгінгі күні өмір сүріп отырған жаңа Конституциясы қабылданған бүкілхалықтық референдумның 1995 жылы 30 тамыз күні өткендігі белгілі. Демек, Н. Назарбаевтың өз “кабинетінде түннің бір уағына дейін отырып қалған”, оған өзінің іргелі еңбектерінің бірін жазуға әсер еткен “сол бір жым-жырт түннің” 1995 жылғы тамыз айының 30- нан 31-не қараған түні екендігі даусыз. Ал, кітаптың алғы сөзі ретінде берілген автордың жазбасы “Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы. 1996 жылдың 15 қаңтары”-деген сөздермен аяқталған. Бұл нақты мәліметтер кітапты жазу ісінің 1995 жылдың тамызының соңғы түнінен басталып, 1996 жылғы қаңтардың ортасында аяқталғанын көрсетеді.

Ал кітаптың объективтілігі, яғни оның пайда болуына әсер еткен фактор - 1991 жылғы және 1991 жылдың тамызы мен 1995 жылдың тамызының арасындағы әдеттегі онжылдықтар “өз бойына сыйғыза алмайтын” драмалық оқиғалар. Ол драмалық оқиғалардың қандай оқиғалар екендігі, олардың бұрынғы КСРО- ның және бұрынғы “кеңес халқының” тарихы мен тағдырына қалай әсер еткендігі туралы автор: “1991 жылғы драмалық оқиғаларға қолма-қол араласып, көзбе-көз бақылаған адам ретінде айтарым: ол драмаға қатысушылардың көпшілігі одақтық мемлекетті тап бұлай тез арада быт-шыт шашыратып жіберуді әдейі көздеген емес. Вильнюс, Баку, Тбилиси және ГКЧП оқиғаларына дейін, кейін эволюциалық жолмен тәуелсіздік алуға өркениетті конфедерациялық мемлекет орнату көзделген еді. Әрине, 1991 жылдың тамызынан соң /ГКЧП оқиғасынан соң - С.С/, бұл ойдың іске асуы еш мүмкін болмай қалды”-деп жазды [126, 41 б.].

Дегенмен, бұл кітап сол жылдары болып өткен драмалық оқиғалар ілеспелі /синхронды/ бейнеленген жазба дерек көзі емес. Ол Н. Назарбаевтың өзіне ғана тән қолтаңбасы бар, келешекті көздей отырып, өткенге талдау жасалынған ерекше күрделі туынды. Автор өз еңбегінің ерекшелігі туралы: “Жазып отырғаным саяси мемуар емес. Сондықтан оқиғалық жүйелілікті қадағалағаныммен, хронологиялық жүйелікті қадағалағаным жоқ”-деп жазды [126, 41 б.]. Сонымен қатар кітапта өзіндік ерекшеліктері бар дерек көздерінің үлкен бір тобын құрайтын, оқиғалардың кейбір қырларын ашуға көмектесетін фотобейнелер де көптеп келтірілген. Әрине, зерттеушілер бұл ерекшеліктерді ескерулері керек болады.

Ерекше көңіл аударатын деректанулық талдау талаптарының бірі, ол “Ғасырлар тоғысының” тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретінде пайда болуының тарихи жағдайы. Жоғарыда автордың өзі айтқандай, еңбек Қазақстанның жаңа Конституция бойынша өмір сүре бастаған алғашқы айларында дайындалған. Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі Қазақстан Республикасының толығымен Президенттік билік фрмасына көшуі еді. Ал Президент 1990 жылдың сәуірінен осы міндетті атқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Демек, еңбек бұрыннан билік басында болған, бірақ ендігі жерде, Ата заңымызға сәйкес, тұтас бір республика тағдыры үшін бар жауапкершілікті толығымен өз мойнына алған адамның ел басқару ісіндегі жаңа кезеңінің басында жазылған. Бұл фактордың кітаптың мазмұнына, яғни деректік ерекшелігіне әсер етпей қоймайтындығы түсінікті. Автордың: “Өз басымыз – кейбір үзілді-кесілді кесіп-пішіп сөйлеуге құмар “бір күндік қана” саясатшылардай емес, әр алуан билік ортасында көптен араласып келе жатқан адамбыз. Сол себепті де кісілерге баға бергенде мәмлегерлік әдеп ауқымынан аттай алмасақ, неге олай болатынын оқырман айтпай-ақ түсінеді ғой деп ойлаймыз”-деп жазуы соның дәлелі [126, 3 б.].

1998 жылы Н. Назарбаевтың “Қазақстан – 2030” деген атпен Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Өзінің ұзақ жылдарға арналған стратегиялық ұсыныспен Қазақстан халқының алдына шығу себебін Н. Назарбаев: “Мен сіздермен келер ғасырға, жаңа мыңжылдыққа, алыс перспективаға ендеп бойлайтын болашақ жайлы өзімнің ой-толғаныстарыммен бөліскім келеді. Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті”-деп түсіндірді [127, 5 б.]. Ал, оның қалай пайда болғандығы туралы: “Осы жолдау менің Қазақстан халқына ішкі және сыртқы саясатымыздың негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнап сөз сөйлеу жөніндегі Конституциялық міндеттерімнің шеңберінде әзірленген болтын”-деп жазды [127, 11 б.]. Демек, біріншіден, еңбек Елбысының ел болашағының қандай болатындығы туралы өз ойын, уақыт талабынан шыға отырып, халықпен бөлісу арқылы айқындап алу қажеттігінен туындаса, екіншіден, Президенттің атқаруға тиісті Коститутциялық міндетін орындау барысында пайда болған. Сондықтан еңбек біржағынан, ел басқарып отырған тұлғаның ел болашағының алыс перспективсы туралы ой-толғаныстарының жемісі болса, екінші жағынан Президенттің өз құқықтарына сай ұсынған мемлекеттің дамуының 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясының бағытын айқындаған бағдарлама, яғни ресми құжат болып табылады. Біздің ойымызша еңбектің басты ерекшеліктерінің бірі де осында.

2005 жылы 11 қазанда Астана қаласында Даму стратегиясының жарияланғанына сегіз жыл толуына арналған “Қазақстан-2030” Стратегиясы іс жүзінде” деген тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Н. Назарбаев Жолдаудың қандай жағдайда қабылданғандығы және оның негізгі ерекшеліктері туралы: “Еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуын айқындаған осы жолдау жария етілгенде оны қолдаушылардан сынаушылар әлдеқайда басым еді. Мен сол кезде ел өміріндегі әлі шешілмеген түйінді проблемалардың көптігіне қарамастан, алған бағытымыздың анықтығына, таңдаған жолымыздың туралығына сендім. Бүгінгі Қазақстанның қол жеткізген табыстары – біздің бірден-бір дұрыс жолды таңдағанымызды айқын дәлелдеп шықты.

Біріншіден, бұл кеңестен кейінгі республикалар ішіндегі ұзақ мерзімді стратегиялық дамуға арналған алғашқы құжат болды.

Екіншіден, бағдарлама Қазақстан экономикасы дамуының бар мүмкіндігін мейлінше елеп-ескеріп, еліміздің нақты мүмкіндіктері мен айқын перспективасына құрылды.

Үшіншіден, Стратегия қоғам өмірінің: ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім, түбегейлі экономикалық реформа, денсаулық сақтау, ғылым-білім мен халықтың әл-ауқатын көтеру салаларын түгел қамтып, бүгінде шетелдік сарапшылар “қазақстандық даму жолы” деп ат қойып үлгерген дамудың қазақстандық моделі жасалды”- деп баяндады [128, 56 б.].

Жолдаудың мазмұнына деректанулық талдау жасау оның Президент Н.Ә. Назарбаев жасаған тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздері арасында өзіндік орыны бар ерекше дерек көзі екендігін көрсетеді. Мысалы, “Біз бүгін қай жерде тұрмыз”-деп аталатын Жолдаудың бірінші тарауында еліміздің 1997 жылғы, яғни тәуелсіздік тарихының алғашқы жылдарындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы айқын көрсетілсе, “Қазақстан мұраты” деп аталатын тарауда 2030 жылғы Қазақстан моделі суреттелген. Ал, “Ұзақ мерзімді басым мақсаттар мен оларды іске асыру стратегиялары” деп аталған тарауда сол моделге жету жолдары айқындалған. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеушілерге осы еңбекті дерек көзі ретінде пайдалана отырып, біздің неден бастағанымызды, алдымызға қандай мақсаттар қойғанымызды, оған қалай жеткенімізді зерделеуге мүмкіндік беретін бірден-бір қайталанбас /уникальный – С.С./ дерек көзі екендігін көрсетеді.

Сонымен қатар 1998 жылы Н. Назарбаевтың “Қалың елім, қазағым” және “Қазақстан-Ресей қатнастары” деп аталатын екі еңбегі жарық көрді. Екі еңбекке де тән ортақ ерекшелік, екеуінің де жинақ түрінде дайындалып, жарық көруі. Бірінші кітапқа Н. Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының Төрағасы ретінде қазақ халқының өткен тарихы, бүгіні мен болашағы және шет елдердегі қазақ диаспорасы жайлы әңгіме-сұхбаты, баяндамалары мен сөйлеген сөздері енсе, екінші кітапқа Қазақстан Республикасының ең ірі көршісі және стратегиялық серіктесі Ресей Федерациясы арасындағы қатнастар туралы айтылған баяндамалар, сөйлеген сөздер, мақалалар, сұхбаттар енген. Екі туындының дайындалу және жарық көру формалары ұқсас болғанымен, екеуі тарихымыздың екі түрлі саласынан мәлімет беретін екі бөлек дерек көздері болып табылады.

“Қалың елім, қазағым” жинағына ХХ ғасыр соңына қарай өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, өз жерінде, ата мекенінде өз мемлекетін қайта құра бастаған қазақ ұлтының тарихы мен тағдырына, бүгіні мен келешегіне арналған дүниелер енген. Демек, олардың пайда болуы, жаңа мемлекет қалыптасырушы негізгі ұлт ретінде, қазақтардың тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қалыптастыру ісіндегі ерекше орнымен айқындалады [129]. Ал, “Қазақстан-Ресей қатнастарына” енген дүниелердің пайда болуы тарихи, географиялық, әсіресе әлеуметтік және т. б. әр түрлі факторлрға байланысты Қазақстан тарихы үшін де, бүгіні мен келешегі үшінде Ресейдің алатын ерекше орнынан туындаған[130].

Н. Назарбаев еңбектері арасында басқаларынан өзінің пайда болу объективтілігі жағынан да, мақсаты мен міндеттері жағынан да, мазмұны мен мағанасы жағынан да, демек, дерек көзі ретіндегі ерекшелігі жағынан да оқшау тұрған еңбек, ол 1999 жылы “Атамұра” баспасынан жарық көрген “Тарих толқынында” атты кітап. Елбасының, әлем мойындаған саясаткердің тарих толқынына ден қойып, елінің, ұлтының бүгіні мен келешегін сол тарих толқындары жалғастығынан іздеу себебі туралы автор кітаптың алғы сөзінде: “Кездейсоқ болмауы керек, Қазақстанның аспан түстес туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен мазмұнды да мағаналы нысанның өн бойында табиғат та, тарих та тоғысып жатыр. Қазақтар тарих толқынында...

Егер саясаткер бүгінмен ғана беттесер болса, онда олардың тағдыры анағұрлым жеңілдеу болар еді. Әрекет үстіндегі саясаткерлер, мейлі күйретуші немесе көркөйтуші болсын, олардың драмаға толы тірлігі қайткен күнде де тарихтың толқындарымен шендесіп жатады. Мұны саяси театр актерінің өзі сезіне ме, жоқ па, онда тұрған ештеңе жоқ. Гәп басқада – гәп жаңағы тарих толқындарымен шендестіріп жататын күштің таза практикалық немесе өткінші істерді бірде айқындап, енді бірде көлеңкелеп жататынында болса керек.

Менің тарихқа ден қоюымның сыр-себебі де бүгінгі күннің оқиғаларынан тарихтың “табын” сезінгендігімде деп білемін”-деп түсіндіреді [131, 4 б.]. Демек, Н. Назарбаевты тарихқа “алып келген” тарих сабақтастығы, “бүгінгі күннің оқиғалары” сырына тарих арқылы тереңірек үңілудің қажеттілігі.

Тыңдай білген адамға тарих тағылымы мол ұстаз, пайдалана білген адамға тарих теңдесі жоқ таным тәсілі. Ол бәріне де, оның ішінде саясаткерге де қажетті құрал. Сондықтан да Елбасы: “Тарихқа археологиялық зерттеулердің пәні тұрғысынан қарамай, бүгінгі өмірді танудың тәсілі тұрғысынан қарағанда “саясат” деген кінәмшіл үрдіс әрқашан алдыңнан шығып отырады.

Үшінші мыңжылдыққа санаулы күндер қалғанда біздің болмысымыздың ең көкейтесті сұрақтары – ұлттық үндестігіміздің мән-мағанасы неде, қазіргі Қазақстан үшін мәдениетке қатысты үлгінің қандайы қонымды, біздің ұлттық санамыздың арқауы неде, қазіргідей жедел құбылатын заманда “МЕН” дегізерлік ұлттық қасиеттерді қалай сақтап қалуға болады – міне, мұның бәрі де нақтылы өмірмен беттескен саясаттың сұрақтары. Ал оның жауабы бүгінгі өмірмен ғана астасып жатқан жоқ, тұнығы мен тұманы қабаттасқан тарихтың тұңғиығымен де тамырласып жатыр”-деп жазды [131. 6 б.].

Сонымен қатар Н. Назарбаев: “Бүгінгі таңда, ұлттық тұтастығымызға тұғыр болатын азат мемлекеттігіміздің құрылысын беріктей түсуден мәнді мақсат та, міндетте жоқ”-деп [131, 56 б.], ұлт алдында тұрған ең басты міндетті атап көрсете келе, бұл міндетті орындаудағы тарихтың рөлі туралы: “Тарихи тек-тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаңның шапағаты мол шабытты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардаптарынан арылу, сөйтіп тарихи сананы уақыт талабына сай қалпына келтіру ұлттық тұтастануға тегеурінді серпін беруге тиіс... Тарихтағы өз орныңды білу,бабаларыңды ру төмпешігінің деңгейінде емес, жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлан-байтақ Евразия тарихында ұлы істерге ұйтқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып-түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жалалардан арылу, міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері осылар!”-деп жазды [131, 56-58 бб.].

Сонымен қорыта айтсақ, Н.Ә. Назарбаевтың “Тарих толқынында” атты кітабының тәуелсіз Қазақстан тарихының жеке адамдық жазба дерек көзі ретіндегі басқа еңбектерінен басты айрмашылығы, автордың тәуелсіздік тарихының тамырын тарихтан іздеушілдігі. Егер, басқа еңбектерде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің пайда болуының объективті алғышарттары туралы айтылып, нақты мемлекет құру ісі бейнеленсе, “Тарих толқынында” сол мемлекеттің тереңнен бастау алған ірге тасы туралы айтылған.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін құру және нығайту тарихының маңызды дерек көздерінің бірі, Н. Назарбаевтың 2001 жылы Астана қаласындағы “Елорда” баспасынан жарық көрген “Бейбітшілік кіндігі” атты еңбегі. Кітаптың алғы сөзінде автор: “Адамдар ядроның энергиясын басқаруды үйреніп алды, бірақ өзін басқаруды үйрене алған жоқ. Адамдар адамға сенуден қалды, бірақ ядролық күшке сеніп алды... Адамның мұндай сенімінің ақыры немен тынады? Адамзат өзіне деген сенімге қашан оралады?

Бұл “ядролық” құндылықтарды танудың шегі мен оны қайта бағалаудың рецептері туралы кітап емес. Бұл кітап – күштің парасатқа өктемдігінің күшейе түскен қатері мен адамзаттың “ядролық” қауіпсіздік формуласын қинала іздестіруі туралы толғам-кітап”-деп жазған [132, 3 б.]. Демек, кітап еліміздің ядролық қауіпсіздігі мәселесіне арналған. Ол біздің тарихи тағдырымыздың ерекшелігінен туындаған мәселе. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында әлемге Қазақстан тек жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде ғана белгілі болып қойған жоқ, сонымен қатар ядролық қаруы бар жаңа мемлекет ретінде де белгілі болды. Тағдырдың тәлкегімен, тәуелсіздік бізге жойқын қуаты бар, көптеген елдердің қолы жетпей жүрген, ядролық қарумен қоса келді. Ел алдында, Елбасы алдында тек жаңа мемлекеттің іргесін қалау ғана емес, сол мемлекеттің қауіпсіздігі үшін ядролық қарудан құтылу міндеті де тұрды.

Кітаптың пайда болуының объективтілігі ядролық қару мәселесімен тікелей байланысты. Ол туралы Н. Назарбаев “Семсерлер мен соқалар” деп атаған кітаптың прологында: “Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Уақыт біздің таңдауымыздың кемеңгерлігін қуаттады. Бұл жөнінде бүкіл адамзатқа айтып беру керек те, қажет те және мұны сөз иесінің өзінен білген абзал. Осынау ақ жарылып, сыр айтар кітап осылай туды”-деп, кітаптың дүниеге келу себебін анық айтқан [132, 12 б.]. Кітаптың бірнеше әлемдік тілдерге аударылуы әлем тарихында Қазақстанның бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел екендігін “бүкіл адамзатқа сөз иесінің өзінен білуге” мүмкіндік берді.

Н.Ә. Назарбаевтың келесі 2003 жылы Алматы қаласындағы “Атамұра” баспасынан шыққан “Сындарлы он жыл” атты кітабы да, сол қауіпсіздік мәселесіне арналған. Бірақ, онда ядролық қауіпсіздік емес, соңғы онжылдықтарда кең етек жайған халықаралық терроризм, сепаратизм, экстремизм сияқты әлемдік дерттер және оларға қарсы күрес жолдары туралы айтылған. Мысалы, кітаптың кіріспе бөлімінде автор: “Терроризм, сепаратизм, экстремизм дегеніміз соғыс. Демек кез келген соғыстағы сияқты, біз, антитеррорлық коалиция мен ерікті елдер ынтымақтастығының мүшесі ретінде қару қолданбай отыра алмаймыз. Алайда халықтар мен мемлекеттердің мүддесіне қайшы келетін байлар мен кедейлер әлемінің арасындағы түпсіз шыңырауды, бейбітшілік декларациясына қатыса отырып, қару-жарақ сатушылықты, планетадағы миллиондаған адамдардың есірткіге кіріптарлығын пайдаланып, қыруар қаржы жасаушылықты, геосаяси өркөкректік пен өзімшіл өлермендікті жоймай тұрып, терроризмді жою да мүмкін емес”- дейді [133, 12 б.].

Бұл жолдардан кітаптың пайда болуының объективтілігі халықаралық қауіпсіздік және оған жету жолдары екендігін байқауға болады. Сонымен қатар әлем қауіпсіздігі аймақтық, ұлттық қауіпсіздігінің басты факторларының бірі екендігі де, Қазақстанның бейбітшілікті сақтау жолындағы ұстанымы да, кітаптың пайда болуына әсер еткендігі даусыз. Ол туралы Н. Назарбаев: “Біздің аймақтық, ұлттық қауіпсіздігімізге деген қауіп-қатер баршылық және оның сипаты өзгермей тұр. Алайда мен бұрынғыша, тек өзара келісімге негізделген бітімгершіл саясат пен сенім ғана алдағы уақытта да, Қазақстанның осы жылдар ішінде ұстанып келгеніндей, бейбітшілік режимін орнықтыру жолында ықпалды да тиімді құрал бола алады, сонымен бірге алдағы ахуалға да қызмет етеді деп есептеймін”-дейді [133, 26 б.].

Тәуелсіз Қазақстан халқының, қазақ ұлтының, оның бүгінгі және келешекте дүниеге келер ұрпағының өз тарихындағы мақтан тұтар тұстарының, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін құрудағы атқарған басты істерінің, Елбасы бастап, елі қолдап тұрғызған жасампаздық нысаны – Ел Ордасы Астана қаласы. Н. Назарбаевтың 2005 жылы жарық көрген “Еуразия жүрегінде” атты кітабы сол Астана қаласының тарихына арналған. Кітаптың алғы сөзінде Н. Назарбаев: “Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдықтың тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразаияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық”-деп жазса [134, 9 б.], кітаптың соңында “Нұрсұлтан Назарбаев, 1993-2005.”-деген жазу бар [134, 182 б.]. Демек, кітаптың пайда болуының объективтілігі, тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті салаларының бірі – Астана қаласының дүниеге келуі, оның көрсетілген жылдар аралығындағы, яғни сегіз жылдық тарихының кітапта бейнеленуі. Астана тарихы кітапта тек жазба түрде ғана емес,сонымен қатар қала тарихы, оның ғиамараттары көркем фотосуреттер арқылы да бейнеленген. Маңызды дерек көздері ретінде олар кітаптағы автор жеткізіп отырған мәліметтерді толықтыра түсері күмәнсіз.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері аясында дүниеге келген біздің тақырыбымызға тікелей қатысты еңбек, ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында” атты Қазақстан халқына Жолдауы. Әрине, Жолдаудың Ата заңымызда көрсетілгендей Президенттің жылдағы міндетті Жолдауы ретінде пайда болғандығы белгілі. Дегенмен, бұл Жолдауды Қазақстан халқы ерекше маңызы бар тарихи Жолдау ретінде қабылдағаны да шындық. Оның саяси-әлеуметтік маңызын айтпай-ақ, Жолдаудың бірінші тарауының “Біз неден бастадық”-деген мәселеден басталып, екінші тарауда осы жылдар аралығында жүріп өткен жолымызға, нақты қол жеткізген табыстарымызға, мемлекет құру барысында атқарылған істерге терең талдау жасалынуы, еңбектің деректік маңызын арттыра түскен.

Мемлекеттілігіміз тарихының дерек көздерінің маңызды бір бөлігін Н. Ә. Назарбаевтың әр жылдары, әр түрлі басылымдарға берген сұхбаттары құрайды. Олардың бір тобы жоғарыда аталған Жинақтарға енген, енді бір бөлігі газет не жорнал беттерінде сақталынған. Көп жағдайда Н. Назарбаев сұхбаттарында өзі туралы не мемлекет тарихына қатысты мәселелер туралы айтқан. Сондықтан олар да біздің зерттеу объектіміз болып табылады. Мысалы, солардың бірі ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1997 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы У. Қалижан мен саясаткер М. Құл-Мұхамедке берген “Халықтан жасыратын ештеңе жоқ”деген тақырыппен жарияланған сұхбаты[120].

Сонымен қатар Н. Ә. Назарбаевтың Елбасы ретінде ҚР мерейтойларына арнап 1996, 2001 және 2006 жылдары салтанатты жиындарда жасаған баяндамалары да тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көздерін құрайды. Ел тәуелсіздігінің 5, 10 және 15 жылдығына орай жасаған өз баяндамаларында Елбасы тәуелсіздік кепілі ретінде жаңа мемлекеттің пайда балу, қалыптасу және даму тарихы туралы ойларын Қазақстан халқына жеткізіп отырған.

Деректанулық зерттеуде сыныптау проблемасының маңызы үлкен. Ол зерттеушіге нақты деректің немесе дерек көзінің ерекшелігін анықтауға және сол ерекшеліктен шыға отырып зерттеу тәсілдерін пайдалануға мүмкіндік береді. Осы қағидаға сай Н.Ә. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихының дерек көзі ретінде кезеңдік, хронологиялық, тақырыптық, мазмұндық, мақсаттық, формалық т. б. принциптерге сай сыныптауға болады. Мысалы, 1991 жылы жарық көрген “Әділеттің ақ жолы” кеңестік кезеңде дайындалып, жарияланған еңбекке жатса, басқа дерек көздері ретінде қарастырылып отырған Н. Назарбаев еңбектері тәуелсіздік кезінде жарияланған еңбектерге жатады. Ал, олардың дерек көздері ретіндегі ерекшеліктері де сол кезеңдердің ерекшеліктерінен туындайды.

Атап айтқанда, “Әділеттің ақ жолы” Қазақстанның әлі де болса КСРО-ның құрамында, саяси биліктің Орталықтың, яғни Мәскеудің және КОКП басшыларының қолында тұрған кезінде жазылған. Бұл фактордың кітаптың мазмұнына әсер еткендігі түсінікті. Сондықтан автор республика алдында тұрған проблемеларды жалпы Одақтық проблемалар контексінде қараған. Ал, басқа еңбектерде тәуелсіз мемлекет құру тарихы баяндалған. Дегенмен, олардың өздерін де тәуелсіздік тарихының даму кезеңдеріне сай сыныптау қажет болады. Мысылы, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде дүниеге келген еңбектер мен соңғы жылдары пайда болған еңбектердің арасында үлкен айырмашылықтар бар. Егер, өтен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысындағы еңбектерде негізінен елдегі саяси және экономикалық өзгерістерге байланысты туындаған қиындықтар мен жаңа мемлекет құрудың теориялық негіздері мен жолдары туралы айтылса, кейінгі еңбектерде қол жеткен табыстар мен тәуелсіздікті одан әрі нығайту бағыттары туралы айтылған.

Хроналогиялық принципке сай сыныптау да Н. Назарбаев еңбектерінің әр қайсының ерекшеліктерін анықтай түсуге мүмкіндік береді. Мысылы, 1993 жылы ҚР бірінші Констиутциясының қабылдануы елде парламентік-президентік саяси билік жүйесінің қалыптасуын заң жүзінде бекітсе, 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата заңымыз елде Президенттік басқару формасының орнағандығын заң жүзінде бекітті. Осыған сай еңбектердің де 1995 жылдың тамызына дейінгі еңбектер және одан кейінгі еңбектер болып сыныпталуы мүмкін.

Сонмен қатар, Н.Ә. Назарбаев еңбектерін тақырыптарына және мазмұнына қарай да сыныптау тәсілін пайдалануға болады. Оларды мазмұны жағынан: саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерге, халықаралық қатнастарға немесе сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздікке, ұлттар достығына, қазақстар қауымдастығына, ұлт тарихына, ел келешегіне т.т. арналған еңбектер деп сыныптауға болады. Әрине, оның бәрі шартты түрдегі сыныптаулар екендігі түсінікті. Өйткені Н. Назарбаев еңбектері ел өмірінің барлық саласын қамтиды, сондықтан олардан әр алуан мәселелер бойынша маңызды мәліметтер алуға болады. Дегенмен шартты сыныптаулардың өзі де зерттеушіге зертеу мақсатына сай өз керегін табуға көмектесері күмәнсіз.

Пайда болу формасы жағынан да Н. Назарбаев еңбектері әр алуан болып келеді. Олар: заманхаттық сипаттағы еңбектер, естеліктер, ой толғаулар, сұхбаттар, Жолдаулар, баяндамалар, мақалалар т.т. Кейде осылардың бірнешеуі кездесетін күрделі еңбектер де бар. Олардың әр қайысы да өздеріне сай деректанулық талдау тәсілдерін қолдануды қажет етеді. Сонымен қатар Елбасы туындыларының арасында өзінің пайда болу формасы жағынан ерекше туынды болып табылатын - өлеңдер де бар. Н. Назарбаевтың халық арасына кең тараған бірнеше ән мәтіндерінің авторы екендігі көпшілікке белгілі. Бодандық қойнауында дүниеге келіп, бүгінгі күні еліміздің ән-ұранына айналған “Менің Қазақстаным” да Назарбаев сөздерімен толықтырылып, тәуелсіз елдің ән-ұраны дәрежесіне ие болды.

Н.Ә. Назарбаев еңбектері тарихи дерек көзі ретінде сақталу формасы жағынан да әр алуан. Олар бұхаралық ақпарат құралдарының негізгі түрін құрайтын – газет не жорналдарда, жеке кітаптар мен кітапшаларда және ақпарат көздерінің ең жаңа түрі - интернетте қазақ, орыс және басқа да көптеген ұлттардың тілінде сақталуда. Жәнеде солардың көбі қазақ немесе орыс тілінде тілінде пайда болған түпнұсқалық еңбектер болып табылады. Бұл деректану ғылымы үшін маңызы аса үлкен фактор.

Қорыта айтқанда, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көздері ретінде пайда болуының объективтілігі, КОКП-ның 1985 жылғы сәуір Пленумынан кейін басталған КСРО-дағы қоғамдық құбылыстармен тікелей байланысты. “Қайта құру” деген атпен басталған қоғамдық процесс КСРО-ның ыдырап, тәуелсіз республикалардың пайда болуымен аяқталды. Ал, ол, өз кезегінде, басқа да бұрынғы одақтас республикалардғы сияқты, Қазақстанда да жаңа мемлекет құруға алып келді. Осының бәрі Н.Ә. Назарбаев еңбектерінде бейнеленді. Демек, Н. Назарбаев өзі куә болып, белсене араласқан қоғамдық құбылыстар туралы жазу арқылы, тәуелсіз Қазақстан тарихының өзіндік ерекшеліктері бар маңызды дерек көздерін жасады.

Шексіз билікке ие болған КОКП басшылығын сынаған “Әділеттің ақ жолы...” атты кітабының КСРО өмір сүріп тұрған кезде пайда болуы, ондағы тәуелсіздік қарсаңында қалыптасқан елдегі жағдай туралы мәліметтердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігін дәлелдесе, тәуелсіздік жылдары дүниеге келген еңбектерінде өз мемлекетімізді қайта қалыптастыру тарихының бейнеленуі Н. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының маңызды жазба дерек көздеріне айналдырып отыр. Сонымен қатар, Н. Назарбаев еңбектерін пайда болған уақытына, мазмұны мен мақсатына, жаныры мен формасына қарай сыныптау, әр еңбектің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, сол ерекшеліктерге сай деректанулық талдау тәсілдерін қолдану қажеттігін көрсетеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет