Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі (1990-2006 жж.) Мазмұны кіріспе


Н.Ә. Назарбаев еңбектері Қазақстанның мемлекетік тәуелсіздігінің атрибуттары тарихының дерек кһздері



бет8/10
Дата16.06.2016
өлшемі1 Mb.
#138837
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

3.3 Н.Ә. Назарбаев еңбектері Қазақстанның мемлекетік тәуелсіздігінің атрибуттары тарихының дерек кһздері

Кез келген тәуелсіз, дербес мемлекеттің оған ерекше сапа беретін және оны тәуелді мемлекеттерден, автономды мемлекеттік құрылымдардан немесе кәдімгі әкімшілік-аумақтық бірліктерден айырып тұратын белгілі бір атрибуттар жиынтығы болады. Егер, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяғанның сөзімен айтсақ: “Сыртқы да ішкі де атрибуты түгел, бүтін және оған өзге біреулердің қол сұғуына, араласуына жол бермейтін мемлекет - өте күшті мемлекет. Әлсіз мемлекетті әлді ететін де осылар” [104, 56 б.].

Бүгінгі Қазақстанға айрықша сапа беріп, оның “өзге біреулердің қол сұғуына, араласуына жол бермейтін күшті мемлекет ретінде” өзіндік бет-бейнесін айқындап тұрған мемлекеттік тәуелсіздігінің атрибуттары да, негізінен, сол тәуелсіз мемлекет құру ісімен, соның бір құрамдас бөлігі ретінде, бірге қалыптасып дамып отырды. Дегенмен, тәуелсіздік атрибуттарының генезисі әр алуан. Олардың бір бөлігінің пайда болуы шын мәнінде Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты және өз тарихын да содан бастайды. Өйткені олар бұрын Қазақстанда болған жоқ, тек тәуелсіздік жылдары ғана пайда болып, дами бастады. Алайда бұл барлық атрибуттарға қатысты емес. Олардың кей біреулері, дәлірек айтқанда, олардың нышаны немесе элементтері Қазақстанның өз тәуелсіздігін алған сәттен бұрын да болған. Қазақстанның басқа да ТМД елдері сияқты бұрын КСРО-ның құрамында одақтас республика ретінде болғаны белгілі. Ал, КСРО Конституциясы бойынша одақтас республика жекелеген шектеулері бар немесе толық емес деуге боларлық егемендігі бар мемлекет ретінде жарияланған. Шексіз орталықтандырылған ресми партиялық билік осылай республикаларды тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде көрсетуге тырысты және оны дербестіктің сыртқы атрибуттарымен бекітті.

Қазақстанның мемлекеттік атрибуттары тарихының мұндай ерекшеліктері туралы “Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері” атты оқулықта: “Қазақстанның оның КСР Одағы құрамында болған кездегі кейбір бұрынғы мемлекеттік атрибуттары сақталды және қазір де пайдаланылуда, бірақ олардың мәні принципті түрде өзгерді, олар жаңа мазмұнмен толықты. Олар бұрынғы сәндік түрінен өзгеріп, өмірде бар шындықты бейнелейтін реалды атрибуттарға айналуда. Кеңестік және кеңестік кезеңнен кейінгі Қазақстанның сабақтастығы бар, бірақ ол көбнесе сыртқы сабақтастық, ал шын мәнісінде жаңа сапалық жағдайға көшуі көз алдымызда болып отыр.

Тәуелсіздіктің атрибуттарының көрсетіліп отырған екі тобы: а) тәуелсіздік алған жылдары және одан кейінгі кездері қалыптасқандар және б) дамудың бұрынғы кезеңінен қалғандар бірін бірі өзара толықтырады және жиынтығында республикаға жоғарыда аталған жаңа сапа береді”- деп айтылған [150, 64 б.].

Сонымен қатар аталған оқулықта Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің негізгі атрибуттарына шартты сипаттама берілген. Олар:

І. Мемлекеттік құрылыс саласындағы және саяси құқықтық жүйедегі мемлекеттік тәуелсіздігінің негізгі атрибуттары: 1.Толық, шексіз, егмендік. 2. Республиканың аумақтық үстемдігі. 3. Республикалық азаматтықтың болуы. 4. Меншікті құқықтық жүйе 5. Өзінің мемлекеттік нышандары – туы, елтаңбасы, әнүраны, сондай-ақ астанасы, мемлекеттік мерекелерін белгілеу;

ІІ.Экономикалық салада республиканың мемлекеттік тәуелсіздігінің атрибуттары: 1. Дербес бюджет және дербес бюджеттік-қаржылық жүйе. 2. Дербес ақша – несие жүйесі. 3. Өзінің салық саясаты;

ІІІ. Қауіпсіздік, әскери құрылыс және құқық тәртібі саласында: 1. Армия. 2. Ішкі әскер. 3. Шекара және кеден қызметі. 4. Барлау және контр барлау;

ІҮ. Сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызмет саласында: 1. Дербес сыртқы саясат. 2. Дербес сыртқы экономикалық қызмет [150, 65-71 бб.].

Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің негізгі атрибуттарының пайда болуына тікелей бастамшылық жасаған адам ретінде Н.Ә. Назарбаев өз еңбектерінде олардың да пайда болу тарихы туралы жазып, құнды деректер жеткізіп отыр. Әрине, бір кандидаттық жұмыс көлемінде олардың бәріне бірдей талдау жасау мүмкін емес. Ол келешектің ісі. Сондықтан жұмыста Н. Ә. Назарбаев еңбектеріне Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің негізгі атрибуттары – ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі мен еліміздің жаңа астанаса – Астана қаласы тарихының дерек көздері ретінде деректанулық талдау жасалынады.

Теңгенің неліктен, қандай жағдайда қалай пайда болғандығы туралы Н.Ә. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” жан-жақты да толық баяндаған. Сондықтан “Ғасырлар тоғысында” ұлттық валютамыздың Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің негізгі атрибуттарының бірі ретінде пайда болу тарихының дерек көзі ретінде қарастырылды.

Ұлттық ақшамыздың шығу тарихы туралы Президент Н.Ә. Назарбаевтан басқа да осы іске қатысы болған 1991- 1994 жылдардағы Қазақстан Республикасы үкіметінің бірінші премьер-министірі С. Терещенко, 1991-1993 жылдардағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бірінші төрағасы С. Әбділдин, 1992-1993 жылдардағы ҚР Ұлттық банкісінің бірінші төрағасы Ғ. Байназаров, 1992-1993 жылдардағы ҚР премьер-министірінің бірінші орынбасары Д. Сембаев, сәулетші, суретші-дизайнер, ұлттық валюта “Теңге” жасаушылырдың бірі Х. Ғабжәлелов т. б. жауапты адамдар да өз естеліктерін жариялады. Олардың мәліметтерінің Президент деректерін толықтыра түсері, нәтижесінде тәуелсіздік атрибуттарының маңызды компанентерінің бірі - “Теңге” тарихының жан-жақты ашылары анық.

Аталған дерек көздеріне талдау жасау, біріншіден, “Теңге” тарихының шытырман оқиғаларға толы, қыры мен сыры мол драмалық тарих екендігін, екіншіден, теңгенің пайда болу тарихының бірнеше кезеңнен тұратын күрделі тарих екендігін көрсетеді. Сондықтан теңге тарихының дерек көздеріне осы бастан ерекше көңіл бөліп, оларға деректанулық талдау жасау, тек “Теңге” тарихының ғана емес, жалпы тәуелсіз Қазақстан тарихының да маңызды мәселелерінің бірі деп ойлаймыз.

Ұлттық валютаны енгізу қарсаңындағы қалыптасқан саяси-экономикалық жағдай туралы Н. Назарбаев: “Егемендікті нығайта келе, алдымыздан басқа бір мәселе – мемлекеттігіміздің сипатын анықтау міндеті шықты... Ұлттық ақша шығарарда бәрі де халықаралық шарттарға сәйкес жоспарланғандай болып шықпады. Мен “рубль аймағын” сақтауға тырыстым. Оның екі себебі бар еді. Біріншіден, ол аймақтың бұзылуы ТМД елдерінен алшақтауды тездетер еді. 1990 жылы М. Горбачев РКФСР Жоғарғы Кеңесінің дербес ақша-финанс жүйесін жасау жөніндегі қаулысының күшін тоқтату туралы Президент Жарлығына қол қоймай қойды. Ал қаржы-финанс жүйесін жою деген сөз мемлекетті жою деген сөз еді. Екіншіден, расын айтсақ, біз әзір емес едік”-дейді [126, 135 б.].

Мысалы, С. Терещенко сол жылдардағы саяси-экономикалық жағдай туралы: “Абыройсыз аяқталған қайта құрудың соңында республикаларда кім кімге қанша қарыздар екенін айтып, санай бастады, ал Ресей болса бәрін асырап отырмыз деп шіренді. Бірақ та саясаткерлердің баспасөзде жаппай сөз алып, орталықтан безіну үрдісіне қарамастан, сол кезде әзірше біртұтас елдің экономикалық базасы әжептеуір еді. Дағдарыс шыңы 1990-1991 жылдарға тұспа-тұс келді, сол кезде ақша күрт құнсызданды. Дүкен сөрелерінде жылан жалағандай ешбір тауар қалмай, өнеркәсіптер болса тұрып қалды. Қазақстан енді өз егемендігін жариялағанда республика құлдыраудың көкесін бастан кешірді. Бірақ та ең бастысы біздің еліміз КСРО құрамынан шықса да экономика жағынан тәуелсіз бола алмады. Біз ұжымдасқан одақтық меншікке байланып қалған едік”-деп [155, 15 б.], Президенттің неліктен “рубль аймағын” сақтауға тырысқандығын” аша түседі.

Одан әрі Н.Ә. Назарбаев: “Алайда қандай төтен жағдайда да қапы қалмас үшін сол кезден бастап ұлттық ақша шығаруға дайындала бастадық. 1992 жылы Ресейде барлық баға босатылды. Сол кезде іске кірістік. Мен Қазақстан валютасын шығаруды бастау туралы құпия жарлыққа қол қойдым”-дейді [47, 135-136 бб.]. Жас тәуелсіз мемлекет үшін өмірлік маңызы үлкен осындай іске кіріскендердің бірі, ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ғалым Байназаров еді. Ол өзінің “Тәуелсіздік құралы” деп аталатын естелігінде: “Мені Ұлттық банк басқармасының төрағасы етіп тағайындағаннан кейін Қазақстан Президенті алдыма ең маңызды міндеттердің бірі ретінде ұлттық валютаны енгізу міндетін қойды. Бұл мемлекеттік құпия, аса жасырын тапсырма еді. Мемлекет басшысының теңгеге даярлық туралы жарлығы болды, оны тек жекелеген басшылар білетін. Көптеген шенеуніктер, үлкен мансапқа ие лауазымды тұлғалардың өзі істің мән-жайына тартылған жоқ. Кейінірек олар өздерінің жәбірленгенін байқатты. Бірақ та сол тұста біреулердің кеудемсоқтығын елеуге болмады. Даярланып жатқан науқан туралы кеңінен хабар тараса, теріс экономикалық әсер тудырар еді. Онда бюджет пен ақша жүйесінің бөлінуі тез қарқынмен жүрер еді, ал оған біз дайын емес едік. Бұл ірі кәсіпорындардың іскерлік байланыстарын үзер еді. Біз экономика мен әлеуметтік салада тоқырап қалар едік”-деп, Елбасы жарлығының неліктен құпия болғандығын, оның маңызы мен салдарын түсіндіреді [67, 27 б.].

Н.Ә. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” ұлтық ақша шығару жұмысының барысына да тоқталған. Ол тек ұлттық ақша тарихымен айналысушыларға ғана емес, жалпы тәуелсіз Қазақстан тарихымен айналысушыларға да мол ақпарат алуға мүмкіндік береді. Ол: “Барлық қатысушылардан құпияны таратпау жөнінде қолхат алынды. Ақшаның дизайындық жұмысы Тимур Сүлейменов басқаратын суретшілер тобына тапсырылды.

Ұлттық ақша үстіндегі жұмыс талай күш-жігерді талап етумен қоса, көптеген күлкілі сәттерге де тап қылды. Бірінші күлетін жағдай – менің суретім салынған купюрлар жобасы әкелінді. Әрине, мен оны қабылдамай тастадым. Бірінші бетіне ұлы бабаларымыздың, сыртқы бетке мәдени-табиғи ескерткіштерді бейнелейтін болып шештік. Батыс сарапшылары бұл жалған ақша жасауды қиындатады деп ұйғарды. Біздің дизайынды бекіттім. Ол бойынша ойып жасалған клишелер Англия сейфінде сақталды. Ол сейфтің кілті мен болашақ ақшаның алғашқы үлгілерін маған әкеп тапсырды. Істелер іс істелді. Бірақ оны ешкім білмейтін.

Мәскеу рубль кеңістігі сақталынбайтындығын, өйткені республикалардың даму деңгейінің өр қилы екендігін сөз ете бастады. Оның аяғының немен тынатынын бірден біле қойдым. 1992 жылы жағдай қалай болады деп, ауыстырылатын валютаның 20 процентін бастырып қойдық. Біз де, ағылшындар да операция құпиялылығын қылыусыз қадағалап бақтық. Ақшаны басу аз. Қандай және қанша купюра керектігінің дәл математикалық есебі қажет. Ақша айырбасы қалай өтеді, қандай курс белгіленеді, шетелдік партнерлермен байланысымызға ұлттық ақша қалай ықпал етеді – бәрін де алдын-ала біліп отырмай болмайды. Бұл - өте күрделі финанстық-экономикалық және саяси мәселе еді. Бұл есептерді жүргізу үшін жас экономистерден арнайы топ құрылды. Олар Ұлттық банк пен қаржы министрлігінде істеді. Бізге халықаралық финанс ұйымдары да көмектесті. Әлемдік валюта қоры, халықаралық банк, Евробанк және басқалары өз мамандарын беріп отырды. Бұл топ қала сыртындағы саяжайда жұмыс жасады. Онда мен әр кеш сайын барып тұратынмын.

Біз өз ақшамызды қалай атау керектігі жайында да көп дауластық. Маған “алтын” деген атау ұнады. ТМД халықтарының бәріне де түсінікті. Түркі тілдерінде де, славян тілдерінде де бар сөз. Қәзір батыстағы экю сияқты, ТМД елдерінің айырбас валютасына “алтын” деген атау ұсынар едім. Ақырында “теңгеге” тоқталдық”-дейді [47, 136-137 бб.].

Әрине, Президентің ұлттық валютаны шығару сияқты маңызды да ауқымды істің барлық бүге-шігесіне дейін тәптіштеп айтып жатуы мүмкін емес. Ол өзінің қызмет жағдайына байланысты принципті мәселелерді шешумен айналысты және сол туралы жазды да. Ал ол істің басы-қасында жүрген жоғарыда аттары аталған азаматтардың естеліктері, Президенттің төл теңгемізге қатысты ұстанған саясатының қалай іске асқандығы тарихының дерек көзі ретінде жоғарыда келтірілген Н.Ә. Назарбаевтың меліметтерін толқтыра түсері күмәнсіз. Мысалы, ұлттық валютаны дайындауға тікелей жауапты Ғалым Байназаров, ҚР Ұлттық банк жүйесін қалыптастыру жолында атқарған істер туралы айта келе: “Банк жүйесін құру жөніндегі барлық осы алдын ала жұмыстың нәтижесінде ұлттық валютаны енгізу үшін негіз жасалды. Төл ақша – бұл экономиканы басқару, экономикалық егемендікті қамтамасыз ету, еліміздің шынайы тәуелсіздігі үшін басты құрал. Бұл міндет жоғарыда айтқанымыздай Ұлттық банктің күн тәртібінде бірінші күннен тұрды. Енді осы іске белсене кірісетін кезең туды.

Мемлекет басшысы ұлттық валютаны енгізу үшін жауапкершілікті вице-президент Ерік Мағзұмұлы Асанбаевқа жүктеді, ол мемлекет басшылығында экономикалық мәселелер бөлігіне жауап бертін. Өз кезегінде ол маған мәселені мұқият зерттеуді тапсырды.

Банкнот шығаратын елдер аз-ақ, олар – ең алдымен дамыған батыс мемлекеттері. Осы мәселеде көшбасшысы Ұлыбритания екенін білдік. “Томас Делару” атты ағылшын компаниясы, мысалы, банкнотты әлемнің 90 елі үшін басып шығарады. Сапарға шығу, мамандармен кездесу басталды. Бізге Испанияның, АҚШ-тың, Францияның мәнет сарайларынан өкілдер келді. Батыс менеджерлері Е.М. Асанбаевпен кездесті. Басқалардың ішінде 1992 жылдың сәуірінде Англиядан “Харрисон және оның ұлдары” атты кішігірім компаниясының басшылары келді. Осы фирманың банкнот фабрикасы пошта маркалары мен банкноттарды төрт ғасыр бойы шығарып келе жатқаны анықталды. Ақыр аяғы біз осы компанияны таңдадық, өйткені бүкіл жұмысты құпия түрде істедік: ешкім де ұлттық валютаны енгізуге дайындық туралы білмеу керек болатын. Ал үлкен фирмадан ақпарат шығып кетуі кәдік еді. Бірақ бастысы “Харрисон” ұсынған нұсқа біз үшін тиімді болды.

Бізге керегі құпиялық еді, оны осы ағылшын фирмасы қамтамасыз ете алды. Лондонда болғанымызда оның тапсырыстың орындалуын қатаң кепілдемелеуге қаблетті екендігіне көзіміз жетті. Банкнот фирмасының өкілдерімен алғашқы кездесулерден кейін біз ақша дизайнының өзіндік құнның 40 пайызын құрайтынын анықтадық. Басқаша айтқанда, бұл купюраларды әзірлеу жөніндегі жұмыстың ең қымбат тұратын бөлігі. Үнемдеу мақсатында Ерік Мағзұмұлы Асанбаев дизайнның жасақталуын қазақстандық суретшілерге тапсыруды ұсынды.

Жоғарғы Кеңстің депутаты Темір Бимашұлы Сүлейменов пен оның әріптесі, талантты суретші, “Қазақстанның дизайн орталығы” ЖШС-ның басшысы Хайролла Ғабжәлеловтың осы идеяны бұрыннан қашап жүргені анықталды. Бәрі де құпия сақталды, тіс жармау туралы құжатқа суретшілер бірінші болып қол қойды. Біз олардың Медеуге апарар жолдағы Үкімет саяжайлары аймағындағы коттеджде жұмыс істейтіндері жөнінде уағадаластық. Қазақстандық валютаға әзірлік туралы мемлекеттің санаулы адамдары білді. Ұлттық банкте екі-ақ кісі, өзім және орынбасарым Мірсұлтан Тұрсынов хабардар болды. Ал басшылықтың жоғарғы сатысында ел Президентінен басқа – Асанбаев, Әбдилдин, Тәкежанов білді. Кейінірек, әлбетте, хабардар жандардың шеңбері кеңейтілді, оған ғалымдар, басқа да Үкімет мүшелері кірді... Іс барысында “теңге” атауы туды. Бұған дейін біз нұсқа ретінде “сом”, “алтын” және басқа да атауларды талқыладық.

Портреттерді ұзақ бекіттік. Ең қиыны сәйкестендіру еді. Тарихи қайраткерлердің тұлғалары мұрағат құжаттарымен салыстырылды, олардың портреттерін Ғылым академиясы мойындау керек болатын... Суретшілер жүз теңгеге дейін классикалық атаулық жүйесін даярлады. Нұсқалардың ішінде Қазақстанның тұңғыш Президенті болды. Бірақ Н.Ә. Назарбаев бұл нұсқадан бас тартты. Африкалық елдердің әміршілерінен басқа тірі мемлекет басшыларынан ешкім де өз портретін ақшаға жайғамаған. Өркениетті әлемде бұл тиісті сөз тудыруы кәдік еді.

Бір жарым айдан соң компьютерлік атқарымдағы алғашқы банкноттар басылды. Біз теңгенің бейнелерін Президенке көрсеттік. Н.Ә. Назарбаев оны құптады да тапсырыстың орындалуына рұқсат етті. Қысқа мерзімде банкноттардың нобайлары бкеітілді де біздің суретшілер Англяға ұшып кетті... Суретшілер сапарда, шын мәнісінде күні-түні, жедел қарқынмен жұмыс істеді. Оларға ақша өндірісінің барлық технологиясын игеруге тура келді. Біздің дизайн тобы жауапты тапсырманы жоғары дәрежеде атқарды. Бірнше айдан соң мемлекеттік делегация құрамында мен Лондонда болып, үлгілерге қол қойдым”-дейді [67, 133-135 бб.].

Елбасы Н. Назарбаевтың, Ұлттық банкі төрағасы Ғ. Байназаровтың ұлттық валютамызды енгізу туралы жеткізіп отырған мәліметтерін суретші-дизайнер Хайролла Ғабжәлелов жеткізген мәліметтердің “теңге” тарихын толықтыра түсері күмәнсіз. Егер Президент осы мәселеге қатысты өз саясатын анықтап, принципті шешімдер қабылдаса, банк төрағасы сол Президент шешімін іске асыруды ұйымдастырды, ал теңгені жарық дүниеге әкелгендер, жоғарыда Ғ. Байназаров айтқандай, “жұмыстың қымбат тұратын бөлігін” атқарған суретшілер. Демек, олардың естеліктері де “теңге” тарихының маңызды дерек көздерін құрайды. Бәрі қосылып “теңге” тарихын жан-жақты, барлық кезеңдерімен қоса, қыры мен сырын терең зерттеуге мүмкіндік береді. Осы істің бастан-аяқ басы-қасында болып, барлық “қара жұмысты” өз қолымен атқарған суретші-дизайнер Хайролла Ғабжәлелов өзінің “Болмыстың қыры мен сыры: теңге шежіресі суретшінің көзімен” деп аталатын естелігінде теңге тарихына қатысты шын мәнінде аса құнды мәліметтер жеткізіп отыр. Мысалы, ол ұлттық валютаны енгізу сияқты аса ауқымды ұлттық көлемде атқарылған істерде болмай қоймайтын келеңсіз істер туралы: “Теңге енгізілген соң бірнеше жыл өткенде кейбір кісілердің ұлттық валютаны жасаудағы өз рөлдерін қампита көтеріп жүргендерін байқадым. Мемлекеттік ауқымдағы шара туралы сөз болғанда кез келген деңгейдегі орындаушылардың өздерін қарапайым ұстағандары жөн болар еді. Теңгені жасау мен енгізу туралы шешімді Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өзі қабылдады ғой”-деп, тарихи шындықтың осы бастан бұрмалануына қарсылық білдірген [67, 51 б.]. Суретшінің бұл айтқандары негізсіз де емес еді. Мысалы, өзінің сол кездегі қызмет жағдайына байланысты мемлекеттік құпиядан хабардар болған санаулы адамдардың бірі Серікболсын Әбділдин өзінің “Теңгенің жасампаз күшін босату керек” деген естелігінде: “Сол кезде Үкіметте мемлекеттік мүддені құзыретті түрде қорғай алмайтын адамдар отырды...мемлекеттің қаржы жүйесі күйрейтіндей қауіп төнді. Сондықтан да рубльдік аймақтан шығу сәтіне алдын ала ұлттық валютамен қордаланатындай шешім шығарылды. Теңгеге даярлық Жоғарғы Кеңесте жүргізілді”-деп, бар абройды өзі басқарған Жоғары Кеңеске беріп, Президентті аузына да алмаған [67, 20 б.].

Жоғарыда келтірілген деректер, біріншіден, шындықтың қайда екендігін көрсетсе, екіншіден, тәуелсіздік тарихының, оның ішінде “теңге” тарихының да, дерек көздеріне осы бастан деректанулық талдау жасаудың қажеттігін дәлелдейді. Одан әрі, Х. Ғабжәлелов өзінің бұл іске қалай келгендігі туралы: “Мен осынау міндетті орындау үшін өмір бойы даярланғандай болдым. Сәулетші болып жүріп ұдайы бірдеңелердің суретін салып жүрдім. Безендіргіш суретші болып мамандандым. Сонымен бірге өзімнің көркемдей жазу шеберлігімді шыңдадым. Банкнот дизайнеріне осы екі машықтың жиынтығы керек екендігі анықталды”-дейді [67, 51 б.]. Сонымен қатар Х. Ғабжәлелов: “Ақырында біздің еліміз тәуелсіз атанып, оған төл валютасы қажет болған сәтте мен әжептәуір ақша тауып үлгеріп едім. Тек негізгі жұмысымды бірқатар ай тастамақ тұрмақ, өз есебімнен Темір Сүлейменов, Меңдібай Әлин және Ағымсалы Дүзелханов сынды суретшілердің шағын “десантын” Англияға түсіре алдым. 1992 жылдың 27-тамызында ақша айырбастауға бір жыл қалғанда ҚР Ұлттық банкінің басқармасында теңге купюраларының үлгілері бекітілді. Ал келесі күні біз, төрт қазақ суретшісі Лондонға үшып кеттік”-деп, кейбір қаражат мәселесіне қатысты бұрын белгісіз болған жайттардан хабардар етеді [67, 51 б.].

Өздерінің Англия жеріндегі алғашқы күндері туралы Х. Ғабжәлелов: “Ағылшындар бізді құшақ жая қарсы алды, келуімізге арнап түскі тамақ берді, мейманханасына орналастырды. Таңертең Лондоннан 30 шақырым жердегі банкнот фабрикасына апарды. Бізді банкнот фабрикасының директоры Джеф Стюарт пен “Харрисон және оның ұлдары” фирмасындағы дизайндық студияның басшысы қарсы алды. Жалпы бізді тұманды Альбионда аса ірі тапсырыскерлердің өкілдері ретінде қабылдады. Себебі мәселе шын мәнісінде миллиондаған сомалық мәміле туралы еді ғой. Бұл сәттер тарихи болғанын айтпасқа лаж жоқ. Мемлекет күнде ұлттық валютасын енгізе бермейді ғой”-десе [67, 54 б.], бұл істе тәжерибенің болмауы салдарында өздерінің күлкілі жағдайға қалай тап болғандары туралы: “Купюролардың нобайлары желімделген папканы әкелгенім есімде. Фирманың мамандары ыждаһаттылықпен қарап, қодан жасалған үлгілерді мақтады. Біз әлбетте қуандық, енді сонымыз еске түссе ұяттан жарыла жаздаймын. Ондағы біздің көрінісімізді ешкімге көрсетпесін! Тап бір ауылдан келіп астаналық сәнқойларға өздерінің ең соңғы үлгідегі шәркейлерін көрсеткен туыстар секілді болдық. Келесі күні ағылшындар өз жұмыстарын көрсеткенде мен жердің астына кірерге тесік таппадым: сөйтсе, олардың банкнот суретшілері ақшаны аса ұсақ элементтерін ескере дайын купюралар ретінде салады екен. Біздің нобайлар олардікімен салыстырғанда бала-бақшалық суреттер тәрізді. Бізде айрықша сурет салу тәжірибенің жоқтығына қарамастан олардан кем салмаймыз деген спорттық бәсеке, құмар тартыс, дәлелдеу керек деген намыс оянды...”-деп, еске алады [67, 54 б.].

Осылай тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш ұлттық валютасы Англияда аса құпия жағдайда дайындалып жатқанда, Президент Н. Назарбаев Қазақстанның “рубль амағында” қалуы үшін күресін жалғатырумен болды. Оқиға драмалық сипат алды. Мысалы, ол туралы Н. Назарбаев: “1992 жылдың аяғында Ресей үкіметіне В. Черномырдин басшы болды. Рубль аймағы сақталады деген үмітім тағы күшейді. В. Черномырдин Қазақстанға келгенде: -Виктор Степанович, екуміз ескі доспыз. Сен – үкімет басшысың. Шыныңды айтшы... Сіздер ақша айырбастап жатқандарыңызды да білеміз. Қазақстан сіздің ықылысыңызбен, өзіміздің шын қалауымызбен рубль аймағында қала алама? Егер қала алмасақ, ашығын айтыңыз, біз де өз әрекетімізді жасайық. Виктор Степанович Қазақстанның міндетті түрде рубль кеңістігінде қалатындығына мені сендірді”-дейді [47, 137 б.].

1993 жылы Давоста болған кездесуде де В. С. Черномырдын Н. Назарбаевты “Қазақстан үшін қажетті мөлшерде арнайы ақша бастырамыз. Ең болмағанда, оларға Қазақстанның арнайы бегісін саламыз”-деп сендірген. Ең жоғарғы деңгейлерде жасалынған келісімдерге қарамастан 1993 жылғы 26 шілдеде Ресей аяқ астынан жаңа ақша шығарып, оны Қазақстанға жібермей қойды. Сөйтіп, сөздің тікелей мағанасында, Қазақстанды рубль аймағынан итеріп шығарды. Осындай драмалық оқиғалардың бел ортасында жүрген Президент Н. Назарбаев таихымыздың осы бір түйінді сәттерін: “Түсініксіз бірдеңе басталды...26 қазанда А. Шохин келді. Екеуден-екеуміз. Бәсең дауыспен сөз бастады.

Нұрсұлтан Әбішұлы, әлдеқашан жүріп кеткен Ресей пойызының соңғы вагонына қарғып мінудің Сізге қажеті қанша? (Рубль аймағын айтып отыр). Мен теріме сыймай кеттім: Сіз кім боласыз? Черномырдиннен өкілдігіңіз бар ма?

Сіз күшті басшысыз. Қазақстанның мүмкіндігі көп... - Маған баға берудің керегі жоқ. Ресеймен қарым-қатынас жасау керек пе, керек емес пе – оны жақсы білемін. Турасын айт – біз рубль аймағында болмыз ба жоқ па? Бұл мүмкін емес.

Құдайы шыным, бәлкім, Александр Шохинге режіудің қажеті де жоқ шығар. Бәлкім, оның сондағы пікірі дұрыс та шығар. Жаман болмай, жақсы жоқ деген ғой. Өз мемлекетіңді құрып отырып, өз ақшаңды шығармай болмайтын шығар. Ерте ме, кеш пе – әйтеуір шығару керек қой. Бірақ мен Ресей бізбен экономикалық байланысын бүйтіп бір сәтте үзе сала қомас деп үміттеніп едім. Ақша – бұл экономиканың қан тамыры. Ең болмаса, бізде орыс жұртының көп екендігін, олар ақша бірдей болмаса, Ресейдегі ағайын-тумаларымен араласа да алмай қалатындығын ескерер деп ойлағанмын. Әрі ақшаға көшкен күнде де әуелі келісіп алып көшеміз ғой деп сенгенмін. Қазақстанға Ресей сияқты дос, экономикалық жағынан күшті ықпалдас қандай қажет болса, Ресейге де экономикасы даыған, күшті, демократияшыл Қазақстан сондай қажет екендігіне еш күмәнім болмайтын. Мен енді ешкімге байланысқа шықпадым. Жеті миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік”-деп бейнелейді [47, 140-141 бб.].

Ресейдің ең соңғы күнге дейін Қазақстан басшыларына уәделерін беріп келіп, Н. Назарбаев айтқан барлық факторларға қарамастан, алдымен сөзбұйдаға салып, кейін сөзден тайып кету себебін, осы уақиғалардың тағы бір куәгері – 1992-1993 жылдардағы ҚР премьер-министірінің бірінші орынбасары, 1993-1996 жылдардағы ҚР Ұлттық банкісінің төрағасы, ҚР қаржы ассоциациясының президенті Дәулет Сембаев: “Жаңа рубльді енгізген соң Ресей басшылары аралық валюта ретінде қазақ нышандары бар өз сомымызды (рубль) басып шығаруды ұсынды...Бірақ келіссөздер арасындағы жай әңгімеде ресейлік қаржы министрі Борис Федоров маған былай деген-тін: “Сіздер Қазақстанда 1993 жылғы үлгідегі ресейлік рубльге иектерің қышымасын. Бізде инфляция жоғары, несиелік эмиссия мен бюджет зәрулігі орасан. Бірақ та, егер біздің рубльді қолданғыларыңыз келсе, Парламенттеріңізде, Қазақстан Ресейдің құрамына еніп, Ресей Федерациясының субъектісі болады деген шешім қабылдаңыздар. Сонымен бірге Қазақстанның барлық алтын-валюталық қорын Мәскеуге әкеліп, Ресейдің Орталық Банкіне тапсырыңыздар, ал айырмасына біз мемлекеттік борышты ресімдеп, жабамыз”. Сөйтіп олар өз рублін бізге пайдалану үшін Қазақстанның тәуелсіздігімен төлеуді ұсынды”-деп түсіндіреді [67, 47-48 бб.].

Д. Сембаевтың бұл айтқандарының шындыққа толық сай келетіндігіне еш күмән жоқ. Ресей империя болған және империя болып қалды. Оның өз рублін пайдаланып Қазақстанды екінші рет “өз еркімен” өзіне қосып алу ниетінде болғандығына олардың іс-әрекеті дәлел. Бұл Президент Н. Назарбаевтың ұлттық валюта шығару мақсатында жасаған жасырын әрекеттерінің тек экономикалық қана емес, саяси мәні де зор іс болғандығын, яғни мәселенің тікелей ел тәуелсіздігі туралы болғандығын көрсетеді. Ресей басшыларының Қазақстанның өз ақшасын жасырын дайындағандығынан қабарсыз болғандығы, қазақстандықтардың өз міндеттерін аяғына дейін адал атқарғандығы туралы Д. Сембаев одан әрі: “Бұл сөз тым қатаң және өрескел айтылса да, Федоровтың ашық айқындамасы еді. Черномырдын, Шохин, Геращенко секілді мырзалар Қазақстанның өз ақшасы бар екенін білмей аяғына дейін екі жақты ойынын жалғастырып, ресейлік рубльге кіріптарлық арқынын тарта, қанаудың жаңа шарттарын қоя берді. Біз осы ақиқатқа жету жолын толық кештік, өз міндетімізді аяғына дейін орындадық”-дейді [67, 48 б.].

Демек, Ресей басшылары Қазақстанның өздері терең ойластырып құрған “рубль торына” мықтап тұрып түскендігіне, енді одан қанша бұлқынса да шыға алмайтындығына әбден сенімді болған. Бірақ олардың арам пиғылы іске асқан жоқ. Елбасының көрегендік саясатының арқасында дер кезінде қамданып үлгерген Қазақстан өзінің экономикалық та, саяси да тәуелсіздігін сақтап қала алды.

Еуропаның бір түкпірінде дайындалған ақшаның Қазақстанға қалай жеткізілгендігі туралы, осы істің барысын ең басынан жіті қадағалап отырған Елбасы: “Ил-76” төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 процентін тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: “Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік”, - деп жазылды.

Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасап қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон – Ақтау, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейіс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер-жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім, дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығыар”-десе/47.140/, ақша тасымалдаумен тікелей айналысқан Ұлттық Банкі төрағасы Ғ. Байназаров: “1992 жылдың қарашасында басталған теңге шығару 1993 жылдың сәуірінде аяқталды. Біз арнайы Алматы – Ақтау – Лондон бағытын жасақтадық. Сөйтіп жаз басталарда төл валютамызды Қазақстанға жеткіздік.

Үкіметтің арнаулы қаулысымен екі-үш жолаушы борты тәулік бойы банкнот әкелетін, оны біз Жамбыл қоймасына қайта жөнелтетінбіз. Жалпы біз тасымалмен екі айдай айналыстық. Тасымал өте құпиялықты қажет еткендіктен, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мірсұлтан Тұрсыновтың өзі ақша жеткізіліміне жетекшілік жасады. Алдымен ол жүкті өзі ілестіріп жүрді. Содан кейін сағат белдеуінің ұдайы ауысуынан, шексіз ұшулардан денсаулығын жоғалта бастады. Тағы да екі-үш кісіні теңгені жеткізуге тартыуға тура келді”-деп [67, 36 б.], Елбасы мәліметтерін толықтыра түседі.

Сонымен қатар Ғалым Байназаров өз естелігінде ақша ауыстыру мәселесінде қарапайым жұрт біле бермейтін, бірақ маңызы үлкен тағы бір проблеманың сырын ашқан. Ол: “Жасырмай-ақ айтайын, теңгені әзірлеуге тапсырысты жайғай отырып, тағы бір проблемамен ұшырастық. Бұрындары қазақстандық қаржыгерлер ақша шығарумен шұғылданбаған, сондықтан да қажетті банкнот мөлшерін қалай есептеуді білмейтін. Қолма-қол ақша мұқтаждығын анықтау үшін ғылыми әдістеме керек. Бізде ондай маман жоқ еді, себебі ақшаны керек бойынша купюралардың тозуына, кейінірек инфляцияға байланысты Ресейден алатынбыз.

Қазақстанға ғана емес, барлық республикалар ескірген банкноттарды толтыру, алмастыру тізімінде жұмыс істеді, ал барлық есептеулер жөніндегі жұмыс ежелден Мәскеуде жүргізілді. “Харрисон және оның ұлдары” компаниясының басшылары осы жағдайда көптеген елдер Англиядағы теңдесі жоқ маман, доктор Л.С. Пейнге өтініш жасайды деді.

Сексен жастағы экономист Қазақстан халқын негізге ала отырып, экономикалық көрсеткіштерді зерттеп шықты да, біріншіден, бұрын біз “ширекше” деп атайтын үйреншікті жиырма бестік купюралардан гөрі 20 теңгелік купюралар керек деген қорытынды шығарды. Ғалым есептеулер жасады...Екіншіден, қолма-қол ақшаның айналыста пайдаланылуын доктор Пейн дәл есептеді. Ол қорды да, басқа кілтипандарды да ескерді. Оның санауынша, алғашқы кезде барлық ақша айналысқа түсуі тиіс. Содан кейін инфляцияға байланысты және 8 ай ішінде купюраның тозуын ескере отырып, ол көнерген банкноттарды алмастыру үшін қанша ақша керектігін есептеп тапты. Соңырақ, біз іс жүзінде оның барлық шамалар - әрбір атаулық мөлшері, қолма-қол ақшаның жалпы көлемі бойынша болжамдары расталғанына көзіміз жетті. Ол өзге мемлекеттер үшін де осындай есептеулер жасағанда да бірде бір рет қателеспепті”-дейді [67, 36-37 бб]. Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің тәуелсіздігі атрибуттарының бірі – ұлтық валютаны енгізу тарихы осындай.

Сөз жоқ, тәуелсіздігіміздің басты ішкі атрибуты, халқымыздың ұлттық мақтанышы, ұрпақтан-ұрпаққа ұласар қуанышы – Ел Ордасы – Астана. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 2005 жылы 28-29 қыркүйекте Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайында сөйлеген сөзінде: “Мемлектеттің мемлекеттілігі оның өз тағдырына қатысты ең маңызды мәселелерді өз бетінше шеше алуынан танылуға тиіс. Еуразия жүрегіне, қазақ жерінің кіндігіне Ақордасын тіккен Астана – Қазақ елінің өз қалауымен жасаған дербес таңдауы. Біз оны осы байтақ даланың шын иесі кім екендігін алыстың да, жақынның да есіне салу үшін жасадық. Бұл арқылы біз қазақтың осы бір құйқалы өңіріндегі ұлттық дәстүрді, тілді, өнерді, әдетті, әдепті шайылудан, жойылудан сақтап қалу үшін жасадық. Біз оны болашақ ұрпақ үшін, еркін еліміз үшін жасадық.

Ел астанасы Арқа төсіне ауысқалы бері мемлекетіміздің өмірінде жаңа белес – жасампаздық белесі басталды. Астана құрылысы бүкіл Қазақстан экономикасын алға сүйреген локомотив сияқты болды...Егер 1997 жылы Астанадағы халықтың саны 200 мың болса, қазір астаналықтар қатары 600 мыңнан асып кетті. Егер 1997 жылы қаладағы халық санының 20 пайызы ғана біздің қандастарымыз болса, бүгінде олардың мөлшері 60 пайызға жақындады. Қалаға салынған инвестицияның көлемі 634 миллиард теңгеге жетті...Қазақ мемлекетінің астанасын елдің ортасына алып бару, елордаға қай өңірден де бірдей жететіндей ету идеясы тәуелсіздіктен кейінгі менің өмірімнің ең мәнді мақсат-мұраттарының біріне айналды. Ендігі жерде жер бетіндегі барша қазақтың назарында тұратын, қазақтың асқақ рухы сән-салтанат құратын бас қаламыз осы Астана, ардақты ағайын!”-деді [68].

Иә, Астана бүгінгі күні бар қазақтың Бас қаласы, елдік пен ерліктің белгісі. Астана – тәуелсіздік символы, яғни Қазақстан мемлекеттілігі тәуелсіздігінің басты атрибуты. Астана тарихы – тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихының ажырамас құрамдас бөлігі. Демек, тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев еңбектері қалай тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің маңызды дерек көзі болса, дәл солай Астана тарихының да маңызды дерек көзі болып табылады. Астана тарихын, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихы сияқты, Н. Ә. Назарбаев еңбектерін негізгі дерек көзі ретінде пайдалана білмей ашып көрсету мүмкін емес.

Сонымен қатар, Астана тарихы – тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке тұлғалық та тарихымен астасып жатыр. Астана тарихын Н. Назарбаевсыз елестету мүкін амас. Олар бір–бірімен ұштасып, етене араласып кеткен ұғымдар. Осылай, тәуелсіз Қазақстан тарихы: Қазақстан – Назарбаев - Тәуелсіздік – Астана –сияқты ұғымдарды бір-бірімен тығыз байланыстырды. Оларды бір-бірімен тығыз байланыста зерттемей, тәуелсіз Қазақстан Республикасының шынайы тарихының жазылуы мүмкін емес. Мысалы, 2003 жылы ел Президенті астананы жобалауға тікелей атсалысты ма деген “Уолл-стрит” джорнэл” газетінің сұрақтарына Н. Назарбаев: “Әр үйдің. Әр архитектуралық жобаның. Оның тіпті әр үйдің түсіне де қатысы болды...Біз 55 сәулетшіні қатыстырып конкурс өткіздік, бірақ ол әлі де құрылыстың өзі емес-тін. Ол бар болғаны парақ қағаз. Мен – арихтектормын және ол туралы айтуға ұялмаймын да”, деп жауап берді [39, 16 б.].

Ол рас. Ел астанасын қазақ жерінің әсем де болса бір шетіне орналасқан Алматы қаласынан, орталықта жатқан Ақмолаға көшіру туралы идеядан бастап, бүгін бой көтерген Астана қаласынан Н.Ә. Назарбаевтың ерен еңбегінің ізін көруге болады. Астана – ол, ең алдымен, Н. Назарбаев сияқты тәуекелшіл ердің ісі. Ол туралы жазушы Қуандық Түменбай тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған “Тәуекел – ердің жолдасы” деп аталған мақаласында: “Президенттің айрықша бір қасиеті бар. Ол – тәуекелшілдігі. Тәуекел – ердің ісі. Тәуекел жасауға ердің ері ғана бара алады. Алматыдан ресми орталықты Астанаға көшіру – нағыз тәуекелшіл ердің ісі дер едім”-деп жазды [69].

Дегенмен, нар тәуекел түбінде терең ой, тынымсыз толғаныстың да жатқаны рас. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ойдың өзіне қашан және не себептен келгендігі туралы Н. Назарбаев 2005 жылы жарық көрген және Астана тарихының негізгі дерек көзі ретінде біз қарастырып отырған “Еуразия жүрегінде” атты кітабында: “Қазақстандық астананы көшірудің үлгісі өзінің жылнамалық бастауын 1985 жылғы оқиғалардан алады десем, сірә да, жаңылыса қоймаспын. Нақ сол жылы Михаил Горбачев мәңгі мызғымастай көрінген Кеңес Одағының тағдырына шешуші ықпал еткен бағдарламаны өзі бастап қолға алғаны белгілі...Мен ол кезде Қазақ КСР Үкіметінің Төрағасы едім және Горбачевтың маған айрықша іш тарта қарайтынын, әрі менің ішкі толғаныстарымды түсінетінін сезуші едім”-деп, астананы ауыстыру идеясының қоғамда бастау алған түбегейлі өзгерістермен байланысты туындағанын айтқан [53, 25 б.].

Демек, астана туралы ой Н. Назарбаевты Елбасы болудан бұрын, дәлірке айтқанда, Үкімет басында жүрген кезінде-ақ мазалай бастаған. Оған Н. Назарбаевтың өз сөзінен басқа да деректер келтіруге болады. Мысалы, Академик Рымғали Нұрғали сол жылдары Бас редактор ретінде Қазақ энциклопедиясы шаруасымен Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н.Ә. Назарбаев қабылдануында болған бір сәтті былай деп баяндайды:

“ - Тағы не шығарғалы жатырсыңдар?

Басылып, дайындалып, жоспарланып жатқан кітаптардың ішінде “Ақмола” энциклопедиясын атаған кезде, премьер тағы сөйлеп кетті:

Бұл дұрыс екен. Менің ойымша, Қазақстан үшін Ақмоланың орны ерекше. Анау картаға қарашы, далиған көл-көсір, ұлан-байтақ қазағымның кең даласы. Етек-жеңі мол пішілген ата-бабамның шапаны секілді ғой. Біреу сыйлады дейсің бе, бәрі де білектің күшімен, найзаның ұшымен алынған. Анау бір тұста, Орынбор тарапынан ішке қарай сұғына кіріп кеткені болмаса, жеріміз Алтайдан Атырауға, Отырардан Омбыға дейін керіліп-ақ жатыр емес пе. Жер жаннаты Жетісудағы жұмақ іспетті Алматы әттең бір бүйірде, тығырықта жатыр. Маған салса, шіркін, астана болар жер – Қазақстанның кіндік орталығы, батысқа да, шығысқа да, солтүстікке де, оңтүстікке де қашықтығы бірдей, жетпіс жеті жолдың торабында тұрған Ақмола емес пе. Сонда жаңа ұйтқы пайда болып, халық орталыққа қарай ойысар еді-ау, жеріне, суына, байлығына ешкімнің аузының суы құрымас еді. Қазанның қақпағы жабылса, сұғанаққа жол жоқ” [70].

Бұл ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы Н. Назарбаевтың тәуелсіздіктен бұрын-ақ ойлай бастағандығының дәлелі. Дегенмен, ол әлі тәтті қиял, асыл арман ғана еді. Өйткені Н. Назарбаевтың ондай ойды іске асырарлықтай әлі қолында билік, басында ерік жоқ еді. Алда әлі талай қиындықтар мен қайшылыққа толы жылдар тұрды. Ол жылдар туралы Н. Назарбаев: “1985 жылдан 1989 жылға дейінгі кезең айрықша табанды, ұстасқан және, мен айтар едім, ескі мен жаңаның “аңдысқан” қырқысы жағдайында өтті” - деп жазды [53, 27 б.].

Дегенмен заман өзгерді. Ел тәуелсіздігін алып, Н.Ә. Назарбаев жаңа мемлекеттің тұңғыш Президенті болып сайланды. Қазақ қоғамы түбегейлі өзгерістер кезеңіне бет алды. Жаңа жағдай - жаңа, әдеттен тыс тың шешімдерді талап етті. Ол туралы Елбасы ретінде Н. Назарбаев: “Барлық салада, бәрін де түгелімен, түбегейлі өзгерістер қажет деген айқын сезім мені барған сайын билеп алды. Қалыптасқан жағдайдан, тірелген тұйықтан шығудың амалын іздеп шарқ ұрдым. Бәрін еңсере отырып қана елді алға жылжытуға, сөйтіп өткеннің кесел жарасын жазуға болатынын ұқтым... Адамдарды серпілтіп, турасын айтқанда, бастың миын “желдетіп алуларына” әдеттен тыс төтен шешім керек болды. Сөйтіп астананы көшіру қажеттігі туралы ойға бірте-бірте бекіне бердім. Осындай алмағайып уақытта астананың өмірлік маңызды рөлі ешкімнің басына кіріп-шықпағанын білемін”-деп дейді [53, 28 б.]. Бұл, біріншіден, Н. Назарбаевтың астананы көшірудің бүткіл қоғамды түбегейлі өзгертудегі терең өмірлік мәнін сезе білгендігін көрсетсе, екіншіден, ол ойдың өзінен басқа ешкімнің де қаперінде болмағандығын білдіреді. Нұрсұлтан Әбішұлын өз сезімінің алдамағандығының дәлелі – бүгінгі Астана қаласы болса, дәл сол уақытта мұндай ойдың “ешкімнің басына кіріп-шықпағандығын”, тіптен көбінің қарсы болғандығын талайлар растап отыр. Мысалы, ақын Темірхан Медетбек: “Кезінде астананың Алматыдан Ақмолаға көшуіне көп-көп жұрт қарсы болды. Басқаны былай қойғанда, тіпті қасында жүрген адамдар да қарсы болды”-деп жазса [71], сол “қасында жүрген адамдардың” бірі академик Сұлтан Сартаев Н. Назарбаевтың астананы өзгерту туралы өзіне қойған сұрағына: “Нұреке, мұныңыз стратегиялық жоспар бойынша өте дұрыс-ау, бірақ халқымызға қиындау болар. Өйткені, біз астанамыз Алматының өзін әлі 70 жыл бойы салып келеміз, ал Ақмоланы астана жасау үшін кемінде бір 50 жыл керек болатын шығар...” деп едім дейді [25].

Одан әрі өз кітабында Н. Назарбаев: “Астананы көшіру идеясы мені бірте-бірте қатты баурап алды. Мемлекетіміздің басына түсіп тұрған проблемаларды ой елегінде сараптау, оның бүгіні мен болашағы туралы толғау кезеңдерінде әлгі ойға жиі-жиі берілетін болдым...1993 жылдың басынан бастап мен осыны басшылыққа алдым”-деп [53, 88-89 бб.], оған түрткі болған факторлардың тағы бірі – Н. Хрущевтың кезіндегі әпербақандығы, А. Солжиницыннің қазақ жерінің есебінен Ресейді жайластырмақ болған сандырағы, М. Горбачев пен Жириновскийлердің арам пиғылдары екендігін айта келе: “Мен осы ойға жиі-жиі келе бердім және барған сайын ойымның дұрыстығына көз жеткізе түстім. Астананы көшіру идеясына белді біржолата бекем буа тұрып, мен ортаға бәрін салатынымды, яғни өзімнің саяси мансабымды, тіпті, мүмкін, өмірімді бәйгеге тігетінімді сөз жоқ түсіндім”-дейді [53, 91 б.]. Осының бәрін біле тұра Н.Ә. Назарбаев тәуекелге бел байлады. Сөз жоқ, ондай іске тек өз ойының дұрыстығына әбден көзі жеткен және, бейнелеп айтсақ, жүрегінің түгі бар адамдар ғана бара алады. 2006 жылдың наурыз мейрамы қарсаңында Президент Н. Назарбаевтың көршілес Өзбекстан Республикасына жасаған ресми сапары кезінде, сол елдің Президенті И. Каримовтың: “Астана салу сияқты іске бару үшін аттың “кәлләсіндей” /басындай – С. С./ жүрек керек”-дегенін екі елдің халқы түгел естіді.

Дегемен, өзің түсініп, өзің бел шешіп кірісу бір басқа да, өзгеге түсіндіріп, өзгелерді сендіре білу бір басқа. Астана сияқты жаңа қала салу бір адамның қолынан келетін іс емес. Бар жауапкершілікті Елбасы бір өзіне алғанымен, қала салу көптің ісі. Енді Н. Назарбаевтың алдында өз ойының дұрыстығына көптің көзін жеткізу, көпті соңынан ерте білу міндеті тұрды. Ол да оңай жұмыс емес еді. Оған да шыдамдылық көрсетіп, табандылық таныта білу қажет болды. Ондаған жылдар бойы өзін толғандырып келген ойын сыртқа шығарып, алғаш ашық айта бастағанда ресми орындар мен қасындағылардың оны қалай қабылдағаны туралы Н. Назарбаев: “Үкімет, Парламент, кеңесшілерім мен бірқатар серіктерім астананы көшіру туралы жоспарымды алғаш естігенде, өре түрегелді. Көшкені қалай? Біз онсыз да реформалаудың, қайта құрудың аяқ алғысыз проблемалары мен қиыншылықтарына, өтпелі кезеңнің басқа да ауыртпалықтарына малтығып жатырмыз. Ал енді ол аздай астананы көшіру мәселесі шықты. Сау басқа сақина деген осы. Ең басты дәлел – қаржы-қаражаттың жоқтығы немесе дәлірек айтқанда, оның бюджетте әлеуметтік проблемалар мен саңлауларды тығындауға жетерліктей ғана тапшы болуы...

Үкімет және Парламент мүшелері бастапқыда “аң-таң” қалды дегенім бекершілік. Іс жүзінде менің астананы көшіру қажеттігі туралы алғаш сыртқа шығарып айтқан ойым менің көзімше жымиыспен, ал менің сыртымнан, сірә, күлкімен қабылданды. Ең қызығы, менің босқа сөйлемейтіндігімді білетіндіктен, олардың бәрі дерлік менің көшу туралы ойымды тым сәтсіздеу, орынсыздау қалжың деп қабылдады”-деп, еске алады [53, 91 б.].

Өзін талай жылдар бойы толғандырған ойын көпшіліктің алғашқыда осылай қабылдағанына қарамастан Н. Назарбаев өзі іштей бекінген шешімін іске асыру мақсатындағы әрекетін жалғастыра берді. Осы бағытта жасаған әр бір қадамын аңдап басып, алдына қойған мақсатына жақындай берді. Ол: “1993 жылдың соңында мен өзімнің сөйлеген сөздерімнің бірінде Қазақстанның астанасын Алматыдан басқа қалаға көшіру қажеттігі туралы айтып, аңысты байқадым. Сол кезде көпшілігі мені жаңылып кетті не шамалы шаршаған болар деп ойласа керек. Сол жерде Шарль де Гольдің “жоғары билік адамды жалғыздық пен мұңға батырады” деген сөзін еріксіз еске түсіресін. Көмекшілерім, кеңесшілерім және серіктестерім жетерлік, бірақ шешімді қабылдайтын және оның салдары үшін жауап беретін бір өзің ғана.

1994 жылдың басында мен астананы көшіру туралы тағы да айттым. Бұл да сәтсіз әзіл ретінде қабылданды. Бәрі күлді де қойды, сонмен ұмыт болды”-дейді [53, 93 б.]. Иә, бұл келтірілген деректердің ғылыми құндылығын айтып жеткізу мүмкін емес. Н.Ә. Назарбаевтың осының бәрін өз кітабында айтып, қағазға түсіруінің өзі, тарих үшін маңызы жағынан Астанадай әсем қаланы тұрғызудан кем емес. Ондағы келтірілген мәліметтердің бүгінгі жас ұрпаққа, әсіресе, келешекте дүниеге келер ұрпаққа, Ел Ордасы Астана қаласының тарихына терең бойлап, мол мағлұмат алуына көмектесері даусыз. Онсыз да жұмысы басынан асып жатқан адамның Астана салу сияқты ұлт тарихының түйінді мәселесінің әр бір сәтін уақыт тауып, дер кезінде қағаз бетіне түсіріп бейнелеуі, ондай ойдың толығымен бір өзіне ғана тән адам ретінеде, барлық ішкі толғанысын, әр бір қадымын жеткізе білуі, сол арқылы келешек ұрпаққа құнды дерек көзін қалдыруы тарихта сирек кездесетін құбылыс. Елбасының тек жаңа Ел Ордасын тұрғызып қана қоймай, сонымен қатар, оның тарихының жазба дерек көзін де жасап беруі ерліктің ерлігі деп бағалануы тиіс.

Алдымен іштей мың ойланып, жүз толғанып, бір тоқтамға келген Н. Назарбаев, жоғарыда өзі айтқандай, бірнеше рет өз ойын көпшіліке айтып көріп, олардың пікірін байқаған соң шашуші қадамдар жасауға көшті. Ол: “Сөйтіп 1994 жылдың шілдесіне қарай мен бұл мәселеде пісіп-жетілдім, астананы көшіру туралы ойды нақты ұсыныс ретінде Қазақстан Республикасының Парламентіне шығару үшін қажетті саяси, әлеуметтік және геосаяси дәйектерді қорыттым”-дейді [53, 93 б.].

Одан әрі Н. Назарбаев өз ойын ресми тұрде ортаға салып, Астана тағдырын шешкен өзінің Парламентте сөйлеген сөзі туралы айтқан. Президенттің сол сөзінің тарихи маңызын ескере отырып толғырақ келтірейік. Ол: “1994 жылғы 6 шілдеде Парламент сессиясының жалпы отырысында астананы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қажеттілігін қисындық және мән-жайлық тұрғыдан негіздеп сөз сөйлегенім әлі күнге анық жадымда”-дей келе, сол бір шешуші сәтті былай деп баяндайды: “Залда отырғандардың зейінді жүздері тым салқын. Мұны түсінуге болады...Мінбеге шығып, толқуымды басып, өз көзқарасымды негіздеуге кірістім. Елорданы көшіруді тәуелсіз мемлекетіміздің ең жоғары мүдделері талап ететіндігін айттым. Басқарудың жаңа жүйесі туралы мәселе осыған көп байланысты болмақ. Елорда мүмкіндігінше елдің орталығында, барлық аймаққа бірдей қашықтықта болуға тиіс. Кең-байтақ Қазақстан үшін бұл жайттың маңызы айрықша. Депутаттарға жаңа астананы таңдау 32 өлшем бойынша жүргенін тәптіштеп айтып бердім. Олардың ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық жағдаят, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, әрі оны дамытудың келешегі, құрлыс кешені, еңбек ресурстары және басқа да өлшемдер болғанына тоқталдым. Елдің стратегиялық мүдделері де алыс болашаққа арнап есептелді. Жалпы алғанда, астананы көшіру туралы ұсынылып отырған төтен де тосын шешім тыңғылықты дайындалғандығын, мұнда үстірттік те, асығыстық та жоқ екендігін жан-жақты көрсетуге тырыстым.

Жаңа астананы таңдаудың барлық өлшемінің негізінде тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққанына тоқталдым. Өз сөзімде Қазақстанның астанасы болуға лайық үміткер ретінде Ақмола қаласының мынадай әлеуеттік артықшыларын айрықша атап көрсеттім:

- біріншіден, қала Қазақстанның орталығында дерлік тұр және барлық өңірден бірдей қашықтықта, бұл – басқару міндеттерін шешу, нарықтық инфрақұрылымды дамыту міндеттері көзқарасы тұрғысынан экономикалық тиімді;

- екіншіден, қаланың жағдайы, оның аумағы сәулет-құрылыс міндеттерін икемді шешуге, елдің басқа өңірлеріне қарағанда әлдеқайда тиімді экономикалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, бұған іс жүзінде көз жеткіздік;

- үшіншіден, қала тіршілігін қамтамасыз етудің қолда бар жүйелерін қайта құру пәлендей шығынды және күрделі болмайды;

- төртіншіден, қалыптасқан көлік-коммуникация инфроқұрылымының одан әрі даму келешегі жақсы.

Тағы да мұнда қалыпты экологиялық жағдай бар және біздің ортақ күш-жігерімізбен ол одан әрі сақтала беретін болады.

Әдеттен тыс тып-тыныш жағдайда, мүлгіген тыныштықта деп айтуға болады, Жоғарғы Кеңестің еңселі залын менің тосын сөзім кернеп кетті: “...Алматы қәзірдің өзінде тәуелсіз мемлекеттің астанасы талаптарына жауап бере алмайды. Халқының саны бір жарым миллионға жақындап қалған оның келешегі үйлесімді де кең кеңістікке орналастыру жағынан шектеулі болып отыр. Мұнда құрылыстың тығыздығы жоғары және бос алаңдарға сығылысып қалған. Қажеттілік бола тұра, оны кеңейтер жер жоқ. ...Менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасын оңтайлы орналастырар жерді анықтау үшін тыңғылықты зерттеу жүргізілді. 32 өлшем бойынша жасалған талдау барлық нұсқаның ішінде Ақмола барынша артықшылыққа ие екендігін көрсетті”.

Мемлекеттің бірінші басшысының сөзін әсіресе біздің бірауыздан және қызу қолдауға үйренген қоғамдық діліміз жағдайында залдың бір жағындағылардың сирек қол шапалақтаумен, ал залдың екінші бөлігінде сілтідей тыныштықпен қабылдауы өте сирек кездеседі. Жалпы қабылданған ұғымдардан шығып кететін, күнделікті тақырыптар мен қам-қарекеттер сырт қалатын бірдеңе айту деген осындай-ақ болар. Міне, сондай сәт туды. Бұл жерде салыстыру қаншалықты орынды болатындығын қайдам, бірақ залдың ыңғайы Гогольдың “мылқау көрінісін” еске салды; үрей, таңырқау, нағыз аңыру сөздерден емес, жүздерден көрініп тұрды. Бірақ бұл жерде түп-түгел күтпегендік әсері болды деу жарамас. Дегенмен мен баяндама жасар алдында осындай мәлімдеме дайындалып жатыр екен деген ақпарат депутаттардың арасында тарап кетіпті. Мемлекеттік қызметшілер талқылай бастаған. Бірақ сыбыс бір басқа, Президенттің өз аузынан естудің жөні бір басқа. Үйренген жерді, үйді қалдырып, бөтен қалаға кету мүмкіндігі болжам ғана емес, бұдан былайғы жерде ақиқатқа айналғалы тұр.

Бір сөзбен айтқанда, көшіру туралы шешімге ду қол соғу болмады. Мен өз сөзімді туған күніме орайластырып, мәселенің осындай төтен қойылысына түсіністікпен қарар деген есеп жасағанмын. Бірақ осы сөзімнен кейін, ешкім де менің туған күнім туралы естеріне алған жоқ және өз сөздерінде менің дұрыс-бұрыстығымды ескеріп те жатпады...

Бірақ барлық тартысты жағдайдан кейін депутаттар мемлекеттік істе даурықпаға және шеткері қалаға көшу мәселесінде жеке бастың мүддесіне орын жоқ екендігін көрсетіп, мемлекеттік қайраткерліктерін танытты. Жоғарғы Кеңестің: “Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін...” -деп қабылдаған шешім залда жарияланды” [53, 91-95 бб.].

Н. Назарбаевқа да керегі осы болатын. Жоғарғы Кеңестің бұл шешімі оған одан әрі батыл қимылдауға заңды негіз жасады. 1996 жылы 6 шілдеде /тағы да Президенттің дәл туған күнінде – С. С./ Қазақстан Республикасының Үкіметі “Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы” тарихи қаулы қабылдады. 1997 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің “Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы” Жарлығы қабылданды. Осылай астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру ісі тез қарқын ала бастады. Мұндай жылдамдықты осыған келісім берген депутаттардың өздері де күтпеген еді. Ол туралы Н. Назарбаев: “Шынын айтқанда, астананы көшіру туралы шешім Парламентте осылай жеңіл өтіп кетеді деп күткен жоқ едім. Меніңше, көптеген депутаттың бұл ойға құптай қараған себебі, олар іс жүзінде бұл көш айтарлықтай ұзақ уақытқа созылады деп ойлады білем. Олар іштерінен астана Алатаудың етегінен өзінің ақырғы стансасы Ақмолаға 25 жылдан кейін, мүмкін 30 жылдан кейін қозғалар деп пайымдаса керек”-деп жазды [53, 95 б.]. Мүмкін көбі бәрі бір жақын арада көшіп жатқанымыз жоқ, сондықтан Президентті өзінің туған күні ренжітпей-ақ келісе салайық деп те ойлаған болар. Не де болса Н. Назарбаев өз дегеніне жетіп, керекті шешімді шығартып алды. Енді сөзден іске кірісу кезеңі басталды. Мұндай шешімнің қандай жағдайда қабылданғаны туралы Республика Парламентінің жалпы мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы Аламатыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі ұсынысының мақұлдануының жеті жылдығына орай “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған “Ұлы көштің бастауы” атты мақаласында белгілі жорналшы Мамадтяр Жақып: “Өткен соң бәрі оңай көрінеді. Әйтпесе ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде мәселе көтеру де, депутаттардың талқысына салу да, бүкіл халықтың пікірін тыңдау да оңай болмаған. Бәріміз де куәміз ғой, сонда халықтың жағдайы қандай еді, халықтың арасындағы қаңқу сөздер қандай еді?! Бұра тартушылар, арандатушылар оны қасірет кезіндегі той тойлау деп алып қашпа сөзге өзек еткен. Сонда оған құлақ қоятын адамдар да баршылық еді. Астананы көшірудің қажеттігін жан-жақты негіздейтін тұжырымды сөз керек еді. Оны Президент Парламентте айтты.

Соған дейін бұл идеяны қанша жұрт қолдағанын кім білген, тіпті Президенттің жалпы саясатын қолдайтындардың ішінде де осы бір шара дәл қазір қажет пе еді, кейінірек қолға алса болмас па еді дегендер де аз емес еді-ау. Парламент мәжілісіндегі әңгіме жұртқа жетті. Жұрт оны құптады. Қазір кейбір газеттер Елбасының астананы көшіру жөніндегі идеяны алғашында халықтың 5 пайызы ғана қолдаса, қазір 95 пайызы қолдайды деген сөзін көбірек жазып жүр. Сол Парламенттегі Президенттің ұсыныс жасағандағы сөзінен кейін бұл идеяны қолдағандардың саны көп көтерілгені анық еді”-деп жазды [72].

Демек, Н. Назарбаев өзінің Парламентте сөйлеген “тұжырымды сөзімен” тек депутаттарды ғана емес, жалпы Қазақстан халқын да өз жағына тарта білді. Бұл бастаған істің нәтижелі болуының ең басты факторы. Өйткені халықтың қолдауы Президенттің басты тірегі.

Одан әрі М. Жақып мұндай шешімнің маңызы туралы: “Бұл тәуелсіз елдің, өз тағдырының тізгінін өзі ұстаған елдің пайымдауы еді. Бұған дейін еліміздің астанасының қайда орналасуын да бізден ешкім сұрай қоймағандай еді. Елді басқару тізгінін де ұстатқысы келмеген. Енді жағдай өзгерді. Тәуелсіздік басқа талап қойып отыр. Ел жүрегінің лүпілін барлық аймақ сезінуге тиіс...Қашанда біз елордамыз Астана қаласы туралы айтқанда, алдымен 1994 жылдың 6 шілдесін еске аламыз. Сонда ұлы таңдау жасаған, Президенттің сөзімен айтқанда, “Бұл таңдау астарында еліміздің қазіргі басшылығының айқындамасы ғана тұрған жоқ. Бұл таңдауда Тәукенің көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімдері аңызға айналған билердің даналығы мен 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш еткен сол бір жас жүректердің қаһармандығы тоғысып жатыр. Бұл таңдауда өз тағдырының қожасы болуы үшін өмірін қиған миллиондаған қандастарымыздың ерік жігері бар”.

Сол күні жаңа астанамызға бағыт түзеген ұлы көш басталған еді. Бұл өнегелі көш болды, басқа істе бой түзейтін көш болды. Қолымыздан не келетінін аңғартқан, болашаққа барша сеніммен қаратқан көш болды. Бүгінде жұрт Астананың бейнесіне қарап, бүкіл еліміздің бейнесін таниды”-деді [72]. Танымал жорналшының бұл айтқандарының көпшіліктің көкейінде жүрген ойлар екендігі анық. Кезінде бәріміздің де күмәнданғанымыз, бүгін бәріміздің де Астананы мақтан ететіндігіміз рас. Астананың тәуелсіздік тарихында алар орнының ерекше екендігіне бүгінде ешкімнің де таласы жоқ. Бірақ, ол үшін, 1994 жылдың 6 шілдесінен кейін де талай асулардан өту қажет болды. Әрине, саяси шешімнің маңызы үлкен. Бәрі де содан басталғандығы рас. Дегенмен, ол тек үлкен істің бастамасы ғана еді. Алда әлі сол астананы тұрғызу міндеті тұрды. Н. Назарбаев өз кітабында сол тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жаңа астансының қалай салынғандығы туралы да айтқан. Демек, Н. Назарбаевтың “Еуразия жүрегінде” атты еңбегі, тек еліміздің астанасын ауыстыру идеясының қалай пайда болып, қалай пісіп жетілгендігі мен ауыстыру туралы шешімнің қалай қабылданғандығы тарихының ғана дерек көзі емес, сол идея мен саяси шешімнің қалай іске асқандығының да, яғни астананың Алматыдан Ақмолаға көшіріліп, Сарыарқа төсінде Астана сияқты әсем қаланың қалай салынғандығы туралы тарихының да дерек көзі болып табылады.

Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруді және жаңа астананы салуды тікелей басқарған адам ретінде Н. Ә. Назарбаев өз еңбегінде осы мәселелерге қатысты көптеген түпнұсқалық деректер келтірген. Олардың Астана тарихын жазуда маңызды рөл атқаратындығы күмәнсіз. Мысалы, Н. Назарбаев: “Сонымен парламенттік шешім қабылданды. Ал кез келген шешім орындалуды талап етеді. Сөйтіп астананы, сол арқылы күллі елді орнынан қозғап жіберу үшін 1994 жылдың өне бойына қаржы-қаражат іздеумен болдым.

Сонан соң құрметті депутаттарымызға қайтадан жүгініп, Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамытуға тұтас 50 миллион доллар бөлдіре алдым. Алға озып айта кетейін, Қазақстан Республикасының жаңа астанасындағы 9-шағын аудан нақ осы ақшаға салынды”-дейді [53, 95 б.].

Демек, ендігі жерде ең басты мәселе ақшада болған. Басында астананы көшіруге қарсы болғандардың да негізгі дәлелдері осы қаржы-қаражат мәселесі болатын. Н. Ә. Назарбаев өз кітабында сол қаражатты табудың жолдары мен нақты көздерін де көрсеткен.Мысалы, ол: “1996 жылғы 6 қазанда Ақмола қаласының аумақтық шекарасы ішінде Ақмола арнайы экономикалық аймағын құру туралы тиісті Жарлыққа қол қойдым және осы Жарлықпен Аманжол Бөлекпаевты оның тұңғыш төрағасы етіп тағайындадым... Мен Аманжол Бөлекпаевқа Ақмолада еркін экономикалық аймақ құру арқылы астананы салудағы қыруар еңбегі мен сенім-қажыры, бастамшылдығы мен табандылығы үшін айрықша ризашылығымды білдіремін. Аймақ жаңа астананың құылысын қаржымен қамтамасыз етуде бірқатар елеулі проблеманы шешуге мүмкіндік берді. Біз осы қорға 70 миллион доллардай қаржы жинай алдық.

Содан кейін бұрынғы Кеңес Одағынан Қазақстанға қалған материалдық резервке кезек келді. Ол соғыс жағдайы туа қалса деп жинаған сирек металдар мен темір қорытпалары секілді металургия өнімдері және құрылыс материалдарынан тұратын еді. Енді тәуелсіз Қазақстан мемлекеттік материялдық резерв ретінде қажетті бөлікті қалдыра отырып, қалған бөлікті саттық та, бұдан түскен жиырма миллион доллардай соманы жаңа астана қорына аудардық.

Бұлардың бәрінен басқа, менің шетелдік инвесторлардан он жыл мерзімге пайызсыз несие алуға қолым жетті...Өтемсіз инвестициялар есебінен – Астана құрылысына аз да емес, көп те емес 200 миллион доллар жинай алдым”- деп, қай елдің немесе қандай копаниялардың қанша қаржы қосқандығы және оларға астанадағы қандай нақты құылыстардың салынғандығын айта келе: “Астананы салуға инвестициялар көлемі 2 миллиарттай долларды құрайды. Бір атап өтерлігі, соның 70 пайыздайы біздің өз инвестициямыз.Есіл жағалауындағы жаңа астананы салуға арналған бастапқы қаржыны тиындап жиай жүріп, ақыры өзіме-өзім: “Алға!” деп айта алдым”-дейді [53, 96-99 бб.].

Әрине, қаржат мәселесінің маңызды мәселе екендігі даусыз. Дегенмен, сол қаржыны дұрыс пайдаланып, істі ойдағыдай жүргізе білудің де маңызы одан кем емес. Ал оны істейтін нақты адамдар. Н. Назарбаев өз еңбегінде астананы көшіру сияқты істе өзіне серік болып, Президент тапсырмаларын асқан жауапкршілікпен орындай білген, сөйтіп үлкен іске өз үлестерін қосқан адамдар туралы да дәлелдер келтіре отырып айтқан. Елбасы атынан олардың жұмыстарына әділ бағасын берген.

Жоғарыда аталған Аманжол Бөлекпаевтан басқа да біраз адамдар туралы Н. Назарбаев өз кітабында жақсы лебіздер білдірген. Мысалы, солардың бірі “жаңа астана құрылысын қадағалап, жетекшілік етіп жүрген Владимир Васильевич Ни”. Елбасының айтуынша өзіне ұзақ жылдар бойы көмекші болып қызмет атқарған, ал сол уақытта Президенттің іс басқарушысы В. Ни астанаға қатысты ең қиын жұмыстарды аброймен атқарып шыққын. Ол туралы Н. Назарбаев: “Астананы көшіру туралы шешім қабылданғаннан кейін 1995 жылғы 14 шілдеде Владимир Васильевич Ниді өзіме шақырдым. Оның бірбет, өте намысқой, өз дегенінде тұра алатын табанды, мәселені мінез көрсетпей-ақ қатаң да нық шеше алатын қасиетін пайдаланғым келді. Байыпты, кең әңгіме болды. Мен оған: “Володия, кәне,адамдардан бригада жасақта да, Ақмолаға бар. Айнала түгел қарап шық, үкіметтік және мемлекеттік мекемелерді қайда орналастыратынымызды анықта. Қарап шық, неден бастаймыз, не істейміз, қалай істейміз, тұжырым жаса. Министрліктер қайда болады? Қандай ғимараттарды қайта құруға болады? Қандайын жаңадан салу керек? Жалпы алғанда, зертте, жергілікті жерді өзіңше барла.

Өзіңе бірінші кезекте қажетті адамдарды ал. Кімді қажет деп санайсың, ал. Ең бастысы, созба. Осының бәрін жылдам да жедел орында”-дедім. Содан кейін, “Волдия, сен өзің қалай ойлайсың? Астананы ауыстыру керек пе өзі? – деп сұрадым. Ни сарбазша жауап берді: “Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл мәселе талқылауға жатпайды. Сіздің бастамаңызбен Жоғарғы Кеңес шешім қабылдады, енді оны орындау керек”.

Шынын айтқанда, жеңілдеп қалдым. Владимир Васильевич барлық уақытта ашық айтатын, егер астананы көшіру ойы оның көңлінен шықпаған болса, ол маған жарамсақтанып, жағымпаздықпен жай бұлай айта салмас еді. Ал істі ауқымды бастаманың ойдағыдай орындаларына өзі сенбей тұрған адамға тапсыру оны жөргегінде тұншықтыру деген сөз”-деп жазды [53, 100-101 бб.]. Сонымен қатар Н. Назарбаев В. В. Нидің нақты атқарған жұмыстарына тоқтай келе, басқа да жауапты адамдардың қосқан үлестерін көрсеткен. Мысалы, ол Астананың бұрынғы әкімі болған Әділбек Жақсыбеков туралы: “Астананың дамуына жаңа елорданың бұрыңғы әкімі Әділбек Жақсыбеков зор үлес қосты. Қала инфрақұрылымы тіршілігіне байланысты болған қаланың барлық қызметінің жұмысы нақ соның арқасында тиісті деңгейге жеткізілді. Коммуналдық шаруашылықты, денсаулық сақтауды, сумен жабдықтауды, білім беруді, қаржы бөлуді және энергетиканы күн сайын, сағат сайын қадағалап, үйлестіре білді. Ә. Жақсыбеков қалалық “гомеостазистің” барлық маңызды элементінің қызметін бірқалыпты жұмыс істейтін, айтар едім, астаналық деңгейге көтерді”-десе, осылар және басқа да өзінің осы істегі серіктестері туралы: “Бірге жұмыс істеген адамдардың айрықша құндылығы – мен оларға басшы ретінде қойған талаптан да жоғары әрі қатаң талапты өздеріне қоя білгендігі. Бүгін мен осыларды және басқа да көптеген адамды ризашылық сезіммен есек аламын. Олар ешқашан маған күмәнданған емес және менің тапсырмаларымды, өздерінің жұмыстарын бұлжытпай әрі шығармашылықпен орындап жүрді. Олар – В. Ни, Ә. Жақсыбеков, А. Бөлекбаев, Т. Досмұхамбетов, Н. Макиевский, Ф. Ғалымов, Президент іс басқарушысының орынбасарлары В. П. Иванов пен Б.Ғ. Нұрпейісов, О.А. Песков, облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Қайсар Омаров, бас мердігер А. Ермегияев, бас мердігер Р. Бекболатов, бас қаржыгер Ә. Әубеков... және көптеген басқа да жандар. Қанаттастар, достар, жолдастар...”-дейді [53, 101-103 бб.].

Н. Назарбаев бұл істе өз серіктестерімен қатар жергілікті іскер жігіттердің де азаматтық танытып, өзіне тікелей қолдау көрсеткендігін де айтқан. Ол туралы Президент: “Астанаға көшіп келер алдында мен Ақмоланың бизнес қайраткерлерін жинадым. “Астананың Ақмолаға көшетініне қуаныштысыздар ма?” деп сұрадым. Олар “Әрине, қуаныштымыз” десті. Онда дедім: “Жігіттер, көмектесіңіздер. Сіздер коттеждерді жаман салмайтын көрінесіздер. Бастапқы кезде көмектесіңіздер, оларды жаңа астанаға сыйлаңыздар. Міне, сіз, Асқар Мәмин “Мәскеу” қонақ үйін сатып алыпсыз. Осы ғимаратты мемлекетке қайтара алар ма едіңіз? Мәмин де, басқа бизнесімендер де менің өтінгенімді ойланбастан орындады. Сол, бұрынғы “ Мәскеу” қонақ үйінің ғимаратына ұзақ уақыт Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі орналасты”-дейді [53, 102 б.].

Осылай атқарылған қыруар жұмыстың нәтижесінде 1997 жылғы желтоқсанның басына қарай Президент Әкімшілігінің, Үкімет және Парламент аппараттарының қызметкерлері Аламтыдан Ақмолаға қарай көшті. 10 желтоқсанда Президенттің, Үкімет және Парламенттің басшылары қол қойған Қазақстан Республикасының астанасы туралы Қазақстан халқына үндеуі баспасөзде жарияланды. Онда сол күннен бастап Отанымыздың жүрегі Ақмолада соғатындығы айтылды. Сол күні Ақмолада тұңғыш рет Парламент пен Үкіметтің бірлескен отырысы өтті. “Ол Ақмоланың мәртебесі мен қызметі туралы Жарлықтың күшіне енгендігін білдірді”-деп жазды Н. Назарбаев [53, 106 б.]. Тәуелсіз Қазақстан Распубликасының жаңа астанасының жаңа атқа ие болғандығы да белгілі. Бұл жерде де Президент ретінде Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысы қабылданды. Елорданың атын қалай қойғандығы туралы да Н. Назарбаев өз еңбегінде тәптіштеп айтты. Демек, оның еңбегі Ақмоланың Астана аталуы тарихының ең құнды түпнұсқалық дерек көзі болып табылатындығына да ешкім күмән келтіре алмайды. Мысалы, “Еуразия жүрегінде” Н. Назарбаев: “Астана жаңа орынмен қатар жаңа атау да алды. Бұған дейін бұл қаланы қалай атау туралы көп сөз болды. Түрлі ұсыныстар айтылды. Қаланы елдің атымен Қазақстан деп атау жөнінде де, басқа да, соның ішінде Нұрсұлтан деп атау керек деген де ұсыныстар болды.

Қалай болғанда да, Ақмола атауын өзгерту қажеттігі жаппай айтылып жүрді. Оның атауының мағанасы жөнінде көптеген жорамалдар, тіпті қисынсыз тұспалдар айтылды. Ақмоланың орысшаға “белая могила” деп аударылуы баспасөздің сүйікті тақырыптарының бірі болды... Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек.

Мүмкін Қараөткел дерміз? Алматы өзімен бір аттас Алматы шатқалының атымен аталған ғой. Әлде Есіл ме? Сарыарқа ма?

Бірақ көкейге қонар емес... Шынын айтқанда, астананың атын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеумен болдым. Сөйтіп жүргенде бір жолы...

Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Біздің жалпы көңіл ауанымызды және астананы көшіріуден күтерімізді бейнелейтін өте ауқымды әрі қысқа ұран сияқты. Бірақ бұл атауды қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз Астана.

Бірақ әлемдік тәжірибеде мұндай да мысалдар жетіп-артылады. Мысалы, Бразилияның астанасы Бразилия. Міне, осылай.

Сөйтіп түн ортасында келген ой – Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады”-деп жазды [53, 107-108 бб.].

1998 жылғы 6 мамырда “Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы деп қайта атау туралы” Қазақстан Республикасының тиісті Жарлығы шықты.

Астананың аты осылай пайда болды. Біріншіден, дәл сол жылдары астананы көшіру идеясының Н. Назарбаевтан басқа ешкімнің де ойына кіріп-шықпағандығы сияқты, жаңа астананың атын Астана қойю идеясы да Президенттен басқа ешқандай жанның ойына келмегендігі рас, екіншіден, өмір астананы көшірудің бірден бір дұрыс шешім болғандығын қалай дәлелдесе, оның атын Астана деп атаудың да дұрыстығын солай дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақстандықтар өз елін жаңа астанасыз да, астанасының атын Астана деп атаусыз да елестете алмайды. Осылай Елбасының көкейіне қонған ат, елінің де көкейінен шықты.

Бүгінгі күні Астана әр бір қазақтың ұлттық мақтанышына, бүткүл қазақстандықтардың қуанышына айналса, шет елдіктердің таңдай қағып таң қалар, бастарын шайқап қызыға қарар қаласына айналды. Олардың бәрі де өз таңданыстарын жасырмай айтып, Н. Назарбаевтың еңбегін жоғары бағалауда. Мысалы, ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Ф. Майор: “Егемен Қазақстанның орталығын Астанаға көшірген сәттен бергі екі жылдың ішінде Президент Н. Назарбаев, Астананың ғылымның, мәдениет пен білімнің ордасы боп табылатын мемлекеттің жаңа астанасының қалаыптасуы мен құрылысына орасан қажыр-қайрат жұмсады. Астана жас мемлекет – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жарқын рәмізіне айналды”-десе, Азербайжан президенті И. Алиев: “Мен жаңа астананы көрдім. Және бой көтеріп жатқан әсем ғимараттар құрылысының қарқынына қарап тұрып қайран қалдым. Бұл – бүкіл қазақ халқының күш-жігерін жұмылдра білген, шын мәнінде жаңа қала, жаңа астана салған президент Нұрсұлтан Назанрбаевтың баға жетпес еңбегінің жемісі”-дейді. Ал, Грузияның президенті М. Саакашвили: “Астананы көргенде мен қатты қайран қалдым. Астана – ол шөл далада пайда бола қалған жай ғана қала емес, ол саяси көрегенділіктің рәмізі. Ол – алысты болжайтын саясаттың батыл қадамы, Жүздеген жылдар өтер, сол кезде болашақ ұрпақ бүгінгі ерліктің бағасын берер”-десе, Мәскеу қаласының мэрі Ю. Лужков: “ Астананың даму қарқынын әлемдегі ең бетке ұстар және ең жоғары қарқын деуге болады. Астана жоғары деңгейдің, жоғары абыройдың қаласы болып табылады. Осы көріп тұрғанымыз менің қызғаныш сезімімді оятқандай болды, бұл сүйсініс қызғанышы. Мен осында келген сайын жоспарлардың алыптығына ғана емес, атқарылған істердің ғаламаттығына да қайран қалам”-дейді [37, 42-43 бб.]. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Дегенмен, осылардың өзі де Астананың бүгіннің өзінде-ақ әлемді мойындатқан ерлік пен елдіктің символына айналғандығын дәлелдейді. Ал Н. Назарбаев еңбектері сол ерлік пен елдік тарихының теңдесі жоқ дерек көзі болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет