ШЕТЕЛ ТІЛІ МҰҒАЛІМІНІҢ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ МҮМКІНШІЛІГІ
Нуралиева А.Е. – магистрант (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Соңғы жылдары шетел тілін оқытуда және білім беруді компьютерлендіруде ақпараттық технология пайдалану туралы мәселеге баса назар аударылуда. "Қазіргі ақпараттық құралдар – бұл тек спутниктік және кабельдік телевидение, бейне және дыбыстық жүйелер, электрондық ойындар емес, сонымен бірге тілді окытудың жаңа жүйесі, ерекшелігі және тәсілін атқаратын негізгі бағыты болып табылады /И.Г. Гальперин/.
Осы мақсатты іске асыру барысында, яғни шетел тілін оқытуда шетел тілі кафедрасының оқытушылары пәнге деген қызығушылықты арттыру мақсатында дәстүрден тыс әдістер мен тәсілдерді іздеуде. Өйткені қызығушылық дегеніміз – үйренушілердің шығармашылық және ойлау қабілетін арттыруға септігін тигізетін ынталылық.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев білім берудің және тәрбиелеудің сапасын уақыт талабы деңгейінде жоғарылату әр пәнді ғылыми деңгейде, замануи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, оқыту талаптарын қойып отыр. Білім беруді ақпараттық технология жаңалықтарымен толықтырып отыру елімізде білім беру сапасын арттырудың басты бағыттарының бірі.
Шетел тілі пәндерін оқытуда сексенінші жылдарға дейін мектептерде ұзақ жылдар бойы түрлі жаттығулар, мәтіндер, әндер т.б. жазылған грампластинкалар пайдаланылды. Грампластинканы сабақта қолдану оқушыларды шетел тілін жақсы меңгеріп, оған деген қызығушылығын, ынтасын арттыру үшін керек еді. Сабақ үстіндегі тәсілдерді түрлендіру арқылы білім беруді тиімді етуді көздеген мамандардың бірі Д.Д. Остапенко грампластинкалардағы арнайы диктордың оқуымен жазылған жазбаларды, фильмоскопты, эпидиоскопты, диапроекторды қолдану барысында мынадай мақсаттарды орындауға қол жететінін айтады:
1. оқушыларды шет тілін түсінуге үйрету;
2. жеке дыбыстарды, сөздерді, сөз тіркестерін, т.б. дұрыс айтуға жаттықтыру;
3. оқушыларды дұрыс оқуға төселдіру;
4. шәкіртттерді ән айтуға үйрету;
5. өзге елдің музыкалық және т.б. мәдени мұраларымен таныстыру. Сонымен, техникалық қүралдардың шетел тілін оқытудағы тиімді жақтарын қарастырар болсақ, мынадай игі жақтарына көз жеткіземіз:
- техникалық құралдарды қолдану мұғалімнің оқушылар алдындағы беделін арттыра түседі;
- техникалық құралдар мұғалімді көптеген механикалық түрдегі жаттығу жұмыстарынан босатады;
- техникалық құралдарды сабақта тиімді қолдану арқылы мұғалімнің уақыты үнемделіп, ол бос уақытын нашарлау оқитын оқушыларға жұмсауға мүмкіндік алады;
- мұғалімнің жұмысы тиімді болып, шығармашылық реңкке ие болады.
Кеңес Одағы кезінде тілді үйретудің дәстүрлі тәсілдерін неғұрлым тиімді ету үшін проекционалдық және дыбыстық техникалық құралдар қолданылды. Бұл құралдарды қолданудың практика жүзіндегі мынадай пайдалы жақтарын ресейлік ғалым В.М. Глускин өзінің «Шетел тілін оқытудағы техникалық құралдар» атты зерттеуінде былай деп атап көрсеткен:
біріншіден, технологиялық құралдар мұғалімнің шәкірттерге ақпараттық мәліметті беруіне мүмкіндік туғызады;
екіншіден, технологиялық құралдар сабақ барысында оқушылардың атқаратын іс-әрекеттерін реттеп. оларға бағыт-бағдар беруіне ықпал етеді;
үшіншіден, технологиялық құралдар ауызша іс-әрекеттердің кейбір түрлерінен жасалатын жаттығуларды қызықты әрі белсенді ете түседі.
Шетел тілін оқу үрдісінде жаңа мультимедиалық технологиялар үздік әдістемелік тәсілдермен шебер әрі дұрыс ұштастырылса, өте тиімді нәтиже берерін уақыт өзі көрсетіп отыр.
Танымдық әрі білімдік компьютерге арналған бағдарламалар сабақта және сабақтан тыс кезде компьютерді қолдануға өте қолайлы. Ойын элементтері бар бағдарламаларды қолданып мұғалім оқытушылармен жеке және топтық жұмыстарды жасай алады. Төменгі сынып шәкірттері заттарды атау, суреттердегі сөздерді оқу, қысқа әндерді айту арқылы жаңа тілді табиғи әрі жеңіл түрде меңгереді.
Компьютерді тіл үйренуге пайдалану шетел тілінің сөздерін дұрыс тыңдауға, сөздерді жеке-жеке бөлуге, сөздердің жазылуы мен айтылуын қатар салыстыруға мүмкіндік береді. Сөздердің айтылуын тыңдау мен микрофонды қолдану фонетикалық дағдыларды қалыптастыруға жағдай туғызады. Әр бағдарламада белгіленген тапсырмаларды орындау тіл үйренуге деген ынта, ықыласты тудырады.
Бүкіл сынып оқушыларымен істелетін жұмысқа арналған бағдарламалар шәкірттердің оку үдерісіне белсене араласуын көздейді. Мұғалім бағдарламаны көрсетіп, оқушылар компьютер экранынан көргендерін онымен бірге талдайды. Ал бұндай жұмысты қазіргі компьютерлік тақта арқылы жүргізген жұмысты балалар үшін ерекше қызыкты етеді, әрі мұғалім окушылардың нәтижесін компьютерге шығарады. Осындай бағдарламалар арқылы /Multimedia Teacher 3/ балаларды шетел тіліндегі сөзді шыңдауға, оқуға, сөздер мен сөйлемдерді дұрыс айтуға үйрету жеңіл әрі нәтижелі болады. Компьютерлік ойындар мектеп қабырғасында өтілетін тақырыптардың барлығын да қамтиды. Оқушылар өз беттерімен оларды орындай отырып салыстыруға, өзін-өзі тексеруге, сөз қорын молайтуға үйренеді. Ресей Федеративтік республикасының Білім министрлігі бекіткен «Профессор Хиггинс» атты бағдарлама фонетика мен грамматиканы оқушылардың жеке жұмыс істеуі арқылы меңгеруіне арналған.
Компьютерге алдын ала жазылған бағдарламаны қолданып мақал-мәтелдердің, жаңылтпаштардың дұрыс айтылуын қалыптастыруға, сондай-ақ өтілген грамматикалық тақырыптардан түрлі вариантта жеке сынақ өткізуге де болады. Дискіге жазылған сабақтарда диалогтар, ойындар, елтануға байланысты видеороликтер т.б. беріледі. Оларды мұғалім субтитрмен немесе субтитрсыз да көрсете алады.
СД дискілеріне жазылған бағдарламалар әрі қымбат емес, әрі мұғалім үшін қолдануға оңай, тиімді. Пән мұғалімі белгілі бір мақсатты көздеп өз бетімен арнайы бағдарлама құратын болса, онда ол өзінің дәріс беріп жүрген оқушыларының әрқайсысының жеке ерекшеліктерін, білім деңгейін ескереді. Яғни бұндай бағдарлама арқылы оқушының жеке басының ерекшелігіне арналған білім беру жүзеге асады.
Тіл жүйесі өзара тығыз байланысты лексика мен грамматикадан тұрады. Сөздер туралы семантикалық, грамматикалық және стилистикалық ақпараттық мәліметтер бар лексиканың негізгі құрамы сөздікте беріледі. Сөздік тілдің барлық аспектілерін қамтиды, сондықтан да тіл жүйесі компьютер арқылы оқытудың орталық ядросы бола алады.
Күні бүгін республиканың мектептерінде шетел тілі пәнін оқытуда мұғалімдер қауымы жаңа ақпараттық технологияларды мүмкіндігінше кеңінен қолдануда, өйткені ақпараттық технологияларды қолдану қоғам мен уақыт талабы болып отыр. Компьютерлік телекомуникативтік жүйені қолдану арқылы дистанционды түрде білім алу да іске асырылуда. Білім алудың бұндай жолын қазір білім беру саласындағы басты реформаның бір түрі деп те айтуға болады, себебі қашықтан оқытудың тигізер пайдасы жан-жақты. Олар мыналар:
-
ең алдымен мұғалімдердің біліктілігін қалыптастыру;
-
ересек адам немесе жас түлектердің жеке басын, көзқарасын, ұстанымдарын қалыптастыру;
- қоғамда азамат ретінде өзінің идеалын, саяси көзқарасын өмірде жүзеге асыра білу;
- ата-ана болып, әлеуметтік индивид ретінде еңбекте де өзін көрсете алу;
- өзі қалаған қоғамдық қажеттіліктерді болашақта пайдалана алуына мүмкіндік туады.
Күні бүгін республикамызда түрлі әдістемелік құралдарды, оқу фильмдерін кешенді және жүйелі түрде дайындап, мектептердің құзырына ұсынатын арнайы студиялар мен фабрикалар әлі күнге дейін жоқ. Болашақта дамыған елу елдің қатарына қосылу мақсатына жету жолында білім беру саласының мамандары қазіргі таңда аянбай еңбек етуде. Болашағы жарқын, аспаны ашық, жан-жақты білімді, елі үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеп өсіру игі мақсат болып отыр. Осы мақсатқа жету жолында мұғалімдер қарқынды түрде жаңа ақпараттық технологияларды тиімді қолдану арқылы шетел тілі мұғалімінің мәтіндік біліктілігін қалыптастырады. Ал ақпараттық техникалық құралдар шетел тілін оқытуда қолданудың тиімді жақтары деп мыналарды атауға болады:
- сабақты сапалы әрі қызықты ету;
- шетел тілінің грамматикасын, лексикасын және фонетикасын балалардың дұрыс меңгеруіне көмектесу;
- шәкірттерге де техникалық құралдарды колдануды үйрету;
- жаңа ақпараттық технологияларды дәстүрлі сабақтарда пайдалана отырып берілетін білімнің түтікі нәтижесін неғұрлым тиімді ету;
-оқушыларды өзге тілді үйрену барысында ақпараттык технологияларды қолдану арқылы өз беттерімен зерттеу жұмыстарына дағдыландыру;
- балаларды электронды оқулықтарды, автоматтандырылған білім беру жүйелерін, компьютерлік тесттерді пайдалануды жаттықтырып, білімі мен біліктілігін дамыту, жетілдіру;
- жаңа ақпараттық технологияларды шетел тілін оқыту үрдісіне ендіру арқылы білім мазмұнының жүйесін жаңалау;
- түрлі мәліметтер, ғылымдағы жаңалықтарды, мағлұматтар банкін жасау жүзеге асады.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада шет тілін оқытуда ақпаратттық технологияларды қолдану мүмкіншілігі қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В статье рассмариваются возможности применения информационных технологий в обучении иностранному языку.
Достарыңызбен бөлісу: |