22-бап. Кредиторлардың оңалту рәсіміне және банкроттық рәсіміне қатысуы
1. Оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі барысында барлық кредитордың мүдделерін осы Заңға сәйкес құрылатын кредиторлар жиналысы білдіреді.
2. Кредитор оңалту рәсімінің немесе банкроттық рәсімінің жүргізілу барысында соттың шешіміне, әкімшінің әрекетіне, егер осы шешімдер немесе әрекеттер оның заңды мүдделеріне нұқсан келтірсе, шағым жасауға құқылы.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
23-бап. Кредиторлар жиналысы
1. Оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі кезінде кредиторлар жиналысына қатысу құқығы кредиторлар жиналысын өткізу күніне кредиторлар талаптарының тізіліміне талаптары енгізілген кредиторларға тиесілі.
Кредиторлар жиналысына борышкер – дара кәсіпкер, борышкер – заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген тұлға), құрылтайшылары (қатысушылары) және уәкілетті органның өкілдері қатысуға құқылы.
2. Кредиторлар жиналысының өкілеттіктері осы Заңның 75 және 93-баптарында көзделген.
Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
24-бап. Кредиторлар жиналысын шақыру тәртібі
1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, кредиторлар жиналысын ұйымдастыру мен өткізуді әкімші жүзеге асырады.
Кредиторлар жиналысын ұйымдастыруды кредиторлар комитеті оңалтуды басқарушыны шеттету, сондай-ақ банкроттықты басқарушыны шеттету және банкроттықты басқарушыны бір мезгілде таңдау мәселесін қарау кезінде жүзеге асырады.
2. Кредиторлар жиналысы:
1) борышкердің;
2) әкімшінің;
3) кредиторлар комитетінің;
4) талаптары тізілімге енгізілген кредиторлар талаптарының жалпы сомасының кемінде он пайызын не кредиторлардың жалпы санының кемінде он пайызын құрайтын кредиторлардың бастамашылығы бойынша шақырылуы мүмкін.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
25-бап. Кредиторлар жиналысын өткізу туралы ақпараттық хабар
1. Осы Заңның мақсаттары үшін:
1) кредиторлар жиналысын өткізу туралы қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттық хабарды уәкілетті органның интернет-ресурсында кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жариялау;
2) кредиторлар жиналысын өткізу туралы қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттық хабарды кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей кредиторға дербес қол қойдыра отырып табыс ету;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
3) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3) кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы хабарды пошта арқылы тапсырыс хатпен кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей кредиторға жіберу хабар беру тәсілдерінің бірі кредиторларды, сондай-ақ кредиторлар жиналысына қатысуға құқығы бар өзге де адамдарды тиісінше хабардар ету болып танылады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
4) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
1-тармақтың екінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген тәсілмен кредиторды хабардар ету мүмкін болмаған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында белгіленген тәсіл мұндай кредиторды тиісінше хабардар ету деп танылады.
Борышкерде интернет-ресурс бар болған кезде, аталған интернет-ресурста кредиторлар жиналысын өткізу туралы қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттық хабарды кредиторлардың жиналысы өткізілетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жариялау міндетті болып табылады.
Осы тармақтың күші оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі кезінде кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу туралы кредиторларды хабардар етуге қолданылмайды. Кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу туралы хабарды кредиторларға жіберу тәртібі:
оңалту рәсімі кезінде – осы Заңның 72-бабының 6-тармағында;
банкроттық рәсімі кезінде – осы Заңның 91-бабының 1-тармағында айқындалады.
Кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарлама кредиторларға жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әкімші, ал кредиторлар жиналысын кредиторлар комитеті ұйымдастыратын жағдайларда – кредиторлар комитетінің төрағасы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарламаны қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға жібереді.
Уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.";
2. Кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарда мынадай мәліметтер:
борышкердің атауы, заңды мекенжайы;
кредиторлар жиналысының өткізілетін күні, уақыты мен орны;
кредиторлар жиналысының күн тәртібі;
кредиторлар жиналысының қарауына жататын материалдармен танысу тәртібі қамтылуға тиіс.
Күн тәртібінде қарауға ұсынылатын. кредиторлар жиналысының құзыретіне тікелей кіретін мәселелер қамтылуға тиіс. Күн тәртібін қалыптастыру кезінде кең ауқымда түсінілетін тұжырымдауды пайдалануға жол берілмейді.
3. Кредиторлардың алғашқы жиналысын қоспағанда, жиналысқа тікелей қатысу мүмкін болмаған жағдайда, кредитор сырттай, оның ішінде пошта арқылы тапсырыс хатпен немесе электрондық тәсілмен дауыс беруге құқылы.
Егер кредитор сырттай дауыс беретін болса, ол бұл туралы оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыға жиналыс өткізілгенге дейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға тиіс.
Оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы жиналыс өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей күн тәртібіне қатысты материалдарды осындай кредиторға танысу үшін жіберуге немесе ұсынуға міндетті.
Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
26-бап. Кредиторлар жиналысының оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі кезінде шешімдер қабылдау тәртібі
1. Кредиторлар жиналысының құқықтылығы мен шешімдер қабылдауының жалпы тәртібі осы бапқа сәйкес айқындалады.
Кредиторлар жиналысының құқықтылығы мен шешім қабылдау тәртібінің ерекшеліктері:
борышкердің мүлкін тікелей сату кезінде – осы Заңның 99-бабының 6-тармағында;
оңалту жоспарын келісу кезінде – осы Заңның 26-1-бабында;
оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде осы Заңның 26-2-бабында айқындалады.
2. Кредиторлар жиналысы оған, сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы бар кредиторлар дауыстарының жалпы санының елу пайызынан астамын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда заңды болады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері ескеріле отырып, кредиторлар жиналысы заңды болған кезде кредиторлар жиналысының күн тәртібіне енгізілген мәселелерді қарауды ауыстыруға жол берілмейді.
Қайта шақырылған кредиторлар жиналысы оған кредиторлар жиналысының өткізілетін уақыты мен орны туралы кредиторлар тиісті түрде хабардар етілген жағдайда, кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы бар кредиторлар дауыстарының жалпы санының кемінде жиырма бес пайызын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда, заңды болады.
3. Осы Заңның 26-1 және 26-2-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиторлар жиналысының шешімдері, сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар жиналысына қатысатын кредиторлардың дауыс санының көпшілік даусымен қабылданады.
Әкімші, ал кредиторлар жиналысын кредиторлар комитеті ұйымдастыратын жағдайларда – кредиторлар комитетінің төрағасы кредиторлардың шешімдер қабылдауы үшін әрбір кредитордың дауыс санын "талаптардың бір теңгесі – бір дауыс" қағидаты бойынша айқындайды.
Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұл), жіберіп алған пайда түріндегі залалдар, сондай-ақ өзге де мүліктік және (немесе) қаржылық санкциялар кредиторлар жиналысында дауыс санын айқындау мақсаттары үшін есепке алынбайды.
Кредиторлар жиналысында дауыс санын айқындау мақсаттары үшін кредиторлардың тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл), жіберіп алған пайда түріндегі залалдар, сондай-ақ өзге де мүліктік және (немесе) қаржылық санкциялар бөлігіндегі талаптары:
1) кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы бар кредиторлардың талаптары толық көлемде қанағаттандырылған;
2) кредиторлардың талаптар тізілімі тек қана тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеу, жіберіп алған пайда түріндегі залалдарды өтеу бөлігіндегі талаптардан, сот шешімі бойынша өзге де мүліктік және (немесе) қаржылық санкциялардан қалыптастырылған жағдайларда есепке алынады.
Кредитор талаптарының қанағаттандырылуына қарай оның дауыс саны қанағаттандырылған талаптар сомасына азаяды.
Қорытынды есепті келісу мәселесі қаралған жағдайда, осы тармақтың бесінші бөлігінің күші кредиторлар жиналысының заңдылығын айқындау және оның шешім қабылдауы кезінде қолданылмайды.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
3-тармақты жетінші бөлікпен толықтыру көзделген – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4. Кредиторлар жиналысы шешімдер қабылдаған кезде:
1) осы Заңның 72-бабының 3-тармағына және 90-бабының 5-тармағына сәйкес дауыс беру құқығынан айырылған кредиторлардың;
2) қалған кредиторлардың талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін борышкерге қатысты үлестес тұлғалар болып табылатын кредиторлардың дауыс беру құқығы жоқ.
Жиналыс шешім қабылдаған кезде кредиторлардың дауысын айқындау мақсаттары үшін кредитор дауыс беруден бас тартқан жағдайда, ол кредиторлар жиналысына қатысып отыр деп есептелмейді.
Кредитор кредиторлар жиналысына дәлелді себепсіз екі рет келмеген жағдайда, мұндай кредитордың дауыс саны кредиторлар жиналысының құқықтылығын айқындау кезінде есепке алынбайды.
Растайтын құжат болған кезде:
1) кредитордың не оның уәкілетті өкілінің еңбекке уақытша жарамсыздығы;
2) кредитордың не оның уәкілетті өкілінің кредиторлар жиналысына қатысуына кедергі келтіретін төтенше жағдайдың туындауы;
3) кредиторлар жиналысының шешімімен өзге де себеп дәлелді себеп ретінде танылады.
5. Әкімші, ал кредиторлар жиналысын кредиторлар комитеті ұйымдастыратын жағдайларда – кредиторлар комитетінің төрағасы кредиторлар жиналысы ашылғанға дейін жиналысқа қатысушыларды тіркеуді жүргізеді.
Кредиторлар жиналысының шешімдері хаттамамен ресімделеді.
Кредиторлар жиналысының отырысын дауыс беру құқығы бар, қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланған төраға жүргізеді. Хаттаманы дауыс беруге құқығы бар, қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланатын хатшы жүргізеді. Төраға мен хатшы қатысып отырған кредиторлар арасынан қарапайым көпшілік дауыспен сайланады. Хаттамаға төраға, әкімші, хатшы жиналыс өткізілген күні қол қояды және ол борышкердің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылады.
Осы Заңның 76-бабының 10-1) және 10-2) тармақшаларында және 94-бабының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда кредиторлар жиналысын кредиторлар комитеті ұйымдастырған кезде кредиторлар жиналысының хаттамасына әкімшінің қол қоюы талап етілмейді.
Кредиторлар жиналысының хаттамасын хатшы үш данада жасайды, олардың біреуі – оған қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, екіншісі – кредиторлар комитетіне, үшіншісі әкімшіге беріледі.
Кредиторлар жиналысының хаттамасына:
1) жиналысқа қатысушыларды тіркеу ведомосының;
2) жиналысқа қатысушыларға танысу және (немесе) бекіту үшін ұсынылған материалдардың;
3) кредиторлар жиналысының өткізілетін күні мен орны туралы кредиторлардың тиісінше хабардар етілгенін куәландыратын құжаттардың;
4) әкімшінің немесе кредиторлар комитеті төрағасының ұйғаруы бойынша өзге де құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
6. Рәсімдерге қатысушылар кредиторлар жиналысының шешіміне ол қабылданған күннен бастап бір ай ішінде шағым жасай алады.
Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |