28-4-бап. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді соттың бекітуі
1. Осы Заңның 28-3-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімнен кешіктірмей борышкер өзінің берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
2. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы өтінішке борышкер:
1) борышкер – дара кәсіпкер, борышкер – заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген тұлға), құрылтайшысы (қатысушысы) және әрбір кредитор қол қойған, берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді;
2) барлық кредитордың тұрғылықты жерін немесе тұрған жерін, сондай-ақ берешек сомаларын көрсете отырып, олардың тізімін қоса береді.
3. Борышкердің берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы өтінішін қарау нәтижелері бойынша сот мына ұйғарымдардың бірін шығарады:
1) берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы;
2) берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы.
4. Борышкердің берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекітуден соттың бас тартуы үшін:
1) кредиторлардың және (немесе) үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы;
2) берешекті қайта құрылымдау туралы келісімнің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келуі негіз болып табылады.
5. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісім борышкердің, кредитордың (кредиторлардың) және (немесе) келісімге қатысқан үшінші тұлғалардың мұндай келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күнінен бастап орындалуға міндетті болып табылады.
6. Сот келісімді бекітуден бас тартқан жағдайда, борышкердің берешегін қайта құрылымдау рәсімі аяқталған болып есептеледі және мыналарға:
1) осы Заңның 28-2-бабының 1) тармақшасына сәйкес басталған салдарлардың күші – сот берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап;
2) осы Заңның 28-2-бабының 2 және 3) тармақшаларына сәйкес басталған салдарлардың күші – берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
7. Кредитор (кредиторлар) мынадай:
1) борышкер мұндай келісімнің шарттарын бұзған;
2) осы Заңның 28-3-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасамаған жағдайларда, берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бұзу туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
8. Осы Заңның 28-3-бабының 3-тармағында көрсетілген үшінші тұлғалар борышкер берешекті қайта құрылымдау туралы келісімнің шарттарын бұзған жағдайда осындай келісімді бұзу туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
8-1-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
8-1. Келісім бұзылған жағдайда берешекті қайта құрылымдау рәсімі аяқталған болып есептеледі, ал осы Заңның 28-5-бабына сәйкес басталған салдарлардың күші берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бұзу туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
9. Кредитордың (кредиторлардың) берешекті қайта құрылымдау туралы келісім қолданылған кезең ішінде егер борышкер мұндай келісімнің барлық шарттарын сақтаған жағдайда, борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқығы жоқ.
Ескерту. 28-4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |