Түйін сөздер: цифрлық білім беру технологиялары, ClassDojo платформасы, No
Hands утилитасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Әлемдегі жетекші
мектептер балалардың креативтік потенциалын дамытумен айналысады, цифрлық
технологиялар мен нақты ғылымдарды оқытады. Педагогтар оқыту әдістемесін ойын
форматына ауыстырып, үнемі жаңа мамандықтар мен дағдыларды ізденеді. Бәріміз
Қазақстанды гүлденген, дамыған елге айналдыруға ұмтыламыз. Бұған жетудің кілті –
сапалы және қолжетімді, қазіргі заманғы білім. Осы салаға қуатты күш беру маңызды
болып отыр» деп айтып өткендей білім беру саласына цифрлық технологиялардың енуі өз
тиімділігін арттырып, нәтижесін беруде [1].
«Технология» термині гректің thechne сөзінен шыққан, аудармасы «өнер»,
«шеберлік». «Технология» – бұл қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі
амалдардың жиынтығы. Технология дегеніміз – оқу процесін ойдағыдай жүзеге асырудың
мазмұнды техникасы. Оқытудың ақпараттық технологиялары ретінде білім алушылардың
білімін кеңейтетін және олардың мүмкіндіктерін дамытатын ақпаратты жинаудың,
ұйымдастырудың, сақтаудың, өңдеудің, таратудың және ұсынудың әдістері мен
техникалық құралдарының жиынтығын түсінеміз [2].
ClassDojo – бұл ата-аналар, оқушылар және мұғалімдер арасындағы байланысты
нығайтуға арналған мектептегі коммуникациялық платформа. ClassDojo сервисін
британдық мектеп мұғалімі Сэм Чодхари және ойындар әзірлеуші Лайам Дон құрастырған
болатын. Бұл идеяға түрткі болған Сэм Чодхаридің жүздеген мұғалімнен оқу процесіндегі
болып жатқан мәселелерді сұрауы еді. Көбісінің берген жауабы уақыттың жарты бөлігінің
сабаққа арналмай, оқушының мінез-құлқын бақылаумен өтетіндігі болды. Яғни, мұғалім
мен оқушы арасындағы қарым-қатынасқа уақыттың тапшылығы. Қазіргі кезде АҚШ-дағы
мектептердің 95%-ы және 180-нен астам өзге елдерде, соның ішінде 3,5 миллиондай
мұғалім бұл сервисті белсенді қолдану үстінде [3].
ClassDojo мақсаты: ата-ана, оқушы және мұғалім үштігінің ынтымақтастығын
негізге ала отырып, оқушының білімін жетілдіріп, тұлға ретінде дамуы үшін тың идеялар
мен білім алуға ынталандыру.
ClassDojo мүмкіндіктері:
1. ClassDojo платформасында мұғалім аты-жөнін, логин және құпиясөзді жазу арқылы
тіркеліп, сыныбын құрып, тізім жасайды. ClassDojо сервисіне оқушылар QR-код, мәтіндік
код немесе Google аккаунт арқылы кіре алады (сурет 1 ).
|