Қырық кісідей көрінбес
Батырыңның көзіне
Тікелеп атқан оқтары
Тікенектей қадалмас,
Қобылекеңнің жүзіне.
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз тоңып,
Қатуланып қаттанды,
Буырқанып бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды,
Топтанып тұрған кәпірге
Қобыланды батыр жол салды.
Жалғыз өзі батырың,
Жойып кетіп барады,
Қойға тиген қасқырдай
Сойып кетіп барады,
Жолбарыс шапқан құландай,
Шоршып кетіп барады,
Үш мың атты бір сайға,
Төрт мың атты бір сайға,
Аламын деп қайтарда
Қойып кетіп барады.
Қайтарында алмаққа
Тізгінінен қосақтап,
Түйіп кетіп барады.
Ақ білегі қан болып,
Тұла бойы сал болып,
Жау үстіне жол салып,
Үкімін жауға мол салып,
Көмегі жоқ соңында,
Жаны Құдай қолында,
Туырлықтай ту алып,
Туды қанға суарып,
Қырық мың атты қызылбас,
Әрі-бері қозғалды,
Қырылмағаны аз қалды,
Қызылбас қашып жосыпты,
Қашқанына қойсын ба?
Батырың алдын тосыпты.
Ықтиярсыз найзалап,
Біріне-бірін қосыпты.
Бөлек-бөлек қылады
Есебі жоқ қырады.
Бірін шауып, біреуін
Қылышпенен ұрады.
Атуымен оқ қалды,
Тартуымен дөп қалды,
Қобылекеңнің сүңгісі
Қызыл қанға боялды.
Көбісі тұрып шәрінің
Ұйқысын ашып оянды.
Қашпағанды Қобыланды
Алты күн ұдай ұрысып,
Бітіруге таянды.
Үкімін жауға мол салды
Жетінші күні сәскеде
Жаудың бәрін тауысып,
Ақ найзаға сүйеніп,
Қобыланды жалғыз бұл қалды.
Сол қаланың әйелі
Ерлерінен айрылып,
Бәрі де жесір, тұл қалды.
Бұл қырғанға қоймады,
Қобылекең бұған тоймады,
Шәрін тегіс бұзсам деп,
Ат қоймаққа ойлады
Қазанның Қырлы қалаға.
Қобыланды тұрып сыйынды
Жеті кәміл бабаға.
Ақ сұңқар құстар шүйіліп,
Ел шығармай салаға,
Мал шығармай далаға.
Қаладан атын қарғытып,
Кіндіктен оғын сырғытып,
Қаланың аузын қан қылып,
Қақпаның аузын шаң қылып,
Тұлымдысын тұл қылып,
Айдарлысын құл қылып,
Солқылдаған мырзасын
Табанға салып жүн қылып,
Алтын артты шанаға,
Қарамай қатын-балаға,
Өтірік емес, жан аға,
Қырық қақпалы Қазанды
Он сегіз күн дегенде
Бұзып-жарып батырың,
Малын-жанын ызғытып,
Қақпаның аузын аштырып,
Айдап шықты далаға!
Есіктің алды мойыл-ды,
Ашыққан Қият тойынды.
Жаманның ісі бола ма?
Атадан алтау туғанмен,
Асылмен белін буғанмен,
Қай күнде жаман оңа ма?
Ызғытып малды шығарып,
Қобыланды батыр келеді.
Қияттың жаман әскері
Көп олжаға кенелді.
Қаладан сыртқа шыққасын.
Көше алмай қосын бөгелді,
Атадан жаман туғандар,
Арамтамақ олжаға
Беті-қолын жуғандар,
Қоста отырып кеңесті,
Кеңескенде не десті?
«Қобыланды елге барғанда,
Қаланы өзім алдым дер,
Олжаны өзім салдым дер,
Босқа келіп, бос қайтты
Қияттың мың сан нөкері дер.
Әлі кімге жетер, – деп, –
Қобыланды елге сау барса,
Қадіріміз кетер, – деп, –
Жалғыз атты Қыпшақты
Өлтіріп кетсек нетер», – деп,
Далада отырған көп жаман,
Қобылекеме бой ұрды.
Бой ұрғанмен не қылсын.
Күңкілдесіп көп жаман,
Түн ортасы болғанда,
Күңкілдің арты қойылды.
Айтса-дағы қылмады,
Мұрады қабыл болмады.
Қараман біліп бұларды:
«Қас жаманы жігіттің
Жолдасын ерген қарақтар,
Қойыңдар», – деп бұйырды.
Батырлар мінер қызылды,
Жал-құйрығы ұзынды,
Іс тағдырға сызылды,
Бес күндей малы тойынып,
Алтыншы күні Қияттың
Қайтуға көңілі бұзылды.
Қосындар жүгін артқанда,
Көшейік деп жатқанда,
Бос қайтам ба жаудан деп,
Іздеп келіп бұл жерге,
Қараман батыр кезінді.
Қобыландыға келеді:
«Ай, Қобыланды, құрдасжан,
Қайратыңды мен көрдім,
Бәрекелді, ер, – дейді, –
Найзам тимей дұшпанға
Арманда барам мен, – дейді.
Осы бүгін естідім,
Жақын жерде бір шаһар
Көбікті хан бар дейді.
Жүрсең соған барайық,
Жылқысын айдап алайық.
Қазаннан алған бұл малды
Баға тұрсын халайық.
Көбікті келсе малына,
Салайын жәбір жанына,
Көбіктіні өлтіріп,
Бір тояйын қанына.
Көбікті де ер дейді,
Қайратымды көр дейді.
Найзам тимей дұшпанға
Арманда барам мен», – дейді.
Қобыландыдай батырдың
Мақұл көріп бұл сөзін,
Асып-тасып екеуі
Алланы алмай аузына,
«Барайық десең, жүр», – дейді.
Ер салды атқа батырлар
Алтынды тұрман тағынып,
Екі батыр жөнелген,
Сыйынбай пірге жаңылып,
Көп қосынға тапсырды
Қазаннан алған көп елді.
Қараман, Қобылан екеуі
Көбіктінің шаһарына
Сапар қылып жөнелді
Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота,
Бұл сөзімде жоқ қата,
Көп қосыннан екеуі
Сапарланды ел жата.
Көбіктінің шаһарын
Қарасын көрді таң ата.
Бөлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Екі батыр кез келді,
Құба көлде Көбікті.
Отар салған жылқыға.
Көк алалы көп жылқы,
Бөрі құлақ ен жылқы,
Гулетіп жылқыны алады.
Айқайлап жайған көп жылқы
Бір уыс болып қалады.
Тізе қосып екеуі
Айдап кетіп барады.
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай жыра екен,
Көбіктінің Тарлан ат
Жылқы ішінде жүр екен
Жамандатқыр Тарлан ат
Құйрығын құстай тарады,
Кіндігінен жарады,
Кесесінен қарады,
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білгесін,
Сыртына құйрық салады,
Қайта айналып шаһарға
Тарлан ат қашып барады.
Жалғаса қуған екеуі
Қайтара алмай қалады.
Жетпедім деп Тарланға
Астындағы Бурыл ат
Басын жерге салады,
Қырық үш күндік кемдігі
Бурыл атты қамады.
Құртқаның сөзі келді деп,
Батыр Қобылан сенеді.
Таң шолпаны батқанда,
Қызарып күн шыққанда,
Дем алам деп азырақ,
Бауырында бір таудың,
Қобыланды ұйықтап жатқанда,
Қалаға көк ат еніпті,
Есітті дүбір Көбікті.
Ат барғасын желікті,
«Жау тиді ғой малға» – деп,
– Ашуланып демікті.
Базардан келген қасық-ты
Тарлан атқа кідіріп
Ер салғанша асықты,
Ат басындай тас шоқпар,
Тақымына басыпты,
Тарлан атты Көбікті
Еріндіктеп алады,
Беліне терлік салады,
Тас шоқпары тақымда,
Айдауға кеткен жылқының
Соңынан қуып барады.
Жебелі найза қолынан,
Жұлдызы туып оңынан,
Ерте Шолпан батқанда,
Сарғайып таңы атқанда
Тау суындай сарқырап,
Ақ сауыты жарқырап,
«Таста, - деп, малды», - барқырап,
Көбікті жетті соңынан
Көбікті келе сөйледі:
«Ел иесіз дедің бе?
Жер иесіз дедің бе?
Мал иесіз дедің бе?
Жан иесіз дедің бе?
Отарда жатқан жылқымның
Отарын бұзған кім едің?
Өрісте жатқан жылқымның
Өрісін бұзған кім едің?
Тыныш жатқан жылқыма
Оқ тастаған кім едің?
Көк орайлы шалғынға
От тастаған кім едің?
Жусап жатқан жылқымның
Жусауын бұзған кім едің,
Батыр жігіт қайдасың?»
Батырлар табар айласын,
Жақсы кісі жаманға
Көп тигізер пайдасын,
Сол уақытта Қараман,
Көбіктіні шанышпаққа
Оңтайланды найзасын
Қараман ерлік бастады,
Ерлігін Алла қоспады,
Қараманның найзасын,
Денесіне тигізбей,
Көбіктідей батырың
Қолындағы шоқпармен
Допша қағып тастайды.
Ұмтылумен Көбікті
Қараманды ұстады,
Желкесінен қысады,
Күшіктейін шыңғыртып,
Қараманды Көбікті
Тақымына басады.
Қулық пенен сұмдықты
Көбікті тағы ойлады.
Оянып кетсе болмас деп,
Қобыландыны Көбікті
Ұйықтап жатқан жерінде
Тоғыз қабат тор салып,
Бекітіп әбден байлады.
Енді үзіліп кетпес деп,
Қобыландыны Көбікті
Оятпаққа сайланды.
«Тұр», – деп еді Көбікті
Қобыланды батыр тұрмады.
Ұйқысын Қобылан бұзбады.
Болады деген мұндай іс
Үш ұйықтаса ойда жоқ,
Жиып алды Көбікті
Қару-жарақ бойда жоқ.
Хабарсыз жатып дұшпаннан
Басынан өтті дүние боқ.
Аңдаусыз жерде Қобыланды
Пенде болып дұшпанға
Табанына тиді шоқ.
Бір уақытта оянып,
Қобыланды батыр көсілді,
Дұшпан деген батырдың
Әлі де жоқ есінде,
Көбіктінің байлаған
Тоғыз қабат торының
Бес қабаты шешілді.
Көбікті тұр таң қалып,
Қобыланды қалды сандалып,
Қобыланды батыр сасады,
Басынан бақыт қашады,
Ыза болып Қобыланды,
Жын қаққанға ұқсады.
Кісен салып Көбікті,
Қараман мен Қобыланның
Аяқ-қолын тұсады.
Қос батырдың бұл жерде
Бағы тайып басынан,
Пірлері тайып қасынан,
Жан торсыққа ұқсады.
Жеті кәміл бабасын
Жад етуге жаңылып,
Енді қара басады.
Қос батырдың қос тұлпар,
Жылқыға айдап қосады.
Ел қаптайды салаға,
Мал қаптайды далаға.
Жаудың қолы тиді ғой
Қапияда балаға.
Ұлы бесін болғанда,
Тақымында қос батыр –
Көбікті тартты қалаға.
Белес-белес бел еді,
Тарлан атпен желеді,
Асып туған қатардан,
Көбікті де ер еді.
Дұшпанын батыр байлап ап,
Қаласына келеді.
Қалыңнан соққан қарсақтай,
Салақтатып екеуін
Қақпасына енеді.
Аттан келіп түсіпті,
Көзі-басы ісіпті.
Қобаған мұрын, қой көзді,
Талма бетті, нұр жүзді
Қарлыға деген қызы бар.
Қарлығаны шақырып,
Дауыстап Көбікті сөйледі:
«Үйдемісің, Қарлыға,
Түздемісің, Қарлыға,
Алланың қатты жарлығы,
Жер астына бір түсер
Осы көптің барлығы.
Қайысқан болат сынғандай
Желіккен көңіл тынғандай.
Екі пенде әкелдім,
Берсем сені күйеуге,
Бас жетімің қылғандай!
Көк шыбын қонсын қабаққа,
Іріткі беріп тамаққа
Жауып таста, Қарлыға,
Бұл екеуін апарып,
Кілт есікті лабакқа!»*
Қарлыға мінген кер еді,
Маң-маң басып келеді,
Байлауда жатқан батырды
Қарлыға сұлу көреді.
Аты әйел демесең,
Бұл шаһардың бегі еді.
Жерде жатқан екеуін
Боғжамадай қолтықтап,
Қарлыға алып жөнелді.
Көк шыбын қонды қабаққа
Іріткі берді тамаққа.
Жауып шықты Қарлыға.
Бұл екеуін апарып,
Кілт есікті лабакқа.
Көбікті мініп аласын,
Ағынан көпті қарасын,
Той қылуға жар салып,
Енді жиды қаласын,
«Қобыландыны байладым,
Құртып жаудың қарасын», –
Алшағырға жіберді
Қасына жолдас кісі ертіп,
Шақырып алып баласын.
Жеті атадан кегі бар
Алшағыр енді шапсын деп,
Қараспан таудың ағасын,
Біршымбайға бар, – деді. –
Сүйіншіге Шағырдың
Қанікей менен Тінікей,
Қарындасын ал, – деді.
Біршымбай кетті жүріп жол,
Сүйінші деп бармаққа,
Алшағырдай қалмаққа,
Қанікей менен Тінікей
Қарындасын алмаққа.
Бара тұрсын Біршымбай,
Ұзын сөзді қысқартып,
Келейін енді қыз жаққа.
Қарлығадай сұлуың,
Батырды жауып лабакқа
Үйіне қайтып келеді,
Әуеге қарап жүреді.
Көбіктідей батырдың
Қарлығаның анасын
Мұсылманнан олжалап
Алып келген қыз еді.
Содан туып Қарлыға
Анасының сол кезде
Өліп кеткен кезі еді.
Өлерінде анасы
Көзінің ағы-қарасы –
«Менен туған қыз болсаң,
Мұсылманның, шырағым,
Етегін ұста», – деп еді.
Шын мұсылман анасы,
Әйел де болса ер еді.
Шешесінің бұл сөзі
Көңіліне келеді.
Бірнеше күн өткесін
Қарлығадай сұлуың
Қобыландыға келеді.
Батырларды көреді.
Екі батыр зарланып,
Жатқаннан соң байлауда
Кәміл пірі жебеді.
Пірлері медет бергесін,
Қобыландыны көргесін
Нұры шарпып батырдың
Балқыды сұлу денесі.
Қобыландыдай батырдың
Аруағы асады,
Қобыландының айбаты
Арыстанға ұқсады.
Ілгері аяқ баса алмай,
Аяғын кейін басады.
Қарлыға қайтты үйіне,
Қарлығадай сұлудың
Көңіліне түсті түйіні,
Түйінді шешпей жүруге
Сұлуға болды қиын-ды,
Қиын емей немене?
Қобыландыдай батырға
Ғашық болып сұлуың
Жата алмады үйінде.
Жылай берді енді өксіп,
Қобыланды еске түскенде.
Үйінен шығып паналап,
Тар көшені сағалап,
Аяғын басып жүре алмай,
Көрінгенді саялап,
Қобыландыға келіп жағалап.
Екеуі жатса лабакта
Ай тумас жақтан ай туды,
Күн тумас жақтан күн туды,
Бұл несі деп қараса,
Қара тамды ағартқан
Қарлыға қыздың сәулесі.
Қарлыға келіп сөйледі:
«Есіктің алды ақтақыр,
Ақтақырда мал жатыр,
Байлауда жатқан қос батыр,
Есермісің, сермісің?
Бекер жатқан ермісің?
Қолыңды шешіп, қашырсам,
Еліңе барып мақтанып,
Қарлыға қыз қашырмай
Өзім қаштым дермісің?
Мейіз берсем жермісің?
Далада жатқан жылқымды
Айдап қашқан ермісің?
Қараман сонда сөйледі:
«Менің өзім нашармын,
Кілттің аузын ашармын
Бұл бейнетті көргенше,
Шеш қолымды, Қарлыға,
Рұқсат берсең қашармын».
Қобыланды сонда сөйледі:
«Ай, қаш, залым, қасымнан
Қиямет салма жасымнан,
Дәулет құсы ұшты деп,
Тіліне дұшпан көнбедім.
Өшті болған әкеңнен
Өшімді алмай кетпеймін.
Кекті болған әкеңнен
Кегімді алмай кетпеймін,
Жаз жайлауым – Көзді көл,
Қыс қыстауым – Қараспан.
Ат ізінен адаспан.
Алты жаста ат міндім.
Он үш жасқа мен келдім.
Аман қалған жоқ еді
Қызылбас тиіп жанасқан.
Таңбам әліп Қыпшақпын,
Мұсылманда жоқ еді,
Өзімнен артық күші асқан.
Таулар күйіп, тас жанған
Қобыланды деген зарпыма,
Қорған болып отырғанмын
Туғаннан-ақ халқыма,
Асықпасаң, Қарлыға,
Бір мінерсің Бурылдың
Жайдақ сауыр артына.
Әуелі Құдай бағындым,
Ата-анамды сағындым,
Жауға пенде болғаным –
Жау жақындап келгенде,
Қара басып өзімді
Жеті пірді жаңылдым,
Ұйқы басып көзімді.
Ықылас ата Шашты Әзіз
Омар менен Оспандай,
Ішім толып пұшманға-ай*,
Жеті пірді жаңылып,
Жазым түстім дұшпанға-ай,
Егер пірді жад етсем,
Дұшпан батыр болар ма?
Хош, Қараман, аман бол,
Қайтасың ба елдерге?
Бізден сәлем дегейсің.
Азаулы деген көлдерге,
Асқар, асқар белдерге,
Қараспан тауды жайлаған
Қалың Қыпшақ елдерге!
Ел ішінде сәлем де
Замандас, құрбы, теңдерге,
Ит жүгіртіп құс салған,
Найза ұстаған ерлерге.
Және де сәлем дегейсің,
Тұлпар мініп, ту алған
Елдегі жолдас бектерге.
Мені жауда қалды деп,
Аяққа кісен салды деп,
Үлкен аға, кіші іні
Зер салмасын біздерге
Аһ, дариға дүние-ай,
Асқар-асқар белдерім,
Азаулы деген көлдерім,
Қараспанды жайлаған
Қалың Қыпшақ елдерім.
Ол елде де көп еді
Көсіліп найза көп ұстап,
Жекелеп шапқан ерлерім.
Қызылбастың елінде
Қол-аяғым байлаулы
Пенделікпен жатырмын.
Жазым болып, көз жұмсам,
Кім жоқтайды, беглерім?
Бүгін туған күндерім,
Қолдамады пірлерім.
Мені жауда қалды деп,
Не қылайын жанды деп,
Артымнан жоқтар ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ.
Мені жауда қалды деп,
Неғылайын жанды деп,
Ізімнен жоқтар інім жоқ,
Жалғыздықтан мінім жоқ,
Қазақ көппін дегенде,
Көппін деп айтар тілім жоқ,
Қарағай садақ, қырық кез оқ,
Күмбезі алтын белге тоқ.
Қызылбастың елінде
Пенде болып жатырмын
Жазым болып, көз жұмсам,
Бетімді жабар кебін жоқ.
Арқанменен арыған
Шабын айыл қарыған,
Жан серігім Бурылға,
Қай қызылбас от берсін?
Қай қызылбас су берсін?
Тоқсанда атам Тоқтардың
Тасқа тиді тұяғы,
Алпыста шешем Аналық,
Үзілді ғой қияғы,
Қарындасым Қарлығаш
Өшкен шығар шырағы.
Жан қосағым қыз Құртқа,
Арыстаны – мен пенде
Қандай екен сияғы?»
Әлқисса, Қобыланды бұл сөзді Қараманға айтып болғасын:
Қарлығадай сұлуың
Шықпас ойын білгесін.
Қобыландыдай батырға
Тұрыңыз деп жалынды,
Жүрегі оттай қабынды,
Қараман мен екеуі
Көтере алмай налыды!
Келіп еді кеше қолтықтап,
Бүгін мұнша ауыр деп,
Мойындары салынды.
Қараман тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Пірі тайған мезгілде,
Көтеріп келдің сен, – дейді, –
Қазіргі жатқан кезінде,
Көтере алмас ел», – дейді.
Қарлыға сұлу есітіп:
«Жылқыға барып, Қараман,
Атыңды ұстап мін, – дейді, –
Қобыландының Тайбурыл,
Жетелеп алып кел, – дейді. –
Ақылын таптым мен, – дейді, –
Ердің жаны аты деп,
Өз жанынан артық деп,
Тақымына Бурылдың
Бұрау салып шыңғыртса,
Шығады сонда шын», – дейді.
Бөлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Қарлығадай сұлуың
Өзі қайтып үйіне
Қараман кетті жылқыға.
Таң атқанша Қараман
Өкпесін алып қолына.
Бір шыбындай жанын сап,
Қобыландының жолына,
Сәске түсте жетеді
Көбіктінің малына.
Өз атын ұстап мінеді,
Тайбурылды жетелеп,
Қалаға түнде енеді.
Қарлығадай сұлуға
«Келемін кешке» – деп еді.
Қараман менен Қарлыға
Лабақтың келіп алдына,
Қыл шылбырмен бұрау сап,
Бурыл аттың санына,
Құлындай қылып шыңғыртты,
Жәбір қылып жанына.
Бурылдың даусын есітіп,
Қобыландыдай батырдың
Салды ойран тамына.
«Не қылсаң да маған қыл,
Бурылға, сірә, қағылма».
Тамды бұзып Қобыланды
Далаға шықты қабына.
Қобыланды батыр шыққан соң
Өзінің ахуал хал-жайын
Батырға айтты Қарлыға:
«Дүниенің кеңдік, тарлығы,
Басыма менің түсіп тұр,
Ғашықтықтың зарлығы.
Сеніменен бірге өлсем,
Анамның айтқан өсиеті
Болады кәміл барлығы.
Сөзімді тыңдап, батырым,
Бурылыңа мін, – дейді, –
Қарыңа сүңгі іл, – дейді. –
Кешегі жатқан жылқыға
Тағы да барып ти, – дейді. –
Тарлан қашар жылқыдан,
Қумай-ақ қой сен, – дейді. –
Тәңірі жазса Тарланды
Көбіктіге міндірмей
Алармын қолға мен, – дейді. –
Көбіктінің қанаты
Жылқыдағы көк аты,
Бұл сөзіме сен, – дейді. –
Кегің болса бұл жауда
Сөйлесерсің соңынан,
Бұл сөзімді біл, – дейді, –
Екеуіңнің батырлар,
Сауыт-сайман қаруың
Бәрі де менің қолымда
Берейін алып жүр, – дейді. –
Қаруыңды, батырым,
Қойғамын тығып мен, – дейді. –
Кереметім көр, – дейді. –
Қобыланды мен Қараман,
Кел соңыма ер», – дейді.
Ертіп барып сұлуың
Сарайына енгізді,
Сақтап қойған жерінен
Қаруын батыр көргізді,
Ақ сауытын кигізді,
Ақ семсерді ілгізді,
Шын достығын, Қарлыға,
Қобыландыға сенгізді.
Уағда байлап, қол беріп,
Тайбурылға мінгізді.
Қарлыға бұл сөзді айтқасын,
Енді атына мінеді,
Бадана көзді ақ сауыт
Денесіне киеді.
Беліне байлап болатты
Қарына найза іледі.
Қараман мен екеуі
Көбіктінің көп жылқы
Және сүзіп жөнелді.
Құба көлден өткенде,
Сары өзенге жеткенде,
Көбіктінің Тарлан ат
Құйрығын құстай тарайды,
Шекесінен қарайды,
Кіндігінен жарайды,
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білгесін,
Сыртына құйрық салады,
Көк ат қашып барады,
Барса, барсын көк ат деп,
Екеуі қумай қалады.
Қалаға көк ат еніпті,
Есітті дүбір Көбікті.
Ат барғасын желікті,
«Қарлығажан, қайда?» – деп, –
«Ат ертте», – деп демікті,
Аңдып тұрған Қарлыға
Көбіктіге келіпті:
«Ұйқыңды бұзба, Көбікті,
(Сорлы әкем, неге желікті);
Мал иесі жануар
Жем жеймін деп келіпті».
Көбіктіні жатқызып,
Ақмоншақ аттың үстіне
Алтыннан тұрман ер салып,
Аз ғана азық, жем салып,
Қобыланды еске түскенде,
Қыздың шері қозғалып,
Ақмоншақ атқа мінеді,
Беліне семсер іледі,
Денеге сауыт киеді.
Төбеге шашты түйеді,
Ноғай бөркін киеді
Қобыландының соңынан
Дөңгелетіп жөнелді.
Қуып жетіп бұларға
Әкесінің жылқысын
Бірге айдасып келеді,
Қаладан қиғаш өткенде,
Сары белге жеткенде,
Күн сәскеден өткенде,
Бұзылып аттың жүрісі
Оттамайды жусайды,
Бүгежектеп жүрмей келеді.
Ақмоншақ аттың інісі,
Өзі-өзінен ылаңдап,
Келеді бітіп тынысы.
Жылқы ішінде ала-ды,
Қылшық жүнді қара-ды,
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білгесін
Шекесінен қарады,
Кіндігінен жарады,
Құйрығын сыртқа салады.
Қайта айналып көкбесті,
Шаһарға қарап жөнелді.
Жалғаса қуған үшеуі
Қайтара алмай қалады.
Қандай заман болар деп,
Қарлыға сұлу налыды,
«Барса, барсын, көк ат», – деп,
Басын қосып үшеуі
Бір төбеге барады.
Көбіктінің үстінде
Тоғыз қабат ақ сауыт
Шапсаң, қылыш кеспейді,
Атсаң, мылтық өтпейді.
Қобыландыдай батырға
Қарлыға сұлу сөйледі:
«Оған қылар амалы
Кіндігінің тұсында
Кем соғылған төрт көзі
Жел соғарлық самалы.
Мерген болсаң, батырым,
Кіндікті байлап атпасаң,
Басыңа салар қараны».
Қараман естіп бұл сөзді
Тоқтамайды табаны,
Қарлыға менен Қараманды
Ілгері қарай жөнелтіп,
Жолын тосып Көбіктінің
Қобыланды жалғыз қалады.
Жылқыны қуып барады,
Бір құдайға тапсырып,
Қобыландыдай баланы.
Қисайған оғын түзетіп,
Көбікті қашан келер деп,
Қобыланды тосып тұрады.
Қашып барып көк бесті
Қалаға барып еніпті,
Естіді дүбір Көбікті.
Ат барғасын желікті
Кеткенін қыздың білген соң,
Қаһарланып Көбікті,
Көк бесті атқа ер салды,
Бір күндік азық жем салды,
Ат басындай тас шоқпар
Көбікті батыр қолға алды.
Енді мініп атына:
«Менің келер, келмесім
Екіталай енді», – деп,
Амандасып халқына,
Бұрынғы тартып салтына,
Жылқысын алған жаулардың
Көбікті түсті артына.
Белес-белес бел еді,
Өзінің туған халқына
Белгілі туған ер еді.
Ертең Шолпан батқанда,
Қызарып күн шыққанда,
Тау суындай сарқырап,
Ақ сауыты жарқырап,
Қобыландының тұсынан
Көбікті өтіп барады.
Көбіктіні көрген соң
Көтеріліп Қобыланды
Айқай салып ақырды,
«Кел бері!» – деп шақырды.
Садағын қолға алады,
Оғын кезеп Қобыланды
Достарыңызбен бөлісу: |