Сонда тұрып сөйлейді:
«Сынғыр, қолым, сындың ба?
Шыққыр көзім, шықтың ба?
Шынымен қазам жеттің бе?
Шын бұйрығым біттің бе?
Қысылған жерде дем берер
Ықылас ата, Шашты Әзіз,
Жеті кәміл пірім-ай,
Сарт болып-ақ кеттің бе?
Жалғыздық қайғы басымда,
Жолдасым жоқ қасымда,
Мұндай қайғы көріп пе ем
Өзімнің өмір жасымда?
Кәміл пірлер, жар болмай
Салғаның ба уайым?
Бір өзіңе сыйындым,
Жарылқаушы Құдайым!».
Бұл сөзді айтып Қобыланды
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды
Көп оғына жол салды,
Әр оғының басында
Жолым үйдей шоқ қалды.
Қалмақты ердің қасы деп,
Нақ кіндіктің басы деп,
Қыз айтқан жердің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Салдыр-гүлдір еткізіп,
Оқ масаққа жеткізіп,
Қобыланды тартты бір оқты,
Бір де болса ірі оқты,
Жанына азап берілді,
Азап емей немене?
Көбіктінің денесі
Кеудесінен бөлінді.
Атта қалып бөксесі,
Оқпен ұшып кеудесі
Қобыландыдай батырдың
Қабыл болды тәубесі.
Жәрдем беріп бабасы
Шамасы келер күн болса,
Қылуға қайрат жарады.
Көбіктідей батырдың
Жерге түскен кеудесі
Екі қолымен еңбектеп,
Артында қалған шоқпарға
Тағы да кетіп барады.
Шылбырын қолға алады,
Оқпен түскен кеудесі
Қару қылар шама жоқ,
Жан-жағына қарады.
Қобыланды келіп қасына
Заман ақыр тақалды,
Саудагер сатар бақалды*,
«Қыз жау» деген осы деп,
Айтып отыр мақалды,
Екі қолдап Көбікті
Жұлып отыр сақалды.
Болмады енді қашпасқа.
Ізденіп болмас бос басқа
Балдағы алтын болатпен
Қобыланды тартты қақ басқа.
Шалқасынан сылқ етіп,
Жерге түсті сор қасқа.
Ақыл айтып өлтірткен
Айла қанша қыз жасқа!
Көбіктіні өлтіріп,
Сәтіне ісін келтіріп,
Көк бесті атты жетелеп,
Жүретін жолын төтелеп,
Қарлығамен қосылып,
Жібектейін есіліп,
Қарлығамен екеуі
Аударыспақ ойнайды,
«Қобыландымен бірге өлсем
Армансызбын Алла», – деп
Күліп-ойнап барады.
Осы барған жолында
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай жыра екен,
Сайым ұлы Қараман
Алдындағы тоғайда
О да күтіп тұр екен
Шыға келді алдынан:
«Шешен сөйлер дауға», – деп,
Қайрат қылдың жауға, – деп,
Олжа салғын, құрдасжан,
Беріңіз бізге сауға», – деп,
Қобыланды сонда сөйледі:
«Жая менен жал құрдас,
Шекер менен бал құрдас,
Көбіктінің көп жылқы
Олжа қоспай ал, құрдас».
Қараман тағы сөйлейді:
«Мал саттым базар бөзіне,
Салса жылқы тоқтайды
Арқаның бәрі көзіне,
Жаман-жақсы десең де
Наз қыламын өзіңе.
Олжаның келдім көзіне.
Құлағың сал сөзіме,
Тағы да сауға өзіме
Көбіктінің көрдім өлгенін,
Өлтіріп ердің келгенін,
Көбікті қызы Қарлыға,
Жөн еді қоса бергенің».
Қобыланды сонда сөйлейді:
«Құртқа баққан Тайбурыл
Астымда дөнен мінгенім.
Тайбурылды мінгесін
Дұшпанға теңдік бермедім.
Он үш жасқа келгенше
Басыма келген кемшілік
Көбіктіден көргенім
Көп қайғының ішінде
Менің бүйтіп жүргенім.
Мынау тұрған Қарлыға
Ата-ана, ел жұртын
Қиып шықты мен үшін,
Артықша тиіп пайдасы
Көбіктінің өлгені,
Қарлыға қыздың айласы.
Көбіктінің көрдің өлгенін,
Тәңірім бақыт бергенін.
Қызметі белгілі,
Артықша мақтап қайтейін,
Өзі сүйсе бергенім».
Сол уақыттар болғанда,
Қарлыға тыңдап тұрғанда,
Қараман келіп сөйлейді:
«Мұңлық пенен Зарлық», – деп –
Түйенің көркі нарлық, – деп, –
Жүктің көркі сандық, – деп, –
Қарлығадай сұлуды
Жетелеп алып жөнелді:
«Құрдасжан берді, алдық – деп, –
Татулыққа қандық», – деп.
Мінген аты дөнен-ді,
Көкке тойған көбең-ді,
Байдың қызы жамылар
Масаты менен беренді.
Азырақ тұрып сөйлесіп,
Үшеуі тоқтап бөгелді.
Тізе қосып үшеуі
Көбіктінің көп жылқы
Гулетіп айдап жөнелді.
Бірнеше күн өткен соң,
Әкеліп қосты жылқыны.
Қазаннан алған көп елге,
Жатыр екен қосындар
Тастап кеткен жерінде.
Даярланып жатқан көп Қият
Екеуі қосқа келген соң,
Дүркірей көшіп жөнелді.
Атқа мініп желгендей,
Ер қадірін білгендей,
Қобыландының Тайбурыл
Ұмтылып аяқ баспайды,
Бір нәрсені сезгендей.
Қобыланды құлға ұқсайды,
Мезгілсіз жылап, қақсайды.
Бекер жылап не қылсын
Жан серігі Бурыл ат
Ілгері аяқ баспайды.
Омырау қағып ақсайды.
Бурыл ат ақсап жүрмегенсін,
Қалың қосын көше алмай,
Күн батпай қонды Ақсайға.
Қол Ақсайға қонғансын,
Қарлығаны алып оңғансын,
Қараман барып алғандай,
Қосынға олжа салғандай,
Ақымақ Қият бірталай
Қараман атты батырды
Көтеріп аттан алады,
Ақ кілемге салады.
Арыстан туған Қобыланды
Атын ұстар кісі жоқ,
Қобыландыны көп Қият
Кім екен дер ісі жоқ.
Мінген аты қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды.
Олжаға көңілі біткесін
Қияттардың бұл жерде
Қайтуға көңілі бұзылды.
Байдың қызы жамылар,
Масаты мен қамқасын.
Қобыландыға қарамай
Үдере көшті көп қосын.
Қобыландыдай батырдың
Аты ақсап жүре алмай,
Жұртта жалғыз қалғасын
Шыбын жанын қинаған
Көздің жасын бұлаған,
Сөйтіп алған олжасын
Қият алып кеткесін,
Жалғыздықтан жабығып,
Өксіп жылап қамығып,
Сүйекке намыс жеткесін,
Қарамандай құрдасы
Көптігіне мастанып,
Есіне алмай кеткесін,
Сонда Қобылан сөйледі:
«Жақсының ісі бітеді,
Жаманның ісі жатады,
Шыбын жанды қинаған,
Көздің жасын бұлаған,
Бүйтіп алған олжамды
Қият алып кетеді.
Ақылсыз туған мен ақымақ,
Бүйтіп жалғыз шыққанша,
Қараспан тауды жайлаған
Қалың Қыпшақ жұртымнан
Онды-бесті соңыма
Қосшы ертсем нетеді?
Шыныменен шамдансам,
Қосын түгіл Қияттың
Еліне күшім жетеді.
Үйге барсам, түзім жоқ,
Түзге барсам, үйім жоқ,
Өстіп жалғыз жүргенде,
Өтесің бе дүние боқ?
Жалғыз туған мен сордың
Алдымда сүйеу ағам жоқ,
Құдайдан басқа панам жоқ,
Қазақ көппін дегенде
Көппін деп айтар тілім жоқ.
Артымда ерген інім жоқ,
Жалғыздықтан мінім жоқ.
Білмей қалдым басымнан
Өткеніңді дүние боқ.
Мінажат* етіп жылаймын
Өзімнің нашар халімді
Жазым болып, көз жұмсам
Жау талайды малымды.
Атадан алтау екен деп
Өзімнен төмен жаманға
Болймын неғып жалынды!
Қай уақытта көремін
Үйдегі кемпір-шалымды?
Құлым десең, құдая,
Бүгін маған көрсетші
Ататұғын таңыңды.
Ойла менің қамымды,
Тағдырымды бітіріп,
Тауыс менің нанымды!
Осы таңнан өткізбе,
Күн шығуға жеткізбе!»
Бұлайша деп Қобыланды
Түн ортасы болғанда,
Тайбурылын тұсады.
Алып туған қатардан
Шаһзада кісі еді.
Құрбысында адам жоқ
Қобылекеңдей мүшелі.
Жамандар қылды өсекті
Жылап-жылап Қобылекең
Тоқымын қылды төсекті.
Қараман қылды мастықты,
Жылап жүріп Қобыланды
Ерден қылып жастықты,
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Етпетінен құлады,
Ұзынынан сұлады.
Алтынды ерге сүйеніп,
Өксіп, өксіп жылады.
Жылап жатып Қобыланды.
Ортасы түннің болғанда
Көзі ілікті ұйқыға.
Көзі ұйқыға кеткенде,
Мезгілі таңның жеткенде,
Көк есегі астында,
Ақ сәлдесі басында,
Сырлы асасы қолында.
Өзі хақтың жолында,
Он сегіз мың ғаламның,
Он бесі бар қасында,
Жеті кәміл бабасы
Келді жетіп қасына:
«Ояумысың, Қобыланды,
Ұйқыдамысың, Қобыланды,
Бұл сапарың болмады.
Мінген атың бозды ғой,
Арқам сөзге қозды ғой,
Саған келген бәлені
Қорғаймын деп Қобыланды,
Алтын тонның етегі
Тамтық қалмай тозды ғой!
Құланнан атқан қодықты,
Көлден тартқан борықты
Кеше түсте әкеңе –
Тоқтар шалға жолықтым.
Оқпанды сай жыра екен.
Асқар-асқар бел екен,
Сенің әкең Тоқтар шал,
Тізесіне тон жетпей,
Бұтында жоқ ыстаны,
Қара табан қойшы боп,
Әкең қойда жүр екен,
Алпыста шешең Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп,
Қайғыменен қан жұтып,
Қасіретті көп тартып,
Қозы бағып, бүкеңдеп,
Құрт қайнатып жүр екен.
Қарындасың Қарлығаш
Әбестесі* қарында
Бес кесесі қолында,
Белдемшесі белінде,
Қызылбастың елінде
Шай қайнатып жүр екен.
Өзіңнен қалған Құртқаны
Қалмақтың ханы Алшағыр
Аламын деп жүр екен.
Қалмақтың ханы Алшағыр
Алтынды таудың астында.
Тастан соққан қорғанды,
Бүгін үш күн болады
Шауып кетті еліңді.
Сындырып кетті беліңді,
Кесіп кетті желіңді,
Өзің есен-сау күнде
Қыпшақты жауға бергенің –
Ол да саған өлім-ді.
Қайғы тартқан еліңе
Сатамысың теріңді?
Үстіңе келген дұшпанға
Көрсетсейші көрімді.
Жалған айтар дей көрме
Жеті кәміл піріңді!»
Бабасы айтқан хабармен
Қобыланды шошып оянды.
Көзін ашып қарады,
Таң сарғайып атыпты.
Таң шолпаны батыпты.
Мақпал төсек мамықты
Оянып өксіп қамықты,
Жау шапқасын халықты,
Ойына жұрты түскесін,
Байлауға Құртқа түскесін,
Мұны біліп Бурыл ат
Күйініп ақсап жүр екен.
Пірден хабар тиген соң,
Ақсағынан жазылып,
Құландай ойнап қалыпты.
Белгілі төбе бел екен,
Қыз да болса, ер екен –
Сауғаға берген Қарлыға
Қараманның жанынан
Ұйықтап Қобылан жатқанда,
Шылбырын шешіп белінен
Майқара мен бетеге,
Жусан менен көдеге,
Ақмоншақ пен Бурылды
Қарлыға бағып жүр екен.
Қос бүйрегі бүлкілдеп,
Көздің жасы мөлтілдеп,
Бір қадам басып жүре алмай
Қарлығадай сұлуға
Әрең жетті еңкілдеп.
Қобылан келіп сөйледі:
«Жолдас болдың, Қарлыға,
Алланың көп қой жарлығы.
Жер астына бір түсер
Бұл пенденің барлығы.
Құдіреті күшті Құданың
Осы көптің ішінде
Жалғыз маған түсіпті
Қысым қылған тарлығы.
Жау шауыпты елімді
Жау басыпты белімді,
Жау кесіпті желімді.
Менен қалған байтақ ел
Көрген сияқты көрімді.
Қалмақтың ханы Алшағыр
Алтынды таудың етегінде
Тастан соғып қорғанды,
Шауып кеткенге ұқсайды,
Қараспан таудағы елімді.
Жалған айтар демеймін
Жеті кәміл пірімді,
Айтамын саған сырымды.
Жылқы ішінде аламын,
Қылшаң жүнді қарамын,
Көмек берер демеймін
Сейілдің ұлы Қараман.
Әйел де болсаң, қатар ең,
Мұңымды саған шағамын.
Қош, Қарлыға, аман бол,
Қалмақ алған халқыма,
Көмегім жоқ артымда.
Жалғыз кетіп барамын.
Тәңір оңғарса жолымды
Алаулаған қалмақтан
Кегімді барып аламын.
Қарлыға сонда сөйледі:
«Ер де сасар болар ма,
Етегін басар болар ма?
Сіз сияқты батырдың
Елін жау алар болар ма?
Әуелі алла анайым,
Хақ жаратқан Құдайым,
Бөлініп үйден шыққасын
Сіз болар ма деп едім,
Тәңірі қосқан жұбайым.
Сізден басым қалғанға.
Соншама жеймін уайым.
Сіз деп бақи дос болып,
Сүйіп шыққан Қобыланнан
Кеудедегі шыбынның
Несін аяп қалайын!
Қайғы тартып қан құсса,
Запыран етіп май құсса,
Шабылған елге кете гөр,
Бүлінген елге жете гөр!
Белгілі түбі бел болса,
Еретұғын ер болса,
Қараманға барайын,
Оған да жүр деп қарайын!
Ерсе жинап қолымнан,
Ермесе тастап соңымнан,
Ертең түстен қалмаспын,
Қобыланды, мен де барайын!»
Қарлыға бұл сөзді айтқасын,
Тайбурылға мінеді.
Қарына семсер іледі.
Беліне байлап болатты,
Ақ сұңқар құстай қанатты
Жануар асыл Бурылды
Қараспан тауға қаратты.
Күн тимеген сауырға,
Жел тимеген бауырға
Қамшымен соғып қанатты,
Бурыл атты «Шүу!» – деді.
Құбылып Бурыл гуледі.
Ертемен шапқан Қобыланды
Кешке шейін шабады,
Келіп жетті жеріне,
Жақындады еліне,
Намаздыгер өткенде,
Құтпан мезгіл жеткенде
Екпіндеген Бурыл ат
Етпетінен жығылды.
Жығылғасын Қобыланды
Аттан түсе қалады.
Жерді сайып қарады,
Ертеңгі таң атыпты,
Бұйырған дәмін татыпты.
Жазығы мал демесең
Адамнан ақылы артық-ты.
Ел барында Құртқаның
Екі мезгіл жем берген,
Жаныменен тең көрген
Алтыннан соққан қораға
Бурыл құлап жатыпты.
Мінген аты құла-ды,
Ертемен шауып бұлады,
Құртқаның баққан жұртына
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Батыр Қобылан құлады,
Алтынды ерге сүйеніп,
Елі-жұртын сағынып,
Өксіп-өксіп жылады.
Осы жерде Қобыланды
Таң атқанша болады.
Таң сарғайып атқанда,
Таң шолпаны батқанда,
Жан-жағына қараса,
Жұрты жатыр, елі жоқ,
Батпағы жатыр, көлі жоқ,
Қаңғырып жүріп далада
Өткенің бе, дүние боқ.
Таң атқан соң, батырың
Тағы түсті жарысқа.
«Байлауда Құртқа жатқанда,
Жан серігім, қарышта!»
Асқар-асқар беліне,
Белден көшкен еліне
Ертемен шауып Қобыланды,
Бұлаңдаған Бурылмен
Жүгіртіп келді Қобыланды
Айна көлде Құртқаның
Ордасын тіккен жеріне.
Жұртын көріп Құртқаның
Көзіне батыр жас алды.
Неше батыр болса да.
Буыны балқып босады.
Жұртына көзін салады,
Қараса, күлдің ортасы
Көтеріңкі көрінді.
Күл ішінде не бар деп,
Қобыланды күлді қарады.
Ашып күлді қараса,
Жая менен жал екен,
Түрлі тағам бар екен,
Өзін қалмақ алғанда,
Көк арбаға салғанда,
«Кез болса бұған батыр, – деп –
Тауып азық қылсын», – деп, –
Ақылды туған Құртқаның
Бөтен нәрсе тастарға
Шамасы келмей сұлудың
Көміп кеткен наны екен.
«Бұйырғаны Құдайдың
Осы шығар бізге», – деп,
Шетінен тістеп алады.
Қоржынға батыр салады.
Тайбурыл атты Қобыланды,
«Айт, жануар шүу!» – деді.
Құбылып Бурыл гулейді.
Табаны жерге тимейді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Ертеден шапқан Қобыланды
Кешке дейін шабады.
Жете алмады қалаға,
Бекер шапты далаға.
Сылтауды анық табады
Түнге дейін шабады.
Түн ортасы болғанда,
Есіктің алды ығын-ды,
Бола жазды шығынды,
Шығын болмай не қылсын?
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етпетінен жығылды.
Қобыланды түсе қалады,
Жерді байқап қарады,
Аллаға тілім жазықты,
«Аты арыса, қарны ашса,
Қылсын деген азықты»
Қыз Құртқа қағып кетіпті.
Кез бойы алтын қазықты.
Қолын жерге салыпты,
Тайбурылдың астынан
Қобыланды тауып алыпты,
Ол қазықты бес бүктеп,
Ат қоржынға салыпты,
Атына Қобылан мініпті,
Тайбурылды тайдырмай
Табан жолға салады.
Артық туған Қобыланды
Таң атқанша шабады.
Таң салқыны жеткенде,
Ағыны қатты Бурылмен
Алтынды таудың етегіне
Аңқытып жетіп келеді.
Алшағырдың шаһарын
Батырдың көзі шалады,
Шаһарға жетіп барады.
«Еменнен кестім найза, – деп
Пенделік тартқан халқыма
Тигіземін пайда», – деп
Күн шыққанша шаһарын
Екі айналды Қобыланды.
Енуге есік қайда деп,
Енуге есік таба алмай,
Кіруге тесік таба алмай.
Күн шыққанша батырың
Айналып жүрді сыртында.
Қуыстау жерге жеткенде,
Мүйістеу жерге жеткенде,
Жылқыда құмай аланы,
Атадан дақ дараны,
Жалғызым деп Тоқтар шал
Жоқтаушы еді баланы:
Уа, қозым деп зарлаған,
Жас қозыдай маңыраған,
Саулы інгендей аңыраған
Сыртта жүрген Қобыланның
Құлағын жарып барады.
Қалайша жоқтар екен деп,
Құлағын батыр салады.
«Келелі түйем ішінде –
Қайырлы бураға ұқсаған
Қайырлы туған Қобылан –
Ботам, сенен айрылдым.
Алалы жылқы ішінде –
Тұяғы бүтін тұлпардай,
Көзге түсер сұңқардай
Құлыным сенен айрылдым.
Келісті түзу мысқылдай –
Ай мүйізді қошқардай
Тілеп алған жалғызым
Қозым, сенен айрылдым.
Көл айнала шаңдатқан –
Байламаса, тынбаған
Көк ала бұқаға ұқсаған
Мен бұзаудан айрылдым.
Ішіме толған көп қайғы
Аһ ұрсам да кетпейді.
Дұшпанның берген тері тон
Тіземе тартсам, жетпейді.
Ал десем де Тәңірге
Өлшеулі өмір бітпейді.
Жалғызым барда көңілім тоқ.
Құлынымнан айрылып
Табаныма тиді шоқ!
Бұл қорлықты көргенше
Тигені артық ажал оқ!
Айы біткен айда өлер,
Күні біткен күнде өлер,
Жалғызым деп зарласам,
Сүйексіз тілім дөңгелер!
Атаңа нәлет, Алшағыр,
Көрсеттің ғой өкімді!
Жалғызым тірі бір келер,
Асықпай тұр, қызылбас,
Сыбағаңды сол берер!
Жалған дүние сырғанақ,
Шыныменен айрылсам,
Жалғызым, тезірек келмесең
Мені бір Құдай ұрғаны-ақ!
Дұшпанға пенде болғанша,
Бұл бейнетті көргенше,
Жалғызымнан айрылып,
Неге өлмедім мен шұнақ?
Қорлық берді бұл дұшпан
Тоқсанға келген жасымда,
Пенде болып кәпірге,
Қойын бақтым осында!
Жалғызым менің келер ме?
Пірлерден тиіп бір хабар,
Тайбурыл атпен желер ме?
Соры қайнаған мен сордың
Жаратқан жаппар Құдайым
Көзімнің жасын көрер ме?
Я болмаса, сол жақта
Қазасы жетіп өлер ме?
Я болмаса жарылқап,
Пірлері хабар берер ме?
Я болмаса Құдай-ай,
Менің мұндай жайымды
Көңілге түскен уайымды
Жалғызым менің білер ме?»
Сол уақыттар болғанда
Қозы Көрпеш – Баяндай
Өлім Хақтан аянды-ай,
Алпыста шешесі Аналық
Ұйқысын ашып оянды-ай:
«Қырғауылдай көжекті
Талықтым тасып тезекті,
Жалғызымды жоқтаймын,
Шаршағанда тоқтаймын,
Жан қосағым, Тоқтар шал,
Берші маған кезекті?!
Көп жылама, серігім,
Ойыным менен күлісім,
Жасаған қосқан білісім!
Жалғызымның барында
Кеңіп еді өрісім,
Алтыннан еді кебісім!
Көріп едім тіріде
Жеті жұмақ бейісін!
Бүгінгі күн түсімде
Құбыла жақтан жел соқты,
Жаңылмасам деп едім,
Жалғызымның астында
Тайбурыл аттың желісін.
Ақ мүйізді қошқардай
Жасаған сені қосқанға-ай,
Жұмылған көзді ашқандай
Ішіміз толды пұшманға-ай!
Атасы берген шырақтың
Бұлты келді төбеңнен,
Қыс болса, шығар жел жақтан,
Жаз болса, шығар күн жақтан,
Жауың келсе, түсер жау жақтан!
Жолыңды күтіп жалғызым,
Болайын құрбан сенен мен,
Бұлтың келді өзің жоқ,
Жалғызым барда көңілім тоқ.
Шырағым сенен айрылып,
Табаныма тиді шоқ!
Жалғызымның барында
Бешпент ойдым мақпалдан,
Тақия, бөрік, үкі шоқ!
Жалғызым, сенің барыңда
Көшке жорға мінгенім,
Еруге қамқа кигенім,
Жалғызым, сенен айрылып,
Осынша бейнет көргенім!
Жайықтың суы лай-ай,
Көр болды көзім жылай-ай.
Осы күнде, Тоқтар шал,
Оң қабағым тартады,
Қуантамысың, Құдай-ай!
Осы күні, Тоқтар шал,
Аузы құрғыр тартады –
Жалғызымды сүйгендей!
Иіні құрғыр тартады –
Қараспан тауға ел қонып,
Еруге қамқа кигендей!
Осы күні, Тоқтар шал,
Тақымы құрғыр тартады –
Қараспан тауын жағалап,
Қалың Қыпшақ ел көшіп,
Сұр жорғаны мінгендей!
Осы күні, Тоқтар шал,
Қос емшегім төстегі
Терісі қатқан бос тері,
Бұлақ болып ашылды,
Шырағым келіп емгендей!
Анаң байғұс зарлайды
Ботасы өлген інгендей.
Ернім және тартады,
Он үш жасар шырақтың
Ақ бетінен сүйгендей
Жүрегім алып ұшады –
Кеткен қозым келгендей.
Жұмылған көзім ашылып,
Жалғызымды көргендей.
Алпыс жасқа келгенде
Арқан ескен не қорлық,
Құрт қайнатып, жүн түтіп,
Шырағым үйден кеткесін,
Есімнен кетпес бұл зорлық!
Өзге қорлық қорлық па,
Өзіңнен қалған Құртқаны
Қалмақтың ханы Алшағыр,
Аламын дейді сол қорлық!
Дұшпанның түсіп торына,
Отыр Құртқа сол мұңлық.
Осындай болып жатқанда
Жалғызым келіп ат қояр
Алшағыр жиған нөкерге.
Дұшпанның қылған зорлығы
Есімізден кетер ме?
Мұндай болып біз тұрмай,
Шырағым, жүрсің бекерге!
Зарланған менің дауысым
Жалғызыма жетер ме?»
Сол уақыттар болғанда
Қарындасы сөйлейді:
«Тұра тұршы, жан шеше,
Жан көкеме түс көрдім,
Өткен түні мен кеше!
Адыра қалғыр айбалта
Тасқа тиді, кетілді,
Қайрап ем тағы жетілді.
Тәңірі аямас болар ма
Біздей ғаріп, жетімді?
Жетім емей немене,
Атаңа нәлет, Алшағыр,
Көрсетті ғой өкімді?
Көкем үйде болғанда
Бұзар ма еді кентімді?
Құлақ салшы, кемпір-шал
Есітіп пірдің хабарын
Көңілім менің бекінді!
Шаба алмай да жүрмесе,
Астындағы Бурыл ат,
Бабадан хабар тиді ғой,
Жетсе керек, жан көкем,
Тайбурылын сауырлап
Жан ата, менің түсімде
Өзімнің бабам ішінде,
Бұл уақытта жан бар ма,
Жан көкемдей пішінді?
Қазанның Сырлы қаласын
Жалғыз шауып жүр еді,
Алтынды туға ақырып,
Қараманды шақырып.
Қасқырлық таудың басында
Қатын деген бір сөзін
Бетіне соғып жүр еді.
Көкемнің айтқан сөзіне
Қараман батыр өкпелеп,
Жамандарша кек тұтып,
Көкем желді соңынан.
Өкпелеп досым кетті деп,
Ордың мініп басына,
Қаланың келіп қасына.
Ордан атын қарғытып,
Кіндіктен оғын сырғытып,
Қазанды шаншып, жауқашып,
Көп қосынға жан көкем
Олжа салып жүр еді.
Бөлінбеген ұйқысын,
Жыртылмаған құлпысын,
Қараманмен екеуі
Таң ата айдап жүр еді,
Көбікті ханның жылқысын,
Жамандатқыр Тарлан ат
Сонда қашып еліне,
Ер салғанша асығып,
Терлік салып беліне,
Қараман мен көкемді
Көбікті басты тақымға.
Көкемнің құрып айласы,
Басынан сынып найзасы,
Жан көкемді пенде ғып,
Көбіктінің көңілі желікті,
Бұл секілді қорлыққа
Жан көкем неғып көніпті?
Көкемнің тайып бабасы,
Батырлардың бұл жерде,
Болмады қабыл тобасы.
Мақтануға жарады,
Дұшпанның асып айласы.
Өз аттасым Қарлыға
Көкеме тиді пайдасы.
Жамандығын жасырып,
Жақсылығын асырып,
Қол-аяғын босатып,
Жан көкемді қашырып,
Қару-жарақ, ат-тонын
Қойған екен жасырып,
Сарт болмаса Шашты Әзіз
Достарыңызбен бөлісу: |