Қобыланды батыр



бет2/7
Дата03.12.2019
өлшемі388.5 Kb.
#447622
1   2   3   4   5   6   7
Кобыланды батыр жыры

Көп жылады дегейсің

Үйдегі нашар жолдасың!

Асқар тауда белдік бар,

Жасағанда кеңдік бар,

Азда қанша теңдік бар?

Құрдаста қанша елдік бар?

Сұлтаныма сәлем де,

Тілімді алса бармасын,

Біздің баққан Бурылда

Қырық үш күндік кемдік бар».

Мұны естіп Естеміс

Кейін шауып жөнелді,

Жауабына кенелді.

Айтқанының бәрін де

Қобыландыдай батырға

Бұлжытпай айтып береді,

Мынау сөзді естіп,

Қобыланды барды құрдасқа,

Жүремін деген жолдасқа.

Сонда тұрып сөйледі:

«Әуелеп ұшқан қалбаймын,

Жаманның тілін алмаймын.

Хақ бұйырған сапардан

Жан құрдасым, қалмаймын.

Асыл досым, сөкпеңіз,

Бұл сапарға бармаймын,

Бұл олжадан алмаймын,

Саған да сәлем көп айтқан,

Құрдасым, көңілің қалмасын,

Өтініш қылып зарлаймын.

Асқар төбе бел деген,

Ақ бармақпен жемдеген,

Өзінен басқа мінбеген,

Бағып тұрған баласы,

Күтіп тұрған анасы,

Өзі әйелдің данасы,

Тұлпар туған Бурылдың

Қырық үш күні кем деген».

Қараман сонда сөйледі;

«Бұл барғаннан барсақ біз,

Қалың тобын жарсақ біз,

Біз Қазанды өлтіріп,

Қаласын бұзып алсақ біз.

Сұлуынан қызылбас

Қойынға бір салсақ біз.

Еркек болып не етеміз

Әр талапқа шығарда

Қатынға ақыл салсақ біз?!

Қатынның тілін алсақ біз.

Есіктің алды ебене,*

Ерлер киер кебене, *

Кеткен кісі келе ме?

Алғанын тәңір бере ме?

Әр талапқа шығарда

Қатынға ақыл салған соң.

Қатын тілін алған соң,

Неше батыр болсаң да,

Арыстаным Қобыланды,

Қатын да емей немене?!»

Қараман бұл сөзді айтқансын,

Қобыландыдай батырдың,

Тері тамып иектен,

Түгі шығып білектен,

Жаны бір тулап жүректен,

Неше бір құрдас айтса да

Қараманның бұл сөзі

Өтіп бір кетті сүйектен.

Сөз сүйектен өткен соң,

Тобылғы атқа ер салды,

Ақ алмасты қолға алды.

Қамшы басып сауырға,

Екпіні ұсап дауылға

Тобылғы меңді торы атпен

Қобыланды шапты ауылға –

Қатуланып қаттанып,

Буырқанып бұрсанып,

Мұздай темір құрсанып,

Қабағынан қар жауып,

Кірпігінен мұз тоңып,

Әр жақ пенен бер жаққа,

Найзасын ұстап бармаққа,

Аттанбаққа қалмаққа.

Батыр кейіп келеді,

Еш жазығы жоқ еді,

Бұлаңдаған Құртқаның,

Сөзге сынық қылдың деп,

Егер шықса алдынан,

Басын кесіп алмаққа.

Дарбазалы есікті,

Пайғамбардай несіпті.

Үйде отырған қыз Құртқа

Дүбірін аттың есітті.

Екпіні қатты кім болсын

Сұлтаным-дағы десіпті.

Түрегеліп бұлаңдап,

Ашып көрді есікті,

Көргеннен соң қамықты.

Құс төсекте мамықты,

Арпа, бидай қабықты,

Көтере алмас кедейлер

Жылына салған салықты.

Шыдай алмай қыз Құртқа

Және де ашты жабықты

Жабықтан көзін салыпты.

Салса ерді таныпты,

Түсі суық көрінді, –

Ерге болған секілді

Бір сөзбенен жазықты.

Батырдан Құртқа қорыққан соң,

Төмен қарап жер шұқып,

Өксіп жылап қамықты.

Енді Құртқа сасады,

Бетінен қаны қашады,

Оң етегін басады,

Сасқан емей немене,

Аш күзендей бүгілді,

Құртқа жаннан түңілді.

Шыдай алмай қорыққаннан

Есік пенен төріне

Неше қайта жүгірді.

Сасып жүріп жөн тауып,

Ақыл менен ой тауып,

Түтікпенен су берген,

Түндікпенен күн көрген

Төрде тұрған Бурылдың

Басын шешіп алады,

Мойнына арқан салады,

Шылбырынан жетелеп

Бурыл атты қыз Құртқа

Қобыландының алдынан

Бұлаңдап кетіп барады.

Бәйгеден келер көк дөнен,

Жеміне қосып жеді өлең,

Туғалы күнді көрмеген,

Түнектен шыққан Тайбурыл

Айдалаға шыққан соң

Түлкідей көзі жайнайды,

Қаруы сыймай қайнайды,

Көлденең жатқан көк тасты

Сұлым ғой деп шайнайды.

Он екі құлаш кезеңнен

Атылып Бурыл ойнайды

Қыз Құртқаны көтеріп,

Бурыл көкке екі ұшты.

Салмағымен қыз Құртқа

Алып жерге бұл түсті.

Жазығы әйел демесең,

Құртқа қыз да тым күшті.

Батыр жанына келгенде,

Қамығып Құртқа сөйледі:

«Асқар таудың белдігі,

Аздың бар ма теңдігі?

Құрдастың бар ма елдігі,

Жалғыздарға жар болған

Алланың көп дүр кеңдігі

Үш ұшар ең аспанға,

Бір ұшуың кем болды

Мен қайтейін Бурылжан,

Қырық үш күннің кемдігі».

Кентті жерді жайлаған

Үзілмейді базары,

Қайда қалмас жігіттің

Өлгеннен соң мазары,

Бурылды көзі көрген соң,

Қобыландыдай батырдың

Құртқадан қайтты азары,

Бурылға түсті назары.

Қобыланды сонда сөйледі:

«Көлден ұшқан қаз деймін,

Қаз жайлауын саз деймін,

Наурыздан соң жаз деймін,

Ақылы жоқ мен – ақымақ,

Бүйтіп жүрген Құртқамды

Шауып тастай жаздаймын.

Сарай да, сарай, сарай бар,

Сарайға қолды жеткізген

Қос өркешті қызыл нар.

Әр пендеге лайық

Өзіне тәңірім қосқан жар.

Атымды бүйтіп баптауға,

Асылдан соққан сүңгімді,

Ырғай алып саптауға,

Құртқадай болып мініскер*,

Жар тапқанша талай бар,

Батырдың сөзін есітіп,

Батыр жанына келгенде

Наз қылса да, қорықса да,

Құртқа сынды сұлуың,

Төмен қарап жер шұқып,

Өксіп жылап қамықты.

Қамыққанын көрген соң,

Сонда Қобылан сөйлейді;

«Қызыл тілім шешен-ді,

Қатардан басым көсем-ді,

Артықша туған, Құртқажан

Атың әйел десем де,

Басқа әйел болғанда,

Қауіпсіз болып тұрғанда

Кеудеден басың кетеді.

Менің көзім тіріде,

Ердің құнын жесең де,

Құртқажан, неге қамықтың

Жолбарысың мен есенде?!

Құс төсекте мамықты,

Арпа, бидай қабықты

Мені көріп, Құртқажан,

Қуанбасаң, қамықпа,

Менің көзім тіріде,

Ердің құнын жесең де,

Құртқажан, неге қамықтың

Жолбарысың мен есенде?!

Құс төсекте мамықты,

Арпа, бидай қабықты

Мені көріп, Құртқажан,

Қуанбасаң, қамықпа,

Менің көзім тіріде,

Қараңғы түн ішінен

Шығарармын жарыққа!

Осы барған сапардан

Есен барып, сау қайтсам,

Әйел де болсаң Құртқажан,

Хан қылармын халыққа!»

Сонда Құртқа сөйледі:

«Айдынды көлден қу аттым,

Дертке дәрі етіне.

Ойнап балық шығады

Айдын көлдің шетіне.

Кисең киім жарасар

Ақ патсадай етіңе.

Талап етіп ойға алсаң,

Жеткейсің мұрат-ниетіңе.

Сіздер сұңқар, біз қарға,

Сіз даладан келгенде

Ажырайып қарарға

Жарамаймыз бетіңе.

Аға-інің сенің жоқ

Жазым болып, келмесең

Мен күйермін дертіңе».

Сонда Қобылан сөйледі:

«Жылқы ішінде аламын,

Қылшық жүнді қарамын,

Аға менен інім жоқ

Жеке туған дарамын.

Тоқтар менен Аналық,

Әулиеге ат айтып,

Қорасанға қой айтып.

Шыбын жанын және айтып,

Безіп дүние малынан,

Тірідей безіп жанынан,

Тілеп алған баламын.

Жатпады деп бүгінше,

Өкпелеме, Құртқажан,

Кемпір-шалдың қойнына

Жатайын деп барамын.

Бұл сөзді айтып Қобыланды

Тобылғы меңді торы атпен

Дөңгелетіп жөнелді

Тоқтар тіккен ордаға,

Көлге біткен жекен деп,

Бүршігі жоқ тікен деп,

Үйде отырған кемпір-шал

Жүгіре шықты далаға:

«Жалғызым келген екен», – деп,

Көзі түсті балаға,

Бірден жылап екеуі

Баладан болды садаға.

Шылауына шырмалды,

Шылбырына оралды,

Оң тізгінін қолға алды,

Қобыландыны жетелеп,

Үйге алып кеп түсірді.

Өлгенде көрген жалғызға

Шәрбаттың суын ішірді.

Және айналып толғанып,

Кезек-кезек қолға алып,

Қобыландыны кемпір-шал

Күн батпай-ақ жатқызды.

Жатқызды көрпе-төсекке,

Кезек-кезек сөз қатты,

Үндемей Қобылан тек жатты.

Тілеп алған жалғыз ұл

Кемпір-шалға тым тәтті.

Ол уақытта пенде жоқ,

Қобыландыдай сымбатты.

«Өзіме қара, қалқа», – деп,

Ірге жаққа шал тартты.

«Өзіме қара, қозым», – деп,

От жақтан кемпір бұл тартты.

Ортасында Қобыланды

Алма-кезек домалап,

Шал-кемпірдің қойнында

Артық туған Қобыланды

Кірпік қақпай таң атты.

Таң сарғайып атқанда,

Шолпан жұлдыз батқанда,

Кемпір-шалдың қойнында,

Қобыланды ойнап жатқанда,

Бәйгеден келген көк дөнен,

Түнімен ұйқы көрмеген,

Қобыландыдай батырдың

Тоқтамасын білген соң,

Тайбурылдың үстіне

Алтыннан тұрман ер салып,

Аз ғана азық жем салып,

Ақ орданың алдынан,

Өткізді Құртқа көлденең.

Тайбурылды көргесін

Қобыланды тұрды төсектен.

Өткен Бурыл есіктен

Үйдің сырты жиылған

Ағайын жұрты есіткен.

Жиылып жұрты жылады,

Халайық қайран қылады,

Жіберуге қимайды

Қобыландыдай баланы.

Киініп үйден шыққасын

Халқы ортаға алады,

Жиылған жұртпен қоштасып,

Қобыландыдай батырың

Тайбурыл атқа мінеді,

Беліне семсер іледі,

Ақ сауытын киеді,

Ноғай бөркін киеді.

Дүйсенбі күн сәскеде

Қараспан тауды бөктеріп.

Кешегі кеткен Қияттың

Қобыландыдай батырың

Соңынан желіп жөнелді.

Тоқсандағы Тоқтарбай,

Алпыста шешесі Аналық,

Қарындасы Қарлығаш,

Қосақ жары қыз Құртқа –

Төртеуі жылап соңынан,

Кескілей кет деп қолыңнан,

Қобыландының артынан

Олар да еріп жөнелді.

Түстік жерге келгенде,

Қарындасы сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

«Халық ұйғарса қалмайсың,

Көңілің сүймей бармайсың.

Жалғыз ағам, жан көкем,

Сапарландың талапқа,

Ақ сұңқар сеніп ұшады,

Құйрығы мен қанатқа.

Сайға біткен қоқтымын*

Бөрік үстінде шоқтымын.

Көкежан, қайтып келгенше,

Ел-жұртың есен көргенше,

Айтып кеткен Құдайға

Қоңыр шұнақ тоқтыңмын.

Мен түсемін қиялға,

Нешік айла болады

Көзімнің жасын тыярға?

Көкежан, қайтып келгенше,

Ел-жұртың есен көргенше,

Артында қалған мен нашар

Айтып бір кетші ниязға*.

Көзге, көке, жас алдық,

Көкежан, қайтып келгенше,

Артыңда қалған мен сорлы

Болайын сенен тасаттық*.

Басымда бар алтын шоқ,

Көкешім барда көңілім тоқ.

Көкежан, сені көрмесем,

Басымнан өтер дүние боқ!

Табаныма тиер шоқ

Сізге деген Құдайдың

Бізге болсын ажал оқ!

Ақ маңдайда тұлымым,

Бірге туған құлыным,

Керекке біткен жауырын,

Бірге туған бауырым,

Қолқанатым, құйрығым,

Судан шыққан сүйрігім,

Суырылып озған жүйрігім,

Сізге деген Құдайдың

Қабыл еттім бұйрығын!

Қозыдай менің егізім,

Тел қозыдай сезімім,

Бірге туып, бірге өскен,

Кіндігімді бір кескен,

Қарға жүнді қаттасым,

Үйрек жүнді оттасым,

Бірге туған тектесім,

Қысылған жерде демесім.

Тоғай толған түйең бар,

Қора толған қойың бар,

Оны кімге тапсырдың?!

Жерге сыймас жылқың бар,

Тоқсанда атаң Тоқтарбай,

Алпыста анаң Аналық,

Жан көке, кімге тапсырдың?

Өзіңмен бірге туысқан,

Тай-құлындай тебіскен,

Бірге туып, бірге өскен,

Кіндігімді бір кескен,

Мен сорды кімге тапсырдың?

Бұл дүниеде мұңдасың,

Ахиреттік жолдасың,

Төсекте жатса сырласың,

Құдай қосқан қосағың,

Көктімнің қызы Құртқаны,

Жеңешемді кімге тапсырдың?»

Қоблекең сонда тарықты,

Батыр сөзге толықсып,

Көп ойлады халықты.

Қарлығаш даусы шыққасын,

Қобыландыдай батырың

Ақ найзаға сүйеніп,

Өксіп жылап қамықты.

Қайта айналып, қаз қонар,

Ұя салған жеріне.

Әркім ойнап күледі

Өз уақытында теңімен.

Ақ найзаға сүйеніп,

Қарлығашқа көрсетпей

Жасын сүртті жеңімен.

Сонда тұрып сөйледі,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Тауда болар тарғыл тас,

Тарықса шығар көзден жас,

Тар қолтықтан оқ тисе,

Шығады сүйеп қарындас.

Қарындасың болмаса,

Жауда қалар ғазиз бас.

Арқаңды жапқан қолаң шаш,

Айналайын, Қарлығаш,

Айтқан сөзге құлақ ас!

Мен кешігіп келмесем,

Сендерді мұндай жылатпас,

Қалың қыпшақ, қарындас!

Қарлығаш, сенен айналдым,

Ағызба, қалқам, көзден жас!

Жасыңды тыйшы көзіңнен,

Сай-сүйегім сырқырар,

Жан көке деген сөзіңнен!

Бір сүйгізші, шырағым,

Жаудыраған көзіңнен!

Атадан тақ баламын,

Жауға кетіп барамын,

Жасым үлкен ағамын,

Әлдеқандай боламын,

Әйел де болсаң, бір тудың

Нашарсынып нетейін!

Мойныңды бұршы, Қарлыжан,

Көкең сүйсін бетіңнен,

Армансыз болып кетейін!

Қарындасым, Қарлыжан,

Тоғай толған түйемді

Сарысуға тапсырдым.

Желі толған жылқымды

Жасанған жауға тапсырдым.

Қорам толған ақты қой,

Аш бөріге тапсырдым.

Азу тісі балғадай

Жас бөріге тапсырдым.

Тоқсанда атаң Тоқтарбай,

Құдіретіне тапсырдым.

Алпыста анам Аналық,

Бибібатимаға тапсырдым.

Шырағым сені, Қарлығаш,

Қарашаш ханымға тапсырдым.

Қосақ жарым Құртқаны,

Балуан қызға тапсырдым.

Сендер төртеу, мен жалғыз,

Айналайын, Қарлығаш,

Көкеңді кімге тапсырдың?»

Қарындасы сөйледі:

Сөйлегенде бүй деді:

«Бұл жібердім базардың

Бояғы мен бөзіне,

Салса жылқы тоқтайды

Арқаның бөрі көзіне,

Құлақ сал, көке, сөзіме,

Осы барған сапардан,

Жан көкем есен келгенше,

Ел-жұртың есен көргенше,

Он сегіз мың ғаламға

Падиша болған Хақ Жаббар,

Тек тапсырдым өзіңе!

Қарлығаш және сөйледі:

Басымнан дүние өткен-ді,

Көрінбесең көзіме,

Құлақ сал, көке, сөзіме.

Ата-анасын көргенше,

Қалқамбысың дегенше?

Мен көкемді тапсырдым,

Он сегіз мың ғаламның

Падишасы, өзіңе.

Қараспан тауын жайлаған

Біздің қалың көп Қыпшақ,

Көкемнің оңғар сапарын

Жасаған құдай, беріп бақ.

Алды-артында сүйеу жоқ,

Атадан, көке, тудың тақ.

Сіз тұрғанда көңілім шат,

Сапарыңнан қайтқанша,

Аман-есен келгенше,

Мен көкемді тапсырдым,

Он сегіз мың ғаламның

Падишасы, жалғыз Хақ.

Көп қайырың тиеді,

Еліңде қоңсы-сыбайға.

Көз салмадың, жан көке,

Бірге туған жұбайға.

Адалдан жиған малыңды

Залымдарға тапсырдың.

Осының, көке, ұнай ма?

Көкем есен келгенше,

Ата-анасын көргенше,

Жалғызымды тапсырдым,

Бір жаратқан Құдайға».

Қарлығаш айтып болғасын

Құртқа келіп не деді?

Ел жайлаған еп еді,

Зарлы-мұңды көп еді,

Жалғыз ұлдан айырылып,

Кемпір мен шал жүдеді.

Бұлаңдап келіп жанаса

Енді Қобылан сұлтанға

Сұлу Құртқа сөйледі:

«Илеуі жоқ күмісім,

Жасаған қосқан белесім,

Ойын менен күлісім

Сұлтаным, сізге бас қосып,

Кеңейіп еді өрісім.

Алтыннан соққан кебісім,

Сегіз ұжмақ бейішім,

Қауыз, кәусар суындай

Бейіштен шыққан жемісім.

Арыстаным, аман бол,

Осы барған сапардан

Қиын болар келісің!

Жылқы ішінде аласың,

Қылшық жүнді қарасың,

Ағаң, інің сенің жоқ

Жеке туған дарасың.

Атам менен енемнің

Безіп дүние малынан,

Тірідей безіп жанынан,

Тілеп алған баласың.

Сөйткен бала тастар ма,

Атасы менен анасын!

Сұлтанымның меңзеймін

Тоқтамасқа шамасын.

Кетер болсаң, сұлтаным,

Енекемнің еміп кет,

Төсінде екі мамасын.

Сабындаса ағармас,

Іштен туған қарасың.

Құдай қисық жаратты,

Кімнің тілін аласың.

Өз дегенің болмаса,

Жөнге көнбес баласың!

Тіл білмеген дұшпанға

Жалғыз кетіп барасың.

Қош, сұлтаным, аман бол,

Әлдеқандай боласың?

Асқар төбе, бел дерсің

Тайбурыл атпен желерсің,

Жақсы-жаман қадірін

Құртқаның сонда білерсің.

Құртқаның сөзіне сенерсің:

Кешегі кеткен Қияттан

Он екі күн бұрын барарсың.

Қазан алған қос қала –

Қырлы қала, Сырлы қала деп,

Сырлысын бұрын аларсың.

Жалғаса біткен жанында

Қасқарлық деген тауы бар,

Басына оның шығарсың.

Атыңды көкке қаратып.

Кіндігінен жаратып,

Жата бергін, сұлтаным.

Қараман атты құрдасың

Қазанның Қырлы қаласын

Аламын деп ала алмас,

Алты қабат орынан

Қарғытып ішке ене алмас,

Қақпаның аузын аша алмас,

Қайраты жетіп таса алмас.

Тауда жатқан өзіңе

Қараман келер – құрдасың,

Қатын деп кеткен сөзіне,

Бетіне сонда соғарсың,

Асқар төбе белдігі,

Аздың бар ма теңдігі?

Құрдастың бар ма елдігі?

Астыңдағы Бурылдың

Көбіктінің екі аты

Үйіріне қарай қашқанда,

Сол уақытта көрінер,

Қырық үш күндік кемдігі.

Асқар төбе бел дерсің,

Тайбурыл атпен желерсің.

Жақсы-жаман қадірін

Құртқаның сонда білерсің.

Тоқсанға келген атамның

Бұтында жоқ ыштаны,

Тізесіне тон жетпей,

Қызылбастың елінде

Қаратабан болып жүргенде,

Сұлтаным, сонда келерсің.

Алпыста анаң Аналық

Арқан есіп, жүн түтіп,

Құрт қайнатып жүргенде,

Қайғыменен қан жұтып,

Сұлтаным, сонда келерсің.

Қарындасың Бикешжан

Әбдестесі*жанында,

Бес кесесі қолында,

Белдемшесі белінде,

Қызылбастың елінде

Шай қайнатып жүргенде,

Сұлтаным, сонда келерсің!

Көк етіктің мықтысы,

Күзгі жердің шықтысы.

Сенен қалған мен сорды

Бір дұшпанның мықтысы

Аламын деп тұрғанда,

Қараңғы үйге салғанда,

Көңілге қайғы толғанда,

Сұлтаным, сонда келерсің!

Мінген атың ақ табан,

Айтулы едің мақтаған,

Құданың ісі көп шығар

Өлмегенге сақтаған.

Алла қосып, сұлтаным,

Сапарландың талапқа

Хош аман бол, Алла жар,

Жалғызымды тапсырдым,

Құданың досты пайғамбар!

Мерген байлап оқ атар,

Ұшқан көлдің қуына,

Иманды құл кез келер

Қауызы, кәусар суына.

Бұл дүниеде келмесең,

Құртқамбысың демесең,

Қазан жетіп бұл жолда

Хаққа дүзеп бетіңді,

Арыстаным, жөнелсең,

Жұбайым бар деп еске алсаң,

Сұлтаным, сонда мені ізде,

Табысайық мақшарда*,

Пайғамбар тіккен тауында».

Сол уақыттар болғанда

Шешесі келіп жылайды,

Қобыландыны құшақтап,

Көздің жасын бұлайды.

«Он сегіз мың ғаламға,

Патша болған Хақ Жаббар,

Есіт мынау сөзімді,

Он үш жасар Қобыланды

Ерінбей сүйер кезімде,

Кітаптардың ішінде

Қырық пайғамбар аты бар,

Қырда Қияс пайғамбар

Ойда Илияс пайғамбар,

Сізден басқа кімім бар?!

Бас-басына бір жандық,

Дем бермесең, біз қалдық.

Асқар төбе бел өттік,

Белден асып ел кеттік.

Әулие-аруақ салсаң көз

Ата жолын тербеттік!

Бір жылқыдан кем шаппас

Келінжан баққан Бурыл ат!

Денеге оқты дарытпас

Дәуіт соққан жалаңқат.

Асынғаны жанына

Қынабының сабы алтын,

Ұстар жері сары алтын,

Қынаптан шықса – қылт еткен,

Тасқа салса – лып еткен,

Шүберектей қуарған,

Қайтпасын деп тау-тастан

Заһарға салып суарған,

Балдағы алтын шарболат!

Шырағымның шыбын жан

Жасаған саған аманат!

Ақ сұңқар құс мақтанса,

О да бір күн кез келер,

Құсбегінің торына.

Арғымақ ат мақтанса,

О да бір күн кез келер

Қаланың қазған орына.

Ықылас атты Шәшті Әзіз,

Осы кеткен қозымды

Тек тапсырдым қолыңа.

Қозымды жықпа орыңа,

Жолықтырма зорыңа!

Алпыс жасқа келгенде

Қобыландыдай ұл тапқан

О да менің сорым ба?

Осы барған сапардан

Есен барып сау қайтсаң,

Егіз туған көк қошқар –

Ол да сенің жолыңа!

Егіз туған көк бура –

Ол да сенің жолыңа.

Көл иесі, Қамбар-ай!

Шөл иесі, Қамбар-ай,

Қамбар, өзің қолдасаң,

Қолдамайтын кім бар-ай!

Қазанға қайдан жол қылдың,

Қараман деген заңғар-ай!

Қала қоймас Бурыл ат

Қатар шапқан жарыстан.

Жақын емес, шырағым,

Жау іздедің алыстан.

Қыс болғанда жылқы ықпас

Көлге біткен қамыстан.

Осы кеткен қозымды

Өз қолыңа тапсырдым,

Ғали атты арыстан!

Аязды күн айналған,

Бұлтты күні бұрылған,

Айқара бесік таянған,

Дыбысы шықса оянған,

Алтыннан бесік ойдырып,

Ақ торғынға бөлеген,

Өлгенде көрген көбеген,

Ел тілегін тілеген,

Қабырғам жездей қайысқан,

Көтергенде бесіктен

Он саусағым майысқан.

Тас емшегім жібіткен,

Тар құрсағым кеңіткен,

Балапан қаздай ерткен.

Алсам қолым талдырған,

Сүйсем мейірім қандырған,

Денемнен шыққан балдырған!

Шаһизада қазірет,

Жарылқаушы құдірет,

Қызылбас – басқа, біз – үмбет,

Қозымды сізге тапсырдым,

Алланың досы, Мұхамбет

Жалғызыма жәрдем ет!»

Сонда Қобылан сөйледі:

«Қой, шешеке, жылама,

Жылағанмен бола ма?

Мен сапардан қайтқанша,

Ата-анам, ел-жұртым,

Тапсырдым енді Құдайға».

Қараман кетті жиып қол,

(Сөйледі сөзді оңды-сол).

Қобыландыдай батырға

Жиылып халық беріп қол,

Жылаумен қалды кемпір сор!

Тоқтарбайдай шалыңыз

Көзі-басы іріңдеп,

Буындары дірілдеп,

Жүре алмады болып қор.

Орта жолда зарлайды

Қайрылып Қобылан бармайды.

«Жалғызыма жар бол!» деп,

Жад қылып Жаббар Құдайды,

Қала берді кемпір-шал,

Аруақтарға жалынып!

Қобыланды мінген Тайбурыл

Шиыршық атып ойнайды,

Атандай төсі салынып,

«Айт жануар, шу!» – деді.

Құбылып Бурыл гуледі,

Табаны жерге тимеді,

Құлақтың түбі терледі,

Тер шыққан сайын өрледі,

Көлденең жатқан аңғарды

Жер ошақ құрлы көрмеді.

Атына көңілі біткесін

Батыр Қобылан сөйледі:

«Әуелі Алла анайым,

Хақ жаратқан Құдайым,

Үйдегі Құртқа жұбайым.

Жарым олқы болды деп,

Жемеймін тіпті уайым.

Құртқажан «тұлпар» деп еді,

Айтқан сөзін сынайын.

Жайың қалай, Бурыл ат?

Қолтығыңда қос қанат,

Үстіңде мен аманат.

Үкілі құйрық, майда жал,

Сөзіме менің құлақ сал.

Алтын, күміс қият жал,

Лебізің сенің сары алтын,

Үстіңдегі түгіңнің

Жары – күміс, жары – алтын,

Жан серігім, Бурыл ат,

Терлемессің күн салқын.

Жылқыда тұлпар сен едің,

Жігітте сұңқар мен едім,

Қыдыра жалды, қыл құйрық.

Сенен озбас деп едім.

Екі аяқты, бір басты

Менен озбас деп едім.

Біздің ауыл ағыста,

Есебі жоқ алыста,

Азулының бойында

Жылқылары қамыста.

«Қатын Қобылан қалды» деп,

Кешегі кеткен Қиятқа?

Қоямысың намысқа?

Жан серігім, Бурыл ат,

Барыңды бүгін қарышта!



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет