Қобыланды батыр



бет3/7
Дата03.12.2019
өлшемі388.5 Kb.
#447622
1   2   3   4   5   6   7
Кобыланды батыр жыры

Қаса тұлпар ат болсаң,

Ұшқан құстан қалыспа.

Қырық күншілік Қазанға

Бір-ақ күнде жетуге

Сіздей малға алыс па?

Бұл жібердім базардың

Бояғы менен бөзіне,

Салса жылқы тоқтайды

Арқаның бөрі көзіне.

Жан серігім, Бурыл ат,

Сал құлағың сөзіме,

Қырық күншілік Қазанды

Көрсетші бүгін көзіме!

Көрсетпесең көзіме,

Онда Құртқа, мен мұнда

Қалар көңілім өзіңе!»

Құралайдың талына,

Алуа, шекер, балына,

Тобылғы сапты қамшымен,

Тартып-тартып жіберді

Тайбурылдың санына.

Жан серігі Бурылдың,

Жаман батты жанына.

Жанына батпай не қылсын

Қарға, құзғын тойынды,

Санынан аққан қанына.

Қобыландының қамшысы

Тайбурылға шын батты,

Шыбын жаны тым тәтті.

Санына қамшы батқан соң,

Қаны судай аққан соң,

Жоғары ерні жыбырлап,

Төменгі ерні қыбырлап,

Тайбурылға тіл бітті,

Тайбурыл сонда сөйледі:

«Тауға бітер емен, тал,

Кімге келмес керімсал

Наз бедеу атқа бітер жал,

Аямай тарттың қамшыңды,

Өлмесем де кеудемнен

Шыға жаздады шыбын жан,

Батыр туған, Қобылан нар!

Қызылбастың шаһарына

Мұнша болдың ынтызар!

Ата-анадан жалғыз тақ,

Жалғыздық кегін менен ал.

Төрт аяғым тең жорға,

Тізгінім тартпай сал жолға,

Үстімде сен есенде,

Астыңда өзім аманда,

Қажу бар ма мен сорға?

Ат қылып Тәңірім жаратты,

Сен секілді сыбайға.

Қысылған жерде ер жігіт,

Бір Тәңірге жылай ма?

Қырық күншілік Қазанға

Бір-ақ күнде жет дейсің,

Ұшқан құсқа оңай ма?!

Қиын да болса Қобыланды ер

Қиналармын, қайтейін,

Уағдаңыз солай ма?

Намаздыгер өткенше,

Намазшамға жеткенше,

Қазанның Сырлы қаласын

Көрсетпесем көзіңе,

Түсірмесем жүзіңе

Жан серігің Бурылды,

Сол жерде шал Құдайға»!

Бұған Қобылан қуанып,

«Шырағым, Бурыл, шүу!» – деді,

Құбылып Бурыл гуледі,

Табаны жерге тимеді.

Тау мен тасты өрледі,

Төрт аяқты сермеді,

Құлақтың түбі терледі,

Тер шыққан соң өрледі,

Адырды көзі көрмеді,

Көлденең жатқан көк тасты

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі.

Қараша емес қауысты,

Қоңыраулатып дауысты,

Жақын қылды алысты.

Берсін кімге намысты,

Күн төбеден аумай-ақ

Түзеді Бурыл шабысты.

Қос құлағы тігілді

Қайырға біткен қамыстай,

Түс ауған соң бүгілді

Илеуі жеткен қайыстай.

Байлаулы малдай шешілді,

Төрт аяғын көсілді,

Әрбір сымдай есілді.

Кешегі кеткен қосынға

Жетемін деген Қобыланның

Жоқ еді тіпті есінде.

Бұлаңдаған Бурылмен

Артық туған Қобыланды

Аңқып жетті бесінде.

Қол соңында барады,

Қарабұқан жауырыншы,

Бұқанға келді – «Арма!» – деп,

«Алдыңда кісі бар ма?» – деп.

Қарабұқан сөйледі:

«Жылқы ішінде аланы,

Жоқтап ек Қобылан баланы,

Аты қалар деймісің

Өзіңнен үлкен ағаны?!

Осынау белдің астында

Қосдәулет кетіп барады».

Тайбурыл атты құтыртып,

Оған да келді сыпыртып,

«Үлкен едің – арма!» – деп,

«Алдыңда кісі бар ма?» – деп.

Ол да айтады – аланы,

«Жоқтап ек Қобылан баланы,

Қылшық жүнді қараны,

Осынау белдің астында

Аққозы кетіп барады».

Тайбурылды құтыртып,

Оған да келді сыпыртып

Ол да айтады, аланы,

Қылшық жүнді қараны,

«Адасты деп ойлап ек

Қобыланды сынды баланы.

Осынау белдің астында

Қарақозы кетіп барады».

Тайбурыл атты құтыртып,

Оған да келді сыпыртып,

Оған да келіп: «Арма»» –деп,–

Алдыңда кісі бар ма?» – деп,

Қарақозы сөйледі:

«Алыстан айқын көрінген

Жылқы малдың аласы,

Ағынан көп-ті қарасы.

Оңдаса Құдай сапарды,

Пенденің болмас шарасы.

Қызыл тілді сөйлеткен

Қаусырма жақтың арасы.

Жеткен-ді деп ойлаймын

Өз көңілімше шамасы,

Кешегі қонған мезгілден,

Шапқаннан бері, шырағым,

Көрінген жоқ көзіме

Құрдасыңның қарасы».

Көктем мезгіл болғанда

Көктен құйған тамшыдай,

Шебер қыздың қолында

Балдағы алтын қайшыдай,

Қарамандай құрдасы

Кетіп қалды деген соң,

Бұлаңдаған Бурылға

Тағы да басты қамшыны-ай.

Найзасы аумай қолынан,

Жұлдыз туып оңынан,

Қобыланды сонда «шүу!» – деді,

Құбылып Бурыл гуледі

Қараманның соңынан.

О да кетіп қалыпты,

Үздік озып қолынан

Беті қайтпай барады,

Сапар еткен жолынан.

Тайбурылды гулетіп,

Келіп жетті соңынан.

Қобыланды жетіп сөйледі:

«Болғаның ба, досым-ай,

Мақтаған атың осы ма-ай?

Он екі күнде келерсің

Менің бүгін кеште тіккен қосыма-ай!

Жағалай таудың татыры-ай,

Жарасар тіккен шатыры-ай.

Анау күні қатын деп

Қарамай кеткен батыр-ай!

Көрдіңіз бе, Қараман,

Қатынның баққан атын-ай,

Қатын да болса, білдің бе?

Құртқаның асыл затын-ай!

Қатынның баққан атын-ай?!

Қапыда қалма, батыр-ай!

Жүрмейсің бе, Қараман,

Үш күн кейін соң калып,

Мен де озып барамын,

Қалсаң, өлім жақын-ай!

Қобыланды гулеп жөнелді,

Көп Қиятқа қарамай,

Қалың Қият – көп қосын

Бәрі қалды артында,

Бірі еруге жарамай.

Сонда Бурыл гуледі.

Табаны жерге тимеді,

Көлденең жатқан көк тасты

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі.

Аманбайдың ақ тікен,

Асып Бурыл жөнелді.

Қарсы келген қабақтан,

Қарғып басып жөнелді.

Сеңгір-сеңгір таулардан

Секіре басып жөнелді.

Ол төбе мен бұл төбе,

Бауыры шұбар көл төбе –

Онан да өтіп жөнелді.

Қамыстының қазды көл,

Қоғалының қулы көл,

Шегендінің желді көл,

Шағалалы шалқар көл,

Қызғыштының Қызды көл,

Құмра, қотан Қос көлден,

Айналасы бес көлден,

Бәрінен өтіп жөнелді.

Құдердің қара дөңінен,

Бесін де өтті деңінен,

Барлы-барлы, барлы тау.

Басы биік, қарлы тау,

Хан жайлаған Қаратау,

Би жайлаған Алатау,

Онан да өтіп жол шекті-ау.

Түйе мойнақ иір тау,

Қыз емшекті сүйір тау.

Атасу мен Манащы

Мал оттауға оты ащы,

Ішейін десе суы ащы,

Мұнан-дағы жол шекті.

Қампай-құмпай қасынан.

Жем, Темірдің басынан,

Қолбағайлы шөлдерден,

Қасқалдақты көлдерден,

Асқар-асқар белдерден,

Айдын шалқар көлдерден,

Қан сасыған жерлерден,

Тобылғылы нұрадан,

Сексеуілді жырадан,

Баялышты құмайттан,

Бүлдіргенді шыңайттан

Жалғыз шауып жол шекті.

Астына мінген Бурыл ат

Жауатын күндей күркіреп,

Жаңбырдай тері сіркіреп,

Құбылып ойнап жер басты.

Алдыңғыдан артқысын

Сынық сүйем кем басты.

Жалғаса ұшқан қоңыр қаз.

Тозаңынан адасты.

Асқар төбе бел еді,

Бір шауып, бір желеді,

Құбылып ойнап жер басып,

Дөңгеленіп келеді,

Садақтың бауы сартылдап,

Масатыдан шалбардың,

Сала құлаш балағы,

Алтынды зермен көмкерген,

Жел соққандай жалпылдап,

Белеңнен асты былқылдап,

Тозаңы шықты бұрқылдап,

Аттың жолы қазылды,

Ұмтылғанда қысылып,

Бес жүз құлаш жазылды,

Бурыл көкке секірді,

Омырауда тері көпірді,

Шаба-шаба шатылды,

Табаны тиіп ұшқан тас.

Қызылбас мылтық оғындай,

Аспан көкке атылды.

Тақиядай көрмеді

Үстіндегі батырды.

Бұлаңдаған Бурылдың,

Маңдайында масаты бар,

Марал ішсе – таусылмас.

Құйрығында құдық бар,

Құлан ішсе – таусылмас.

Арандай аузын ашады,

Аяғын топ-топ басады.

Бір төбенің тозаңын

Бір төбеге қосады.

Кешке таман Тайбурыл

Жын қаққанға ұқсады,

Құлан менен құлжаның,

Ұзатпай алдын тосады.

Көл жағалай отырған,

Көкқұтан мен қарабай

Көтеріліп ұшқанша,

Белінен басып асады.

Дуадақ пен жек қалды,

Әлде өтірік, әлде шын

Ақ сұңқар мен лашын,

Өлген құсты жеп қалды.

Ебелек ұшпас елсізден,

Көбелек ұшпас көлсізден,

Құла мидай шөлдерден,

Адам жүрмес жерлерден,

Батпақ лай көлдерден,

Асқар-асқар белдерден,

Жалғыз шауып жол шекті.

Үмітін үзіп келеді,

Қараспан тауды жайлаған.

Қалың қыпшақ елдерден

Намаздыгер өтті енді,

Мезгілі шамның жетті енді,

Қобыланды мен Бурылдың

Уәдесі бітті енді.

Көріне ме шаһар деп

Ілгері қарап күткен-ді.

Сол уақыттар болғанда,

Белес-белес бел көрді,

Бел астында ел көрді,

Бидайықты ақтатыр

Ақты, бозды, қой жатыр.

Тіктеп шауып қалаға

Қобылекем келе бұл жатыр.

Құланнан атты қодықты,

Көлден тартты борықты,

Жетемін деп торықты.

Намазшамның кезінде.

Бес ағаштың түбінде,

Қазанның салған жылқыға

Ағыны қатты Бурылмен

Аңқытып келіп жолықты.

Көк алалы көп жылқы,

Бөрі құлақ ен жылқы,

Гулетіп жылқыны алады,

Айқайлап жиған көп жылқы

Бір уыс болып қалады.

Жылқыны жөнге шығарып,

Қазанның Сырлы қаласын

Қайта айналып шабады.

Бетіне қалқан далдалап,

Шаһарына шапты «Аллалап».

Қаланың аузын қандатып,

Көшенің аузын шаңдатып.

Қақпадан атын қарғытып,

Кіндіктен оғын сырғытып,

Туырлығын тоқым қып,

Керегесін отын қып,

Мал шығармай далаға,

Ел шығармай салаға,

Жау бетінде жад қылып,

Жеті кәміл бабаға,

Өтірік емес, жан аға.

Қазанның Сырлы қаласын

Бұзып, жарып Қобылекең,

Он екі күн дегенде

Жалғыз жанды құтқармай

Айдап шықты далаға.

Құлақ салмақ сауап-ты.

Бес уақытқы азанға,

Төрт құлақты Қазанға,

Ителгі құстың тырнағын

Мың сан қарға жазар ма?

Сырлы қаланы алады,

Адамын жөнге салады,

Қаланың қиғаш қасында,

Қасқарлық таудың басына,

Бұлаңдаған Бурылмен

Батыр Қобылан шығады,

Құртқаның сөзін сынады,

Жан-жаққа көзін салады,

Батырдың көзі шалады,

Қалың Қият, көп қосын

Он екі күн дегенде

Олар да келіп қалады.

Өзі жатқан Қазанның

Қырлы дейтін қаласын

Қырық мың қолды әскермен

Алты қабат орының

Сыртынан орап алады.

Қараман атты батырың,

Аламын деп ала алмай,

Алты қабат орынан,

Қарғытып ішке ене алмай,

Қақпаның аузын аша алмай,

Қайраты жетіп таса алмай,

Үш күн тұрып сыртында

Болдыра алмастай болған соң,

Енді атына мінеді,

Мініп алып атына

Тауда жатқан батырға

Қараман өзі келеді.

Келіп сөйлей береді:

«Айбалтам тасқа өтпейді,

Жамандар сөзді кектейді,

Жүрмеймісің, құрдасым,

Қызылбастың еліне

Сенсіз күшім жетпейді!»

Сонда Қобылан сөйледі:

«Асқар ма екен, тау ма екен?

Арғымақ па екен, ат па екен?

Жая ма екен, жал ма екен?

Шекер ме екен, бал ма екен?

Ер бұзбаған қамалды

Қатын бұзған бар ма екен?

Мал салдым базар бөзіне,

Салса жылқы тоқтайды

Арқаның бөрі көзіне.

Ерді қатын дей ме екен,

Не деп айттың өзіме?

Сен бір айтпай үш айттың,

Келмеді ме көзіңе?

Көрінбе менің көзіме.

Неше батыр болсаң да

Үйде қалған Құртқаның

Сатса алмаймын өзіне.

Өзі түгіл Құртқаның,

Сағынғанда алмаймын

«Қалқамжан деген сөзіне!»

Қобыланды бұл сөзді айтқасын,

Қараман құрдас өкпелеп,

Көрмеймін деп жер тепкілеп,

Наза боп қайтып жөнелді:

«Алсам, мұны алармын,

Алмасам, өліп қалармын,

Қатыныңның тілімен

Қобыландыдай батырың

Жүр ме едің әлі де кекті?» деп».

Қобыландыдай батырдың

Жая да емес, жал-ды деп,

Шекер де емес, бал-ды деп,

Бір қатынның тілімен

Құрдасым көңілі қалды деп,

Аршын басты Бурылмен

Аңқытып желді соңынан,

Іс келеді қолынан,

Былқылдап Қобылан желеді–

Соңынан жетіп келеді.

Қобыланды батыр келгесін,

«Сыбағамды бердің»,– деп,

Қараман құрдас күледі.

Қуанғаннан батырдың

Төбесі көкке тиеді.

Қараман, Қобылан қосылып,

Қосынға келіп енеді.

Ордың мініп басына,

Қаланың келіп қасына,

Қобыландыдай батырың,

Тайбурылға сөйледі:

«Мал саттым базар бөзіне,

Салсаң құлақ сөзіме,

Салсаң жылқы тоқтайды,

Арқаның бөрі көзіне,

Жая қандай, жал қандай?

Шекер қандай, бал қандай?

Екеуміз жолдас болғалы,

Бүгін емес бірталай,

Анаңыз тұлпар деуші еді,

Қалмақтың терең қаздырған

Алты қабат орынан,

Жетінші қабат қалаға,

Қарғытамын, Бурылым,

Қарғимысың жай қандай?»

Жоғары ерні жыбырлап,

Төменгі ерні қыбырлап,

Екпінімен сыбырлап,

Сонда Бурыл сөйледі:

«Артыңда қалды еліңіз,

Болды ма менде кегіңіз?

Шешем Құртқа деген соң,

Сатылмайды теріміз,

Көңілде жоқ кіріміз.

Қосылған жерде дем берсін

Жылқышы Қамбар піріміз,

Көңіліне алсаң қоймайсың

Қайсар Қобылан шеріміз.

Салған қолқаң сол болса,

Қобыланды сынды еріміз,

Қарғысам қарғып көрейін,

Қарғи алмасам, өлейін,

Тәуекел етіп көріңіз».

Мұны естіп Қобыланды,

Бурыл атқа «шүу!» – дейді,

Бүктеле беріп жазылып.

Бурылы бұлқып гуледі.

Алты қабат орынан

Жетінші қабат қалаға

Қояндай ырғып жөнелді

Ортасына шаһардың

Бурылы барып топ етті,

Жердің шаңы бұрқ етті,

Ат тұяғы тиген жер

Тесіле жаздап солқ етті.

Қалаға Қобылан кіргесін,

Ерлігімен кіріп кеткесін,

Бала да болса келбетті –

Ене алмай қалды Қараман,

Ордың сыртын айналып,

Маңдай шып-шып терледі,

Ене алмағасын қиналып.

Көп әскерді көргесін,

Жау екенін білгесін,

Шаһар жұрты жиналып,

Қазан ханы бас болып,

Ұрысуға сайланып,

Жатыр екен жиналып.

Арқада бар бөрі көз,

Жақсыда ғой тәуір сөз.

Неге ұмытсын көрген көз?

Арыстан туған Қобыланды

Көп әскерге келді кез.

Арыстан туған Қобыланды,

Көп әскерге келгенде

Қырық мың атты қызылбас

Қолына жасыл ту алып,

Арыстан туған Қобыланды

Ақ білегін сыбанып,

Көңілі тасып келеді

Жауды көріп қуанып.

Сол уақытта алдынан

Қара қасқа ат мінген,

Құйрық жалын шарт түйген,

Алдына дабыл төңкерген,

Артына сауыт бөктерген,

Аламанға дем берген,

Азды-көпке теңгерген,

Қара бөрік қалпайған,

Қайратымен мал жайған,

«Мен сондай!» – деп далдайған,

Қысқа күнде қырық шапқан,

Тері тонды теріс артқан,

Қызылбасқа жан тартқан,

Қазақ десе, оқ атқан,

Қабағына қар қатқан.

Кірпігіне мұз қатқан,

Он екі күнде бір жатқан,

Он үш күнде бір татқан,

О да айтулы ер еді,

Қызылбастың елі еді,

Құдайдан дұспан сұраған,

Жау көрмесе, қураған,

Найзаның ұстар жеріне

Қолыма жұмсақ болсын деп,

Топтап барқыт ораған,

Шын қаһарына келгенде

Жауған қардай бораған,

Суда болар ақ сазан,

Молдалар айтар бес азан,

Үлкендете жолымен:

«Қашпа, бала, қашпа», – деп,

Алдынан шықты ер Қазан.

Хан шыққансын, кім қалсын,

Ханның ұлы Қарауыл,

Бектің ұлы Бекауыл,

Хан жігіті жасауыл

Хан қасында қайдақтар*,

Қатыны жоқ бойдақтар,

Отыз төре қызыл бас,

Үй басына он сомнан

Жиып жеген бейбақтар,

Мысық құлақ мылтық қолында

Қара сұңқар қойнында,

Бәйгіден келген дөнені,

Бұл шәһбаздың* гөзелі*,

Талай батыр ұмтылған,

Қаланың аузын қандатып,

Әскерін жаяу аңдатып,

Қызылбас болып қол алып,

Қобыландыға жол алып,

Әскер мезгіл болғанда

Қырық мың әскер қол шықты

Қазан ханы бас болып,

Он кісіден қос болып.

Арқада бар бөрі көз,

Жақсыда бар тәуір сөз,

Қолды бастап шығарып,

Қазан сынды батырың,

Қобыландыға келді кез.

Өзі жеке келгесін,

Қайыспасын білгесін,

Басын тартып қара аттың,

Қобыландыдай батырға

Бір-екі ауыз айтты сөз:

Кімнің ұлы боласың?!

Атаңды сұрасам кім деймін?

Анаңды сұрасам кім деймін?

Батыр Қазан мен деймін,

Шын сөзіңмен кел деймін,

Қалжың сөзге көнбеймін,

Ашуыма жолықпай

Бурыл атпен ақ сауыт

Қол тигізбей бер деймін».

Сонда Қобылан сөйлейді:

«Бұл жіберіп шығып ем

Базарда алтын қасыққа,

Ат беруге арланам

Сендей дінсіз сасыққа.

Ат алуың қаша ма,

Дем алғанша асықпа!

Келмей жатып ат бер деп,

Қызылбас неден есірді?

Бұл сапарда ен жатқан

Сүйермін деп ек жесірді,

Шыдамасаң бері кел,

Көрсетейін кесірді.

Атасы жаман атасыз,

Атамды сұрап нетесіз?

Анасы жаман анасыз,

Анамды сұрап нетесіз?

Анаң сенің некесіз,

Некесін сұрап нетесіз?

Ашулансам боларсың

Әр кез жарық көргісіз.

Өзіңнің соққан қақпаңнан

Зар қылармын жүргісіз.

Қазан деген ерсің сен,

Жөн білмеген серсің сен,

Патшаңнан алған қамқаңды

Қан қылмай-ақ шешерсің!

Асқар төбе белсің сен,

Қызылбас деген елсің сен,

Арақ ішіп, нан жесең

Қала ішінде есерсің,

Көкірегіңді басайын,

Желденіп көңілің келсең сен.

Қарақасқа тұлпардың

Сауырынан түсерсің!

Мойныңнан аққан жылы қан

Шамаң келсе, ішерсің.

Жауға шабар ер жігіт

Жаманнан ақыл сұрамас.

Бетімнен қаһар шығады

Жаңбырлы қардай аралас.

Мұсылманның баласы

Өзім өлмей жыламас.

Іздегенім қызылбас,

Аты-тонын әр жерде

Беруші еді сендей нас.

Қылышпенен өлтірсем,

Қиқаладың дерсің сен.

Найзаменен өлтірсем,

Миқаладың дерсің сен.

Садақпенен өлтірсем,

Қапыл қалдым дерсің сен,

Мылтықпенен өлтірсем,

Жазым қылды дерсің сен.

Мінген атың құла ғой

Сендер көп те, мен жалғыз,

Қолыңа келді бір бала,

Білгеніңді қыла ғой!».

Ел жайлауы Арыс-ты

Батырлар қылды намысты.

Әуелі тәуір сөйлесіп,

Артынан шайтан жабысты.

Шайтан емей немене

Ырғай сапты сүңгіні

Ырғай, ырғай салысты,

Итерісіп тұрысты,

Найза қанға майысты,

Ат тізесін бүгісті

Бүгісе, бүгісе тұрысты,

Тебінгіге тер қатып,

Қақырғаны қан татып,

Түкіргені жын татып,

Қақырғанда қан ішті,

Түкіргенде жын ішті,

Қанжарменен қармасты

Семсерменен серместі.

Қанжар қалды қайысып,

Семсер қалды майысып.

Диқан еккен егінді,

Есен алса тегінді,

Қан қабақтан төгілді,

Ерлер жаннан түңілді,

Аш күзендей бүгілді,

Екеуінің ақ сауыт

Шығыршықтан сөгілді.

Сол уақыттар болғанда,

Артық туған Қобыланды

Найзасын ырғап ендірді,

Қазанды аттан төндірді,

Ат артына міндірді.

Ту жығылар айшықты,

Ақ денеден қан шықты

Шауып еді, жан шықты

Ұлы сәске болғанда;

Ішкі қала тұсында,

Сыртқы қала ішінде,

Ер Қазанның аузына

Қобыландыдай батырың

Толтырады балшықты.

Қазан аттан құлады,

Көріп елі жылады,

Шаһары байтақ жұртына

Тегіс хабар салады,

Жұртын жиып алады,

Алтын құндақ ақ берен

Шілдедегі бір айда

Көктен түскен самал-ды.

Тура келген ажалға,

Кім табады амалды?

Өлген қолдың басынан

Өткізеді заманды.

Қырық мың атты қызылбас

Алдында қойдай қамалды,

Қамалмасқа бола ма,

Кез қылды Құдай қабанды.

Қабанның ойыны жаман-ды,

Қырық мың атты қызылбасқа

Тұтам қылды заманды.

Тоқтата алмай табанды,

Қалаға қайтып келе алмай.

Барайын десе, бата алмай,

Дарбазадан өте алмай,

Ортөбеден топтанып,

Шиыршық атып шоқтанып,

Қолына бір-бір оқты алып,

Көптігіне мақтанып,

Қазан ханы өлгесін,

Жекпе-жектен тоқталып,

Бірте-бірте жиналды.

Жауды көрген мезгілде

Арыстан туған Қобыланды

Жан-жаққа көзін салады,

Қырық мың атты қызылбас,

Жалғыздығын білгесін

Енді ортаға алады,

Тұрған жерде қамады.

Артық туған Қобыланды

Жалғыздығын білгесін,

Қамағанын көргесін,

Жалғыздық айтып жабығып,

Бір Тәңірге зарығып,

Сонда тұрып налыды:

«Өзі болат, өзі өткір

Бұрынғы ердің найзасы,

Бақ қараған пенденің

Басында болар айласы,

Алды, артымда таяу жоқ

Қараспан толған көп елдің

Кәнеки, енді пайдасы?

Мініп шықтым үмітпен

Жолдасым бурыл дөненді,

Көкке тойған көбенді,

Қызылбас қашып, мен қалсам,

Ерлігімді кім айтар,

Қараспанды жайлаған

Қалың Қыпшақ көп елге?!

Жар болғай, Алла, өзіме,

Шыбын жаным көрінді

Бүгін менің көзіме.

Кәміл пірлер, құлақ сал,

Ауыздан шыққан сөзіме,

Жазым болып мен түссем,

Бір найзадан қан құссам,

Үстімдегі ақ сауыт,

Астымдағы Тайбурыл

Жалғызыңның исі деп,

Кім апарып көрсетер,

Кемпір-шалдың көзіне?

Бурылға жаптым көк мауыт,

Сыйынған пірім ер Дәуіт.

Шабамын кәпірге ауыт-ауыт.

Бүгін қанға боялсын

Балғаң тиген ақ сауыт –

Бекітіп соққан ер Дәуіт

Жауды көріп, қызды арқам,

Қашар ма жаудан мен салқам?

Бүгінгі күні не көріп,

Иманмен өтсем жоқ-ты арман.

Толғамалы ақ сүңгім

Шаншылар майдан күн бүгін.

Былғары садақ, Бұқар жай

Тартылар майдан күн бүгін.

Алтын құндақ ақ берен

Атылар майдан күн бүгін.

Толғамалы ақ сүңгім

Шанша алмасам, маған серт!

Қанға тойсаң, саған серт!

Былғары садақ, Бұқар жай,

Тарта алмасам, маған серт!

Бел күшіме шыдамай

Беліңнен сынсаң, саған серт!

Алтын құндақ ақ берен,

Ата алмасам, маған серт!

От алмасаң, саған серт!

Таямай атса, оқ өтпес,

Шуақ шықса, күн өтпес,

Жаңбыр жауса, су өтпес,

Жағасы алтын, жеңі жез,

Бадана көзді ақ сауыт,

Бекітіп соққан ер Дәуіт,

Қалмақтың қалың қолынан,

Шашақты найза жолынан,

Бұл әскердің өзінен

Қылышының жүзінен

Тая жүрсем, маған серт!

Ата-анам сүйген ақ денем

Оқ дарытсаң, саған серт!»

Қобыланды айтып болғасын,

Қиналарын білгесін,

Бауырын жазып Бурыл ат

Шиыршық атып ойнайды,

Батыр туған Қобыланды

Ерегіскен жауының

Басын жоймай қоймайды.

Шабайын деп батырың,

Тал бойын алды аршындап,

Астындағы Бурылдың

Тасқа тиген тұяғы

Қар кешкендей қаршылдап.

Қыл қобызға жағады

Қарағайдың шайырын,

Шабайын деп батыр тұр,

Қырылуға кәпір тұр,

Алла берсін қайырын.

Алтын қалпақ, жез телпек,

Баса киіп көзіне.

Көп, әлеумет, құлақ сал,

Аузымнан шыққан сөзіме,

Қырық мың атты қызылбас,



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет