Ертазиева Ақмарал
Ақтөбе қаласы
№32 мектеп-гимназия оқушысы
Балалығын соғыс оты ұрлаған
Соғыс! Талайға түрпiдей тиетiн, жаныңды жегiдей жейтiн ауыр әрi суық сөз. Табаны күректей 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы. Ерлер майданға аттанып, ана мен бала жылап, қайғы шеккен қасiреттi жылдар.
Талай боздақ жауға қарсы аттанып, өлiмдi емес, келер өмiрдi ойлады. Кiмнiң жас, кәрi екенiне қарамады. Бiрi – жау қолында, ендi бiрi оққа ұшып мерт болды. Жеңiс жолында құрбан болған есiл ерлердiң арасында менiң атам Серiкбай Аяпбергенұлы да бар едi. Атам 1921 жылы Алғабас ауылында дүниеге келген.
Серiкбай ата бала кезiнде алғыр, ширақ, елгезек болып өсiптi. Жиырма жасында соғысқа аттанады. Жас болса да, соғыс ширатып, жiгерлендiрiптi. Берлинге барып, ерлiк көрсеткен. Екi жыл ауыр зеңбiректi атқыштар дивизиясында болып, кейiн барлаушылыққа ауысқан. Осындай тұлғалы азаматтардың арқасында соғыс тым ұзаққа созылмады. Десе де, бес жылда қаншама ана баласынан, қаншама әйел сүйiктi жарынан айрылды. Жеңiс туын желбiретiп Серiкбай ата оралғанда, бүкiл ауыл қуаныпты. Ауылдың жаралы жүрегiне шипа iздеп, оларға қуаныш сыйлау үшiн еңбек етедi. Он екi бала тәрбиелеп, немеренің қызығын көредi. Ел iшi Серiкбай атаны құрметтеп, iзгiлiк көрсететiн. Осыдан он жыл бұрын ауылдың ажарына айналған Серiкбай ата өмiрден өттi.
Атамның аңызға айналған ерлiктерiн ауыл тұрғындары жиi айтып жүредi. Атамның өмiрi ұрпақтарына үлгi екенiне мақтанамын.
Әйгерiм Серiкбай,
Ы.Алтынсарин атындағы мектептiң
10-сынып оқушысы.
Құмарық ауылы,
Т.Рысқұлов ауданы,
Жамбыл облысы
Атамның асыл сөздерi
Менiң атам Қожагелдi Мәжбиұлы 1924 жылы қараша айында Новотроицкое ауылында (қазiргi Төле би) дүниеге келген. Әкесi Мәжби Байболат болыстың бас биi болып, бiрнеше рет Қазақ-қырғыз арасындағы дауды шешуге араласқан. Оның бәйбiшесiнен – 4 ұл, 4 қыз, екiншi әйелi Қүлиманнан Қожай, Қожагелдi туады.
Атам Қожагелдiнiң әкесi Мәжди би конфискацияға iлiнiп, Кеңес үкiметiнiң қуғын-сүргiнiн көредi. Төрт жасында әкесi қайтыс болып, атам жетiмдiктiң тырнағына iлiнедi. Сол кезде Кеңес үкiметi «бай-кулак баласы» деп оқытпайтын болған соң, ағасы Қожай екеуi тектерiн жасырып, төрт ата арыдағы бабалары Майлыбайдың есiмiмен жазылады. Балалық шағы ашаршылық кезiне тап келiп, анасына ерiп, Қырғызстанның Жалал-Абад деген жерiне 2-3 жыл тұрақтап, жан сақтайды. Кейiн елге келiп, бiлiм алады. Мектеп бiтiрген соң соғысқа дейiн аудандық газетте тiлшi болып жұмыс iстейдi. 1943 жылы соғысқа аттанып, 1944 жылы жарақаттанып елге қайтады. Келген соң мұғалiмдер институтына оқуға түседi. Алайда отбасы жағдайымен оқуын аяқтай алмайды. Ауылға мұғалiм болып орналасады. 1954 жылы 28 панфиловшы батырлардың бiрi Әлiкбай Қосаевтың қарындасы Сақып апайымызға үйленiп, тоғыз ұл-қыздың әкесi атанады.
1961 жылы Ақтөбе ауылына көшiп келген соң, математика пәнi мұғалiмi, оқу iсiнiң меңгерушiсi, партком хатшысы, кешкi және сырттай оқытатын мектеп директоры болып, 40 жылдай ұстаздық етiп, еңбек демалысына шығады. Соғыс және еңбек ардагерi Қожагелдi атам 2002 жылы 78 жасында науқастанып қайтыс болды.
Балнұр Қожагелдi,
«Ұланның» жас тiлшiсi.
Балуан Шолақ ауылы,
Шу ауданы,
Жамбыл облысы
Өлiм мен Өмiр ортасында
Жылжып уақыт, жылдар өтсе де, қазақ халқының тарихында Ұлы Отан соғысының iзi мәңгi өшпейдi. Жеңiс үшiн қанша адам отбасын тастап, соғысқа аттанды. Бойларын рух пен намыс кернеген абзал азаматтар ел басына күн туған, ауыр кезде от пен оқтың ортасында жүрiп, Отан үшiн отқа түстi. Қанша азап тартса да, келер күннен үмiт үзбей, жеңiске, азаттыққа үмтылды.
Қазақ халқы ата-бабасы қорғап, келер ұрпағына мұра ретiнде қалдырған дарқан даласында қанат жайып, өркендеп, өсiп келедi. Бабалар ерлiгi өшпек емес.
Асылдана Жұмашева,
Құмсай орта мектебiнiң
11-сынып оқушысы.
Құмсай ауылы,
Мұғалжар ауданы,
Ақтөбе облысы
Қанды қырғын болмасын
Соғыс ешкiмге де қуаныш пен күлкi әкелмейдi. Тек қайғы-қасiрет, азап-қиындық...
1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат 4-те тыныш ұйқыда жатқан елдi фашистiк Германияның қарулы әскерi Белоруссия жерiне басып кiредi. Мiне, осылай Ұлы Отан соғысы басталыпты. Соғысқа елiмiзден 1 миллионнан астам азамат аттанып, 800 мыңы қайта оралып, 600 мыңы ерлiгi үшiн түрлi марапатқа ие болған едi.
Соғыс жылдарында мыңдаған концлагерьлер салынып, ондағы адамдардың басым көпшiлiгi азапталып өлтiрiлген екен. Адамдарды газбен улап, пешке жаққан. Германияға күнделiктi тауарлар қажет болғандықтан, адамдардың шаштарынан – мата, майынан – сабын жасаған. Соғыстың осындай жан түршiгерлiк әрекеттерiн кiтаптан, ардагер ата-ағалардан естiген едiм. Соғыстың жалыны қазақ жерiн де шарпыды. Батыс Қазақстаннан 500 шақырым қашықтықтағы Сталинград түбiнде үлкен ұрыс болған.
Қазiр Жеңiс күнiне барша халық ерекше ықыласпен дайындалуда. Бұл күнге барлық жақсылық жарасады. Бейбiт өмiр үшiн ардагер ата-әжелерге алғыс айтамыз. Қанды қырғын қайта тумасын. Бiздер, жастар, ғылымда озық, өмiрде тәрбиелi, ұлтжанды болуымыз қажет.
Рамазан Көкжал,
қазақ-түрiк лицейiнiң
9-сынып оқушысы.
Қарағанды қаласы
Батыр ұлттыҢ
ұрпағымыз
Мiне, Жеңiстiң ұлы күнi. Осындай бейбiт күндi сыйлаған аталарымызға мың алғыс. Егер бабалар болашақ үшiн ерлiк көрсетпегенде, бiз осылай өмiр сүрмес те едiк... Олар жерi, елi үшiн шайқасқа түсiп, кеудесiн оққа тосты. Отан соғысында ерлiк көрсеткен жүзге жуық қазақ азаматы Кеңес Одағының батыры атағын алды. Әлия мен Мәншүктей апаларымыз қазақ қыздарының қайсарлығын көрсеттi. Бiз, батыр ұлттың ұрпақтары, соғысты болдырмауға және Отанымызды сатпауға, елiмiздiң тыныштығын сақтауға уәде беремiз.
Самал Сәрсенбай,
6-сынып оқушысы.
Балуан Шолақ ауылы,
Шу ауданы,
Жамбыл облысы
Он бес жасар ерлiк
1941 жылы 22 маусымда Фашистiк Германия соғыс жарияламастан жасалған келiсiмдi бұзып, КСРО аумағына басып кiрдi. Ұлы Отан соғысы осылай басталды. Гитлерлiк Германия осы уақытқа дейiн Еуропаның
Көптеген мемлекеттерiн басып алған болатын. Герман империясы шикiзат үшiн, азық-түлiк базасы ретiнде қуыршақ мемлекет құруды көздедi.
Қуыршақ мемлекет жобасы фашистер жасаған «Барбаросса» жоспарында көрсетiлдi. Жоспар бойынша фашистер КСРО жерiнде Остланд, Украина, Мәскеу және Едiл-Орал, Түркiстан сияқты рейх комиссариаттарын құруды көздедi. Жоспарда көрсетiлген «Үлкен Түркiстан» отарының құрамына Қазақстан, Татарстан, Орта Азия, Башқұртстан, Әзiрбайжан, Кавказ, Қырым, Ауғанстан кiргiзiлдi. Фашистер кеңес адамдарын қырып-жою жолдарына осылай түстi. Ал кеңес адамдарының патриоттық сезiмi, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра бiлдi. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз ерiктерiмен жазыла бастады.
Соғыстың салдарынан қаншама адам тағдыр тауқыметiн тартты. Соның бiрi – Халық Торғайұлы. Ол кiсi 1932 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Талас ауылында дүниеге келген. Әкесiнен ерте қалған Халық өмiрдiң қиыншылығын ерте тартты. Өмiрi Ұлы Отан соғысымен тағдырлас келдi. Әкесi соғысқа аттанғанда ол небәрi 9 жаста едi. Балалық шағы анасына көмек берумен өттi. 1940 жылы Талас ауылындағы Ворошилов атындағы бастауыш мектептiң табалдырығын аттайды. Оқу бiтiргеннен кейiн 1949 жылы Абай атындағы мұғалiмдер институтының физика-математика факультетiне түсiп, 1951 жылы қызыл дипломмен аяқтайды.
Халық атаның балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келгендiктен, 15 жасында «Еңбектегi ерлiгi» үшiн медалiмен марапатталады. Атайды жеңiс күнiнде бүкiл ауыл құттықтап, ерекше ықылас көрсетедi. 2006 жылы Райымбек ауданының «Құрметтi азаматы» белгiсiмен марапатталды. Қазiргi таңда ұл-қыздарының сүйiктi әкесi, немерелерiнiң қадiрлi атасы.
Ләйлә әлиасқарова,
Ш.Уәлиханов атындағы мектептiң оқушысы.
Талас ауылы,
Райымбек ауданы,
Алматы облысы
Ақ тiлеуi ананың
Соғыс менiң де әжемнiң қызғалдақтай құлпырған қыз ғұмырының тас-талқанын шығарыпты. Әуелi сұм ажал анасының құшағынан айырса, он алтыға ендi толған кезiнде майданға аттанған ер-азаматтардың орнын басып, ауыр жұмыстарға жегiледi. «Бәрi де жеңiс үшiн» деген ұранды жандарына желеу еткен олар таңның атысынан, күннiң батысына дейiн тынбай еңбектенген екен. Соқамен жер жыртып, орақпен егiн орады. Ауыр күндi еске алғанда әжем: «Аттың жылдамдығынан кешiгуге болмайды. Ат айналып, сенiң тұсыңа келгенше, бауды байлап, тiк тұрғызуың керек. Егер үлгере алмасаң, ат басып кетедi», – деп есiне алады. Осылайша тер төгiп жүрсе де, еңбектерiне алатын ақылары тым мардымсыз болған. Десе де, жалындаған жастық жiгер, болашаққа деген сенiм оларды мұқалта алмапты.
– Ақжайлау,
Айран қашан келедi-ау? – деп әндетiп, күнделiктi берiлетiн айран мен бiр жапырақ қарманы қанағат тұтып, жеңiстi асыға күтiптi.
– Ауылға қарай жүгiрiп келемiз, – дейдi әжем жеңiс туралы. – Бәрiмiз жалаңаяқ, көзiмiзде жас, бойымызды қуаныш пен шаттық кернеп барады. Ол бiр керемет, тiлмен айтып жеткiзе алмайтын бақытты сәт едi.
Мiне, халқымыздың 65 жыл тыныш та бейбiт өмiр сүруiне менiң әжем Қантай Қалаубайқызы да үлес қосты. Бүгiнде 85 жасқа толған әжем балалары мен немерелерiнiң ортасында отыр. Сүйiктi «Ұлан» газетiнiң оқырмандарына «Аспандарың ашық, замандарың тыныш болсын» деп батасын бердi.
Бақытгүл Мәулiтова,
Әбдiкерiм атындаѕы мектептiң 7-сынып оқушысы.
Шыңғыстай ауылы,
Қатонқарағай ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы
Атамды мақтан етемiн
Жеңiс бiзге оңайлықпен келген жоқ. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда, азаматтар соғысқа аттанды. Дәл сол саптың iшiнде менiң нағашы атам да болған. Атам Жолдас Жаңылысов Құрылыс ауылында 1924 жылы дүниеге келген. Әскер қатарына 18 жасында қабылданады. 1943 жылға дейiн жаяу әскер дайындайтын училищеде оқып, әскери ойын түрлерiн үйренедi. 95 дивизияның № 290 атқыштар полкiнде қол пулеметiнiң оқ атушысы болған. Атақты Курс түбiндегi шайқаста Белград, Смоленск қалаларын жаудан азат етуге қатысады. Ұлы жеңiстi Германияның астанасы Берлин қаласында қарсы алады.
Атам елге жеңiспен оралған соң, Индер ауданы, Жамбыл ауылында қой бағып, мал шаруашылығымен айналысады. 1952-1964 жылдар аралығында трактор айдап, халыққа қызмет етедi. Зайыбы Жапырақ екеуi 10 бала тәрбиелеп өсiрген. Олардың барлығы өмiрден өз орындарын тапты. Атамның қайтыс болғанына да он жылға жуықтады. Жыл сайын Жеңiс күнiнде атамыздың айтқан өсиеттерiн, ақылдарын еске аламыз. Мен батыр атамды мақтан тұтамын.
Әсия Хайырқызы,
Бесiктi орта мектебiнiң оқушысы.
Бесiктi ауылы,
Атырау қаласы
Қазыналы Қалдыбай ата
Елдiң басына күн туып, ер етегiмен су кешкен сұрапыл соғыс жылдарында бiздiң Жамбыл облысынан 120 мыңнан астам азамат майдан даласына аттанды. Оның iшiнде 2000-нан астам адам Жамбыл ауданынан едi. Оның 495-i елге жеңiспен оралса, қалғандары жат жерде ерлiкпен қаза тапты.
Ерназар ауылынан да соғысқа аттанған азаматтар көп болды. Бүгiнде олардың тiзiмi ауыл орталығында бой көтерген «Белгiсiз солдат» ескерткiшiнiң тақтасына жазылған. Жыл санап ауылда ардагерлерiмiздiң саны азайып барады. Бүгiнде ауылда үш ардагер ғана қалған. Сол ардагерлердiң бiрi, мен сөз етпек кейiпкер – Қалдыбай ата Дiнбаев.
Ол кiсiмен сұхбаттаса барып, әңгiмесiн ұйып тыңдағаным соншалық, атамен бiрге соғыс даласында бiрге арпалысып кеткендей күйге ендiм.
...Бiрде жолы түсiп, Қалдыбай атамыз бұрынғы Жамбыл, қазiргi Тараз қаласына барады. Қаладағы Атшабар базарында шай iшiп отырғанда, радиодан Левитанның үнi кенет саңқылдап, бiр жайсыздық болатындығын хабарлайтындай басталады. Расында солай болған екен. «Тыныш жатқан өлкенi немiс фашистерi басып алуда» делiнген суық хабар қаланы да, даланы да бiр шайқап өттi. Ертеңiне Қалдыбай атамыздың ағасы Талдыбай Дiнбаев әскерге шақырылды. Қимай-қимай ағасын шығарып салды, асыға күттi. Бiрақ келмедi... Ағасы сол күйлi хабарсыз кеттi.
1942 жылдың қарашасында Қалдыбай өз қатарластарымен 1272 атқыштар дивизиясының құрамына қосылды. Қиыр Шығыста әскери жаттығудан өтiп, Мәскеуге жол тартты. Ал 1943 жылдың көктемiнде Выборг қаласының түбiнде бiрiншi рет майданға кiрдi. Дивизияның мақтаулы пулеметшiлерiнiң бiрi болды.
Псков-Нарва түбiндегi ұрыста көрсеткен ерлiгi үшiн Қ.Дiнбаевқа «Ерлiгi үшiн» медалi берiлiптi. Выборг полкi Эстония, Латвия, Литва жерлерiн және Польшаның Познань қаласын жау қолынан босатты.
Германия шекарасына таяу жерде болған ұрыс тулары айтарда кейiпкерiмiз көзiне ерiксiз жас алды. «Жау әскерi мұнда қатты қарсыласты. Сансыз жарылыстан майдандастарымнан айырылып жаттым. Еске алсам, әлi күнге дейiн көңiлiмдi сол бiр үрей құрсауына алады. Майдандастарымның бiрi жарылыстан парша-паршасы шығып, денесi бөлшектелiп кетсе, бiрiнiң басы бiр бөлек, денесi бiр бөлек болып кеткен...» дейдi Қ.Дiнбаев.
1945 жылдың 26 сәуiрi күнi Одерден өтiп, 27 сәуiрде Пренцлау, Ангерюнд қалаларын алғаны үшiн қатардағы жауынгер Қалдыбай Дiнбаевқа И.В.Сталинның бұйрығымен алғыс жарияланды.
Гамбург қаласын алу үшiн болған соғыста Қалдыбай үлкен ерлiк көрсеттi. Бiрақ соғыстан келе жатып, ауыр жараланады. Госпитальға жеткiзiлiп, сол жерде ес-түссiз жатады. Сол тұста 6 жылға созылған соғыстың аяқталғандығы туралы жағымды хабар жеттi.
Бүгiнде қарт майдангердiң қимылы ширақ. Көзi көрмей қалса да, мерзiмдi басылымдарда жарық көрген мақалаларды немерелерi Таңшолпан мен Шахадияр екеуiне оқытып, тыңдаса, бiр жағынан «Қазақ» радиосы мен «Шалқар» арнасынан берiлетiн тартымды бағдарламаларды, әсем әндер мен күйлердi, термелердi қалт жiбермей тыңдайды. Тiптi, керек жерлерiн немерелерiне айтып берiп, қағаз бетiне түсiредi.
Досжан БОЛАТБЕКұЛЫ,
10-сынып оқушысы.
Ерназар ауылы,
Жамбыл ауданы,
Жамбыл облысы
Жарын күткен жауынгер әйел
Нағила Ұлы Отан соғысы басталған кезде небәрi 24 жастағы жас келiншек едi. 1941 жылдың күзiнде жары Әуез соғысқа аттанды. Артында қалған төрт жасар ұлы Темiрбек пен анасы Айбаланы Нағилаға аманат еттi. Қиыншылық тек Нағиланың басына ғана емес, ауылдағы барша әйелдiң басына түстi. Олар көз жасын көлдетiп, шұбырған балаларын ертiп, жұмысқа жегiлдi. Нағиланың құлағында жан жолдасы Әуездiң: «Ұлым Темiрбектi қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсiргейсiң», – деген сөзi сайрады да тұрды.
Жарының аманатын орындау үшiн Нағила Темiрбектi жанынан қалдырмайтын. Баласын бауырына басып, шөп шабатын. Кеш қарайып, ел ұйқыға жатқанда қолғап, шұлық тоқып, солдаттарға жiберетiн. Қан майдан ұзаққа созылған сайын, дастархан басындағы нан да азая түстi. Қара хаттардың қатары көбейiп, әр үйден жоқтау айтыла бастады. Осындай жаманат хабар Нағилаға да жеттi. Жарының соғыста ерлiкпен қаза тапқанын естiгенде, сене алмады. Көп ұзамай, Әуездiң iнiсi Асанның да артынан қара қағаз жетiп, Нағиланы жасытып жiбердi. Ағайын-туыс: «Ендi Әуез келмейдi, Темiрбекке әке болар адам iзде», – деп ақыл қоса бастады. Бiрақ Әуезi үйге кiрiп келiп, Темiрбектi бауырына басып, өзiнiң маңдайын иiскейтiндей. Арада жылдар өтiп, соғыс бiттi. Нағиланың бар мақсаты – баласы Темiрбектi тәрбиелеу болды. Сауыншы болып, жұмысқа орналасты. Ерте тұрып, кеш ұйықтады. Нағиланың еңбегi бағаланып, 1949 жылы Мәскеуге озат сауыншылармен бiрге сапарлап қайтты.
Ұлы Темiрбек шопан болып, адал еңбек еттi. Нағила болашақ келiнiн ойлап, мазасызданатын. Баласы анасының ойын түсiнгендей, Сайран есiмдi ақылына көркi сай арумен бас қосты. Сайран келiн Нағила анасына 14 немере сүйгiздi. Алайда баласы Темiрбек ерте қайтыс болды. Жарынан жастай айрылған Нағилаға бұл жағдай өте ауыр тидi. Нағила баласының iзiн жалғар ұрпақтарын сүйенiш еттi. Бүгiнде Нағила – үлкен немересi Жеңiсбектiң шаңырағының тiрегi. Света есiмдi келiнi үлкен енесiнiң әңгiмесiн ұйып тыңдайды. Нағиланың немересi де, шөбересi де мектепте жақсы оқиды. Биыл Нағила әже 93 жасқа толады. Тек екi көзiнiң көрмейтiнi болмаса, жауынгер әже әлi тың. Жарын күтуден жалықпаған Нағила әже Ұлы Жеңiстiң мәңгiлiк болғанын қалайды.
Мөлдiр Жолдыбайқызы,
Ы.Алтынсарин атындағы мектептiң 11-сынып оқушысы.
Ырғыз ауданы,
Ақтөбе облысы
Өз ұлтымды шексiз сүйген адаммын
Ерсiз ел болмайды, елсiз ер болмайды» дейдi батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Ұлы Отан соғысында ел күйреп, талай адам ажал құшты. Сол соғыста өзiнiң қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген бабаларға мың алғыс. Осы ержүрек бабалар қатарында Бауыржанның еңбегi ерекше. «Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деп ұран тастайды батыр атамыз. Отан, келер ұрпақтың болашағы үшiн өз басын өлiмге байлап, ажалмен алысып, жеңiс туын тiктi. Бауыржан ата бiр естелiгiнде «Мен – өзге ұлттарды құрметтеушi, өз ұлтын сүюшi адаммын» дейдi. Батырдың әр қазақтың жүрегiнде сақталуының себебi де ұлтын сүйгендiгiнен шығар. Әттең, аңызға айналған Бауыржан ата тiрi болғанда 100 жасқа толып, Жеңiстiң 65 жылдығын көрер едi...
Назым Нүрсұлтан,
6-сынып оқушысы.
Астана қаласы
Сөнбейдi, әже, шырағың ...
Менiң әжем Айтбала Баекина 1926 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданының Жаңаүлгi ауылында дүниеге келген. Сол ауылда тұрып жатқанда, әкесi Байбосынды «бай, халық жауы» деп қудалап жiберген екен. «Балаларымды да қудалайды» деп фамилияларын «Байеке», яғни, «Баекина» деп өзгерткен. Анасы Тұрсын – әжемдi, екi аталарым, яғни, әжемнiң бауырлары Құмархан мен Құмарғалиды Шыңғыстайға нағашыларының қолына әкелiп тастап, өзi басқа ауылға жұмысқа кетедi. 1936 жылдан берi әжем Шыңғыстай ауылында тұрады. Әкесiнен 9 жасында айрылған әжем 7-сыныпқа дейiн оқып, қаржы жағынан қиналғандықтан, оқудан шығып, анасының жанына жұмысқа орналасады. Еңбектi сауыншылықтан бастап, облыс депутаты қызметiне дейiн көтерiлген. Ауылдан Өскеменге дейiн атпен 3 күн iшiнде барып, талай даулы мәселенi шешкен. 1940-1941 жылдары Күбiтке барып, ағаш жарып, оны өткiзумен айналысады. Соғыс кезiнде өгiзбен ағаш тартып, ай жарығымен шөп шауып, тоқыма тоқып, әсем ән шырқапты. Ал тоқыған тоқыма, киiмдерiн соғысқа жiберiптi. Тапқан табысына екi бауырын оқытыпты. Әжем: «Балам-ау, мен айта берсем бұл саған ертегі секiлдi көрiнер» – дейдi.
Содан әжем 1950 жылы соғыстан оралған Қайса есiмдi жiгiтпен тұрмыс құрады. Алайда Қайса атамыз соғыстағы жарасы асқынып, өкпесiне тиген қатты суықтан көп ұзамай, қайтыс болады.
Әжемнiң екi ұл, үш қызы бар. Олардан он тоғыз немере, алты шөбере сүйiп отыр. Биыл 84 жасқа толатын еңбекқор әжемнiң Ұлы Жеңiске айтар тiлегi өте көп.
Қарлығаш БаҚытбек,
Әбдiкерiм атындағы мектептiң 7-сынып оқушысы.
Шыңғыстау ауылы,
Қатонқарағай ауданы
Шығыс Қазақстан облысы
Күрес-майдан,
Ерлiк тiлер
Арманшыл ауыл жастарының бiрi Сапура орта мектептi бiтiрiп, Ақтөбедегi оқытушылар дайындайтын институтқа түседi. Тап сол жылы соғыс басталып, елдегi ер-азаматтар жаппай майданға аттанғанда, оның төрт бiрдей ағасы соғысқа кете барады. Студенттiк өмiрдiң қызығын көре алмай, ендi оқудың қисыны келмейтiнiн сезiнген он сегiз жасар Сапура 1942 жылы маусым айында сұранып, майданға аттанады. Ешқандай әскери дайындықсыз Мәскеу үшiн шайқасқа тап болып, кейiн Белоруссия жерiндегi соғысқа қатысады. 474-атқыштар батальоны құрамында санитар болып, жаралыларға жедел жәрдем көрсетiп, оларды жер бауырлап арқалап, емдеу орындарына жеткiзедi. Борап тұрған оқ астында жан аямай еңбек етедi. Шымыр денелi, ширақ қимылды қыз әскери ұшақ алаңында ұшаққа бомба жасақтауды меңгередi, адам күшi жетпегенде, күнi-түнi қару-жарақ қоймасында күзету де тапсырылады. Қас қақпай, күзетте тұрған қаршадай қыздың қара темiр винтовкадан басқа серiгi, қорғаны болмаса да, жiгерiн жасытпай, үрейiн сездiрмей, нағыз жауынгерлерше қайрат көрсетедi. Сол үшiн басшыларының талай алғысын алып, Жуков атындағы медальмен марапатталады.
Кеңес армиясы жеңiспен батысқа бет алған шақ. 1944 жылы қыркүйек айында Сапура өз батальонымен қиыр Шығысқа жiберiледi. Хабаровск қаласына келген соң, 252-шi батальон қайта жасақталғанша, Сапура тағы әскери құралдар қоймасынан шабуылға керектi бомба-снарядтарды ұшаққа тиеп, майданға дайындап жiберушiлер қатарында күнi-түнi бел шешiп, еңбек етедi. Сақылдаған сары аяз бен бет қаратпас боранға да шыдап, намысты қолдан бермейдi. Бүгiнгi тәуелсiздiк осындай батыр аға-апаларымыздың еңбегiмен жеттi.
Ақтоты Әбимолдаева,
I.Үргенiшбаев атындағы мектептiң
10-сынып оқушысы.
Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы
АҚ НИЕТПЕН ХАТ ЖАЗДЫМ,
АТА, СIЗГЕ...
(Бауыржан ата рухымен сырласу)
Бауыржан ата! Мен үшiн сiздiң тұлғаңыз қашанда мұзарт шыңның басында, мұнартып қалықтаған ақиық, мұзбалақ қыран болып елестейсiз.
1941 жылы Мәскеу түбiндегi қанды шайқастарда теңдесi жоқ ерлiгiмен әлемдi дүр сiлкiндiрген қазақстандық 316-атқыштар дивизиясының батальон командирi ретiнде қапияда ой тауып, қараңғыда жол тауып, ерен ерлiгiңiзбен атыңыз әлемге аңыз болып, батыр қолбасшы атандыңыз.
Жеңiстiң 65 жылдық мерейтойы қарсаңында өзiңiз қаһармандық пен өшпес ерлiк көрсеткен Мәскеу халқы сiздi құрметтеп, үлкен сый жасады. Мәскеу қаласынан ұлан-қайыр, ұзын көше, зәулiм мектепке сiздiң есiмiңiздi бердi. Бұл сiздiң ерлiгiңiздi мойындау және бүкiл қазақ халқына деген құрмет едi. Сiздiң «Ежелден ер тiлегi – ел тiлегi, Адал ұл ер боп туса – ел тiрегi» деген өсиетiңiздiң өмiрде орындалғанын көрiп қуандық.
Бауыржан ата! Тiлге деген нағыз махаббатты, оған деген шынайы сүйiспеншiлiктi мен сiздiң шығармаларыңыздың арасынан таптым.
«Қазақ тiлi... өткiрлiгiмен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан-жүйеңдi жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымға қонымды, жүрегiңе тиiмдi, жаудың көмейiне құм құйып, аузын аштырмай, үнiн шығармай қоятын тiл» деп 1944 жылы баға берген екенсiз.
1944 жылы сiз қазақ тiлiн шұбарлаған, өз тiлiн дөрекi, икемсiз, топас, кедей тiл деп жала жауып жүргендерге қатты тойтарыс бердiңiз емес пе? Республиканың бас хатшысы Әбдiхалықовқа майданнан арнайы хат жолдап: «қазақ тiлiнен ажырап, азғын ел атанбасын, аты өшiп, ұрпақтарымыз тарыдай шашырап, қардай ерiп, құмға сiңген судай дерексiз жоғалмасын, анамыздың ақ сүтiмен бойымызға дарыған тiлiмiздi ұмыту – бүкiл ата-баба тарихымызды ұмыту», – деп күңiрене айтқан едiңiз.
66 жыл бұрын сiз уайымдаған қазақ тiлi, халқыңыз тәуелсiздiк алған соң мемлекеттiк мәртебе алды. Майданда жүрiп тiлiмiздiң, ұлтымыздың арын қорғау – сiздей батыр қолбасшының ғана қолынан келер iс.
Сiздiң кiтаптарыңызды оқып отырып, терең ойға қалам. Отанға деген сүйiспеншiлiгiңiзден, халқыңызға махаббатыңыздан, ұлттық биiк рухымыздан қуат аламын.
Бауыржан ата! Мен сiздiң қаламыңыздан шыққан «Москва үшiн шайқас», «Қанмен жазылған кiтап», «Ұшқан ұя», т.б. шығармаларыңызды оқып шықтым. Сiздiң шебер суреткерлiгiңiзге, адам психологиясын танып-бiлудегi сезiмталдығыңызға таң қаламын. Сiздiң шығармаларыңызда әр кейiпкер өзгеше бiр әлем... Әр сөйлемде тұнып тұрған сыр жатыр. Бұларды оқып қана қоймай, жаттап, үлгi өнеге алуымыз керек.
Бауыржан ата! Егер осы шығармаларыңызды қайтадан жазсаңыз, ненi өзгертер едiңiз? Талай арман-ойыңыз замана лебiне, қыспағына қарай iшiңiзде кеткен шығар.
Сiздiң бiзге қалдырған мәңгiлiк өшпес, ғасырдан ғасырға жетер мұраларыңыз үшiн ұрпақтарыңыз мәңгi қарыздар.
Бауыржан ата! Бақытты болашақ, тәуелсiз ел сiздiң аңсаған арманыңыз едi. Бүгiн сiздiң арманыңыз – ұлттық тiлдiң, дәстүрдiң, салт-сананың мызғымас тiрегi, күшi, алтын дiңгегi – халықтың бақ жұлдызы жарқырап жанған күн.
Сiздiң тағлымыңызды зер сала оқып-үйрену бүгiн де, ертең де келешек ұрпақ үлесiнде.
Қазiр Алматы қаласында Бауыржан Момышұлы атында әскери мектеп интернат бар. Мектеп-интернат шәкiрттерi қазақстанның Қарулы күштерiнiң ертеңгi тiзгiнқағары, өзiңiздей елiне шынайы берiлген, кез-келген уақытта қолына қару алып, кең-байтақ елiн қорғауға әзiр.
Бауыржан ата, тағы бiр жайды айтқым келiп тұр. Ұлт болашағының негiзiн жасайтын жастар санасы өркениет деңгейiне сай болуы шарт. Осыны ойлаған кезде сiздiң: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едiм, ендi қорқынышым көбейiп жүр. Балаларын бесiкке бөлемеген, бесiгi жоқ елден қорқам. Екiншi, немересiне ертегi айтып беретiн әжелерiнiң азаюынан қорқам. Үшiншi, дәмдi, дәстүрдi сыйламайтын балалар өсiп келедi. Оның қолына қылыш берсең, кiмдi де болса шауып тастауға даяр. Қолына кiтап алмайды. Үйренiп жатқан бала жоқ, үйретiп жатқан әже, әке жоқ», – деген өсиетiңiз ойға оралады.
Бұл – үлкен алаңдаушылық. Өзiн халықтан бөлiп қарай алмайтын тұлғаның алаңы. Бұл үн бүгiнгi дәуiрмен де үндесiп жатыр.
«Қадiрiн бiлмеппiз ғой тiрi кезде,
Деп жылап сорлы қазақ
мен өлгенде.
Ұрпақ атар 80 мен жүздiгiмдi,
Тарихтың түкпiрiне сөз келгенде», – деп өзiңiз айтқандай, 1990 жылы кеш те болса сiзге «Кеңестер Одағының Батыры» атағы берiлдi. «Бауыржан жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн» деп Елбасымыз сiздiң халықпен бiрге екендiгiңiздi толғана, тебiрене айтты.
Сiзге мен хатымның соңында «Қош болыңыз» демеймiн. Ұрпақтарыңыз Отанына деген сүйiспеншiлiктi, шыншылдықты, әдiлдiктi, шыдамдылықты, төзiмдiлiктi, батылдықты, қаһармандықты, тiлiн, дiнiн сүюдi күнделiктi сiздiң тұлғаңызға қарап үйренедi. Отаным дейтiн, намысты ту қылып ұстаған, Отанына шын берiлген қазақтың ұлтжанды ұрпақтары барда сiз мәңгi жасай бересiз.
Достарыңызбен бөлісу: |