Серiк ҚАНТАЕВ,
Қ.Ақынов атындағы орта мектептiң 9-сынып оқушысы.
Жаңаауыл ауылы,
Тарбағатай ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы
ӨМIРIҢIЗ
БIЗГЕ ӨНЕГЕ
Сәлеметсiз бе, Бауыржан ата. Сiзге № 5 орта мектебiнiң 7-сынып оқушысы Айзат Қанатбекова хат жазып отыр.
Мен соғыстың өте ауыр қанды майдан болып өткенiн теледидар мен тарих пәнi сабағынан бiлемiн. Бауыржан ата, сiздiң ерлiгiңiз жайлы «Жұлдыз» журналынан оқыдым. Сiздiң Мәскеу шайқасында 28 панфиловшылармен бiрге ерлiкпен күрес жүргiзгенiңiз туралы мәлiметтi бiлдiм. Сiздiң қазақ жауынгерлерi арасында алғырлығыңыз, ер жүрек батырлығыңыз мен үшiн үлгi. Соғыстағы әскери-стратегиялық шеберлiгiңiз, Мәскеу үшiн шайқаста өз батальоныңызды басқарып, жауға төтеп беру тактикасы бүгiнгi Қазақстан Республикасының әскери күштерi үлгi аларлық үлкен тәжiрибе.
Ата, мен сiздi үлгi тұтып жақсы көремiн. Бiр ғана өкiнiш бар, биылғы соғыстың аяқталғанына 65 жыл толу меретойында дастархан басында қадiрлi қария болып отырсаңыз ғой. Бiрақ Алланың берген жасынан ешкiм асып кете алмайды.
Бауыржан ата, батыр, соғыс ардагерi және бейбiт өмiрде де әдебиет майданының қатарында, соғыс туралы естелiк жазып, бiзге өсиет қылып, көп үлгi қалдырдыңыз. Бiз сiздiң шығармаларыңызды оқып, өмiрге нысана етемiз.
Айзат ҚАНАТБАЕВА,
№5 орта мектептiң 7-сынып оқушысы.
Өскемен қаласы
Cертке берiк Әмина
Соғыс басталғанда Әминаның жасы жиырмада болатын. Оның ата-енесi ауылдың сыйлы жандары едi. Жолдасы да ауылдың айтулы азаматы. Осылайша, бақытты өмiр сүрiп жатқан шаңырақтың тыныштығын сұм соғыс бұзды. 1942 жылдың жаз айында Әминаның жолдасы Көшербай Отан алдындағы парызын өтеу үшiн қан майданға аттанады. Артында әке-шешесi, құрсағында баласы бар жан жары қалады. Бақытты отбасы тiрегiнен айрылған соң, ауыр күндер басталады. Алайда Әмина жанұяның берекесiн, болашағын ойлап, қиындықпен күреседi. Үш айдан соң Әмина босанып, өмiрге ұл бала әкеледi. Соғыстың азабынан көз ашпай, қиналып отырған отбасына бұл үлкен жұбаныш болады. Сәбидiң есiмiн атасы елге жеңiс сыйласын деген ниетпен «Жеңiс» деп қояды. Әмина Жеңiсiн дүниеге әкелгеннен кейiн, оны өзiне сүйенiш етедi. Жұмыстан жабыққанда бауырына басып, сағынышын басатын. Тек баласы үшiн барын беруге дайын болды. Бiр жылдан соң Әминаның қайнысы Сейiтқазы да соғысқа аттанады. Қиындық арта түседi. Күн сайын таңмен таласа тұрып, түн жарымында ұйқыға жататын. Ол кезде тыныш ұйқы да жоқ. Әминаның көзi жасқа толып, алдағы күндi ойлайтын.
Ауылдың қара жұмысы бүкiл адамды шаршатты. Арық қазу, өгiз-арбамен жер жырту, егiн егу, масақ теру, тезек-қи тасу, диiрмен тарту, келi түю, қолғап тоқып, майданға жiберу... Халықтың ауыруға да уақыты болмайтын. Қиын кезде халық iшер асқа, киер киiмге жарымады. Уақыт озған сайын қинала түстi. Әрбiр үйден жоқтау айтылып, ел iшiнде зарлы үндер көбейдi. Қабырғаны қайыстырар мұндай қайғылы хабар Әминаға да жеттi. 1943 жылы Көшербайдан суық хабар келдi. Ендi Әмина бақытты күндерiн «жесiр» деген атпен алмастырды. Әминаға бұл соққы қатты тидi. Бiрақ Көшербайдан тұяқ қалғанына шүкiршiлiк етедi. Ал Көшербайдың анасы жота-жота құмының ортасына барып, бар даусымен зарлап, кешке үйiне шаршап жететiн.
1943 жылы Сейiтқазы майданнан бiр аяғынан айырылып оралады. Ол оралғасын, отбасында шаттық қайта тұтанады. Сейiтқазы жұмысқа орналасып, Сырғаш есiмдi қызбен отау құрады. Арада жыл өтiп, Сырғаш дүниеге қыз бала әкеледi.
Бiр күнi Нұрмаханбет ата қатты науқастанып, келiнi Әминаны шақырып алады. «Төрт жыл бойы соғыстың тауқыметiн бастан кешiрдiк. Батыр ұлдарымыздың арқасында басымызға бейбiт күн туды. Маңдайыма жазылғаны шығар, осы жеңiстi де көрдiм. Менiң ендi арманым жоқ. Қызым, саған айтар сөзiм бар. Сенiң жан-жарың, менiң тұңғыш ұлымның қаза болғаны бәрiмiзге ауыр тидi. Бiрақ бұл қасiрет жалғыз бiздiң жүрегiмiзде емес. Егер «жаспын, өмiрiм алда» десең, саған ешкiм тосқауыл болмайды. Бiрақ ұлым Көшербайдан қалған Жеңiсiм осы үйдiң егесi екенiн ұмытпағайсың. Егер «өзiмнен бұрын баламды ойлаймын, осы үйдiң түнiн өшiрмеймiн» десең, осы қара шаңыраққа ақылшы болып, Жеңiстi осы үйде өсiргейсiң. Ақылымды ойлап, таразыға саларсың» деп атасының көзi жасқа булығады.
Әмина көзiне жас алып: «Осы уақытқа дейiн бар өмiрiмдi тек қара шаңырағыма, Көшерiмнен қалған жалғыз балам Жеңiсiме арнадым. Алдағы уақытта да солай етемiн. Немереңiз Жеңiс осы қара шаңырақта ер жетедi. Жеңiстi оқытып, осы үйде қызығын көрсем, одан асқан бақыт жоқ шығар», – деп жауабын берiптi.
Нұрмаханбет ата келiнiне риза болыпты. Атасы көп уақыт өтпей қайтыс болады. Әминаның енесi Шұға ана да бұл қайғыға төзе алмай, дүние салады.
Әмина үшiн өмiрдiң қызығы тек Жеңiс едi. Жеңiс анасының өмiрде көп азап шеккенiн жүрегiмен түсiнетiн. Сондықтан ол мектепте тәртiптi, озат оқушы болды. Мектеп бiтiрген соң, ауылға тракторшы, шопыр болып жұмыс атқарады. Мәриям атты арумен бас қосып, анасын қуантады. Өмiрге тоғыз сәби әкелген Мәриям Әмина анасына қамқоршы едi. Бiрақ Әминаның бақытты күндерi тағы да қысқа болды. Баласы Жеңiс пен келiнi Мәриям бiрiнiң артынан бiрi қайтыс болады. Өмiрдiң ащысын көп көрген абзал әже немерелерiне ана, әке, әже, атаның да орнын басты. Әжесiнiң ақылын тыңдаған немерелерi де жаман болған жоқ. Барлығы бiлiм алып, елге қызмет еттi. Бүгiнде Әмина әже немере-шөберелерiнiң ортасында бақытты өмiр сүруде. Атасы Нұрмаханбеттiң айтқан өсиетiн әлi де естен шығарған жоқ.
Құндызай Өтеген,
№177 орта мектептiң
7-сынып оқушысы.
Сексеуiл кентi,
Арал ауданы,
Қызылорда облысы
Мәншүкпен жау шебiнде бiрге болған
Жер-әлемдi солқылдатқан соғыс дүмпуiн көрiп, талай-талай қанқұйлы кезеңдi басынан өткiзген ауылдасымыз – Күрiшбек ата. Бiр өзi – бiр тарих. Күрiшбек ата 1912 жылы Жетiсу губерниясы, Жаркент уезiнде қарапайым отбасында дүниеге келген.
1941 жылы желтоқсан айында Күрiшбек ата майданға шақырылады. Ол Алматыда жасақталған 100-атқыштар бригадасында алты ай жаттығудан өтедi. Мұнда ол партия ұйымының хатшысы болып та қызмет етедi. Күрiшбек ата қазақтың бiртуар батыр қызы Мәншүк Мәметовамен танысыпты. «Өте сауатты, алғыр қыз едi» деп еске алады Мәншүк апамызды.
Мәншүкпен бiрге майдан даласына аттанады. 1943 жылы күзде Невель қаласы үшiн ұрыста Мәншүк Мәметова қаза болады. Оның денесi сол қалаға жерленедi. Қазақтың батыр қызын ардақтап, оның атына Невель қаласынан көше аты да берiледi. Кейiн атқыштардың екi бригадасы қосылып, дивизия атауын алады. Атқыштар арасында қайта iрiктеу басталғанда, Күрiшбек ата жаңа құрамға қосылады.
«Бiз 1944 жылы өте күштi бекiнiс – Новосокольников қаласын азат ету үшiн шабуылға шықтық. Адам шығыны көп болды. Көретiн күнiм бар екен, бұл ұрыста да аман қалдым. «Ерлiк үшiн» медалiмен марапатталғанда қаза болған майдандас достарым есiме түсiп, кеудеме ащы өксiк тығылғаны әлi күнге ойымнан кетпейдi» деп еске алады майдангер ата.
1944 жылы қаңтар айынан бастап Күрiшбек атаның дивизиясы Батыс майданға, Маршал Рокоссовскийдiң қоластына өтедi. Брест қаласын азат ету ұрысына кiрген кез де осы түс. Одан бөлек, көптеген елдi мекендердi жау тұзағынан азат еттi. Күрiшбек атаға Брест қаласын азат етудегi ерлiгi үшiн III дәрежелi «Даңқ» орденi табыс етiледi.
1946 жылы елге оралған Күрiшбек ата 1953 жылға дейiн Ұзынбұлақ ауылында мұғалiм, комсомол, партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарады. 1953-58 жылдары Кеген ауданы, Қарқара ауылында 7 жылдық мектепте мұғалiм болды. 1959-76 жылдары қазiр өзi тұрып жатқан Сәмбе ауылындағы орта мектепте қызмет iстеп, зейнетке шықты.
Күрiшбек ата қырық жылдан артық өмiрiн жастарға бiлiм, тәрбие беруге сарп еттi. Осы еңбегiн бағалап, жыл сайын марапатқа ие болады. Олардың iшiнде Маршал Г.К.Жуковтың медалi де бар. Бүгiнгi күнi Күрiшбек ата – бейнеттiң зейнетiн көрiп, немере мен шөбере сүйiп отырған бақытты жан.
Ақтiлек Сыбан,
Сүмбе орта мектебiнiң
9-сынып оқушысы.
«Ұланның» жас тiлшiсi
Сүмбе ауылы,
Ұйғыр ауданы,
Алматы облысы
Менiң бабам батыр екен
Өткен жылы менiң атам мен iнiсi екеуi Ресейдiң Ор және Псков облыстарына барып қайтты. Өйткенi, әкем Нұрмат интернет арқылы аталарының Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлiкпен қаза тапқан ерлердiң iшiнен тапты. Атам мен iнiсi екеуi естiп, көздерiне жас алыпты. Әкелерi майданға кеткен кезде атам кiшкентай ғана бала екен. Ендi араға 67 жыл салып, әкелерiн қай жерде жерленгендерiн бiлдi. Атамның әкесi кескiлескен майданда взвод командирi болып, ерлiкпен қаза тауыпты. Атамның батыр болғанын мақтаныш тұтамын.
Томирис Нұрғазы,
№173 физика-математикалық гимназиясының
2 «Ә» сынып оқушысы.
Алматы қаласы
Бақытты ұрпақпыз
«Отаным» деп қан төккен батырлардың арқасында елiмiз түрлi жетiстiктерге жетiп, гүлденiп келедi.
Соғыс деген ызғарлы сөз. «Соғыс» десе, ел қорғаған батырдың шайқаста қан төгiп, көкiрегiн оққа төсеген ерлiгi елестейдi.
Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, белгiлi жазушы Бауыржан Момышұлы былай деп жазды:«Бiздiң жүрегiмiз темiр емес. Бiрақ бiздiң кек отымыз қандай темiрдi болса да ерiтiп, күйдiрiп жiбере алады. Бiздiң үрейдi жеңетiн ең күштi қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйiспеншiлiк» деген екен.
Бауыржандай батыр бабамыз бар бiз бақытты ұрпақпыз!
Данагүл Салмахан,
10-сынып оқушысы.
Бабалардың қаны,
аналардың көз жасы
Қазақтың ұл- қыздарының ерлiгiне әлем тәнтi. Аспанда өртенген әскери ұшағын әдейi жаудың топтасқан қару қоймасына құлатып, ерлiкпен қаза тапқан Нұркен Әбдiров пен жаудың жалын атқан от-ұясын өз денесiмен жауып, жауынгерлерге жол ашып, қаһармандық көрсеткен Сұлтан Баймағанбетовтiң ерлiктерi жүректi елжiретедi. Қазақтың қос батыр қызы Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, қарумен де, қаламмен де жауға қарсы күрескен Бауыржан Момышұлының ерлiктерi бiзге өнеге. Қазақ даласы үшiн бабаларымыздың қаны, аналарымыздың көз жасы аз төгiлген жоқ. Елiн сүйген ерлердiң ерлiгi халық жадынан ешқашан өшпейдi.
Гүлсұлу Қартбай,
10-сынып оқушысы.
Батырлық жылнамасы
Қазiр бiздер өз алдына тәуелсiз мемлекетпiз. Осы тәуелсiздiкке жетiп отырғанымыз – ел үшiн күресте ерлiкпен қаза тапқан ағалар мен батыл апаларымыздың арқасы. Олар бұл соғыста: «Өз Отанымызды жау шеңгелiне бермеймiз!» – деп алға ұмтылды. Соның iшiнде «жаным – арымның садағасы» және «халқым үшiн қасықтай қаным пида» деп ұрандаған қазақ батырларының бiрi – Бауыржан Момышұлы. Ол қазақ халқының тарихында ержүрек, батыр, патриот ретiнде баршаға мәлiм.
Елiмiздiң намысы мен батылдығын паш еткен ұлы Жеңiске биыл 65 жыл! Бiз үшiн бұл күн тарих бетiнде алтын әрiптермен жазылған, қазақ батырларының ерлiгiн еске алатын ерекше күн!
Бекзат Төрежанов,
Қаршатау орта мектебiнiң 10-сынып оқушысы.
Құмқұдық ауылы,
Әйтеке би ауданы,
Ақтөбе облысы
Жеңiстiң 100 жылдығын көрсе атам...
Менiң атам Балықбай Ысқақов соғысқа небәрi 18 жасында аттаныпты. Бұл 1942 жылдың қараша айы екен. Ойлап қарасам, қазiр 18 жаста өзiнiң кiм екенiн бiлмей жүргендер аз емес сияқты. Ел басына қауiп төнген кезде өрiмдей жас болған атамның қолына қару алып, жауға қарсы аттанғаны бүгiнде ұрпақтары бiзге мақтаныш. Шындап келгенде, бүгiнде тәуелсiз мемлекеттiң ұланы болып жүргенiме атамның да үлесi зор. Аспанымыз ашық болуына ол кiсiлер жастық ғұмырын сарп еттi, қаншамасы қыршынынан қиылды. Ең бастысы, ендi ондай зұлмат болмаса екен!
Атам соғысқа Беларусь жерiнен кiрiсiптi. 61-армия, 115-атқыштар дивизиясы. 26-атқыштар полкi, 3-атқыштар батальонының құрамында Беларусь, Латвия, Румыния, Венгрия, Польша, Австрия елдерiн азат етуге қатысты. Атам батальон командирi Павел Стрюковты сағынышпен еске алып отырады.
Атам Ұлы Жеңiстi Австрия астанасы Вена қаласында қарсы алды. Бiрақ елге бiрден қайтпай, 1947 жылдың наурыз айына дейiн әскер қатарында болды. Қазiр атамның соғыс жалынына оранған жастық шағын үйдегi орден-медальдары, майдан даласынан дала поштасымен жолдаған үшбұрышты хаттары еске түсiредi.
21 жасында Ұлы Жеңiстi қарсы алып, соғыстан кейiн елдiң еңсесiн көтеру жолында аянбай еңбек еткен атамның өмiрi маған үлкен үлгi. Тасқа салса кетiлмеген, ұлы көкiрек нағыз ерлер ғой бұл асылдар! Әжем екеуi бала, немере өсiрiп, бүгiнде шөбере шуағына шомылып отыр. Олар өздерiнiң ғибратты өмiр жолымен адами бақыттың бәрiне лайық деп ойлаймын.
Мен атамның Ұлы Жеңiстiң 70, 80, 90, 100 жылдығын көруiн қатты қалаймын.
Әдемi Тұрсынқожа,
№176 мектеп-гимназияның
7-сынып оқушысы.
Алматы қаласы
ЖЕңIС ЖАЙЛЫ Бiлгiң келсе...
Жеңiс жайлы сұрап көршi сен менен,
Жеңiс жайлы толық дерек бiлмеп ем.
Жеңiс жайлы бiлгiң келсе қартқа бар
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.
Жесiр әйел түнде ұйқы көрмеген,
Жетiм бала әке ашуын сезбеген.
Жеңiс жайлы тарихқа ұңiл, бауырым,
Жеңiс жайлы сонда толық бiлесiң.
Жеңiс жайлы сұрап көршi сен менен,
Сұрапылдар өттi-кеттi көлденең.
Елi үшiн басын тiгiп қатерге
Ар-намыстың аппақ туын бермеген.
Данагүл ӘБДЕШ,
6-сынып оқушысы.
БҮР ЖАРАДЫ КӨҢIЛ ГҮЛI
Соғыс сұсы кетпес, сiрә, санадан,
Аман қалып оқ астынан бораған.
Кеудең толы ордендер мен медальға,
Ортамызда жүрсiң бүгiн, өр адам.
Кiмнiң келер айдалада өлгiсi,
Келдi оның көптеп рахат көргiсi.
Қалды сан ер топыраққа көмiлiп,
Бастарына қойылмастан белгiсi.
Арпалыспен солай келген өмiр бұл,
Жеңiс күнi бүр жарады көңiл-гүл.
Опат болған жауынгердiң демiндей,
Саябақта жанады алау көгiлдiр.
Келдi жеңiс шаттық әнiн шырқаған,
Соғыс та өттi қырып-жойып, бұрқаған.
Мiне, бүгiн алпыс бес жыл болыпты-ау,
Зұлмат шақтан алыстаймыз бiр табан.
Гауһар ӘБДIРАХМАН,
9-сынып оқушысы.
Кенбай орта мектебi,
Сағыз ауылы,
Қызылқоға ауданы,
Атырау облысы
Соғыстан қайтты бiр сарбаз
Сағыздың ерке өзенi,
Елiре соқты жағаға.
Өзгеден ерек сол күнi,
Ауыр боп тидi анаға.
Қам көңiл едi халқың да,
Кәрi де, бала-шаға да.
Өмiрге құштар қалпыңда,
Майданға кеттiң, жан аға.
Зiлдей боп керзi етiгiң,
Таппадың тiптi бiр тыным.
Түнерiп қауiп төнгенде,
Досың боп қара мылтығың.
Соғыстың аты соғыс қой,
Жалмады талай арысты.
Мылтықтың оғы босқа ұшпай,
Өлiм мен өмiр алысты.
Есiңе кейде аласың,
Кешегi қанды соғысты.
Ұмытпас ұрпақ санасы,
Көргендей қайта сол түстi.
Емен боп өстi бiр шыбық,
Түспейдi ендi үзiлiп.
Тыңдайды ұлың күрсiнiп,
Тыңдаймын мен де егiле.
Орынай МӘЖЕК,
7 «А» сынып оқушысы.
Достарыңызбен бөлісу: |