Қазіргі кезеңдегі қоғамдық-саяси қозғалыстар мен ұйымдар.
Басқа елдердегі сияқты Қазақстанда да қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдар баршылық. Алдына қойған мақсаттарына қарай оларды былайша топтастыруға болады:
1) Экологиялық бағыттағы ұйымдар. Оларға жататындар "Невада-Семей" қозғалысы, "Арал-Азия-Қазақстан" халықаралық қоғамдық комитеті, "Табиғат" комитеті, т.с.с.;
2) Тарихи - ағартушылық қоғамдар: "Мемориал", "Әділет", "Ақиқат" және т.б.;
3) Әлеуметтік талаптар қойған ұйымдар: "Атамекен", "Алтынбесік", "Жерұйық" "Шаңырақ" және т.с.с.;
Сонымен қатар республикада ардагерлер, әйелдер, жастар одақтары және т.б. көптеген қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар бар. Осылардың бәрі, өз ерекшеліктері болуына қарамастан, еңбекшілердің белсенділігін арттырып, Қазақстанның гүлденіп өркендеуіне, тұрақты дамуына үлестерін қосқанда ғана мақсаттарына жетпек.
Енді соңғы мәліметтер бойынша, бір ғана Қарағанды облысында 6 саяси партия, 8 саяси мақсаттағы қоғамдық қозғалыстар, 16 жастар ұйымдары, әйелдер ұйымдары, 13 ұлттық мәдени орындар, 2 табиғат қорғау қозғалысы, 15 тәуелсіз кәсіподақ, 85 діни бірлестікітер, 273 басқа да әр түрлі ұйымдар мен бірлестіктер бар. Енді барлық облыстардың қоғамдық қозғалыстары мен бірлестіктерінің қанша екендігін ескерсек, түсінігіміз кеңейе түспек.
Егемендік, тәуелсіздік алу қоғамдық-саяси ұйымдар мен қозғалыстардың жұмысын түбірінен қайта құруға объективті негіз қалады. Ұйымдар мен қозғалыстар саяси процеске тартылды, өмірді өзгерту және жақсарту олардың іс-әрекетіне де байланысты деген түсінік әрбір адамның санасына ене бастады. Бұл тоталитарлық саяси режімнен демократиялык өмірге енудің айғағы болды. Бұқараның іс-қимылының артуына, көптеген саяси-қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың өмірге келуіне жағдай жасады.
Жеке ұйымдар мен қозғалыстар.
"Азат" азаматтық қозғалысы. Бұл ұйым 1990 жылдың шілде айында Алматы қаласында құрылды, әр түрлі партия, кәсіподақ, әйелдер, ардагерлер, діни, жастар, т.б. ұйымдарды біріктіреді. Іс-әрекеттің нысаны мен тәсілдерінің негізі: мемлекеттік билік органдарын конституциялық жолмен қалыптастыру; баламалы заң жобаларын жасау; жоғарғы және жергілікті ұйымдардың қабылдайтын саяси шешімдеріне; жиналыс, митингі, шеру тарту ісіне қатынасу.
"Азаттың" бөлімшелері барлық облыстарда бар, жоғарғы органы - съезд, 300-ден астам мүшелері бар. Ең көп мүшелері Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында.
"Азат" басқа елдердегі осындай қозғалыс ұйымдары мен тікелей байланысты. "Азат" газетін шығарады, "Қазақ тілі" қоғамымен тікелей байланыста.
"Азат" қозғалысы республика жерінде өз жарғысына, Конституцияға сәйкес жұмыс жүргізеді. Негізгі мақсаты - толық саяси-экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу, әлеуметтік әділеттілік жөне демократия принциптерін іске асыру, барлық азаматтардың материалдық және рухани өмірін қамтамасыз ету.
Экономика саласында жер, кен байлықтары, су, орман және басқа да байлықтар республиканың меншігі. Жер сатылмауы керек, бірақ қажеттілікке қарай жалға беріледі. Ұлт мәселесінде барлық азаматтар тең құқықты, ұлтына, дініне қарай бөлінбеу керек.
Қазақ мектебінің және тәрбиенің ұлттық тұжырымдамасы жасалуы керек. Қазақстан тарихы, қазақ тілі және әдебиеті барлық оқу орындарында дербес пән ретінде оқытылуы қажет. Басқару жүйесінде тоталитарлық үстемдікке, әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы күрес жүргізілуі кажет.
Достарыңызбен бөлісу: |