Қожабек қанат мұратұлы қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ҮДЕРІСТЕРІ



бет12/18
Дата03.05.2024
өлшемі1.29 Mb.
#500415
түріМонография
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18
treatise175770

3 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ҮДЕРІСТЕРІ


3.1 Медициналық сақтандыру жүйесін дамытудағы мемлекеттік реттеудің маңызы
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан басталған денсаулық сақтау жүйесінде жүргізілген реформалар бүгінде белгілі бір қорытындылар шығаруға жеткілікті мерзімді қамтиды. Әсіресе денсаулық сақтау жүйесін басқару, қаржыландыру, медициналық қызметтер көрсетудегі бәсекелестік, медициналық көмек көрсетудегі мемлекеттік кепілді көмекпен қамтамасыз ету, азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелерінде белгілі бір нәтижелер шығаратын уақыт болды. Алайда аталған мәселердің бірқатары әлі де шешімін таппауда немесе түбірімен қайта өзгерісерге ұшырауда. Олардың ішіндегі негізгі мәселелердің бірі медициналық сақтандыру, оны мемлекеттік реттеу және дамыту болып отыр.
Әлемдік тәжірибеде денсаулық сақтау саласындағы медициналық сақтандыруды мемлекеттік-құқықтық реттеудің бірнеше жолдары бар. «Олардың ішінде жалпы танылғандары Германияның, АҚШ-тың, Израилдің медициналық сақтандыру жүйелері. Олардағы секілді Қазақстанның да өзіндік жолын қалыптастыру қажет. Ол үшін ең алдымен денсаулық сақтау жүйесінің қызметін тиімді құқықтық қамтамасыз етудің қажет» [99].
Біз үшін қазіргі қолданыстағы денсаулық сақтау жүйелерін талдап және зерттеудің, олардың тәжірибесін отандық денсаулық сақтау саласын жетілдіруде қолданудың өзі де өзекті болып табылады
Әр елдің денсаулық сақтау жүйесі, оның ерекше тарихи, саяси және тіпті ұлттық мінез-құлқының сипатының өнімі болып табылады. Сонымен бірге, АҚШ және өзге де ірі мемлекеттерде денсаулық сақтау жүйесін кең көлемде реформалау жүргізіліп жатқандығын атап өту қажет. Жалпы әлемде қолданылатын денсаулық сақтау жүйелерін үш топқа жіктеуге болады. Олардың біріншісі, мемлекетпен қаржыландырылып, мемлекетпен қатаң басқарылатын жүйе; екіншісі, сақтандыру жүйесіне басымдылық беретін жүйе; үшіншісі, ақылы медициналық қызмет көрсету басым жүйе. Негізінен дамыған елдердің көпшілігі міндетті сақтандыру жүйесін қолданады. Алайда, өркениетті мемлекеттердің ешқайсысында аталған жүйелердің ешқайсысы жеке түрде қолданылмайды. Яғни екі жүйе бірге қолданылып, олардың бірі басымдылыққа ие болып отырады. Бұл жүйеге АҚШ-та қолданылатын жүйені жатқызуға болады, мәселен онда медициналық сақтандырумен қатар, ақылы медициналық қызмет кеңінен қолданылады. Ал Англияның денсаулық сақтау жүйесі өзінің қатаң түрде мемлекетпен қадағалатындығымен ерекшеленеді, өйткені онда денсаулық сақтау мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Бұл туралы М.Омарқұлова былай дейді: «Денсаулық сақтау саласын мемлекетпен басқару жүйесіндегі Ұлыбритания тәжірибесі тиімділігі мен қолжетілімділікті көрсетті. Қаржыландырудың орталықтан жүргізілуі емдеу ақысының өсуіне тосқауыл болды», дейді [100]. Алайда, «Денсаулық сақтау саласы мемлекеттің толық бақылауындағы елдерде, әкімшілік реттеу құралдары да әрқилы: медициналық, фармокологиялық, осы саладығы ғылыми-зерттеу қызметін лицензиялаудан бастап, мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарындағы кадр саясатына дейін. Бұл мәселелердің барлығы денсаулық сақтау нарығы саласындағы жұмыс істеуге деген ниетке, сонымен қатар шетелдік медициналық компаниялардың қызметіне де әсер ететіндігі белгілі» [101].
Бүгінгі таңда ең кең тарағаны мемлекеттік қаржыландыру жүйесі болып отыр, мұндай жүйеде мемлекет салықтар жинап, медициналық көмек көрсетуді мемлекет толықтай басқарады және бақылау жүргізеді, оған тікелей төлем жүргізеді. Бұл жүйенің ерекшелігі, мұнда мемлекет уәкілетті орган арқылы денсаулық сақтау аясындағы қызметтер көлемін, олардың құның анықтап, медициналық сақтандыруды толық бақылайды.
Ал бәсекелестікті жүйе бұған толықтай қарама-қарсы бағытттағы жүйе деуге болады. Бұл жүйенің басты ерекшелігі, медициналық қызметтің жеке құрылымдармен төленетіндігі, алайда олардың қызметі мемлекеттің қатаң бақылауында болады және реттелінеді. Кейбір жағдайларда мемлекет жұмыс берушілерге өз қызметкерлерін сақтандыруды міндеттейді. Мұнда мемлекет өзіне стандартты сақтандыру жүйесін ала отырып, осы жерде сақтандыру компанияларына өзара баға, медициналық қызметке ақы төлеуге қатысу үлесіне және қосымша шығындарды жабу жөніндегі үлесіне байланысты бәсекелесуге рұқсат береді.
Аталған жүйелердің барлығында мемлекет белгі бір деңгейде денсаулық сақтау жүйесін әлеуметтік саясаттың қатысушысы ретінде басқару мен реттеуге қатысады. Соңғы уақытта бұл саладағы басты рөлді сақтандыру мәселесі атқаруда. Соңғы уақытта өркениетті елдердің барлығы дерлік өз азаматтарын медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселесін сақтандыру ұйымдары арқылы шешуде және қазіргі кезде медициналық сақтандырудың әртүрлі жүйелері қалыптасып үлгерді. Кейбір мемлекеттерде медициналық сақтандыру жұмыс орны бойынша жүзеге асырылса, кейбір елдерде жұмыс орны мен сақтандыру бір бірінен толық ажыратылған. Ал кей мемлекеттерде азаматтар медициналық қызметке ақыны елеулі сақтандыру шегерімдері арқылы не үлестік қатысу арқылы өтейді. Мемлекеттердің бірінде медициналық сақтандыруды толықтай мемлекет өз міндетіне алса, денсаулық сақтау жүйесінің кейбірінде, тіпті алғашқы медициналық көмек дәрігерін таңдау шектеледі.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі көптеген қиыншылықтарға қарамастан, ешқандай ел медициналық сақтандырудан бас тартпауда, өйткені медициналық сақтандыруды әлеуметтік саланың маңызды аясын реттеудің маңызды құралы ретінде түсінуде. Әлемде медициналық қызметті сақтандыру жарнасынсыз, шегерімдерінсіз немесе үлестік қатысусыз шексіз көлемде ұсынатын, сонымен бір мезгілде дәрігерді толықтай еркін таңдайтын жүйе жоқ.
Негізі, медициналық сақтандыру он тоғызыншы ғасырдын аяғынан тәжірибеге енгізіле бастады. 1883 жылы Германия канцлері Отто Бисмарктың бастамасымен медициналық сақтандыру туралы арнайы заң қабылданды. Кейіннен бұл жобаны Европаның бірқатар елдері өз елдеріне енгізе бастады. Мәселен, 1887 жылы Австрия, 1894 жылы Норвегия, 1900 жылы Жаңа Зеландия, 1901 жылы Швецияда жаңа сипаттағы сақтандыруға негізделген жүйе пайда болды [102].
Жалпы алғанда әлемнің барлық елдері дерлік, өздерінің ұлттық денсаулық сақтау саласын реформалауды белсенді жүргізуде. Мәселен европа елдері американдық жүйенің тәжірибесін зерттесе, өз кезегінде американдықтар мемлекеттің денсаулық саласына көбірек араласуына дауыс береді.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласында сақтандыруды қолдануына көп уақыт бола қойған жоқ, сонымен бірге міндетті сақтандыру мәселесі шешімін табуда. Сонымен қатар міндетті медициналық сақтандыруды қалыптастырудың еліміздегі тарихы жемқорлық дауға ұласып, Міндетті медициналық сақтандыру қорының директоры Т.Иманбаевтың мемлекеттен қорға бөлінген ақшаны жымқырып, шетелге қашып кетуіне байланысты сот үкімі шыққандығы белгілі. Осы оқиғадан кейін еліміздің денсаулық сақтау саласындағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу тоқырауға ұшырап, кешеуілдеп қалды деуге болады. Оған қоса, «1996-1998 жылдары ме­ди­циналық сақтандыру жүйесі қызметін тоқтатудың негізгі себебі кірістерді жинаудың жеткіліксіз деңгейі еді. Медициналық сақтандыру қорының өз міндеттерін атқаруына экономикалық дағдарыс кедергі болғанын атап өткен жөн. Мысалы, сол кезеңдерде көптеген кәсіпорындар үлкен қарыздары болғандықтан сақтандыру жарналарын төлей алмады, сақтандыру төлемдеріне заттай ақы төлеу жүйесін қолдануға мәжбүр болды. Және жеке кәсіпкерлер мен өз-өзін қамтамасыз етушілердің жарна төлеуге мүмкіндігі жетпеді. Сондай-ақ, жұмыссыздықтың өсуі жергілікті бюджетке ауыр тиді. Жергілікті атқарушы органдардың белсенді емес халық үшін тиісті жарна деңгейін қамтамасыз етуге жағдайы болмады. Міне, осы секілді бірнеше факторлар жүйенің жұмысын жандандыруға кедергі болды» [103].
Дегенмен міндетті медициналық сақтандыру, байқап отырғанымыздай әлемнің жетекші елдерінде өзін жеткілікті дәрежеде ақтап отыр. Сондықтан бұл жүйені енгізу біздің елдін де таңдауы болды. Нәтижесінде Елбасы 2015 жылдың 16 қарашасында елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы заң жобасына қол қойды. Осы заңға сәйкес бұл жүйе 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады деп бекітілді. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік саұқтандыру жүйесін енгізу – Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мемлекет алдына қойған тікелей міндеттерінің бірі және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. Бұл жүйенің енгізілуі еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі ғана емес, жалпы әлеуметтік-экономикалық өміріндегі реформа деуге болады. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017-2024 жылдар аралығында біртіндеп ензіледі деп жоспарлануда. 2017 жылдың бірінші шілдесінен бастап жұмыс берушілер, мемлекет, өзін-өзін жұмыспен қамтамасыз етуші азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды.
ҚР міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңының 27-бабының 1-тармағына сәйкес, жұмыс берушілердің қорға төлеуге жататын аударымдары төмендегіше болмақ:
-«2017 жылғы 1 шілдесінен бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 2 пайызы;
- 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 3 пайызы;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 4 пайызы;
-2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 5 пайызы» [96];
Ал аталған заңның 28-бабына 1-тармағына сәйкес, жұмыскерлердің қорға төлеуге жататын жарналары былайша белгіленді:
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналарды есептеу объектісінің 1 пайызы;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - жарналарды есептеу объектісінің 2 пайызы мөлшерінде белгіленсе, 28-баптың 2-тармағына сәйкес дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың қорға төленуге жататын жарналары:
-«2017 жылғы 1 шілдесінен бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 2 пайызы;
- 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 3 пайызы;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 5 пайызы;
-2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 7 пайызы көлемінде белгіленді» [104, 1 және 2-тармақ].
Қазақстандық міндетті әлуметтік медициналық сақтандырудың ерекшеліктерінің бірі, мемлекет азаматтардың жекелеген санаттары үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарна аударуды өз мойнына алып отыр. Қарастырылып отырған заңда мемлекет қорға аударған қаржы есебінен медициналық қызмет көрсететілетін азаматтардың он бес санаты бекітілген. Олар: «18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, сонымен бірге, бала (балалар) тууына байланысты, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған, олар 3 жасқа толғанға дейін бала (балалар) күтіміне байланысты еңбек демалысына шыққан аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылар, оған теңестірілген азаматтар, мүгедектер, білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитындар, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, зейнеткерлер, интернаттық мекемелерде білім алып, тәрбиеленіп жатқандар, сот шешімімен қылмыстық-атқару мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, уақытша оқшаулау изоляторлары мен тергеу изоляторларында отырған азаматтар» [102, 4-тармақ]. Бұл санаттағы азаматтарға медициналық сақтандыру жарналары Бюджет кодексінде айқындалған тәртіппен әр айдын алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді.
Осы жерде айта өтерлік маңызды мәселе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна көлеміне байланысты болмайды.
Қарастырылып отырған заңға сәйкес, азаматтарға медициналық көмектің екі тобы ұсынылады. Біріншісі, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекетпен кепілдік берілген көлемін ұсынатын пакет. Бұған жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезіңде көрсетілетін медициналық көмектер кіреді. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз тұрғындарға республикалық бюджет есебінен амбулаторлық-дәрігерлік және амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған. Ал екінші топқа медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті кіреді. Олар: амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауру түрлерін есептемегенде), стационарлық көекті алмастыратын көмек (әлеуметтік маңызды ауру түрлерін есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмек кіреді.
Өз кезегінде айтып өтуіміз қажет «әлеуметтік және медициналық-санитарлық шаралардын барлығы конституция ережелерін орындаудан туындаған заңдарды жүзеге асыру үшін ұйымдастырылуы және конституцияның қағидаларына сай болуы тиіс» [ 101,б. 79].
Б.М. Игенбаев пен Е.К. Утегенов өз зерттеулерінде ерікті медициналық сақтандыру деңгейінің мұндай төмендігін төмендегідей себептермен түсіндіреді:
1. Баға факторы – төмен сыйақы, жоғары төлемдер, шығынның көптігі (60пайыздан жоғары).
2. Бизнесті жүргізудің және медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру құнының қымбаттығы: а) ел аумағының үлкендігі, халықтың тығыз орналаспауы, шағын қалалардың көптігі, қалалар арасының алшақтығы; б) Қазақстан облыстары арасындағы өмір сүру деңгейі мен баға дифференциациясы.
3. Медициналық қызмет көрсетушілердің талаптары: аймақтардағы медициналық қызмет көрсетушілердің монополиялық жағдайлары. Сақтандыру компанияларымен ынтымақтастыққа мүдделіліктің болмауы – сақтандыру нарығындағы табыстың өте аз үлесі. Сақтандырушылар үшін дискриминациялық бағалар. Диагностиканың «артық» қойылуы және пациенттен барынша «сығып» ақша алып қалу. Ақылы медициналық қызметтерге бағаның жылдам өсуі мен бақылауда болмауы (мәселен, жеке сектордағы медициналық қызметке баға соңғы үш жылда 25 пайызға өскен).
4. Халықтың сақтандыру мәдениетінің төмендігі.
5. Ерікті медициналық сақтандыруды дамыту үшін қолдау шараларының болмауы (жұмыс берушінің қызметкерге қосымша қолдау ретінде сақтандыруды ұсынуын қоспағанда) және т.б. [105].
Жоғарыда келтірілген және өзге де факторлар, мәселен қазақстандағы сақтандыру нарығының әлсіздігі, еліміздегі міндетті сақтандыруды енгізуге әсер еткені белгілі. Еліміздегі сақтандыру ұйымдарының тек 20-сы ғана ерікті медициналық сақтандыру нарығында сақтандыру қызметін жүзеге асырады.
Сонымен қатар туындап отырған бір мәселе, халықтың табысы жоғарылаған сайын, азаматтардың медициналық сақтандыру жүйесінен шығуға тырысуы да байқалуда. Өйткені сақтандыру ставкасы олардың табысына байланысты емес, барлығына бірдей болады. Бұл өз кезегінде елеулі әлеуметтік проблемалар туғызады. Қазақстандықтардың көпшілігі «бай кедей үшін төлейді, сау сырқат үшін төлейді», деген қағидамен келіспейді. Табысы жоғары адамдар ақылы медицинаны, ал елеулі операциялар жасатуда шетелді қалайды. Мұндай жағдай медициналық қызметтің салыстырмалы алғанда төмен деңгейімен түсіндіріледі.
Жоғарыда аталған мәселелерге орай, медициналық сақтандыруды міндетті сақтандыру жолымен денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге мемлекет қана емес қоғам мүдделі болды деуге болады. Сондықтан бұл сала мемлекетпен қатаң түрде реттелінуі тиіс деп ойлаймыз.
Жалпы алғанда сақтандыру қызметін мемлкеттік реттеу ұлттық сақтандыру жүйесінің дамуын қамтамасыз ете отырып, экономиканыңы сақтандыру секторына бақылауды жүргізуі тиіс. Ал сақтандыру қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу ҚР сақтандыру заңнамасы талаптарының сақталуы, сақтандыру қызметтерінің тиімді дамуына, сақтанушылар мен сақтандырушылардың, өзге де мүдделі тұлғалар мен мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсаттарында жүргізіледі. Осы жерде айта өтуге тұрарлық маңызды мәселе, біздің ойымызша міндетті сақтандырудың енгізілуінің өзі қоғам мүддесі мен азаматтардың мүдделерін көздейді деуге болады. Ол ерікті сақтандырудың қамти алмаған тұстарын толықтырып, халықтың қосымша қорғалуын қамтамасыз ете отырып, экономиканың тұтастай бір саласының дамуына да ықпал етеді. Сонымен бірге, мұнда міндетті сақтандырудың жалпы тәртіптерін анықтауға мемлекет жауапты болады.
Қоғам атынан мемлекет міндетті сақтандыруды, соның ішінде медициналық міндетті сақтандыруды заңмен белгілейді де, осы арқылы сақтанушылардың белгілі бір тобына бекітілген сақтандыру төлемдерін төлеуді міндеттейді, ал сақтандырушыны зардап туындаған жағдайда шығынның орнын толтыру тек жеке тұлғаның ғана емес, қоғамның да мүддесіне әсер ететін жағдайларды қамтиды. Демек, міндетті сақтандыру заңнамасы сақтандыру объектілерін ғана қамтып қоймай, сақтандыру жауапкершілігінің көлемін, сақтандырумен қамтамасыз етудің деңгейі мен нормаларын, тарифтік ставкаларды бекіту тәртіптерін, сақтандыру төлемдерін төлеудің мерзімдерін, сақтанушы мен сақтандырушының негізгі құқықтары мен міндеттерін анықтайды.
Сондай-ақ, міндетті сақтандырудың тағы ерекшелігі, ол бекітілген объектілерді толық қамти отырып, объектілерге қатысты сақтандыру міндеті оның сақтандыру жарнасын төлегеніне немесе төлемегендігіне қарамастан бірден туындайды.
Осындай ерекшеліктерге байланысты міндетті медициналық сақтандыру саласындағы мемлекеттік реттеу қызметі заңдармен қатаң түрде реттелінеді. Осыған орай еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы мемлекеттік органдардың өкілеттілігне талдау жасап өтсек.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңның 9-бабында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкілетті орган (бүгінгі күнде ол – ҚР денсаулық сақтау министрлігі) және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті органдары жүзеге асырады деп бекітілген.
Енді осы аталған мемлекеттік органдардың мідетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы өкілеттіліктеріне жеке жеке тоқталсақ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзіреттері:
-«міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесін бекітеді;
-Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен қорды құру, қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешімдер қабылдайды;
-қордың активтерін инвестициялау үшін қаржылық құралдардың тізбесін айқындайды;
- қордың күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервтерінің мөлшерлерін белгілейді;
-қордың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді белгілейді;
- өзіне ҚР Конституциясымен, заңдарымен және ҚР Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды» [104, 10-бап].
Ал денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган құзіреті төмендегі мәселелерді қамтиды:
-«аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару тәртібі мен мерзімдерін әзірлейді және айқындайды;
-міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен ондағы сақтандыру мерзімін есептеу тәртібін әзірлейді және айқындайды;
-міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көрсетілетін қызметтергетарифтерді қалыптастыру әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
-қордың күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервтерінің мөлшерін әзірлейді;
-қордың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді әзірлейді;
-қордың қызметін қамтамасыз етуге жіберілетін, қордың активтерінен алынатын комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын белгілеу туралы ұсынысты жыл сайын әзірлейді;
-қордың активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының тізбесін әзірлейді;
-бақылау функцияларын қамтамасыз ету үшін қордың қаржылық және өзге де есептілігінің тізбесін, нысандарын, оларды ұсыну мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;
-қордың қаржылық орнықтылығын талдауды, бағалауды және бақылауды жүзеге асырады;
-Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қордың қызметін ішкі бақылауды жүзеге асырады;
-қорың қызметі туралы мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар мен органдардан өзінің бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді алуға құқылы;
-өз құзіреті шегінде Мемлекеттік корпорацияның қызметін тексеруді жүзеге асырады;
-Қазақстан республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады» [104, 11-бап].
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті органдары:
-«азаматтардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;
-міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің жоспарлануын қамтамасыз етеді;
-міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде жоғары технологиялы медициналық көрсетілетін қызметтерді алу үшін тұрақты тұратын елді мекеннен тыс жерлерге шығатын азаматтардың жекелеген санаттарына ел ішінде жол жүру ақысын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары айқындайтын тізбе бойынша төлейді;
- жергілікті басқару мүдделерінде Қазақстан республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады» [104, 12-бап].
Негізі әлемдік тәжірибенің классикалық жүйесінде міндетті медициналық сақтандыру коммерциялық сақтандыру компанияларының жұмыс берушілермен тікелей байланысын, сақтандыру бағдарламаларының еркін бәсекелестігін, медициналық мекемелердің мемлекеттік емес мәртебесі мен коммерциялық сипатын білдіреді. Ал біздің елде, жоғарыда келтірілген мемлекеттік органдардың құзіреттерінен байқап отырғанымыздай, мемлекет міндетті мемлекеттік сақтандыруға кең көлемде қатысады. Алайда мұндай жағдай осы саланы дамытудың алғашқы кезеңіндегі қажеттілік болып табылады деп ойлаймыз. Сондықтан болашақта міндетті медициналық сақтандыру үлгісіндегі денсаулық сақтау жүйесіне тек, тараптардың әрекеттерін заң шығару жолымен реттеп, тік бағыттағы орталықтан басқару құрылымынан бас тартып, «сандырылуышы-сақтандырушы-емдеу мекемесі» қатынастары жүйесінде төрелік етуші функциясын ғана атқарып, осы жүйедегі ең төменгі әлеуметтік стандарттардың орындалуына бақылау жасауы қажет.
Қазіргі таңда, денсаулық сақтау саласында назардан тыс қалып отырған тағы бір маңызды мәселе медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру болып отыр. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 182-бабының 1-тармағының 11-тармақшасында «медицина және фармацевтика қызметкерлерінің тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы көзқарас болмаған кезде, азаматтың денсаулығына келтірілген зиян үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруға құқығы бар», деп бекітілгенімен, олардың осы құқықтарын іске асырудың құқықтық тетіктері әлі күнге дейін жоқ. Сонымен қатар, бұндай заңды қабылдау медициналық көмек алушы азаматтардың мүліктік мүдделерінің қорғалуына кепілдік беріп, бір мезгілде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды қамтамасыз ететін тетіктер үшін құқықтық негізді құрайды.
Дегенмен, елімізде «Қазақстан Республикасында медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін кепілдік беру туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп талқылануда. Біздің ойымызша біріншіден, заң жобасының атауының өзінде қателік жіберілген «жауапкершілігін кепілдік беру» емес, «жауапкершілігіне кепілдік беру» деп жазылуы тиіс. Екіншіден, әлемдік тәжірибеде медицина қызметкерлерінің жауапкершілігіне байланысты екі жол қолданылады: кепілдік беру және сақтандыру. Экономикасы нарықтық қатынастарға негізделген елдер мен міндетті медициналық сақтандыру негізінде денсаулық сақтау жүйесі қаржыландырылатын елдерде «жауапкершілікті сақтандыру» ұғымы қолданылады. Сондықтан заңның атауы «Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы» заң деп аталуы дұрыс деп ойлаймыз. Сонымен бірге, бұл мәселенің өзектілігін медициналық қызметтердің сапасына байланысты түсіп отырған шағымдар санының күрт өсуінен байқауға болады. Мәселен, Бас прокуратураның деректері бойынша «2013 жылдың 1-жарты жылдығында 771 238 019 теңге сомасына 42 арыз түсіп, олардың ішінде 22 033 258 теңге материалдық зиянды өтеуге және 749 204 761 теңге моральдық зиянды өтеуге шағым түскен, сот органдарымен 14 085 975 теңге сомасындағы арыз қанағаттандырылған. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің баптары бойынша, медициналық қылмыспен байланысты 2013 жылы 433 қылмыстық құқық бұзушылық, 2014 жылы 420 қылмыстық құқық бұзушылық, 2015 жылы 595 қылмыстық құқық бұзушылық тірелген» [106]. Байқап отырғанымздай, істердің көпшілігі пациенттердің пайдасына шешілген. Бұл үрдістің одан әрі кеңінен белен алатынын ескерсек, аталған заңды тез арада қабылдау қажет.
.Елімізде енгізіліп отырған міндетті былдау қажет.медициналық сақтандыруға байланысты өз ойымызды қорытындыласақ, біздің елде енгізіліп отырған міндетті медициналық сақтандырудың өзіндік артықшылықтары да әлемнің бірқатар алдынғы қатарлы елдерінде өзінің тиімділігін көрсетуде. Мәселен сақтандыру төлемі мен оның мөлшерінің заңмен белгіленуі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры секілді мемлекеттік коммерциялық қордың құрылуы, көрсетілетін медициналық көмек түрлерінің тізбесі мен оның көлемінің мемлекетпен бекітілуі. Сондай-ақ біздің елде іске асырылып отырған жүйе емдеу мекемесі мен сақтандыру қоры арасындағы делдалдық функцияны, «біріңғай қаржыландыру» қағидасы негізінде «бюджеттік» және «коммерциялық» қызмет көрсетулер арасындағы теңсіздікті жояды. Сонымен бірге, біздің ойымызша денсаулық сақтау саласындағы заңсыз көмек көрсету секторының жұмыс істеуіне кедергі болады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласына сақтандыру жүйесінің кеңінен енгізілуі осы саладағы мемлекеттік және жеке әріптестіктің дамуына даңғыл жол ашады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет