Қожабек қанат мұратұлы қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ҰЙЫМДЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ СИПАТТАМАСЫ



бет4/18
Дата01.12.2022
өлшемі1.43 Mb.
#466178
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
treatise175770 (1)

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ҰЙЫМДЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ СИПАТТАМАСЫ




    1. Азаматтардың денсаулығын қорғауға құқығының конституциялық-құқықтық негіздері

Еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуға бағдар алуы адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын ресми түрде танығандығын білдіреді. Бұл ережелер Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген, демек адам және оның өмірі, денсаулығы, ар-намысы, қадір-қасиеті, жеке өміріне қол сұғылмауы ең жоғарғы әлеуметтік құндылықтар ретінде танылады. Бұл құқықтарды қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеті болса, олардың қамтамасыз етілуі еліміздегі демократияның өлшемі болып табылады. Өйткені демократияның дамуы биліктің тек адамның құқықтары мен бостандықтарын жәй ғана танып қоймай, басқа көптеген факторларға да байланысты. Олардың ішіндегі ең бастыларының бірі адамға белгілі бір әлеуметтік игіліктер көлеміне қол жеткізуге мүмкіндік беретін, адам құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың тиімді әлеуметтік-құқықтық механизмдердің болуы. Өркениеттің қазіргі даму жағдайындағы құқықтық қатынастар аясында адам құқықтарының құндылығы, олардың танылуы мен сақталуы мемлекеттің ішкі ісі мен халықаралық қатынастардағы әрекеттерінің басты бағдары болуда. Себебі, адам құқықтары әділеттілік, бостандық пен теңдік, демократизм, ізгілік секілді жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтайды. Сондықтан адам құқықтарына, олардың сақталуы мен қамтамасыз етілуіне еліміздің барлық заңдары басымдылық беруі тиіс. Осыдан келіп, адамның өмірі мен денсаулығының құқықтық табиғатына теориялық және практикалық тұрғыдан зор қызығушылық туындайды деп ойлаймыз.
Адам құқығының мәні мен түсінігін бағалауды негізінен екі тұрғыда қарастыратындығы белгілі. Біріншісіне сәйкес, адам құқықтары оған тумысынан жазылған және оның мемлекетпе танылуы шарт емес деген пікір болса, екіншісі позитивтиктік тұрғыдағы, яғни адам құқығы мемлекеттен туындайды, мемлекет өз қалауы бойынша оның көлемін анықтайды, деген пікір. Біздің ойымызша бұлардың екеуі де біржақтылық сипатқа ие. Адамның құқықтары туымысынан және ажырамас деген табиғи құқық мектебінің ізгілік сипаты нақтылы қоғам өмірінің жағдайларымен «бетпе-бет» келгенде кедергілерге ұшыраса, позитивтік тұрғыда қараушылық адамның құқықтары мен рөлін төмендетіп, жеке тұлғаға мемлекеттің үстемдігін мойындайды.
Дегенмен, адамның құқықтары тек маңызды әлеуметтік нормалар мен қағидалар ғана жинақталған құбылыс қана емес, онда өз заманының экономикалық және мәдени құндылықтарына сәйкес моралдық, діни, философиялық нормалар да жинақталған құбылыс екендігі белгілі. Сондықтан адам құқықтары мен бостандықтары оның әлеуметтік қызметі мен қоғамдағы рөлінің нормативтік өлшемі болып табылады. Сонымен қатар ол маңызды әлеуметтік құндылық болып табылады.
Құқықтық қатынастардың дамуының бүгінгі жағдайында адам құқығының құндылығына байланысты ешқандай күмән жоқ, ал оны құрметтеу мен сақтау мемлекеттік саясаттың әділдігінің нышанына айналды. Өйткені адам құқықтары әділдіктің, бостандықтың, демократизмнің, ізгіліктің жалпы адамзаттық санаттарын айқындап, мемлекетпен қатынаста адамның басымдылығын бекітеді.
Адам құқығында барлық маңызды әлеуметтік нормалар мен қағидалардың шоғырланғандығы белгілі, олар тек құқықтық қана емес, моралдық, саяси, діни, философиялық мәселелерді де қамтиды. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтары оның әлеуметтік, қоғамдық қызметінің нормативтік өлшемі болып табылады. Мемлекеттегі қоғамдық өмірдің барлы аяларында өтіп жатқан қазірігі күрделі және қарама-қайшы процестер адам құқығына әсер етпей қоймайды. Өйткені адам құқықтары оның өмір сүруінің ажырамас шарттармен тікелей байланысты.
Өйткені құқық адамның өмір сүру деңгейін анықтап, оның мұқтаждықтары мен мүдделерін қанағаттандырудың қайнар көзі болып табылатындығы белгілі. Сондықтан, адам құқықтары кез келген құқық пен қоғамның қажетті және ажырамас бөлігі болып табылады.
Осындай жағдайларға орай, қазіргі әлемде адам құқықтары мен бостандықтарының жалпымен танылған стандарттары халықаралық-құқықтық актілермен бекітілген, өз кезегінде мемлекеттер осы стандарттармен бекітілген шектерден төмендемеуі қажет. Бұл дегеніміз, адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ішкі ісі ғана емес, халықаралық қауымдастықтың назарында дегенді білдіреді. Өйткені адам құқықтары оның өмір сүруінің ажырамас шарты, оның қажеттіліктері мен мүдделерін қамтамасыз етудің қайнар көзі.
Қазақстан Республикасы Конституцияның «Адам және азамат» деп аталатын екінші бөлiмiнде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының тiзбесi берiледi. Аталып отырған Негізгі Заңның 12-бабы 2-тармағының нормасына сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары оларға тумысынан жазылған, олар абсолюттi танылады, олардан ешкiм айыра алмайды [7]. Сондықтан Қазақстан Республикасында қабылданатын барлық заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағын және 12-бабының 2-тармағын ресми түсiндiру туралы» 1996 жылғы 28 қазандағы қаулысында мынадай түсініктеме беріледі: «адам құқығы мен бостандығы, осы құқық пен бостандықтың жүзеге асырылуының жағдайлары мен тәртiбiн белгiлеушi заңдар жасаған және қабылдаған кезде Конституция жариялаған адам құқығы мен бостандығы негiз болады. Адам құқығы мен бостандығын белгiлеушi заңдарды, Конституцияның 39-бабының 3-тармағында келтiрiлгендердi қоспағанда, мемлекеттің шынайы әлеуметтiк-экономикалық мүмкiндiктерiне қарай, белгiленген тәртiппен заң шығарушы орган өзгерте алады». 13-бапта ол әркімнің құқық субъектісі ретінде танылу құқығы мен өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау хақысымен бекітіле түседі. Конституцияның 14-бабында, заң мен сот алдында барлық адамның теңдігі белгіленеді, бұл адамның табиғи құқықтарының теңдігінен туындайтын мемлекет қабылдған норма деп ойлаймыз. Осы баптың екінші тармағында тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді кемсітуге болмайды, деп адам құқықтарының әлеуметтік сипаты бойынша мәселелері қорғалады. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің берген түсініктемесіне сәйкес: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, деген Республика Конституциясы 14-бабының 1-тармағы адамдардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін, осы құқықтарды мемлекеттің тең қорғауын және әркімнің заң алдында жауапкершілігі бірдей екендігін белгілейді. Заң алдында тең болу адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін нақтылы шарттар мен жағдаяттардың нақ осы заңдарда анықталатынын білдіреді» [8]. Ал, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды, деген нормасын Конституциялық Кеңес «...келтірілген норма адам құқықтары мен міндеттерінің теңдігін, осы құқықтарды мемлекеттің тең қорғайтынын және адамның заң алдындағы тең жауапкершілігін білдіреді», деп түсініктеме береді [8,с. 118].
Адамның өмірі, оның денсаулығы табиғи құқықтардың ішіндегі – ең бастысы! Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабының 1-тармағында: «Әркімнің өмір сүруге құқығы бар», деп ал осы баптың 2-тармағында: «Ешкiмнiң өз бетiнше адам өмiрiн қиюға хақысы жоқ. Өлiм жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористiк қылмыстар жасағаны үшiн, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшiн ең ауыр жаза ретiнде заңмен белгiленедi, ондай жазаға кесiлген адамның кешiрiм жасау туралы өтiнiш ету хақы бар», екендігі бекітіледі [7, 15-бап, 1-2 тармақ]. Қазақстан Республикасының Конституциясы осы аталған құқықтар мен бостандықтармен қатар, адам құқықтары жөніндегі қазіргі заманғы әлемдік стандарттарға және адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілерге сәйкес келетін адам құқықтарының кең көлемін қамтиды. Олардың қатарына: әркiмнің өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы (16-бап), адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайтындығы (17-бап), әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалу құқығы «18-бап), әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақысы. Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы (19-бап), меншiк, оның iшiнде мұрагерлiк құқығы (26-бап), денсаулығын сақтау құқығы. Республика азаматтарының заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақысы (29-бап) және т.б. жатады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес: «Республика бекiткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады» [7].
Демек біздің еліміздің денсаулық сақтау жүйесі де мемлекет бекіткен төмендегідей халықаралық шарттардың нормаларына сәйкес келуі қажет.
– «Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы Конвенция» (04.11.1950 жылы Рим қаласында қабылданған) (мыналарды қоса алғанда: «№ 1 Хаттама» (20.03.1952 жылы Париж қаласында бекітілген), «№ 4 Хаттама» (16.09.1963 жылы қабылданған), «№7 Хаттама» (Страсбурге 22.11.1984 жылы қабылданған);
– «Психикалық аурумен ауыртатын тұлғаларды мәжбүрлі түрде емдеу үшін беру туралы Конвенция» (Москва, 28 наурыз 1997 жыл);
– «Европаның әлеуметтік хартиясы» (03.05.96 ж.), Бұл конвенцияның 11-бабында денсаулықты қорғау құқығы қарастырылады. Осы бапқа сәйкес тараптар, денсаулықты қорғау құқығын тиімді жүзеге асыру үшін жария және жеке меншік ұйымдармен мынадай жағдайларды шешуге міндеттеме алды: мүмкіндігінше аурулардың себептерінің алдын алуға; халықтың денсаулығын нығайту мен адамдардың өз денсаулықтарын үшін жеке жауапкершілігін қолдау мақсатында кеңесшілік және білім беру мекемелерін құру; мүмкіндігінше эпидемиялардың, өзге де аурулар мен қайғылы жағдайлардың алдын алуға.
– «Тәуелсіз Мемлекеттер достастығының адамның құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы Конвенциясы» 26 мамыр 1995 ж., 15-бабы;
– «Әйелдерге қатысты кемісітушіліктің барлық түрлерін жою жөніндегі Конвенция» 18.12.79 ж.
Осындай халықаралық құқықтың қайнар көздерін біздің еліміз мойындай отырып, оларды басшылыққа алады, дегенмен белгілі қазақстандық ғалым Ғ.Сапарғалиевтің пікірінше: «халықаралық-құқықтық нормалар ұлттық заңдардың және мемлекеттік құрылыстың барлық салаларын қамти алмайды», алайда, «ҚР Конституциясы жалпыға мәлім халықаралық құқықтық актілердегі демократиялық, имандылық құндылықтарын бәрін барынша бойына сіңірген құжат болып табылады. Конституция – мемлекеттің негізгі заңы болғандықтан ол бастауларды көрсетпейді. Дегенмен,, Қазақстан Республикасының Конституциясы бірқатар жағдайларда халықаралық құқықтың нормаларына тікелей жүгінеді» [9].
Жоғарыда аталғандардан түйетініміз, конституцияда және өзге нормативтік-құқықтық актілерде бекітілген адамның табиғи (тумысынан және ажырамас) құқықтары мен бостандықтары қолданыстағы позитивтік құқықтың қайнар көздері жүйесінде жоғарғы орында тұрады және жоғарғы заңи күшке ие болады. Коллизиялық жағдайлар туындаған кезде олар барлық құқықтың қайнар көздерінен басым болады, ал олар өз кезегінде ресми танылған және бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарына байланысты нормаларға қайшы келмеуі қажет. Айта өтетін жәйт, еліміздің Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәкес, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылықты сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін. Алайда осы баптың 3-тармағында: «Конституцияның 10; 11; 13-15-баптарында; 16-бабының 1-тармағында; 17-бабында; 22-бабында; 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелмеуі тиіс» деп жарияланған [7].
Байқап отырғанымыздай, Қазақстан Республикасының Конституциясында «табиғи құқықтар» деген ұғым кездеспейді, алайда онда бекітілген адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары мәні бойынша табиғи құқықтар болып табылады және конституциялық құқықтық түсінікке табиғи құқықтық сипат береді деп ойлаймыз. Біздің бұл ойымызды адамның құқықтары мен бостандықтары «ең қымбат қазына», және «адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған», деген ережелер бекіте түседі. Конституцияның «адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына болып табылады», деген ережесi біздің мемлекет үшiн жалпы адамзат құндылықтарының басымдығы болатынын айғақтайды.
Ал енді, біздің зерттеуімізге тікелей қатысты, денсаулық мәселесін де қамтитын «әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деген нормасына тоқталып өтсек. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.12.21 № 18/2 қаулысымен берген ресми түсініктемесіне сай: «Конституцияның I-бөлiмiнің бұл жалпы ережесi, Қазақстан, мемлекеттің мүмкiншiлiгiне қарай отырып, өзiнің азаматтарына игiлiктi өмiр сүру үшiн жағдай жасау және жеке адамның еркiн дамуы арқылы әлеуметтiк теңсiздiктi жұмсартуға мiндеттеме алатын мемлекет ретiнде дамуға ниет танытады дегендi бiлдiредi» [8,с. 251]. Ал мұндағы «өзін орнықтырады» деген ұғым, еліміздің әлеуметтiк мемлекет ретiнде Қазақстан даму болашағының әлеуметтік бағдар алғаның көрсетіп, оған сөзсiздiк және әлеуметтендiру процесiне бағытталғандық сипат бередi.
Қазақстанның өзiн әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыруы Констиуцияның мынадай ережелерімен ашыла түседі: азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға, тынығу, заңмен берілген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқығы (24-бап); жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшеріне, әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік берілуі және ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуі (28-бап); азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгіленген кепілді медициналық көмек көлемін тегін алуға құқығы (29-бап); тегін орта білім алуға, конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға кепілдік берілуі (30-бап); адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны мемлекеттік қорғау (31-бап); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттік қорғау (27-бап); мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасауы, тұрғын үйді заңмен белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретін ақыға беруі (25-бап).
«Азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгіленген кепілді медициналық көмек көлемін тегін алуға құқығын» бекіткен ҚР Конституциясының 29-бабының мазмұны өте кең. А.Н.Сағындықова Конституцияның бұл бабы азаматтардың денсаулығын қорғау құқығының барлық жиынтығын құрайды дейді, олар:
1. Мемлекеттік және жеке денсаулық сақтау жүйелерімен қамтамасыз етілуі тиіс медициналық көмекке, медииналық-санитарлық көмекке, мамандандырылған медициналық көмекке, медициналық-әлеуметтік көмек пен оңалтуға құқықтар;
2. Азаматтардың медициналық ұйымдар мен емдеуші дәрігерлерді еркін таңдау құқығы;
3. Азаматтардың емделу құқығы мен медициналық араласудан бас тартуға құқығы;
4. Азаматтардың экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қолайлы жағдайларға, радиациялық қауіпсіздікке құқығы;
5. Азаматтардың дәрі-дәрмектермен, протездік-ортопедиялық көмекпен камтамасыз етілуге құқығы;
6. Некеге тұрушы азаматтардың медициналық-генетикалық тексерілуге құқығы;
7. Азаматтардың шипажайлық-курорттық емделуге құқығы мен сауықтыру саласы ұйымдарының қызметтеріне құқық;
8. Азаматтардың өз денсаулықтары мен оған әсер етуші факторлар жайлы ақпараттарға құқығы;
9. Денсаулыққа келтірілген зардаптардың орнын толтыруға құқық;
10. Азаматтардың медициналық, фармацевтикалық, протездік-ортопедиялық көмекті шетелдік медициналық ұйымдардан алу құқығы;
11. Ананың денсаулығын қорғауға құқығы;
12. Балалардың денсаулығын қорғауға құқығы;
13. Азаматтардың қан мен оның компоненттерін беруге донор болу құқығы;
14. Азаматтардың органдары мен тіндерінің трансплантацияға донор болу құқығы;
15. Азаматтардың қолдан ұрықтандыруға және эмбрион имплантациясына донор болу құқығы;
16. Азаматтардың медициналық сақтандыруға құқығы (міндетті және ерікті) [10].
А.Н.Сағындықованың пікірінше, денсаулыққа құқықтың мазмұнын осылар құрап, осы құқықтардың заңдармен бекітілуіне кепілдік берілуі тиіс дейді.
Ал Конституцияның 29-бабының 2-тармағында азаматтардың заңмен белгіленген тегін медициналық көмекке құқығы бекітілген. Нарықтық қатынастары дамыған елде мемлекеттен туындайтын әлеуметтік кепілдіктер саяси уәделерге емес, экономикалық негіздерге сүйенуі тиіс. Сондықтан, мұндағы «медициналық көмек» ұғымы нақтылы көмек шараларын қамтуы тиіс. Яғни ол, медициналық мекемелер көрсететін белгілі бір дәрігердің қабылдауымен шектелмей, мемлекеттен кепілдік берілген нақтылы «медициналық көмектің» мазмұнын қамтамасыз етуі қажет.
Сонымен қатар, «медициналық көмекке» құқық ұғымының мазмұнының ашу үшін алдымен «денсаулық» ұғымының да мәнін ашып алу керек. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Жарғысында денсаулық «тек сырқаттық жағдай мен дененің кемшілігі ғана емес, адамның толық физикалық, рухани және әлеуметтік хал-ахуалы» ретінде анықталады. Денсаулық, сондай-ақ, әлеуметтік құндылық, өйткені дені сау ұлттың ғана болашақта өсіп-өнуіне мүмкіндік бар. Өкіншке орай, біз өз денсаулығымызды жеткілікті дәрежеде бағаламай жүргендігіміз ащы шындық. Нәтижесінде, ұлт деңгейінде елеулі шығындарға ұшырап жүргендігіміз жасырын емес. Сондықтан, елімізде әрбір адамға жеке және тікелей жететіндей нысандарда, халықтың денсаулық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі шараларды тез арада іске асырумыз қажет (бұқаралық ақпарат құралдары арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруды кеңнен насихаттау, санитарлық білім беру жүйесін жетілдіру, денсаулық сақтауды қорғаудың өзге де әлеуметтік мүмкіндіктерін қолдану). Өйткені әрбір адам өз денсаулығы үшін жауакершілікті мемлекеттке және дәрігерге артып қоймай, өзі де жауапты екендігін сезінуі тиіс.
«Медициналық көмек» ұғымының мәселесіне қайта оралсақ, оның нақтылы қандай бағыттар бойынша көмек екендігі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 34-бабының екінші тармағында біршама ашылған, олар: «1) жедел медициналық көмек және санитарлық авиация; 2) әлеуметтік мәні бар аурулар, уәкілетті орган анықтайтын тізбе бойынша, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ҚР заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқығы жоқ адамдарға мыналарды: алғашқы медициналық-санитарлық көмекті; алғашқы медициналық көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмекті қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек; 3) мынадай: әлеуметтік мәні бар аурулар, уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде – уәкілетті орган айқындайтын, ауруханаларға жатқызу жағдайларының жоспарланатын саны шеңбернде алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша; шұғыл көрсетілімдер бойынша-жолдаманың болу-болмауына қарамастан стационарлық көмек; 4) әлеуметтік мәні бар аурулар, уәкілетті орган анықтайтын тізбе бойынша, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде- алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе мелдициналық ұйымның жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын көмек; 5) профилактикалық екпелер кіреді» [11, 34-бап, 2-тармақ]. Бүгінгі күні тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі еліміздің азаматтары мен оралмандық мәртебесі бар тұлғаларға мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері мен ғылыми-техникалық әлеуетінің жағдайына байланысты ҚР Үкіметі белгілейтін тізбеге сәйкес көрсетіледі.
Азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары жоғарыда аталған медициналық көмекті мемлекеттен алумен шектелмейді, олар мемлекеттің дамуындағы бірқатар бағыттармен де тығыз байланысты. Олар: қошаған ортаны қорғау мен сауықтыру жөніндегі іс-шаралар, су қорларының санитарлық қорғалуы мен тазалығын сақтау, топырақ пен атмосфералық ауаны қорғау және т.б. Қазақстан Республикасының Конституциясы ережесімен халықаралық құқықтың жалпымен танылған қағидалары мен нормаларына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылатындығы және оларға кепілдік берілетіндігі бекітілген. Яғни осы арқылы мемлекет өзінің әрекеттері үшін де азаматтар алдында жауапты болып табылады. Өйткені мемлекет өзіне азаматтардың өмір сүруге және денсаулығына конституциялық құықтарын қорғау мен оларды іске асыруын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді алады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабының 3-тармағы азаматтардың мемлекеттік және жеке емдеу мекемелерінде медициналық көмек алу құқықтарының мазмұнын ашып көрсетпейтіндігін жоғарыда айтып өттік, өйткені бұл конституциялық норма бланкеттік сипатқа ие. Қазақстанда қабылданатын әлеуметтік маңызды және денсаулық сақтау аясын құқықтық реттеуге бағытталған барлық заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер конституцияның осы ережелерінің қағидаларынан туындап, оған қайшы келмеуі тиіс. Конституцияда бекітілген нормалардың құқықтық мемлекеттегі мәні де осыдан тұрады. Өйткені Қазақстан Респубикасының Конституциясы елдің нормативтік-құқықтық жүйесінде ең жоғарғы заңи күшке ие, сонымен қатар басты құқық бекітуші нормативтік акт болып табылады және мемлекеттегі қолданыстағы құқықтың жүйесін анықтайды. Сонымен қатар, Конституцияның заңдар жинағы емес екендігі белгілі, сондықтан ол қоғамдық қатынастарға қатысушылардың барлық құқықтары мен міндеттерін қамти алмайды. Алайда ол, жинақталған негіздегі құқықтар мен міндеттерді маңызды түрде өз нормаларымен бекітеді. Демек, азаматтардың денсаулықты қорғауға деген құқығының конституцияда бекітілуінің өзі, әрбір адамның денсаулық сақтау саласындағы құқықтарының толық және жан-жақты іске асуына кепілдік береді деп нық сеніммен айта аламыз. Ал азаматтардың денсаулыққа құқықтарының заңдармен бекітілуі мен олардың іске асырылуы, мемлекеттегі денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдастырылуы және оның тиімді түрде мемлекетпен басқарылуына да байланысты. Өзіміздің осы қарастырылған мәселелер жөніндегі ойымызды қазақстандық құқық ғылымының конституциялық құқық саласының белді өкілі Ғ.Сапарғалиевтің мына сөзерімен түйіндегенді жөн көріп отырмыз: «... біздің мемлекетіміз, оның жергілікті жерлердегі органдары халықтың денсаулығына қамқорлық жасауға міндетті. Бұл – олардың конституциялық міндеті. Әйтпесе, тек адамдардың, әсіресе жеткіншек ұрпақтың денсаулығы төмендеп қана қоймайды, жұқпалы аурулардың да таралуы мүмкін. Ал олармен күрес бұл жұмысты жоспарлы және жүйелі түрде жүргізгеннен әлдеқайда көп қаржы мен күш жұмсауды қажет етеді» [9,б. 124].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет