Өмір ішінен өлім, Өлім ішінен өмір іздеген жанкештілер



бет2/4
Дата15.06.2016
өлшемі263.5 Kb.
#136264
1   2   3   4

Өмірбаяндық мінездемеден: «1944 жылы қытайдың геноцидтік саяси бағытына қарсы Үрімжі қаласында құрылған астыртын «Ұлт-азаттық ұйымына» қатысқан. Ұйым мүшелері – Ахметқали Бітімбайұлы (қазақ), Оспанхан Базарбайұлы (қазақ), Әбдірашит Хасанов (тәжік), Мақатай Закарияұлы (өзбек), Жағда Бабалықұлы (қазақ).1944 жылы көкек айында Шың-шы-цайдың әкімшілігі «Ұлт-азаттық ұйымын» талқандалды, ұйым мүшелері түгелдей қолға алынды. 17 көкек күні Жағда да қамауға алынды».

Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы):: – Арамыздағы арандатушылар мен тыңшыларды соңымыздан салып, ақыры тұтқынға алындық. Сонымен «ту фи» – бандит, қарақшы, жапонның, кеңестің шпионы, «Оспанның құйыршығы» атандық. Бірақ: «Шығыс Түркістанды ұлы қытай империясынан бөліп әкетіп, үш отаудың басын біріктірмек болды (Қазақстандағы, Монғолиядағы, Қытайдағы қазақтардың басын қосып, дербес тәуелсіз мемлекет құрмақ болды), – дегені шындық еді. Бұл айыпты мойындауға болмайтын. Онда өзің ғана емес, бүкіл тамыр-танысыңды, үй-ішіңді, өзіңді де қинап өлтіретін ажалға байлап бересің. Шын шы цайдың түрмесінде адамды азапқа салып қинаудың тура 120 түрі бар еді. Ұрып-соғу өз алдына, аяғыңды жоғары қаратып асып қою, аяғыңды жерге тиер-тимес етіп екі қолыңнан асып қою, қозғалтпай тіпе-тік екі-үш күн ұйқысыз тұрғызып қою, қаптың ішіне тығып тұншықтыру, қапқа салып шегелі тақтайдың үстінен домалату, үрпіңе, тырнақ астына ши жүгірту, саусақтарыңды санамалап отырып қайыру, мұрыныңа қара бұрышты құю сияқты естігеннің өзінде төбе құйқаңды шымырлататын қинаулар бар. Соның бәрін көрмесем де, біразының «дәмін таттым». Мұны сол түрмеде отырған Таңжарық ақынның:

... «Үрімжінің бәрі қан айналасы,

Ұңғыл-шұңғыл ескі там, сай-саласы.

Ит сүйрелеп ішегін өлген жанның,

Құс шоқып, домаланып жатыр басы.
Келсеңдер Үрімжінің қаласына

Көзіңді сал қалтарыс сай-саласына

Ұмытпа өле-өлгенше осыны деп,

Тапсырып кет балаңның баласына...


Шауешектен: Қанағат, Әлімғазы,

Нұртаза, Омар кетті келер жазы.

Алтайдан: Шақан, Манкей, Ақыт қажы,

Бұқат бейсі, Зейнел мен Қабыл тәжі.

Үрімжіден: Әбеу мен тыңжаң Жүніс,

Қожанияз, Баймолда бәрі бір іс.

Ғазез бенен үкірдай Қалиакбар,

Қош айтты дүниеге бітті жұмыс..., –

деген өлеңінен асырып ешкім айта қоймас, сірә.

Сондағы бір қисынды-қисынсыз оқиға есімнен кетпейді. Менің бала кезден әрекетсіз отырмайтын әдетім бар. Қытайлар тамақты сақпымен ішеді. Оны түрмедегілер де пайдаланады. Мен әлгі сақпыдан біз жасадым. Содан кейін еденде жатқан бір пұшпақ киізді тауып алып, әлгіні түтіп, жүнге айналдырдым. Ол жүннен жіп есіп, өзіме бас киім тоқып алдым. Осыны көрген сақшылар: «Мұны қайдан алдың? Кім әкеп берді. Түрме ішінде қандай жасырын байланысың бар?», – деп зықымда шығармасы бар ма. Ақыры әлгі тоқыма басыма пәле болды. Әрең сендірдім.



Өмірбаяндық мінездемеден: «1944 жылы қазан айында Шың шы цай өкімет басынан кетіп, оның орнына У жың шың атты адам келді. Ол өзін халықшыл саясаткер ретінде көрсету үшін Шың шы цайдың кезінде түрмеге қамалған адамдарға саяси кешірім жасап, абақтыдан бостандыққа шығарды. Түрмедегі «Ұлт-азаттық ұйымның» да барлық мүшелерін босатты. Бірақ... ».

Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Түрмедегі 30 мың адамның 80 пайызы қазақтар еді. Мені: «Сен партизан жасағының мүшесі екенсің. «Оспанның құйыршығы» екенсің. Көтеріліске қатысың бар», – деп қайтадан соттады. 1945 жылы 10 көкекте: «Үрімжі қаласынан шықпасын, үнемі бақылау астында болсын», – деген шарт бойынша абақтыдан «мырза қамаққа» шығарды. Қыс кеш шығып, көктем кешеуілдеген жыл еді. Түрмеден шыққанымда көшедегі қар қызыл су боп еріп, көксоқта боп жатыр екен. Аяғымда пима. Сарқыраған суды кешіп отырып Яңхань көшесімен оңтүстікке қарай өрлей жүрдім. Өзім оқыған институтқа жақындадым. Татар мешітінің алдында қазақ оқу ағарту ұйымының қақпасы көрінді. Ашық екен. Ішінен ән естіледі. Жаным жадырап кетті. Ішке кірдім. Екі адамның біреуі ән салып отыр екен. «Ассалаумағалейкум!», – деп кіріп бардым. «Уағалейкумәссалам! Сен де түрмеден шықтың ба?», – деді. «Иә». Алдарында тіс басар мен таусылуға жақын шөлмек тұр. Тостағанға құйды да: «Кел, отыр. Мә, мынаны тартып жібер», – деді. Тартып жібердім. Сол кезде есіктен ұзын бойлы, қара мұртты біреу: «Осы сендерді асыраймын деп-ақ өлетін бодым-ғой!», – деп сөйлей кірді де бір шөлмек арақты тарс еткізіп қоя салды. Жөн сұрастық. Менімен тіл қатысып отырған адам: «Мынау ән айтып отырған алтайлық Бөпе деген әнші, ал мен – Таңжарықпын. Біз де түрмеден шықтық. Осы мекеменің дәлізінде паналап жатып жүрміз. Ал өзің кімсің?», – деді атақты күрескер ақын. Тарбағатайлық найман екенімді білгенде әлгінде есіктен кірген мұрттыға: «Өй, сенің бауырың екен ғой», – деді. Бабалықтың баласы екенімді айтқанымда әлгі адам: «Ой, бауырымдап» – бас салып, жылап қоя берді. Іле: «Ей, жүріңдер! Үйге барамыз. Бәйбішеден сүйінші сұраймыз!», – деді.

Сөйтсем, бұл мұртты Бабалықтың үлкен қызын алып отырған туған жездем екен. Әпкеміз көрісіп, жылап қарсы алды. Қара сырмақ жайылды. Оған Таңжарық жайғасып отыра бергенде, жұпыны үйіне қысылған жездеміз:

Қайтейін, кедейшілік көзіңді ашпа,

Қылдың-ғой жеккөрінішті қарындасқа.

Кетпейсің босағамнан бақырайып,

Жоқ па еді туысқаның менен басқа, –

дегені.

Оған Таңжарық та жауап қайырды. «Тағы бір рет қайталаңызшы», – дедім. Қайталады. Сол күйі миымда жазылып қалды. Сөйтсем, жездем мен Таңжарық ақынның, Бөпе әншінің үшеуінің басын қосып жүрген осы өнер екен. Бұл екеуінің бірінші және соңғы қақтығысы болмаса керек. Мен, Таңжарық ақынмен осылай таныстым. Түнеп шықтық. Таңертең институтқа бет алдым. Мақсат – құжаттарды ыңғайлап алып, Тарбағатайға қашу. Жолдастарыма жолықтым. Олар жататын бір орын тауып берді. Енді үмітті тіршіліктің күрес қамына кірістім.



Менің бір ерекше өнерім бар. Мемлекеттік мөр мен қолтаңбаларды дәл ме дәл оя аламын. Сол өнерім іске асты. Мөр жасап, құжаттарымды дұрыстап алдым. Үрімжіден Шәуешекке баратын екі ат жеккен арбакешпен келістім. Оны бір қытай саудагері майлап апара жатыр екен. Әлгі қытай жүктерін буып жатыр екен. Дереу жүктерін буысып жібердім. Жүктерін тиесіп жібердім. Ол айналсоқтап жүргенде төсегін жайып жібердім. Не қыласың әлгі қытай мені ұнатып қалды. Арбаның соңынан ілесіп отырдым. Мақсатым – Шиху мен Шепейзіде көпір бар. Ондағы гоминдаңның күзетшілері қатал тексереді. Қытайдың тілін тауып содан өтіп алу. Күзетті көпірге де келдік. Бірінші өткелде қытай: «Бұл менің малайым», – деп өткізіп жіберді. Шепейзідегі көпірге келдік. Ай жарық. Әлгі қытай көпірден өтіп, бір кезде қайтып келді. Бір тас шәй және қорапқа ораған бір затты маған көтертті. Соңынан ердім. Көпірден өткенде күзет бекінісі мен қоражай бар. Екі қытай келді. Жәшікті көтеріп сонда апардым. Арақ екен. Олар соны ішуге отырды. Мен жүгін тасыдым. Олар маужыраған кезде қара түнді жамылып тауға қарай бет алдым. Аттың жүгенін сыпара кеттім. Ең қиыны – тамақ. Әйтеуір жолда қазақ қоныстары бар. Жүгенімді иығыма салып алып, үйлеріне барам: «Атым жүгенін сыпырып кетіпті. Ертоқымымен кетті. Көрген жоқсыз ба?», – деп сұраймын. Сөйтіп жүріп Сарқұсынға да жеттім. Сарқұсынның желі қатты. Шәуешектен 150 шақырым. Алыстан там үй көрінді. Қарала ит үріп қарсы алды. Жалғыз кемпір бар екен: «– Ат іздеп жүрмін. Апа, наныңыз бар ма?», – дедім. «Нан да, шәй да бар. Тек қоламтаны өшіріп алып, үш күннен бері от жаға алмай отырмын. Келін-балам төркіндеп кетіп еді», – деді. Мақтаны шүйкелеп есіп, ысып, от тұтаттым. Әбден тойындым. Кетерімде бір таба нан сұрап алдым. Әлгі нанның күшімен екі тәулік суыт жүрдім.

Қойшы, сонымен 1945-жылы 1 мамыр күні Шәуешекке жеттім.Онда ағайын, туыс, достарым бар. Пікір алыстық. Енді астыртын ұйымды, күресті жандандырмасақ болмайтын еді. 4-мамырда «Ұлт-азаттық ұйымын» құруға кірістік.



Өмірбаяндық мінездемеден: «1945 жылы 6-мамырда Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласында (Тазалық көшесі, 21 қора, Әубәкір Бабалықұлының үйі) құрылған ұйымның өркен (ядролық) мүшелері – Дубек Нұртазаұлы Шалғынбай (қазақ), Ахметқали Бітімбайұлы (қазақ), Балхаш Әлімғазыұлы Бафин (қазақ), Қалдыбай Ханафияұлы (қазақ), Жағда Бабалықұлы (қазақ). Ұйым жетекшісі – Дубек Нұртазаұлы. «Ұлт-азаттық ұйым» тез қанат жайды. Жұмыстары астыртын жүргізілді».

Балқаш Бафин: «1944 жылдың көктемінде Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында Башбай Шолақұлы Бафин бастаған топтың Қытайға қарсы астыртын «Бүркіт» атты ұйымы жұмыс істей бастады. Башбай басқарған бұл ұйымның мүшелері Балқаш Бафин, Сарқытбай Бафин (бұл екеуі Башбайдың інілері), Манаж (Башбайдың балдызы), Әбілсерік (Башбайдың жиені және Көрнебайлар) Алтай мен Іледе даярланған қытайға қарсы үгіт қағаздарын жасырын таратумен шұғылданатын (аталған топқа жасаған басшылығы мен батылдығы бағаланып, 1945 жылы азат болғаннан кейін, осы аймаққа Башбай Шолақұлы губернатор (уәли) болып тағайындалды).Қытай басқыншыларына қарсы Үрімжі қаласында ұйымдасқан астыртын топтың түрмеден шығып, 1944 жылы Шәуешекке келген бұрынғы мүшелері - Дубек Шалғынбаевпен, Ахметқали Бітімбаевпен, Жағда Бабалықовпен Шағантоғай ауданында астыртын жұмыс жүргізген «Бүркіттің» мүшесі Балқаш Бафинмен және Қалдыбай Канафиндермен біріккен «Ұлт азаттық тобы» атты ресми жаңа ұйым 1944 жылдың көктемінде өз жұмысын Шауешек қаласында бастады. Дубек жетекшілік еткен (Дубек Шалғынбаев 1947 жылы 26 жасында ауырып, қайтыс болды) топтың ұлыханьдық шовинист басшыларға Іле мен Алтайда партизандық ұйымның күн санап күшейе өсіп келе жатқанын хабарлайтын хаттары мен партизандар жасағын ұйымдастыруға шақырған үгіт уағыздары қала мен далаға таратылып жатты» (Б.Бафин. Шығармалар жинағы. А.Ел шежіре, 2007, 437-бет).

Ж.Бабалықұлы,Қ.Қанафиннің естелігінен: «Тұңғыш жиналысты Дубек басқарды. Қаралған мәселелер: 1. Ұлт-азаттық ұйымын құру, құрмау мәселесі қаралды. Сол кездегі Шыңжаң жағдайы, Алтай мен Іле аймағындағы «Ұлт-азаттық» қозғалыс жеңістері, Тарбағатайдың жағдайларын талқылай келіп, Тарбағатайда ұлт-азаттық ұйымын құру қажет деп тапты. Оның аты «Тарбағатай ұлт азаттық ұйымы» деп бекітілді /1945 жыл, 6 май, Шауешек қаласы, Тазалық көшесі, 21 үй (Әубәкір Бабалық ұлының үйі). 2.Кадрлар мәселесі: Тарбағатай ұлт-азаттық ұйымның өркені кімдерден құралады? – деген сұраққа әзірше алғашқы ұйымдастырушы ынталы топтың мүшелері – Дубек, Ахметқали, Қалдыбай, Балқаш, Жағдалар осы ұйымның өркені болуды ұйғарды. Бәріміз орнымыздан тұрдық:«Елімізге, жерімізге адал боламыз. Халқымызды қорғауға жанымызды аямаймыз. Жаумен рахымсыз күресуге дайынбыз. Сыр ашсақ, опасыздық жасасақ, ең ауыр жазаға тартылуға ризамыз!» – деп жеке-жеке ант беріп қайта отырдық. Тарбағатай ұлт-азаттық ұйымның басшысы етіп бір ауыздан Дубек Нұртазаұлы Шалғынбайды ұсындық. Ол қабыл алды. 3.Ұйымға адам тарту шарттары, тәртіптері, ұйымдық ережелері. Бұл сол кездегі аса күрделі мәселе еді. Адам тартпаса болмайды, бірақ қалай сенім байлап, қалай тартылады?.. Тартылуға тиісті адамның алдын-ала кім екенін білетін мәліметтер жинап, оны кезектегі жиналыста қараудан өткізу, мақұл көрсе ілік-кандидат мүшелікке қабылдау ұйғарылды. 4.Полициялық бақылаудан қорғану ең қажетті, ең жауапты күрделі мәселе болғаны үшін жан-жақты талқыланды. 5.Гоминдан үкіметінің барлық ісіне үгіт-насихат жүргізу, барлық ісін бақылау, біліп отыру, мәлімет топтау. 6.Шама келсе партизан жасағын ұйымдастыру. 7.Қатынас жолдары, қатынас жүйелерді бүлдіру, үзу. Әскери қорларды жою. 8.«Тарбағатай ұлт-азаттық» ұйымның уақытты бағдарламаларын жасауға Дубек жауапты етілді.

Осы сияқты көптеген мәселелр қойылып, талқыланды. Сол күннен бастап іс жүре бастады. Ең алғашқы қимыл мынадан басталды. Шауешек, Дөрбілжін арасындағы телефон жүйесін үзудің бірінші кезегі мен атты әскерлердің жинаған шөп қораларын өртеу сияқты аса қауіпті екі істі Қалдыбай Қанапияұлы өз міндетіне алды. Оны ант ретінде өте тез, өте табысты орындады. Істі бақылауға, көмектесуге Жағда мен Балқаш ұйғарылды» (Сонда, 478-479-беттер).



Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Сол ортада бағым жана кетті. Шәуешектегі қазақ, ұйғыр, қытай, тағы басқа да ұлттардың мәдени үйірмелерінің ойын-сауық жарысы өткізілмек екен. Қазақ оқу-ағарту ишмасының бастығы Ілияс Ақшин маған келіп: «Ер Тарғын» операсын дайындасақ дейміз. Сен соны басқар. Ән айтып, үйірме ұйымдастыруға сенің қабілетің бар», – деді. Бұрыннан мені біледі. Ең бастысы – сақшының тыңшысының аңдуынан құтыламын. Сол үшін келісе кеттім. «Ер Тарғын» күрделі опера. Киімнің де, музыка аспаптарының да, орындаушылардың да табылуы қиын. Өзім – пішуші, өзім – тігінші, өзім – суретші, өзім – режиссер, өзім – дрижер. Қинағаны Ер Тарғынның киімі болды. Бір өзбектің қызы Алматыда оқып келген. Сонда жүргенде Мәлік Ғабдуллин «Ер Тарғынның» ашықхатына (открыткасына) қолтаңба жазып беріпті. Мені жолатпайтыны анық. Ілияс Ақшинге барып, соны алып беріңіз – дедім. Өзбектің байы дастарханын жайды. Қауқылдап жүр. Қызы жүгіріп қызмет істеп жүр. Ілияс бір сәтте: «Қызым! Сенде «Ер Тарғынның» открыткасы бар ма?», – деді. «Бар. Бірақ бермеймін», – деді. Дереу ес жидым да: «Апай бес минутке бере тұрыңыз», – дедім. Көзінше отырып Ер Тарғынның келбетін, керекті киім өрнегін сызып алдым. Сол сызбамен батырдың киімін өзім піштім. Қыздардың да киімін сыздым.

Бұрынғыдай емес қыздар да маған тәуелді, сөзім өтімді бола бастады. Сауытты қалай жасаймын? Ойлана келіп тапқаным, сазан балықтың қабыршағын картон қағаздың бетіне желімдедім, сары потальмен боядым. Жылтырап шыға келді. Топырақтан дулығаның үш қалыбын жасадым. Соның біреуін Ер Тарғынға кигіздім. Қазақстанның өзінде болмаған бір жаңалық, тарлан ат тауып, батырға мінгізіп, сол атпен сақнаға шығардым. Біз қойған опера спектаклі қытай бастатқан 7-8 ұлттың ішінен бірінші орын алды. Сондағы Ер Тарғын ролінде – Әнуар Жакулин, Тана ролінде – Бәту (Бәтима, Әнуардің өзінің әйелі) және Әмина Нұғыманова, Қалдыбай Қанафин тағы басқалар ойнады. Маған режиссерлік қабілет қайдан келді дейсің бе? Шәуешектегі татар ишмасын – үйірмесін театр өнерін білетін Қазаннан келген қарт татар басқаратын. Соған көмекші есебінде жақындасып алдым. Айтқанын істеймін. Оның да өнерін бойыма сіңіре бердім. Өзім де ән айтамын. Өлең де жазып жіберетінім бар. Әйтеуір режиссерлікті сол адамнан үйрендім. Үйрене жүріп «Ер Тарғынды» қойдым.

Бұл – 1945-жыл еді. Реті келгенде айта кетейін, 1954-жылы Қазақ автономиясының құрылу тойында «Ер Тарғынды» тағы да сақнаға шығардым. Ол кезде Тарбағатай аймағының уәлиімін. билік қолда. Өтімдімін.Киімнен де, сақналық безендіруден де, әншілермен жұмыс істеу жағынан да қиындық болған жоқ. Қытайлар: «Қазақта «ши» бола ма екен?», – деп мазақтап, кекетті. Сондықтан батыл кірістім. Тағы да бірінші орынды алдық.

Бұл режиссерлік қызмет астыртын ұйымның жұмысына таптырмайтын сылтау болды. Байланыс жасау да оңай, бас қосу да оңай, ел аралау да жеңіл. Бастықтардың қасында жүрген соң бақылаудан да құтылдық. Соның нәтижесінде ауыл-аймақпен хабарласу да жеңілдеді.



Өмірбаяндық мінездемеден: «1944-1945 жылдары Алтай аймағының 7 ауданы түгелдей ұлт-азаттық қозғалысқа араласты. Іле аймағында төңкерістік Шығыс Түркістан республикасы жарияланып, Ұлт-азаттық армиясы құрылды. Алтай мен Іле аймағы арасында тұрған Тарбағатай аймағын қолдан шығарып алмауды ойлаған гоминдаң әкімшілігі Тарбағатай аймағына мол әскери күшті шоғырландырды. Жергілікті халыққа бақылаудың алуан түрін жүргізді. Қамау, ату, басын шауып көшеге іліп қойып, қорқыту тәсілдерін қолданды.

1945 жылы Жағда Бабалықұлы «Тарбағатай ұлт-азаттық» ұйымның тапсырмасын орындау барысында – Тарбағатай партизандарын ұйымдастырушылардың бірі болды. Халықтың да, гоминдаң әкімшілігінің де хал-жағдайын екшеп-біліп отырған «Ұлт-азаттық ұйымы» 1945 жылдың маусым айының басында Жағда Бабалықұлы мен Балхаш Әлімғазыұлын ерекше тапсырмамен партизан ұйымдастыруға Тарбағатай аймағының Шағынтоғай, Толы ауданына жіберді. Балхаш пен Жағда айтылған екі аудан халқы ішінен халыққа жаны ашитын достар тапты. Елім деп еңіреген азаматтармен тіл табысты. Көп кешікпей партизандық қозғалыс туды. Ұлт-азаттық күреске алғаш ат салысқандар: Басбай Шолақұлы, Балхаш Әлімғазыұлы, Закария Әлімғазыұлы, Нұрсапа Сейтжанұлы, Қали Хизамединұлы, Қали Бітікеұлы, Байкенже Орақұлы, Ахмет Қадірханұлы, Рамазан Оспанұлы, Абдолла Әбдірахманұлы, Періште Сүлейменов, батыр Шеттікбай (жасы жетпістен асқан адам, ұлт-азаттық соғысында шейт болды), Нұрлыбек Нұрғалиұлы, Ахмет Қалиқанұлы (осы адамды гоминдаң әскерлері отқа қақтап өлтірді), Мақсұтқан Қызырұлы, тағы тағылар».

Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – «Жалынғаннан – жан қалмайды, жағаласқаннан – жан қалады» – дегендей, аз санды ұлт халықтары да әбден ашынып алды. «Өмір ішінен – өлім, өлім ішінен – өмір іздеген» ел де күреске, қарулы шайқасқа шығуға бетін бұра бастады. Біз енді астыртын жұмысты ашыққа шығарып, жария майдан ашуға бекіндік. Дубек – қалада ұйымның жұмысын үйлестіруге қалды. Қалдыбай – телеграф байланысын бұзу үшін бағаналарды құлатып, сымдарын қию сияқты бүлдіру әрекетімен айналысты. Шағантоғай мен Толы аудандарында партизан жасағын ұйымдастыру үшін Балқаш екеуміз қырға шықтық. Елеусіз көріну үшін арбамен шығып, қаладан елу шақырымдай алыстаған соң, жолда бір түнедік. Содан кейін Балқаш атқа мініп, жайлаудағы елді аралап, мен бір арық биені мініп ойдағы елді аралап, үгіт жүргізуге көштік. Ел ішінде аңду да, тыңшылық та күшті. Бірде таңертең абыр-дүбір көбейіп, сақшы қоршап алды. Менің қоржыныма қарап: «Қоржының жақсы екен», – деді. «Қызықсаңыз ала қойыңыз», – дедім. Сөйтіп аңдып келген тыңшыдан құтылып, әлгі үйдің дәм-суына рахмет айтып, шығып кеттім. Екі әскер соңымнан аңдып тұр. Асықпай жүріп, бұлақ басына барып атымды суарып, жайбарақат сытылып кеттім. Кешке жақын ақшамда Балқаштың ауылына келдім. Ауыл аңдуда, күнгейге шығармай қойыпты. Қоста жасырынып жатыр екен. Түнде жолықтық. Қалайда ауылды бөліп әкету керек. Содан түнімен жасырын жиналып, таңға жуық елді Сарбөктер мен Тастыға қарай көшіре жәнелдік. Екі көштің жолын бір күнде басып, қалың қарағайдың ішіне кірдік те кеттік. Артымыздан 3-4 адам қуғын салды. Бірақ батып жақындай алмады. Бұл көтерілістің түңғыш көші еді. Партизан соғысын жүргізу үшін қазақ үшін одан қолайлысы жоқ болатын.

Ж.Бабалықұлы,Қ.Қанафиннің естелігінен: «Дубектер тобының бір бөлігі партизан болып қолына қару алған кезде Шауешекте қалған Дубек Нұртазаұлы, Ахметқали Бітімбайұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Әубәкір Бабалықұлы, Шәуен Мәсәлімұлы басқада көп азаматтар 1945 жылы июньнің 26 күні қолға алынды. Дәл осы кезде секретар Ху-дың-бау қамаудағы Дубекке жолығып, мәселенің ашығын айтуын өтінді. Бірақ Дубек мойындамаған. Қамаудағы жолдастарына мойындамау жөнінде сыбыс таратқан» (сонда,.

Тарбағатай жағдайы ауырлаған кезде қамаудағы саяси тұтқындарды Үрімжіге жіберуді дайындаған. Олардың аяғында кісен, білегінде қалөткі болған. Олардың бірінші тобы Дубек Нұртазаұлы, Ахметқали Бітімбайұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Шауен Мәсәлімұлы, мұғалім Каршинго, мұғалім Суменкова, мұғалім Суменков, Латыпжан Ха бири, Кәмеш Қабдоллақызы, Масқұрт Қабдоллаұлы, Молла Бадау, Нұрахмет Сарыкүшікұлы, Юсупбек Мухлисов бастаған 40 адам. Бірақ Үрімжі - Шауешек күре жолы партизандар жағынан кесіліп, Ұты, Көлденең, Жиырмасу соғыстары жүргізіліп жатқан кезде абақтыдағы адамдарды Үрімжіге жүргізуге үкіметтің мүмкіндігі болмады» (сонда, 481-бет).



Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Біз Қоңырабасазға шығып, Барлықтың Жайырға қараған бетіне күн еңкейе жеттік. Мұнда қыста бөлініп қалған бойдақ қойды бағып Балқаштың ағасы Закария отыр екен. Біз озып барып сол үйге түстік. Атшымыз бар, ол сыртта қалды. Закария шалқасынан жатыр екен. Сәлемді де алмады. Балқаштың жеңгесі елпелектеп шәй қойды. Қара шәй. Тістейтін де мардымды ештеңе жоқ. Балқаш ашуланып, шыны-пынысымен дастарханын теуіп жіберіп жеңгесіне: «Әкет!», – деп ақырып жіберіп, сыртқа кетіп қалды. Амалсыз мен де сыртқа шықтым. Екеуміз өзара сөйлестік. Сол екі ортада қой да әкелінді, Балқаш бата жасамай қойды. Түнде атымыздың жабуын жастанып сыртта, ауылдан аулақ жерде жаттық. Балқаш таң атпай шолғынға кетті. Закария таңғы дәретін алуға шыққанда алдынан шығып: «Иә! Менің түрмеден қашқаным рас. Оның үстіне партизан құрамыз деп шықтық. гоминдаңға қарсымыз», – деп түсіндірдім. Сонда ғана Закарияның қабағы ашылды. Сөйтсек, мені Балқаштың соңына түскен гоминдаңның тыңшысы екен – деп түсініпті. Елдің қандай шәй ішкеніне қарап: «Кеңес одағымен байланысың бар», – деп елдің зықысын әбден шығарып болыпты. Содан секемденіп отырған жайы бар екен. Сол арада Балқаш та: «А, құдай! Ақ түйенің қарыны жарылды! Ел көтерілісті қолдайтын болды!»,– деп шауып келді. Қабанбайдың ұрпағы, атақты Сүлейменнің ұлы Перішше бар қасында. Қой сойылды. Қабақ түзелді. Сарбаздар жинала бастады. Енді қару ғана керек еді.

Атымды көк жарау атқа айырбастап алдым. Перішшені ертіп кеңестің – Қазақстанның шекарасына өттік. Алакөлдегі постқа келдік. Күні-түні олар бізден жөн сұрады. Біз қару сұрадық. Ертеңінде: «Біз қару бере алмаймыз», – деп кері қайырды. Дегенмен де өтініш жазып кеттік. Закарияның үйіне екі қондық. Қоңырабасаз бен Майбұлаққа гоминдаңның 40 әскері келіпті. Майлының адамдары жасырынып жатып, 4 мылтықпен атысып, 2-3 адамды шығынға ұшыратып, жүк артқан түйелерін тартып алыпты. Түнде үрейленген әскерлер Барлықтың ішіне қашып кетіпті. Олардың алдын орап өтіп Закария отырған кезеңнен тостық. Бір шалдың атын тартып алып, өзін байлап кеттім. Әйтпесе бөгет жасайтын болды. Әскер қайқаңға шыға бергенде атысты бастадық. Әскерлердің үріккен аттары бізге қашып келді, өздері де бытырай қашты. Еңсеміз көтеріліп Ұзынбұлаққа келгенде Балқаш: «Мен Қызылтұздың партизандарына барып мылтық пен көмек сұрайын», – деді. Астыртын ұйымның атынан хат жаздық. Ол да кетті, Перішшені алып шекараға мен де кеттім. Жасақ бар. Тек қару және қару керек.Олар тағы да мылтық бермеді. Мал өткізіп, қоласты сауда жасап жұрген 40 адамға бізді қосып қайтарып жіберді. Олар да: «Мыналар гоминдаңның тыңшысы, айтып қояды», – деп бізді өлтірмекші болды. Теректінің ауызын жеткенде бұйра-бұйра еспе құм бар. Аттың айылын тартқан боп артта қалдық та, қайтадан шекараға қарай шаба жәнелдік. Төрт-бес адам қуды. Жеткізбедік. Теректінің аяғынан кесіп өтіп талдың ішіне келіп қондық. Қалың тау сарымсақ өседі екен. Күтірлете шайнап, тойып алдық.



Б.Бафин: «Сол жылы жайлау кезінде «ұйымның» тапсыруы бойынша Жағда екеуміз Барлық, Майлы-Жайыр тауларына барып, ондағы жаңадан ұйымдаса бастаған партизандар арасында жұмыс жүргізе бастадық. Біраздан соң, қаладағы «ұйыммен» болған байланысымыз үзіліп қалды. Артынан, өзімізден шыққан жағымпаз-сатқындардың қаладағыларды (Дубек, Ақыметқали және Қалдыбайды) қытай жандарымына айтып қаматқаны мәлім болды.

Бұл кезде Іле аймағы түгел Қытай басқыншыларынан азат етіліп, Құлжа қаласында «Азат Шығыс Түркістан Республикасы» деген атпен жаңа халық Үкіметі құрылғандығы туралы ресми хабар жарияланған болатын.



Мен бастапқы «Бүркіт» ұйымының басшысы Башбай Шолақұлының Іледегі «Азат Шығыс Түркістан Республикасы» басшыларына арнап жазған хатын алып және «Ұлт азаттық тобының» әр түрлі мәліметтері мен Тарбағатай партизандары ұйымының барысынан хабарлама жасау үшін, әрі көмек сұрай Құлжаға бардым. Осыдан соң, Тарбағатайға қосымша күш ретінде партизандар жіберілді, артынша жаңадан құрылған ұлттық армияның атты полкі тарапынан Толы, Дөрбілжін, Шәуешек қалалары басқыншылардан тазартылып, түрмедегілер (Дубек, Ақыметқали, Қалдыбай тағы басқалары) түгел аман-есен босатылды. Осыдан кейін, көп ұзамай Тарбағатай аймағының басқа аудандарымен қоса Алтай да азат етілді. Ұлыханьдық шовинист басқыншылардан азат етілген 3 аймақта (Іле, Тарбағатай, Алтайда) Өкімет билігі байырғы тұрғын халық өкілдерінің қолына берілді (сонда, 438-бет).

Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы) : –Тағы да Закарияның үйіне келдік. Онда «Үш аймақтың» адамымен кездестік. Түнде кеп тамақ ішеміз, күндіз Барлықтың ішінде, Тастының оңтүстік жағын паналаймыз. 20 күннен кейін партизандардың қимылы күшейе бастады. Сол екі арада Оспан ағалар да келді. Түйе, ат табылып, азық-түлікпен Тастының ішіне түстік. Алғашқы қаруымыз – ағаш кесетін қытайдың қосауыз мылтығы болды. Бес тал оғы бар екен. Шүріппесі бұзық. Ел жиылып, көш аман-есен Майлыға қарай өтті. Сол кезде Шығыс Түркістаннан тағы да екі кісі келді. гоминдаңның бір взвод әскері Айырға келіпті. Тура сол күндері 40-50 қарулы жасақпен Балқаш та Қызылтұздан келді. Бәрібір мылтық аз. Біздің қатарымыз жүзге тарта адамға жетті. Айырдың асуындағы соғыста жеңдік. Бұл үшінші шайқасымыз еді. Тағы да 40-50 адам келіп қосылды. Шілденің аяғында санымыз 700-ге жетті. Енді гоминдаң бір батальон жазалау әскерін жіберіпті. Байыншоқының басынан қолына ақ ту ұстаған аттылы, түйелі, жаяу адамдарды үрей туғызу үшін ары-бері жүргізіп қойдық. Шоқының басынан тосып алып, шабуылдадық. Олардың дені шығынға ұшырады. Бізден 10 адам қаза тапты. Соның ішінде Бұратоладан келген партизан бастығы Байкенже Орақұлы қаза тапты. Сол кезде мен мылтықты қолыма ұстап тұрып: «Қанға – қан, жанға – жан!» – деп қасам бердім. Сол күннен бастап қару қолымнан түспеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет