Бүйрек. Нәресте бүйрегінің салмағы ересектерге қарағанда салыстырмалы түрде артықтау болады. Оның өсуі біркелкі емес, әсіресе өмірінің бірінші жылында және жыныстық жетілу кезеңінде қарқынды өсуі байқалады.
Емшек жасындағы балалардың бүйректері ересектерге қарағанда 1 – 1,5 омыртқаға төмен орналасқан. Бүйректің салыстырмалы үлкен көлемі және олардың төмен орналасуы емшек жасындағы балалардың дені сау бүйрегін сипалап сезіп көруге мүмкіндік береді.
Бүйрек түбекшесі және несеп жолы. Жаңа туылған нәрестелер мен ерте жастағы балаларда бүйрек түбекшесі және несеп жолы салыстырмалы түрде кеңдеу, олардың қабырғалары бұлшық ет және эластикалық талшықтардың даму жетіспеушілігіне байланысты әлсіздеу. Нәрестенің бүйрек түбекшесінің шырышты қабатына иірімдер мен қыртыстар тән. Бір жасқа дейінгі аралықта бүйрек түбекшесі атаусыз сызық деңгейінде иіледі, онан жоғары кеңейген жері орналасады. Бүйрек түбекшесінің иірімдері, оның қабырғасының әлсіздігі және иілуі зәрдің тұрып қалуына және қабыну процесінің оңай дамуына жағдай туғызады.
Қуық. Нәрестелер мен емшек жасындағы балалардың қуығы ересектерге қарағанда жоғары орналасады. Қуық толған кезде кіндік тұсында және онан сәл жоғары сезіледі. Баланың 2жасында қуық біртіндеп кіші жамбас қуысына түседі. Қуықтың шырышты қабаты нәзік, бұлшық ет қабаты және эластикалық талшықтары әлсіз жетілген. Нәресте қуығының сыйымдылығы 50 мл – ді, ал 1 жасар балада 200 мл – ді, 8 – 10 жасар балада 800 – 900 мл – ді құрайды.
Несепағар түтігі. Жас нәресте кезеңінде ер балаларда несепағар түтігінің ұзындығы – 5 – 6 см, жыныстық жетілу кезеңінде 12 см – ге дейін үлкейеді. Қыз балаларда ол қысқалау: жас нәресте кезеңінде 1 – 1,5 см, 16 жаста 3,2 см – ді құрайды. Қыз балалардағы несепағар түтігінің кең және қысқа болуы, сонымен қатар оның тік ішек тесігіне жақын орналасуы бүйрекке инфекцияның енуі мен таралуына қолайлы жағдай жасады.
Үлкен жастағы балалардан айырмашылығы жас нәрестелерде реабсорбция, секреция және диффузия процестері жетілмеген, осыған байланысты бүйректің зәрді жинақтау мүмкіншілігі шектелген. Туылғаннан кейінгі 1 – ші күні бала 10 – 20 мл мөлшерінде зәр бөледі, зәр шығару саны тәулігіне 4 – 6 ретті құрайды. Онан кейінгі күндері диурез мөлшері арта түседі. Жас нәрестенің зәр шығару жиілігі тәулігіне 20 – 25 рет, емшек жасындағы балаларда 15 ретті құрайды. Зәрдің тәуліктік мөлшері ішілген сұйықтың 60 – 65% құрайды. 10 жасқа дейінгі баланың тәулік ішінде бөлетін зәр мөлшерін төмендегідей формула бойынша есептеуге болады:
600 + 100 ( n – 1), бұл жерде n – сәби жасы, 600 – 1 жасар баланың тәуліктік орташа диурезі. Сәби өмірінің алғашқы күндерінде зәрдің түсі өте қаныққан, бүйрек капиллярларының жоғарғы өткізгіштігіне байланысты, кейде зәр құрамында белок та болады. Зәрдің реакциясы қышқылды, сонан кейін әлсіз қышқылды, әрі қарай тағам түріне байланысты болады.
Бала туылғаннан кейін зәрдің салыстырмалық тығыздылығы 1006 – 1018, емшек жасындағы балаларда сәл төмендеу 1003 – 1005, жас шамасына сәйкес көтеріліп отырады, сәби 2 – 5 жасқа келгенде 1009 – 1016 құрайды. Өмірінің алғашқы айларында сәби зәрін ұстай алмай, өздігінен жіберіп қояды, яғни зәр шығару шартсыз рефлекс болып табылады. 5 – 6 айлық уақыттан бастап зәр шығаруға шартты рефлекс пайда болады, ол әрі қарай бекітіп нықтауды талап етеді.
Гломерулонефрит (ГН) – жүре пайда болған бүйректің шумақты аппараттыының зақымдануымен сипатталатын иммунокешендік ауру.
Көбіне 7 – 12 жас аралығындағы балалар ауырады.
Достарыңызбен бөлісу: |