Дәріс 6.
Тақырыбы: Қоршаған ортаның сапасын нормалауды мемлекеттік - құқықтық реттеу.
Реттеу ұғымы латынның regula-норма, ереже жəне немістің regulieren-реттеу, тұрақтылықты сақтау деген сөздерінен шыққан. Нарықтық экономиканы қалыптастыру барысында қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік-құқықтық реттеу өзінің жетекшілік рөлін сақтауы тиіс [1].
Мемлекеттік басқару мен мемлекеттік реттеудің арасында мазмұндық жағынан ешқандай айырмашылықтар жоқ. Мұнда сөз мемлекеттің экономикалық жəне өзге де процестерге қатысуының аралық салмағы төңірегінде болуы мүмкін [2].
Табиғатты қорғау мен табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік-құқықтық реттеуді ұйымдастыру мəселелері Қазақстан Республикасының қазіргі дамуы үшін мейлінше көкейтесті мəселелер болып табылады. Экономиканың аса маңызды бір саласы табиғи ресурстарды пайдалану қоршаған ортаны ластаудың тұрақты көзі жəне халықтың денсаулығы мен экологиялық сауаттылығына төнген қатер болып табылады. Табиғат пайдаланудың ұтымды тəртібін анықтау, табиғи ресурстарды тиімді басқару үшін оңтайлы құқықтық негіз қалау – бұл қолданыстағы занда көзделуі қажет міндеттер болып табылады [3].
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеуді ұйымдастыру мəселелері қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының дамуының өзекті мəселелерінің бірі болып табылады [4].
Экология саласындағы мемлекеттік басқару органдарының қызметі белгілі бір басшылық бастаулары негізінде жүзеге асырылады, соған сəйкес мемлекеттің экологиялық саясаты қалыптасады.
Бұл басшылық идеялары, олар жиынтығында белгілі бір мақсаттарға қол жеткізуде мемлекеттің мəнін, негізгі қасиеттерін, ішкі бірлігін білдіруі мемлекеттік басқарудың принциптері деп аталады.
Мемлекеттік басқарудың принциптері белгілі бір қоғам дамуының экономикалық жəне əлеуметтік зандарымен анықталады жəне қолданыстағы занда көрінісін тапқан. Экологиялық кодексті жəне өзге де актілерді талдай келіп, экология саласындағы мемлекеттік басқарудың принциптері жүйесін анықтауға болады:
адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың басымдығы, халықтың өмірі үшін колайлы қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтіру;
табиғи ресурстарға мемлекеттік меншік, мемлекет бақылайтын жерге жеке меншік;
мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешу кезіңде қоғам дамуының экологиялық міндеттерін теңгерімді шешу;
экологиялық тəртіпті қамтамасыз ету үшін экономикалық ынталандыруды енгізу арқылы басқарудың экономикалық əдістерін қолдану;
экономикалық проблемаларды шешуге азаматтарды, халықты, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын кеңінен тарту жəне белсенді түрде қатысу.
Экология саласындағы мемлекеттік басқарудың маңызды міндеттерінің бірі қоршаған орта сапасының нормативтерін белгілеу болып табылады. Басқарушылық процесс экологиялық нормативтерді белгілеуге негізделіп, содан басталады деп айтуға болады.
В. В. Петров қоршаған орта сапасының стандарттарын сипаттай келіп, былай деп атап көрсетті: «Бұл қоршаған ортаның жайкүйіне, өндірстік-шаруашылық жəне өзге де объектілердің қызметіне мемлекеттің құзыретті органдары қоятын бірыңғай, ғылымитехникалық ілгерілеудің қол жеткен деңгейіне сай келетін талаптар, ережелер, нормативтер».
Достарыңызбен бөлісу: |