2. Исламның пайда болуы. Аравияның біргуі. Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы, тайпалық ақсүйектердің жерді, малды, маңызды кіріс бөлігін жеке меншікке айналдыруға ұмтылуы Арабияның саяси бірігуінің негізгі алғышарттарына айналды. Бұған оңтүстік Арабия құлиеленушілік мемлекетінің құлауы және сыртқы жауларға қарсы тұрудың қажеттілігі де әсер етті. Бірігудің орталығы егіншілікпен, сауданың, қолөнердің біршама дамыған ауданы Хиджаз болды. Хиджаздың Мекке, Таиф, Ясриб сияқты қалалары көшпелі тайпалармен тығыз байланысты болды. Меккенің географиялық орналасуы оның тұрғындарының отырықшы мал шаруашылығымен айналысуына жағдай жасады. Мекке тұрғындарының көп бөлігі Курейш тайпасынан тұрды. Қаланы Омейядтар руы басқарды. Тайпалық жіктелуді жеңіп, біртұтас араб мемлекетін құру бір құдайға табыну идеологиясына келіп тірелді. Аравияның әртүрлі аудандарында бір құдайға сыйынуды уағыздаушылар пайда бола бастады. Меккеде мұндай насихаттаушы Мұхаммед (570-632 ж.ж.) болды. Ислам діні 610 жылдар шамасында пайда болды. Алғашқыда ол Меккеде кең қолдауға ие болмады. Мұхаммедтің насихатын алғашқыда тек отбасы мұшелері мен бірнеше жақын туыстары ғана мойындады. Мұхаммедтің жақтастары “өздерін құдайға тапсырғандар” (муслимуна, мұсылмандар) деп атай бастады. 614 жылдан мұсылмандар саны 40-50 адамға жетіп, Мұхаммед көпшілік алдында үгіт-насихат жасай бастады. Мекке билеушілері Мұхаммедтің жақтастарын қуғындай бастады. 616 жылдың аяғы мен 617 жылдың басында кураиш руының рулары хашимит руына байкот жариялады. Ол бойынша: хашимиттермен сауда жасауға, іс жүргізуге, некеге тұруға тыйым салынды. Байкот 619 жылға дейін созылды. Осы кезде Мұхаммедті қолдаушы Абу-Талиб, сүйікті әйелі Хадиша қайтыс болды. 620 жылдан араб және иудей тайпаларының өзара қырқысынан әбден шаршаған Иасриб қаласында Мұхаммедтің үгіт-насихаттары естіле бастады. Иасриб қаласының тұрғындары Мұхаммедпен ауызша келісім жасады. Келісім бойынша: Иасрибтықтар Мұхаммедтің рухани абыройын мойындап, қалада өмір сүруіне кепілдік берді. Мұсылмандардың Меккеден Иасрибке көшуі басталды, ол 622 жылы 22 қыркүйекте Мұхаммедтің Иасрибке келуімен аяқталды. Мұхаммедтің Иасрибке келуі ислам тарихында төңкерісті оқиға болып, сол жыл хиджра (өз тайпасынан байланысты үзіп, басқадан пана табу) деп аталды да, мұсылман жыл санауының басы болды.
Иасрибке келген соң Мұхаммед дін уағыздаушы ғана емес, саяси қайраткерге айналды. Иасриб қаласы Мадина (Мадинат ан-наби –Пайғамбар қаласы) деп атала бастады. Жаңа жерде бекініп алған соң Мұхаммед меккеліктермен күрес бастады.
Ұзаққа созылған соғыстан кейін 630 жылы Мекке қаласының билеушісі Абу Суфиан Мұхаммедтің билігін мойындайды. 631 жыл ислам дінінің бүкіл Арабияға таралу жылы болды. Бұл жылы Таиф қаласының тұрғындары, Иеменнің, Орталық Арабияның және Бахрейннің әртүрлі тайпалары ислам дінін қабылдады.
Достарыңызбен бөлісу: |