Практикалық іс-әрекет ретiндегi педагогикалық басқару – оқушылардың оқуы мен тәрбиесiн басқару. Педагогикалық басқару теориясы – мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдар жүйесi, ұжымдар мен жеке адамдар жүзеге асыратын тәрбие мен оқыту процестерiн басқару туралы бiлiмдер.
“Педагогикалық басқару” ұғымы “бiлiм берудi басқару” ұғымынан кең, өйткенi ол тәрбие мен оқытуды жүргiзетiн басқа мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдарда (жанұя, қоғамдық ұйымдар, мамандықты көтеру жүйесiнiң мекемелерi, т.б.) қызмет етедi. Шындығында, педагогикалық басқарудың кез-келген “адам – адам” жүйесiнде орны бар. Бұл жағдайда педагогикалық мақсаттар басқарудың негiзгi түрiне бағынады – педагогикалық процесс субъектi іс-әрекетiн басқару.
Педагогикалық басқарудың бiлiм беру жүйесiндегi басты объектiсi –жеткіншек жас ұрпақтар болып табылады. Оларды оқыту мен тәрбиелеудi басқару не тiкелей (мұғалiмдер, тәрбиешiлер арқылы), не жанама – мемлекеттiк қоғамдық ұйымдар арқылы жүргiзiледi. Басқару субъектiсiнiң қызметтер жиынтығын басшылық дейдi.
Бiлiм беру мекемесiн басқару іс-әрекетiнiң басқа мекемелер немесе өнеркәсiп орындарындағы басшылықтың жұмысынан едәуiр айырмашылығы бар. К.Д. Ушинский былай деп жазған: “Егер қаржы немесе әкiмшiлiк әлемде олардың идеяларының орындаушыларға ұнайтын-ұнамайтынын ескермей, ұйғарыммен, жарлықпен қызмет етуге болатын болса, қоғамдық тәрбие беру әлемiнде ашық айтылып, ашық қабылданған пiкiрден басқа идеяны жүзеге асырудың басқа амалы жоқ”. М.И. Кондаков: “Мектеп жұмысын басқару өндiрiстiк және қоғамдық өмiрдiң басқа салаларын басқарудан айтарлықтай ерекше, өйткенi мұнда күштердi орналастыру мен үйлестiру, байланыс пен өзара тәуелдiлiк жүйесiн жүзеге асырудан басқа, оқу-тәрбие процесiнiң барлық жақтарына бағытталған ұйымдастырушылық-педагогикалық ықпал ету мәселелерi басты мәнге ие болады”, - дейдi.
Бiлiм беру жүйесiнiң белгілі бір ретпен жасалған (иерархиялық) құрылымының әрбiр элементiнде, министрлiк болсын, облыстық, аудандық басқарушы ұйым (департаменттер, бiлiм беру бөлiмдерi) немесе мектептер болсын, бәрiнде, тек педагогикалық қана емес, басқарудың басқа да түрлерi кездеседi, мысалы: әкiмшiлiк, шаруашылық, құқықтық. Басқарудың барлық түрлерi бiлiм беру жүйесiнiң шеңберiнде бiр-бiрiмен байланысты, олардың бәрi жалпы тәрбиелiк және бiлiм беру мiндеттерiн шешуге бағытталған. О.С. Анисимов: “Бiлiм берудi басқаруды жiктегенде мынаны ескеру керек: басқару – адам іс-әрекетiнiң ең маңызды түрлерiнiң бiрi. Бұл іс-әрекет қатал шектеу мен бөлуге көнбейдi” - деп, дұрыс айтқан.
Егер бiлiм беру жүйесiн қарайтын болсақ, педагогикалық басқару мен басқарудың басқа түрлерiнiң үлес салмағы мен қатынасы әртүрлi екенiн бай?ау?а болады. Мысалы, министрлiк, облыстық, аудан және қалалық бiлiм беру басқармасы деңгейiнде кешендi процесс ретiндегi басқару жүйенiң арнайы құрылымын құруға, ведомстволық мекемелер мен адамдар қызмет-әрекетiне қажеттi материалдық, ұйымдастырушылық, кадрлiк және басқа да жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Мектеп директоры, деңгейiнде педагогикалық басқарудағы мұғалiмдер практикалық қызмет-әрекеттерiндегi педагогикалық талаптарды тiкелей жүзеге асыру ретiнде толығырақ көрiнедi. Педагогикалық басқаруға қызмет көрсету (мектептiң материалдық базасы, құрал-жабдықтар, оқу-техникалық құралдары, т.б.) маңызды, бiрақ бағынушылық мәнге ие.
Әдетте, бiлiм беру жүйесiндегi басқару туралы сөз еткенде, көбiнесе, иерархиялық тұрғыдан: министрлiктi, облыстық, аудан, қалалық бiлiм беру басқармалары бiрiншi болып аталады. Оқу-тәрбие процесін тікелей басқару мектеп әкімшілігі деңгейінде және мұғалімнің қатысуымен жүзеге асырылатыны жиі ұмытылып қалады. Мектептi басқару теориясы (мектептану) арасында ғылыми іс-әрекет пен практикалық іс-әрекет ретiнде объектiлерi, басқарудың тәсiлдерi мен нәтижелерiнде айырмашылықтар бар.
Достарыңызбен бөлісу: |