ОҚУ-Әдістемелік кешені


ІІ. Тақырыбы: Архаикалық мәдениет



бет4/14
Дата13.06.2016
өлшемі1.24 Mb.
#134007
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ІІ. Тақырыбы: Архаикалық мәдениет


(12-дәріс)

Жоспары:

  1. Өнердің пайда болуы, оны қабылдау мен бағалаудың ерекшеліктері.

  2. Қауым-алғашқы қоғам өмірінің негізі.

  3. Діннің алғашқы формалары (анимизм, магия,фетишизм, тотемизм, шаманизм).

1. Еңбек процесімен тығыз байланысты болғаны алғашқы қауымдық құрылыс өнері адамды қоршаған ортаны біртіндеп тануы мен оның сол бір жұмбақ жарық дүниеге деген көзқарасын көрсетті. Кейбір өнертанушылар палеолит дәуіріндегі адамның бейнелеу қызметін үш кезеңге бөледі де, олардың әрқайсысының жаңа сапалы бейнелеу түріне көшіп отырғандығын ерекше атап көрсетеді. Бірінші кезеңі-натуралдық шығармашылық кезеңіне-туштан, сүйектерден жасалған компазиция тән. “Табиғи бейнелеу” деп аталатын екінші кезеңде түрлі пішіндер мен нұсқалар, барельф және ірі балшық мүсіндер жасау басты орын алады. Үшінші-кейінгі палеолиттік бейнелеу шығармашылығы кезеңінде үңгірлердің қабырғаларына түрлі мазмұндағы суреттерді сүйекке ойып салу кеңінен орын алды. Осы орайда ерекше атап өтетін бір жайт-алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде бейнелеу өнерінің барлық түрлерінің де пайда болғандығы. Олар: графика, кескіндеме мен силуэт (контурлық суреттер) мүсін өнері (тастан қашалған немесе балшықтан жасалған фигуралар: кескіндеме (менералдық бояулармен салынған түрлі-түсті бейнелер). Сонымен қатар рельефтер тас пен сүйекке ою сияқты сәндік өнердің түрлі де пайда бола бастады.



Енді кейінгі палеолит дәуірі мәдениетінің әр кезеңдерде қандай өзгерістерге ұшырғандығын қысқаша қарастырып көрейік.

  1. Перигорд кезі (35-20 мың жыл) Орта палеолиттен кейін іле-шала бастаған бұл дәуірдің басты ескерткіштері мынадай: шеттері өңделген шақпақ тас құралдары сүйектен жасалған біздер найзаның ұштары және т.б. Бастапқы Перигорд кезеңінде салынған бейнелер кездеспейді, бірақ оның есесіне әсемдік заттар және бояу түрлері кеңінен таралған. Кейінгі Перигорд кезеңінде тасқа қашалып жасалған аңдар мен адамдардың бейнелері кездесе бастайды.

  2. Ориньяк кезі (30-19 мың жыл). Бұл дәуірде адамдар мекендеген үңгірлердің қабырғаларынан саусақтарын кең жайып, оны бояумен айналдыра жүргізіп, шеңбермен қоршаған қолдардың таңбаларын кездестіреміз. Демек, алғашқы қауым адамы өз ізін таста қалдыруға, өзін мәңгі, әрі көрнекті етіп көрсетуге, өзінің өмір сүргендігін болашақ ұрпаққа жеткізгісі келген сияқты. Палеолит дәуірінің үңгірінен ерінге жағатын қызыл бояулар салынған ыдыстар табылған. Қауым адамдары гримге қажетті бет бояуларының 17 түрін білген және оларды түрлі діни мейрамдарда пайдаланатын болған. Ориньяк дәуірі адамдарының көркемдік тәжірибесі онша бай емес. Бріақ соған қарамастан олар бейнелеу өнерінің қыр-сырын игеруге талпыныстар жасады.

  3. Солютре кезі (18-15 мың жыл). Мұздақтардың уақытша шегінуі палеолит адамдарының өміріне де айтарлықтай өзгерістер енгізді. Кремнийді өңдеудің ең жоғарғы тәсілі игеріліп, одан найзаның ұштары, пышақ, қанжар және т.б.Жасала бастады. Кремнийден жасалған қырнағыштар, түйреуіштер, аса таяқтар, түрлі мүсіндер пайда болып, тіпті кремнийдің көмегімен сүйек пен тастан жасалған бұйымдар безендіріле бастады.

  4. Мадлен кезі (15-8 мың жыл бұрын). Бұл дәуірде алғашқы адамдар қатал табиғат қыспағында өмір сүрді. Мадлендіктер үңгірлерде тұрды, мамонт, солтүстік бұғылар сияқты аңдарды аулап, қорек етті. Тас өңдеушілікпен шұғылдану біртіндеп жоғала бастады да, оның есесіне сүйектен жасалған құрал-саймандар тұрмыс қажеттілігіне пайдаланылатын түрлі заттар көбеие бастады. Кремнийден жасалған заттардың сапасы да жақсара бастады. Дөңгелек, бұрандалы және діни белгілердің пайда болуы адамның өзін қоршаған заттар жөніндегі ұғымының кеңіп, оны бейнелей бастайтындай дәрежеге жеткендігін айқын көрсетті. Неолит дәуірінде қалыптасқан бейнелеу өнерінің сан-алуан туындылары мен иероглифтер дүниенің төрт бұрышында кеңінен таралған.

Олардың басым көпшілігі Африка құрлығында табылса, стил жағынан өте ұқсас болып кейін материалдық мәдениеттің ескерткіштерін Испанияда, Онега көлінде, Ақ теңізде, Сібір де, Өзбекстанда және т.б жерлерден кездестіруге болады. Палеолит дәуіріндегі өнерге қарағанда неолит дәуірі өнерінің өзіндік өрнегі, өзіндік ерекшелігі бар. Бұрын үңгірлерде аңдардың бейнелері жабайы, қозғалыссыз қалыпта берілсе, ендігі жерде аңдардың бейнесін салудың сапасы жақсарды. Ең бастысы-аңдар бейнесін жай ғана емес, қозғалыс үстінде көрсетуге тырысушылық байқалды. Үйлесімділік пен динализм белгілері айқындала бастаған испандық және африкалық циклдердің суреттерінде садақшылардың қаумалап аң аулаудағы кейбір көріністері барынша шегіне жеткізіліп, нанымды етіп көрсетілген. Жартастағы бұл графикада алғашқы қауымдық бейнелеу өнерінде тұңғыш рет әсем нәзіктікке талпыныс айқын байқалады. Қазіргі заманда шөлге айналған Алжир территориясындағы Сахара мен Феццанның шекарасында орналасқан Тассили-Аджар деген таулы жерде жалаң жартастар жотасы бар. Осы жартастардың табанындағы үңгірлерден және жартастардың өзінен неше түрлі суреттер мен бейнелеу өнерінің туындылары (б.з.б. төртінші мың жылдықтан б.з.б. бір мың жылдығына дейін жасалған 15 мың бейнелеу өнерінің фрагменттері) табылды. Бұл мол мәдени олжа арқылы кезінде табиғаты әсем болған кең байтақ өлкені мекендеген бақташылар тайпасының көркемдік шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алдық.

2. Кейінгі палеолит кезеңінде адамдар арасындағы түсінісу қабілетінің басты құралы-тіл өз дамуында белгілі бір дәрежеге жетті. Неандертальдықтардың дыбысты белгілерінен “жаңа адам” сөйлеудің алғашқы сатысында көшті. Алғашқы адамдардың қараңғы үңгірлерде тұруы дыбыс белгілерін жетілдіруді қажет етті. Өмірдің қиын-қыстау жағдайлары мен қауіп-қатерлерден сақтандыру және тіршілік жағдайларынан туындайтын түрлі сәттер тілдің қалыптасып-даму процесін жеделдете түсті. Кейінгі палеолит дәуірінің аңшыларында бұйрық беру тілі қалыптасты, өйткені аң аулау кездерінде түсінікті дыбыс белгілерін беру олар үшін ауадай қажет болатын. Ғалымдардың пікірінше, алғашқы сөздік атауларды жануарлар алғанға ұқсайды, ал басқа заттардың атаулары кейіннен пайда болған. Алғашқы қауым адамдардың бұл заңды талпынысы адамзат дамуының келесі сатысында, мезолит дәуірінде өз жалғасын тапты. Бұл кезеңде туындаған мәселелер де қоғам дамуының барысында өз шешімін тауып жатты.

Алғашқы қауымдық құрылыс мәдениеті дамуының соңғы кезеңдері-мезолит, неолит дәуірінде адамдар баяу болса да тұрмыс-тіршілігін табанды түрде өзгертуге кіріседі. Ол енді жалқыға емес жалпыға, жеке аңға емес, тұтас үйірге кездейсоқ табылған дақылға немесе жеміске емес, өзі пайдалануға тиіс тұтас жер учаскелеріне назар аударды да, ортақ игілік үшін ұжымда еңбек ете отырып, көз аясындағы дүниені рухани сезіммен анағұрлым кең, әрі ұйымшылдықпен қамтыды. Дүниені жаңаша қабылдаудан туындаған бұл өзгерістерге мезолит дәуірінде көп кескінді композитциялық өнердің туындауына және ондағы басты ролді адамның атқаруына әкеледі. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы дәуірдің қоныстарының орнында ұзындығы 300м. Биіктігі 3м-ге дейін жететін желінген тамақтардың (сүйектердің) үйінділері табылған. Әсіресе, Дания жерінде мұндай үлкен үйінділер көп кездеседі. Олар негізінен бұқалардың, иттердің, бұғылардың, балықтардың, бұландардың сүйектерінен құралады. Ерекше атап өтетін бір жайт, осылардың ішіндегі ең көп кездесетіні, моллюск қабыршақтары. Жеуге жарамды моллюск қабыршақтары сондай дәмді болмаса да шағын көлдерде көп кездесетіндіктен оларды қорек ретінде пайдаланған.

3. Бүгінгі ғылым алғашқы қауымдағы діни түсініктердің ара жігін ашуға мүмкіндік беретін мол материал жинақтады. Алғашында оларды жалпы түрде атап өтейік.

Фетишизм-кейбір табиғи заттарға және оның құбылыстарына табыну.

Магия-белгілі бір манипуляциялардың барысында (мінәжат ету, болжау, әдет-ғұрып) көмегімен табиғи заттар мен құбылыстарға, қоғамдық өмірдің барысында, кейінірек тылсым күшке сену арқылы әсер ету.

Тотемизм-белгілі бір жан-жануарларға, өсімдіктерге нақты адам ұжымдарының (қауым, тайпа) арғы бабаларының шыққан тегі ретінде қабылдап, соларға сену.

Шаманизм-кейбір адамдардың (сиқыршы шаман) аруақтармен қатынас жасау мүмкіндігі екеніне сену, адамдардың ауруды жазу, жақсы аңшылықты қамтамасыз ету, жауын жаудыру).

Табиғатқа табыну-әр түрлі жан-жануарлар мен өсімдіктердің, аспан денелерінің-күн, ай, жұлдыздар рухтарына сену.

Ата-баба рухтарына сену-қайтыс болған ата-бабалардың рухтарына сену, олар туыстарын желеп-жебеп жүреді немесе оларға забыр жасайды дегенге сену.

Диханшылыққа, мал өсіруге табыну-егіншілік пен мал өсіруді жеке сала ретінде болудан туындайды. Бұл жерде мал мен дәннің иелеріне табынады.

Анимизм-айналадағы заттардың тіршілік ететінне, табиғаттан тыс елестердің-жандар мен рухтардың әрекеттеріне сену.



Осы кішкене ғана тізбеден-ақ алғашқы қоғамдық құрылыстың өзінде діни сенімдердің әр қилы және әр түрлі мәнде болғанын байқаймыз. Солай бола тұрса да оларға ортақ нәрсе- айналадағы нақты дүниенің үстінен тылсым күштің үстемдік етуіне сену. Аңшы өзінің барлық болмысымен жануарлар дүниесімен тығыз байланысты болады. Аңшының бойындағы шыдамдылық, жігерлік, батылдық сияқты тек қана осы кәсіп иелеріне тән қасиеттер оларды басқа кәсіп иелерінен ерекше етіп көрсетті. Олар өздерін қоршаған дүниеге деген көзқарастарын сиқырлау, дуалау арқылы білдірді, демек алғашқы адамдар құдіретті күштердің бар екендігін кәміл сенді. Сиқырлықтың басты мақсаты-адам бойындағы ауруды қуып шығу, жауына зиян келтіру, оны мұқату, жақсы көрген адамды айналдырып алу және т.б. болды. Сиқыршы тек өз күшіне, өз қабілетіне ғана сенеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда сиқыршылықтың діннен айтарлықтай айырмашылығы бар, өйткені дін адамнан асқан құдіретті күш-құдайдың көмегіне сүйенеді, ал аңшылық сиқыр болса олжаның пайда болуы мен иемденуі және т.б қамтамасыз ету керек болды.

Магияның (сиқырлаудың) негізінде көне заманға діни наным-сенім тотемизм қалыптасты. Тотемизм-адамдардың өздерінің ата-тегін жануарлар мен, жануарлар дүниесімен (сонымен бірге табиғат күштері мен өсімдіктер дүниесімен де байланыстырып қарастырылатын кездер де болған) тығыз байланыста қарастыруы. Кейінгі палеолит мәдениеті жөніндегі мәліметтер археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері мен этнография ғылымының тұжырымдарына негізделген. Біздің заманымызда кейінгі палеолит дәуіріне ұқсас тіршілік еткен халықтар болды. Олар Австралияның байырғы тұрғын халықтары. Австралия-тотемизм мен сиқырлаудың (магияның) класикалық елі. Олар еуропалықтармен алғаш кездескен уақытта кейінгі палеолит дәуірінің соңғы кезеңін бастан кешіріп жатқан болатын. Демек, еуропалықтар келгенге дейін Австралияның байырғы тұрғындары палеолиттен мезеолитке көшкен еді Австралия аборигендеріне қарағанда көне замандағы Еуропа үңгірлерін мекендеген алғашқы адамдардың тотемизмі бұлардан әлде қайда қарапайым болған. Әрине, жер шарында құнарлы жерлер көп емес, олар адамзат баласы мекендеген жер аумағының бір-ақ процентін құрайды. Сондықтан да ну ормандар мен шөлейт жерлерді игеру-жерді өңдеу, пайдалану технологиясын, қолданылатын құрал-саймандарды жетілдіруді қажет етеді. Осы орайда адамдардың отырықшылдыққа көшуіне байланысты шаруашылықтың жаңа салалары-егіншілік пен мал шаруашылықтары пайда болды. Неолит дәуірінің егіншіліктері мен малшылары-шаруалар болды. Осы бір жаңадан туындаған шаруа шаруашылықтарының басты белгілері- аграрлық экономика, қол еңбегі, рулық және қауымдық ұйым, ал діндері-анимизм болды. Анимизм-рух, жан деген мағына береді. Анимизм дегеніміз рух пен жанның өмір сүретіндігіне деген сенім. Ол бойынша-табиғатта болатын барлық құбылыстардың басты себепкері-рух пен жан болып саналады. Көне заманның мәдениетінде салт-дәстүрлердің, наным-сенімдердің, діни мейрамдардың даму процесі анимизмнен басталады.Бұл ұғымды мәдениеттану ғылымы саласына тұңғыш енгізген атақты ғалым Тайлор болды.Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, алғашқы қауым адамдары сиқыршылықты да жиі қолдады,бірақ аңшылық сиқыршылығына қарағанда, егіншілік сиқыршылығының өзіндік ерекшеліктері болды.Шаруаның тұрмыс тіршілігі жердің құнарлығына тығыз байланысты. Шаруа үшін жер құдай-ана болып саналады.Сондықтан да болар, егіншілікке байланысты маусымдық ритуалдар (салт-жоралар) маусымдық сипатта болады, яғни егіс жұмыстарының басталуымен және шыққан егіннің өнімін жинаумен тығыз байланысты.Ұлы құдай –аналар-Иштар,Кибела,Деметра,Церера әрі дархан,әрі балажан болғандықтан өздеріне жан-тәнімен табынуды талап етеді.Сондықтан болар, осы құдайлардың құрметіне байланысты өткізілетін әдет-ғұрыптар мен салт-жораларда эротикалық сәттерде аз болмаған. Ерекше атап өтетін бір жайт осындай салт-жораларды өткізген кездерде түрлі маскалар, мүсіндер, жартастағы кескіндер, жерге салынған суреттер кеңінен пайдаланылған және әндер айтылып, билер биленіп театрландырылған көріністер қойылатын болған. Діннің ең көне түрі сиқыршылық болатын болса, оның басты түрлерінің бірі-фетишизм (тұт, тұмар деген мағыналарды береді.) болып саналады. Фетишизм-табиғат заттарымен қатар адам қолынан шыққан материалдық заттардың құдіретіне де сену, яғни зат бейнесіндегі рухани күштерге табыну.

Көне заман халықтарының ұстаған діндерінің тарихында жануарлар мен ағаштарға табыну да басты роль атқарды. Тағы адамдар үшін өзін қоршаған дүниенің барлығы да жанды болып көрінген, сондықтан да олар жансыз заттардың да жаны бар деп ұғынған. Адамдардың әрбір тобы өзінің шығу тегін белгілі бір жануармен немесе өсімдікпен (тотеммен) байланыстырған. Олар адамның жануарларға айналатыны туралы “мифке” сенген, олай болса алғашқы адамдар адаммен жануардың арасында айтарлықтай айырмашылықтары жоқ деп есептеген.

Осы айтылғандардың (тотемизм, фетишизм, анимизм) барлығы дерлік қазіргі заман мәдениетінде, дүниежүзінің халықтарының салт-дәстүрлерінде кеңінен көрініс тауып отыр.

III. Тақырыбы: Ежелгі мәдениеттер

мен өркениеттер.

(13-дәріс)

Жоспары:


  1. Ежелгі дүние мәдениетінің тарихи-әлеуметтік және материалдық-технологиялық негіздері.

  2. Көне Шығыс өркениеттері: Мысыр, Вавилон, Иран, Үнді және Қытай.

  3. Шығыс көне өркениеттеріндегі жеке адам тұлғасы және қоғам.

1. Дүние жүзіндегі ең ірі, көркем музейлердің бірі - Ленинград Эрмитажының бірнеше залы Алтайдағы Пазырық қорғандарында сақталған ертедегі сібірлік көшпелі малшылар мәдениетінің ескерткіштеріне арналған. Мәселен, археологтар мұқият қалпына келтірген үш метрлік ағаш күймені алайық. Бұл-сөз жоқ, оны жасаған адамдардың цивилизациясы дәрежесі мен өмірін айқын дәлелдейтін материалдық мәдениеттің баға жетпес ескерткіші. Біз бұл күймеге қызыға қараймыз. Бірақ Эрмитажға траллейбус не автомобильмен келген біздер үшін қатынас құралы ретінде оның таңданарлық дәнеңесі жоқ.

Ғылым-салты Пазырық қорғандарына жерленген, жазу өнері болмаған, табиғат заңдары мен күштері туралы біз білетіннің мыңнан бірін білмеген адамдардан арамызды айырып тұрған осы баспалдақтарын санап шығу мүмкін емес. Кезінде ғаламат жаңалық болып ашылып доңғалақ принципінің өзі қазір де баянды қалпында, бірақ көшпелілердің арбиған күймесін кейінгі жаңалықтар мен техникалық жетістіктер баяғыда-ақ жоққа шығарған. Келешекте де нақты осылай, сол бір өткен кездегіден бізде анағұрлым жақын болашақта біздің ең жетік космостық ракеталарымыздың өзін қатынастың жаңа құралдары есептен мәңгі шығарып тастайтын болады. Ғылыми жаңалықтар тарихы да, олардың іс жүзінде қолданылуы да, біз үшін өзінің даму барысымен ғана қызғылықты, оған да “қанат серпіні” тән. Айталық Евклид геометриясын, Ньютон механикасын, Лобачевский геометриясын немесе Эйнштейн теориясын “қанат серпіні” демей не дейміз? Әрине, өнер шоқтығы тәрізді, шын мәніндегі ұлы ғылыми жаңалық-көздеген мақсатқа табанды еңбекпен жететін творчествалық шабыттың нәтижесі. Бірақ ұқсастық осымен тамамдалады. Ғылымның әрбір даму кезеңі-адамзат ақыл-ойының жаңа серпілісінің, дүниені танудағы адамның жаңа жеңісінің куәсы, сонымен бірге ол бұрынғыдан да биік шарықтау жаршысы. Оның шабыттандырар мәнісі де осында. Өйткені таным процесінде әрбір сәт өзінен бұрынғыларын теріске шығара отырып, өзінің де жоққа шығарылуын бастап береді.

2. Көне египет жер шарындағы тұңғыш мемлекет қана емес, сонымен бірге дүниежүзілік үстемдікке талпынған қуатты да, құдіретті мемлекеттердің бірі болды. Египеттің жоғары өкіметі мызғымастық және түсініксіздік принциптері негізінде құрылды, ал кезінде бұл принциптер біртұтас Египет мемлекеті пайда болған кезден бастап-ақ анық толық билеушілері-перғауындарды құдай деп санауды өмірлік қажеттілікке айналдырды. Фараондар (перғауындар) құдайдың ұлы деп саналды, сондықтан да Фараон өзін “Раның”(“Ра” күн деген мағына береді. Ол –құдайлардың құдайы және “алтын” ұғымымен қосылып айтылады. –“Алтын” нұр шашқан күн) ұлымын деп жариалады.

Адамдар санасында қалыптасқан аруаққа табыну-перғауындарды “Құдай” деп танумен тығыз ұштасты. Ал құдай-патшалардың (перғауындардың) құрметіне пирамидалар (мазарлар) салына бастады. Өз кезегінде Египеттің жоғары әміршісі-құдай саналған перғауын өзінің құрметіне салынған мазардың әрі асқақ, әрі берік етіп салынуына ерекше мән берді. Сән-салтанатпен салынатын мұндай пирамидалар қыруар ғана емес, ұзаққа созылған ауыр да азапты еңбекті қажет етті. Осы бір азапты еңбек қасиетті өмір Египет құлдарының үлесіне тиген болатын. Ал бүгінгі ұрпақ осыдан бес мың жылдай бұрын тұрғызылған Египеттің ең көне пирамидасы-перғауын Джосердің пирамидасын жасаушының аты-жөнін білу-осы ащы шындықтың айғағы болса крек. Оның сәулетшісі-Имхотептің ғалымдық, дәрігерлік, философиялық еңбектері өз заманында аса жоғары бағаланған. Ол сонымен қатар ұрпақтар есінде ұлы балгер, сиқыршы ретінде де қалған, өйткені ғылым дамуының сонау бастауы кезеңінде ғұмыр кешкен ғалымдардың өмірі міндетті түрде балгерлікпен астасып жатқан. Имхотеп тіптен екі рет құдай деп танылған. Арада екі жарым мың жыл өткенде гректер оған “медицинаның құдайы” ретінде табынған. Оның мүсіні, сірә, ғалымдарға орнатылған алғашқы мүсін болуы да ғажап емес. Оның мүсіндері сақталынбаған, бірақ Мемфисте Имхотептің құрметіне орнатылған ғибадатхана бар. Адамзат баласын таң қалдырған талай мәдени мұралар күлге айналып, гүлденген қалалар жермен-жексен болды, мейрімсіз де қатал уақыттың сынына шыдай алмаған кереметтер (“әлемнің жеті кереметі”) бірінен соң бірі жоғала бастады. Ал бүгінгі күнге кереметтердің ең көнесі осы Мысыр пирамидалары ғана жетіп отыр, ендеше көне тарихтың куәгері болған бұл тамаша ғимараттар әлі де талай үрпақтардың қызықтай берер аса құнды мәдени ескерткіші ретінде қала бермек. Иероглифтер-көне Мысыр мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылды, өйткені бұл өлкеде салынған қай ғимаратты алсаң да, олар иероглифтерге бай болып келеді. Кейіннен көне мысырлық иероглифтерге жазу буындық жүйеге көшті (қытайлықтар болса мұндай өзгерістерге ұшырамай өз жазба дәстүрлерін сақтап қалған). Ерекше атап өтетін бір жайт, Египет жерінде салынған ғибадатханалардың алдында сфинкстер тұрғызылды. Тастан қашалып жасалған сфинкстердің денесі арыстан, ал басы адам бейнесінде болды. Оның басы перғауынды бейнеледі. Сфинкс-египет әміршісінің құдіреті мен күшінің оның даналығы мен жұмбақтығының жаршысы болды. Ең алып сфинкс б.з.б үшінші мыңжылдықта салынған. Ол осы уақытқа дейін Хефрен пирамидасын күзетіп тұр. Тұтастай алынған жар тастан жасалған бұл сфинкстің басы адамның басынан отыз есе үлкен, ұзындығы 57 метрге жетеді.

Ғылым саласында көне Египет айта қаларлықтай жетістіктерге жетті. Тамаша ғимараттардың, әсіресе пирамидалардың салуына қарап математика, геометрия сияқты ғылым салаларының қаншалықты сатыға көтерілгендігін айқын аңғаруға болатын сияқты. Б.з.б. XXI ғ. аяғы мен XIX ғ. басында шардың жоғарғы жағы үлкен дәлдікпен есептеліп шығарылды. Адамзат тарихындағы ең көне сағаттар-су және күн сағаттарын алғаш жасаушылар да осы мысырлықтар болатын. Астрономия ғылымымен қатар, медицина ғылымы да өз дамуында тамаша табыстарға жетті. Адам организміндегі мидың атқаратын қызметі анықталды, сонымен қатар әртүрлі ауруларға байланысты көз, тіс және т.б дәрігерлері пайда болды.

Даосизм адамзатты табиғат пен бірлікке шақырды. Сонау көне заманда басталған бұл тамаша дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, күні бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Сондықтан да қытай халқының мәдени туындыларында адамның табиғатпен байланыстары жан-жақты көрсетіліп, тамаща бейнеленді. Даосизмнің негізін қалаушы-Лао-Цзы өз заманында “кәрі-дана” деген атаққа ие болған. Бұл діни жүйе діннен гөрі философияға жақындау болып келеді. Даоизс жергілікті дін ретінде б.з.б VI ғасырда қалыптаса бастаған. Лао-Цзының өмірі туралы мәліметтер өте аз, әрі жұмбақ жақтары да өз емес. Сол кезеңдегі тарихи деректерге сүйенсек, этикалық ілімнің негізін қалаушы Конфуций Лао-Цзыға арнайы белгісі келетіндігін білдіреді. Бірақ “Кәрі дана” Конфуцийді “Әлеуметтік жобалар мен реформалар жасауға босқа уақыт кетірдің, оның барлығы да бос әурешілік” деп қатты сынға алады.

Лао-Цзының тұжырымдауынша, халық даоны (дао-жол деген мағынаны береді) негізге алуы қажет, өйткені даосизм ілімінің негізі табиғатпен байланысты. Одан әрі ол былай деп пайымдайды “Адамзат Жерге, Жер Аспанға тәуелді, Аспан даоны, ал өз кезегінде дао табиғылықты қажет етеді”. Олай болса дао-адамзат баласының тіршілігі мен бізді қоршаған жарық дүниенің дәнекершісі болып табылады. Дао-жер бетіндегі тіршілік атаулының негізі, бүкіл заттың дүние мен табиғат құбылыстарының қайнар көзі. Дао ілімінде жеке адамның адамгершілік тұрғыдан жетілуін-өзін қоршаған ортамен үйлесімділігімен байланыста қарастырылады. Лао-Цзының бұл атақты философиялық-діни қағидалары. “О пути к добродетели” атты еңбегінде жан-жақты баяндалады. Қытай мәдениетінің екінші бір қайнар бұлағы-Конфуций ілімі болып саналады. Оның негізін қалаушы Кун Фу-Цзы яғни Кун-ұстаз Конфуций б.з.б 551 ж шамасында өмірге келген. Бала кезінен-ақ білімге құштар болған Ұлы уағызгер көне заман тарихын қызыға оқып, ескі салт-дәстүрлерді өте жақсы көрген.

Өмір жолында талай қиындықтарды басынан кешірген Конфуцийдің бойында өзі өмір сүрген ортаға көңілі талмаушылық сезімі белең алды, Ол елдегі бей-берекесіздіктен құтылу және халықтың тұрмыс-тіршілігін дұрыс жолға қоюдың басты жолы ата-бабалар дәстүрлері мен заңдарына, көне заман тәртібіне оралу деп санады. Конфуцийдің ойынша, бұл мақсатты жүзеге асыру жолындағы шараларды әрбір адам саналы түрде жүзеге асыруы өз өзіне жоғары талаптар қоя білуі және қабылданған ережелер мен канондарды мүлтіксіз орындай білуі шарт міне, сонда ғана қоғамда өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Бұл қағида-оның этикалық-әлеуметтік бағдарламасының негізі болып табылады және Қытайдың мәдени-тарихы дамуына ерекше ықпал жасады.

“Ата-бабаларға” табыну-ежелгі Қытайда кеңінен орын алғаны тарихтан белгілі. Осы бір ежелден қалыптасқан дәстүрдің мазмұны мен түрін ғана өзгерткен Канфуций оған ерекше мән бере отырып, бұл табынушылықты әрбір қытай азаматының қоғамдығы басты міндетіне, тәртіп нормасына айналдырды. Сөйтіп осындай мақсатты жүзеге асыруға негізделген “Сяо” яғни “Балалар құрметі” ілімі өмірге келді. Конфуцийдің пайымдауынша, “сяо”-адамгершіліктің негізі болып саналады. “Сяо”ережелері-ата-анаға қалтқысыз құрмет көрсетуді, оларды “ли” дәстүрімен жерлеуге және дәл осы тәртіппен ата-аналар құрметіне құрбандықтар шалып отыруды қатаң талап етеді. “Сяо” тәртіптері бойынша қанша жағдай болса да, тіпті әкесі ұры немесе кісі өлтірсе де балалары әке-шеше алдындағы борышын адал атқару шарт.

Жер шарындағы қасиетті де, құдіретті мәдениеттердің бірі- Үнді мемлекетінде қалыптасып өркендеген үнді-будда мәдениеті. Үнді елінің ғасырлар бойы мәдени дәстүрлері оның таланты халқының діни сана-сезімінің қалыптасып, дамуымен тығыз байланысты болды.

Үнді жеріне келген арийлер өздерімен бірге б.з.б 2000 жылы шыға бастаған көне мәдени мұралардың бірі-Ведаларды ала келіп, оны жергілікті халықтың арасына кеңінен тарата бастады. Ведалар дегеніміз-діни сарындағы дұғалардың құрандардың, құрбандық шалу кезінде айтылатын суреттемелердің, табиғаттың поэтикалық бейнесінен хабардар ететін өлеңдердің жиынтығы. Үндінің атақты жазушысы Рабиндранат Тагор ведалық гиміндерді “Халықтың қуаныш-шаттығы мен оның өмірге деген сүйіспеншілігі мен қорқынышының поэтикалық куәгері” деп өте жоғары бағалаған болатын. “Жаратушы әні” гимнінде бізді қоршаған дүние былай деп сипатталады: “Ең алғашқы кезеңде дүние хаос жағдайында болды. Бірақ, уақыт өткен сайын адамзат баласының тіршілік етуге деген құлшынысы байқалды, соның нәтижесінде жарық, одан кейін аспан мен су патшалығы пайда болды. Міне, дәл осы кезден бастап жер бетінде тіршілік қалыптасты, ал құдайлар дүние жаратылғаннан кейін барып пайда болды.” Шамамен б.з.б 800 жылында қалыптасқан упанишадтар үнді-арийлердің діни көзқарастарының дамуындағы басты қадам болып саналады. Өйткені. Упанишадтар адамның ішкі жан дүниесі, оның өмірінің мән-мағынасы, адамды ақиқат пен шындыққа апарар жолдар мен олардың бұл өмірдегі маңызы, өлім мен мәңгілік ғұмыр жайындағы діни-философиялық толғауларға толы болып келеді. Ең бастысы-упанишадтарда Брахман мен Атман идеялары кеңінен көрініс тапқан. Брахман-абсолбтті шындық, абсалютті руханілылық, бұл дүниеде одан тысқары еш нәрсе де жоқ, олай болса бізді қоршаған ортаның мәні де осы Брахманда. Ол Атман болса осы жағдайларда ескере отырып- жеке тұлғаны мойындау. Упанишадтар діни философиялық ой-сананың дамуына түрткі болды, сөйтіп көп ұзамай-ақ оның алты мектебі қалыптасты. Б.з.б VI ғасырда үнді елінде, кейіннен дүниежүзілік дінге айналған, будда діні қалыптаса бастады. Оның негізін қалаушы ханзада, кшатрийлер варнасына жататын Будда болды. Оның шын аты-Сиддахартха, ал оның анасы әйел патша Майя еді Ұлы ханым Майяның шапағаты жер жүзіне тарады, оның жүрегінің тазалығы, өз-өзіне сенімділігі, парасаттылығы мен салмақтылығы, бұл қасиетті ананың қадыр-қасиетін арттыра түсті Буддизммен қатар джайнизм ағымы да дами бастады. Оның негізін қалаушы-Махавира (Вардамана) болады. Бұл сектаның жолына түсушілер қармадан азат болудың басты құралы ретінде-аскетизмді насихаттады. Нағыз джайнисттердің фанатизмінде шек болмады. Олар бұл өмірдің барлық рақатынан саналы түрде бас тартты, басқаны былай қойғанда, олар өмірлерінің соңғы сәттерінде тамақтанудан да бас тартты. Джайнизм брахманизммен ымыраға келудің арқасында осы уақытқа дейін Үнді мемлекетінің қоғамдық-саяси өмірінде өз ықпалын сақтап отыр. Махавираның жолына түскендер негізінен-саудагерлер болды. Будда дін жолына шын берілген адамдарды төрт қағиданы мүлтіксіз орындауға шақырды. Олар: зұлымдылықтың алдын алу, зұлымдық пен қатыгездікке жол бермеу, ізгілік пен қайырымдылыққа даңғыл жол ашу, адамгершілік қасиеттерді батыл қолдау.

Будда ілімі үнді халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, кең қолдау тапты. Будда өз шәкірттеріне арналған сөзінде былай деді. “Сендер бұл ілімді дүние жүзінің барлық елдеріне таратыңдар. Оларға кедейлер мен бұл өмірден жәбір көрушілердің, байлар мен тектілердің бірдей екендігін, күндердің күнінде үнді қоғамындағы барлық касталардың осы діннің туы астына бірігетіндігін халыққа түсіндіріңдер.” Шынында да, будда дінін әлемнің көптеген халықтары мен қоғамның түрлі топтары шын ықыластарымен қабылдады. Бұл дін Үндістан мен Қытайда, Тибет пен Жапонияда, Непал мен Тайландта, Цейлон мен Вьетнамда, Моңғолия мен Камбоджада кеңінен тарап, миллиондаған халықтың құрметіне бөленеді.

XIX ғ. соңғы ширегінде Тигр және Ефрат (Қос өзен) өзендерінің бойында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі ескі қалалардың орны ашылып, әлемге “Шумер өркениеті” деген жаңа мәдениет белгілі болды. Ніл аңғарында ежелгі Египет қоныстанса, ал Қос өзен бойында Шумер, Аккад, Вавилон, Ассирия. Иран сияқты түрлі мемлекеттік құрылымдар тарих сахнасында бірінен кейін бірі алмасып тұрды, түрлі халықтар өзара сауда-саттық жасаумен қатар, өзара әскери қақтығыстарға да жиі барып тұрды. Соның салдарынан қалалар мен әсем ғимараттар күл-талқан болып қирады да. Бірақ мұндай қақтығысқа қарамастан бұл мемлекеттердің мәдени гүлдену процесі тоқтап қалған жоқ. Иран өркениетінің тірегі-зороастризм діні болды. Ол мемелекет дін болғандықтан мемлекет тарапынан үлкен қолдау тапты Зороастризм дінінің негізін қолаушы Заратуштраның өмірі мен ілімі туралы ғылымда әр түрлі пікірлер қалыптасқан. Ғалымдардың айтуынша, Заратуштра грекше “Зороастр” деген сөз ежелгі Ираның сөзінен шыққан “түйелі адам”, “түйе жетектеген адам” деген мағына береді. Зороастризмнің қасиетті кітабы-әдеби және мәд,ени жәдігер “Авеста”. “Киелі Авеста кітабы” ежелгі мәдениеттен хабардар етіп қана қоймай, сол дәуірдегі заман оқиғаларынан терең мағлұматтар беріп, көне тарих беттерінен сыр шертеді және ежелгі Иран тілдерінің ең ежелгі, ең құнды ескерткіштерінің бірі болып саналады. “Авестаның” зороастризм жайындағы көп нұсқаулары бізге толық жетпеген. Оның ең көне бөлігі “Гат” деген атпен белгілі. Ұлы пайғамбар Зороастраның есімімен аталған зороастризм діні туралы мағлұматтар осы “Авеста” арқылы біздің заманымызға дейін жетіп отыр.

3. Қоғамдық қатынастар адам дамуының өлшемі, олай болса оның мәдениетінің де өлшемі екенін мойындау қажет. Ғылыми әдебиетте мәдениет-дегеніміздің өзі-қоғам деген пікір кездеседі. Пікірге негіз ретінде мәдениеттің әрекет иелері- адамдардың барлық қоғамдық қатынастары мен байланыстарының жиынтығы екендігі айтылады. Айтылып отырған көзқарастың ұғымды жақтары көп болғанымен онымен толығымен келісуге болмайды. Мәдениет әрине, қоғам дамуының көрсеткіші.

Әлемдік мәдениеттің дамуы мәдениет типтерінің бір сатыдан екінші сатыға көтерілуі, ол қоғамдық экономикалық формациялар ауысуымен анықталатын процесс, яғни мәдениет мазмұны қоғамдағы өзгерістерге тәуелді. Сондықтан қоғам мен мәдениетті бір-біріне қарсы қоймай олардың тарихи ажырамас тығыз бірлігін, дәлдігін ашады. Бұл бірлік адам дамуы қоғам дамуымен қатарлас келгенде толық мүмкіндік алады. Адам дамуы-оның әрекеттік қызметінің әмбебаптық түр алуы. Өндіріс, айырбас, тұтыну қоғам өмірінде неғұрлым кең орын алған сайын адам болмысы да жан-жақтылық сипат алады, ал ол мәдениеттің гүлденуіне жағдай туғызады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет