ОҚУ-Әдістемелік кешені



бет2/14
Дата13.06.2016
өлшемі1.24 Mb.
#134007
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Жетісай-2004 ж



10. ЛЕКЦИЯ САБАҚТАРЫНЫҢ МАЗМҰНЫ

Мәдениет теориясы
І. Кіріспе сабақ.

(1-дәріс).
Жоспары:

  1. Мәдениет мәдениеттанудың объектісі жәні пәні ретінде.

  2. Мәдениеттанудың қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері.

  3. Мәдениеттану ғылымының іргелі проблемалары.




  1. Талай ғасырлардың сын елегінен өткен, әлемді меңгерудің мейлінше бай

тәжірибе-тағылымы бар екендігі, небір тарихи дәуірлердің рухын жинақтаған, арман-ойларын, үміттері мен межелерін уақыт сүзгісінен өткізген мәдениеттің теориясы мен тарихының рухани-шығармашылық маңызының зор екендігі ақиқат.

Мәдениеттану пәнінің мақсаты-мәдениеттану тілінің қоғамдағы орны мен ролін, оның теориялық негіздері мен әлемдік озық үлгілерін, қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен рухани ізденістерін студенттермен бірге талқылау.

Мәдениеттану жеке пән ретінде ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қалыптаса бастады, сондықтан да оны әлі де болса буыны бекімеген жас ғылымдар саласына жатқызамыз.

Мәдениеттану –мәдениет туралы ғылым, сонымен қатар философиялық ілім, өйткені ол философияның басты саласы, мәдениет философиясын қамтиды. Мәдениет қоғамда болып жатқан түрлі процестерді (материалдық, әлеуметтік, саяси, адамгершілік, көркемдік т.б.) барынша қамтып, мәдениет дамуының жалпы заңдылықтарын, оның өмір сүруінің принциптерін және бір-біріне этно-әлеуметтік, саяси-моральдық, ғылыми, көркемдік және тарихи сипаттамаларымен, жағдайларымен ерекшеленетін түрлі мәдениет түрлерінің өзара байланыстарымен, тәуелділіктерімен зерттейді.


Мәдениеттану пәні сонымен қатар жергілікті және аймақтық мәдениеттердің сапалы ерекшеліктерін, олардың өзара байланыстары мен мәдениеттің басқа түрлерімен мирасқорлығын, қарым-қатынасын зерттей отырып, адамзат баласының біртұтас мәдени даму процесінің жалпы заңдылықтарын анықтайды.


Яғни, мәдениеттану пәні түрлі қоғамдар барысындағы мәдени өмірді

жан-жақты қамти отырып, ондағы басты мәдени процестерге ғылыми тұрғыдан талдау жасайды.

2. Мәдениеттану туралы түсінік беру үшін алдымен осы мәдениет сөзінің этимологиясын, яғни шығу тегін түсіну керек.

Қазақ тіліне бұл термин арабтың “маданият” – қала, қалалық, деген сөзінен енген.

Осы “мәдениет” термині мен мағыналас “культура” термині де кең қолданысқа ие.

“Культура” термині латын тілінде көне заманда жерді өңдеу деген мағынаны білдірген. Кейінірек, дәлірек айтқанда, Цициронның еңбектерінде (б.ғ.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп “жанды жетілдіру” деген ұғымды білдіреді. Бірте-бірте еуропалық тілдерде культура сөзі “білім беру”, “даму”, “қабілеттілік” , “құрметтеу”, деген сияқты мағыналарға ие бола бастады.

Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке (культураға) төмендегідей анықтамалар берілген:

а) мәдениет – белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы;

ә) мәдениет – адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, критмекен мәдениеті, қазақ мәдениеті және т.б.);

б) мәдениет – адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті және т.б.);

в) агромәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет және т.б.).

Мәдениет ұғымы тарихи қалыптасудың ұзақ даму жолынан өтті, оны алғашқы рет ғылыми тұрғыдан анықтауға ұмтылған философтар болды.

XVIII ғасырға дейін, яғни ағартушылық дәуіріне дейін, басты құндылық-адам мен оның ақыл-ойы деген қағида жүзеге асқанға дейін “мәдениет” сөзі белгілі бір мойындалған термин ретінде қолданылмады, бар болғаны жаңа ұғымдардың синонимі ретінде ғана пйдаланылды.

Жаңа заманда (XVII – XIX ғ.) мәдениеттің көптеген теориялары өмірге келді. Жаңа заман философиясында көне заман мен ортағасырлар мәдениетін нақты түсіну және оны шындық тұрғысынан қарастырғанда, ең озық идеялар Ағартушылық дәуірі – буржуазиялық қайта құруларға , терең саяси әлеуметтік өзгерістерге толы ерекше тарихи және ең рационалды кезең болып саналады. Бұл дәуірдің мәдениет теориясына ерекше үлес қосқан өз ойшыл ғалымдары болды.

Олар (Англияда-Толанд, Францияда-Вольтер мен Монтескье, Германияда-Лессинг, Гете, Шиллер және т.б.) дүние мен адамзат жөніндегі ақиқатты айту құқығын діннен тартып алып, адамзаттың ақыл-ойының тәуелсіздігін батыл қорғады.

Адам өзінің табиғи жаратылысынан-ақ мүмкіндіктері мол, ақылды жан және соны тиімді пайдаланудың нәтижесінде адам игілігіне сай қоғам құруға қабілетті. Бұл ізгі мұраттың жүзеге аспауына адамның өзі кінәлі, дәлірек айтқанда, оның білімсіздігі мен мәдениетсіздігі , адамзатты ғасырлар бойы қараңғылық түнегінде ұсталуы т.б. жағдайлар мәдениет пен өркениеттің дамуына басты кедергілер болды. Сондықтан да болар, Ағартушылық дәуірінің философиясы мәдениет туралы ілімді дамытуға мүмкіндік беретін (табиғат, адам, қоғам, таным, ақыл-ой) категорияларға сүйенді. Бұл категориялар жалпы философиялық сипатқа ие болды. Олар XVIII ғасырдың ағартушыларына тарихи процесс идеяларын дамытуға және тарихи дамудың мақсаты, қозғаушы күштері және мағынасы жөніндегі сұрақтарды белгілеуге мүмкіндік берді.

Бұл сұрақтарға жауап қалыптасқан жалпы философиялық негіздер тұрғысынан берілді.

Мысалы: “Мәдениеттің классикалық үлгісі” ұғымы мәдениетті-адамзаттық тарихи дамуының нәтижесі, адамзат баласының саналы және адамгершілік қоғамдық қарым-қатынасының қол жеткен дәрежесі деп қарастырды.

Мәдениетке байланысты қағидаларды сын елегінен өткізе отырып, Ағартушылық кезеңнің ойшылдары және мәдени үлгілерді (адам, қоғам, мемлекет, құқық, философия т.б.) жасауға тырысты және өткен заман мен жаңа заманның мәдени тәжірибесін жаңаша сын елегінен өткізе отырып қарастырды.

ХІХ ғасырда мәдениет мәселелерімен тығыз айналысқан ғалымдардың бірі – ағылшын ойшылы Эдуард Бернетт Тайлор (1832-1917) болды.

Ол “мәдениет жөніндегі ғылым-реформалар жөніндегі ғылым” деп тұжырымдай отырып, мәдениетті үздіксіз жаму үстіндегі процесс деп қарастырды. Тайлор мәдениетке мынадай жалпылама анықтама берді. “Мәдениет пен өркениет кең, әрі этнографиялық мағынада – білімнен, наным-сенімдерден, өнерден, адамгершіліктен, заңдардан, салт-дәстүрлерден және қоғамның мүшесі ретінде адамның игерген дағдылары мен түрлі қабілеттерінен құралады”.
3. Мәдениеттану ғылымының іргелі проблемалары, әсіресе, бұрыннан қалыптасқан құндылықтар жүйесін қайта қарау кезеңдерінде заман талабына айналды. Мыңжылдықтар тоғысында тек қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті емес, сонымен бірге бүкіләлемдік өркениет пен мәдениеттің түбегейліөзгеруін көріп отырмыз. Бұл мәселеде бірнеше бағдарлар айқындалды:

- байырғы дәстүрлі мәдениетті мансұқтаушылық, ескі өркениет өрнектерін сол қалпында жандандыруға тырысушылық;

- Ф. Ницше айтқандай, “барлық құндылықтарды қайта қарау”, “Ұлы бас тарту”, мәдени сабақтастықты елемеу;

- әлемдік өркениттердің жаңа тәртібін қалыптастыруға қатысу, халықтың рухани бастаулары мен әлеуметтік-саяси типтерін қоғамдағы өзгерістерге байланысты, жаңа ағымдарға үйлесімді ұштастыру, мәдениеттің қайта өркендеуіне қолайлы жағдайлар туғызу, мәдени деңгейде немқұрайлы қараудан арылу, этномәдениеттің типтік ерекшеліктерін анықтау, оларды дамыту, дүниежүзілік үндестікпен бір ырғақта болу.

Бұл проблемаларды шешу – айтуға ғана жеңіл нәрсе. Алдымен адамдардың санасын өзгерту қажет. Бұл, әсіресе, тоталитарлық сананың менталитетін өзгерту мәселесі. Жоғарғы жақтан келетін Жалғыз Тәртіпке негізделген мәдениетте таңдау да шығармашылық пен жасампаздық та болмаған. Авторитарлық әкімшіл мәдениет тұлғасыз болады, онда адамның орнын қуыршақ – функционер, руханилықтан жұрдай жалаң идеология алмастырады, жиі айтылатын “қоғамдық мүдде жеке адамның мүддесінен жоғары болады. Ол қоғамды енжарлыққа, жайбарақат саңыраулыққа әкеледі.

өркениеттің дайын үлгілерін сырттай формалды түрде қабылдаған мәдениет өзінің рухани немқұрайлы ішкі табиғатында манипуляцияланған тетік адамдарды, жүйеге икемделген пысық конформистерді және қиратушы нигилистерді қалыптастырады. Тек тұлғалық дамудың көпырғақты шексіз полифониясы арқылы мәдениеттіліктің сара жолына шыға аламыз.


ІІ. Тақырыбы: Қазіргі заманғы ғалымдар жүйесінде мәдениеттанудың алатын орны және оның басқа ғылым салаларымен байланысы

( 2 – дәріс)


Жоспары:

  1. Мәдениеттанудың қатарлас әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдармен байланысты (философия, антропология, әлеуметтану, психология, этнология, педагогика, семиотика т.б)

  2. Мәдениет тарихы мен теориясы мәдениеттану ғылымының аясында .

  3. Мәдениеттану мәдениет туралы ғылымдар кешенінің методологиялық негізі, интегративтік білім есебінде.

Мәдениеттануды тек қана гуамнитарлық ғылымдар саласына ғана емес, жалпы теориялық пәндер қатарына да жатқызуға болады. Өйткені бұл пән адамзат баласының мәдени өнеріндегі толып жатқан құбылыстарды жүйелі түрде қарастырады.

Ал мәдени процестердің мәнін ашып көрсетуде түрлі ғылым салаларының өкілдерінің, атап айтқанда этнографтардың, әдебиетшілердің сациологтардың, психолгтардың, тарихшылардың, демографтардың т.б. ат салысатынын ескерсек, мәдениеттанумен барлық ғылым салаларының айналысатындығын байқаймыз. Мәдениеттануға осы уақытқа дейін түрлі ғылым салалары, атап айтқанда антропология, психология, тарих, педагогика зор ықпал етті.

Енді осы аталған ғылым салаларының мәдениеттануға қалайша ықпал ететіндігін қарастырып көрейік. Антропологияның басты бағытының бірі – қоғам мен адамды салыстырмалы тұрғыдан зерттеу.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, антропология мәдениет деген ұғымның мағынасын анықтауда үш жағдайға назар аударады.

Олар :


1) Қоғам мен адамның мәдени қалыптасуы (ағартушылық )

2) Қоғамдық және адамзаттық сал-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың, қалыптасқан дағдылардың, қоғамдық мекемелердің және т.б. жиынтығы (бірлігі).

3) Біелгілі бір қалыптасқан мәдени жүйенің басқа мәдени құндылықтарға қарсылығы.

Ал сациология да жаратылыстану ғылымдарына сүйенеді, әлеуметтік ғылымды әлеуметтік философияға қарсы қояды .

Дүние жүзі халықтары мен этникалық топтарының, тайпаларының мәдени және тұрмыстық ерекшеліктерін, олардың шығу тегі мәселелерін, олардың жер жүзіне таралып қоныстануы мен мәдени тарихы қарым- қатынастарын зерттейтін этнография ғылымы адамзат баласының өткен заман мен бүгінгі таңдағы мәдениеттің мол мұрасын игеруге және оны ғылыми тұрғыдан ашып көрсетуге айрықша роль атқарып отыр . Этнография ғылымы белгілі бір халықтың қай этносқа жататындығына қарамастан, олардың қайсысының болсын материалдық және рухани мәдениет саласындағы жетістіктеріне үлкен құрметпен қарауға үйрете отырып, мәдениеттану ғылымының қалыптасуына қомақты үлесін қоса білді.

Ал социология мемлекет, таптар , топтар, сословие және одан да ұсақ қоғамдық топтарды этникалық белгілеріне қарай емес, олардың қоғамда алатын орны мен атқаратын қызметіне қарай зерттейді .

Көп уақытқа дейін КСРО-да социология марксизмге жат ғылым ретінде саналып, тарих материализмге қарама-қарсы қойылды. Шын мәнісінде, социология мәдениеттанушыларға қоғамның әлеуметтік әр тектілігіне байлансты мәдениеттің материалдық және рухани көрністерін дұрыс түсініп,ой елегінен өткізуге көмектеседі . Пролетарлық мәдениет, ақсүйектік мәдениет, сауықтық мәдениет сияқты мәдениеттану пәнінде кездесетін ұғымдар социологиямен тығыз байлансты.

Ұлттық мәдениеттің ойдағыдай зерттелуі этникалық немесе ұлттық психологияның мәліметтеріне де тығыз байланысты болып келеді . Нақты тарихи тәжірибе негізінде әрбір нәсілдің, тайпалар мен халықтардың психикалық өмір салтының ерекшеліктерін байқай отырып этнопсихология рухтың не белгілі бір ұлттың қайталанбайтын өзіндік қасиеттері жөнінде Гегельдің, Гумбольдтың және олардың ізбасарларының философиялық қағидаларына барып тіреледі .

Этнопсихологиялық зерттеулер ұлттық мәдениетті жасаушылардың психологиялық ерекшеліктеріне есепке ала отырып, кез келген ұлт мәдениеттің өзіне ғана тән сипатын ашып көрсетуде қомақты табыстарға жетіп отыр. Мысалы: орыс биінің, аргентин тангосының, негр музыкасының терең ұлттық мәнін осы тамаша рухани дүниелері өмірге келтірген халықтың ұлттық мінезін ескергенде ғана толық түсінуге мүмкіндік алған болар едік.

Халық туралы және қоғамдық факторларға байлансты, оның даму заңдылықтары жайындағы демография ғылымының да мәдениеттануға тікелей қатысы бар.

Ұлттық мәдениеттің тоқырауы немесе оның орны толмас ауыр зардаптарға ұшырауы қоғамдық саяси жағдайларға т.б. тікелей байлансты.

Аз халықтардың немесе тұтастай өркениеттердің құрып кетуі отаршылдық пен, басып алушылықпен, шектен тыс қанаушылдықпен, табиғи апаттармен, эпидемиялармен, маскүнемдікпен, нашақорлықпен т.б. шығу байлансты.

ХХ ғасырда мәдениеттану ғылымының дамып, одан әрі қалыптасуына өзіндік үлес қосқан ғылым салаларына сипаттама беруді аяқтай отырып, тағы бір ғылым саласын ерекше айтып өткен жөн сияқты.

Ол белгілер мен таңба жүйесін зерттейтін семиотика ғылымы. Бұл жас, әрі қажетті ғылым саласы аз уақыт ішінде мәдениеттану ғылымымен біте қайнасып кетті.

Семиотикалық тәсіл лингвистика, әдебиет, кино, театр теориясына, қоғамдық ғылымдар және басқа да ғылым салаларында кеңінен қолданылуда, онымен тіпті информатика мен кибернетика да тамаша үндестік табуда.


  1. Жоғарыда айтып көрсеткендей, мәдениеттану ғылымының дамуына

көптеген ғылымдар ат салысуда, соған қарамастан бұл пәннің өзіндікбағыт- бағдар , бет-бейнесі бар. Мәдениетке өзіндік баға берушілік сол бір ғылыми ізденістің басты белгісі.

Мәдениеттану саласында қанша теория болса , соншама мәдениеттанушылар бар деген пікір де айтылып қалады . Мәдениет теорияларының санының көп болуы, мәдениетке де көзқарастардың сан алуан болуымен оның әр тұрғыдан қарастырылуына әкеп соқты.

Мысалы: Мәдениетті симиотикалық тұрғыдан қарастыру бар. Бұл ағымның басты өкілі Ю. Лотман. Сондай–ақ мәдениетті әдебиеттік (Е.С.Аверенцев) тарихи (Л:Н.Баткин), методологиялық (А.Кробер, Н.Клохкон), антропологиялық (М.Мид) және т.б. тұрғыдан пайымдау бар. Әрине олардың мәдениет мәселесіне байлансты пікірлерінің, түсініктерінің айырмашылықтары бар, бірақ олар бір–бірімен жақсы түсінеді, мәдениеттануға тікелей байлансты ортақ мәселелер көтереді. Ендеше, бұл пәнді терең зерттеуге құлшынушылық мәдениетке байланысты түрлі көз қарастар жүйесінің қалыптасуы, ол гуманитарлық ғылыми пәннің туып келе жатқандығының белгісі.

3. Әрбір ғылым салаларының өкілдері мәдениетті өз мамндықтары тұрғысынан қарастырады. Бұл ғылым салалары бір – бірімен тығыз байланысты болғандықтан бірінсіз-бірі өмір сүре алмайды. Әдебиетші тек таза әдебиетші болып қалмайды, ол мәдениеттануды, тарихты, психолгияны игергенде ғана нағыз әдебиетші бола алады. Өз кезегінде тарихшы да, психолог та, социолог та сол сияқты. Мәдениеттің әртүрлі тұрғыдан қарастырылуы, мәдениет мәселесіне үлкен қызығушылық тудырды. Оған дәлел 1964 жылға қарай батыс әдебиетінде мәдениетке 257 анықтама бергендігі жөнінде Американ мәдениеттанушылары А.Кребер мен К.Клохконның мәлімдемесі бар. Бүгінге дейін мәдениет ұғымының шеңбері бұрынғыданда кеңейе түсті.

Бірте-бірте мәдениеттану мәдениет туралы ғылымдар кешенінің методологиялық негізіне, интегративиттік білімге айналуда.

КСРО кезінде әкімшілік-әміршілік жүйе жағдайынрда мәдениеттану пәні біздің елімізде жүйелі түрде оқытылмады. Гуманитарлық ғылымдар саласында өзінің нақты орнын таба алмады. Көптеген ғалымдар ұлттық мәдениеттің тоқырауын Ұлы Қазан Революциясымен байланыстырады. Тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен Қазақстан Республикасының алдында тұрған басты мақсат – Халықтың рухани байлығы – мәдениетті қалпына келтіру, ал мәдени өркендеусіз өркениетті елдердің қатарына еш уақытта қосыла алмайтыны ақиқит. Бұл мақсатты жүзеге асыруда мәдениеттану пәнінің қосар үлесі өте зор.




ІІІ. Тақырыбы: Мәдениет ұғымы және оның мәні

(3-дәріс)
Жоспары:

  1. Мәдениет ұғымының даму логикасы және тарихы

  2. Мәдениет туралы дағдылы түсініктер мен түрлі ғылыми көзқарастар

  3. Мәдениет – біртұтас жүйе

  4. Мәдениеттің құндылықтық табиғаты және мән – мағынасы

1.Мәдениет ұғымын тереңірек түсіну үшін, оған мағыналық жақындығы бар кейбір басқа ұғымдармен арақатынасын қарастырып көрейік. Бұл өркениет ұғымы. Өркениет (цивилизация) семантикалық жағынан алғанда (латын тілінің civilis сөзі) бастапқы кезде азаматтық деген мағынаны білдірген.

Римдіктер бұл ұғымды “варварлықтар” деп есептеген басқа халықтар мен мемлекеттерден өздерін бөліп көрсету мақсатында қолданған. Яғни “өркениет” ұғымы олардың түсініктері бойынша азаматтық қоғамы, қалалық мәдениеті, заңға негізделген басқару тәртібі бар Рим империясының даму дәрежесін білдірген.

Ғасырлар бойы қалыптасқан осы екі ұғымның мағыналары әр кезде әр түрлі тұжырымдалған:



  1. Мәдениет пен өркениет бір. Олар синонимдер (И. Гердер, Э.Б. Тайлор)

  2. Өркениет – мәдениеттің ақыры, оның кәрілік шағы, руханилықтың антикоды (Ж.Ж. Руссо, Ш. Фурье, О. Шпенглер).

  3. Өркениет – мәдениеттің прогресі, болашаққа бой сермеуі, қоғамның парасаттылық деңгейі (Ф. Вольтер, Д. Белл)

  4. Өркениет тағылық пен варварлықтан кейінгі тарихи мәдени саты (А. Морган)

  5. Өркениет этностар мен мемлекеттерге тән мәдениеттің оқшау түрі (А. Тойнби, Н.Я.Данилевский т.б.)

  6. Өркениет мәдениеттің техникалық даму деңгейі, оның материалдық жағы.

Бұдан көретініміз, мәдениет пен өркениет бір-бірімен байланысты ұғымдар. Мәдениеттанушы Г. Чайлдтың пікірінше, өркениетке еңбектің қоғамдық жолмен бөлінуі, қалалардың пайда болуы, жазбаша мәдениеттің дамуы, қолөнер мен сауданың өркендеуі, азаматтық, қоғам мен мемлекеттің орнауы жатады.

Мәдени игіліктерді толассыз жасаудың нәтижесінде адам өзінің де мәдени деңгейін көтереді.

Қайсыбір ұлттық мәдениетті алсақ та, ондағы салт дәстүрлер жүйесіне бірден назар аударамыз. Салт – дәстүр, - дейді белгілі философ Гердер, - тіл мен мәдениет бастауларының анасы! (И. Г. Гердер. Идеи к философии истории человечества Москва 1977, с 252).

Мәдениет өзінің кең мағынасында бір ұрпақтың келесі ұрпаққа жолдаған өмір сүру тәсілі болғандықтан, осы жалғастықты, мұрагерлікті жүзеге асыратын салт дәстүрлер жүйесі мәдениет өзегін құрастырады.

Әсіресе, жазу сызу болмаған ерте заманда мәдениет ырымдар мен сәуегейлікке, сенім нанымдарға, дәстүрлі түсініктерге иек артқан.

Ал салт дәстүрге Ғұзыхан Ақпанбет мынадай түсінік береді: Олар терең философиялық ойдың, ғасырлар бойы жинақталған тәжірибенің сұрыпталған тұжырымы, негізгі нәрі, қысқа да көркем бейнесі (қазақтың дүниетанымы. Алматы 1993, 36-бет).

2. Біз бұған дейін мәдениетті ұғымдық жағынан қарастырдық. Ал мәдениет болмысы тарихи – мәдени процесс. Оны әлеуметтік қозғалыстың ақпараттық түрі деп атауға болады. Мәдениеттің заттың пішіндерінде ақпараттық беріліс адам әрекеті нәтижесінде жасанды табиғатта ұяланса, ал рухани мәдениетте ол текстер мен тілде жүзеге асады.

Тарихи мәдени қозғалысты мәдениеттану дүниежүзілік тарихтан басқаша қисанмен зерттейді. Оның алдында оқиғалар мен тарихи деректердің тізбесін жасау мақсаты тұрған жоқ. Ол тарихи – мәдени процестің қисандық модельдерін бейнелеуге тырысады.

Егер біз дүниежүзілік тарихқа осы сипатта назар аударсақ, онда адамзат дамуында екі бағыт бар екендігін байқаймыз. Бірінші, табиғатты меңгеру арқылы өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастарды өркендетумен, білім мен техниканың дамуы нәтижесінде қалыптасатын өркениетпен байланысты. Екінші – бағыты адам руханилығының дамуы (мәдениет) деп атауға болады.

Осы екі бағыттың айырмашылығын Шығыс пен Батысты салыстыру арқылы да байқауға болады. Егер Шығыс мәдениетке көбірек көңіл бөлсе, Батыс өркениетті дамытуда бірталай жетістіктерге жетті.

Батыс адамы Дүниемен, табиғатпен, өзі сияқты басқалармен күресуде. Шығыс адамындағы күрес пафосы – керісінше: ол өзімен - өзі , өзіндегі толымсызбен күреседі. (А. Хамидов. Шығыс және Батыс дүниелік қатынас және дүниетаным Шаһар 1993ж. №1)

Егер тарихи – мәдени қозғалыстың динамкасын алып қарастырсақ, онда тарихи тұрғыдан төмендегідей сатыларды бөліп көрсетуге болады.

І. Льюис Генри Морганның ілімі бойынша:


  1. Тағылық. 2. Варварлық. 3. Өркениет.

ІІ. Маргарет Мидтің ілімі бойынша:

  1. Постфигуративтік (дәстүрлік) мәдениет

  2. Кофигуративтік (замандастық) мәдениет

  3. Предфигуративтік ( жас ұрпақтық) мәдениет

ІІІ. Даниелл Беллдің пікірі бойынша

  1. Индустриалдыққа дейінгі қоғам

  2. Индустриалдық қоғам

  3. Индустриалдықтан кейінгі қоғам

Марксизм бес қоғамдық – экономикалық формацияға (алғашқы қауымдық, құлиеленушілік, феодалдық, капиталистік, коммунистік) тән мәдениеттің бес түрін көрсетеді.

Бұған дейін мәдениет өзінің тұтастық және жалпылық белгілері бойынша бүкіладамдық қасиет бойынша сипатталады.

Тарихта әртүрлі мәдени жүйелер өмірге келіп жатады, олар кейін орнын басқаларға береді. Ал этностық (ұлттық) мәдениеттерді алсақ, олар тіпті бір ғасырдың ішінде талай өзгерістерді басынан өткізген. Мысалы, ХХ – ғасырдағы қазақ мәдениеті туралы сөз болғанда көшпенділерден бастап тоталитарлық мәдениетпен қоса, қазір қайта жаңғырып жатқан қазақтың төл мәдениеті туралы айтуға болады.

Әр мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерін жоғалтпай, оларды белгілі бір жүйеге, топқа келтіруге бола ма? Бұл мәдениеттер типологиясы туралы және мәдениеттанудағы ең келелі мәселелердің бірі болып табылады.

3. Қазіргі адамзат баласы мыңдаған халықтардың жүздеген мемлекеттеріне біріккен миллиардтаған саны бар жұртшылық. Олардың бәріне ортақ нәрсе не? Олардың бәріне ортақ нәрсе – мәдениет, адам баласының саналы іс - әрекетінің жемісі ретіндегі мәдениет, жасампаздық руқының көрінісі ретіндегі мәдениет. Бұл өмірде абсолютті бірдей екі адам болмайтындығы сияқты егіздей ұқсас екі мәдениет те болмайды. Алуан түрлі мәдениеттер арасында қандай қарым – қатынас болуы мүмкін? Оларда өзара түсіністік бар ма? Осы сияқты көптеген сұрақтар мәдениеттанушының алдында міндетті түрде туады. Себебі мәдениетті адам өмірден мән мағына іздейді, жаңаны танысам деп талпынады.

Ешқандай мәдениет жеке – дара емес. Ол әрқашан басқа мәдениеттермен байланыса отырып тіршілік етеді әрі соның нәтижесінде жетістіктерге етеді

Э. Гуссерль “Философия және еуропалық адамзаттың дағдарысындағы” деген еңбегінде “Мәдениеттің мазмұны адамзат өмір сүруінің бірлескен тәжірибесімен анықталады” – деп жазды. Расында да, мәдениет дегеніміз – адамның адаммен қатарласа өмір сүру мүмкіншілігінің табиғи тәсілі.

Мәдени даму тік бағытталған процесс емес. Онда үнемі ескінің жаңамен, өзіндік мұраның басқалармен қызу қарым – қатынасы жүріп жатады. Мәдени өзара байланыс кеңістігі ұлан – ғайыр. Біздің Ортаазиялық аймақта бірнеше діндердің, мәдениеттердің өзара ықпал аймағы болып табылады. Оған басты себептердің бірі – Ұлы Жібек жолының осы территориялар арқылы өтуі. Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыстың ұлы мәдениетерінің біртұтас жүйе ретінде қалыптасуына ықпал еткен, ұлы діндердің тоғысқан орны болды.

Буддизммен қатар Ұлы Жібек жолы арқылы Христиан діні де қазіргі Қазақстан территориясына V ғасырда несторианство ретінде енген болатын. Тек VIII – IX ғ. қарай, яғни исламның Қазақстанда орнығынуына байланысты несториансво да, буддизм де өз орнынан ысырылды.

Мәдениет өзінің көптүрлілігімен және мүмкіншілік молшылығымен құнды. Бүгінгі таңда әлемде көптеген діни бірлестіктер, секталар, конфессиялар және одан да мол тілдер, ұлттық мәдениеттер кездеседі.

4. Осыған дейін қарастырылған анықтамалардан бір түйінді ой айтуға болады: мәдениет – адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл – ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Сонымен бірге мәденит адамды тұлға деңгейінде көтеретін негізгі құрал.

Әл – Фараби айтқандай, адам – хайуани мадани, яғни, мәдениетті жан.

Адам табиғат туындысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. Мәдениет адамнан табиғатты бөліп алады деген пікір қанша рет айтылса да, адамның табиғи шығармашылықтың ең жоғарғы үлгісі екендігіне күмән жоқ. И.Гердердің тілімен айтқанда, адам – табиғаттың бірінші азаттық алған пендесі.

Ғасырлар – адамның мәдени дамуының куәсі. Бірақ осы алға қарай жылжу Жер – Анаға әр уақытта жайлы бола бермеді. Адам қоршаған ортаны өзіне ыңғайлы тұраққа айналдыруға тырысты, алайда осы белсенділік көп жағдайда табиғатты күйзелтіп, құлдыратып жіберді.

Адам және мәдениет мәселесін тереңдете түсетін тағы бір жайт адамның қабілеттілігіне, жан – жақтылығына, шексіздігіне байланысты.

Қоғам - әлемнің бір бөлігі, белгілі бір мақсаттарды іске асыру жолында әрекет етіп жатқан субъектілердің (тұлғалардың, топтардың, этностардың, мемлекеттердің) байланыс нысандары. Яғни қоғам ұғымындағы негізгі мәселе – адам және оның ұйымдасу нысандары, бұл ретте қоғамды зерттейтін басты ілімді әлеуметтану деп атайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет