ОҚУ Әдістемелік материалы семей


-апта. 16 тәжірибелік сабақ



бет11/27
Дата15.06.2016
өлшемі2.22 Mb.
#137047
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27

6-апта. 16 тәжірибелік сабақ

Грамматика: Толықтауыш. Тура және жанама толықтауыштар.

191-тапсырма. Қазақтың ұлы ағартушасы – Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолынан мәлімет алып, мәтінді мазмұндаңыздар.
ХХ ғасырдың басындағы алты алаштың арыстары

* * * * *

Ахмет Байтұрсынов – қазақ тілі мен әдебиеттану

ғылымының негізін салушы, ірі тюрколог (1873-1973)
Жол көрсеттім қазақ деген намысқа,

Жол сілтедім жақын емес, алысқа.

Өзге жұрттар өрге қадам басқанда,

Дедім сен де қатарыңнан қалыспа.

(А. Байтұрсынов)
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ұлы ағартушысы , ірі ғалым-лингвист, түріктанушы, ақын, аудармашы, әдебиет зерттеушісі, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Тосын облысы (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы).

А. Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім- ғылымға, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенеуліктердің опасыздығын сынады.

Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағы 1909 ж. Санкт- Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңында өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.

А. Байтұрсынұлының екінші кітабы – «Маса» (1911). Бұл кітабына енген өлеңдерінде ақын қараңғылықты, надандықты сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы ойларды жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғамдағы істерге көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» және т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптарының ішкі сазы мен ой-өрнегі, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.

Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұны тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған.

Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап жариялады. А. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі – «Әдебиет танытқыш» (1926). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болады.

Бұл кітаптың бірінші бөлімі «Сөз өнерінің ғылымы» деп аталады да, онда көркем сөздің толып жатқан қыры мен сыры, тараулары мен тармақтары сөз етіледі. Екінші бөлімі «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталады да, көркем қара сөз табиғаты, оның тараулары – шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме, тарихи әңгіме, шешен сөз, оның түрлері, білімді шешен сөз деп жүйелеп келіп, әңгіме, романға сипаттама береді.

А. Байтұрсынұлы тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдері, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды. Ол қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914); ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды. Қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша ғылыми термин жасап, морфологиялық тұлға- тәсілдерді жаңаша талдауға жаңаша анықтамалар берді.

Қазақ фонетикасы мен граммтикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады.

А. Байтұрсынұлы қазақ тіл білімін ХХ ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды.

А. Байтұрсынұлы отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Қуғын-сүргінге түсті – мұқалмады; түрмеге қамалды – жасып, жұқармады. Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты; газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді; өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты, түрлі қызмет істеп, үлгі-өнеге көрсетті.

Оның халқына адал қызмет етуге арнаған бар ғұмырына «Халық жауы» деген жала ат тағып, оны атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың беті ашылды. Ұлтын сүйген, ұлтжанды Ахмет Байтұсынұлы ақталды.


Сөздік:

мұң-мұқтаж – желание; просьба

отаршылдық – колонизация

сөз орамы – оборот речи

шеберлік – ловкость; умение; мастерство

жоқтау – оплакивание умершего; причитать по умершему

жыр – песня; причитание; рассказ в стихах; былина о героях

шежіре – родословие; летопись; родословная история

мұқату – высмеивать; потешаться; издеваться; унижать

мұқалмады – не унижался

жасу – унывать; отчаиваться; становиться робким; несмелым

жасымады – не отчаивался; не унывался


192-тапсырма. Мәтінге жоспар құрып, жоспар бойынша әңгімелеп беріңіздер.
193-тапсырма. Мәтіннің бірінші мағыналық бөлігіндегі толықтауыштарды тауып, оларға сұрақтар қойып, астын сызыңдар.

Ү л г і :

А. Байтұрсынұлы бұл еңбегінде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңыз+ы+н (несін?) ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуен+і+ н (несін?) талдауға көбірек көңіл бөлген. Маңыз+ы+н, әуен+і+н сөздері табыс септігінде, тәуелдік септеу формасында тұрған толықтауыштар. Кітаптың бірінші бөлімі «Сөз өнерінің ғылымы» деп аталады да, онда көркем сөздің толып жатқан қыры мен сыр+ы+н, тараулары мен тармақтар+ы+н, тіл әуезділігінің қыруар шарттар+ы+н, сөздің өлең болатын мәніс +і+н, өлең айшықтар+ы+н, шумақ түрлер+і+н, тармақ тұлғалар+ы+н, бунақ буындар+ы+ н, ұйқастығ+ы+н (несін?) сөз етеді.

Бұл сөйлемдегі сырын тармақтарын, шарттарын мәнісін, айшықтарын, түрлерін, тұлғаларын, буындарын, ұйқастығын сөздері табыс септігінде, тәуелдік септеу формасында тұрған бірыңғай толықтауыштар. Ал қыры (қырын), тараулары (тарауларын) сөздері табыс септігінің жасырын формасында тұрған толықтауыштар.
194-тапсырма. Мәтіннің екінші мағыналық бөлігіндегі жанама толықтауыштардың астын сызыңыздар.

Ү л г і:

А. Байтұрсынұлы Еуропа жұрты+нда (кімде?) сындар әдебиетінің бай тәжірибесін меңгеру+ге (неге?) бет алушылық, қазақ көркем сөз істері+нде (неде?) сәйкестік, үйлесімділік тапқанын айтады. Жұрты+нда, меңгеру+ге, істер+нде сөздері барыс, жатыс септіктерінде тұрған толықтауыштар. А. Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі реті+нде (неде?) қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттар+мен (немен?) ұштастыра талдауға тырысады.


195-тапсырма. Мәтіннің үшінші мағыналық бөлігінен тура және жанама толықтауыштарды тауып, олардың ережесін түсіндіріңіздер.

Ү л г і:

А. Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның бір саласы – көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармалары+н (нені?) қазақ тілі+не (неге?) аударып, көркем қазынаның бұл саласы+н (нені?) байыту+ға (неге?) мол үлес қосты.



Толықтауыш (Дополнение)

Сөйлемдегі ойды толықтырып тұратын тұрлаусыз мүшені толықтауыш дейміз. Толықтауыш барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің сұрақтарына жауап береді. Кімді? нені? кімге? неге? қайда? кімде? неде? кімнен? неден? кіммен? немен?



Мысалы: Атасы баласын шақырды. Оған көмектесу керек.

Толықтауыштың 2 түрі бар: 1. Тура толықтауыш.Табыс септігінде келетін толықтауышты тура толықтауыш дейміз. М.: Мен хатты (нені?) Шұғаға жазып отырмын (Б.Майлин). 2. Жанама толықтауыш. Барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде келетін толықтауышты жанама толықтауыш дейміз. М.: Мен тұрып кемпірмен (кіммен?) қоштастым (Б. Майлин). Тілде тиек, ерінде сүйек жоқ (мақал).


196-тапсырма. Ахмет Байтұрсынов туралы айтылған пікірлерге назар аударыңыздар. Мағынасын түсініп, есте сақтаңыздар. Сөйлемдердегі тура және жанама толықтауыштарды тіркесіп тұрған сөздерімен бірге теріп жазыңыздар.

... Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды. .... халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті.

(С. Сейфуллин)

Ахаң ашқан мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегін, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.

(М. Әуезов)
197-тапсырма. Мәтіннен алынған сөз және сөз тіркестерімен сөйлемдер құрастырып, толықтауыштың түрлерін ажыратыңыздар.

Зұлым саясат, төрт жылдық мұғалімдер мектебі, қалың қазақ, зорлық-зомбылық, құлдық, ұлт намысы, ұлттық ар, бәйгеге тігу, отаршылдық, надандық, қараңғылық, қуғын- сүргін, үлгі-өнеге, жүзеге асыру, ұлтын сүйген, опасыздық.


198-тапсырма. Өлеңді мұқият оқып, мағынасын ашып, түсінгендеріңізді айтып беріңіздер.
Ж ұ р т ы м а
Бірлік қып іс істеуге шорқақ, жұтым, Білмейсің жөнің менен терісіңді,

Табылса оңай олжа ортақ, жұртым, Ел болып іс етпейсің келісімді.

Сияқты қара қарға шуылдаған, Үміт қып бәйге атындай талай қосып,

Үрейсіз қоян жүрек қорқақ, жұртым. Байқадық шабыс түгіл, желісіңді.


Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса, Келгенде өз-өзіңе мықтысыңдар,

Шығасың қолыңа алып кері ісіңді. Қайтейін өзге десе көнгішіңді.

Бытыр бет-бетіңе жөнелгенде, Сықылды сынық бұтақ төмендесең,

Көрдің ғой жайылатын өрісіңді. Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді.

(А. Байтұрсынов)
199-тапсырма. Сөйлемдердегі толықтауыштардың астын сызып, олардың қай септікте тұрғанын түсіндіріңіздер.

А. Байтұрсыновтың аудармалары. А. Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы – көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И. А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И. И. Хемницердің «Ат пен есек», А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С. Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.

6-апта. 17-тәжірибелік сабақ

Грамматика: Буынның түрлері ( Ашық, тұйық, бітеу).

200-тапсырма. XX ғасырдың басындағы ұлттық әдебиеттің барлық жанрында бірдей еңбек еткен қаламгер – Жүсіпбек Аймауытов туралы мәтінді мұқият оқып, мағынасын түсініп, мазмұндаңыздар.

Қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі –

Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931)
Ұланым, қорғаным, сен Алаш!

Жолыңа құрбандық, мал мен бас,

Өнер тап, өрге шап!

( Ж. Аймауытов)
Жүсіпбек Аймауытов – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі «Жүсіпбек Аймауытов» ауылы.

XX ғасырдың басында ұлттық әдебиеттің барлық жанрында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгерлердің қатарында ақын әрі прозашы, драмашы әрі аудармашы, сыншы әрі публицист Ж. Аймауытовтың есімі айрықша орын алады. Ол қазақ әдебиетінің жаңа өріске шығуына мол еңбек сіңірді, артына сан қилы аса бай мұра қалдырды.

Жүсіпбек шығармашылығы әуел баста өлең жазудан басталады. Өзінің деректері бойынша ол тұңғыш өлеңін 13 жасында жазған. Оның ақындық жүрегінен туған «Жазушыларға», «Не қылып отыр», «Ұран», «Еңбекшілер ұраны» сияқты өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасында ақын бұрынғы өмірдің келеңсіз жақтары мен өз дәуірінің көріністерін ақындық сезімталдықпен жырлайды. «Көшу» өлеңінде қазақ ауылындағы көш суреттері, көштің сән-салтанаты көрінсе, «Ұршық» өлеңінде ұршық иірген кемпірдің монологы арқылы қарапайым өмір көрінісі бейнеленеді.

«Нұр күйі» поэмасында адамның көңіл-күйі, қуанышы мен мұңы жырланады. Поэма жастарды өмірді сүюге, қиындыққа қарсы тұра білуге шақырады.

Ж.Аймауытовтың әдеби мұрасының салмақты саласы – прозалық шығармалар. Кішігірім әңгімелерден бастап, жазушы қаламынан «Қартқожа», «Ақбілек», романдары туды.

«Қартқожа» романы XX ғасырдың басындағы қазақ еңбекшілерінің әлеуметтік аласапыран кезіндегі тағдырын бейнелеген алғашқы ірі шығармалардың бірі. Онда 1916 жылғы Ресей патшасының қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығы кезіндегі, патшаның тақтан құлауы алдындағы қазақ ауылының көрінісі, адамдар психологиясы көркем бейнеленген. Жазушы осы тартыстар арқылы қазақ кедейінің қоғамдағы теңсіздіктің сырын ұғуы, әлеуметтік әділетсіздіктің себептерін түсінуі секілді ояну процесін көрсетуге ұмтылады.

Романдағы оқиғалар бас кейіпкер Қартқожаның басынан өткен нақты жағдайларға негізделген. Сол арқылы жазушы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оның патшаны тақтан құлатқан 1917 жылғы ақпан төңкерісіне ұласуы, алаш қозғалысының өмірге келуі, ақтар мен қызылдардың соғысы, қазан төңкерісі, азамат соғысы тұсындағы жайларды баяндайды. Осы оқиғалар тұсында роман кейіпкері Қартқожа да есейіп, ес жинайды, алға қарайды, болашаққа бет алады.

Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы «Қартқожа» романымен үндес. «Қартқожадағы» көтерілетін күрес, азаттық идеясы «Ақбілекте» одан әрі жалғасады. Романда ескі ортадағы жікшіл тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының төңкерістен кейінгі жаңа сипатты заманның мүмкіндігіне сай өз құқығы үшін күресу жолы баяндалады.

«Ақбілек» романы – бір ғана қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының өзгеру процесін суреттеген алғашқы қазақ романдарының бірі.

Сол кездегі әлеуметтік әділетсіздік пен қазақ әйелінің трагедиялық тағдыры автордың 1928 жылы жазылған «Күнікейдің жазығы» атты еңбегіне арқау болады. Бас кейіпкердің тағдыры арқылы жазушы ел өмірін бейнелейді. Халықты шарасыздықтан сақтандырады. Ескіге қарсы күресу идеясын көтереді.

Ж.Аймауытовтың қаламынан елдің тұрмысын, ой-арманын суреттеген бірқатар әңгімелер де туды. Драмашы ретінде де ол ерте танылды. Бірнеше драмалық шығармалар жазды. Олардың негізгі тақырыбы – азаттық, бостандық идеясы. Халықты оқу-өнерге шақырды. Ел азаматтарын белсенді қимылға үндейді. Әйелдердің теңдігін қорғайды.

Ж.Аймауытов өз дәуірінің мәселелерін көтерген көптеген мәнді мақалалардың авторы. Сонымен қатар оқу-ағарту мәселелеріне қатысты бірқатар ғылыми еңбектер де жазды. Сондай-ақ ол аудармашы ретінде де белгілі. Ж. Аймауытов аударған туындылар оның аудармашылық талантын да айқын танытты.


Сөздік:

аласапыран – вьюга; хаос шарасыздық – безвыходность

ұршық – прялка; веретено; вертел төңеріс – переварот; революция

майдан – фронт; поле битвы; арена тақ – трон; престол; нечетный

азаттық – независимость; освобождение; свобода
201-тапсырма. Мәтінді үш мағыналық бөліктерге бөліп, әрқайсысына тақырыптар қойып, жоспар құрыңыздар.
202-тапсырма. Мәтіннің бірінші мағыналық бөлігіне сұхбат (сұрақ-жауап) құрастырыңыздар. Үлгіде берілген сұхбатты оқып, танысыңыздар.

Ү л г і :

– Ж. Аймауытов қай жылы, не себеппен тұтқынға алынды?

– 1929 жылы жазықсыз тұтқынға алынып, «халық жауы» деген жаламен

1931 жылы өлім жазасына кесіледі.

– Оның шығармалары халыққа таралып тұрды ма?

– Ж. Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы ол атылғаннан кейінгі

алпыс жыл бойы ауызға алынбады. Кеңес үкіметі тұсында ол туралы

айтуға да, жазуға да тыйым салынды.

– Қашан оның шығармалары жарық көрді?

– Кеңес үкіметі ыдырап, коммунистік идеологияның құрсауы босағаннан кейін

ғана қаламгер мұрасы халқына жете бастады. 1989 жылы бір томдық

кітабы жарық көрді, зерттеу жұмыстары қолға алынды. 1997 жылдан

бастап Жүсіпбек шығармаларының бес томдық жинағы басылды.

203-тапсырма. Буын дегеніміз не, оның неше түрі бар? Сұрақтарға жауап беріп мысалдармен түсіндіріңіздер.

Сөздегі бар дауыстының немесе дауысты мен дауыссыздардың дауыс толқынымен бөлшектеніп айтылатын тобын буын дейміз. Сөз ішінде неше дауысты болса, сонша буын болады.



Слог – это гласный звук или сочетание гласного звука с одним или несколькими согласными звуками, произносимые одним выдыхательным толчком. В казахском языке существует три вида слогов: 1. ашық буын (открытый слог); 2. тұйық буын (полузакрытый слог); 3. бітеу буын (закрытый слог).

Ашық буын (Открытый слог)

Слог, состоящий только из одной гласной фонемы или начинающийся с согласного и оканчивающийся на гласный, называется открытым. Например: а-та, ба-ла, і-ні, те-рек, ал-ма.



Тұйық буын (Полузакрытый слог)

Слог, который начинается с гласного и оканчивается на согласный, называется полузакрытым. Например: ат, от, ет, өрт, ар-ман, ал-мұрт.


Бітеу буын (Закрытый слог)

Слог, начинающийся с согласного и оканчивающийся на согласный, называется закрытым. Например: ба-ла-лар, дәп-тер, жаз, гүл, мақ-сат, төрт, қант, құрт.




Түрлері (Виды)

Мысалдар (Примеры)

1.Ашық буын

(Открытый слог)



Бір дыбысты (Однофонемный)

Екі дыбысты (Двухфонемный)

а-та, ә-ке, і-ні. М.: Е, солай ма?

ба-ла, қа-ла-ға, те-ре-зе, да-ла

2.Тұйық буын

(Полузакрытый слог)



Екі дыбысты (Двухфонемный)

Үш дыбысты (Трехфонемный)

от, ат, ет, ер, ел, ұн, ін, ол, іс, үш

ант, өрт, ұлт

3.Бітеу буын

(Закрытый слог)



Үш дыбысты (Трехфонемный)

Төрт дыбысты (Четырехфонемный)

тас, тіс, қыс, гүл, күш, тіл, мыс, жаз

қант, жент, тарс, тырс, жұрт, төрт, құрт, бұлт


204-тапсырма. Сөйлемдерден бірнеше сөзді теріп жазып, буынға

бөліп олардан ашық буынды ажыратыңыздар.

Ү л г і : 1919 жылдан бастап Жүсіпбек Семейде, Павлодарда кеңес үкіметінің жұмыстарына араласады. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы болады.

Сөздерден ашық буынды көрсету керек. Жұмыстарына: жұ+мыс+та+ры+на; ашық буын: жұ; -та; -ры; -на. Меңгерушісі: мең+ге+ру+ші+сі; ашық буын: ге; - ру; -ші; -сі.
205-тапсырма. Сөйлемдерден бірнеше сөзді теріп жазып, буынға бөліп, олардан бітеу буынды ажыратыңыздар.

Ү л г і : 1922-1924 жылдары Жүсіпбек Қарқаралыда мектеп мұғалімі болды. 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің редакциясында істейді. 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болады. Ара-арасында әртүрлі саяси жұмыстарға араласады.

Мектеп: мек+теп; бітеу буын – мек; -теп. Жүсіпбек: Жү+сіп+бек; бітеу буын сіп; -бек. Шымкенттегі: Шым+кент+те+гі; бітеу буын: – шым; -кент.

206-тапсырма. Сөйлемдерден бірнеше сөздерді теріп жазып, буынға бөліп, олардан тұйық буынды ажыратыңыздар.

1911 жылы Павлодардағы екі сыныпты орыс-қазақ мектебіне түсіп, оқуын жалғастырады. 1914-1919 жылдары ол Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқиды. Семейде жүріп алаш қозғалысына қатысады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады.



Оқуын: о+қу+ын; тұйық буынын; ол – тұйық буын.

207-тапсырма. Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесімен танысып, мазмұндаңыздар. Сөйлемдерден бірнеше сөзді теріп жазып, буынға бөліп, түрлерін ажыратыңыздар.

«Әнші» әңгімесінен үзінді. Әңгіме өмірде болған тарихи адамның төңірегінде құрылған.

... Жетішатыр – жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысы – қымыз, ойын-сауық. Айт, той, құдалық, ат жарысы, күрес, төбелес. Үй қыдырған көлең-көлең ақ жаулық... Жаз шықса – параход, паром, қалың орман... . Әңгіме Ертістің жағасындағы Жетішатыр қаласының өмірінен алынған осы суреттермен басталады.

Әңгіме оқиғасы өтетін Жетішатыр қаласы – Семей, әнші Әмірқан – қазақтың жезтаңдай әншісі, әйгілі Әміре Қашаубаев. Жазушының көркем бейнелеу шеберлігі Әмірқан -Әміренің әншілік құдіретін, ән айтқан кездегі сипатын суреттеуге келгенде аса ғажайыптанып көрінеді. ... Ұшатын құстай қомданып алды. Отырғандар аузын ашып аңырайды. Әнді желдете құтырта соқты, қылмита соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді, бойды шымырлатты.

Ж.Аймауытовтың суреттеуіндегі Әмірқан елден оқшау тұрған ерекше адам емес. Көппен бірге тыныстап, айналасына өнерін сыйлап, ойын-сауық құрып жүрген қарапайым жандардың бірі. Оның қуанышы да елмен ортақ, өзгенікі секілді өзіне жетерлік арман-мұңы да бар.



6-апта. 18-тәжірибелік сабақ

Грамматика: Сан есімдер (Реттік, топтау, жинақтық).

208-тапсырма. Шығармалары арқылы туған елін оятуға ұмтылған алаш қозғалысының белсенді қайраткері – Міржақып Дулатұлының өмір жолымен танысып, мәтінді мазмұндаңыздар.
Қазақ халқының жалынды патриоты – Міржақып

Дулатов (1885-1935)
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты!

(М. Дулатов)
Міржақып Дулатов – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды сөз шебері. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Сарқопа болысының үшінші ауылы.

М. Дулатов – ақын, халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі. Ақынның бірінші кітабы – «Оян, қазақ!» деп аталады. Бұл – халқын патшалық отарлық езгінің бұғауын үзіп, өз жолын табуға шақырған ақынның жан айқайы еді. Оның кітабына енген шығармаларының тағы бір міндеті – алдымен қазақ жастарын ояту, адамдарды надандық пен қараңғылықтан алып шығып, оларды білімге, оқу мен еңбекке шақыру болды.

М. Дулатов өз өлеңдерінде патшаның отарлық саясатына ашық қарсы шығып, қара халыққа қысым көрсеткен заң бұзушыларымен күресті. Ол үкіметтен қазақ жастары үшін мектептер ашып, қазақ тілінде газеттер мен журналдар шығаруды талап етті. Оның идеялары XX ғасырдың басында қазақ зиялыларының шығармаларында одан ары дами түсті. Мәселен, «Оян, қазақ!» өлеңі қазақ жастарының ұранына айналды.

1913 жылы «Қазақ» газетінде М. Дулатов: «1905 жылдан бастап біздің халық басқа халықтар сияқты дербестігін, ұлттық тұтастығын ойлай бастады. Бостандыққа ұмтылған сол жылдары Семей облысының басшылығы халыққа жол көрсетушілерді қудалап, олардың біразы қамауға алынып, түрмеге жабылды, басқалары Сібірге айдалды. Қалғанының беделі түсіп, халықтың сенімінен айырылды», - деп жазды.

«Оян, қазақ!» жинағы 1909 жылы жарық көріп, 1911 жылы қайта басылды. Қазақтың кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан жайбарақат халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс-әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты – түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы. А. Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Оларды туыстырған – халқының мүддесі, қамы, мұң-зары болатын.

Шын мәнінде тарихи оқиғалар орын алып жатқан сол кезде алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары қазақ халқын ақтап қалуға, оған еркіндік пен бостандық әперуді ойлады. Дәл осы тұстағы басты идея – қазақ ұлттық мемлекетін құру және сол кездегі жағдайда қазақ автономиясын құру еді. 1916 ж. шаруалар көтерілісі, 1917ж. ақпан және қазан революциясы болды. Ақпан революциясынан кейін автономияның болмайтынына көзі жеткен Ә. Бөкейханов ұлттық партия құра бастады. Ол: «Біз ұлттық автономия құру үшін халықты «Алаш» туының астына жинаймыз»,- деп жазды. Алайда, бұл ниетінің орындалмасын сезген Ә. Бөкейханов «Алаш» партиясын құруға кірісті.

Сөйтіп, 1917 ж. «Алаш» партиясы құрылды да, іле-шала Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және М. Дулатов бастаған қысқа мерзімдік «Алашорда» мемлекеті пайда болды.

1920 ж. «Алашорда» бұған дейінгі қабылдаған барлық заңдарынан айырылып қырғыз (қазақ) революциялық үкіметінің құрамына кірді. «Алаш» партиясы осымен өмір сүруді тоқтатты. Оның серкелері кеңес органдарына жұмысқа тартылғандарымен, кейінірек барлығы дерлік Сталиндік қапастарда қаза болды.

Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді Міржақып қашанда күрес шебінің алдында болды. Оның жалынды сөзі, тындырымды ісі, «Бақытсыз Жамал» романынан бастап газет-журналдардағы мақалаларына дейін халық мүддесіне арналған. Сонымен бірге, ол халықтың әдет-ғұрпын сақтауға, елін, жерін сүйетін тәрбие беруге күш салды. Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған ол: «Ем таба алмай дертіңе мен ертеден, сол бір қайғың өзегімді өртеген. Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден, еңсең неге түсті мұнша, елім-ай» деп дүниеден арманда кетті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет