256-тапсырма. Алматының тарихы туралы деректермен танысып, мәтінді мазмұндаңыздар.
Алматы – ғылымның, мәдениеттің орталығы,
Қазақстан Республикасының оңтүстік астанасы
Алматы қаласы Еуразиялық континенттің орталығында, Тянь-Шань тауының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, ҚР-ның оңтүстік-шығысында орналасқан. Қаланың Алматы аталуы тегін емес, ол алмалы жер. Бау-бақша технигі С. Иванов 1916 ж. жазған «Алматы» атты мақаласында: «Алматы – қырғыз сөзі және орыс тіліне аударғанда «алмалы жер» деген мағынаны білдіреді»,- деген.
Бұл атаумен Верный қаласының аумағын атаған, өйткені жергілікті жерлер жабайы алманың таралуымен ерекшеленген. Оңтүстік астана – Алматыны (орысша транскрипциясында) апортпен байланыстырады.
Қаланың атына апорт емес, жабайы алмалардың негіз болғаны айтылады. Белгілі өлкетанушы И.Л. Брызгалов пен академик Н.И. Вавилов 1928 ж. Алматыға келіп, кіші Алматы өзенінің бойында өскен алмаларды көріп, мұншама көп жабайы алмаларды еш жерде көрмегендіктерін және мүмкін бұл жер шынымен нағыз мәдени алманың отаны шығар,- деп айтқан. Апорт Жетісудың эмблемасы болды. Оны «патша-алма», алмалардың «әкесі» деп бекер айтпаған.
Қаланың даму тарихы б.з.д. 10-9 ғ., 7ғ., б.з. 8-10 ғ., 10-14 ғ., 15-18 ғасырларды қамтиды. Қаланың жаңа тарихы 1854 жылдың 4 ақпанында Іле Алатауының баурайында Ресей империясының әскери қамалы Верный қаланған кезеңінен басталады. 1854 жылдың күзінде Верный қамалының құрылысы аяқталды.
1921 жылдың 5 ақпанында аудан комитетінің салтанатты жиынында Верный қаласының атын өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұл шешім бойынша Жетісу Әскери-революциялық комитеті бұйрық шығарды: «Қаланың революциялық орталық мәртебесін алуына байланысты Жетісу әкімшілік орталығының атауы – Алма-Атаға өзгертілді».
Алматының Қазақстанның астанасы болуына байланысты 1936 жылы қаланың архитектуралық құрылысы жөнінде арнайы жоспар құрылды. Жоспардың басты мақсаты – Алматы қаласын мәдени орталыққа айналдыру болды. Жоспар бойынша, қалыптасқан тарихи маңызы бар құбылыстарды түбегейлі өзгерту және үлкейту негізделді.
1993 жылғы шешім бойынша, қаланың атауы – Алма-Атадан Алматыға ауыстырылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың үкімімен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.
1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы заң қабылданды. Бұл заң бойынша, Алматы – ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық болады.
Бүгінгі таңда Алматы – жастардың қаласы, ҚР-ның оңтүстік астанасы, білімнің, ғылымның, мәдениеттің, қаржылық және өндірістік орталық болып күннен-күнге гүлденіп, шарықтап дамуда.
257-тапсырма. Мәтінді оқып, бас қала, жас қала – Астана туралы деректерді есте сақтап, мазмұндаңыздар.
Астана – Қазақстан Республикасының елордасы
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алда тұрған қыруар міндеттер мен атқарылатын істердің бірегейі аймақ тұтастығын сақтау, демографиялық орнығуды реттеу сияқты мәселелер болды. Өйткені жергілікті ұлт саны оңтүстік өңірлерде жиі шоғырланғанымен, солтүстік өңірлерде пайызға шаққанда тым аз мөлшерде болды. Біріншіден Солтүстік өңірлерде жергілікті ұлт санын арттыру мақсатында, екіншіден географиялық жағынан елдің де, Еуразияның да кіндігінде орналасқан қала болған соң, Ақмола Қазақстанның астанасы болуға бірден-бір ыңғайлы қала деп танылды.
Аз уақыттың ішінде екі жүз мыңға жетпейтін халқы бар қала алты жүз мыңнан асып кетті. Астанада 600 000 адам тұрады (2004). Қазір қаланың аумағы 200 km² алып жатыр. Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысы, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан. Қаланың атауы қазақ тілінен алынған. Қазақша ол сөз елдің бас қаласы дегенді білдіреді. Астана сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Онда ол «киелі орын», «босаға» деген мағыналарға ие. Астана 1830 ж. Есіл өзенінің жағасында қазақ-орыс әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады.
1862 ж. Ақмола қала мәртебесін алды. 1962 ж. Қалаға Целиноград атауы берілді. 1997 ж. Егемен Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. 1998 ж. мамырда жаңа елорданың атауы – Астана болып өзгертілді. 1998 ж. 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсауы кесілді.
1998 ж. ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша, Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұндай атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі, әрі қуатты өсуге, тұрақты этникалық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі.
Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды.
Есіл өзенінің екі жағасы Еуропа мен Азияның озық үлгісіндегі жаңа сәулетті кешендермен әрленіп шыға келді. Кейінгі жылдары қала маңын көріктендіру қызу қолға алынып жатыр. Астана ғасырымыздағы ең озық, ең әсем қалаларының бірі болатыны даусыз.
8-апта. 22-тәжірибелік сабақ
Грамматика: Көсемше. Көсемшенің жасалуы.
258-тапсырма. Туған халқына ғасырлық туынды сыйлаған ұлы тұлға – М. Әуезовтың шығармашылық жолынан мәлімет алып, мағынасын түсініп, мәтінді мазмұндаңыздар.
Кеңес заманындағы ғылым мен техниканың
дамуына үлес қосқан ғалымдар
* * * * *
Ұлы жазушы – Мұхтар Әуезов
(1897-1961)
Әуезов Мұхтар Омарханұлы – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, әдебиеттану ғылымының негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының тұңғыш докторы, профессор. Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Туған жері – бұрынғы Семей үйезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы).
Ата-анасынан ерте қалған Мұхтардың орыс, қазақ мәдениетіне, Абай өлеңдеріне, аудармаларына көңіл бөлуіне атасы Әуездің ықпалы болды.
Мұхтар Семейде 5 жыл қалалық училищеде, 4 жыл мұғалімдік семинарияда оқып, орыс және Батыс Европа әдебиетімен кең танысты. Ол Шекспирдің «Отелласын», Гогольдың «Ревизорын», Тургеневтің «Дворян ұясы» деген романдарын қазақ тіліне аударды.
1917 жылы «Еңлік-Кебек» атты тұңғыш драмасын, 1921 жылы проза жанрында «Қорғансыздың күнін» жазды.
Жазушыға «Абай» романы үшін СССР Мемлекеттік, ал «Абай жолы» романы үшін Лениндік сыйлық берілді. 1959 жылы М. Әуезов Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталды.
XX ғасырдағы қазақ халқының ұлттық рухани дамуындағы ұлы тұлғалардың бірі –
М. Әуезов. Ол – үлкен суреткер, дарынды драматург, аудармашы, белсенді сыншы, сондай-ақ ғұлама ғалым. М. Әуезов жазушылық өнер мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қатар алып жүріп, бұл салада ірі еңбектер қалдырды.
М. Әуезовтың Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан танып-білуде жарты ғасырға таяу ізденіс үстінде туған көп салалы ғылыми-зерттеу еңбектері абайтанудың қол жетпес заңғар биігіне айналып отыр. Бұл еңбектердің нәтижесінде, М.Әуезов қазақ әдебиеті тарихының саласы – абайтанудың негізін салушы, әрі ол мұраны ғылыми-шығармашылық жолмен бүкіл әлемге таныту арқылы әдебиеттану саласында қайталанбас дарынды тұлға ретінде танылып, мойындалды.
«Абай жолы» – М. Әуезовтың бас кітабы. Ол: « «Абай», «Абай жолы» романдарын жазу деген менің күллі шығармашылық тіршілігімдегі түбегейлі әрекетім»,- деп жазады. Сондай-ақ жазушының: «Менің тілімде Абай тілінің өрнек-бояуы бар. Менің романымды терең ұғамын десеңдер Абайды, Абай поэзиясын оқыңдар»,- деп айтқаны да бар.
«Абай жолы» – халық жолы. Абайдың елі, жұрты, қоғамдық ортасы, әлеуметтік қоршауы, дәуірі, заманы туралы романдары – М. Әуезовтың қолындағы шамшырағы еді. Ол өзінің шығармалары арқылы зорлық-зомбылық, жауыздық, әділетсіздікті жазды, халыққа танытты.
М. Әуезовтың қазақ поэзиясының өткен ғасырдағы классигі Абайдың өмірі мен творчествосын тереңдеп зерттеуі – үлкен ғылыми ерлік. Абай шығармаларының жинағы он шақты рет басылып шықты, «Абай жолы» романы отыз шақты елдің тіліне аударылды. Осы роман арқылы ол қазақ халқын дүние жүзіне танытты.
«Абай үш түрлі білім қазынасынан сусындады»,- деп жазады ғалым. Олар: біріншісі – қазақ халқының ауыз әдебиеті, екіншісі – шығыстың (араб, парсы, түрік) классикалық поэзиясы; үшіншісі – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы еуропалық мәдениеттің бай қазынасы. Абайдың озық орыс әдебиетінен үйренгендігі ғалымның «Орыс классиктері мен Абай», «Орыс реализмінің дәстүрі және революцияға дейінгі қазақ әдебиеті», «Пушкин мен Абай» атты ғылыми мақалаларында сөз болады.
М. Әуезовтың ғылыми мұрасы ұшан-теңіз. Оның ұзақ жылғы шығармашылығына зер салса, оның үлкен екі арнасы зерттеушілердің назарын ерекше аударады: біріншісі – абайтанушылығы; екіншісі – фольклортанушылығы. Жазушының әдеби-ғылыми мұрасының екі алтын діңгегі – осылар. Дүниежүзіне әйгілі «Абай жолы» эпопеясының авторы
М. Әуезовтың әдеби мұрасы тарихшы, филолог, педагог ғалымдарының еңбектерінде қолданылып келеді.
М.Әуезовтың жеке басы – тым ірі тұлға. 1961 жылы ол қайтыс болғаннан кейін ҚР Үкіметі қаулы қабылдап, оның есімін ҒА-ның Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік Академиялық драма театрына, бірқатар мектеп, көшелерге берді және Алматының бір ауданы М. Әуезовтың атымен аталады.
Сөздік:
дарын – гений; талант; способный; одаренный; талантливый;
заңғар – высочайший; громадина
мұра – наследие; наследстово; памятник
түбегейлі – кардинальный; коренным образом; основательный;
окончательно зорлық-зомбылық – насилие
жауыздық – зловредность; злодейство; коварство; подлость
259-тапсырма. Мәтінге жоспар құрып, жоспар бойынша әңгімелеп беріңіздер.
260-тапсырма. Мәтіннен көсемше тұлғасында тұрған сөздердің астын сызып, олардың жасалу жолдарын түсіндіріңіздер.
Ү л г і:
М.Әуезов Абайға арнап үлкенді-кішілі мақалалары бар, монографиялық зерттеулері бар, барлығы елуден аса еңбек жаз+ып+ты. Олар: «Абай ақындығының айнасы», «Абай еңбектерінің биік нысанасы», «Абайдың идеялық-мәдени ізденулері» сияқты зерттеулерінде ақын шығармашылығының қалыптасу ерекшеліктері сөз бол+а+ды.
«Жаз» – түбір етістік; «ып» – өсемшенің жұрнағы; «ты» – III жақтың жіктік жалғауы; «Жазыпты» сөзі өткен шақ көсемше тұлғасында тұр (III жақ, ол жазыпты). «Бол» – түбір етістік; «а» – ауыспалы шақ көсемше жасап тұрған жұрнақ; «ды» – III жақтың жіктік жалғауы; «болады» сөзі көсемше тұлғасында (ол болады, III жақ) жіктеліп тұр.
261-тапсырма. Берілген көсемшелерді жекеше, көпше түрде жіктеңіздер.
Ү л г і : Білмей: білмей+мін, білмей+сің, білмей+сіз; білмей+ді; білмей+міз, білмей+сіңдер, білмей+ді.
Айтып, барып, келіп, жібере, бере, көре, сөйлей, болмай, қала, шығара, байқай.
Көсемше (Деепричастие)
Тиянақсыз тұлғада келіп, көмекші етістіктермен тіркесу арқылы күрделі етістік тудыратын етістіктің түрін көсемше деп атайды.
Деепричастие, как и причастие относится к глагольным формам. Оно обозначает второстепенные действия и служит признаком другого действия. Деепричастие отвечает на вопросы қайтіп? (каким образом? ), не істеп отыр? (что делает? ), не істеді? (что сделал? ), не істегелі жатыр? (что собирается делать? ) и т. д.
Көсемшенің жасалу жолдары:
1. Ауыспалы шақ көсемше ( Деепричастие переходного времени ): -а, -е, -й (келме+й, сана+й, көр+е, айт+а, сыз+а, бер+е, біл+е, оқыма+й).
2. Өткен шақ көсемше ( Деепричастие прошедшего времени ): -ып, -іп, -п (көр+іп, кел+іп, оқ+ып, ойла+п, бар+ып, ал+ып, қал+ып, сөйле+п).
3. Келер шақ көсемше (Деепричастие будущего времени): -қалы, -келі, -ғалы, -гелі (бітір+гелі, ұнат+қалы, бар+ғалы, білдір+гелі, сөйлес+келі, кет+келі, айт+қалы)
262-тапсырма. Төмендегі етістіктерден көсемше жасап, оларды үш бағанаға бөліп жазыңыздар. Бірінші бағанаға ауыспалы шақ көсемше, екінші бағанаға өткен шақ көсемше,үшінші бағанаға келер шақ көсемше тұлғасында жазыңыздар.
Ү л г і :
Өткен шақ көсемше
|
Ауыспалы шақ көсемше
|
Келер шақ көсемше
|
Зертте+п+ті, атқар+ып+пын, кел+іп+сің, сұра+п+сыз.
|
Оқыма+й+ды, күт+е+ді, мақұлда+й+ды, айт+а+ды.
|
Айналыс+қалы, жарияла+ғалы,
кет+келі, көтер+гелі.
|
Болу, көшу, күресу, суреттеу, жаттау, үйрету, табылу, даму, әңгімелеу, қазу, араласу, бастау, қолдау, кездесу, ашу, баяндау, түсіндіру, санау.
263-тапсырма. Көсемшелерді етістіктермен тіркестіріп, күрделі етістіктер жасаңыздар.
Ү л г і :
-
Жабу
Жүру
Қатысу
Түсу
Сынау
Көрсету
Қону
Шегіну
Сөйлеу
Бару
|
жап+қалы
жүр+гелі
қатыс+қалы
түс+іп
сына+п
көрсет+келі
қон+ғалы
шегін+е
сөйле+й
бар+а
|
1. Жап+қалы жатыр.
2. Жүр+гелі отыр.
3. Қатыс+ып жүр.
4. Түс+іп келеді.
5. Сына+п көреді.
6. Көрсет+келі барады.
7. Қон+ғалы кетті.
8. Шегін+е тоқтады.
9. Сөйле+й кірді.
10. Бар+а шешеді.
|
Қарағалы, жинап, жасай, жүре, атай, тапсырып, көрсетіп, бітіре, тағайындалғалы, көшпелі, ұсына, қабылдап, қайтара, өзгергелі, жөндегелі.
264-тапсырма. Сөйлемдердегі көсемше тұлғасында тұрған сөздердің астын сызып, олардың қай шақта тұрғанын ажыратыңыздар.
М. Әуезов 1922 жылы күзде Орынбордағы ірі мемлекеттік лауазымды қызметін тастап, Орта Азиялық Түркістан университетіне (Ташкент қаласы) ерікті тыңдаушы болып кіреді де, «Шолпан» журналында қызмет істей бастайды. Ташкентте бірнеше әңгімесі басылады.
1923 жылдың қазан айында М. Әуезов Ленинград мемлекеттік университетінің филология бөлімшесіне оқуға түседі. Орыс географиялық қоғамының Шығыс-Сібір бөлімшесінің мүшесі ретінде М. Әуезов Семей секциясы Кеңесінің құрамына кіреді.
1925 жылы жаз айында М. Әуезов Жетісу ауылдарын аралайтын экспедицияға шығып, қазақ халқының ән-фольклор шығармашылығының үлгілерін жинайды.
265-тапсырма. Көп нүктенің орнына көсемшенің тиісті жұрнақтарын қосып жазыңыздар.
1990 жылы М. Әуезов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты бол... сайлан... , онда Кеңес Президиуымының мүшесі бол...ды. «Абай жолы» романының бірінші томы 1952 жылы, екінші томы 1954 жылы басыл... , шығ...ды. Роман жазамын деген ойымда жоқ, шәкірт кезімде атам Әуездің әңгімелерін тапжылма... , ұзақ тыңдайтын едім. Әйгерім небір жайларды әңгімеле... беретін. Материал жина... жүр... , мен Абайдың достарымен әңгімелес... көрдім. Оның бойындағы ең абзал қасиеттің жиынтығы бол... табыл...ды. 1918 жылы М. Әуезов пен Ж. Аймауытов Семейде «Абай» журналын шығар...ды.
266-тапсырма. Мақал-мәтелдердегі, өлең жолдарындағы көсемше жасап тұрған жұрнақтардың астын сызып, олардың жасалу жолдарын түсіндіріңіздер.
Ақылды кісі азбайды, Ақылды адам арын қорғайды,
Асыл бұйым тозбайды. Сараң адам малын қорғайды.
* * * * *
Сауатсыздың сөзіне сүрініп құлайсың.
* * * * *
Қазақ қазақ болғалы, Ел болудан қалғаны.
Өз алдына ел болып, Бұхарадан келген тайқазан
Оңаша бір қонғалы, Бәрі адыра болғаны...
Хандығынан айырылса –
267-тапсырма. Мәтіндегі көсемше тұлғалы баяндауыштардың астын сызыңыздар.
Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді. Жер планетасының болашағын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның ұйымдастыру қабілеті жетеді. Осы саладағы біздің «Еуропадағы жол» бағдарламасы үлкен қызығушылық туғызып отыр. Бұл бағдарламадағы басты мақсат – еліміздегі реформаның бәрін еуропалық стандартқа сай жүргізу болып табылады. Ұлтаралық келісім мен татулықтың Қазақстандық үлгісін әлемдік кеңістікке ұсыну да назардан тыс қалмайды. Әсіресе, құқықтық салада заңмен өмір сүру деңгейі кейбір тұстарда төмендеп жатады. Мемлекеттің мықтылығы өз заңын құрметтей білетін ұлтжандылығымен өлшенеді.
268-тапсырма. Жақшаны ашып, жақша ішіндегі етістіктерді көсемшеге айналдырыңыздар.
Абай соншалықты рақаттанып (сүйсіну) күлді (М. Әуезов). Біз Жәнібек Кәрменовтың әнін (тыңдау) отырмыз. Кәмиланы (көрмеу) үш ай өтті. Бүгін бәрі де киіз үйлерін (жығу), жылы үйлеріне кіріп жатты. Мақсат менімен (сөйлесу) келіпті. Қамар мамасының мойнына (құшақтау), өзінің қуанышын айтты. Алматы апорты Жетісу өңірінің төл жемісі (болу) есептелінеді. Жетісудың алма бағын ерте ғасырлардағы саяхатшылар мифтік Эдем бағына (теңеу). Алматының апорты Қазақстанның символы (болу) келгені ақиқат. Қазіргі таңда апорт ағаштарының азаюына байланысты көкейкесті мәселелер (көтерілу) де біраз жылдар болды.
8-апта. 23-тәжірибелік сабақ
Грамматика: Есімше. Есімшенің жасалуы.
269-тапсырма. Қ. Сәтбаевтың жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарынан, өмірі мен қызметінен мәлімет алып, мәтінді мазмұндаңыздар.
Қаныш Сәтбаев – ғалым-геолог
(1899-1964)
Қаныш Сәтбаев – қазақ халқының ұлы перзенті, көрнекті ғалым-геолг, қазақтың алғашқы кен инженері, Қазақ КСР ҒА-ның тұңғыш Президенті, академигі, қоғам қайраткері, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Туған жері – бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы).
Қаныш Имантайұлының азамат болып қалыптасуына Абай, Шоқан, Ы. Алтынсарин, С. Торайғыровтардың үлгілі өмірі мен еңбектері әсерін тигізді.
Қ. Сәтбаев 1926 жылы Томск технологиялық институтын үздік аяқтап, тау-кен инженер-геологы деген мамандық бойынша диплом алған алғашқы қазақ болды. Институтты бітіргеннен кейін ол «Атбасцветмет» тіресінің геология бөлімін басқаруға жіберіледі. Бұл тіреске Жезқазған мыс кең орындарын, Байқоңыр көмірін зерттеу және Қарсақбай мыс зауытының құрылысын жалғастыру міндеттеледі.
1929 жылы трест Қарсақбайға көшірілгеннен бастап, Қ. Сәтбаев комбинаттың геологиялық-барлау бөлімінің геологы, бастығы болып, 1941 жылдың шілде айына дейін сонда тынымсыз еңбек етті. «Үлкен Жезқазған» деп аталатын алып мыс комбинатының дүниеге келуі, мысты өлкенің жан-жақты зерттеліп, оның мол байлығының игеріле бастауы Қ.Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты.
Қ. Сәтбаев Жезқазған кен орнында мыс қорының мол екендігін анықтайды. Ол геологиялық-барлау жұмыстарымен ғана шектелмей, геология ғылымының барлық саласы бойынша жұмыс жүргізді. Жаңа технологияны пайдалана отырып, сан-салалы геологиялық қызмет жүйесінің негізін қалады. Қ. Сәтбаев кен инженер-геологы ретінде тау-кен жұмысын да жақсы білетін, әртүрлі кен қазбаларын зерттеген, жер жүзіндегі мыс алқаптарындағы кеніштердің геологиясымен бірге, кен қазу технологиясын терең талдаған оқымысты. Жезқазғанда мыстан басқа 20 түрлі элементтер, оның ішінде рений, осмий және платина кездесетінін де көрсетіп берді.
Ғалымның есебінше, көне замандардан бастап Жезқазған жерінен бір миллион тоннадай мыс кені алынған көрінеді. Мысты өңір Жезқазған жерінде ғасырлар бойына тұнып жатқан мол қазына байлығы адамзатқа сонау көне заманнан белгілі болған. Зерттеушілердің пікірінше, көне қола дәуірінің өзінде-ақ адамдар осы өңірде мыс кенін өндірген. Қаныш Имантайұлы 1932 жылы 48000 мерт тереңдіктегі 1,5 шаршы шақырым жерде ғана 2 млн. тонна мыс қорының жатқанын, оның Одақ көлеміндегі экономикалық ең тиімді, әрі ең үлкен кен орны екенін дәлелдеген болатын. Ағылшындардың бар-жоғы 60 мың тонна ғана мыс бар деген жорамалы жоққа шықты. Оған қоса сол кездің өзінде-ақ ол Жезқазған кен орнының орталық бөлігінен басқа, жүзге тарта кен шөккен қыртыстардың барын, шашыранды кен ошақтарының көптігін, Бетпақдалада, Жаман-Айбатта және Сымтаста да мыс кені кездесетінін атап көрсетті.
1946 жылы маусым айында Қазақстан ҒА-сы құрылып, Қ. Сәтбаев оның алғашқы Президенті болып сайланды. Осы жылы қазан айында ол КСРО ҒА-ның толық мүшесі дәрежесіне жетті. Шығыс республикалары ғалымдарының арасынан шыққан тұңғыш академик атанды. Бұл ғылымның биік шыңына жеткендігінің белгісі еді.
Ғалымның өмір жолының шырқау шыңы – металлогениялық қазба кен орындарының болжамын жасаудың жан-жақты тәсілін табу, әдісін көрсету болып табылады. Қ. Сәтбаев зерттеу еңбектерінің нәтижесінде, Қазақстандағы металлогения ғылымының атасы атанды. Ол жасаған металлогениялық талдау әдістемесі және кен орындарын болжау теориясы жөніндегі қағидалары геология ғылымына, әсіресе металлогения ғылымын өркендетуге ерекше септігін тигізді. Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасы әлемдегі теңдессіз ғылыми еңбек ретінде тарихқа енді. Осы еңбектері арқылы ғалымның аты жер жүзіне әйгілі болды.
Сөздік:
кеніш – карьер; рудник; клад; сокровище; залежь
алқап – долина; низменность; окрестность; полоса; вокруг; лощина
шөгу – осадок; оседание
кен орны – месторождение; прииск
кен қазбасы – горная выработка
жер қыртысы – пласт почвы; земная кора; слой земли
кен ошағы – месторождение; рудник
шашыранды – брызги
талдау – анализ; подбор; разбор; анализировать
270-тапсырма. Мәтіннің мазмұны бойынша берілген сұрақтарға жауап беріңіздер.
1. Қ. Сәтбаев кім, ол қай жерде дүниеге келген? 2. Оның қалыптасуына кімдердің ықпалы болды? 3. Қаныш Имантайұлы қай оқу орнын бітірді? 4. Оның мамандығы кім? 5. Ол институтты бітіргеннен кейін қандай қызмет атқарды? 6. Үлкен Жезқазған және Сәтбаев дегенді қалай түсіндіресіздер? 7. Сәтбаев ғылымның қандай салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді? 8. Мысты өңір Жезқазғанда мыс кені қай уақыттан бастап өндірілген? 9. Қаныш Имантайұлы Жезқазғандағы мыс қорына байланысты нені дәлелдеді? 10. Ғалымның өмір жолының шырқау шыңы ретінде оның ғылымдағы қай жетістіктерін айтасыздар? 11. Ол қай еңбегі арқылы жер жүзіне әйгілі болды?
271-тапсырма. Мәтіннен алынған сөз және сөз тіркестерін пайдаланып, сөйлемдер құрастырыңыздар.
Мысты алқап, кен қазу технологиясы, Жезқазған өңірі, геологиялық-барлау, мол байлық, инженер-геолог, жаңа технология, тау-кен, экономикалық тиімді, жорамал, мыс кені, болжау теориясы, геология ғылымы, металлогения картасы.
272-тапсырма. Мәтіндегі есімше тұлғалы сөздердің астын сызып, оларды тіркескен сөздерімен бірге теріп жазыңыздар.
273-тапсырма. Сөйлемдерден есімше тұлғалы сөздерді тауып, олардың қай шақта тұрғанын ажыратыңыздар.
Жезқазған мысын өндірістік жолмен игеретіндіктері туралы алғашқы талпыныс орыс капитализмінің алпауыттары Н. Ушаков пен А. Рязановтардың есімдерімен байланысты. Олар мыс өңірінің бай кен орындарын өздеріне қаратып, иеліктеріне алған. Бірақ XX ғасырдың басына дейін өлкеде мыс өндіру дамыған жоқ. Тек, 1906 жылы Лондонда құрылған ағылшын-француз «Атбасар мыс кеніші» акционерлік қоғамының қолына көшкеннен кейін Жезқазған мысын игерудің алғашқы қадамдары басталған. Он жылдың ішінде (1907-1917) ағылшындар алғашқы шахталарды қазып, Қарсақбай мыс зауытын салған болатын. Олардың балқытуға дайындаған мыс кенінің көлемі 37500 тонна болды, оның көлемін болашақта одан да жоғары көрсеткіштерге арттырмақ жоспарланды. Әрине, бұл мол байлықты игерудің алғашқы бастамасы болатын. Ол байлықты зерттеудің болашағын көрсету – Қ. Сәтбаев пен оның шәкірттерінің үлесіне тиген болатын. «Атбасартүстіметалл» тресінің геологтары мыс қорының 1 млн. тоннаға жуық, ал кеннің жалпы көлемі 1162800 т. болатынын дәлелдеді.
Достарыңызбен бөлісу: |