О.Бөкей әңгімелеріндегі адам мен табиғаттың қарым-қатынасы
Жазушы О. Бөкейдің əуелгі «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Əн салады шағылдар» кітаптарынан сыншылар мен зерттеушілердің аңғарғаны шығарма бойындағы терең философиялық түйін мен лирикалық желінің шебер үйлесе білуі жəне психологиялық талдау мен публицистикалық сарынның берік жымдасып келіп, авторлық «Меннің» баса көрсетілуі. Бүкіл шығармалары Өмір – Адам – Табиғат желісіне құрылып, айрықша концептуалдық мағына иеленеді.
О. Бөкейдің əлем мен жалғыздық арасындағы қарым-қатынасты көркем игеру барысындағы экзистенциалистік ой-пікірлері «Қар қызы» повесінен анығырақ көрінеді. Дүние тылсымын, адам- жұмбақтың сырын ашуға ұмтылатын қаламгер кеңістік ретінде Алтайдың қатал да, ешкімге сырын ашпас томырық табиғатын алады. Мұнда қазақ прозасына М.Əуезовпен келген, өзінің төл шығармасы «Қамшыгерде» танылған көркемдік амал — табиғатты адам трагедиясымен қабыстыра суреттеу жүзеге асады.
Повесте Алтайдың табиғаты тек географиялық ұғымды білдіре бермейді. Мұнда табиғат аясы — ғаламның кішірейтіліп алынған моделі. Қаламгер ойынша, олардың адамгершілік сапалары, ақыл-ой өрісі, рухани əлемі ішкі еркіндікті тұсаулаған, өзінің шектеулі заңдылықтары бар адамдар қауымының ортасында емес, алып кеңістікпен бетпе-бет, жеке келгенде ашылуы тиіс. Алып кеңістікте осы үшеуінің тағдыры сыналады, олар кеңістікке сол үшін, Хайдеггерше айтсақ, «тасталған». Нағыз өмір мен өлімнің шайқасы осы жерде басталады.
Повесте бір-бірінің сырын жетік білетін боп көрінген үшеуі мынау жалпақ əлемде, шет-шегі көрінбестей суық дүниемен жалғыз қалғанда беймағлұм болып келген сырларын ашады. Ең бастысы, олардың кеңістікке деген қатынастарындағы өміртанымдық тайталастары басталады. Демек, экзистенциализмнің шындық, ақиқат өмір мен өлімнің тым жақындап келген аралық ситуацияда ашылатыны жөніндегі идеясы шығарма өзегіне айналған. Жазушы осы бір тартысты ситуацияға кейіпкерлерін əдейі салады да, өлім категориясының мағынасын төрешілік ұғымында қабылдайды.
«Ер-азамат не майданда, не жорықта сыналады деген осы. Ол — Бақытжан осынау қар шағылдардың арасынан достарын ғана емес, өзін де іздеп тауып алғандай еді. Ол ұлы жаңалық ашты — өзін ашты». Ал Нұржан «өте сенімді де, мықты жігіт» деп осы қиын сапарға ертіп шыққан Аманжанға енді басқаша қарауға мəжбүр. «Тəңірім-ау, Нұржанның осы екі жігіттен басқа кімі бар еді? «Аманжан, сен осындай ма едің?.. Пышақ жұмсағаны несі? Жо-жоқ, ауылға енді қайтып бармау керек екен. Не болса да осында қарелінде, адамдары аз кеңістікте өлу лазым екен».
«Қар қызы» повесінде заман ағысынан қалтарыста күн кешкен Қоңқай мен сиыршы шал Оралхан суреттеген кеңістіктің тартылыс күшін реттеп тұрған екі полюс секілді. Тіпті жапан даладағы Қоңқайдың жалғыз үйі — бір адамнан тұратын «мемлекет». «Қоңқай мемлекетінің» өзіндік заңдары мен философиясы бар. Ал сиыршы шал болса, осы Қоңқай үшін ен түзді мекен етеді. Яғни, Қоңқай болмаса тыныштық пен жақсылықтың күзетшісі — сиыршының да болуы мүмкін емес. Бұл — қаламгердің жаратылыс диалектикасы туралы концепциясы. Жазушы повесте табиғатты негізгі фон ретінде ала отырып, оның құпия-сырларымен бірге адам жан сырының қалтарыстарын ашуға ұмтылады.
“Мұзтау” повесінде табиғаттың адасқан адамға сүйеу болғаны бейнеленеді. Бір үңгірде тығылған қазына бар екен дегенді естіген дүниеқор Ахтан сол байлықты өзі иемденбек болып, түнде жасырынып барып үңгірге түседі. Үңгірдің қабырғалары мұздақ екен, Ахтан аяғы тайғанап құлайды, талықсып біраз жатады. Есі кіргенде мұздай терең шұңқырда жатқанын біледі. Тырмысып жоғары шықпақ болады. Бірақ аяғы тайғанап жығыла береді. Таң атып үңгірде азырақ жарық түскенде Ахтан шұңқырда құлай өліп жатқан адамның денесін көріп қатты шошиды. Өліктің киімінің сыртынан буылған жалпақ күміс белдігі, аяғында ұзын қонышты саптама етігі бар. Өліп жатқан адам – өзінің әкесі екенін Ахтан осы заттардан таниды. Әкесінің де үңгірден тығылған қазынаны аламын деп жасырынып жалғыз келіп, құлап өлгенін түсінеді. Үңгірден шыға алмаса Ахтан да осылай өледі. Ахтан үрейленеді. Үңгірден шығуға қайтадан тырмысады. Жоғарыдан түсіп тұрған кішкентай сәуле сонда бұған әл береді. Ахтан ептеп жоғары көтеріледі. Повесте Ақтан Жесірді қарызынан құтқару үшін Тəңірқоймасына барады. Ал Тəңірқоймасының қойны тұнған байлық. Өмірдегі небір зұлымдықтар байлыққа деген ашкөздіктен туады. Ақтанның əкесі де оңай олжа тапсам деген дүниеқоңыздықтың құрбаны болған.
Ақтан шыңырауға түсіп өмір мен өлім арасындағы ауыр халді басынан кешіреді. Қапастан шығып өмір сүру үшін жанкештілікпен күреседі. Үңгірден суықтық сезілсе, аспаннан жылу білінеді. Ал Мұзтау айнадай жарқырап, сəуле таратады. Мұның барлығы Ақтанның өмірге деген сүйіспеншілігін арттырады. Тəубасына келген Ақтан əкесінің өлігін аттап шықса да, сол үңгірден аман шығар рухани күш-қуатты тек табиғаттан алады.
Жазушының қай шығармасын алсақ та, табиғат көрінісі шығармада көтерілген мәселеге, тартыстың сипатына, кейіпкерлердің адамшылық қалыптарына қатысты бейнеленеді. Пейзаж шығарманың идеясын ашуға, образдардың сипатын толықтыруға қызмет етеді. Бұл суреттерден жазушының ой-толғанысының тереңдігі көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |