Бейнелеу өнерi
Оқыту мақсаттары:
-
эстетикалық сезімдерді, бейнелеу өнеріне қызығушылығын тәрбиелеу; өнегелі тәжірибесін байыту, ізгілік пен зұлымдық туралы ойларын дамыту; адамгершілік сезімдерін тәрбиелеу, Қазақстан және басқа елдердегі халықтардың мәдениетін құрметтеу;
-
қиялын, кез келген іске шығармашылық тұрғыдан қарау ниеті мен икемділігін, өнер мен қоршаған әлемді қабылдау қабілетін, көркемдік қызметте бірлесіп жұмыс істеу шеберліктері мен дағдыларын дамыту;
-
өнер құралдарының көмегімен оқушылардың шынайы өмірге деген эстетикалық көзқарасын тәрбиелеу және өмірлік түйсігін қалыптастыру;
-
халық шығармашылығына деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін тәрбиелеу;
-
аңғарымпаздығы мен көріп есте сақтау қабілетін дамыту;
-
оқушылар көркем композиция жасау кезінде, сондай-ақ, орындалған жұмыстарды сыныпта қарап, талқылау процесінде олардың көркемдік талғамын, талдау қабілеттері мен эстетикалық уәждемелерін дамыту.
Оқыту міндеттері: өзінің қоршаған әлемге көзқарасын шығармашылық жұмыстарында көрсете білу қабілетін дамыту;сурет, кескіндеме, композиция бойынша бейнелеу сауаты негіздерімен таныстыру;жылы және суық түстермен таныстыру және оларды айыра білуге үйрету; бейнелеу өнерінің түрлерімен (графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер, мүсін, дизайн, сәулет өнері) және жанрларымен (пейзаж, портрет, натюрморт, анималистика және т.б.) таныстыру;көркемдік дағдыларды меңгеру (әртүрлі материалдармен жұмыс істеу және әртүрлі бейнелеу техникасын игеру); шынайы өмірде көркем мәдениеттің көрінісін байқай білу қабілетін дамыту (мұражайлар, сәулет, дизайн, мүсін және т.б.);балаларда сезімдік-эмоциялық белгілерді дамыту: зейін, есте сақтау, қиял, елестету;оқушылардың қолдарының моторикасын, иілгіштігін, икемділігін және көзбен шамалау дәлдігін жақсарту;өзінің көлемді композицияларын жасау немесе жазық және көлемді-кеңістіктік тәсілдер үйлесімдіктерін пайдалану арқылы көркемдік құрастыру элементтерімен таныстыру.
«Бейнелеу өнері» пәні бастауыш мектеп бағдарламасымен сабақтастығын сақтайды және өнерді мәдениеттің өзара байланысты халықтық және кәсіби екі түрін біртұтас ретінде қарастырады. Бағдарлама гуманитарлық пәндердің басқа базалық курстарымен тығыз ықпалдастыруға бағытталған. Ол негізгі мектеп оқушыларын пластикалық өнердің әртүрлі материалдар мен техникаларды қолданып көркем бейне жасауға бағытталған көркем-шығармашылық қызметтің алуан түрлеріндегі бейнелі тілін меңгеруді көздейді: «Өнер туындыларын қабылдау», «Кескіндеме», «Графика», «Мүсін өнері», «Көркемдік құрастыру, дизайн және сәулет өнері», «Сәндік-қолданбалы өнер».
Білім беру тәжірибесінде «бейнелеу өнері» деп кескіндеме, графика, мүсін сияқты бейнелеу өнерлерімен қатар сәулет және сәндік-қолданбалы өнерді қамтитын барлық пластикалық өнерлерді түсінеміз.
Мектеп оқушыларының бейнелеу өнеріне қызығушылығы, картинада немесе мүсінде нақтылы түрде көрсетілген суретші шығармасының ойын түсіну және өзінше бағалай білуі, қазақ және әлемдік өнердің негізгі стильдері мен бағыттарын айыра білуі; өнер тарихында елеулі рөл атқарған шеберлердің шығармашылығымен танысуы; әйгілі шығармаларды білуі - сабақтың маңызды нәтижесі болып табылады. Бейнелеу өнеріне оқыту жеке тұлғаның өз ойын білдіруіне және дамуына, одан кейін әлемдік көркем мәдениет үлгілерімен танысуына бағытталған. Сабақта оқу қызметінің кез келген түрі өзіндік мәнге ие, оқушылардың мүдделерімен келісіледі, оларды оқушы өмірінде нақты пайдалануға бағдарланады. Өнерге деген қызығушылығы мен көркемдік талғамын дамыту қалыптасқан шығармашылық іс-әрекеттің жеке тұлғалық тәжірибесі, өзіндік эстетикалық эталондары, өнер тілін меңгеруі негізге алынып қалыптасады. Бейнелеу өнеріне оқыту барысында оқушыларға шығармашылық жұмыстың арқауын жасауда, қызмет түрлерін, көркем материалдарды, жеке немесе топтық жұмыстарды, шығармашылық тапсырмаларды орындау күрделілігін, үй тапсырмасының формаларын және т.б. таңдауда көбірек еркіндік беріледі.
Оқу материалы көркемдік білімнің іскерлік сипаты мен адамгершілік болмысын көрсететін блоктармен ұсынылған: «Өнер мен көркемдік қызметтің адам және қоғам өміріндегі рөлі», «Өмір мен өнердің рухани-адамгершілік проблемалары», «Әсем өнерлер тілі және көркем бейне», «Әсем өнер түрлері мен жанрлары».
Осылайша блоктарға бөлу ерекшелігі мынада, бірінші блок оқу материалының мазмұнын ашады, екінші блок оны іс жүзінде іске асырудың құралдарын береді, үшінші тапсырма тақырыбының рухани-адамгершілік, эмоциялық-құндылық бағыттылығын болжамдайды, төртінші, олардан бала көркемдік-шығармашылық тәжірибе алып шығатын қызмет түрлері мен шарттарынан тұрады. Барлық блоктар өнердің әртүрлі: типологиялық, тілдік, құндылыққа бағдарланған, қызметтік қырларын ашады. Олар (барлығы бірге) әр сабақта әртүрлі шамада оқытылады. Барлық блоктар кешенді түрде жалпы көркемдік білім мен тәрбие міндеттеріне бағытталған.
«Бейнелеу өнері» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
5-сыныпта – аптасына 1 сағат, жалпы саны – 34 сағат;
6-сыныпта – аптасына 1 сағат, жалпы саны – 34 сағат.
4.6 «Технология» білім саласы
Технология
«Технология» пәнін оқыту бағыты оқушыларды материалдық құндылықтардың заманауи өндірісінің негізгі технологиялық үрдістерімен таныстыруға, кейінгі кәсіптік білім алуға және еңбек етуге қажетті дайындықтарын қамтамасыздандыруға негізделген.
Бағдарламаның мазмұны оқушының жеке тұлғасы, отбасы және қоғамның қажеттіліктерін, қазіргі заманғы педагогикалық ғылымының жетістіктерін ескере отырып белгіленген.
Пәнді оқытудың мақсаты техника мен технология саласында оқушылардың заманауи өндірісінде алған білім жүйесінің нәтижелігіне бағытталған функционалдық сауаттылығын қамсыздандыру, сонымен қатар, технологиялық ойлау қабілетін, болмысқа деген шығармашылық көзқарасын дамыту болып табылады.
Оқыту міндеттері:
-
техника, технология және заманауи өндіріс негіздерінен жүйеленген білімді қалыптастыру;
-
құрылымдық материалдарды өңдеу технологиясы, жобалау іс-әрекеттерін іске асыру бойынша жалпы еңбектік, жалпы өндірістік және арнайы икемділіктер мен дағдыларын қалыптастыру;
-
технологиялық ойлау қабілетін және еңбекке деген шығармашылық көзқарасын дамыту;
-
оқып жүрген технологиялармен байланысты мамандықтар әлемі, еңбек нарығындағы олардың талап етілуі туралы түсініктерін қалыптастыру, өзінің өмірлік және кәсіби жоспарларын саналы түрде анықтауына ықпал ету;
-
еңбек ету және кәсіби іс-әрекеті үрдісінде эстетикалық, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, дене және құқықтық тәрбие беру;
-
оқушылардың Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне деген құрмет көзқарасын қалыптастыру.
Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды оқыту барысындағы нәтижелері, оқушылардың үлгерімдерін бағалауын, негізгі мектепті аяқтайтын әр оқушының міндетті түрде меңгеруі тиіс білім мазмұнын көрсетеді.
Оқушылардың дайындық деңгейі үш түрлі аспекті ескеріле отырып: пәндік, тұлғалық, жүйелі іс-әрекет нәтижелеріне қарай бағаланады. Осыған байланысты 5-9 сынып оқушыларына (ер балалар) келесі бөлімдер бойынша тақырыптар беріледі (5-кесте).
5-кесте. 5-9-сыныптарда ер балаларға арналған бөлімдердің тақырыптары
Ауыл мектептерінде
|
Қала мектептерінде
|
1. Қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау.
2. Ауылшаруашылық өндірісіндегі техника және технология.
3. Ағашты және ағаш материалдарды қолмен және механикалық өңдеу технологиясы.
4. Металды қолмен және механикалық өңдеу технологиясы.
5. Сәндік қолданбалы өнерінің элементерімен көркем материалдардыөңдеу технологиясы.
6. Электротехника және электроника негіздері.
7. Үй мәдениеті. Үй шаруашылығындағы жөндеу жұмыстары.
8. Шығармашылық жобалау саласы.
9. Қазіргі заман өндірісі және техникалық кәсіби білім.
|
1. Қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау.
2. Ағашты және ағаш материалдарды қолмен және механикалық өңдеу технологиясы.
3. Металды қолмен және механикалық өңдеу технологиясы.
4. Сәндік қолданбалы өнерінің элементерімен көркем материалдарды өңдеу технологиясы.
5. Электротехника және электроника негіздері.
6. Үй мәдениеті. Үй шаруашылығындағы жөндеу жұмыстары.
7. Шығармашылық жобалау саласы.
8. Қазіргі заман өндірісі және техникалық кәсіби білім.
|
Білім берудің негізгі түрлері оқушылардың оқу-тәжірибелік, жобалау іс әрекеті болып табылады. Жаттығулар, оқу-тәжірибелік жұмыстар, жобалау әдісі басым әдістері болып отыр. Бағдарламада қарастырылған барлық тәжірибелік жұмыс түрлері материалдарды өңдеудің әртүрлі технологияларын, электромонтажды, құрылыс-әрлеу және жөндеу санитарлық-техникалық жұмыстарын, тағам әзірлеу, жеңіл тігін өнеркәсібінің негіздерін, есептеу және жобалау операцияларын меңгеруге бағытталған.
Мұғалім бар мүмкіндіктеріне сәйкес бағдарламада ұсынылған технологиялық операциялар топтамасын қамтамасыз ететін еңбек нысандарын таңдай алады. Сонымен қатар оқушы жасының шамасына сәйкес еңбек нысанын таңдап, оның қоғамдық және жеке құндылығы ескеріледі. Оқушылдар орындайтын практикалық жұмыстардың түрлері түсінікті, ұтымды, экологиялық талаптарға сәйкес болуы тиіс. Мұғалім жергілікті және жеке эстетикалық қызығушылықтарына сәйкес өзі тапсырмаларының варианттарын қосуға құқысы бар.
«Қазіргі заман өндірісі, техникалық және кәсіби білім беру» (9-сынып) жаңа бөлім техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің түрлері, кәсіби іс әрекетке қойылатын жаңа талаптар, кәсіп туралы түсінік, мамандық және жұмыскердің кәсіби дәрежесі, мамандық таңдауға тұлғалық қасиеттердің әсері, аймақтық еңбек нарығы және білім саласында қызмет көрсету туралы мәселелер қарастырылады.
Сабақтар ағаш, металл өңдеу шеберханасында немесе құрамдастырылған шеберхана базасында өткізіледі. Технологиялық операцияларын орындау барысында оқушылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етілуіне үлкен назар аударылуы керек. Электр қауіпсіздігі, санитария мен жеке гигиенасын сақталуына ерекше назар аударылуы тиіс.
Сабақта қолдан жасалған электромеханикалық құралдар мен технологиялық машиналар қолдануға тыйым салынады. Кіріктірілген сипаттағы «Технология» пәні пәнаралық байланыстарды қолдану негіздерінде құрылуын көздейді. Есептеу операциялары және өлшем алуда алгебра мен геометриямен, материалдардың қасиеттерінің сипаттамасында химиямен, машина мен механизмдердің жұмыс принциптерін және құрылымын оқытуда физикамен, сәндік қолданбалы өнер технологияларын оқытуда тарих пен өнермен байланыстырылады.
Қала, ауыл және шағын жинақты мектептерде ұлдар мен қыздар тобына бөлу сыныптың толымдылығына қарамастан бөлінуі жүзеге асырылады.
Осыған байланысты 5-9-сынып оқушыларына (қыз балалар) келесі бөлімдер бойынша тақырыптар беріледі (6-кесте).
Қолөнермен шұғылданушылық әрбір халықтың мәдениетінің материалдық қолданушысы болып табылады. Сондықтан оқушылардың білімі мен еңбек дағдыларын қалыптастыру мақсатында технология сабағында көпғасырлық халықтық және ұлттық қолөнерлерді міндетті түрде оқыту мен қолдануға назар аударуды ұсынамыз.
«Технология» пәні бойынша 5-9-сыныптарда оқу жүктемесінің көлемі аптасына 1 сағатты, оқу жылы ішінде 34 сағатты құрайды.
6-кесте. 5-9-сыныптарда қыз балаларға арналған бөлімдердің тақырыптары
Ауыл мектептерінде
|
Қала мектептерінде
|
1. Кабинетте жалпы тәртіп сақтау, қауіпсіздік техникасы ережелері, санитарлық-гигиеналық талаптар және еңбек қауіпсіздігі.
2. Тағам әзірлеу технологиясы.
3. Маталармен танысу. Мата өңдеу технология-сы. Тігін машинасымен жұмыс жасау. Киімді жобалау, дайындау және көркем әшекейлеу (белдемше, шалбар). Мата түрлерімен танысу. Киімді күту. Машинатану элементтері.
4. Сәндік қолданбалы өнерінің элементерімен көркем материалдарды өңдеу технологиясы.
5. Отбасы экономикасы. Кәсіпкерлік.
6. Тұрғын үй ішкі көрінісі.
7. Киім және аяқкиім күтімі. Жеке бас гигиенасы.
8. Жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру. технологиясы.
9. Көкөніс саласындағы күзгі жұмыстар. Көкө-ніс өсіру – өсімдік шаруашылығының бір саласы.
10. Жоба.
11. Кәсіби қызмет ету саласының технологиясы.
|
1. Кабинетте жалпы тәртіп сақтау, қауіпсіздік техникасы ережелері, санитарлық-гигиеналық талаптар және еңбек қауіпсіздігі.
2. Тағам әзірлеу технологиясы.
3. Маталармен танысу. Мата өңдеу технологиясы. Тігін машинасымен жұмыс жасау. Киімді жобалау, дайын-дау және көркем әшекейлеу (белдемше, шалбар). Мата түрлерімен танысу. Киімді күту. Машинатану элементтері.
4. Сәндік қолданбалы өнерінің элементерімен көркем материалдарды өңдеу технологиясы.
5. Отбасы экономикасы. Кәсіпкерлік.
6. Тұрғын үй ішкі көрінісі.
7. Киім және аяқкиім күтімі. Жеке бас гигиенасы.
8. Жоба.
9. Кәсіби қызмет ету саласының технологиясы.
|
Сызу
«Сызу» пәні негізгі орта білім беру деңгейіндегі 9-сыныпта оқытылады. Курс ойдың аналитикалық және жасампаз компоненттерін қалыптастырып, білім алушының кеңістіктік ой қабілетін дамытатын негізгі түпнұсқа болып табылады.
Пәнді оқыту мақсаттары:
-
логикалық және кеңістіктік ойын дамыту;
-
геометриялық білімді негізге алып тәжірибелік жұмыс дағдыларын дамыту;
-
еңбектену іс-әрекеті дағдыларын дамыту: ұзақ күш салуға және интеллектуалдық жүктемеге қабілеттілікті, дербестікті және шыдамдылықты, бастаған ісін аяғына дейін жеткізу;
-
функционалдық графикалық сауаттылығын дамыту;
-
шығармашылық әлеуетін және эстетикалық талғамдарын дамыту.
Оқыту міндеттері:
-
бір, екі және үш проекция жазықтығына тік бұрыштап проекциялау негіздері туралы білімді, сызбаны (эскизді) және аксонометриялық проекциялар мен техникалық суреттерді құру әдістері туралы білімдерін қалыптастыру;
-
әртүрлі арнауы бар тетікбөлшектердің және модельдердің қарапайым сызбалары мен эскиздерін, аксонометриялық проекциялары мен техникалық суреттерін орындауды және оқуды үйрету;
-
нәрсенің пішінін және оның құрылымдық ерекшеліктерін талдау арқылы, онымен қоса кеңістіктік бейнені проекциялық кескіндерінен және ауызша суреттеу арқылы ойша қайтадан жасау әдістерін пайдаланып, статикалық және динамикалық кеңістіктік ойлау қабілетін дамыту;
-
оқулық және анықтамалық материалмен өздігінше жұмыс істеуді, Интернет-ресурстардан білім алуды үйрету;
-
кескіні бойынша нәрсені ойша өзгерту жалпы интеллектуалдық қабілетін қалыптастыру арқылы білім алушылардың кеңістіктік ойын дамыту;
-
графикалық білімдерін жаңа ситуацияларда қолдана білу, графикалық компьютерлік бағдарламаларда қарапайым сызба құруды үйрету.
«Сызу» пәні негізгі орта білім деңгейінде 9-сыныпта оқытылады.
Бағдарлама міндетті графикалық жұмыстардың тізімін қамтиды, ол негізгі білік, дағдыларды анықтауға бағдар береді.
Нәрсенің пішінін талдау дағдыларын қалыптастыруға, яғни проекция жазықтықтарына кескіндеуге, пайда болған кескіндерді талдауға, геометриялық денелерді, тетік бөлшектерді тануды қамтамасыз ететін жеке белгілерін анықтауға алғашқы сабақтан бастап ерекше назар аудару қерек.
Графикалық жұмыстың өнімсіз элементтерін болғызбауға тырысу керек (мысалы, есеп шартын және дайын сызбаларды көшіріп сызу). Тапсырмаларды орындау үшін пішімі А4 (торкөз) жұмыс дәптерін пайдаланған дұрыс.
Құрылымдарды орындауда білім алушылардың белгілі бір іс-әрекет алгоритмін қалыптастыруын көздеу қажет. Бұл сызбаны тексеру кезінде де өзекті мәселе болып табылады.
Оқу уақытының көбі тәжірибелік жұмыс орындауға бөлінуі қажет. Міндетті графикалық жұмыстардан тыс сызу пәні сабақтарында түрлі графикалық есептерді қолданған дұрыс. Білім алушылардың танымдық қызметін жандандыру оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануымен және сабақтың әдістемелік қамтылуымен жүзеге асады.
Сызуға оқыту барысында әр білім алушының өзіне тән ерекшеліктерін (дарындылығын, ойлау қабілетін, жеке мүддесін) есепке алып, оқушылардың интеллектуалдық даму деңгейін біртіндеп көтеруге болады. Түрлі оқу құралдарын кеңінен пайдалану ұсынылады (карточка-тапсырмалар, анықтамалықтар, плакаттар, кестелер, модельдер, тетік бөлшектер жиынтығы және ақпараттық технологиялық құралдар).
Қазіргі қоғамның ақпараттандырылу жағдайына сай «Сызу» пәнінің аса маңызды бағыты ол білім алушылардың компьютерлік графикалық сауаттылығын қалыптастыру болып табылады (мектептің мүмкіндігіне қарай, жергілікті жағдайға лайықты компьютерлік бағдарламаны оқытуға болады).
«Сызу» пәні бойынша оқу жүктемесінің жалпы көлемі аптасына
2 сағат, оқу жылына 68 сағатты құрайды.
4.7 «Дене шынықтыру» білім саласы
Дене шынықтыру
«Дене шынықтыру» оқу пәні – бұл дене шынықтыру қызметі, оқушылардың дене және психикалық саулығын сақтау туралы білімдер жүйесі.
Пәнді оқыту тұлғаны қалыптастыру, адамның танымдық белсенділігінің дамуына бағытталған. Оқу бағдарламасының мазмұны оқушы, қоғам мен жанұя сұраныстарын ескере, қазіргі педагогикалық ғылым жетістіктерін айқындайды.
Оқыту мақсаты:
-
өз денсаулықтарына ықтиярлықпен қараудың қажеттілігін және қимыл-қозғалыс негіздерін игеру арқылы оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру;
-
физикалық және психикалық қасиеттерінің толық дамуын;
-
салауатты өмір салтын ұйымдастыруда дене тәрбиесі құралдарын шығармашылық жолмен қолдану.
Оқыту міндеттері:
-
денсаулықты нығайту, ағзаның қызметтік мүмкіндіктерін арттыру және негізгі физикалық (дене) қасиеттерін дамыту;
-
дамыту және сауықтыру бағытындағы дене жаттығулары, базалық спорт түрлерінің іс-қимыл әдістері мен техникасы арқылы қимылдық тәжірибені байыту, қимыл-қозғалыс мәдениетін қалыптастыру;
-
дене шынықтыру және спорт туралы, олардың тарихы, қазіргі дамуы және салауатты өмір салтын қалыптастырудағы рөлі туралы білімдерді игеру;
-
өз денсаулықтарына ықтиярлықпен қарау, денсаулықты сақтау мен нығайту қажеттілігін қалыптастырып тәрбиелеу;
-
тұлғаны оң қасиеттерге тәрбиелеу, оқу және жарыс әрекеттерінде ұжымдық әрекеттестік пен ынтымақтастықтың межелерін сақтау.
Оқу бағдарламасы екі бөлімнен тұрады: «Дене шынықтыру туралы білім» (ақпараттық компонент), «Денені жетілдіру» (әрекеттік компонент).
«Дене шынықтыру туралы білім» бөлімінің мазмұны адамның таным белсенділігінің дамуы туралы негізгі түсініктері және қауіпсіздік техникасын қадағалау мен талап етудің ережелері берілсе, «Денені жетілдіру» бөлімінде оқушылардың дене дайындығын арттыруға бағытталған және жалпы дене шынықтыру дайындығын жетілдіру құралдары туралы мәліметтер берілген.
Дене шынықтыру дайындығын жетілдіру құралдары ретінде бағдарламаға айқындалған маңызы бар базалық спорт түрлерінен (жүзу, шаңғымен жарысу, спорттық ойындар, жеңіл атлетика, акробатика элементтерімен гимнастика) дене шынықтыру жаттығулары мен қозғалыс әрекеттері және Қазақстандағы дене шынықтыру туралы тарихи ерекшеліктерді ашатын «Ұлттық ойындар» тақырыбы берілген.
Бағдарламаның ұйымдастыру-әдістемелік талаптары:
-
мұғалім өз тәжірибесіне сүйеніп, балалармен нақты жағдайдағы жұмыс дағдысына байланысты ұсынылған бағдарламаның қай бөлімін болмасын өзінің материалдарымен толықтыруға (немесе түзетулер енгізуге) құқылы;
-
«Гимнастика» тарауын («Жалпы дамытатын жаттығулар» және «Ырғақты гимнастика» бөлімдерін) меңгертуде қайсыбір қатаң тәртіпті сақтау міндетті емес;
-
мұғалім қай сыныпта болмасын балалардың даярлығы мен сабақтың нақты жағдайына қарай өз жұмысын ұйымдастырады;
-
оқушылардың тактикалық ойлауын дамытуға, дене қасиеттерін тәрбиелеуге әсерін ескере отырып, ең оңтайлы қозғалыс ойындарының мазмұны болуы қажет;
-
оқушылардың қозғалыс ойындарын игеруін тексеру мақсатында бақылау-сынақ алу сабақтары өткізілуі тиіс;
-
дене шынықтыру сабақтарының тиімділігі екі параметр бойынша бағаланады: а) бақылау оқу нормативтерінің нәтижелері; ә) мұғалімнің таңдауы бойынша бақылау оқу нормативтерінің нәтижелері.
«Шаңғы дайындығы» және «Жүзу» тараулары бойынша сабақтарды толық мәнінде жүргізуге мүмкіндігі жоқ республиканың аймақтарындаоларды алмастыру ұсынылады. Мектеп ұжымының педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша бұл сабақтар тиісінше дала жарысымен (кросс дайындығымен) және гимнастикамен (ырғақты, атлетикалық, кәсіби-қолданбалы) алмастырылуы мүмкін.
«Денсаулық күні» оқу жылы ішінде 3-4 рет каникул кезінде ұйымдастырылады.
«Дене шынықтыру» пәнін оқыту барысында оқушыларды топқа бөлу медициналық тексерістің нәтижесі көрсетілген анықтаманың негізінде іске асырылады.
«Дене шынықтыру» пәні сабақтарын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы әдістемелік құралдар әзірлеп, орталықтың сайтына орналастырған (www.nnpcfk.kz).
«ҚР бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» ҚР БҒМ 2012 жылғы 8 қарашадағы
№500 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР БҒМ 2013 жылғы 25 шілдедегі №296 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына сәйкес «Дене шынықтыру» пәні бойынша 5-9-сыныптарда оқу жүктемесінің көлемі:
5-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты;
6-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты;
7-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты;
8-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты;
9-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты құрайды.
5 Жалпы орта білім деңгейіндегі пәндерді оқыту ерекшеліктері
5.1 «Тіл және әдебиет» білім саласы
Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептері үшін «Қазақ тілі» пәні
Болашақ бағдарын айқындайтын Елбасының «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы Қазақстан дамуындағы аса маңызды межелерді анықтап берді.
Елбасымыз өз сөзінде «... Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік қазақтың перзенті. Қазақ елінің Ұлттық Идеясы – «Мәңгілік Ел» – деп, қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген жиі талқыға түсіп жүрген сауалға нақты жауап берді. Сондықтан бүгінгі ұрпақ үшін ұлттық идея айқын, ендігі міндет болашағымызға бағдар ететін – «Мәңгілік Ел» идеясын қалыптастыру жолында қызмет ету.
«Мәңгілік Ел» болып жасай беру, оны қорғау, Қазақстан мемлекеті оның тарихын жүйелей, саралай отырып «көздің қарашығындай» сақтау – әрбір азаматтың ұлттық тарихқа деген сүйіспеншілігі, үлкен қайсар шешімі екенін терең білу ортақ парызымыз. Мәңгілік Ел – тәуелсіздіктің өмір бойы жасай беретін философиясы. Әр қағидаларды терең меңгере отырып Отанымыздың көк байрағын желбірете беру үшін күреске ұмтылу, әр жастың өз жүрегінің тілегі, арманы болмақ.
Елбасының «Тәуелсіздік толғауы» туындысы 10-11-сыныптардың оқу бағдарламасына енгізілді. «Тәуелсіздік толғауын» оқытудың мақсат-міндеттері төмендегідей болмақ:
«Тәуелсіздік толғауы» туындаған Уақыт пен Кеңістіктің қазіргі сипатын білгізе отырып, оқушылардың «Толғауда» көтерілген мәселелерді сараптап талдай алуына қол жеткізу және Елбасының әр сөзіндегі мағынаны ұғып, ой қорытындысын жасауға мүмкіндік туғызу. Сөз иесі – Елбасының шешендік толғамын пайымдап, шешеннің Тұлғалық бейнесін тану. Елбасының сөзінен туындайтын міндеттерді саралау, ол міндеттердің шешілу жолдарын өздігінен ұсыну.
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұлттық жоспардың басты мақсаттарының бірі – оқыту методологиясы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту. Ол үшін мұғалім білім алушының бойына алған білімін практикалық жағдайда тиімді және әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек. Олар:
– басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті);
– ақпараттық (өз бетінше ақпарат көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау);
– әлеуметтік (қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті);
– тұлғалық ( өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақ өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу);
– азаматтық (қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, ділі, тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі);
– технологиялық (әр азамат өз мамандығына қарай ақпараттық технологияларды, сандық технологияны, білім беру технологияларын сауатты пайдалануы). Білім алушы осы аталған негізгі құзыреттіліктермен қатар пәндік құзыреттіліктерді (әр пәннің мазмұны арқылы) меңгеруі тиіс.
Еліміздің білім беру жүйесі тілді оқытуды дүниежүзілік стандарттық үлгілерге жақындастыруды және оларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын іздестіруді міндеттейді. Осыған сәйкес 10-11-сыныптардағы қазақ тілі пәні тілдің танымдық, коммуникативтік, кумулятивтік, экспрессивтік т.б. қызметтерін қатар әрі өзара бірлікте меңгертуді көздейді.
Жалпы орта білім беретін мектептерде қазақ тілін оқытудың мақсаттары мен міндеттері қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттардың ерекшеліктеріне сәйкес айқындалған.
Пәнді оқытудың басты мақсаты: ұлттық және әлемдік құндылықтарды салыстыра түйін жасай алатын, ҚР халықтары мен әлемдік қоғамдастықтың мәдениетін, қоғамда қолдануын талап етілетін тілдердің коммуникативтік құзыреттіліктерін игерген Тұлғаның даралануы мен әлеуметтенуіне мүмкіндік жасайтын тілдің лексика-фразеологиялық, грамматика-стилистикалық, мәдени-этикалық және шешендік нормаларын меңгерту.
Пәнді оқытудың міндеттері:
-
сөз байлығы ұғымына енетін лексика-фразеологиялық, морфологиялық, синтаксистік жүйелерді меңгерту;
-
тілдің табиғи қасиеттері мен функционалды қасиеттерін ажырата білгізу;
-
сөз мәдениеті мен шешендіктің бірлігін, сабақтастығын таныту;
-
шешендік өнердің тұлға қалыптастырудағы және тұлғаны әлеуметтендірудегі рөлін пайымдату;
Қоғамдық-гуманитарлық бағытта сөз мәдениеті және шешендік тілдің жоғарыда айтылған қызметтерін тереңдеп оқытуға бағытталған.
Жаратылыстану-математикалық бағытта оқушылар сөз мәдениеті мен шешендік өнердің талаптарын білуге ұмтылады. Сөз мәдениетінің нормалары өзіндік мені қалыптасып келе жатқан жастың тілінің қатысымдық қызметін орнымен пайдалануға, кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі.
Оқушылардың тілдік біліктілігін одан әрі жетілдіре түсу және сөйлеу мәдениетінің ерекшеліктеріне сай сөйлесім дағдыларын жетілдіру, пікірталас әдебін меңгерту мақсатында арнайы курстар ұйымдастырылады. Мысалы,
10-сыныпта: «Сөз байлығы»; «Тілдік норма және стиль», «Этнолингвистикалық атаулар сыры», «Сөз мәдениетінің негіздері»; 11-сыныпта: «Ұлттық шешендіктанудың алғашқы бастаулары», «Шешендік сөз – шеберлік өрнегі», «Журналистика және баспасөз негіздері», «Пікірталас мәдениеті» сияқты үлгі-тақырыптарды алуға болады.
Қазіргі таңда жалпы орта білім беру сапасын арттыру мақсатында білім беру жүйесінің даму бағыттарын айқындап, даму траекториясын белгілеу және соның негізінде күтілетін нәтижеге бағытталған құзыреттілік тұрғысынан білім беру жүйесін жетілдірудің қажеттілігі арта түсуде. Еліміздегі мемлекеттік тілдің бүгіні мен ертеңі, оны оқытудың, меңгертудің тиімді жолдары, бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі болып отырғандығы белгілі. Осыған орай, осы бағытта Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетін оқыту бойынша талдау жұмыстары жүргізілді. Қазақстандағы жалпы білім беретін қазақ тілді және қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту жайын, дайындық деңгейін зерделеп, аталған пәндер бойынша білім беру жағдайы мен дамуы туралы үш жылдың динамикалық және салыстырмалы талдауын көрсететін «Қазақстанда қазақ тілі мен әдебиетін оқыту бойынша талдамалы материалдар» әзірленіп, Академия сайтына (www.nao.kz) орналастырылды.
Үлгілік оқу жоспарына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыт: 10-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат; 11-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат.
Жаратылыстану-математикалық бағыт: 10-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат; 11-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
Әрбір тоқсанда алынатын бақылау жұмысының (тест, эссе, диктант, т.б.) саны сол сыныптағы апталық сағат санымен сәйкес келуі керек.
Достарыңызбен бөлісу: |