ОҚу жылында қазақстан республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы



бет9/22
Дата22.02.2016
өлшемі1.82 Mb.
#148
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22

Информатика

5-9-сыныптарда «Информатика» пәнін оқыту ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірде №115 бұйрығымен бекітілген оқу бағдарламаларының негізінде жүзеге асырылады.

«Информатика» пәнін оқытуда абстракция, модельдеу және программалау жолдары арқылы ақпараттық технологиялар құралдарын пайдалана отырып оқу үдерісінде практикалық дағдыларын дамытуға көп уақыт беруді көздейді.

«Информатика» оқу пәнін меңгеруде жүзеге асатын маңызды міндеттер:



  • информатика, алгоритмдеу, программалау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық модельдеу салаларында теориялық білімді және практикалық білік пен дағдыны қалыптастыру;

  • алгоритмдік, операциялық және сындарлы ойлау қабілеттерін, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдары арқылы оқушылардың логикалық, математикалық, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту;

  • жеке, топтық және өздігінен жұмыс істеу біліктерін қалыптастыру;

  • ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануда этикалық және құқықтық нормаларды сақтауда жауапкершілікпен қарауға, ақпараттық мәдениетке тәрбиелеу;

  • өзіндік ізденіс пен түрлі ақпарат түрлерін терең талдау машығын игеру болып табылады.

Бұл қойылған міндеттер негізінде пәннің оқу бағдарламасында информатиканы оқытудың дидактикалық міндеттері айқын көрсетілген.

Әрбір сыныпта информатиканың бірінші сабағы, есептеуіш техника кабинетінде қауіпсіздік техниканың ережелерін және жұмыс орнын ұйымдастыруына қайталауға арналады. Интернет желісіндегі жұмыстармен байланысты практикалық тапсырмаларды орындау барысында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттармен бірге этикалық және құқықтық аспектілерге маңызды көңіл бөлінеді.

Информатика пәнінің әдістемелік ерекшелігі қарқынды дамып келе жатқан әлем шартында оқушылардың АКТ құзыреттіліктерін дамыту болып табылады. Пәнді оқыту ақпараттық сауаттылық деңгейді көтеруге,  АКТ квалификациясы негіздерін білу және түсінуге, алгоритмдік және логикалық ойлау қабілеттеріне меңгеруге бағытталу керек.

Оқушылардың информатика пәніне деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында жобалық іс-әрекеттер ұсынылады. Әр сыныптар бойынша жобалық іс-әрекетті оқытуға жеке сағаттар бөлінген. Жобалау технологияларын қолдану информатика пәні бойынша ғана оқу сапасын көтеріп қоймайды, пәнаралық байланысты жасайды. Жобалық іс-әрекеттерге тақырыптарды мұғалім өз қалауы бойынша өткен тараулардан алуына болады. Жобамен жұмыс істеу барысында оқушылар топтасып немесе жеке жұмыстарын жоспарлау, мақсат қою, қажетті ақпаратты іздеу, гипотезаны ұсыну және дәлелдеу, эксперименттер жүргізу, өз жобаларын қорғаулары тиіс.



«Информатика» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

5-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;

6-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;

7-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;

8-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;

9-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат.



4.3 «Жаратылыстану» білім саласы
Ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» стратегиясының басты мақсаты тиімді экономика, мықты мемлекет негізінде экологиялық қауіп-қатер болдырмайтын және өз аумағының табиғатын сақтау мәселелерін шеше алатын салауатты азаматтық қоғам құру болып табылады. Ел Президенті анықтаған ғаламдық он сын-қатерінің бесеуі «Адам-қоғам-табиғат» арасындағы тепе-теңдікті сақтауға қатысты.

Ғылыми-жаратылыстану білім беру саласы оқушылардың бойында табиғат құбылыстары және заңдылықтары жайлы ұғым қалыптастырады; табиғатты танып-білудің ғылыми әдістерімен таныстырады. Ол адамға табиғаттың бір бөлігі ретінде тек табиғат әлемін түсінуге ғана емес, сонымен қатар бұл құбылмалы әлемде дүниетанымдық, мәдени және білікті тұлғаның қалыптасуына, жүйелі-құнды жеке тұлғалық тәрбие беруге бағытталған.

«Жаратылыстану» білім саласының пәндерін оқытудағы басты компоненттерінің бірі ғылыми-жаратылыстану сауаттылығы, яғни тұлғаның функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Халықаралық зерттеулердің нәтижелері бойынша қазақстандық мектеп оқушыларының ғылыми-жаратылыстану сауаттылығы деңгейінің төмендігі анықталды. Осыған байланысты «Жаратылыстану» білім саласы пәндерін оқыту барысында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру жұмысын күшейту қажет.

«Жаратылыстану» білім саласының мазмұны кіріктірілген, оның құрамына енгізілген пәндер: жаратылыстану, география, биология, химия, физика.

Негізгі орта білім деңгейінде географиялық білім қалыптастыру төмендегі пәндер бойынша жүзеге асырылады:


  • 5-сыныпта – «Жаратылыстану» пәні;

  • 6-9 сыныптарда – «География» пәні.


Жаратылыстану

«Жаратылыстану» оқу пәнінің мазмұны табиғатты ғылыми тұрғыдан танудың әдістерін ашады; Ғалам, Күн жүйесі, Жер ғаламшары, оның қозғалысы, пішіні, беткі қабаты, магниттік қасиеттері жайлы, атмосфера, гидросфера, литосфера және Жер ғаламшарындағы адам туралы түсінік береді; денелер мен заттар, олардың қасиеттері; Жердің тірі қабаты туралы; қоршаған орта және адамның ондағы орны туралы білім қалыптастырады.

Жаратылыстану курсын оқытудың мақсаты оқушылардың бойында ғылыми-жаратылыстану білімдерін, түсініктерін және саналы қоғамдастығы бар бірегей ғаламшар ретіндегі Жер туралы біртұтас көзқарастарын, табиғат пен қоғамның өзара жүйелі байланысын, жүйелі-кешенді ойлау мен функционалдық сауаттылықтарын дамытуды қалыптастыру болып табылады.

Оқытудың міндеттері: курс бастауыш мектепте алған білім, біліктілік және дағдынының сабақтастығын әрі қарай жалғастырады, сонымен қатар Отанын, туған табиғатын сүюге деген жоғары рухани ізгілікті, көптілділік және жеке тұлғаның жалпы мәдениеттілігін тәрбиелеуді жалғастырумен ұштастырылады; экологиялық білімді, денсаулыққа зиянсыз іс-әрекетті, табиғат құбылыстарын жоғары деңгейде түсіндіре білу және өз іс-әрекетінің қорытындыларын алдын-ала болжауды жүзеге асыру дағдыларын қалыптастыру, табиғат ресурстарын қалпына келтіру, өзгерту, зерттеу барысында қолданылатын жаратылыстану ғылымдары әдістерімен оқушыларды таныстыру жалғастырылады; қоршаған ортаны танудың ғылыми жаратылыстану тәсілдерін пайдалану дағдылары (бақылау, өлшеулер, тәжірибелер, зерттеу жұмыстарының жоспарын жасау, нәтижелерді талдау және қорытындыларды тұжырымдау) дамытылады.

5-сыныптағы жаратылыстанымдық білім мазмұны келесі принциптер бойынша құрылған: оқытудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келу; оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болу; оқу пәні мазмұнының «Дүниетану» курсы мазмұнымен сабақтастығы; ғылыми-жаратылыстанымдық білім берудің практикалық-қолданбалы бағытын, функционалдық сауаттылықты және өлкетану аспектілерін жүзеге асыру.

Жаратылыстануды оқыту жалпы қажетті құралдар және арнайы аспаптармен, географиялық карталармен, атластармен, баспа құралдарымен, аудио және бейне материалдармен, басқа да техникалық оқыту құралдарымен арнайы жабдықталған сынып бөлмесінде жүзеге асырылады.

Қарастырылатын сұрақтардың алуан түрлілігіне және оқушылардың бойында табиғат, табиғи үдерістердің біртұтастығы жайлы көзқарасты қалыптастыру себебіне байланысты географиялық циклдің құрамына кіреді, өзінің мағынасы мен мазмұнына қарай кіріктірілген курс болып табылады.

Бақылаулар және практикалық жұмыстар мектептің оқу-тәжірибелік үлескісінде өткізіледі. Міндетті түрде бағаланатын (екі) практикалық жұмыс нөмірмен белгіленген.

5-сыныпта «Жаратылыстану» пәні бойынша сағат саны аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағатты құрайды.
География

Мектептiң бiлiм беру жүйесiнде жас ұрпақты жан-жақты дамыту мен тәрбиелеуде, патриоттық сезімдер мен ұлттық сана, жалпы және географиялық мәдениет, қоршаған ортаға деген саналы қарым-қатынас қалыптастыруда, функционалды сауатты, шығармашыл тұлға тәрбиелеуде, Жер бетiндегі тiршiлiктi сақтауда, табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершiлiкті сезiнуде, қазіргі әлемде Қазақстанның орнын түсінуде және ел әлеуетін көтерудегі өз үлесін ұғынуда география пәнi үлкен рөл атқарады.

Білім берудің негізгі орта деңгейінде географияны оқытудың мақсаты – оқушылардың бойында ғылыми жаратылыстану білімін, саналы бірлестігі бар ғажайып ғаламшар ретіндегі Жер туралы түсініктері пен көзқарастарын дамыту, табиғат, қоғам және экономиканың жүйелі байланысы туралы; қазіргі география ғылымы, оның жетістіктері мен адамзат алдында тұрған маңызды проблемаларды шешудегі рөлі туралы түсінік қалыптастыру; географиялық ойын қалыптастыру; Қазақстандағы және дүниежүзіндегі табиғи, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық үдерістердің географиялық аспектілерін анықтау үшін қажет табиғат дамуының заңдылықтары, халықтың және шаруашылықтың орналасуы, географиялық кеңістікте болып жатқан үдерістердің динамикасы мен аумақтық ерекшеліктері туралы кешенді әлеуметтік-бағдарлы географиялық білім жүйесін қалыптастыру.

Оқыту мақсаттарына сәйкес «География» пәнін оқытудың келесі міндеттері анықталды: география ғылымы және Жер туралы серіктес ғылымдардың негізін меңгерту; планета табиғатының дамуы туралы ғылымикөзқарас дамыту; табиғат ресурстарын үнемді де тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға, табиғи және экологиялық жағдайды бағалау мен болжауға қажетті білім мен біліктілікті меңгерту; оқу еңбегіне қажетті біліктілік пен дағдыларды қалыптастыру, зерттеушілікке құштарлықты, зейін және байқағыштықты, логикалық ойлауды, есте сақтау қабілетін, сөз шеберлігін және көптілділікті, қиялдауды дамыту; географиялық, саяси, экономикалық, басқа да ғылыми және әдістемелік ақпаратты, карталарды, мерзімді баспасөз басылымдарын, ғаламторды, білім берудің цифрлық ресурстарын қолдана білу дағдыларын дамыту; өз өмірі және әрекеті барысында географиялық білімді тиімді пайдалана білуі үшін білім, дағды және шеберлікті меңгерту; жоғары отансүйгіштік сезімге, Қазақстан Республикасының Конституциясын сыйлауға тәрбиелеу, белсенді өмірлік көзқарас қалыптастыру.

География курсының құрылымы мен мазмұнын іріктеу барысында оқу материалын оқудағы бірізділік принципі және пәнаралық байланысты жалғастыру тәсілі негізге алынған, 6–9-сынып оқушыларының жас ерекшеліктері ескерілген, оқыту үдерісінің тұлғалық-бағдарлану тәсілі қарастырылған.

6-7-сыныптардағы «География» оқу пәнінің мазмұны оқушылардың бойында Жер туралы жалпы түсінік қалыптастыруға; жергілікті жерде, план, карта бойынша бағдарлау тәсілдерін; Жер қабықтары; жалпы географиялық заңдылықтар; материктер және мұхиттар табиғат кешендерінің қалыптасу тарихы мен географиялық ерекшеліктері туралы түсінік беруге бағытталған.

8-9-сыныптардағы «География» оқу пәні оқушыларды Қазақстанның физикалық және экономикалық-географиялық жағдайымен, елдің табиғи және шаруашылық ерекшеліктерімен, оның табиғи және экономикалық аймақтары, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық байланыстары және Қазақстанның дүниежүзілік экономикадағы орны туралы білім қалыптастырады. «Ел шаруашылығы», «Тұрақты даму», «Даму стратегиясы», «Жасыл экономика» терминдерінің ғылыми-теориялық және практикалық мәнін зерделеу, сонымен қатар олардың аймақтық және жергілікті мәнін түсіну, Қазақстан Республикасы жаһандық геоэкономикалық кеңістікте ұлттық «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру аясында тұрақты дамып келе жатқан ел туралы ғылыми негізделген көзқарасты қалыптастыру және дамыту маңызды болып табылады.

Пәнді оқытуда сыныптан тыс, экскурсиялық-экспедициялық жұмыстар ұйымдастыру, қолданбалы курстар өткізу және сабақ барысында өлкетану аспектісі қамтылуы қажет. Оқушылар картографиялық жұмыстар, далалық зерттеулер мен практикалық жұмыстар орындау, түрлі диаграммалар мен кестелер құрастыру, экономикалық, тарихи-географиялық нысандар мен оқиғаларды суреттеу, табиғи және экономикалық құбылыстар мен үдерістерді бақылау барысында алған білімдерін дамытады.

Сабақ барысында орындалатын практикалық жұмыстар, географиялық құбылыстарды бағалауға, болжауға, түсіндіруге, сипаттауға, анықтауға, сонымен қатар картамен, оның өлшеуіш ресурстарымен жұмыс істеуге бағытталған. Міндетті түрде бағаланатын практикалық жұмыстар нөмірмен белгіленген.

Ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын қалыптастыру аясында сабақтарда практикалық бағытта ойлауды, география пәнінен алған білімді сабақта, сабақтан тыс және өмірлік түрлі жағдайларда қолдану біліктілігін қалыптастыратын тапсырмалар қолдану ұсынылады. Оқу тапсырмаларын әзірлеу барысында халықаралық PISA, TIMSS зерттеулерінің үлгі тапсырмалар жүйесіне сүйену қажет.

Бақылау түрлері: бақылау, өздік жұмыстары, тест тапсырмалары, ауызша сұрақ-жауап.

Ағымдық бақылау жұмыстарын жазбаша және ауызша түрде жүзеге асыруға болады. Ағымдық жазбаша бақылау жұмыстарын өздік жұмыс немесе тест тапсырмалары арқылы өткізуге болады.

Тақырыптық бақылау бағдарламаның жекелеген бөлімдері мен тақырыптарының негізгі сұрақтарын таңдау арқылы жазбаша түрде өткізуге болады.

Қорытынды бақылау жұмысын аралас сипаттағы жұмыстар немесе кешенді тестілеу арқылы өткізуге болады.

Оқушылардың ғылыми жаратылыстану сауаттылығын дамытуда мұғалімдерге көмек көрсету мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы:

1) «PISA, TIMSS зерттеулерінің тапсырмалары негізінде оқушылардың ғылыми жаратылыстану сауаттылықтарын дамыту» әдістемелік құралын әзірледі. Әдістемелік құралда PISA, TIMSS зерттеулерінің тапсырмалары негізінде оқушылардың ғылыми жаратылыстану сауаттылығын дамыту бойынша әдістемелік ұсыныстар және оқушылардың білім жетістігін халықаралық зерттеуде қолданылған тапсырмаларының үлгілері қамтылған.

2) халықаралық зерттеу тапсырмаларын орындау бойынша әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулар: халықаралық зерттеу тапсырмаларын орындау бойынша практикум. Практикумда халықаралық зерттеу тапсырмаларының ерекшеліктері көрсетілген, тапсырмаларды орындау бойынша әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулар, сонымен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған тапсырмалардың нұсқалары берілген.

3) «PISA-2015 халықаралық зерттеулерге дайындықты әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» әдістемелік жинағы. Жинақта PISA зерттеулері тапсырмаларының негізінде оқушылардың ғылыми жаратылыстану сауаттылығын дамытуға бағытталған тапсырма үлгілері берілген.

Аталған құралдар Академияның сайтында (www.nao.kz) орналастырылған.

«География» пәнінің сағат саны:

6-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты;

7-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты;

8-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты;

9-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты құрайды.
Биология

Ғылыми-жаратылыстану жүйесінде «Биология» әлемнің ғылыми-жаратылыстану сипатын қалыптастыруда, оның қоршаған ортадағы орнын адамның танып-білуінде, оның тұлғалық қасиеттері мен азаматтық көзқарасын қалыптастыруда түйінді рөл атқарады.

Биология пәнін оқытудың мақсаты – табиғат заңдылықтары мен адамның табиғатпен тиімді қарым-қатынасы туралы білім негіздерін қалыптастыру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын және шығармалық қабілеттерін дамыту.

Осы мақсатқа қол жеткізу келесі міндеттерді шешу арқылы қамтамасыз етіледі:



  • оқушылардың органикалық табиғатты оқып білуге деген танымдық қызығушылығын дамыту; органикалық әлемнің біртұтас бейнесі туралы түсінік қалыптастыру; оқушылардың тірі табиғат пен өмірлік құбылыстардың, себеп-салдар байланыстарының заңдылықтары туралы білімін жүйелі меңгеруі; оқушылардың биология аясындағы танымдық тәсілдерді меңгеруі;

  • оқушылардың ғылыми-жаратылыстану жүйесіндегі басқа пәндердің мазмұнымен кіріктіру арқылы білімдерін қалыптастыру;

  • оқушылардың функционалдық сауаттылығын, табиғатты үнемді пайдалану және қорғау, медицина, ауыл шаруашылығы, биотехнология аумағында еңбек ету дағдыларын қалыптастыру;

  • зерттеу дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамыту, сыни тұрғысынан ойлау, өздігінен іздену және ақпаратты терең талдау дағдыларын қалыптастыру;

  • биологияның гуманистік рөлін, оның тұрақты дамудағы, жасыл экономиканы жүзеге асырудағы маңыздылығын, адамзаттың экологиялық, ауыл-шаруашылықтық, өндірістік, энергетикалық проблемаларын шешудегі рөлін ашып көрсету;

  • тұлғаны табиғатты сүюге тәрбиелеу, олардың патриоттық сезімдері мен азаматтық көзқарастарын қалыптастыру.

6-9-сыныптарда «Биология» пәнін оқыту орта мектептерге арналған оқу бағдарламасына сәйкес (ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген) жүргізілуі тиіс. Практикалық және лабораториялық жұмыстарға, функционалдық сауаттылық пен шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру мақсатында, әсіресе, ғылыми жобаларға ерекше көңіл бөлу қажет.

6-сыныпта биологияны оқудың ерекшелігі «Өсімдіктер» бөлімін оқып білу болып табылады. Оқу материалы «Өсімдіктер» дүниесінің маңызы және Жер бетіндегі өсімдіктер әлемінің көптүрлілігі, өсімдіктердің табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы, олардың жасушалық құрылысы туралы түсініктер қалыптастыруға бағытталған. Оқушылар ауылшаруашылығы өсімдіктерінің көптүрлілігімен, олардың экологияға әсерімен, сонымен қатар өсімдіктердің жүйелеуімен және жер бетіндегі органикалық дүниенің көптүрлілігімен – вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар, қыналармен танысады. Оқу материалын игеру барысында өсімдіктерді зерттеу бойынша бақылау және практикалық, зертханалық жұмыстар жүргізу арқылы оқушылардың зияткерлік, шығармашылық қабілеттері дамиды.

Биологиялық танымдылықтың теориясын, заңдары мен заңдылықтарын, түсініктерін, ғылыми және логикалық әдістерін меңгерген, салауатты өмір салты, экожүйелер мен түрлердің көптүрлілігін қорғау, сақтау туралы білімдерін тиімді пайдалана білетін жеке тұлғаны дайындау және тәрбиелеуді жетілдіру көзделеді.

7-сыныпта биологияны оқудың ерекшелігі жануарлар дүниесін, жануарлардың көптүрлілігі, олардың Жер бетінде таралуы; жануарлардың құрылысы және жүйеленуі; табиғаттағы және адам өміріндегі жануарлардың маңызы оқылатын «Жануарлар» бөлімін оқып білу болып табылады. Оқушылар жабайы және үй жануарларын, олардың табиғаттағы өзара байланысын, жануарлардың табиғи бірлестіктердегі орны мен рөлін оқып біледі. Жануарлар тіршілігінің адамға тәуелділігін анықтайды. Жануарларға жағымсыз және жағымды қамқорлық жасаумен, жануарлар әлемін қорғаумен танысады. Қазақстан табиғатының ерекшеліктеріне сәйкес нақты жануар түрлеріне байланысты ақпарат қарастырылады. Оқушылар сонымен қатар өздерінің теориялық білімдерін практикада және зертханалық жұмыстар орындауда пайдалана алады.

8-сыныпта биологияны оқудың ерекшелігі «Адам және оның денсаулығы» бөлімін оқып білу болып табылады. Алдымен ұлпа жасушасының, мүшелер және мүшелер жүйесінің, тұтас организмнің құрылысы туралы білімдерді қамтитын жалпы мәселелер қарастырылады, одан кейін организм қызметінің жүйкелік және гуморальдық реттелуі оқылады. Адамның биологиясын барлық қырынан қарап зерттеу анатомия, морфология, физиология, адам гигиенасы, салыстырмалы цитология және гистология арқылы жүзеге асырылады.

Оқушылар қоршаған ортада және адамның тіршілігінде жүріп жатқан заңдылықтар мен процесстер (зат және энергия алмасу, онтогенез) туралы білімді меңгеру, күрделі емес тәжірибе-эксперименттік мәселелер шешу; салауатты өмір салты түсінігін меңгеру, оқыған материалына талдау жасап, жіктеп, кесте құрып, сызбанұсқалар құрастырып үйрену; ақпаратпен жұмыс істеудің түрлі тәсілдерін оқып үйрену, алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін игеру және адамның жасушасы, мүшелер және мүшелер жүйесі туралы білімдерін қалыптастыру.

9-сыныпта биологияны оқудың ерекшелігі «Жалпы биология негіздері» бөлімін оқып білу болып табылады. Биологияны оқытудың негізі – тірі организмдердің жалпы құрылымдық ұстанымдарын меңгеру, «Жердегі тіршіліктің пайда болуы» туралы түсінік қалыптастыру; «эволюция ілімі, генетика және селекция негіздері, организмдер мен ортаның арақатынасы» туралы білім беру, сонымен қатар тірі организмдердің негізгі құрам бөліктері және қасиеттері туралы біліктіліктерін қалыптастыру, тірі организмдер жасушасының құрылысы мен қызметі, реттелуі және гомеостаз, көбейуі мен дамуы ұғымдары бойынша Жалпы биология білімдерін оқушылар меңгереді.

Биология пәнін оқыту арнайы кабинетте, оқу-көрнекілік құралдар мен жабдықтар, көрсетілімдік және зертханалық аспаптар, ғаламтор, техникалық оқыту құралдармен жабдықталған жағдайда жүзеге асырылады.

Білім берудің негізгі орта деңгейінде оқушылардың жеке дамуы жалғасады, игерген білімдерін табиғатты тиімді пайдалануға және табиғатты қорғауға медицина, ауыл шаруашылығы, биотехнология салаларында пайдалануы іске асырылады. Оқушылар тәжірибе жүзінде салауатты өмір салты және адам гигиенасы бойынша білімдерін пайдаланады; тіршіліктің мәнін ең жоғарғы құндылық ретінде түсінгенін көрсетеді.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мақсатында келесі бағыттағы жұмыстарды орындау ұсынылады:



  • оқытуды оқу материалын дидактикалық материалдар мен мультимедиялық ресурстарды пайдаланып игеруге бағыттап ұйымдастыру;

  • түрлі ақпарат көздерімен: қосымша оқу және анықтамалық әдебиеттермен, мәліметтердің электрондық базасымен өздігінен жұмыс істеп үйренуді дамыту;

  • диаграммалар, сызбанұсқалар, талдап жинақталған қорытынды кестелер құрастырып, оқу материалын суреттеп, сипаттап, салыстырып, талдап үйренуді қалыптастыру;

  • оқытуды өмірмен, биологиялық процестермен, экологиялық аспектілермен байланыстыру және салауатты өмір салтын сақтау;

  • зертханалық тәжірибелерді, практикалық жұмыстарды және зерттеу жобаларын, шығармашылық тапсырмаларды өздігінен орындауды ұйымдастыру;

  • оқыту процесінде аймақтық құрамдас бөліктерді пайдалану, жергілікті флора мен фаунаны сақтау;

  • оқушылардың сөздік және терминологиялық қорын байыту үшін жүйелі жұмыстар жүргізу, қажетті дәлелдемелер жүргізу, қорытынды және жалпылама қорытынды жасау.

Сонымен қатар, оқушылардың ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын дамыту аясында биологиялық білімді өмірлік тәжірибеде, оқу және оқудан тыс әртүрлі жағдаяттарда қолдана білу біліктілігін қалыптастыруға бағытталған практикалық тапсырмаларды сабақта пайдалану ұсынылады. Бұл тапсырмаларды әзірлеу және сабақта пайдалану барысында PISA, TIMSS халықаралық салыстырмалы зерттеулерінің тапсырмаларына сүйену қажет.

Осы тұрғыда мұғалімдерге көмекші ретінде «PISA, TIMSS зерттеулерінің тапсырмалары негізінде оқушылардың ғылыми жаратылыстану сауаттылықтарын дамыту», «Халықаралық зерттеулер тапсырмаларын шығару бойынша әдістемелік ұсыныстар және нұсқаулар: халықаралық зерттеулер тапсырмаларын шығару бойынша практикум», «PISA-2015 халықаралық зерттеуге дайындықты әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» әдістемелік құралы әзірленіп, Академия сайтында орналастырылған (www.nao.kz). Әдістемелік құралда PISA, TIMSS зерттеулерінің тапсырмалары негізінде оқушылардың ғылыми жаратылыстану сауаттылығын дамыту бойынша әдістемелік ұсыныстар берілген. Оқушылардың білім жетістіктерін зерттеуде қолданылған тапсырмалардың және олардың нұсқаларының үлгілері көрсетілген.



Ескерту. 6-9-сыныптарда зертханалық жұмыстар оқылатын тақырыппен бірге жұмыс дәптеріне орындалады. Оқушылардың зертханалық жұмысты орындауын бағалау мұғалімнің шешімі бойынша бағаланады және сынып журналына қойылады.

6-сыныптың оқу материалын оқып-үйрену үшін 2015 жылы басылып шыққан 6-сыныпқа арналған оқулықты пайдалану қажет.

7-сыныптың оқу материалын оқып-үйрену үшін бірінші жартыжылдықта 6-сыныпқа арналған 2011 жылғы оқулықтың «Жануарлар» бөлімін, екінші жартыжылдықта 7-сыныпқа арналған 2012 жылғы оқулықтың «Жануарлар» бөлімін пайдалану қажет.

Бұл биологиялық заңдылықтарды зерттеудің бұзылған бірізділігін, түсініктілігін түзетуге, бағдарламалық материалдың бірізді жоспарлануын ескере отырып қарапайым биологиялық ақиқаттылықтан күрделіге ауысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заманауи қоғамның ақпараттандырылған жағдайында пән мұғалімі қосымша материалдарды (қосымша эвристикалық әдебиеттерді, электрондық ресурстарды, арнайы әдебиеттерді, анықтамаларды және өзінің шығармашылығын) пайдалануы және оқушылардың пән бойынша ақпараттарды табу, өңдеу біліктерін қалыптастыруы қажет.

«Биология» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

6-сыныпта аптасына 2 сағат, барлығы 68 сағат;

7-сыныпта аптасына 2 сағат, барлығы 68 сағат;

8-сыныпта аптасына 2 сағат, барлығы 68 сағат;

9-сыныпта аптасына 2 сағат, барлығы 68 сағат.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет