ОҚу жылында қазақстан республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы



бет8/22
Дата22.02.2016
өлшемі1.82 Mb.
#148
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22

Шетел тілі

Негізгі орта білім деңгейіне арналған шетел тілі курсы жалпы орта білім деңгейінде оқыту дайындығына бағытталған, яғни ол шетел тілін меңгерудің жалпы еуропалық А1, А2, А2+ деңгейлеріне сәйкестендірілген:

5-сынып – А1 («Бастапқы игерім 1»);

6-сынып – А1 («Бастапқы игерім 1.1»);

7-сынып – А2 («Қалыптасу қарсаңындағы игерім 1»);

8-сынып – А2 («Қалыптасу қарсаңындағы игерім 1.1»);

9-сынып – А2+ («Қалыптасу қарсаңындағы игерім 2»).

Негізгі орта білім беру деңгейінде шетел тілін оқытудың мақсаты – оқушылардың тілді меңгерудің жалпы еуропалық А1, А2 қалыптасу алдындағы деңгейге сәйкес мәдениетаралық коммуникативтік біліктерін қалыптастыру мен дамыту, оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамыту.



Оқыту міндеттері:

  • жаңа тілдік құралдарды (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, орфографиялық) және шеттілдік қарым-қатынас жасауда оларды қолдануды меңгеру;

  • коммуникативтік біліктіліктерді сөйлеу әрекетінің төрт түрінде – тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым шетел тіліндегі қарым-қатынаста жүзеге асыру;

  • оқушыларға үйреніп отырған тілі негізінде сол елдің мәдениетіне, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына қатыстыру;

  • шеттілді мәдениаралық қарым-қатынас жағдайында өз елін және оның мәдениетін таныстыра білу шеберлігін қалыптастыру;

  • ақпаратты қабылдау кезінде тілдік құралдардың жетіспеушілігі жағдайында бейімделу шеберлігін қалыптастыру;

  • ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оқушыларға түсінікті тәсілдер мен құралдарды қолдана отырып жалпы және арнайы іскерліктерді қалыптастыру мен жетілдіру;

  • қазіргі заман жағдайында оқушылар шетел тілінің орнын, болашақ маман иесі ретінде аңғаруы, өзін-өзі бақылау, өзіндік талдау және тілдік коммуникативтік дамуын өзіндік бағалау стратегиясын меңгерту;

  • алынған жалпы оқыту іскерліктерін, дағдылар және біліктерін оқу-танымдық құзыреттіліктерді дамытуға кіріктірілетін оқу және іс-тәжірибелік міндеттерді шешу мақсатында қолдану;

  • ұлттық өзіндік сана-сезімді, әртүрлі қоғамдастық адамдарының арасындағы өзара түсіністікке ұмтылысты және өзге мәдениет белгілеріне толеранттық қарым-қатынасты дамыту.

Берілген кезеңде әуелгі кезеңнің тақырыптары мен сөйлеу аясы кеңейіп, оларға жаңа сөйлеу тақырыптары қосылады. Қатысымдық-сөйлеу іс-әрекеті бір кезеңнен екінші кезеңге өтіп, репродуктив әрекеттен репродуктив-нәтижелі әрекетке, кейіннен нәтижелі әрекетке қарай дамиды.

5-7-сыныптарда айтылым дағдыларын (диалогтік және монолог сөз) дамыту үшін нәтижелі жаттығуларды, яғни берілген репликалармен диалог құру, үлгі-диалогтарды дыбыстау қолданылады. Жаттығулар шығармашылық сипатта болуы мүмкін. Монолог сөз дағдыларын дамытуда тірек сөздер, жоспар, логикалық сызба, ассоциациядан тұратын нәтижелі, репродуктив жаттығулар, т.б. қолданылады. Оқу материалын жақсы меңгеру үшін жаттығуларды алдымен жазбаша, кейін ауызша түрде орындауға болады.

5-7-сыныптарда «Шетел тілі» оқу пәнін игертуде белгілі бір нәтижеге қол жеткізіледі:


  • шетел тілін меңгерудің мотивациясын қалыптастыру және «Шетел тілі» пәнін білім беру бағытында өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу;

  • «Шетел тілі» оқу құралдары арқылы өзін көрсету мүмкіндігін сезіну;

  • тұтастай жеке сөйлеу мәдениетін жетілдіруге ұмтылу;

  • мәдениеаралық және этникааралық қарым-қатынаста коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру.

8-9-сыныптарда (А2 оқу деңгейі бойынша) қатысымдық-мәдениетаралық құзыреттерінің барлық компоненттерін дамыту жалғаса береді: грамматикалық және лексикалық минимум кеңейтіледі, тілдік және сөйлеу дағдылары нығайтылады, дискурсивті және әлеуметтік-мәдени біліктері дамиды. Бұл кезеңде үлгіге қарамай, вербальдық тірексіз байланысқан сөйлем құру қабілетін қалыптастыру қажет.

Көптілді білім беруді енгізу жағдайында ағылшын тіліне ерекше назар аударылады. Көптілді мектептерде ағылшын тілін тереңдете оқыту көзделген.

5-7-сыныптарда лексикалық минимумды қалыптастыру, ағылшын тілінде оқытылатын пәндер бойынша бастапқы терминологиялық сөздікті әзірлеу ұсынылады.

8-9-сыныптарда лексикалық минимум артады, ағылшын тілінде оқытылатын оқу пәні курсының көлемі кеңейеді.

Шетел тілі сабақтарында оқушылардың тұлғалық қасиетін қалыптастырудың маңызды аспектісі «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру болып табылады:


  • оқушылар бойында шетел тілінің қазіргі адам өмірінде және көпмәдениетті әлемдегі рөлі мен маңыздылығы туралы таным қалыптастыру, шет тілін қолдануда мәдениетаралық қарым-қатынаста басқа халықтар әлемі мен мәдениетін тану құралы ретінде жаңа тәжірибе жинақтау;

  • азаматтық теңдікті, өз халқы, туған өлкесі, өз елі үшін патриотизм мен мақтаныш сезімін, өз этникалық және ұлтқа қатыстылығын сезіну, тілдерді және мәдениеттерді меңгеру арқылы жалпы қабылданған адамзаттық және базалық ұлттық құндылықтарды дамыту;

  • коммуникативтік құзыреттіліктері мен мәдениетін қалыптастыру, яғни өзінің сөйлесу мүмкіндігіндегі деңгейіне қарай ауызша (айтылым және тыңдалым) және жазбаша (оқылым және жазылым) әр-түрлі үлгіде тілді таратушымен қарым-қатынаста қабілеттілігі мен дайындығын, коммуникативтік шешімдер мен әңгімелесу әдебіне сәйкес барынша кең көлемде сөйлесу және сөйлесуден басқа құралдарды тепе-тең пайдалану;

  • ағылшын тілді елдердің мәдениетімен танысу арқылы өзге (бөгде) мәдениетке құрметпен қарау қатынасын қалыптастыруды жалғастыру;

  • ауызша және жазбаша қатынаста шетел тілінде өзінің төл мәдениетін таныстыру қабілетін одан әрі дамыту.

Ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мақсатында шетел тілі пән мұғалімдеріне ұсынылатыны:

  • оқыту материалдарының түпнұсқасын пайдалану (аудио-бейнежазбалар, фильмдер, әндер, ғылыми және ойын-сауық журналдарынан мақалалар);

  • сипаттау дағдысын қалыптастыру үшін ақпараттармен жұмыс жасау, шетел тілінде сипаттама беру, салыстыру, талдау, диалог жүргізу, пікірталас, қажетті дәлелдемелер келтіру, жинақтау және қорытынды жасау;

  • оқушылардың сөздік қорын байыту мақсатында өз бетінше анықтамалармен және энциклопедиялық әдебиеттермен, электронды ресурстармен жұмыс істеуге үйрету.

Үлгілік оқу жоспарына сәйкес «Шетел тілі» пәні бойынша апталық оқу жүктемесінің көлемі:

5, 6, 7, 8, 9-сыныптарда аптасына 2 сағаттан, жылына әрбір сыныпта 68 сағатты құрайды.



4.2 «Математика және информатика» білім саласы
Негізгі орта білім деңгейінде математиканы оқыту келесі мақсаттарға жетуге бағытталған: практикалық жағдайларда қолдану және салалас пәндерді игеру үшін қажетті математикалық білім мен біліктілік жүйесін меңгеру; математикалық білім беруді жалғастыру; практикалық есептерді шығару құралы ретінде математикалық тілді меңгеру, математикалық сауаттылықты дамыту.

5-9-сыныптарда математика курсын оқытуға бөлінген сағат саны алдыңғы сыныптарда игерілген математикалық білімдерін қайталауға, тереңдетуге және жүйелеуге, сонымен қатар есептеу дағдыларын және басқа да бағдарламалық біліктерін тиянақтауға мүмкіндік береді. Бұл өз алдында оқытудың келесі курстарында математикалық материалды толығымен игеруге және жаратылыстану-математикалық цикл пәндерінің материалдарын игеруге ықпал етеді.

Математиканы оқыту барысында әртүрлі адами іс-әрекеттер саласында кездесетін кең ауқымды өмірлік есептерді шешу үшін білім мен біліктерді пайдалану дағдыларын кеңейтуге, яғни функционалдық сауаттылықты дамыту бойынша жұмыстарға көңіл аудару керек.

TIMSS, PISA халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысатын республикамыздағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларының математикалық сауаттылығы нәтижесін жақсарту және білім сапасын арттыру мақсатында математика сабақтарында меңгерген білім, біліктілігін тәжірибеде және күнделiктi өмiрде қолдана білуге бағытталған практикаға бағдарланған тапсырмаларды пайдалану ұсынылады.

Осы тұрғыда мұғалімдерге көмек ретінде келесі құралдар әзірленді:

1) «PISA, TIMSS зерттеулерінің тапсырмалары негізінде оқушылардың математикалық сауаттылықтарын дамыту» әдістемелік құралы. Бұл әдістемелік құрал PISA, TIMSS зерттеулері тапсырмалар негізінде оқушылардың математикалық сауаттылығын дамыту бойынша әдістемелік нұсқаулықтар берілген. Оқушылардың білім жетістіктерін анықтаудағы халықаралық зерттеулерде қолданылған тапсырмалар енгізілген.

2) «Халықаралық зерттеулер тапсырмаларын шығару бойынша әдістемелік ұсыныстар және нұсқаулар» халықаралық зерттеулер тапсырмаларын шығару бойынша практикумы. Практикумда оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша халықаралық зерттеулер тапсырмаларының ерекшеліктері келтіріліп, халықаралық зерттеулер тапсырмаларын шығару бойынша әдістемелік ұсыныстар және нұсқаулар, сондай-ақ тапсырмалар нұсқалары берілген.



3) «PISA-2015 халықаралық зерттеуге дайындықты әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» әдістемелік жинағы. Жинақта PISA халықаралық зерттеулерінің тапсырмалар негізінде құрастырылған оқушылардың математика сауаттылығын дамыту бойынша тапсырмалар берілген.

Аталған құралдар Академияның сайтында орналастырылған (www.nao.kz).

5-6-сыныптарда «Математика» пәні оқытылады.

7-9-сыныптарда математиканы саралап оқыту, яғни алгебра және геометрияның жүйелі курстарын оқыту басталады.


Математика

5-6-сыныптардағы математика пәні – орта білімнің бастауыш және негізгі деңгейінде оқушыларға математиканы оқытуда сабақтастық пен болашақты қамтамасыз ететін кіріктірілген оқу пәні.

5-6-сыныптарда математиканы оқытудың мақсаты: оқушыларды математикалық материалды түсінуін қамтамасыз етуге бағытталған математикалық қызметке қатыстыру және ой-өрістің дамуы арқылы математиканың базалық негізін сапалы меңгеруді қамтамасыз ету; ұлттық және жалпыадами құндылықтар негізінде талдау жүргізудің практикалық дағдысы мен біліктігін иелену, ойлаудың математикалық стилін қалыптастыру; негізгі орта білім деңгейінде алгебра мен геометрияны игерудің практикалық негізін жасау.

Оқыту міндеттері: көрнекі-бейнелік және логикалық ойлауды, оқу уәжін, өздігінен білім алу қабілетін, математика тілінде сөйлеуді, талдау мен дәлелдеулер жүргізу және қарапайым зерттеу есептерін шығару біліктігін қалыптастыру; тұлғаның интеллектуалдық қасиеттерін (логикалық ойлау, интуиция, танымдық қызығушылығын, өздігінен жұмыс атқару, жігерлілік және т.б.) және алгебраның базистік негізін сапалы меңгертуді қамтамасыз ету; оқушылардың тұжырымдарды талдау және дәлелдеу білігін, ойлау қабілетін, әр оқушының математикалық интуициясы мен шығармашылық қасиеттерін дамыту; өздігінен жұмыс атқару дағдыларын дамыту; берілген тақырып бойынша оқушыларға өздігінен есептер құрастыру мен оларды шығаруға мүмкіндік беру.

5-6-сыныптардағы математика пәнін оқытудың ерекшеліктері – нақты мысалдарды қолдана отырып, материалды индуктивті негізде беру. Сабақтастық принципін сақтай отырып, 5-сыныптағы математика курсын оқыту бастауыш сыныптарда игерілген материалдар жүйелеу мен жаңаны қоса беруден басталады. Бұл курс өзінің практикалық бағдарымен ерекшеленеді және жоғары сыныптарда математиканы оқу үшін қажетті дағдыларды қалыптастыруға, сонымен қатар оқушыларға өмірге қажетті маңызды дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Айқын емес (терминологияларды пайдаланбай) ұғымдардың анықтамаларын енгізу, алынған қорытындыларды негіздеу (ережелер, қасиеттердің тұжырымдамалары және т.б.) арқылы теорияны дедуктивті жолмен түсіндіруге дайындық жүргізу. Математика пәнін оқыту көрнекі-бейнелі ойлауды дамытумен; көрнекілікті кеңінен қолданумен; оқушыларды геометрияны жүйелі меңгеруге, басқа пәндерді меңгеруде және сонымен қатар күнделікті өмірде геометриялық біліктерін пайдалануға даярлаумен жүзеге асырылады. Оқушылардың теориялық білімдерін практикаға көшіру қабілеттерін дамытуға арналған мәтінді есептердің орны ерекше. Мәтінді есептерді шығару біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыруда есептерді шығарудың арифметикалық және арифметикалық тәсілдеріне басты назар аударылады. Мәтінді есептер пайыз, бөлшек, пропорция, функция және т.б. ұғымдардың мағынасын түсінуге көмектеседі.

Математикалық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында оқушыларға келесі іскерліктерді үйрету ұсынылады:



  • анықтамалықтарды қолдану, оқу, әдістемелік және анықтамалық әдебиеттерден анықтамаларды, формулалар және басқа да тұжырымдарды іздеу;

  • математикалық формулаларды қолдану, дербес жағдайларды жалпылау негізінде шамалар арасындағы тәуелділіктің формулаларын өздігінен құрастыру;

  • игерілген математикалық білім, білік, есептеу, өлшеу және графиктік дағдыларды пайдаланып практикаға бағытталған тапсырмаларды шешу;

  • дәлелдемелі пайымдау жүргізу, талқылауға қатысу және логикалық негізделген қорытындылар жасау;

  • математикалық мәтінмен жұмыс жасау (талдау, қажетті ақпаратты алу), математикалық терминология мен символдарды қолдана отырып, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық және нақты түсіндіру.

Мұғалімдерге көмек ретінде «5-6-сыныптары оқушыларына арналған математикадан деңгейлік тапсырмалар» дидактикалық материалдар әзірленіп, Академия сайтында орналастырылған (www.nao.kz). 5-6-сыныптары оқушыларына арналған математикадан деңгейлік тапсырмалар осы сыныптардағы математика курсының негізгі тарауларын қамтиды. Тапсырмалар оқушылардың білімдерін жүйелеуге, жалпылауға және тексеруге арналған.

«Математика» пәні бойынша 5-6-сыныптардағы сағат саны аптасына 6 сағаттан, әрбір сыныпта оқу жылында 204 сағатты құрайды.


Алгебра

Алгебра – математиканың негізгі бөлімдерінің бірі. Ол ғылым мен техниканың тілі болып табылады. Алгебраның көмегімен табиғат пен қоғамда болып жатқан құбылыстар мен процестер меңгеріліп, оларға болжау жасалады және бейнеленеді. Алгебра пәні мектепте оқытылатын көптеген пәндерді, ең алдымен жаратылыстану-математика циклінің барлық пәндерін, әсіресе физика, информатика және геометрия пәндерін игеруді қамтамасыз етеді.

Оқыту мақсаты: оқушыларға алгебраның базистік негізін меңгерту, оларда тұлғааралық және этносаралық мәдениетті, өз тағдырына немқұрайлы қарамайтын тұлғаны және тұлғаның кәсіптік бағдарын қалыптастыру.

Оқытудың міндеттері: нақты сандар түсінігін қалыптастыру; бөлшек-рационал және тригонометриялық өрнектерді тепе-тең түрлендіру, функциялар графиктерімен жұмыс жасау біліктілігін қалыптастыру; теңдеулер мен теңсіздіктерді және теңдеулер мен теңсіздіктер жүйелерін шешуді үйрету; теңдеулер мен теңсіздіктер және олардың жүйелерінің көмегімен мәтіндік есептерді шығаруды үйрету; статистикалық мәліметтерді талдау және көрсетудің негізгі тәсілдерімен таныстыру, қарапайым ықтималдық түсініктерді қалыптастыру.

7-9-сыныптардағы алгебра курсын оқыту теорияны дедуктивті жолмен баяндауға көшумен ерекшеленеді. Алгебра курсын оқып-білуде оқушылар математикалық аппараттың негізін құрайтын біліктіліктер мен дағдыларды меңгеретін болады және оларды әртүрлі есептерді шығаруда белсенді түрде қолданады. Алгебра курсы төрт мазмұндық бағытта құрылады: сандар және өрнектер, тепе-тең түрлендірулер, теңдеулер мен теңсіздіктер, функциялар. Барлық осы бағыттар жекелей дамытылмайды, олар тығыз байланысып, өзара әрекеттесумен қарастырылады. Ықтималдықтар теориясы бойынша материалдар 8-сыныптан бастап оқытылады.

Математикалық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында оқушыларға келесі іскерліктерді үйрету ұсынылады:



  • анықтамалықтарды қолдану, оқу, әдістемелік және анықтамалық әдебиеттерден анықтамаларды, формулалар және басқа да тұжырымдарды іздеу;

  • әртүрлі өмірлік жағдайларда алгебралық білім, білік және графиктік дағдыларды қолдану;

  • ақпаратты табу, талдау, өңдеу және жинақтау;

  • математикалық формулаларды қолдану, дербес жағдайларды жалпылау негізінде шамалар арасындағы тәуелділіктің формулаларын өздігінен құрастыру;

  • қоршаған орта мен саралас пәндердегі заңдылықтарды суреттеу және талдау үшін игерілген алгебралық түрлендірулер мен функционалды-графиктік кескіндеуді қолдану;

  • дәлелдемелі пайымдау жүргізу, талқылауға қатысу және логикалық негізделген қорытындылар жасау;

  • математикалық мәтінмен жұмыс жасау (талдау, қажетті ақпаратты алу), математикалық терминология мен символдарды қолдана отырып, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық және нақты түсіндіру;

  • қажеттілігіне қарай анықтамалықтар мен қарапайым есептеу құрылғыларын пайдаланып практикаға бағытталған тапсырмаларды шешу;

  • кестелер, диаграммалар, графиктер түрінде берілген шынайы сандық мәліметтерді, статистикалық сипаттағы ақпараттарды талдау;

  • қолданбалы сипаттағы математикалық есептерді шешу құралы ретінде заманауи ақпараттық технологияларды қолдану.

Мұғалімдерге көмек ретінде «7-9-сыныптары оқушыларына арналған алгебрадан деңгейлік тапсырмалар» дидактикалық материалдар әзірленіп, Академия сайтында орналастырылған (www.nao.kz). 7-9-сынып оқушыларына арналған алгебрадан деңгейлік тапсырмалар осы сыныптардағы алгебра курсының негізгі тарауларын қамтиды. Тапсырмалар оқушылардың білімдерін жүйелеуге, жалпылау мен тексеруге арналған.

«Алгебра» пәні бойынша 7-9-сыныптардағы сағат саны аптасына


3 сағаттан, әрбір сыныпта оқу жылында 102 сағатты құрайды.
Геометрия

Негізгі мектептегі геометрия курсы – жаратылыстану-ғылыми пәндері мен формальді-логикалық теорияның ерекшеліктерін үйлестіретін оқу пәні.

7-9-сыныптарда геометрияны оқу барысында оқушылардың бойында жазықтықтағы геометриялық фигуралар туралы білімдері қалыптасып, тереңдетіледі және жүйеленеді, логикалық және бейнелік ойлауы дамиды. Оқушылардың геометриялық білім мен біліктер жүйесін басқа да жаратылыстану-ғылыми пәндерімен бірге кешенді түрде меңгеруі олардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға және қоршаған әлемді танып білуге мүмкіндік жасайды.

Пәнді оқытудың мақсаты: барлық оқушыларды одан әрі оқуға қажетті геометрия облысындағы математикалық дайындықтың базалық деңгейімен қамтамасыз ету; сабақтас пәндер мен жоғары сыныпта стереометрия курсын игеруге қажетті дайындық жүргізу; оқушылардың кеңістіктік түсініктерін, бейнелік ойлауды қалыптастыру және логикалық ойлауды дамыту; геометриялық салуларды орындау және оның дұрыстығын негіздей білу біліктігі мен дағдыларын қалыптастыру және дамыту; геометриялық білім мен математикалық іс-әрекет дағдылары негізінде практикалық қызмет дағдыларын қалыптастыру және дамыту; функционалдық сауаттылықты дамыту; графикалық сауаттылықты, эстетикалық талғамды дамыту.

Оқыту міндеттері: оқушылардың геометриялық фигуралар туралы түсініктерін, бір немесе бірнеше геометриялық фигуралар элементтерінің арасындағы сандық және сапалық қатыстарды қалыптастыру; дедукциялық ойлау (тура әдіс, қарсы ұйғару әдісі) дағдыларын қалыптастыру және дамыту; қарапайым сызбаларды салу, өлшеу дағдыларын қалыптастыру; өздігінен білім алу дағдыларын қалыптастыру және дамыту; нақтылы объектіні бір немесе бірнеше геометриялық фигуралар түрінде беру біліктігін қалыптастыру және дамыту; жазық фигуралардың қасиеттері туралы теориялық білімдерін кеңейту және жүйелеу; есептеуге, дәлелдеуге және салуға арналған геометриялық есептерді шешу біліктігі мен дағдыларын қалыптастыру және дамыту; күрделілігі әртүрлі сызбалардағы геометриялық фигураларды тану, есептерді шешу кезінде қосымша салулар мен көмекші сызбаларды пайдалану біліктігі мен дағдыларын ұлғайту; жазықтықтағы түрлендірулер арқылы алынған жазық фигуралардың бейнелерін салу біліктігін қалыптастыру және дамыту; геометриялық есептерді алгебралық әдістермен шешу біліктігі мен дағдыларын қалыптастыру және дамыту; оқушылардың кеңістік және кеңістіктік фигуралар туралы түсініктерін қалыптастыру; оқушыларды кеңістіктік фигуралардың кескіндерімен және олардың элементтерімен таныстыру; геометриялық шамаларды табуға арналған практикалық есептерді құрастыру және шешу (қажет болған жағдайда анықтамалықтарды және техникалық құралдарды пайдаланып) біліктігін қалыптастыру және дамыту; жазық және кеңістіктік геометриялық фигуралардың қасиеттері туралы ғылыми ақпараттарды жинақтай, талдай, өңдей және пайдалана білу біліктігін қалыптастыру және дамыту.

7-сыныпта оқушылар геометриялық фигуралармен (нүкте, түзу, сәуле, кесінді, бұрыш, жазықтық, үшбұрыш, шеңбер), олардың қасиеттерімен; геометриялық қатынастармен (тиістілік, қиылысу, параллельдік, перпендикулярлық, теңдік); геометриялық шамалармен (кесіндінің ұзындығы, бұрыштың өлшемі) танысады. Оқушылар геометриялық фигуралар мен қатынастардың қасиеттерін оқып біледі, есептер шығарады, теоремаларды дәлелдейді, циркуль және сызғыштың көмегімен негізгі салуларды орындайды. Сызбаларды орындау дағдылары геометриялық түсініктерді қалыптастырумен қатар дамиды.

8-сыныпта оқушылардың жазықтықтағы геометриялық фигуралар туралы білімдері; геометриялық фигураларды салу және дедукциялық ойлау (тура әдіс, қарсы ұйғару әдісі) дағдылары; игерген қасиеттер мен формулаларды қолданып, геометриялық шамалардың (ұзындықтар, бұрыштар, аудандар) мәндерін есептеу біліктігі қалыптасады, тереңдетіледі және жүйеленеді. Оқушылар сүйір бұрыштың тригонометриялық функцияларымен және жазықтықтағы координаталар әдісімен танысады; тригонометриялық өрнектерді түрлендірудің алғашқы дағдыларын және геометриялық есептерді шешуде координаталар әдісін қолдану дағдыларын меңгереді.

9-сыныпта оқылатын материалдың теориялық маңыздылығының, дедукциялық рөлінің және қарастырылатын объектілердің абстракциялық дәрежесінің артуымен сипатталады. Оқушылардың білім қоры векторлық-координаталық әдіс және түрлендірулер (қозғалыс және ұқсастық) әдісі сияқты геометриялық фигуралардың қасиеттерін игерудің жаңа әдістерімен толықтырылады, сонымен қатар стереометрия элементтерімен танысады. Басқадай пәндермен пәнаралық байланыстар тереңдетіледі. Оқылған фигуралардың қасиеттеріне, олардың арасындағы қатынастарға сүйеніп, қосымша салуларды, алгебралық және тригонометриялық аппаратты, симметрияны қолданып геометриялық және практикалық мазмұнды есептерді шешу біліктігі кеңейтіледі. Практикалық мазмұнды мысалдарды қарастыру оқушылардың қоршаған әлемдегі геометриялық формалар мен қатынастарды айыра білу және оларды геометрия тілімен суреттей білу біліктігін дамытады.

Геометрияны оқытудың әдістемелік ерекшелігі – планиметрия курсын оқытуда кеңістіктік денелерді пайдалану. 7-9-сыныптардағы геометрия курсында теорияны дедуктивті жолмен баяндауға көшу, геометрияны оқытудың алғашқы кезеңдерінен бастап (7–сыныптан), стереометрияны оқытуға дайындау жүзеге асырылады.

Мұғалімдерге көмек ретінде «Кеңістіктегі планиметрия есептері» оқу-әдістемелік құралы әзірленіп, Академияның сайтында орналастырылған (www.nao.kz). Оқу-әдістемелік құралы планиметрия мен стереометрия курстары мазмұнының сабақтастығын қамтамасыз етеді, көрсетілген бөлімдер бойынша материалдардың кіріктірілу механизмін суреттейді, стереометриялық ортадағы планиметриялық есептердің кешенін қамтиды. Бұл оқу-әдістемелік құрал оқушылардың геометриялық білімдері деңгейін көтеріп, кеңістіктік ойлауын дамытқысы келген мұғалімдерге арналады.

Математикалық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында оқушыларға келесі іскерліктерді үйрету ұсынылады:


  • анықтамалықтарды қолдану, оқу, әдістемелік және анықтамалық әдебиеттерден анықтамаларды, формулалар және басқа да тұжырымдарды іздеу;

  • математикалық формулаларды қолдану, дербес жағдайларды жалпылау негізінде шамалар арасындағы тәуелділіктің формулаларын өздігінен құрастыру;

  • индукциялық және дедукциялық ойлау тәсілдерін қолдану, геометриялық есептерді шешудің әртүрлі жолдарын көре білу;

  • геометриялық шамаларды табуға байланысты (қажеттілігіне қарай анықтамалықтарды және техникалық құралдарды пайдаланып) практикалық есептерді құрастыра және шығара білу;

  • математикалық мәтінмен жұмыс жасау (талдау, қажетті ақпаратты алу), математикалық терминология мен символдарды қолдана отырып, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық және нақты түсіндіру;

  • қолданбалы сипаттағы математикалық есептерді шешу, жазық және кеңістіктік фигуралардың қасиеттерін зерттеу құралы ретінде заманауи ақпараттық технологияларды қолдану.

«Геометрия» пәні бойынша 7, 8, 9-сыныптардағы сағат саны аптасына 2 сағаттан, әрбір сыныпта оқу жылында 68 сағатты құрайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет