3 Бастауыш білім беру деңгейіндегі пәндерді оқыту ерекшеліктері
Бастауыш білім берудің мақсаты – оқу, жазу, санау, есептеу дағдылары қалыптасқан, ойын, оқу, еңбек, қарым-қатынас сияқты әрекет түрлерін меңгерген, тұлғалық, құндылық қасиеттерді бойына сіңірген, өзін-өзі бақылай және бағалай алатын, салауатты өмір салты мен жеке бас гигиенасы негіздерін, ұлттық менталитетті ескере отырып, отандық және әлемдік мәдениетпен таныстыру, шығармашылық қабілеттері дамыған жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуына мүмкіндік жасау болып табылады. Бастауыш білім беру оқушыларды оқу, жазу, санау, оқу іс-әрекетінің негізгі біліктері мен дағдыларын, теориялық ойлау элементтерін меңгеруін, сонымен қатар оқу әрекеттерін өзін-өзі бақылаудың қарапайым дағдыларымен, тәрбие және сөйлеу мәдениетімен, салауатты өмір салты мен жеке бас гигиенасы негіздерімен қамтамасыз етеді.
Бастауыш білім беру деңгейінде оқытудың негізгі міндеттері:
– оқу іс-әрекетінің негізгі дағдыларын қалыптастыру;
– оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру;
– оқушылардың жеке басын, олардың шығармашылық қабілеттерін, оқуға деген қызығушылығын дамыту, оқу дағдысы мен икемділігін қалыптастыру;
– адамгершілік қасиет пен эстетикалық талғамға, эмоционалдық құндылыққа, өзіне және қоршаған ортаға деген оң қарым-қатынасқа тәрбиелеу;
– салауатты өмір салтын, денсаулық пен жеке бас гигиенасын және өмір қауіпсіздігін сақтау мәдениетіне баулу болып табылады.
Қазіргі тез өзгермелі әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ «өмір бойы білім алуына» ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.
Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық TIMSS, PIRLS бағдарламаларына сәйкес функционалдық сауаттылық үш сала – оқудағы және жазудағы сауаттылық, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша бағаланады.
Сондықтан бастауыш білім беру деңгейіндегі тіл және әдебиет, математика және жаратылыстану білім саласы пәндерін оқытуда мұғалімдер жаттығулар, тапсырмалар орындатқанда, есептер шығартқанда және түрлі мәтіндер оқытқанда, оларды өмірмен байланыстыра отырып, оқушылардың оқудағы және жазудағы, математика мен жаратылыстану ғылымындағы сауаттылықтарын қалыптастыруға баса көңіл бөлгені жөн.
Елбасының Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясына сәйкес оқу-тәрбие үдерісін оқушылардың патриотизмін, мораль және адамгершілік нормаларын, ұлтаралық келісім мен төзімділігін, физикалық және рухани дамуын, заңды құрметтеуін қалыптастыру міндетін алға қояды. «Мәңгілік Ел» идеясында белгіленген бұл құндылықтар жалпы оқу-тәрбие жұмысының негізі, бастауыш мектепте оқытылатын пәндердің арқауы болуы тиіс. Сондықтан ұстаздарымыз күнделікті кез келген пәнді оқыту барысында әрбір сабақта «Мәңгілік Ел» құндылықтарын оқушылардың бойына сіңіруді естен шығармағаны жөн.
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012–2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспарында (ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы №832 қаулысы) 7 негізгі құзыреттілік белгіленсе, соның бірі – коммуникативтік құзыреттілік. Коммуникативтік құзыреттілік – бұл коммуникативтік, тілдік білім, білік, дағдылардың жиынтығы.
Коммуникативтік дағдылар ең әуелі мектептегі оқыту үдерісінде, негізінен, тіл мен әдебиеттік оқу сабақтары барысында қалыптасады. Олай болса, бастауыш білім беру мазмұны оқушыны тұлға ретінде қалыптастыра отырып, оның, ең алдымен, өз ана тілінде ауызекі және жазба тілде сауатты сөйлеу, ересектермен, сыныптастарымен еркін қарым-қатынас жасай білу, айтылғанды ыждаһатпен тыңдап, түсіну, өз пікірін жеткізе білу, дұрыс оқу және сауатты жазу, т.б. дағдыларын, соның нәтижесінде өздігінен білім алу, алған білімін өмірлік жағдаяттарға сәйкес қолдана білу қабілеттерін, өмірдегі мәселелерді шешуге арналған білік-дағдыларын дамытуға бағытталуы тиіс.
Оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін қалыптастыру мен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығын орындау мақсатында ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі
№115 бұйрығымен бекітілген 1-4 сыныптарға арналған «Дүниетану» пәнінің типтік оқу бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бастауыш білім беру деңгейіндегі ең қиын да жауапты кезең – бірінші сыныптағы оқыту үдерісін ұйымдастыру. Себебі 1-сыныптағы оқытудың мақсаты – 6-7 жастағы сәбилерге әріптерді танытып, олардың басын қосып оқуға, одан әрі түсінгенін мәнерлеп баяндауға, жатқа айтып беруге, т.б. әрекеттерге баулу, қолына қалам ұстатып, бірте-бірте жазуға машықтандыру, байланыстырып сөйлеуге үйретіп, тілін дамыту. Сондықтан 1-сынып оқушыларының оқуға оң ынта-ықыласын қалыптастырып, қызығушылығын ояту мақсатында оқыту үдерісін қарапайымнан күрделіге, жеңілден ауырға біртіндеп өту тұрғысынан ұйымдастырудың маңызы зор. Ол үшін, біріншіден, оқу жылының бірінші жартыжылдығында баға қоймай, ынталандыру, мадақтау, т.б. тәсілдер қолданылады. Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта үй тапсырмасы берілмейді.
Білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары сағат сегізден ерте басталмайды.
1-сыныпта балалардың оқу үдерісіне бейімделуін жеңілдету мақсатында оқу жүктемесін бірте-бірте ұлғайтып отырған жөн, яғни сабақтар ұзақтығының «сатылы» тәртібі қолданылуы тиіс: қыркүйек айында ұзақтығы 35 минут үш сабақ екiншi тоқсаннан бастап әрқайсысы 35 минут төрт сабақ жоспарланады; екiншi жарты жылдықтан бастап сабақтар 45 минут болады (ҚР БҒМ 2013 жылғы 17 қыркүйектегі №375 бұйрығы).
Сонымен қоса, 1-сынып оқушылары үшін ІІІ тоқсанда қосымша 1 апталық демалыс беріледі, осыған байланысты оқу жылы 33 аптаны құрайды.
1-сыныпта сабақ кестесіне қосарланған сабақтар («Еңбекке баулу» пәнін қоспағанда) қойылмауы қажет (ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы №179 бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары).
Сабақ кестесіндегі үзілістердің ұзақтығы, оқушылардың тамақтануы мен белсенді демалуы үшін жеткілікті болуы қажет.
Үй жұмысы оқушылардың мектепте алған білімін қайта жаңғыртып өздігінен пысықтауына, бекітуіне, сол арқылы оқу материалын тереңірек меңгеруіне көмектеседі.
Үй жұмысының мақсаты – оқушыларды өз бетімен білім алуға дағдыландыру.
Үй жұмысының төмендегідей түрлері бар:
1) жаңа материалды меңгеруге бағыттайтын, даярлайтын тапсырмалар;
2) оқушылардың білім, білік, дағдыларын бекітуге арналған тапсырмалар;
3) оқушылардың алған білімін тәжірибе жүзінде қолдануға бағыттайтын тапсырмалар;
4) қайталауға арналған тапсырмалар;
5) шығармашылық сипаттағы тапсырмалар;
6) зерттеу, іздену қабілетін дамытуға арналған тапсырмалар.
Кез келген үй тапсырмасы сыныпта орындалған тапсырмамен салыстырғанда оқушыны танымдық әрекеттің жаңа деңгейіне шығара алатындай, оның білімге құмарлығын арттыратындай, ізденуге ынталандыратындай болуы керек.
Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдері үй жұмысына байланысты мына мәселелерді ескергені жөн:
-
үй жұмысы қоңырауға дейін беріледі және нені орындау керек, қалай орындау керек екені нақты түсіндіріледі;
-
үй жұмысының сынып жұмысымен тығыз байланыстылығы, өткен сабақтың жалғасы, жаңа сабаққа дайындық іспеттес болатындығы ескеріледі;
-
тапсырмалар оқушыларды өз бетімен ізденуге, алған білім-білік, дағдыларын жаңа жағдайда қолдануға бағытталуы тиіс;
-
тапсырмаларды бір жақты және бір типтес болмайтындай, оқушыларды жалықтырмайтындай етіп түрлендіріп отыру қажет;
-
тапсырмаларға бағдарламаның негізгі тарауларын қайталауға арналған сұрақтар енгізілуі тиіс;
-
әр тапсырманың өзінің қиындығы болады, бірақ ол оқушы орындай алатындай, бұл қиындықты өздерінің қабілеттері мен біліктілігін барынша қолдану арқасында жеңе алатындай болуы тиіс;
-
оқушыларға берілген әрбір тапсырманы орындаудың анық әрі нақты жолдары мен әдістері көрсетіліп, қандай ақпарат көздерін, көмекші құралдарды қолдану керектігі түсіндірілуі қажет. Дәл осындай үй тапсырмасы қазіргі заманғы мектеп оқушыларына өте қажетті болып табылады;
-
барлық оқушыларға ең аз мөлшердегі тапсырмалар беріледі. Ең көп мөлшердегі тапсырмалар жеке оқу пәндеріне қызығушылық білдірген, тиісті қабілеттері бар балаларға арналған;
-
үй жұмысы белгілі бір мөлшерден аспауы тиіс: негізгі тапсырманың көлемі жеткілікті болған жағдайда оқушыларды жеке тапсырмалармен жүктемеу керек. Оларды қажет жағдайда ғана беру керек: тексеру жұмысына дайындық ретінде немесе жаңа тақырыпты меңгеру алдында, өткенді қайталау мақсатында;
-
тіл сабақтары, математика пәндерінен жазбаша үй жұмысының көлемі сыныпта орындалған жұмыстың үштен бір бөлігінен аспайды;
-
1-сыныптың 1-жартыжылдығында үйге тапсырма берілмейді;
-
үй жұмысы ұсынылып отырған уақыт мөлшеріне сәйкес болу үшін басқа пәндермен келісімді беріледі;
-
тіл сабақтарынан (мысалы, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен) үй тапсырмасы тек жазбаша түрде ғана емес, ауызша да беріледі. Жаттығулар әртүрлі тапсырмалармен күрделенеді. Жаттығуды көшіруге 8 минуттан
15 минутқа дейін уақыт кететіні де ескеріледі. Ал кейбір қиын тапсырмаларды, мысалы, бір ережеге мысалдар жинақтау, кесте құрастыру басқа тапсырмамен қатар берілмейді, алдын ала дайындықпен, кейбір жағдайларда оқушылардың жеке мүмкіншіліктерін ескере отырып жеке тапсырма ретінде беріледі;
-
әртүрлі жаттығуларды кезектестіріп беру есте сақтау қабілеттерін арттырады: көру арқылы есте сақтау (көшіруге берілген жаттығулар), есту арқылы есте сақтау (ауызша әңгіме құрау), логикалық ойлау (кесте, диаграмма, т.б. құрастыру), елестету (оқиға мен затты ойша бейнелеу);
-
оқушылардың математикалық сауаттылығының нәтижесін жақсарту және білім сапасын арттыру мақсатында математика сабағында меңгерген білім, біліктілігін тәжірибеде және күнделiктi өмiрде пайдалана білуге негізделген практикаға бағдарланған тапсырмаларды орындату ұсынылады;
-
дүниетану пәндерінен берілетін тапсырмалар оқушының зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталуы тиіс (мысалы, табиғаттағы құбылыстарды бақылау, өсімдіктердің, жануарлардың, жәндіктердің тіршілік ортасын, қоректенуін, т.б. зерттеу).
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы
29 желтоқсандағы №179 бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес «Пән оқытушысы сынып журналына деректерді енгізіп, үй тапсырмаларын орындау мүмкіндігін ескере отырып, оқушыларға үй тапсырмаларын береді. Үй тапсырмаларын орындау үшін ұсынылатын уақыт (астрономиялық сағатпен): 2-3 сыныптарда – 1,5 сағаттан асырмау, 4 сыныпта – 2 сағаттан асырмау» керек.
Бастауыш білім мазмұнын жеті білім саласы құрайды: «Тіл және әдебиет», «Математика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Технология», «Дене шынықтыру».
3.1 «Тіл және әдебиет» білім саласы
«Тіл және әдебиет» білім саласындағы пәндердiң негiзгi ерекшелiгi оқушының алдағы уақытта оқу әрекетін меңгеруіне негіз болатын коммуникативтік немесе тілдік дағдылардың алғашқы нышандарын қалыптастыру. Олар: 1) тыңдалым; 2) айтылым; 3) жазылым; 4) оқылым дағдылары.
Осылардың ішінде басқа дағдыларды қалыптастырудың негізгі алғышарты – тыңдалым және айтылым дағдылары болып табылады. Тыңдалым дағдысының адамның ойлау қабілетінің дамуына ықпалы зор. Оқушы айтылған немесе техникалық құралдарға жазылған сөздерді, сөйлемдерді, аудиомәтіндерді тыңдап, қабылдап және оны түсінуге үйренбейінше, басқа дағдыларды жеткілікті деңгейде меңгере алмайды.
Сондықтан сауат ашу кезеңінде, ең алдымен, тыңдалым дағдысына ерекше көңіл бөлген жөн. Яғни, оқушы ауызша сөйлеуде немесе мәтін оқуда сөйлеушінің немесе мұғалімнің сөзін аяғына дейін зейін қоя тыңдай білуі, ақпаратты дұрыс қабылдауы, негізгі ойды түсінуі, жауап беруге дағдылануы қажет.
Айтылым дағдысының дұрыс қалыптасуының да адам үшін маңызы өте зор. Өйткені оқушы сөйлеуге, яғни айтар ойын жеткізе білуге үйренуі керек. Оның мектепте оқытылатын барлық пәндерден жақсы нәтижеге қол жеткізуі осы айтылым дағдысына , яғни белгілі бір мәселеге (тақырыпқа) байланысты өз ойын, пікірін немесе қандай да бір ақпаратты түсінікті, толық, жүйелі жеткізе білуіне байланысты.
1-сыныпқа келген оқушы тыңдауға үйреніп қана қоймай, сөйлеуге, яғни өз ой-пікірін айтуға, қойылған сұрақтарға жауап беруге, сөздерді, дыбыстарды анық, дұрыс айтуға, мағынасын түсініп, орынды қолдануға, тілдік қарым-қатынасқа, диалогқа қатыса білуге, сөйлеу мәдениеті нормаларын сақтауға дағдыланады.
Баланың мектеп табалдырығын аттауымен байланысты жаңа әрекет – «жетекші әрекет» (А.Н.Леонтьев), яғни оқу әрекеті пайда болады. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі – бала ауызекі сөйлеу тілімен қатар, осы кезеңде пайда болатын «жаңа түзілімдер» (Л.С.Выготский) оқуды және жазуды меңгереді.
Оқылым, біріншіден, ойлау мен қабылдаудың бірлескен жұмысына байланысты болады, екіншіден, мұнда қағаз бетіндегі графикалық таңбалардың тізбегін дұрыс танып, олардың мән-мағынасын түсінудің рөлі зор. Осындай ерекшеліктер іске асқан жағдайда ғана оқылған материалдан керек ақпараттар жинақталып алынып, оқушының қажетіне жарайды.
Оқылымның мақсаты – мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әртүрлі деңгейде қабылдауы және түсіне білуі, тілдің айтылым заңдылықтарына сәйкес оқи алуы.
Оқылым бойынша біліктілік деңгейін анықтау және бағалау келесі нәтижелермен айқындалады:
-
түсініп оқуы;
-
зерттеп оқуы;
-
шолып оқуы;
-
мәселені сын тұрғысынан бағалауы;
-
негізгі аргументті анықтап, дәлелдеуі.
Жазылым да айтылым сияқты қарым-қатынас құралы. Бұл екеуінің атқарар қызметтері ұқсас болғанымен, екеуі екі басқа психикалық процесс: «оның айырмашылығы – жазба сөздің ерекшелігінде, оның психологиялық құрылысында», – дейді академик Т.Тәжібаев.
Тағы бір ерекшелігі – жазбаша сөйлеу кезінде әңгімелесуші адам болмайды, сондықтан ойды жазып білдірудің мазмұны жүйелі, логикалық байланысы берік және ауызша сөйлескендегіден толығырақ болуы тиіс. Сондықтан жазылым дағдыларын қалыптастыруға алғашқы күннен бастап ерекше мән берілуі керек. «Жазылым» «ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін қағаз бетінде сауатты жеткізе білу» дегенді білдіреді.
Жазылымның ерекшелігі – оқушыларды жазу кезінде дене мүшелерінің қимыл-қозғалысын, қолдың, саусақтың іс-әрекетін, көз бен бастың қозғалысын дұрыс үйретуді, т.б. ескеріп отыруды қажет етеді.
Жазылымда: сөз ішіндегі әріптерді дұрыс байланыстырып, үздіксіз әрі ырғақты жазу; шағын мәтінді дұрыс көшіріп жазу; есту арқылы жатқа жазу, көргенін есте сақтау арқылы сөздерді, сөйлемдерді, шағын мәтіндерді жатқа жазу; жазғанын өздігінен тексеру; көркем, таза, қатесіз, сауатты жазу дағдыларының қалыптасуына мән беріледі.
Сауат ашу (оқу, жазу)
Пәннің басты мақсаты – оқушылардың оқу және жазу дағдыларын қалыптастыру, қарапайым грамматикалық ұғымдармен таныстыру, айтатын ойын толық, түсінікті, жүйелі жеткізе білуге, байланыстыра сөйлеуге үйрету, ауызша, жазбаша тілін дамыту, сөздік қорын байыту және белсендіру.
«Сауат ашу» пәнін оқытудың мiндеттерi:
әлiппеге дейiнгi кезең:
- тыңдалым, айтылым дағдыларын қалыптастыру, лексикалық тақырыптар, сюжетті суреттер бойынша байланыстырып сөйлеу тiлiн дамыту, сөздiк қорын байыту;
- сөйлем құрауға үйрету, сөйлемнен сөзді, сөзден буынды бөліп алуға, сөзді буынға бөлуге, буынды дыбысқа ажыратуға машықтандыру; дыбыстық талдау (сөздегi дауысты және дауыссыз дыбыстардың саны мен ретiн табу) жасауға, дыбыстық сызба құруға дайындау, оны «оқу»;
- жазуға даярлау: жазу жолын сақтай отырып, әрiп элементтерiн (әртүрлi сызықтар, өрнектер мен таңбалар) жазуға үйрету.
әлiппе кезеңi: жаңа әрiппен таныстыру (әрiптiң баспа түрi және жазба түрi, бас әрiп және кiшi әрiп); сөзге дыбыстық-әрiптiк талдау жасау; сөздiң дыбыстық-әрiптiк сызбасын құру; буынды, сөздi, сөйлемдi оқу; байланыстырып сөйлеу тiлiн дамыту; сөздiк қорын байыту; мәтiндi дұрыс, саналы, түсініп оқуға дағдыландыру; сауатты, көркем жазуға үйрету.
әлiппеден кейiнгi кезең: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын жетілдіру, оқушының тiлін дамытып, алғашқы грамматикалық мәліметтермен таныстыру.
«Сауат ашу» пәні бойынша жазба жұмыстары
1-жартыжылдықтың соңында: айтылуы мен жазылуы бірдей сөздерді (3-5 сөз), 2-3 сөзден тұратын сөйлемдерді тыңдау арқылы жазу; баспа әріптермен берілген мәтінді (10-15 сөзден артық емес) көшіру жұмыстарын орындай алуы тиіс.
2-жартыжылдықтың соңында:
1) күрделі, айтылуы мен жазылуы әртүрлі сөздерді, құрмында л – р, н– ң, с – з, с – ш, ж – ш, п – б дыбыстары кездесетін сөздерді тыңдау арқылы жазу (барлығы 8-10 сөз);
2) 3-4 сөзден тұратын сөйлемдерді, шағын мәтіндерді (10-15 сөзден аспайтын) тыңдау арқылы жазу;
3) сұрақтарға жауап жазу арқылы мазмұндама жазу (15-20 сөз көлемінде); белгілі бір тақырыпқа сөйлемдер құрап жазу (2-4 сөйлем мөлшерінде) (2-кестені қараңыз) жұмыстарын орындай алуы керек.
Ескерту: 1-сыныпта шығарма жазылмайды.
2-кесте - Жазба жұмыстарының оқу тоқсандары бойынша бөліну үлгісі
Тоқсан /жұмыс түрлері
|
диктант
|
мазмұндама
|
шығарма
|
І
|
-
|
-
|
-
|
ІІ
|
-
|
-
|
-
|
ІІІ
|
1
|
1
|
-
|
IV
|
1
|
1
|
-
|
Жылдық
|
1
|
-
|
-
|
Барлығы
|
3
|
2
|
-
|
Достарыңызбен бөлісу: |